1993 жылы Өзбекстанның Самарқан облысы Пайарық ауданындағы Мұхаммеди қышлағының тұрғыны Анвар Шағдаров арық қазғанда жердің қойнауынан көне қазанды тауып алды. Одан кейін оның олжасы отыз жыл бойы шаңырағына адал қызмет етті. Ол тұратын өңірдің атын шығарған Регистан алаңы, Әмір Темір кесенесі немесе жібек кілемдері ғана емес, сонымен қатар ол Самарқан палауымен де әйгілі, ал бұл тағамды, әлбетте, отқа және тек қазанда ғана пісіреді. Егер өткен жылы Өзбекстанның Мәдени мұра агенттігінің өкілдері бұл қазанның пішіміне қарап қызығушылық танытпағанда, ол бұрынғыша бұл үйде ас пісіру үшін пайдаланылып, ұрпақтан-ұрпаққа өте беруі мүмкін еді. Қышлақ мектебінің бұрынғы директорының үйіндегі бұл қазанға қарап олар оның сақтардың қоладан құйған қазаны екенін көрді, сараптама қорытындысы оны біздің дәуірімізге дейінгі 2–1 ғасырға жатқызады. Бұл Рим әлі империяға айналмаған, ал ғұн-қытай соғыстары енді ғана қарқын ала бастаған заман еді, бірақ Самарқан облысының қышлағынан табылған қазан ол кезде бар болған. Нәтижесінде осынау құнды зат бір отбасының ас үйінен Самарқандағы Мемлекеттік тарих және мәдениет мұражайының қорына көшті.
Сырт қарағанда, бұл жағдай күлкілі болып көрінуі де мүмкін, бірақ қазанға тамақ пісіру — күнделікті үйреншікті іс болып кеткен, оған өзін-өзі сыйлайтын кез келген адам жасөспірім кезден бастап саналы түрде дайындалатын ел үшін, әсіресе, ауылдық жер үшін мүлдем олай емес. Бір ғажабы, жүздеген жыл жер астында жатқан бұл қазанның көнелілігі Самарқан палауының дәміне еш әсер етпеген.
Жалпы түркінің «қазан» сөзі (немесе архаикалық түрде «қазған») барлық түркі тілдерінде бар деуге болады және оны басқа халықтар қабылдаған, соның ішінде ол орыс тіліне де кірген. Сөзбе-сөз аударғанда қазан «қазу» немесе «қыру» дегенді білдіреді. Түркі тілдерінің өзінде қазан сөзі мен басқа тілдердегі баламасының арасында ешқандай айырмашылық жоқ, сондықтан отқа немесе ошаққа пісіруге арналған, металдан құйылған, пішімі сфера немесе жартылай сфера тәрізді кез келген ыдыс жалпы қазан деп аталуы мүмкін, ал осындай ыдыс түрлерінің айырмашылығын түсіндіру көбінесе мүмкін емес. Біздің жақта егер тамақты өзбек (тәжік, қазақ немесе қырғыз) пісірсе, бұл — қазан, ал басқа біреу дайындаса, онда бұл — «котел» деп қалжыңдайды, яғни қазанды құйып жасаған шеберге ештеңе байланысты емес сияқты болып көрінеді.
Қалай болғанда да, мыңдаған жыл бойы қазан бүкіл әлемде көшпелі халық өкілдері үшін де, отырықшылар үшін де ең қажетті және таптырмас ыдыс болған, ал біздің аймақта ол күні бүгінге дейін өзінің пайдалы қасиетін жоғалтқан жоқ. Бүкіл Орталық Азия аумағында — Иран таулы аймақтарының шегарасынан Оңтүстік Сібірге дейін жүргізілген археологиялық қазба жұмысы кезінде мыс, қола, темір мен шойыннан жасалған, әртүрлі дәуір мен мәдениетке жататын құйма қазандардың табылуы ғажап емес. Дегенмен осы еуразиялық көшпенділер еті мен сүтін пісірген сақтардың (скифтердің) қазандарын археологтар әрқашан ең керек еткен, оның ең әйгілі болуы да осыдан. Памирден Алтай тауларына дейін көсіліп жатқан жерде табылған сақ қорғандарында көптеп кездесетін қола қазандар, ең алдымен, кәдімгі жануарларды да, мифтік аңдарды да бейнелейтін бірегей ою-өрнегімен және скифтің керемет сәнді аң стилімен тартымды.
Ғалымдардың пікірінше, сақ қазаны кәдімгі тұрмыста пайдалануға арналғанымен, оның әрқашан киелі қасиеті де болған, онда қасиетті және ғұрыптық жануарлардың тамаша бейнесінің нақышталуы да осымен түсіндіріледі. Сондықтан қазанды күтіп ұстаған, тазартып және жөндеп отырған. Сақтың қола қазандарының киелілігі мен символизмін алғаш рет тарихтың атасы — Геродот дәріптеген. Ол скиф патшасы Арианттың сыйымдылығы 600 амфора (жиырма мың литрге жуық), қалыңдығы алты саусақ болған қазаны туралы жазды. Геродот хабарлағандай, скифтің саны қанша екенін білмек болған Ариант өлімге ұшырау қатерімен халқына жебенің бір-бір ұшынан әкелуді бұйырды, кейін одан скифтердің ынтымағы мен күш-қуатының осынау үлкен қазанын құйып жасатты. Бір тайпаның немесе отбасының күнделікті күйбеңмен жүретін қарапайым ортасында қазан адамдарды біріктіретін негізгі нәрсе болғаны ғажап емес және де оның бұл қасиеті біршама дәрежеде бүгінгі күнге дейін сақталған.
Қазанның киелілігі Орта Азияға ислам діні келгеннен кейін де өшкен жоқ, ал сопылардың мекенінде (текке немесе ханака) ол жалпы ғибадат нысаны болды, өйткені қазансыз бұл мінәжат орындарының немесе сопылық үйлердің мән-мағынасы болмайтын еді. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі негізгі ғұрыптық нәрсе — Құран аяттарымен безендірілген Тайқазанның (бір тайдың еті толық сыятын қазан) сыйымдылығы 3000 литр, салмағы екі тонна, оны 1399 жылы Әмір Темірдің өзі осынау қасиетті орынға сыйға тартқан. 1935 жылы Тайқазанның Эрмитажға әкетілуін халық күпірлік деп есептеді, бірақ ол көп күш-жігер салынғаннан кейін 1989 жылы ғана тиісті орнына қайта оралды.
Шамамен Тайқазан құйылып жатқан кезде Осман империясында жаңа жаяу әскер корпусы — янычар (түрікше Yeniçeri — «жаңа жауынгер») құрыла бастады, кейін ол бірнеше ғасыр бойы Еуропа мен Таяу Шығыстағы ең күшті әскери күшке айналды. Негізінен Балқан елдеріндегі христиан ұлдарынан жасақталған янычар әскері құрылған күнінен бастап 13 ғасырда Хорасаннан шыққан сопы Қажы Бекташ-и Вели негізін қалаған Бекташи сопылық орденімен етене байланысты болды. Ағымның негізін қалаушы қажы Бекташи 12 ғасырдағы түркі тілінде сөйлеген сопы ақын және Орталық Азияда исламның таралуында маңызды рөл атқарған ұстаз Ахмет Яссауи идеяларының рухани жалғастырушысы болып есептелді. Ал қажы Бекташ-и мен оның сопылық ордені, өз кезегінде, 13 ғасырда Анадолыда мұсылман дінінің таралуына дем берген маңызды тұлғалардың бірі, сондай-ақ Орта азиялық сопылық дәстүрді жалғастырушы болып саналады.
Сондықтан янычарлардың корпусы «янычар ошағы» (түрікше Yeniçeri Ocağı) деп аталуы ғажап емес, өйткені ежелгі скифтердегі сияқты бұл әскери жасақтар үшін қасиетті қазан (түрікше Kazan-ı Şerif) ең маңызды және киелі нәрсе болған. Ошақты оттан түсірмеу ерлердің ісі деп есептелді. Бекташ-и сопылық ағымын жақтаушылар сияқты янычарлар да үйленбеген, дәлірек айтсақ, үйленуіне тыйым салынған. Ешқашан оттан түспейтін қара қазанның киелі екеніне янычарлардың сенетіні соншалық, олар құдайдың атымен және қасиетті кітаппен ант-су ішпей, «Мені қасиетті қазан жазаласын!» деп ант берген (түрікше Kazan-ı Şerif çarpsın). Сонымен қатар янычар арасында қазанды төңкеру ашықтан-ашық бағынбау мен көтеріліс жасауды білдірді, яғни ондай жағдайды әркімнің үлкен қайғы жұтатыны анық еді, содан бері бұл сөз түрік тіліне көтеріліс немесе бағынбаушылық мағынасында сіңіп кетті (түрікше Kazan kaldırmak — «қазанды көтеру немесе төңкеру»). Айталық, 1622 жылы янычарлардың қазанды төңкеруінің нәтижесінде Жас Осман (Genç Osman) деп аталып кеткен Османлы сұлтаны II Осман тақтан тайдырылып, өлім жазасына ұшырады.
Әлбетте, қазанның символдық мәні тек сопы немесе мұсылман әлемімен ғана шектелген жоқ. Жамухаға қарсы күресте жас Темучинді (болашақ Шыңғыс ханды) қолдағаны үшін қатыгездікпен жазаланған моңғолдың Чонос руының ақсүйек өкілдерінің тағдыры мұның жарқын мысалы. «Моңғолдың құпия шежіресінде» жазылғандай, өзінің басты қарсыласын қолдаған Чонос руына қатты ашуланған Жамуха осы рудың текті 70 адамын қазанда пісіруге бұйрық беріпті. Кейіннен Шыңғыс ханның өзі де қас жауын қазанға пісірген деп айтылады. Қалай болғанда да, қазан — құрбандыққа шалынған малдың етін асатын қасиетті ыдыс қана емес. Мәселен, Татарстан астанасы Қазан қаласы атауының түп-төркіні осы ұғымға тікелей байланысты. Жалпы бұл әлдеқайда ауқымды дүние.
Самарқандағы Мемлекеттік тарих және мәдениет мұражайы сақтардың аталмыш қола қазанын тауып алған Мұхаммади қышлағының тұрғынына келген шығынның орнын қалай толтырғаны белгісіз, бірақ оның туған адамдары бас қосып жаңа қазанға піскен Самарқан палауының дәмінен рақат ала береді деген үміттемін. Өйткені адамның қарыны қазақта «асқазан» — асқа арналған қазан деп аталуы бекер емес.