ҚазАКСР Кеңесі V съезінің Президиумы. Ақмешіт қаласы. 15–19 сәуір 1925 жыл / ҚР ОМКФДЖА
Орталық мемлекеттік архивінің директоры, тарих ғылымының кандидаты Сәбит Шілдебай Qalam-ға берген сұхбатында қазақтың неге «киргиз-кайсак» аталғаны, «қазақ» атауының қалай оралғаны, қазақ қайраткерлерінің Орынборды астана етуге не себепті қарсы болғаны, Ташкент үшін жүрген күрес және Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақстан құрамынан не себепті шыққаны туралы айтып берді.
Қазақты неге «киргиз-кайсак» деп атаған?
Қазақ өз атын қайтарды десек, «қазақ өз атынан айрылып қалған ба еді?» деген сұрақ тууы мүмкін. Негізі қазақ одан ешқашан айрылған жоқ. Өзін-өзі қазақ деп атап жүрді. Бірақ патша үкіметі Ресей империясындағы отарланған аймақтарды бағындырып, тұқыртып ұстап отыру мақсатында құрылған казак әскерімен шатастырмас үшін бізді саналы түрде бұрмалап «киргиз-кайсак» деп атады. Ал 1822 жылы шыққан Сперанскийдің1
Орта Азиядағы мемлекеттердің шекарасын межелеу және Қазақ АКСР жер аумағын біріктіру туралы құжат / Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві
Совет үкіметінің алғашқы жылдарында да патша үкіметі кезіндегідей «киргиз» деп атап кете берді. Тіпті 1919 жылы қазақ жерін басқару үшін пайда болған революциялық комитет те ресми түрде Қырғыз революциялық комитеті болды. 1920 жылы қазан айында құрылған Қазақ Автономиялы Социалистік Кеңес Республикасы деген атаудың қазақшасында «қазақ» сөзі болғанымен, орысша ресми құжаттың бәрінде «киргиз» деп жазылды, яғни бұл — метрополияның отар аймаққа және халыққа берген атауынан бас тартып, өзіміздің тарихи дұрыс атауымызды ресми түрде қайтарып, орталық билікке соны мойындатып, қаулы шығарту туралы әңгіме.
Қазақ халқы осы автономияны құрып жатқан кезде «Біздің атымыз «киргиз» емес, біз — қазақпыз» деп мәселе көтерсе, орысша бірден «казах» деп жазылып кетер ме еді. Бірақ архив құжаттарынан «Қазақ атауымыз дұрыс. Қазақ болуымыз керек» деген бірде-бір тарихи құжатты осы уақытқа дейін кездестірген жоқпыз.
«Киргиз» емеспіз деп ең алғаш жазған тұлға
«Бізді қазір «киргиз» деп жазып жүр. Бірақ біз «киргиз» емеспіз, дұрыс атауымыз — қазақ» деп ең алғаш жазған Шоқан Уәлиханов еді. Ол ғылыми еңбектерінде бұл мәселені көтерді. Бірақ ол ештеңе талап еткен жоқ, ғылыми тұрғыдан қарап, талдап айтты. Мәселен, «Березинге хат»2
Шоқан Уәлиханов. Ыстықкөл қырғыздарының көші, 1856 жыл / Wikimedia Commons
Уәлиханов «қарақырғыз, жабайы қырғыз деп аталып отырған қырғыз бен қырғыз деп аталып жүрген қазақтарды шатастыруға болмайды. Олар әлеуметтік-саяси құрылымы жөнінен де, шаруашылығы жөнінен де бір-біріне ұқсамайды. Өзіндік ерекшеліктері бар. Бұлардың тілі Ресей үшін ұқсас болғанымен, Ресей оны түсінбегендіктен бірдей сияқты қарағанымен, екеуінің тілінде де үлкен өзгешелік бар» деп нақты ғылыми тұрғыдан ажыратып айтып кеткен.
«Қазақ» атауы ежелден бар
«Қазақ» атауын қайтаруда саяси күрес болды деуге келмейді, себебі саяси мәселе емес еді. Ал қазақ деген сөз ғылыми әдебиетте сонау 12-ғасырдан бастап бар. «Қазақ» атауы ең алғаш, менің білуімше, араб-қазақ сөздігінде кездеседі. Сондай-ақ Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде де ұшырасады. Ол Қазақ хандығы құрылғандығы туралы ең алғаш деректі де береді және «қазақ» атауына байланысты кішкене түсініктеме айтып кеткен.
Петрус Бертий. Тартария картасы. Шамамен 1600 жыл / Rare maps
Бұл сөздің негізгі мағынасына келсек, «қазақылық жасау» деген түсінік әлі бар. Ешкімге бағынбай, өз еркімен кетіп, өз бетімен өмір сүру дегенді білдіреді. Патша үкіметіне қызмет еткен казактардың атауының шығу төркіні де сол. Меніңше, екеуінің мағынасы бір. Себебі олар да қазақылық жасап, Донның бойына барып жиналып, ешкімге бағынбай, биліктің жазасынан қашып кеткендердің еркін одағы ғой. Кейін патша үкіметіне ант беріп, қызмет ету туралы ресми түрде кешірім алған.
Бірақ барлық тарихи еңбекте, ол мейлі парсы, мейлі шағатай, мейлі қазақша болсын, біз өзімізді «қазақ» деп жаздық. Абай да «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» дейді. Басқалар да «қазақ» атын қолданды. Мәселен, ең алғашқы газеттердің бірі, батыста жарық көрген «Қазақстан» газеті барi
Газет «Еңбекшіл Қазақ» деп аталғанымен, орыс тіліндегі нұсқа «Трудовой Киргиз» деп жүрген. «Еңбекшіл Қазақ» газеті. 1923 жылғы 15 ақпан / Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві қорынан
«Қазақ» атауын қайтарған кім және қашан қайтарылды?
1925 жылға дейінгі аралықта «қазақ» атауын қайтарудағы ең үлкен мәселе ретінде Сәкен Сейфуллин мен Міржақып Дулатұлының бастамасын айтуға болады. Осы тақырыптағы мақалалары газеттерде басылды. Ресми мойындатуда үлкен еңбегі бар. Бірақ атауды қайтарған Сәкен немесе Міржақып немесе съезде ұсыныс тастаған Сұлтанбек Қожанов, яки оған «сен ертең осылай айт» деп тапсырма берген Қоңырқожа Қожықов деп айту дұрыс емес. Бұл — сол кездегі әр қазақтың көкейінде жүрген бүкіл халықтың мәселе еді. Ал жоғарыдағы жандар соны айтып, жазып, ұсынысты өткізуге себепкер болған тұлғалар. Солай деп түсінгеніміз дұрыс.
Ақмола губерниясы кеңесінің съезі. Көкшетау қаласы. 1925 жылғы 8-15 ақпан / ҚР ОМКФДЖА
1925 жылы 19 сәуірде, осыдан дәл 100 жыл бұрын Ақмешітте өткен бесінші бүкілқазақ съезінде Сұлтанбек Қожанов мәселе көтеріп, қазақ халқы өзінің тарихи атауын осы жиналыс шешімімен қайтару туралы қаулы қабылдады. Біраз уақыттан соң, 1925 жылдың 15 маусымында Бүкілресейлік Орталық Атқару комитеті бұл шешімді бекітіп, арнайы декрет шығарды. Сол декретпен ресми түрде атауымызды қайтарып алдық. Біздің съезд солай шешім қабылдағанымен, Орталық бекітпесе, ол заңды күшіне енбес еді.
Орынбордан Ақмешітке келген пойыз. 1925 жылғы 15 сәуір / Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорларынан
Қазақ қайраткерлері Орынборды астана етуге қарсы болған
Бізде осы уақытқа дейін Орынбор қазақтың жері деген пікір бар. Орынборды қазаққа астана еткен қазақтар емес. Негізі қазақ қайраткерлері Орынборды астана етуге қарсы болды. Көпшілігі орталықты қазақ даласында белгілейік деп ұсынды. Қазақ революциялық комитетінде қызмет етіп жүрген Тұнғаншинi
Қазақ Орталық Атқару Комитеті Президиумының мәжілісі. 1924 жылдың қыркүйегі мен 1925 жылдың сәуір аралығы / Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорынан
Ал орталық не себепті астананы Орынборға апарды? Қазақ үкіметінің билігін қолда ұстап отыру үшін. Қазақстанды басқаратын өкімет қазақ халқынан алыста болуға тиіс. Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуінде» «Орынборда қазақ өкіметінің басшылығында жүрген жігіттердің түнде көшеде кетіп бара жатып таяқ жемегені жоқ» дейді ғой. Бәрін ұрып кетіп отырған. Бұл да мысын басып, сағын сындырып отыру үшін жасалған іс. Мұның екінші жағы бар. Орынбор губерниясын Қазақ АСКР-на қоспаса, қазақтардың үлесі 65% болады екен. Ал Орынбор губерниясымен қоса алғанда бұл көрсеткіш 51%-ға тең. Сондықтан губернияны уақытша қосып қойды. Орталық кейін оны қайтарып алатынын білді.
Қазақтар Ташкент үшін қалай күресті?
Межелеу кезінде қазақтар Ташкентті өзімізге қосып аламыз деп қатты үміт артып, күрес жүргізді. Ташкент негізі қазақтың қаласы еді. Бірақ қаланың өзінде сан жағынан қазақтар аздау, ал өзбектер көбірек болды. Алайда Ташкенттің айналасындағы аумақтың бәрінде қазақтың саны басым түсті.
Жалпы Ташкент — кезінде қазақтың саяси астанасы, Төле би және Ұлы жүздің хандары отырған жер. Қазақтың сауда-саттық жасайтын экономикалық орталығы болды. Бірақ кеңес билігі басқаша шешім қабылдады.
Ташкенттегі мұғалімдер семинариінің ғимараты. 1900 жыл / Wikimedia Commons
Ташкентті сақтап қалу үшін қазақ комиссиясының құрамында қызмет еткендердің барлығы күресті. Ең қатты айтысқандар Сұлтанбек Қожанов және осы комиссияны басқарған Сейітқали Меңдешов еді. Одан соң бұл мәселеде қазақтарды қырғыздар мен түркімендер қолдады. Тіпті 1924 жылы Орталық комитет Ташкентті Өзбекстанға беру туралы шешім қабылдап тастаған соң да қазақтар үмітін үзбей, жыл аяғына дейін жанталасты. Бірақ 14 қазанда Саяси бюрода нақты нүктесі қойылып, қала Өзбекстанға өтті.
Қарақалпақ автономиялық облысы Қазақстан құрамынан неге шықты?
1924 жылы межелеу кезінде жұмыс істеген комиссияның жұмысы нәтижесінде қарақалпақтар ұлт ретінде мойындалып, оларға автономиялық облыс берілді және Қазақстанның құрамына қосылды. Қазақ Орталық атқару комитетінің бір орынбасары осы қарақалпақтан тағайындалып отырды. Бірақ 1925–1930 жылдар аралығында қарақалпақтар Ресей құрамына қосылу туралы мәселені үзбей көтере берген соң 1930 жылы Қарақалпақ автономиялық округі* (кейін округ аталды) Ресей Федерациясының құрамына кірді. Ал 1931 жылы Ресей оны Өзбекстанға берді.
Орталық Азияның ұлттық-мемлекеттік межелеу картасы. «Правда востока», 25 қараша 1924 жыл / Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві қорынан
Мұның негізгі себебі — сол кездегі қарақалпақтар мен қазақтар өзара келісіп жұмыс істей алмады. Өзара айтыс-тартыс көп болғаны тарихи құжаттардан анық көрініп тұр. Қарақалпақтар орталыққа «қазақтар бізге олай істеді, бұлай істеді» деп шағымды қардай боратты. Содан «Біз де қазақтар секілді Ресей Федерациясына тікелей бағынатын республика болайық» деп мәселе көтерді.
Бұл — Сәбит Шілдебаймен болған үлкен сұхбаттың бір бөлігі ғана. Толық нұсқасын Qalam Tarih атты YouTube-арнамыздан қарай аласыз.