ҚАЗАҚ БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ ҚҰПИЯСЫ

«Беске келгенше Құдайыңдай көр, он беске толғанда құрдасыңдай сырлас» — этнограф Лепуда Мұқатаева: далалық бала тәрбиесі туралы

~ 4 мин оқу
ҚАЗАҚ БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ ҚҰПИЯСЫ

Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899 / romanovempire

Дәстүрлі қазақ даласында адамның балалық шағы ұзақ болмайтын, әйтсе де сол қысқа кезеңде құрмет пен қамқорлыққа бөленіп, бүкіл ауылдың көз алдында, үлкен-кішінің аялы алақанында өсетін. Этнограф Лепуда Мұқатаева көшпелі мәдениеттің салт-дәстүрі мен философиясы адамның мінезі мен тағдырын қалыптастыруға дүниеге келген сәттен бастап қалай ықпал ететінін айтып берді.

Дүниеге сәби келгенде бүкіл ауыл қуанатын

Қазақтар қай кезде де балажан болған. Келіннің бойына бала біткені қуанышқа баланып, сәби шыр етіп дүние есігін ашқанда бүкіл ауыл қуанатын. Әуелі аяғы ауыр келіннің енесі не абысыны «құрсақ шашу» тойын жасайды. Ет асылып, дастарқан жайылып, аяғы ауыр әйелге құтты болсын, жеңіл болсын айтылып, аналар ақылын аямайды. Тіпті сол үйдің оныншы баласы болса да, қызық пен қуаныш тұңғыш баладан кем түспейтін.

Лепуда Мұқатаева / Qalam

Лепуда Мұқатаева / Qalam

Толғатқан әйелге болысу және жас босанған анаға қамқор болу

Жас босанған әйел ешқашан жалғыз қалмайды. Жанында не енесі, не үлкен абысындарының бірі жүріп, қол-аяғын бауырына алуға көмектеседі. Әл жисын деп сорпа-суын қайнатып беріп, тер қатпасын деп жел тигізбей қымтап бағады. Қамқорлық жай ғана күтімнен емес, моральдық қолдаудан да көрінетін. Жас босанған анаға сондай ілтипат көрсетілетініне тәнті боламын.

Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899  / romanovempire

Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899 / romanovempire

Айрықша мәні бар бір жоралғы «сүйіндір» деп аталады. Әйел босанған соң, апта салмай төркіні келіп, жас ананы қуантып, сый-тартуын, сәлем-сауқатын әкеліп, сүйіндіреді.

Бала емізу салты

Ежелден ауқатты үйлер сүт ана жалдайтын салт болатын. Әйтсе де, оның бір маңызды шарты бар еді: ол әйел емізген балалар бір-біріне емшектес бауыр саналады, демек, келешекте олар бір-бірімен неке қидыра алмайды деген сөз. Оның үстіне ондай балалардың әке-шешесі де ортақ болып кетеді, яғни баланың тағы бір қамқоры, арқа сүйер жанашыры болады.

Балаға емшек сүтін сауып беру де болған, тек ол бәрібір толық емізгенге барабар саналмайтын. Бала емізу, балаға тамақ беру тәсілі көшпелі, малшы өмір салтымен тығыз байланысты. Бұрын балаларға бие сүті берілетін. Қазір жаңа сауылған бие сүтін «саумал» атап жүрміз ғой, тек мұны маркетинг тәсілі ғана дер едім. Өйткені саумал деген — ашуы жетіп болмаған қымыз.

Самуил Дудин. Қымыз пісіп тұрған әйел. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899  / romanovempire

Самуил Дудин. Қымыз пісіп тұрған әйел. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899 / romanovempire

Қазір «саумал» деп бие сүті сатылып жүр және оны ем деп ішеміз ғой. Ал дәстүрлі ұғымда ол сусын сәл басқаша болатын. Жаңа сауылған сүтті қауғадан сүзіп, арнайы ағаш күбіге құятын. Содан соң шайқап, пісу басталады.

Ол неге керек? Күбінің түбінде алдыңғы сауылған сүттен, кешегі қымыздан азырақ, яғни бір литрдей ашытқы қалады. Биенің әр сауымында (әдетте 1–2 сағат сайын) жаңа сауылған сүтті күбіге үстеп құйып, жақсылап піседі. Күні бойы тұрып, күбідегі ескі-жаңа сүт араласып, ашиды да, кешке қарай күшейіп, түн асқанда қымызға айналады. Таңертең күбіні жақсылап пісіп, шайқап жіберсе, тамаша сусын болып шыға келеді.

Сонда саумал деген — жаңа сауылған бие сүті ғана емес. Ол — күбідегі кешеден қалған қымыз бен жаңа сауылған сүттің қосындысы. Ал балаларға жаңа сауылған, жып-жылы сүт беріледі, тек оны аз-аздан, мөлшерінен асырмай беру керек.

Жаза мен құрмет

Баланы жазалау деген болмайтын. Таяқ жеген бала қорқақ, ынжық, жігерсіз, жасық болып өседі дейтін. Сондықтан қазір біз білетін ұрып жазалау деген нәрседен аулақ болатын.

Әйтсе де бала балалығын қылмай тұрмайды ғой. Оларға тоқтам, тыйым деген болмай ма? Болады. Тентек балаларды үлкендер сабырмен, сөзбен, құрметпен тыятын.

Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899  / romanovempire

Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899 / romanovempire

Әйтсе де, қайбір кезде баланы жазалау болған. Ол бір шектен шыққан жағдайда, ата-анасына қарсы келіп, бетінен алып, бас бермей кеткенде тезге салу амалы еді. Үлкенді құрметтеу парыз еді, жасөспірім бала не бозбала қартайған ата-анасына дауыс көтеріп, ынжықтау әке-шешесіне доқ көрсетіп, үстемдік қылам десе, үлкендер оны жазалап жататын.

Ондай кезде ата-анасы емес, бүкіл ауыл жазалайтын. Ақсақалдар не істемек керегін ақылдасып шешеді. Жазалы болған баланы қара сиырға не есекке теріс қаратып мінгізіп, ауыл айналдырып шығатын. Не біреуге айтып, батырмай қамшылатып алатын. Тек мұның бәрі балаларға емес, жасөспірім, бозбала болып қалған кезде жасалады. Жас балаларды сабау, қорлау деген атымен жоқ.

Отто Финш пен Альфред Брэмнің «Қазақ даласына саяхатында» қазақтар баласының асты-үстіне түсетін деп тура айтылған. Оның себебі де бар: дала кең, жер мол, адам аз. Әр тірі жан алтынға бағаланады. Тоқтаусыз шапқын, жаугершілік тағы бар. Жерді толтырып, айырылмай ұстап, ел көбейту керек.

Балаға деген айрықша құрмет пен қамқорлық та осыдан болса керек.

Бала тәрбиесіндегі әкенің орны

Жаңа туған баланы күтіп-бағуға отағасы мүлде араласпайды, ол тірліктің бәрін әйелдер істейді. Әке жұмыстан — мал жайып не көрік басып келіп, қолын жуып, баласын кеудесіне басқанының өзі тәрбиенің бір бөлігі саналатын.

Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899  / romanovempire

Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899 / romanovempire

Бала бауырын жерден көтеріп, еңбектеп, талпына бастағанда, әке көбірек араласа бастайды. Баласын ойнатып, еркелетіп отырғанымен, еш жағдайда балаға не қол, не дауыс көтермейді. Қазақ отбасында ол жосықсыз нәрсе саналатын. Баланы уату керек болса, әке домбыра тартады, бала әуенге еріп, уанады.

Дәстүрдің өзгеруі

Көшпелі өмір салты кеткен соң, салт-дәстүрдің де көбі өзгерді. Әйтсе де, олардың өзегі, мәні қамқор бола жүріп, құрметтей жүріп тәрбиелеу — сол күйі қалды. Әрине, қазіргі балалар бақыттырақ. Әйтсе де, ежелгі далада да әр бала үйінің ғана емес, бір рулы елдің қуанышына баланатын.

Бұл — этнограф Лепуда Мұқатаевамен қазақ даласындағы бала тәрбиесіне қатысты әңгімеміздің бір бөлігі ғана. Толық нұсқасын Qalam History YouTube-арнасынан көріңіздер.