Қазақ даласындағы Ораза айы

Кеше және бүгін

~ 7 мин оқу
Қазақ даласындағы Ораза айы

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Түркістан/Education Images/Universal Images Group via Getty Images

Діннің тұрмыс-салтқа икемделуі, керісінше дәстүрдің дінге жұтылуы  қай кезеңде де болған құбылыс. Тіпті сол өзгерістер уақыт өте келе басқа реңк алатыны тағы бар. Этнографтардың айтуынша, мұндай көріністер әсіресе Рамазан айында қатты байқалады. Расында қазақ даласында Ораза айында атқарылатын ғұрыптар қандай өзгеріске ұшырады? Бұл сауалдардың жауабын тарих ғылымдарының кандидаты, этнограф Тәттігүл Қартаева іздеп көрген еді.  

Мазмұны

Ұлттық құндылық — отбасылық құндылықтан қалыптасады. Бала ең алдымен шаңырақта тәрбие алады, одан кейінгі тәрбиені қоғамдық орындар, балабақша мен мектеп береді. Тіпті тарихи дәуірлерде діни амалдарды атқару барысында «қара шаңырақ» ұғымы басты орын алатынын ұмытпау керек. Дәстүр мен діннің сабақтастығында ұлттық құндылық бәрінен биік тұрған. Сондықтан ата-бабамыз исламдық қағидаттарды дәстүрге, қазақы таным мен ұғымға сай бейімдеген. Алайда жаңа заманмен бірге діни ғұрыптар да өзгеріске енгені шындық. Мұндай көріністерді Ораза айы кезінде жиі байқап қаламыз.

Семей өңірінің қазақтары Самуил Мартынович Дудиннің фотосуреттерінде. 1899/Империя Романовых

Семей өңірінің қазақтары Самуил Мартынович Дудиннің фотосуреттерінде. 1899/Империя Романовых

Жарапазан айту, Қадір түнін күту, ауызашар және пітір садақа беру кезінде байырғы дәстүріміздің көп өзгеріске түскенін аңғарамыз. Бір ескеретіні, мақсатымыз — бұрынғы заманға қайтып оралу емес, бүгінгі ұрпаққа «отбасылық құндылықтың» мән-маңызын жете түсіндіру, сол арқылы бабалар салған сара жолдың ақиқатын айту.

Ауызашар

Қазақ «ауызашар берудің» сауап екенін өте жақсы түсінген. Соның нәтижесінде түрлі тарихи кезеңде ауызашар отбасылық, әулеттік және ғұрыптық дастарқан деп есептелген.

Ауызашарға 100–200 адам шақыру, оны жаппай халықтық дастарқанға айналдыру Тәуелсіздіктен кейінгі «діннің қайта жаңғыруына» байланысты қалыптасты.

Қазақ даласында малы мыңғырған байлар көп еді. Қазақтың байлары қыстау, көктеу, жайлау, күзеуге еріккеннен емес, алдындағы төрт-түліктің қамы үшін көшті. «Қыз Жібек» жырының 4 нұсқасында Қыз Жібек:

«Әуелі бас қосқаным Жағалбайлы, 

Жылқысын көптігінен баға алмайды», – дейді.

«Жылқысын көптігінен баға алмайтын Базарбайдың ауызашары» деген аңыз-әңгіме неге жоқ? «Қыз Жібек» жырының 4 нұсқасында:

«Қыз-Жібектің жасауы,

Сексен нарға жүк болған», – дейді. Сырлыбайдың бір қызына берген жасауы 80 нарға артылған. Сырлыбай — Сыр мен солтүстік-батыс арасын жайлаған, малы Сырдың бойына сыймаған, атағы шыққан шектінің байы. «Сырлыбайдың ауызашары» деген секілді фольклорлық деректің болмауы, ауызашардың отбасылық сипатында жатыр.

Қазақ қаршығашылары 2015 жылдың 31 қаңтарында Шиңхы уезі тауларында өтетін жарысқа қатысар алдында жора-жолдасының үйінде таңғы ас ішіп отыр, Шыңжаң, Қытай/Photo by Kevin Frayer/Getty Images

Қазақ қаршығашылары 2015 жылдың 31 қаңтарында Шиңхы уезі тауларында өтетін жарысқа қатысар алдында жора-жолдасының үйінде таңғы ас ішіп отыр, Шыңжаң, Қытай/Photo by Kevin Frayer/Getty Images

Бұрын жаугершілікпен қатар «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш уақыттар да болды. Қазақтың хан-сұлтандары атына лайық, пәлен орда тігіп ауызашар өткізсе, ол ұрпақтан ұрпаққа жыр болып жететін еді. Шығыстан Құнанбай, Сыр бойынан жаппастан шыққан Аппаз бен Мырқы, батыстан Досжан Қашақұлы қажылыққа бірге барып, Меккеде қазақтар тоқтайтын «такие» (қонақ үй) салуға ақша шығарып, орталарынан Досжанды құрылысқа басшылық жасауға қалдырады. Шетелде құрылыс салдыру көп қаражатты талап етеді. Қажылықтан келген соң «жалпыхалықтық ауызашар» өткіземіз десе Құнанбайдың, Аппаз бен Мырқының байлығы жетіп артылады. «Құнанбайдың ауызашары», «Аппаз не Мырқының ауызашары» деп ел-жұрттың ауызында жүрмеуі бұл ғұрыптың әулеттік сипатының алда тұрғанын көрсетеді.

Құрма емес, құрт

Бұл күні қазақ құрмамен ауыз ашуды міндет көреді. Арабия түбегіндегі мұсылмандар құрмамен ашса, құрма — ол жақтың жергілікті жемісі. Қазақ құрманың қасиетін білгесін Мұхаммед пайғамбар, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауймен байланысты «құрма туралы» аңызды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келді. Бірақ дәстүрлі замандарда ораза тұтқан қазақ ауызды ірімшік, құртпен ашқан. Ораза кезінде күні бойы су ішпейсің, тер, зәрдің шығуымен бірге денедегі су-тұз азайған. Ал құрт денеден шыққан тұздың орнын толтырған. Сәресіне бөктірілген талқан, қолдың майына шылаған талқан жеп, күні бойы тоқ жүрген.

 Құрт түрлері/Alamy

Құрт түрлері/Alamy

Жарапазан

Жарапазан — Ораза айының келуін халыққа сүйіншілетіп жеткізетін, ұрпақ өрбітуге қатысты ниет-тілегі жырға қосылатын, дін мен дәстүрді қабыстыратын фольклорлық мұра.

Жарапазан айтушы:

«Үйің, үйің, үй екен,

Үйдің көркі ши екен»

«Жарапазан айта келдім есігіңе, 

Қошқардай бала берсін бесігіңе»

«Айтамыз жарапазан есігіңе,

Қошқардай қос ұл берсін бесігіңе, 

Қошқардай қос ұл берсе бесігіңе, 

Туады олар батыр несібіңе»

«Айтамыз жарапазан есігіңе.

Қыз берсін ханышадай бесігіңе

Қыз берсе ханышадай бесігіңе,

Туады олар сұлу несібіңе» – деп, сол үйдің шаңырағына береке, өріс тілеген. Жарапазаншылар жас келіні бар үйдің іргесі мен босағасына барып, сол үйдің ұрпағының өрбуіне ниет еткен. Келін әдеп ұстап сыртқа шықпаған, ал үй иесі айта түссін деп күттірген.

«Аяқ-табақ сылдырап,

Құрт бергелі жатыр ма?

Сары аяққа салып бер,

Сары майға малып бер»

«Осы үйдің арт жағында құрық жатыр,

Жеңешем құрық бойлы тұрып жатыр.

Болар деп шапан жапсақ жарасымды, 

Мәслихат ақылдасып құрып жатыр»

«Ат, шапан бере алмасаң, тым болмаса,

Бір табақ құрт алып шық майыменен»

Деп қалжыңға көше бастағанда «жеңешесі» сый-сыяпатын беріп, дастарқанына шақырған, тілегін айтып шығарып салған. Үй иесі рахметін айтып, батасын берген. Дәстүрлі жарапазанның отбасылық мәні жоғары болған. Бұл күні жарапазанды келіні бар үйдің босағасына барып айту ғұрпы жойылып кетті. Оның байырғы мән-мағынасын дұрыс түсіндірмей жүрміз.

Қазір жарапазан айту челленджге айналды. Босағаға барып айтылатын жарапазан базар-вокзал, ойын-сауық дүкендерінде жалғасатын болды. Үлкен кісілер ғана бас қосқан мейрамханадағы ауызашарға әнші-жарапазаншылардың шақырылуы белең алғанын көріп жүрміз. Бұл жерде де жас келін жоқ. Тарихи жәрмеңке-базарларда да әнші-жыршылар жиналып, базарлап келген қазақтың көңілін көтерген, бірақ жарапазан өз ғұрпына сай тек үйдің босағасында айтылған.

Дін мен дәстүрдің сабақтастығы жарапазаннан айқын көрінеді. Сол себепті, жарапазанды ағайын-туғандар бір-біріне ауызашарға барғанда, үйіне кіргенде айта кіретіндей немесе бірін-бірі танитын, бір-біріне есік ашатын туыстар арасында немесе ауылдық жерде жаңғыртқан жөн болар.

Әулие атадағы базар. Түркістан альбомы/Wikimedia Commons

Әулие атадағы базар. Түркістан альбомы/Wikimedia Commons

Пітір садақа

Қазақ халқы исламның шартына сай малынан зекет, өз өнімінен пітір садақа беруді өте жақсы білген.

Дәстүрлі қазақ қоғамында пітір шамасына қарай «бір немесе қос уыс» дәнді дақыл, дәстүрлі салмақ өлшеміне ауыстырғанда — 1–2 қадақ. Дәстүрлі 1 қадақ — 1 уыс (бір алақан уысы) салмақтық өлшемде 200 грамға, 2 қадақ — қос уыс (екі алақаныңды қосқандағы 1 қос уыс) 400 грамға сай келеді.

Келген қалмақ көп еді,

Көп те болса қалмақтан,

Алты күн айғай салғанда,

Азғантай қалды қадақтай. (Ер Тарғын)

Қазақ даласында жергілікті өнім Сыр бойында — күріш, Сыр-Арал, Ақтөбеде — тары, жүгері, Арқа, Солтүстік, шығыс, оңтүстік-шығыста — бидай, арпа, сұлы. Егіншілікпен айналыспайтын, көшпелі мал шаруашылығымен күн көрген қазақтар үшін бидай ұны құнды саналды. Бидайды малына айырбастады. Сондықтан көшпелі малшылар пітір садақаны малынан, мал өнімінен берді. Бұрын егіншілер, малшылар, қолөнершілер бір-біріне өнімді айырбас жасаған. Пітір садақа беру де көшпелі малшылар мен жартылай отырықшы, отырықшылар арасында бір-біріне айырбас ретінде жүрді.

1 / 2

Тәуелсіздікпен бірге дін қайта жаңғырғанда Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы пітір құнын «бидай өнімінен», яғни «ұн етіп тартып берсе сауабы мол» деген пәтуа шығару арқылы белгілеп отырды. Ислам шартында пітір тек жергілікті халықтың айналысатын кәсібінен, жергілікті өнімнен беріледі. Исламдық түсіндірме-талдау сөздіктерде пітір садақа күміс өндіретін жерде күмістен, алтын өндірсе алтыннан бергендігі айтылады. Сол сияқты, тек бау-бақшамен айналысатындар, бақша өнімінен береді. Араб елдерінде жергілікті өнім құрма болғандықтан, әрине, олардың арасында құрмадан беріледі. Өзбек ағайындар пітірді мейізбен берді. Құрма қазақ даласына халықаралық саудамен келген, таңсық тәтті болғандықтан қымбатқа бағаланды. Мейіз о бастан бізге Бұхар, Хиуа, Ташкенттен жетті. Жүзім біздің жерде өскенімен, кептіріп мейіз жасауды және сауда көзіне айналдыруды қазақ кәсіп еткен емес. Тарихи дәуірлерде біздің жерімізге керуеннің жетуі Ораза айына тура келсе, керуеншілер мейіз бен құрмасынан жергілікті қазақтарға, ал жергілікті қазақтар оларға өз өнімінен (бидай, тары, мал терісі, жүні, қолөнер бұйымы, құрт, ірімшік т.б.) ұсынып, пітірді бір-біріне айырбас түрінде берген.

Қадір түні, Хазірет сұлтан мешіті, Астана, 2022/Turar Kazangapov/Anadolu Agency via Getty Images

Қадір түні, Хазірет сұлтан мешіті, Астана, 2022/Turar Kazangapov/Anadolu Agency via Getty Images

Қадір түні

Қазақ «Қадір түнінің» қасиетін өте жақсы білгендіктен сол түні дүниеге келген балаға Қадырбек, Кәдірбек, Қадырбай, Айқадыр, Қадырхан, Қадырғали, Қадыркүл, Қадырай деп ат қойған.

Бұрын «Қадір түні» қазақ үшін отбасылық ғұрыптық түн болды. От басы, ошақ қасы, қара шаңырағы — құтқана мешіті саналды. Қадір түні шаңырағында отырып отының басының амандығын, ел мен жерінің амандығын тіледі.

Соңғы жылдары телеарналардан Қадір түнінен орталық, үлкен мешіттерден тікелей эфир беру үрдіске айналдырды. «Байырғы қазақ Қадір түнін қалай өткізді, тарихи мешіттерде «Қадір түні» шарасы болды ма?» деп сұрақ қоятын жан жоқ. Бұл мәселені сол түні тікелей эфирге сұхбат беріп тұрған имамдар мен дінтанушылар да айтпайды. Ал бұрын қалай еді? Қазақ Қадір түнін қалай қарсы алған?

 Қадір түні, Хазірет сұлтан мешіті, Астана, 2022/Turar Kazangapov/Anadolu Agency via Getty Images

Қадір түні, Хазірет сұлтан мешіті, Астана, 2022/Turar Kazangapov/Anadolu Agency via Getty Images

11–19-ғасырлар аралығында салынып, халыққа мектеп-медреселік қызметті қоса атқарған Орта ғасыр, Жаңа заман дәуіріндегі 35 далалық-қалалық мешіт Республикалық маңызы бар тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген, басқалары жергілікті маңызы бар ескерткіштер тізімінде.

Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауйдің жер асты мешіті Қылуетке күншілік жерден ат терлетін келіп, Қадыр түнін күзетіп жатты, Қадыр түнінде Қылуетте ине шаншар орын болмады немесе Маңғыстаудағы ортағасырлық 11–14-ғасырларға саятын Шопан Ата, Шақпақ Ата, Қараман Ата, Масат Ата, Сұлтан Үпі жерасты мешіттерінде Қадір түнін күзетуге келген адамның мініп келген аты мен түйесінен жер қайысты деген аңыз-әңгіме неге тарамады?

Көкшетаудағы тұңғыш мешіт. 1886/Wikimedia Commons

Көкшетаудағы тұңғыш мешіт. 1886/Wikimedia Commons

18-ғасырдың аяғы мен 19-ғасырдың бас кезіндегі Бекет атаның Бейнеудегі, Оғландыдағы мешіттеріне, 1835 жылы Бөкей Ордасында салынған «Хан мешіті», 19 ғасыр ортасына саятын Досжан ишан Қашақұлының Қайнардағы, Шұбарқұдықтағы мешітіне, 1878 жылғы Айтбай мешітіне Қадір түнін өткізуге күншілік жерден аттанған, неше күн жол жүріп келіп, иық тірестіріп сыймай отырғаны туралы халық аузында жүрген әңгіме бар ма? Жоқ! Себебі Қадір түні ошақ басы, от қасында, шаңырағында өткізетін, ғұрыптық маңызы бар түн болды. Неге? Қара шаңырақ — қасиетті! Қара шаңырақ — құтқана мешіт.

Бұрын мешіт барлық ауылда бола бермеді. Молданың жазда киіз үйі, қыста қыстау үйі (тоқал там, қоржын там, т.б.) мектепті де, мешітті де ауыстырған. Қазақтардың «молда бол» берген батасы «мұғалім бол» дегені еді. Алты қанат киіз үйдің сыйымдылығы — 50 адам. Қадір түні жаз айларына келгенде молданың үйінде Қадір түнін өткіземіз деп бір киіз үйде 50-ден астам адам намазға жығылып, уағыз тыңдап отырмады. Себебі Қадір түніндегі ниетін әркім өзінің қара шаңырағында орындады.

Шақпақ ата мешіті, Маңғыстау/Wikimedia Commons

Шақпақ ата мешіті, Маңғыстау/Wikimedia Commons

Таттигуль Картаева

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ