Салтанат Асанова / Qalam
Дәстүр ескіден қалған әдет-ғұрып қана емес. Дәстүр — халық тарихына тереңдеп еніп, сіңіп қалған мағыналардың күрделі жүйесі. Күнделікті өмірде дәстүрді жеңілдетілген, тіпті өзгерген түрде, бастапқы қызметі мен мәнінен айырылған халық мұрасының бір бөлігі ретінде қабылдап жатамыз.
Қазақ дәстүрінің тамырына бойлап бару үшін Qalam редакциясы тарих ғылымдарының кандидаты Салтанат Асанованы сұхбатқа шақырған болатын. Бұл әңгімеде қонағымыз дәстүрлі көшпелі қоғамдағы мәдени нормаларды ғылыми түрде талдап, «ұлттық дәстүр» туралы қатып қалған түсінікке қайшы келетін тақырыптарды қозғады.
Келін — қасиетті тұлға
«Белгілі бір рудың қызы басқа ортаға келін болып түседі. Оны көмекші яки бағынышты адам емес, айрықша тұлға ретінде қабылдаған, әрі одан сақтанған. Жаман болғандықтан емес, келіннің бойында күш пен бөтен энергия болғандықтан. Келінді төменшіктетпей, керісінше, қорғап-сақтауға тырысқан.
Қазір жас жұбайлар ата-анасымен тұрады, яғни келін үйдің тұрмысын енесімен бөліседі. Бұл — бұрмаланып кеткен дүние. Негізінде жастар бөлек киіз үйдегі отауда тұрған. Әр отбасының өз кеңістігі болған. Бір-бірін ыңғайсыз жағдайға қалдырмаған. Бірге өмір сүру — бұл дәстүр емес, жоқшылықтың не урбандалудың салдары.
Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899 / Romanov Empire
Дәл осы мәселенің босанған келінге де қатысы бар. Осы күні келін босанған соң келесі күні тұрмысқа араласып, шаруаға кірісіп кету керек дегенді естуіңіз мүмкін. Алайда дәстүр бойынша, жас босанған әйелді 40 күн бойы мазаламаған. Оны үйден де шығармай, қорғаштап, сақтаған. Ал аяғы ауыр кезде әйелді тек әдемі, берекесі бар адамдар ғана қоршаған. Бала алғаш қозғалғанда, жанында тағдыры ауыр яки сырт келбеті жағымсыз біреу болса, бала соған тартып кетеді деп сенген.
Бірінші жылы келінге бәрі сақтықпен қараған. Керек десеңіз, оны әрі қастерлейтін, әрі қорқатын «қасиетті тұлға» деп қабылдаған. Тек балалы болған соң ғана келін рудың толыққанды мүшесі атанған.
Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899 / Romanov Empire
Бұл дәстүрдің сиқы бертінде өзгерді. Әсіресе зиялы қауым жойылып, бекзат дәстүрді білетін тұлғалар келмеске кеткен кеңес дәуірінде қатты байқалды. Салт-жоралғының тұрмыстық, тым қарапайым түрі ғана қалды».
Сөз — мәдениеттің негізі
«Қазақ мәдениеті — сөз мәдениеті. Ата-бабамыздың күнделікті өмірінде жазба тіл болған жоқ, бәрі ауыздан-ауызға айтылып, жетіп отырды. Сол себепті сөз ақпарат беретін және сақтайтын құрал ғана емес, күштің көрінісі болды.
Бізге келген саяхатшының бәрі «Қазақтың кедейінің өзі ақсүйектерше сөйлейді» деп жазды. Тіл тұрғысынан алып қарағанда, қазақтардың бәрі тең еді. Шешен сөйлеу — міндетті, әрі ұлттық бірегейліктің бір бөлігі саналды.
Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899 / Romanov Empire
Есім — қасиетті формула. Оның қасиет-күші бар деп саналды. Ырым етіп ат қою осыдан шыққан, яғни баланың аты біртүрлі немесе күлкілі болса, оған көз де, сөз де тимейді, қатер төнбейді делінген».
Қонақжайлық — өз-өзіңді қорғау жолы
«Машиналар мен бензиннің дәуірінде өмір сүретін біз өзімізді батыл сезінеміз, ежелгі салт-дәстүрді ескінің қалдығы, ырымшылдыққа балаймыз. Бірақ бұрынғы кезде адам сақтықпен тіршілік еткен. Айналаңның бәрі ашық, дала мен қақаған қыстан басқа ештеңе жоқ. Бала өлімі жиі кездескен, ересектердің де өмірі қысқа. Мұндай ортада жолаушы — қауіп-қатердің көзі болуы мүмкін.
Онымен араздасқанша, қонақ ретінде күтіп алып, қарнын тойдырып, өзіңде барды бөлісіп, көңілін аулаған ләзім. Қонаққа деген айрықша ілтипат-құрмет осыдан кеп шығады. Бұл — жәй ғана сыпайылық емес, тірі қалу жүйесі. Тамағыңды жолаушымен бөлісу — қауіпсіздік кепілі».
Дастарқан — әлеуметтік иерархия белгісі
«Дастарқан жәй ғана тамақ қоятын орын емес. Дастарқан — әдет-ғұрып. Бізде оны жиі қате қабылдап жатады. Ел жиналып алып, ұзақ отырады, көп сөйлеп, іш пыстырады деп санайды. Бірақ бұл — әдеттегі басқосу ғана емес, бүтіндей бір салт-жоралғы.
Дастарқан басында кімнің қайда жайғасатыны, қандай тәртіппен отыратыны — бәрі-бәрі маңызды. Одан кейін ортаға ас келеді. Ол да дәстүр. Малдың жамбасы кімге, қабырғасы кімге, қарны кімге беріледі — әрқайсының өз орны бар. Жас босанған әйелге, мысалы, еттің тек белгілі бір жерлері ғана бұйырған.
Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899 / Romanov Empire
Бұдан соң тілек айтылады. Әркім сөйлейді. Маңызды кезең. Тілек айту арқылы адам өзінің ниетін танытқан.
Дастарқанды әйелдер дайындаған. Үлкендері басқарып жүрген, келіндер қамыр жайып, ет асқан. Дастарқан басында әйелдер еркектермен қатар отырған. Қарт адамдарға ерекше құрмет көрсетілетін.
Бір қызығы, дәстүрлі ортада жас көрінейінші деген қызығушылық кездеспеген. Керісінше, әйелдер тезірек кемпір атануға тырысқан. Себебі кемпірге айналған әйел абырой-беделге ие болған, ел оның сөзіне құлақ асқан. Кемпір жұмыс істемеген, тек басшылық еткен».
Жыртыс — әлеуметтік байланыс формасы
«Әжелеріміз бен аналарымыздың бір-біріне жыртыс беретіні жақсы есімде. Бұрыннан солай. Жыртыс беру — тұрмыста кездесетін жәй бір жоралғы емес, байырғыдан келе жатқан дәстүрдің жалғасы.
Қазақтар Ұлы Жібек жолының өзі көшіп-қонып жүретін жерін кесіп өтетін тұсын бақылауда ұстаған. Рудың иелегіндегі бұл аймақтан әрі-бері өткен керуен ақы төлеген. Соның ішінде жібек мата да болған.
Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899 / Romanov Empire
Жібек — аса құнды дүние еді. Ел оны сақтаған, сыйлаған, құрмет белгісі ретінде қолданған. Қарапайым деген көшпенділердің өзінің моласынан археологтар жібек киім тауып алып жатады, яғни жыртыс — мата беру емес, құрметтің, береке-молшылық тілеудің көрінісі. Мұның мәні ұмытылса да, салттың өзі әлі күнге сақталып келеді. Тіпті кей отбасы матаның бір бөлігін жыртыс деп үйінде ұстайды. Оның түп-төркіні сол әріде жатыр».
Салтанат Асановамен болған сұхбаттың толық нұсқасын Qalam History атты YouTube арнамыздан қарай аласыз.