18-ғасыр ортасында Жоңғар хандығы жойылғанымен, қазақ халқын тағы бір сынақ күтіп тұрған еді. Ендігі кезекте Цин патшалығымен шекаралас болып, бетпе-бет келіп қалған Қазақ хандығы тығырықтан шығудың жолын іздей бастады. Алайда Абылай ханның дипломатиялық саясатының арқасында елдің арасында жылымық орнап, сауда-саттық жанданғанымен, қауіп толық сейілді деуге келмейді. Расында, Цин патшалығының қазақ жерін жаулап алу ойы болды ма? Сол тұстары шекара мәселесі, қазақтардың қайтадан атақонысына көшу мәселесі қалай шешілді және 19-ғасырда Цин және Ресей империясы қазақ даласынан шекарасын бөлгенде қазақтардың мүддесі ескерілді ме? Арнайы курстың төртінші дәрісінде профессор Нәбижан Мұқаметханұлы Қазақ хандығы мен Цин патшалығының қарым-қатынасы, оның ішінде Абылай хан қалай қазақ мүддесін қорғағаны жайында айтып береді.
- 1. Қытай жазбаларындағы алғашқы «қазақ» атауы
- 2. Абылай хан, Цяньлун патша және Әмірсана
- 3. Қазақ хандығы мен Цин патшалығы: ширыққан шиеленіс
- 4. Дипломатиялық байланыс және жер мәселесі
- 5. Қабанбай батыр және сауда-саттықтың жандануы
- 6. Сауда-саттық тәртібі
- 7. Империялардың шекарасын межелеу
- 8. Екі империя ортасындағы қазақтар
- 9. Қытайдағы этникалық қазақтар қалай қалыптасты?
Қытай жазбаларындағы алғашқы «қазақ» атауы
Цин патшалығы қазақтар туралы 17-ғасырдың аяғында естігенімен, 18-ғасырдың ортасына дейін тікелей байланыс орнамаған. 1697 жылдың 24 сәуіріндегі орда күнделігіне назар аударсақ:
«Қалдан Церен Тұрпан, Яркен, Самарқан және қазақ даласындағы мыңдаған руларды бағындырыпты. Патшалығымыз бұл іске араласпайды»i
Бұл жазбада «қазақ» атауын қытайша «нa sa ke — 哈萨克» деп, үш иероглифпен таңбалайды. Бір қызығы, қытайлар қазірге дейін осы атауды қаз-қалпында қолданып келеді.
«Қазақ» атауы қытай деректерінде екінші рет 1715 жылы ұшырасады. Цин патшалығы сол жылы жоңғарларды жазалау мақасатында Тұрпанға әскер аттандыруға бекініп, жоспарын қазақтарға алдын ала мәлімдейді:
«Біз Тұрпанды оп-оңай аламыз, тіпті Сыбан Рабданның өзі қарсы келсе, оны да жойып жібере аламыз»i
Цин патшалығы бұл әрекеті арқылы «жоңғарға болыспаңдар» дегенге саяды. Кейінгі 1731, 1732 және 1745 жылдары қазақ пен жоңғар арасында өткен қақтығыстар жайында Цин патшалығының ордасына тұрақты түрде хабар жетіп тұрған.
Іле аймағының тайшысы әйелімен бірге. Қытай, 1769 жыл / Wikimedia Commons
Ол кезде Цин патшалығына Жоңғар хандығы ең үлкен қауіп төндіріп тұрған ел еді. Жойқын жорыққа жан-жақты дайындық жүргізген Цин патшалығы қазақтардың аңысын аңдып, «егер жоңғарларға шабуыл бастасақ, олардың әрекеті қандай болмақ» деген мәселені білгісі келеді. Бұл геосаяси жағдайды оң жамбасына шешу үшін маңызды тетіктің бірі еді.
Абылай хан, Цяньлун патша және Әмірсана
1754 жылы Әмірсана 20 мың адамын бастап Цин патшалығының дәргейіне бас ұрған соң, оған әскери шен беріліп, қазақ пен жоңғарды барлауға қайта жіберіледі. Барлаушылар Абылай мен Даваци (Даваш) жөніндегі ақпарларды талдап, «жорық жасауға қолайлы уақыт» деген байламға тоқтайды.
Әмірсана ескерткіші. Қобда, 2007 жыл / Wikimedia Commons
1755 жылдың ақпан айында жоңғарларға қарсы екі бағытта 200 мың әскер аттанады. Алайда император генералдарына мынадай жарлық түсіреді:
«Егер қазақтар өздері келіп елдесеміз десе, олардың басшыларын астанаға ертіп әкеліп, патшамен дидарластырып, шен беру керек. Бірақ олардың қол астындағы халықтар сол бұрынғы жерлерінде отыра берсін, көшірудің қажеті жоқ. Бізге елдескісі келмесе, оларды әскери күшпен бағындыруға болмайды»i
Екі бағытта жорық бастаған Цин әскері жоңғарларды күл-талқан етіп, мамыр айында Бұраталада тоғысады. Бірақ Цяньлун патша қазақтарға күрделі ахуалдың жай-жапсарын түсіндіруді көздейді:
«Бан Ди, Әмірсана, Сарлы бірге барып, жағдайды баяндасын. Жоңғарлар көп жылдан бері өзара қырқысып, елге алапат әкелді. Қазақтармен ежелден өштесіп келген жоңғарларды патша тыныштандырды. Оларға жарлық түсіріп, қазақтарды талан-таражға салуға қатаң тиым еті. Қазақтар, бізге бағыну-бағынбау өз еріктеріңде, алайда шекарадан асып жоңғарларды ту-талақай етуге болмайды»i
«Бағынбайтын болсаңдар, өкініп жүрмеңдер» деп сес те көрсеткенімен, генералдарына қазақ шекарасына барғанда шапқыншылық жасап, бүлік тудыруға болмайтынын ескертеді. Бұдан Цин патшалығының қазақтарды әскери күшпен бағындыру жоспарының жоқ екенін көреміз.
Цин әскері жоңғар қолын талқандаған соң, Іле аймағындағы Моңғолкүре деген жерде тұрған Жоңғар ханы Давацидің (?–1759) ордасына шабуыл жасайды. Амалы таусылған хан Қашғарияға қашып барғанымен, Оштың әкімбегі оны алдап, тұтқындап береді. Цин патшалығы Жоңғар хандығын толық жойып, елін төртке бөліп, төрт ноян тағайындайды.
Орой-Жалату түбіндегі шайқас, 1765–1769 жылдар. Император сарайы музейі, Пекин / Wikimedia Commons
Бұл кезде Цин патшалығының қолдауымен Жоңғар ханы болуды көздеген Әмірсананың үміті желге ұшады. Қатты наразы болған ол 1755 жылы күзде Цин әскеріне шабуыл жасап, жеңіліс табады. Абылай ханға қашып барып, қазақтарды паналайды. 1756 жылы Әмірсана еліне қайта оралып, Цин әскерлеріне тап бергенімен, тағы жеңіліс табады. Сөйтіп, Орта жүз жеріне келіп, бой тасалайды.
Қазақ хандығы мен Цин патшалығы: ширыққан шиеленіс
Әмірсана оқиғасы Цин патшалығы мен Қазақ хандығы арасындағы барыс-келіс пен қарым-қатынасты шиеленістіріп жіберген еді. Олар Әмірсананы тұтқындау үшін қазақ даласына үш бағытта үш түмен әскер аттандырғанымен, Абылай хан баса-көктеп кірген қалың қолға қарымта соққы жасайды.
Алайда шетін мәселені дипломатиялық жолмен шешуді жөн санаған қазақ ханы 1757 жылы маусымда Цин патшалығының алдыңғы шептегі әскери штабына елші жібереді. Жылқы тарту етіп, ортақ мәмілеге келіп, екі жақты сауда-саттық жасауға уәделеседі.
Генералдың орынбасары Чжао Хэйдің патша ордасына жолдаған мәлімдемесінде осы оқиға жайында жазылған:
«Қазақтың Дәмеш және Тоқтау деген екі адамы штабымызға келіп, екі ат тарту етті. «Қазақтар ойраттардың тоз-тоз болғанын естіп, мал-мүліктерін аламыз деп жолға шыққанда аяқ астынан қалың қолымызбен шайқасып қалып, екі жақ бірдей арандадық. Міне, ат тарту етіп, кешірім сұрап келдік» дейді. Олар бізбен сауда жасау ниеті барын білдірді»i
Екі тарап арасындағы тартыс күшейіп, дипломатиялық және әскери күрес қатар жүріп жатты. Цин империясының шонжарлары Абылай ханнан Әмірсананы тұтқындап беруді талап етіп, оған қоса, бағынышты бол деп қысым көрсетеді.
Абылай хан екі жеп биге шығуды көздеп, мәселені оңтайлы шешуге тырысады. Әмірсананы тұтқындауға көмектесетінін айтқанымен, нақты іс-әрекетке бара қоймайды. Бірақ Цин империясымен қарым-қатынас орнатуға белсенділік танытады.
Абылай хан / Wikimedia Commons, Gemini көмегімен өңделген
1757 жылы күзде Абылай ханның Пекинге жіберген елшілері Цин императорымен жолығады. Сол жылдың 31 қыркүйегінде Цяньлун патшаның Абылай ханға жолдаған грамотасында былай жазылған:
«Сен, қазақтар, жоңғарлар жолдарыңды бөгеп жатқандықтан бізге елші жіберіп, тарту-таралғы әкеле алмадыңдар. Патша сендердің жайлы қоныстанып, көңілді тіршілік етулеріңе тілектес. Сендер әлі де бұрынғы салттарыңда қала беріңдер. Алым-салық беру-бермеу еркі өздеріңде. Егер елші жіберіп патшаға сәлем беретін болсаңдар, патша сендерді ерекше жарылқайды.
Сенің елшің қайтқанша біраз күн кетеді. Әзірге хабаршылар арқылы саған үлкен 4 тең жібек мата, 2 тең айдаһар бедерлі мата жібердік. Сендер патшаның айтқанына құрмет етіп, мәңгі сарқылмас бақытқа кенеліңдер»i
Цин патшалығының қазақтарды «қабылдадық» дегені — империялық пиғылда айтылған сөз. Олар өздерімен қарым-қатынас жасаған төңіректегі елдердің бәрін үнемі «сырттай тәуелді елдер»i
Ал Абылай хан екі жақты байланысты жолға қойып, Қазақ хандығының дербестігін сақтауды, нығайтуды көздеді. Мұны Шоқан Уәлиханов та «Цин патшалығы (қазақтың) хан билігі үшін ешқашан қатерлі емес»i
Дипломатиялық байланыс және жер мәселесі
1757 жылы Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы ресми дипломатиялық алыс-беріс жанданады. Қазақтар сол жылдан бастап 1825 жылға дейін император ордасы мен жергілікті әкімшіліктерге елші аттандырып, екі ел бір-бірін танитынын білдіретін тарту-таралғы — «чаогун» ұсынып отырғанi
Екі ортада жылымық орнағанымен, алғашқы кезеңнен-ақ жерге қатысты көзге көріне бермейтін бейбіт күрес жүріп жатқан еді. Жоңғар хандығынан қалған жердің бәрін өз уысында ұстауға бекінген Цин патшалығы Ертіс өзенінен Іле дариясына дейінгі аралыққа оба тұрғызып, қарауыл орнатып, күзетке әскер қояды. Қазақтарды белгілеген шебінің шығысына аттап бастырмауды ойластырды. Түптеп келгенде, қазақтардың сырт жағымызды қоршап жайғасуы — «шекарамыздың түмен жыл қауіпсіз болуының ұтымды жолы»i
Абылай ханның Қытай императорына жолдаған хаты. 1760 жыл / Wikimedia Commons
Абылай ханның шекаралық аумақ жөніндегі танымы мүлде басқа еді. Ол қазақтар атажұрты — Цин империясы иеленген Тарбағатай, Іле және Алтай аймақтарына қоныстануы керек деген ұстанымда болды. Сол себепті патша ордасына бірінші рет аттандырған елшілерінен қазақтардың ежелгі жайылымы — Тарбағатайды қайтарып беруін сұратады. Бұған келіспеген жауап хатта:
«Абылай, сендер шалғайда жатқан жат елсіңдер. Сенің елшің айтқан Тарбағатай аймағы, тегінде, біздің атажұртымыз. Патша жарылқап бізге берсе деген сөзіңе келсек, бұл жер жаңа ғана тыныштандырылды. Қазір — иен жатқан өңір. Әсілінде, патша ол жерді сендерге бере салушы да еді, бірақ сендер бізге еңбек сіңірген жоқсыңдар»i
Жер дауы мұнымен шектелмейді. 1760 жылы Абылай хан тағы елші жіберіп, бұл жолы өр Ілені сұрайды. Соған орай Цин патшалығы 1760 жылдың 8 маусымында Абылай ханға мынадай сарында жауап жолдайды:
«Сенің елшілеріңнің айтуынша, ойрат жері қазір иен жатыр екен. Сен патша жарылқаған үстіне жарылқай түсіп, қазақтардың Ілеге барып мал бағуына рұқсат сұрапсың. Тарбағатай қатарлы жерлер — ежелден жоңғарлардың жайылым жері. Патша қалың қолмен ол жерді тыныштандырды.
Қазақтар, бұрыттар (қырғыздар), ташкенттіктер, әндіжандықтар, бадақшандықтар бар, бәрің өз қалауларыңмен ішке (бізге) қарадыңдар. Сендердің жайылым жерлерің ұлан-ғайыр, кең дала... Бүгінгі талабың тіпті артық»i
Абылай ханның Іле аймағын қайтаруға жанталасуының тарихи негізі бар. Бұл аймақ ерте заманда Үйсін елінің орталық өңірі болған. Сондықтан қазақ ханы Ұлы жүз бен Орта жүз руларының шығысқа қарай жылжып, байырғы мекеніне қайта қоныстануын қалады. Қазақ ру-тайпалары шекара қарауылдарын қусыра қоныстанып, әр тұсынан ары өтіп, біртіндеп «ішкі жерлерге» жайғасып жатты. Олардың бәрін кері қайтаруға Цин империясының шама-шарқы жетпеді.
Николай Хлудов. Қарнақ маңындағы Іле өзені. 1880 жыл. Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасы мемлекеттік өнер музейі, Алматы / Wikimedia Commons
Абылай ханның айласынан асып түсе алмаған Цин патшалығы 1767 жылы жарлық шығарып, қазақтарға талап қояды:
«Қазір әндіжандықтар мен бұрыттардан баж алынып жатыр. Сендер қарауылдың ішкі жағында мал бағып отырсыңдар, әрине, салық төлеулерің керек»i
Ақырында екі жақ жер салығына келісіп, қазақтар жүз бас жылқыдан бір тұяқ беріп отыруға уағдаласады. Осыдан кейін шығысқа қарай көшкен қазақтардың қатары артып, шекара төңірегінде мал жаю мәселесі ресми заңдастырылады. Бұл үрдіс патшалық Ресейдің Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңірін отарлаған уақытқа дейін жалғасты.
Айта кетерлігі, Цин патшалығы аумағында қалған атамекеніне орын тепкен қазақтар «ішке қараған қазақтар» деп есептелді. Іс жүзінде олар Қазақ хандығымен дербес ел ретінде мәміле жасады. Қазақтың қоғамдық құрылымын өзгертпеді, билеп-төстеуге шонжар-шенеунік жібермеді, салық жинамады, әскерге адам алмады. Сондықтан «Қазақ хандығы Цин империясына вассал болды» деген кейбір пікірлер тарихи шындыққа жанаспайды.
Қабанбай батыр және сауда-саттықтың жандануы
Цин патшалығымен сауда-саттық жасауды алдымен Абылай хан ұсынады. 1757 жылы бұл бастамаға келісіп, келер жылы іске кірісуге уәде береді. Алайда қазақ ханы Үліңгір көлі жағасындаi
Абылай хан алғашқы сауданы бастауға жақын серігі, қолбасшысы Қабанбайды таңдайды.
1758 жылдың күзінде Қабанбай батыр қазақтардың сауда делегациясын бастап Үрімжіге барады. Бұл жөнінде сауданы басқарған шенеуніктердің 1758 жылы патша ордасына жолдаған мәліметінде бәрі көрсетілген:
«Қазақтың Қабанбайы сауда жасауға 300-ден астам жылқыны қыркүйектің 17-сі күні Үрімжіге айдап әкелді»i
Сол жылы желтоқсан айында қазақ саудагерлері тағы Үрімжіге барып-қайтады. Бас-аяғы екі рет сапар шеккен қазақ саудагерлеріне 292 тең (бума) торғын (атлас), 54 тең жұқа жібек мата, көптеген жіп және бірталай күміс айырбасталады.
Сауда-саттықта қазақ жылқысының бәсі артады және жылқы бағасы сұранысқа сай өзгере беретін. Мәселен, 1759 жылы Цин патшалығына Қашғардағы қожалар көтерілісін жаныштауға аттандырған қалың қолына көп ат-көлік қажет болады. Бұл ретте қазақтарға тәуелді болғасын, жылқыны бағасына қарамай көптеп айырбастап алу жөнінде шешім қабылдайды.
Александр Зайцев. Жылқышылар. 1975 жыл / Bonart (https://bonart.kz/) аукцион үйі ұсынған
Тіпті сол жылы қазақ саудагерлері Үрімжіге алты дүркін жылқы айдап апарды. Жалпы саны 11 мың бас жылқы саудалап, айырбасқа 900 теңнен астам түрлі-түсті торғын, 400 теңнен астам жібек кездеме және басқа да тұрмысқа қажетті бұйымдарды алып қайтадыi
1759 жылы Цин патшалығы Тянь-Шаньның оңтүстік өңірін толық бағындырып, саяси-экономикалық назарын Іле өңіріне аударады. Тың жерлерді игеріп, астық өндіруді қолға алады. Бұл өз кезегінде егіске қажетті көлікке деген сұранысты арттырып жібереді. Соның нәтижесінде 1760 жылы Іленің Қорғас ауданынан қазақтармен айырбас сауда жүргізу мақсатында арнайы базар ашылады. Деректерде сол жылдың маусым айында қазақтармен айырбастауға 8 500 тең (бума) түрлі-түсті жібек мата дайындалғаны, ал бір жыл бұрын 4 000 тең торғын-торқаны айырбастауға жіберілгені айтыладыi
У Чжан. Құс, жеміс және гүлдер. Цин династиясы, 1741 жыл. Heritage Images / Getty Image
Кейін Цин патшалығы солтүстік-батыс шекарасын қорғауға басымдық беріп, Тарбағатай аймағындағы әскер санын көбейтеді. Оған да ат-көлік қажет болғандықтан, 1763 жылы Тарбағатайдан сауда орнын ашады. Бұл базар қазақтарға өте жақын болғандықтан, төңіректегі халық шұбырып келіп сауда жасайтын.
Олар енді Ілеге қарай шабылмай, Тарбағатайдағы базарға төрт-түлігін айдап әкеліп, қытайдың жібек кездемесі мен мақта-тоқыма маталарын, фарфор ыдыс-аяқтары мен майда-шүйде бұйымдарын айырбастап алатын.
Сауда-саттық тәртібі
Қазақтар ұйымдасып сауда жүргізді, оның бәрін Абылай хан тікелей өзі бақылап отырды. Сауда делегацияларын сұлтандар ғана басқарып баратын және барлығы белгілі бір тәртіппен жүргізілетін. Ал Цин патшалығы сауда-саттыққа мемлекеттік монополия жүйесін енгізіп, қытайлық жеке саудагерлер мен ұйғырлардың қазақтармен сауда жасауына тыйым салды.
Қытайға барып сауда жасайтын топтың басшысы, делегация құрамындағы адамдардың тізімі және саудаға салатын мал саны алдын ала Цин патшалығының шекаралық шенеуніктеріне хабарланатын. Олар Қытай жеріндегі базарларға барған қазақтардың бас амандығы мен мал-мүліктерінің қауіпсіздігіне жауапты болатын. Қазақ саудагерлерін шекарадан қарсы алып, кері қайтарында шекарадан шығарып салатын.
Бір ерекшелігі, Цин патшалығы қазақтарға салықсыз сауда жасау саясатын қолданды. Бірақ Орталық Азиядағы басқа елдердің бәріне сауда салығын салатын. Мұндай жеңілдік беруінің өзіндік себебі де жоқ емес. Өйткені олар қазақтың жылқысына өте мұқтаж еді.
Сауда-саттықтағы басты прицип — «екі жақ тең пайда көру». Сонда да түрлі жағдайға байланысты мал мен мата бағасы мың құбылып, жоғары-төмен өзгеріп тұратын. Алайда саудагерлердің мәмілесіне әкімшілік жүйе араласпайтын, олар бәрін өзара келісіп шешетін.
Ал Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы ресми сауда-саттық 19-ғасырдың бірінші ширегіне дейін ғана жалғасты.
Империялардың шекарасын межелеу
18-ғасырдың ортасында қытайлық Цин империясы Жоңғар хандығын жойып, батыс іргесін қазақ жеріне жеткізгені белгілі. Ал 19-ғасырдың ортасында Ресей империясы Қазақстанды отарлап, шығыс іргесін Цин империясының шекарасына тақап тастайды. Бұл, түптеп келгенде, Ресей мен Қытай арасында шекара мәселесін туындатқан еді.
1860 жылы екі мемлекет қол қойған «Қытай мен Ресейдің Пекин келісімінің» 2-тарауында Қытайдың солтүстік-батыс шекарасының жалпы линиясын анықтау принциптері көрсетілді. 1862 жылы екі елдің ресми өкілдері Қытайдың солтүстік-батыс шекарасын анықтау мәселесі бойынша келіссөз бастап, ұзақ дауласады.
Князь Гун мен лорд Элгиннің Пекин келісіміне қол қоюы. 1883 жыл / Wikimedia Commons
Соңыра бір мәмілеге тоқтап, 1864 жылы 7 қазан күні Қытайдың Шәуешек қаласында Цин өкілі Мин И мен Ресей өкілі Иван Бабков «Қытай мен Ресейдің солтүстік-батыс шекараны делимитациялау келісіміне» қол қойдыi
«Келісім» 10 тараудан тұрады, соның 5-тарауында мынадай жолдар бар:
«Екі мемлекет шекара маңында отырған малшыларға таласпау үшін осы келісім құжат бір-біріне тапсырылған күннен (күшіне енген күннен) бастап, малшылар бұрынғы мал бағып отырған жерлерінен қозғалмай, сол жерде отыра беруі керек. Олар ежелгі қоныстарында шаруашылықпен шұғылдану үшін жер қай мемлекеттің иелігіне өтсе, сол жердегі адамдар сол мемлекеттің басқаруына өтеді».
1864 жылғы Шәуешек келісімі – Қытай мен Ресей мемлекеттік шекарасын қазақ даласы арқылы анықтаған алғашқы құқықтық құжат болды. Алайда Ресей империясы отарлаған қазақтар өз аумағындағы мемлекеттік шекараны делимитациялау үдерісіне бастан-аяқ араласа алған жоқ.
Екі империя ортасындағы қазақтар
19-ғасырдың ортасында Орталық Азия мен Шығыс Түркістандағы саяси жағдай аумалы-төкпелі болды. Ұлыбритания күштерінің Үндістан арқылы Қашғарияға енуіне байланысты, Ресей империясы шығысқа қарай ентелеп, 1871 жылы Құлжа қаласын әскери күшпен оккупациялады.
Десе де, Ресей мен Қытай билігі 1864 жылғы «Шәуешек келісімінде» анықталмаған кейбір учаскелерді делимитациялау жұмысын жалғастыра берді. Соған орай 1870 жылы 12 тамызда қос тарап «Тарбағатай шекара келісіміне» қол қойды.
Василий Верещагин. Шәуешектегі қираған театр. 1869–1870 жылдар. Ресей мемлекеттік музейі, Санкт-Петербург / Wikimedia Commons
1878 жылы Цин империясы Қашғардағы Қоқан генералы Якуп-Бек құрған «Жеті шаһар» мемлекетін жойып, Шығыс Түркістанға өз билігін қайта орнатты. Сондай-ақ патшалық Ресейден Ілені қайтарып беруін қатаң талап етеді.
1879 жылы Қытай мен Ресей үкіметтері Іле мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп, ортақ мәмілеге келеді. Сөйтіп, 1881 жылы 24 ақпанда Санкт-Петербург қаласында «Санкт-Петербург келісіміне» қол қояды. Соған сай Қытай жағы Ресейден Ілені — Құлжаны, Текес өзені аңғарын қайтарып алды. Ал Қорғас өзенінің батыс бөлігі Ресейдің қанжығасында кетеді.
Бұл «келісімде» Іле тұрғындары арасынан Ресей азаматтығын қабылдағысы келетіндер бір жыл ішінде мал-мүліктерін алып, Ресейге көшіп кетуіне жол ашық деп көрсетілген. Нәтижесінде албан, суан рулары қайыра көшті. Солармен бірге Іледегі ұйғыр мен дүнгендер де қоныс аударып, Қазақстандағы ұйғыр және дүнген этностары қалыптасты.
С.Н.Велецкий. Іле өзені маңындағы Ресей-Қытай шекарасының сызбасы. 1915 жыл / Wikimedia Commons
Айта кетерлігі, Ресей мен Қытай шекара маңындағы кейбір қазақтардың қонысы мен олардың өздері қайсы елге қарайтынын нақтылау үшін бірнеше қосымша келісім жасайды. Соның бірі — 1883 жылдың 12 тамызында жарияланған «Қытай мен Ресейдің Қобда-Тарбағатай шекара келісімі».
«Келісімнің» 2-тарауында шекара маңындағы қазақтардың болашағын былай шешкен:
«Қожамбет руының қазақтары бұрыннан Ұлы Цин мемлекетіне тәуелді болатын. Бұл жолғы шекара келісімінде олардың қыстаулары мен жайлаулары түгелдей Ресейге өтті. Келісім құжат тапсырылған (күшіне енген) күннен бастап, бір жыл ішінде бұрынғы жерлерінде отыра бергісі келген қазақтар Ресейге тәуелді болады. Ол жерден көшіп шығып, Ұлы Цин мемлекетіне қосылғандары Ұлы Цин мемлекетінінің азаматы болады. Қожамбет руының ішіндегі қазақтардың қыстаулары Ұлы Цин мемлекетіне қарасты болып, жайлаулары Ресейге қарағандардың қайсы елге қарауы олардың өз еркінде».
Құжатта белгіленген мерзім уақыты өтіп кетсе, адамдарды шекарадан ары-бері көшіруге болмайтыны ескертіліп:
«Келісімнің бірінші тарауында көрсетілген шекараның әр жеріндегі өзен-суларды, екі елдің жақын маңдағы тұрғындарының тоған қазып, егістік суаруына рұқсат етіледі, екі жақтағылар оны бірдей ортақ пайдаланады»i
Сөйтіп, Қобда мен Тарбағатай аймағындағы кейбір шекара бойындағы учаскелер мен ондағы қазақтардың кімге қарайтыны нақтыланады.
Қытайдағы этникалық қазақтар қалай қалыптасты?
1883 жылдың 3 қазанында екі ел өкілдері «Қытай мен Ресейдің Тарбағатайдың оңтүстік-батыс шекарасын делимитациялау келісімін» бекітеді. Құжаттың 2-тарауында:
«Қарашат өзені Тарбағатай тауының бөктерінен бастау алады. Бұл өзенді екі елдің әскерилері мен тұрғындары ортақ бөлісіп пайдаланады. Екі елдің шекарасында ағып жатқан өзен суын, екі елдің әскерилері мен халықтары жер суару және басқа да қажеттеріне қолданады. Өз арнасын бөгеуге болмайды» деп көрсетілген.
Некруз Сафаров. Тәжікстан, Қаратағ өзенінің аңғары. 2023 жыл / Wikimedia Commons
Сонымен қатар 1885 жыл қаңтар айының басында тағы бір «Қытай мен Ресей бірлесіп белгілеген Тарбағатай қазақтарының тәуелділігі туралы келісім» жасалады. Бұл құжаттың 1-тарауынан көп нәрсені жан-жақты түсінуге болады:
«Қытайдың Тарбағатайына Ресейдің Зайсан басқармасынан жаңадан көшіп келген Теріссайлық, Бәйжігіт және Сайболат қатарлы үш рудың қазақтарынан 700 түтінді және олармен бірге Зайсан басқаруында болған үш шағын рудың 300 түтінін, Аягөзге қарасты Емілдегі, Барлықтағы көшіп-қонып мал бағып жүрген 800 түтінді (оларды төртуыл, мәмбет, керей, туматай, ұстар, жаңқа, қаңбақ және өжет қатарлы рулар басқарған), жалпы саны 1 800 отбасыны келісім бойынша Қытай уәзірі басқарады.
Сонымен бірге Ресейге қараған 1 000 отбасы Цин Тай және Бабковтың анықтауы бойынша, Ресейге бөлінген жерлерде бұрын Қытайға қараған қазақтар отырған болатын. Енді оларды келісім бойынша Ресей басқарады.
Көктемде Ресей жағына қараған бәйжігіт, сайболат, керей және басқа рудың адамдары Қытай жеріне көшіп барғысы келсе, онда оларға арнаулы шешім шығады».
Келісімнің 4-тарауында «екі мемлекетке тәуелді қазақтарда қандай да бір жағдай туындаса, кеңесіп шешуі тиіс» деп жазылған. Сол үшін әр жылдың күзінде бірлесіп кеңес өткізу жайы баяндалады. Егер одан да тыс маңызды оқиға бола қалса, екі мемлекеттің шенеуніктері бірлескен сьезд өткізу керектігі айтылады.
Сонымен қатар бұл келісімде қазақтарды шекарадан ары-бері өткізу тетігі де қарастырылады:
«Екі мемлекеттің қазақтарынан бір-біріне барып-келетіндер, жалғыз өзі немесе отбасымен барып жұмысқа жалданушылар, бір-біріне қонаққа баратын туған-туысқандар анықтама куәліктерімен жүріп-тұрады. Егер куәліксіз жүріп, бірақ заң бұзбаса, айыпқа немесе жазаға тартылмайды»i
Цин патшалығы мен Ресей империясы 1864–1885 жылдар аралығында ұзын саны алты рет шекара келісімін жасап, қазақ даласынан мемлекеттік шекарасын делимитациялайды. Сол арқылы шекара бойындағы қазақтардың азаматтығы анықталып, Қытайда этникалық қазақ қауымдастығы қалыптасты.