ҚАЗАҚ КИНОСЫНЫҢ ЕРКІНДІК ФЕНОМЕНІ: КЕҢЕСТІК ЭСТЕТИКАМЕН ҚОШТАСУ КЕЗЕҢІ

Кинотанушы Гүлнар Әбікеевамен қазақ киносының тарихы туралы сұхбат

~ 4 мин оқу

Коллаж / Qalam

Қазақ киносы отарлау құралынан еркіндікке үндейтін өнер құбылысына дейінгі күрделі жолды жүріп өтті. Qalam арнасына берген сұхбатында өнертану докторы, кинотанушы Гүлнар Әбікеева қазақ кинематографы кеңестік эстетикадан қалай арылып, бостандық идеясын таңдағанын және бүгінгі күні пропаганда тақырыбы неліктен өзекті болып отырғанын баяндайды.

Гүлнар Әбікеева / Qalam

Қазақ киносының «алтын дәуірі» неге 1960 жылдарға тұспа-тұс келді?

Кеңес дәуірінде түсірілген қазақ фильмдерінің ұзын саны 150-ге жуық қана. Салыстыру үшін 2024 жылы, бір жылдың өзінде елімізде 100-ден астам толықметражды көркем фильм жарық көрді. Соған қарамастан, Гүлнар Әбікееваның айтуынша, қазақ киносының алтын ғасыры 1960 жылдар мен 1970 жылдардың басына сай келеді.

«Менімен келісесіз бе, жоқ па, шындығы сол — қазақ киносының алтын қорындағы туындылардың бәрі дерлік Кеңес дәуірінде түсірілді. Бұл — 1960–1972 жылдар аралығы, бар болғаны он екі жылдың жүзі. Және бұл кезең тек бізде емес, бүкіл одақта серпіліс болған жылымық дәуіріiКеңес Одағы тарихындағы И.Сталин қайтыс болғаннан кейінгі кезеңді Хрущёв жылымығы деп атайды. Бұл дәуір шамамен он жылға созылып, елді Н.Хрущёв басқарған уақытқа сәйкес келеді. еді. Меніңше, 1960-жылдардағы кеңес киносының табысты болуына бірден-бір себеп –  соғыстан кейін келген буынның өнерге деген талабы өте жоғары болуында».

Осы буынның ықыласы этикалық, кәсіби әрі эстетикалық тұрғыда киноға қойылатын талапты биіктетіп жіберді. Сол себепті бұл жылдарда көркемдік тұрғыдан аса сәтті туындылардың ерекше шоғырлануы байқалды. Алайда оған дейін ұзақ уақыт бойы үгіт-насихаттық бағыттағы кино басым болды.

«Біздің сүйікті дәрігер» фильмі несімен даулы?

1958 жылы Алматыда, кейін Мәскеуде, одақ астанасындағы қазақ өнері мен әдебиетінің декадасына орай, Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» музыкалық фильмі көрсетілді. Бұл туынды режиссерді одақ көлемінде танымал етті.

«Біздің сүйікті дәрігер» (1957). Режиссерлері — Шәкен Айманов, Александр Карпов / Ашық дереккөздерден

«Көпшілік бұл фильмді жақсы көреді, бірақ өз басым оны оғаштау фильм деп санаймын. Мұнда "аға ұлт" идеологиясы айқын көрінеді — кейіпкерлердің бәрі "сүйікті дәрігердің" төңірегінде бәйек болып, шыр айналып жүреді... Померанцевті, ондағы басқа актерлерді жоғары бағаласам да, жалпы алғанда, бұл сәтсіз шыққан фильм деп есептеймін. Өзіңіз елестетіңіз, бұл қазақ музыкасы дамыған кезең еді, бірақ фильмдегі әннің көбі (он бір ән!) орыс тілінде. Ал оларды орындайтын — орыстілді қазақтар. Әннің екеуі ғана қазақша, оның өзі орысшаға аударылған. Қысқасы, ол кезде бізде түсірілген кино қазақ киносы емес болатын».

«Атамекен»: өркениеттер диалогы

«Біздің сүйікті дәрігерден» кейін он жыл өткенде, Шәкен Айманов ақын Олжас Сүлейменовтің сценарийі бойынша «Атамекен» фильмін түсіреді. Гүлнар Әбікеева бұл туындыны режиссердің өз уақытында бағасын ала алмаған, десе де ең сәтті әрі терең еңбегі деп есептейді.

«Атамекен» (1966). Режиссері — Шәкен Айманов / Ашық дереккөздерден

«Менің ойымша, «Атамекен» — кеңестік кезеңнің ең үздік фильмдерінің бірі. Бұл туынды — Батыс пен Шығыстың, орыс мәдениеті мен қазақ мәдениетінің, отырықшылық пен көшпелі өмір салтының, туған жер мен бөтен жердің арасындағы диалог».

1970-жылдар: экраннан ерлер жоғалған дәуір

1970-жылдары қазақ киносы қатал идеологиялық бақылауда болды. Соның салдарынан экраннан қазақ ер-азаматының бейнесі, яғни шешім қабылдап, әрекет ете алатын ересек тұлға бейнесі жоғалды.

«Сол кезеңнің көптеген фильмдерінде ересек азамат жоқ. Есесіне бұғанағы қатпаған бала көп. Сол жылдары неге балалар киносы қарыштап дамыды? «Менің атым Қожа», «Шоқ пен Шер», «Алпамыс мектепке барады» — бәрінің бас кейіпкері балалар. Өйткені бала балалығын істейді, қателеседі, ел басқаруға араласпайды. Сол сияқты данагөй ақсақал образы да жиі кездеседі. Ал ересек ер адамдардың бәрі... соғыста қаза тапқан».

1980-жылдар: «Қазақтың Жаңа толқыны»

1980-жылдардың ортасында қазақ киносына жаңа леп келді, оларға «Қазақтың жаңа толқыны» деп ат қойды.

«Қазақтың жаңа толқынымен бірге экранға күш-жігері тасыған, өзіне сенімді, дербес азаматтар шықты. Олар еркін ұрпақ еді».

Алайда бұл кезеңнің жаңашылдығы — кейіпкер таңдаудағы тың көзқарас қана емес, эстетикалық және дүниетанымдық төңкерісте еді. Кеңес Одағындағы қайта құру мен «өзгеріс болады» деген үміт туындаған кезеңде қазақ киносы күтпеген жерден әлемдік киногерлердің назарына ілікті. Гүлнар Әбікееваның айтуынша, «Қазақтың жаңа толқыны» бүкіл Одақ аясында теңдесі жоқ құбылыс болды, әрі оның пайда болуы кездейсоқтық емес еді. Бұл жергілікті мәдени элитаның мақсатты түрдегі саясаты мен жаңа буын киногерлерін жүйелі түрде дайындаудың нәтижесі еді.

«Бұл аяқ астынан болған құбылыс емес, ұйымдасқан, саналы әрекеттің жемісі еді. …Зиялы қауым: «Бізге өзгеріс керек, осы тоқыраудан қайтсек те шығып, цензураны қалай да еңсеруіміз керек» деп серт беріп еді».

Сол кезде «Қазақфильмнің» бас редакторы әрі көркемдік жетекшісі болған Мұрат Әуезов қазақ киносындағы жағдайды былай сипаттаған: «Жағдайдың ауыр болғаны соншалық — одан шығудың жалғыз-ақ жолы жарқырап шығу еді».

Осындай «жарқырап шығуға» бастайтын маңызды қадамдардың бірі Сергей Соловьёв шеберханасында ұйымдастырылған қазақ режиссерлік курсы болды. Сол курстың түлектері — Рашид Нұғманов, Абай Қарпықов, Серік Апрымов және Ардақ Әмірқұлов кейін қазақ киносының «Жаңа толқынының» негізгі өкілдеріне айналды. Режиссерлермен бірге Бүкілодақтық кинематография институтына (ВГИК) жас операторлар, сценаристер мен суретшілер жіберілді.

«Ол жаққа шамамен жиырма шақты адамнан құралған бір топ жас бірге аттанды: олар бірге оқып, киноның эстетикасын, көркемдік мәнін иықтаса жүріп сезінді. Ең бастысы, олар Қазақстанға оралған соң өздеріне дейінгі жекелеген киногерлердей жоғалып кетпей, өзара түсінісе отырып, жаңа кино жасауға кірісуге тиіс еді».

1988 жылы «Қазақфильм» студиясы Кеңес Одағы көлемінде кеңінен танылған артхаус туындысын, басты рөлде Виктор Цой ойнаған «Ине» («Игла») фильмін жарыққа шығарды. Бұл фильм одақтық және халықаралық көптеген фестивальдерде қара үзіп, қазақ кино өнеріндегі нағыз революцияның басында тұрды.

«Ине» (1988). Режиссері — Рашид Нұғманов / Ашық дереккөздерден

«Әлем "Қазақтың жаңа толқынына" фильмдердің сапасы үшін таңғалған жоқ. Кеңес киносы бұдан бұрын да әрдайым жоғары деңгейде еді. Бірақ жұртты таңғалдырғаны, біріншіден, бұл фильмдердегі азиялықтардың көрініс табуы, екіншіден, олардың бойындағы еркіндік рухы еді. Таңғаларлығы, "Ине", "Айырылысу" ("Разлучница"), "Ғашық балық" ("Влюбленная рыбка"), “Қайрат“ сияқты Жаңа толқын режиссерлерінің алғашқы фильмдерінен еркіндік лебі есіп тұрды. Олар эстетикалық тұрғыдан кеңестік фильм түсінігінен алыстап кетіп еді. Әлем осы жайтты, бұл еркіндіктің қайдан шыққанын түсіне алмады».

Қорықпайтын буын

«Жаңа толқыннан» кейін, жас мемлекет аяғына тұрып жатқан уақытта қазақ киносында біраз жылға тыныштық орнады. Бірақ оны тәуелсіз елде жаңа эстетикамен тәрбиеленіп өскен буын бұзды. Олар ойларын ашық айтуға қорықпайды: бұл — жай ғана машық емес, уақыт тудырған тәжірибе. Сол себепті 2010-жылдар киносының өзіндік ерекшелігі бар.

«Біздің бойымызда әлі де үрей бар. Ал бұл буын — қорықпайтын буын. Олар өз ойларын еркін жеткізе алады».

Бұл — кинотанушы Гүлнар Әбікеевамен болған сұхбаттың бір бөлігі ғана. Толық нұсқасын Qalam History YouTube арнасынан көре аласыз.

Көшірілді