ҚАЗАҚ КСРО-СЫНДАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛ

Кеңес пропагандасындағы сән-салтанат, молшылық және қамсыздық

ҚАЗАҚ КСРО-СЫНДАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛ

Алматы, Қазақ ССР, 1960/ОҰА

Кеңес дәуірінде дәстүрлер социалистік өмір салтын қалыптастыруда және ұжымдық идеалдарды күшейтуде маңызды рөл атқарды. Соның ішінде жалпыкеңестік құндылықтарды да, бірлікке деген ұмтылысты да қатар айшықтайтын әрі мәртебе һәм заманауилықтың белгісіне айналған Жаңа жылды тойлау үрдісі ерекше орын алды. Бүгін біз соғыстан кейінгі жылдардағы газет жарнамаларын зерттеп, сол дәуірде енді пайда болған ғұрып-жоралғы, мерекелердің ұжымдастыру пропагандасы мен кеңестік Қазақстандағы элиталық сипатты қалай ұштастырғанын білетін боламыз.

Мазмұны

Кеңес билігі орнаған соң Жаңа жылдың белгісі болған шырша қою дәстүрін сақтау керек пе, жоқ па деген пікірталас басталды. Кеңес Одағы құрылған соң алғашқы жылдары бұл мәселеге қатысты екі түрлі ой пайда болды. Біреулер шыршаны қалдыру керек, тек рождестволық сипаттан айыру қажет десе, екіншілер бұған үзілді-кесілді қарсы шығып, шыршаның шіркеумен, буржуазиялық мәдениетпен байланысы өте берік екенін, сәйкесінше оны орнатуға болмайтынын алға тартты. Соңғылар шыршаны буржуазияның Рождествоны коммерцияландырудағы белгісі ретінде қарастырды.

1929 жылы Рождество мен шыршаға қарсы демонстрация/Wikimedia Commons

1929 жылы Рождество мен шыршаға қарсы демонстрация/Wikimedia Commons

1920 жылдардың соңына қарай шырша «буржуазиялық соқыр сенім» деп жарияланды. Бір қызығы, бұл дәстүр тек идеологиялық тұрғыдан ғана емес, практикалық мақсатта да сынға ұшыраған еді. Жекелей алғанда шыршаға қарсы пропаганда жас ағаштарды жаппай отау алапат экономикалық шығынға әкеп соғады деп мәлімдеді. Осылайша, 1928 жылы шыршаға ресми түрде тыйым салынды, ал Аяз ата дін қызметкерлері мен кулактардың одақтасы деп танылды.

Шыршаның оралуы

30 жылдардың ортасында Жаңа жыл мен шыршаға деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Атап айтқанда, бұл дүниелерді мемлекеттік мүдде үшін қолдану идеясы талқыға түсті. Шыршаны қайтару науқаны Кеңес балаларында тәрбиелік мақсатта қолдануға болатын толыққанды әрі қызықты мерекелік балама жоқ, сондықтан Жаңа жылды оларға қуанышқа толы мейрам сыйлау әдісі ретінде қолдану керек дегенді дәйек етіп ұсынды. Бұған қоса шырша қоюдың ешқандай да христиан дәстүрі емес, керісінше, ежелгі тәңіршіл, пұтқа табынушы қоғамдардан жеткен ғұрып екені де айрықша аталды.

Мәскеу клубтарының біріндегі Жаңа жыл түні. 1938/РИА

Мәскеу клубтарының біріндегі Жаңа жыл түні. 1938/РИА

1935 жылдан бастап шырша кеңестік мерекелер тізіміне енді. Бұл жолда ол әуелі «халық жауы» аталды, бірақ кейін қуаныш, отбасы жылуы, бірлік секілді құндылықтар белгісіне айналып, социалистік мемлекеттің мақсатына бейімделді, қысқасы, идеологиялық ребрендингтен өтті.

1 / 3

Жаңа жыл — пропаганда құралы

Міне, 30 жылдардағы Жаңа жыл мен шыршаның оралуы осылайша мерекелік дәстүрді нығайтуға, Кеңес күнтізбесіндегі бос орынды толтыруға және халықты жұмылдыруға арналған прагматикалық қадам болды.

Бұл ретте балаларға ерекше мән берілді, сәйкесінше әйелдер де ресми кеңестік шараларға жаппай қатыса бастады. Дегенмен халық атап өтетін мерекелік басқосулардың барлығы бірдей ресми идеология талабына сай өтпейтін. Рождество элементтері секілді бұрыннан келе жатқан салт-жоралғылардың кейбірі жаңа жылдық шараларда да көрініс тауып жатты.

Жаңа жылыңызбен! 1918/Photo by Heritage Art/Heritage Images via Getty Images

Жаңа жылыңызбен! 1918/Photo by Heritage Art/Heritage Images via Getty Images

Кеңес Одағының Жаңа жылды тойлауы әлеуметтік иерархияларды нығайтуға үлес қосу арқылы алуан түрлі қоғамдық бейнелер қалыптастырды. Мәселен, партия элитасы үшін сәні келіскен шырша құрылды, дәмі тіл үйіретін тағамдар әзірленді, салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Берекесі тасыған өмірді кеңестік хроника жеңсік асқа толы дастарқанмен, әлем-жәлем безендірілген шыршамен, мерекелік көңіл көтеру атмосферасымен беріп отырды. Ал былайғы өмірде жағдайы бар халық Жаңа жылды шырша құрып, оған ойыншық іліп, мейрамға арнайы тағам пісіріп қарсы алатын болды және ресми тыйымға қарамастан, Рождество тойлаумен қатар алып жүрді. Бұл мәдени бейімделудің екі жүзді қасиетін ашып көрсетеді: жария түрде Жаңа жыл кеңестік құндылықтарға негізделді, алайда адамдардың жеке өмірінде ол бұрыннан келе жатқан дәстүрлі өмір салты белгілерін сақтап қалуға көмектесті.

Кремльдегі балалардың жаңа жылдық кеші/Давид Шоломович/РИА Новости

Кремльдегі балалардың жаңа жылдық кеші/Давид Шоломович/РИА Новости

Жаңа жыл тойлау дәстүрі Қазақ КСР-да қалай таралды?

Христиан дәстүрі бар қоғамда кеңестік Жаңа жыл бойына Рождество белгілерін сіңіріп алғандықтан, жергілікті халыққа оны қабылдау қиын бола қойған жоқ. Алайда қазақ мәдениетінің хақ ортасында бұл мерекенің я тарихи, я діни тамыры жоқ еді.

Мұсылман дүниетанымына сәйкес өмір сүрген кешегі көшпенді үшін Жаңа жыл басқа да кеңестік мейрам секілді алабөтен дүние болды. Аймақтағы Жаңа жылдың таралуы идеологиялық тұқырту арқылы жүрді, бұл оны таза кеңестік мерекеге айналдырып жіберді, яғни Жаңа жыл тойлауға қатысты барлық салт-жоралғыны қазақтардың жаппай «кеңестендірілуі» мен социалистік өмір салтының рухани негіздері қалыптаса бастауы контексінде қарастыру керек.

КСРО құлаған соң өзектілігін жоғалтқан алуан түрлі кеңестік басқа мейрамға қарағанда, Жаңа жыл халық арасында танымал болып қала берді және заманауи өмір шарттары негізінде қайта түлеп, халықтың күнделікті өмірі мен мәдени мұрасының бір бөлігіне айналды.

Астана және аймақтар

1940–1950 жылдары Қазақ КСР-дағы Жаңа жыл ресми деңгейде ауқымды және біртұтас ұйымдастырылатын мереке ретінде насихатталды. Газеттер мұқым ел көз тігетін және социализм жетістігінің озық үлгісі рөлін атқаратын Алматыдан хабар таратып отырды.

Алма-Ата, 1951 ж. Министрліктер үйіндегі №4 «Гастроном» дүкенінің гастрономиялық бөлімі. Суретте: Жаңа жылдық саудаға арналған дүкен әшекейлерінің жалпы көрінісі/Ашық дереккөздерден

Алма-Ата, 1951 ж. Министрліктер үйіндегі №4 «Гастроном» дүкенінің гастрономиялық бөлімі. Суретте: Жаңа жылдық саудаға арналған дүкен әшекейлерінің жалпы көрінісі/Ашық дереккөздерден

Атап айтқанда, астанада қуыршақ театрларының қойылымдары өтетін болды, кинотеатрларда джаз нөмірлері ойналды. Саябақтарда әткеншектер орнатылып, сырғанақтар салынды, мініп ап қыдыруға болатын есектер жүрді, үрлемелі оркестр халыққа әнін арнап жатты. Алматы асханалар трестінің мейрамханалары мен шәйханалары Жаңа жылдық кештерге, шыршаларға қызмет көрсетуге дайындалды. Мәселен, 1946 жылғы «Казахстанская правда» газетінің желтоқсан айындағы санында республикадағы ең ірі қоғамдық тамақтану орнының бірі саналатын «Ала-Тау» мейрамханасы қонақтарды таңғы 6-ға дейін жүретін мерекелік бағдарламаға былай деп шақырады:

«Эстраданың үздік артистері қатысатын үлкен концерт. Джаз, би, конфетти және серпантин. Алуан түрлі ыстық һәм салқын тіскебасарлар. Шарап, арақ, коньяк, тұнбалар мен шампан, түрлі жеміс-жидек».

«Жаңа жылды мейрамханада қарсы алыңыз! Алматы асханалары және мейрамханалары тресті Жаңа жылдық бар ұйымдастырады».

1947 жыл

Дәстүрлі би, конфетти және маскарадпен қатар Жаңа жылға орай ойындар, тіпті бал-маскарад өткен екен. Мынау №1 мейрамхана хабарландыруы:

«Жаңа жылды №1 мейрамханада қарсы алыңыз (Сталин даңғылы, Жамбыл к-нің қ-сы). Бал-маскарад. Ойын, би, конфетти, серпантин. Үздік костюмге сыйлығымыз бар!».

1948 жыл 

Жаңа жылдық кештер тек мейрамханаларда емес, кафе мен дәмханаларда да өткен. Бірақ мұндағы шырша шаралары қарапайымдау болыпты: бал-маскарад та, неше түрлі алкогольді сусындар таңдауы да жоқ:

«Жаңа жылдық мереке күндері №1 кафе-дәмханасында (Советская к-сі, Панфилов к-нің қ-сы), шәйханалар мен асханаларда шырша қойылады, үйдегі дастарқанға арналған салқын тағамдар әзірлеуге тапсырыс қабылданады».

1951 жыл 

1953 жылғы мынадай да хабарландыру бар:

«Жаңа жылдық мереке күндерінде Алматы асханалары мен мейрамханалары трестерінің мекемелерінде салқын тіскебасарлар мен тағамдар ассортименті кеңейтіледі. Жаңа жылды біздің мейрамханаларда, шәйханаларда және асханаларда қарсы алыңыз!».

 1953 жыл

Алайда жалт-жұлт еткен астаналық мереке күндерін өзге өңірлер басқаша қарсы алатын. Республика тұрғындарының көпшілігі соғыстан кейінгі жылдардағы аштыққа, қуғын-сүргінге және кедейлікке ұдайы толы дағдарысты бастан кешіріп жатты. Басқа аймақтарда Жаңа жыл аталып өткен күннің өзінде мектептегі ертеңгіліктермен, жергілікті клубтардағы жадау шаралармен шектелді, аудан орталықтарында жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Ал тұрмысы тәуірлеу деген колхоздың бәрінен жиналып алынған ең сапалы ауыл шаруашылық өнімдері азық-түліктің алуан түрі бар екенін көрсету үшін астаналық жәрмеңкелерге жол тартатын.

Алматы астана ретінде социализм жетістіктерін паш етуге тиіс болды. Сондықтан Жаңа жыл алдындағы күндерде мереке қарсаңындағы қарбалас өмірдің береке-молшылыққа толы екеніне баса мән берілді:

«Кеңес азаматтарында Жаңа жыл мерекесін аста-төк жайылған дастарқан басында қарсы алу дәстүрі бар. Қазақстан астанасының дүкендерінде адамның мұнша көп болу себебі сол. Сөрелерде гастрономия және бакалея өнімдерінің неше түрі тұр. Бір ғана шұжықтың 14 атауы, ірімшіктің бірнеше сұрпы, сондай-ақ балық, ет, көгөністен жасалған консервілердің үлкен таңдауы, сан алуан кондитер және шарап өнімдері бар».

1952 жыл

Кеңес одағы жүргізген ішімдікке қарсы бірнеше кампания толқынынан соң алкогольді сусындар кеңестік тұрмыс туралы идеологиялық пропагандада маңызды рөл атқарды. Бұл әсіресе Орталық Азия республикаларында ерекше көрініс тапты. Ал барлық сусынның ішіндегі ең бір кеңестік сипатқа иесі саналатын «Советское Шампанское» басты рөлге ие болды:

«Мереке болсын, отбасылық басқосу болсын, достармен кездесу болсын — бар жағдайға Советское Шампанское алуды ұмытпаңыз! Мұнда нәзік хош иіс пен тамаша дәм үйлесім тапқан, күштілігі де бір қалыпты. Ең үздік жүзім сұрпында бар барша құнды дүние шарапта жақсы сақталған».

1952 жыл

Әрине, қанша жерден кеңестік болса да, жалғыз шампанмен шектелген ешкім жоқ. Мәселен, тіскебасарлар да ұмыт қалмаған екен:

«Жаңа жылдық сауда-саттық күндерінде Алматы ГОРПИЩЕТОРГ дүкендерінде кеңейтілген ассортимент ұсынылады: жүзім, жеміс-жидек, шампан шараптары, коньяктар, тұнбалар, жеміс-жидек арақтары, ликер, балық және көгөніс консервілері, шұжық өнімдері, Мәскеу мен Алматы фабрикаларының кондитер өнімдері, ойық тоқаш, дөңгелек нан, майқоспа, хала, батон, бәліш, тосап, джем, повидло, жеміс-жидек және қызанақ шырындары. 

Арнайы ет және көгөніс дүкендері құс, сиыр, қой етін, сондай-ақ тұздалған және маринадталған көгөніс сатады».

1953 жыл

Шырша жарнамасы да шеттетілмепті. Авторлардың айтуынша, бұл мерекелік атрибутты ел талап алып кетіп жатыр екен. Тіпті есек жеккен арбаға артып әкеткендер де кездесіпті:

«Опера театрының маңындағы алаңда құрылған жәрмеңке қызу жүріп, гуілдеп тұр. Бірнеше күн бойы мұнда шырша сатылып жатыр. Сатылған жасыл желекті сұлулар бүкіл қалаға тарауда. Оларды автомашинаға, шанаға, есек жеккен арбаға тиеп әкетіп барады, ал үйі таяқ тастам жердегілер иығына салып ап көтеріп кетіп жатыр».

1958 жыл 

Жаңа жылды өз үйіңде, жеке шыршаңды құрып алып қарсы алу — жаңа элита арасында мәртебе белгісіне айналды. Себебі безендіруге арналған ойыншық секілді мерекелік арнайы дүниелер — мүмкіндігі бар қала тұрғындарына ғана қолжетімді зат еді. Жалпы, Жаңа жылды бал-маскарадпен, джаз оркестрімен, бимен мерекелеп қарсы алу кеңестік модерннің көрінісі болды. Алайда мұндай тоқшылыққа, молшылыққа және ресми сән-салтанатқа толы өмір кез келген адамға бұйырмаған еді. Бұл теңсіздік — пропаганданың сыртында қалған әлеуметтік бөлінудің көрінісі болды.

​​Алматы, Қазақ КСР, авторы: Д.Бугаева/https://russiainphoto.ru/

​​Алматы, Қазақ КСР, авторы: Д.Бугаева/https://russiainphoto.ru/

Шын мәнінде, жоғарыда аталған мерекелік көңіл күй — қадірлі екеніңді, көп адам қосылуды армандайтын «айрықша» санатқа кіретініңді айшықтайтын белгілі бір топқа ғана тән дүние болған еді.

Жаңа жыл — бүкіл ел мерекесі

1960 жылдың желтоқсанында газеттер былай жазады:

«Алматыда жақсы бір жоралғы дүниеге келді. Үкімет үйінің маңындағы Советская көшесіндегі сұлу шыршаның айналасында ұйымдастырылатын көңілді әрі музыкасы сыңғырлаған мереке дәл қазір дәстүрге айналып келеді».

Қала орталығында алғашқы қоғамдық шыршаның пайда болуы маңызды өзгерістің белгісі еді: осыған дейін қала элитасы ғана қол жеткізе алатын артықшылық саналып келген Жаңа жылды халықтың басқа да топтары атап өте алатын болды.

Қазанның 50 жылдығы атындағы Алматы мақта комбинаты клубындағы жаңа жылдық кеш, бал би ансамблі/Юрий Куйдин/РИА Новости

Қазанның 50 жылдығы атындағы Алматы мақта комбинаты клубындағы жаңа жылдық кеш, бал би ансамблі/Юрий Куйдин/РИА Новости

Қалалық шырша жеке және қоғамдық, отбасылық және мемлекеттік құндылықтар біріккен орынға айналды. Алматы тұрғындары шамы түрлі түсті жылтылдаған шырша жанында тұрып, өзін кеңестік үлкен отбасының бір бөлігі сезінді. Мұны сол заманның өлеңінен де байқай аламыз:

«Кремльдің мұнарасы

Тура он екі рет соғады!

Ең шалғайдағы шегараға дейін

Жаңа жылдық дастарқанда

Отбасы боп бас қосады, 

Екі жүз миллион отбасы!».

Қазақ КСР газеттерінде тұрақты түрде жарияланып отырған осы тектес сөздер мерекенің идеологиялық мәнін ашып көрсететін еді. Жаңа жыл тек қуанышқа толы кез емес, азаматтық және коммунистік құндылықтарды дәріптейтін маңызды құрал ретінде ұсынылды. Жаңа жылдық мейрам мемлекеттің әр азаматына көрсететін қамқорлығының белгісі қызметін атқарды. Сәйкесінше, қазақ мәдениетінің Жаңа жылды қабылдауы бұдан да ауқымды кеңестендіру динамикасының бір бөлігіне айналды.

Кремльдегі жастарға арналған жаңа жылдық бал. Мәскеу, 1954/Анатолий Гаранин/РИА Новости

Кремльдегі жастарға арналған жаңа жылдық бал. Мәскеу, 1954/Анатолий Гаранин/РИА Новости