ҚАЗАҚ МИФОЛОГИЯСЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ

1-дәріс. Келін

ҚАЗАҚ МИФОЛОГИЯСЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ

Н. Г. Хлудов. Киіз үйде. 1891 жыл / Wikimedia Commons

Қазақтар ер жеткен ұлын үйлендіргені туралы айтқанда әдетте «келін түсіру» деген сөз тіркесін қолданады. «Түсіру» етістігі сонымен қатар «түсіріп алу, (бір жерге) түсіру, ұстап алу, алу» және т.б. білдіреді. Бұл тіркестің пайда болуының ең оңай түсіндірмесі — «келіннің аттан түсуіне көмектесу». Ұқсас мысал: «қонақ түсіру» (қонақ қабылдау) — салт бойынша құрметті қонақтарға аттан, арбадан немесе түйеден түсуіне көмектеседі. Дегенмен «келін түсіру» дегенде биіктен түскен келіннің бейнесі пайда болады. Осы қырынан ауыз әдебиетінің бірнеше үлгісін талдап көрейік.

Аққу, перілер патшасының қызы

Қазақтың ертегісі мен шежіре аңыздарында суға шомылып жатқан аққу-қыздарды көрген саяхатшы туралы сюжет кең таралған. Бұл қыздарды «су перісі» деп атайды. Мұсылмандық «пері» терминінің астарында аққу кейпіндегі су перісінің көне бейнесі жатқаны анық. Кейде бұл қыздарды су перілері патшасының қыздары деп те атайды.

Бір қыздың аяқкиімін немесе құс киімін ұрлап алған кейіпкер оны өзіне әйел болуға мәжбүрлейді. Аққу қыз келіседі, бірақ бірнеше шарт қояды. Мысалы, оның шашын тарап жатқанын көрмеуі керек, аяғы мен қолтығына да қарауына болмайды. Өйткені ол шашын тарау үшін басын «шешіп алады», ал оның еңбегі жұмсақ немесе миы көрініп тұрады. Аяғы адамның аяғы емес — құстың аяғы, ал қолтығының астынан өкпесі көрінеді. Қысқаша айтқанда, бойжеткен қыздың адамнан туылмағанын, ғажайып тіршілік иесі екенін көрсететін рудименттері сақталған. Ақыр аяғында кейіпкер өзіне қойылған шарттың бірін бұзады да, қыз аққуға айналып, ұшып кетеді, бірақ күйеуіне одан туған ұлын қалдырады. Кейбір нұсқада адам мен су перісінің баласы уақыт өте келе билеуші, ру-тайпаның негізін қалаушы болады, ал кейде балалық шағында көз тиіп, өледі.

Осыған ұқсас генеалогиялық сюжеттердің басқа нұсқалары да бар. Мысалы, бір нұсқа бойынша оқ тиіп жараланған Қалша Қадір есімді жауынгерді аққу өлімнен аман алып қалған. Содан кейін екеуі үйленді. Олардың Қазақ деген ұлынан қазақ халқы тараған. «Қырымның қырық батыры» деп аталатын эпостық циклде екі аққу (дәлірек айтсақ, екі қыз — аққу кейпіндегі пері патшасының қыздары) Аңшыбай есімді жалғызбас жетім балаға көмекке келіп, оған әйел болады, кейін бұл бала елін қорғайтын батырға, өз елінің басшысына айналады.

Нибелунгтар туралы эпоста мынадай эпизод бар: ғұндарға сапар шеккен бургундиялықтар Дунай өзенінің жағасында, ғұндармен шектесіп жатқан жерге тоқтайды. Хаген есімді кейіпкер өткел іздеуге шығып, аққу қыздарды кездестіреді де, олар оның болашағын болжайды. Сол кездесудің құрметіне бұл жер Сванфельд деп аталып кеткен. Көрнекті фольклортанушы Едіге Тұрсынов сонау 1970 жылдары бұл оқиға сарынын талдай отырып, оның түркі мифологиясынан алу ықтималдығы жоғары екенін көрсеткен. Қазақ фольклорында осыған ұқсас ондаған эпизод бар. Солардың негізінде С. Қондыбай аққу — түркі халықтарының үлкен анасы туралы және үлкен анасы аққу болған халық туралы көне түсінік-ұғымды жаңғыртады. Зерттеуші қазақтың аққуға байланысты көптеген этнонимі мен топонимдерін жүйеге келтірген. Ол сондай-ақ ежелгі грек және үнді-иран мифологиясындағы аққуға байланысты сюжеттер «мәні бойынша дамыған прототүркілік аққу мифологиясының үзінділері» деген гипотезаны дамытты.

Бұған қоса айта кететіні, сал-серілер әскери бауырластығындағы кейбіреулер дәстүр бойынша аққудың киімін киген. Салт атты сал-серілер тобы ауылға жақындағанда, ол аққудай қиқулап, атымен ауылды айнала шабатын. Сол сияқты қазақ жауынгерлері қатерлі шайқасқа аттанарда аққудай айғайлаған. Қазақта бұл айқай «қиқу» деп аталады. Көшпенділердің бұл әдет-ғұрпы туралы славян көршілерінің фольклорында жағымсыз мағынада жазылғанын айта кету керек. Бұл фольклорда жалпы «қаз-аққуларға», яғни түркі көшпенділерінің тотемдеріне теріс көзқарас бар.

Көк шұлан

Ежелгі түркілерде үлкен ана — ұрғашы қасқыр туралы көп шежіре аңыз болған. Қасқыр үйсін тайпасының арғы атасы Гуньмо есімді жетім баланы асыраған. Тағы бір аңыз бойынша, қанды шайқастан соң аяқ-қолы шабылған бір баланы қаншық қасқыр тауып алып, асырап, өсіріпті. Кейін жігіт жаудың қолынан қаза табады, бірақ одан жүкті болған қасқыр Өтүкен тауына қашып, үңгірде он ұл баланы дүниеге әкеледі. Екеуінің балалары өсіп-өніп, ұрпақ көбейтіп, көк түріктер деген атаумен бүкіл Алтайды мекендеген. Сондай-ақ қият тайпасы жаудан жеңіліп, жойылғаннан кейін Ергенеқон тау аңғарында жасырынып жүрген, оның екі әулетінің өсіп-өнген ұрпақтарына одан шығатын жолды шұлан көрсетіпті.

Қасқыр тотемизмі қазақтың ауыз әдебиет дәстүрінде де белгілі бір түрде бар. Мысалы, «Алпамыс» эпосында бас кейіпкердің әкесінің аты Байбөрі, яғни ол бас, ежелгі, аға қасқыр. Эпос мәтінінде «бөрі зат» — батыр мен оның ұлының «бөрі табиғаты — мәні — шығу тегі» және «бөрілік қылу», яғни оларға тән қимыл-әрекет сын бейнесі, мінез-құлқы қасқырдыкіне ұқсас екені үнемі айтылады. Алпамыстың жары Баршынның есімі «11 жасар ұябасар бүркіт» дегенді білдіреді, бірақ бұл сөз қаншық қасқыр дегенді де білдіруі мүмкін, бөрі және баршын сөздері салыстырарлық. Ортағасырлық Қазақстанда Баршынкент деген қала болған.

Қасқырдың табу, яғни тыйым салынған тағы бір атауы «құрт» деген сөзден «Қобыланды» эпосының бас кейіпкерінің жары Құртқаның есімі шыққан. Мәдениеттанушы Ж. Қаракөзова бұл эпосты, әсіресе оның басын космогониялық деп түсіндіреді. Қобыланды өзіне қалыңдық іздеп, алыс елге аттанып, жарыста бақталастарын жеңіп, Құртқаға үйленеді және қайын атасынан — «Көктім аймақ» есімді ханнан (оның оғаш атын Көктегі дүние деп аударуға болады) қалыңдықтың жасауы, аспаннан берілген батаның белгісі ретінде дүниенің төрт бұрышында тұрған төрт бұлтты алады. Эпостың кейбір нұсқаларында Құртқаның әкесі емес, анасы сиқыршы Көклен туралы айтылады. Бұл бейне табиғаттың дүлей күштерінің иесі Аспан кемпірінің бейнесі ретінде пайымдалады.

Алуа Тебенова. Qoibas-ana.  2020 жыл

Алуа Тебенова. Qoibas-ana. 2020 жыл

Жылан, жыландар патшасының қызы

Қазақ ертегілерінде басты кейіпкердің жылан қызға үйленетіні туралы мотив бар. Кейде бұл әртүрлі халықтар арасында жиі кездесетін Мелюзина сарыны: кейіпкер әдемі қызға үйленеді, бірақ уақыт өте келе ол оның жылан немесе айдаһар қыз екенін біледі. Әйтеуір онымен ажырасып кетеді. Сонымен бірге кейіпкер қалыңдығының кім екенін әу бастан білетін қазақ ертегілері де бар. Мысалы, ол жылан-адаммен достасып, онымен бірге жыланның шұңқырына барады және сол жерде досының қарындасымен некеге тұрады. «Ер Төстік» ертегісінде жыландардың патшасы Бапы хан қызын басты кейіпкерге әйелдікке береді. Бірақ ол жерасты әлемінен адамдар әлеміне барар қиын жолда қаза табады.

Тағы бір ертегінің мотивіне назар аударайық: хан Алтыншаш есімді әйелге көрмей тұрып-ақ ғашық болады. Ол суда қалқып бара жатқан жарқыраған бір тал алтын шашты көргенде ғашық болады. С. Қондыбай бұл жай ғана бір тал шаш емес, шаш түріндегі жылан деген болжам жасады, яғни Алтыншаш бастапқы кезеңде басында шаштың орнына жыландары бар әйел Медуза Горгона сияқты көрінді. Қазақ фольклорының бұл мотиві, сірә, парсы авторы Гардизи айтқан Ертіс өзенінің әйел-құдайы туралы ортағасырлық қимақ аңызының сарынына байланысты. «Бір күні Шад Ертістің жағасында халқымен бірге тұрғанда: «Шад? Сіз мені суда көрдіңіз бе?» деген бір дауыс естілді. Шад судың бетінде қалқып жүрген бір тал шаштан басқа ештеңе көрмеді; ол атын байлап, суға кіріп әлгі бір тал шашты ұстады; сөйтсе, бұл оның әйелі Қатын екен. Ол одан: «Суға қалай құладың?» деп сұрады. Ол: «Өзеннің жағасында тұрғанымда қолтырауын ұстап алды», – деп жауап берді. (Қимақтар бұл өзенді құрметтейді, оған құлдық етеді, оған табынады және «Өзен — қимақтардың құдайы» дейді)». Әрине, Ертістегі қолтырауын парсы авторының арқасында «пайда болды», ал түпнұсқада әңгіме су жыланы, айдаһар және т.б. туралы болған шығар. Тарихшы С. Ақынжанов ертегінің бұл үзіндісін былайша түсіндірді: Қасиетті өзенде қалқып жүрген әйелдің шашы, әйел-Қатын және айдаһар-жылан ұғымдарының төменгі дүниедегі тәңірмен ассоциативтік байланысы қимақ-қай тайпасының шығу тегінің генеалогиялық негізіне айналды.

Түркі халықтарындағы жылан/айдаһар культін С. Қондыбай зерттеген. Бұл тақырыпқа оның «Арғықазақ мифологиясы» атты іргелі зерттеуінің үшінші кітабының жартысы арналған. С. Қондыбай жыланға арғы ана, үлкен ана деген тотемдік көзқарас прототүркі мифологиясының айқындаушы сипаты екенін дәлелдеді. Түркілерде, соның ішінде қазақтарда жылан түріндегі үлкен ананың тотемдік культі сақталған. Ол жылан туралы мифологиялық көзқарастардың тұтас кешеніне айналады. Бірте-бірте патриархалдық қоғамда жыланның үлкен ана ретіндегі қызметі ұмыт болды. Жылан/айдаһар барған сайын еркек кіндік бабалар культімен байланысты сипаттарға ие болуда. Солай болғанымен, бастапқы түсінік «бүрісіп қалған» түрде болса да сақталған және оны қалпына келтіру оңай.

Дәурен Тасболатов. Дудар қыз. 2022 жыл

Дәурен Тасболатов. Дудар қыз. 2022 жыл

Үркер қыздар

Қазақтың ертегілері мен қиссаларында иен далада аңшының тек қана пері қыздар тұратын белгісіз бір ауылға жолыққаны туралы сюжет кең таралған. Қыздардың бірі онымен төсек қатынасына түсіп, таң атқанша ұйықтамаса, оған әйел болатынына уәде берді. Аңшы бұл шартты орындай алмады. Таңертең оянса, иесіз жерде жалғыз өзі жатыр екен. Тоғыз ай өткеннен кейін ол белгілі бір жерге келуі керек деген хабар алады. Сол жерде аспанға ілулі тұрған бесіктен пері әйелінен туған ұлын табады.

С. Қондыбай бұл сюжетті қазақтар Үркер деп атайтын Плеядалар шоқжұлдызымен байланыстырады. Қазақтың түсінігінде Үркер көктемде, жаңа жылдың басына таман жерге түсетін қыздар. Үркер скифтен бастап қазаққа дейінгі көшпенділердің астралды мифологиясының басты кейіпкерлері болды. Кейде Үркер-Плеядалар жеті немесе он бес қыз деп аталады. Бұл шоқжұлдыздың басқа да персонификациясы бар: алты ағасы мен қарындасы, Жеті қарақшы (Жетіқарақшы шоқжұлдызы) Үлпілдек есімді қызын ұрлап әкеткен хан. Ал кейде, керісінше, Үркерлер Темір қазыққа (Темірқазық) байланған ханның екі жүйрік атын (Кішіқарақшы) қолды қылған ұрыларға айналады. Ұры Үркерлерді қарауыл (Жетіқарақшы) қуып келеді. Бірақ оқиғадағы басты кейіпкерлер — қыздар тобы, олардың бірі жердегі адаммен қатынасқа түседі.

Осылайша ата-бабамыздың мифологиясындағы «жас қыз-келін» көбіне-көп адамнан жаралмаған. Шығу тегі бойынша ол аққу, жылан, көк қасқыр және тіпті жұлдыз болуы мүмкін. «Келін түсіру» деген сөз осыдан шыққан шығар? Бұл мифологиялық қалыңдықтар әдетте келін болмайды. Ал болған жағдайда «Қобыланды» эпосындағы Құртқа, «Ер Төстіктегі» Кенжекей сияқты күйеуінің туыстарымен, көбіне қайын атасымен жанжалдасады. Сонымен қатар бала туғандарын, неге екені белгісіз, «ана» деп атамайды, олардың ана болғаны сюжет үшін маңызды емес. Мұндай тылсым дүниеден келген кейіпкерлерді социумға сәйкестендіру қиын болған сияқты. Екінші жағынан, қазақ дәстүрінде ана деп аталатын, бірақ балалары туралы ештеңе айтылмайтын кейіпкерлер де бар. Бірақ бұл туралы келесі дәрісте әңгімелейміз.