ҚАЗАҚ МИФОЛОГИЯСЫНДАҒЫ ӘЙЕЛ

3-дәріс. Мыстан

Алуа Тебенова. Tengri . 2022 жыл

Маған «Неліктен қазақ фольклорындағы жағымсыз кейіпкерлердің барлығы әйел?» деген сұрақ жиі қойылады. Шындығында олай емес, онда жағымсыз еркек кейіпкерлер де бар, мысалы, «Қорқау шал» ертегісінде бас кейіпкер жаңа туған балаларын жеп қояды. Бірақ, әрине, мыстан кемпір мен жалмауыз кемпір, жезтырнақ, яғни тырнағы жезден жасалған әйел және босанған әйелдің өкпесін ұрлайтын албасты — қазақ демонологиясының ең бейнелі кейіпкерлері.

Жағымсыз әйел бейнесінің бұлай үстем түсуі қоғамның патриархалдық сипатына және әйел затына деген бейсана деңгейіндегі қорқыныштан ғана емес, сонымен бірге парадокс болса да, арғы ата-бабаларымыздың әйелді қастерлеуіне де байланысты. Дін тарихында мынадай заңдылық бар: бұрынғы құдайлар немесе бұрынғы діннің ізгі күштері дін ауысқаннан кейін жындарға, зұлым күштердің бейнесіне айналады. Ертедегі ата-бабаларымыз заты әйел құдайларды қастерлеген, сондықтан қазіргі қазақта әйел демонологиясы бай. Мұны жақсырақ түсіну үшін қазақ фольклорындағы ең кең тараған зұлымдық бейнесіне назар аударайық.

Мыстан кемпір

Мыстан кемпірді көбіне орыстың Баба-ягасына ұқсатады. Айлакер, қатыгез, билікқұмар кемпір көбінесе бас кейіпкердің жауы — көрші елдің ханының кеңесшісі болады. Ол батырды тұзаққа түсіреді, балаларды ұрлайды, батырдың қарындасына немесе әйеліне айла-шарғы жасайды, батырға қатерлі тапсырма береді. Кейде ол өзінің баласын ханның қызына үйлендіру үшін солай жасайды. Бірақ мұқият қарасаңыз, Мыстан бейнесі амбивалентті, яғни екі жақты. Баба-яга сияқты, ол да игі іс жасауы мүмкін, ол батырды асырап алуы, оның кеңесшісі болуы, мақсатына жетуге көмектесуі ықтимал.

Мыстанды суреттеуге келгенде, оның кейпі күлкілі және оғаш көрінеді: оның мүйізі бар, киіз бөксе, ауызы ауыз емес, қарғаның тұмсығы, ал аяғы құстың аяғы. Қазақ ертегілеріндегі сиқырлы кемпірлердің жақ сүйегі шығыңқы, көзі үкінің көзіндей (үкі көзді эллиндік Афинамен салыстырыңыз), аққу басты болады немесе басы мен аяғының сүйегі арсиып көрініп тұрады. Олар ала биеге, қызыл түлкіге, көк кептерге және т.б. айналады.

Бәлкім, бұл сипаттамаларда көптеген ұмыт болған мифологиялық арғы ана, ана тотемдерінің аң және құс рудименттері араласқан болса керек. Мыстан кемпірге қара малдан мұра болып қалған мүйіз қазақ мәдениетінде қазір де даналық, даңқ, бақыт пен табыстың символы болып есептеледі. «Алпамыс» эпосында Тайшық хан 180 жастағы Мыстанға қарап: «Көпті көрген көне едің» дейді. Мыстан кемпір ғасырлар даналығына ие автохтонды тіршілік иесі, ежелгі культтің абызы ретінде суреттеледі.

Алпамыс эпосының әртүрлі нұсқаларына құрылымдық-семантикалық талдау Мыстанды батыр анасының көлеңкелі аспектісі деген тұжырым жасауға мүмкіндік берді. Оның үстіне, олардың есімдерінің түбірі бірдей. «Алпамыс» антропонимі екі бөліктен тұрады: «алп/алып» — «алып» және «мыс». Басқа түркі халықтарының эпостарында бейнесі Алпамыс бейнесіне параллель келетін басты кейіпкерлердің есімдерін бөліп көрсетуге болады, мысалы, Бамсы-Байрақ, Манас, Манғыс. Батыр есімінің «мыс» деген түбірі негізі Мыстан есімінің бірінші бөлігімен үндес. Қазіргі қазақ тіліндегі «мыс» морфемасы химиялық элемент «мыс» деген мағынаны білдіреді, сонымен қатар «тілек, үміт, іс-әрекет жасауға ұмтылу, бедел» деген мағынасы бар. Бедел — көзге көрінбейтін қандай да бір күштің бар екеніне негізделген билік.i(«мысы басты», «мысы құрыды» деген тіркестерді қараңыз). Эпостағы Алпамыстың анасының есімі — Аналық, ол «ана болу, аналық» деп аударылып, «өкіл ана» деген мағынаны білдіруі мүмкін, сол сияқты «аталық» — «өкіл әке, тәлімгер» дегенді білдіреді. Ежелгі діндерде үндес есімдер еркек-әйел кейпіндегі қос құдайларға, мысалы, инцест жолымен әлем мен адамзатты туған ана мен бала/күйеу және т.б. егіз құдайларға тән болған.

Мүмкін, ең архаикалық кезеңде Мыстан мен Алпамыс осындай құдайлар жұбы болған шығар және, әрине, Мыстан есімі оның құдай, мыс өндірілетін кеніштердің бабасы болған деген болжам жасауға мүмкіндік береді, мысалы, ең болмағанда Беғазы-Дәндібай кезеңінен (б.з.б. 9–8 ғғ.) бастап біздің дәуірімізге дейін адамдар мыс қорытумен айналысқан Жезқазған жері туралы осыны айтуға болады.

Жалмауыз кемпір

Танымалдығы жағынан мыстан кемпірмен адам жегіш кемпір «жалмауыз кемпір» ғана салыстыруға келеді. «Жалмауыз» — бәрін жайпап жейтін, тойымсыз ауыз. Кейбір ертегілерде бұл кемпірдің шынжырланған тұтқындарды бірінен соң бірін қырық құлақты үлкен қазанға қуырып, жейтін асын кәкпірмен араластырып жатқаны «жайлы етіп» суреттеледі. Бірақ мұқият қарасақ, жалмауыз жай ғана кемпір емес, «ергежейлі», яғни «бойы бір тұтам, сақалы қырық тұтам» шал, «дәу» және т.б. болуы мүмкін. Адамдарды жалмауыз ғана емес, айдаһар/жылан да, алып құс та жұтады. Олардың барлығы екі, үш, жеті, тоғыз, тіпті жетпіс басты және сөйте тұра бір ғана көзі болуы мүмкін, бұл олардың шығу тегі ортақ екенін көрсетеді. Кейіпкер жалмауыздың бастарын бірінен соң бірін кесіп тастаса, бір басы иығынан секіріп, құдық арқылы өзінің жер астындағы әлеміне домалап кетуі мүмкін.

Жалмауыздың ертегідегі кейіпкерінің астарында толық түсінуге қиын мифологиялық образ жатыр. Мүмкін, бұл персонификацияланған өлім-мола, от немесе уақыт шығар. Қалай болғанда да мыстан мен жалмауызды М. Элиаде жазған «өлтірілген құдайларға» жатқызуға болады. Бұл бейненің мәні мынада: тылсым дүниенің тіршілік иесі инициация мақсатында адамдарды өлтіреді. Іс-әрекеттердің мағынасын түсінбей, адамдар бұл тіршілік иесін өлтіріп, сол арқылы қандай да бір құпия білімге, дағдыға, әдет-ғұрыпқа ие болады. Бұл рәсімдерге өлтірілген жаратылыс символикалық түрде қатысады.

Көктегі Көклен кемпір

Өткен дәрісімізде Қобыланды эпосының бас кейіпкерінің жары Құртқа мен оның анасы Көклен/Көктен кемпір туралы айтқан болатынбыз. Алашорда көшбасшысы Әлихан Бөкейхан бұл кейіпкердің архаикалық табиғатына назар аударып: «Пұтқа табынушылықтың өкілі Құртқаның анасы Көктен Кемпір — әлдебір мифтік тіршілік иесі», – деп жазған.

Көклен деген кейіпкері бар эпостың нұсқаларында оның шығу тегі ақсүйек екені, болашақты болжау, сиқырлау және өзінің сүйікті кейпі — түлкіге айналу қабілеті бар екені міндетті түрде атап көрсетіледі. Бір нұсқада оның бір аяқты болғанын айтуға болады. Мифологияда бұл айдаһар/жылан бейнесінен бастау алатын су стихиясына байланысты кейіпкерлерге тән.

Барлық нұсқаларда Көклен күйеу баласы Қобыланды батырға бата ретінде тамаққа, сусынға, көпірге, әскерге және т.б. нәрсеге айналатын бұлттарды сыйға тартады. Көрнекті фольклортанушымыз Е. Д. Тұрсынов атап көрсеткендей, Көклен әйел-құдайдың бейнесі мен есімі «юэчжи» біздің дәуірімізге дейінгі 1 мыңжылдықта қазіргі Батыс Қытай аумағында өмір сүрген көшпелі халықта және хуннуда кездеседі.

Мүмкін, бұлт сыйлайтын сиқыршы әйел Көклен Ш. Уәлиханов жазып кеткен есімі жоқ кемпірдің өзі шығар? «Көк қырғыз арасында өте бай кемпір бар.i(аспан тұрғындарының өмір салты қырғызға тән, басқаша болуы мүмкін де емес, өйткені бұл элементтер қырғыз қиялының жемісі) Кемпірқосақ — кемпірдің жаңбырдан кейін сауатын әдеті бар түрлі түсті қойлардың қосағы» (Уәлиханов: 307). Басқа түркі-моңғол халықтарында да осындай түсінік бар. С. Қондыбай түркі фольклорының материалдарына сүйеніп және ежелгі ирандық Ардвисура Анахита бейнесімен салыстырмалы талдау жасай отырып, Көклен/Көктеннің көне түркілердің жемістілік құдайы, босанатын әйелдердің, сәбилердің және қыздардың — болашақ аналардың қамқоршы бейнесін қайта жаңғыртады. Бұл әйел-құдай көкте тұрады, сонда қойлары мен биелерін сауады, жаңбыр — бұл төгілген сүт, ал күннің күркіреуі — аспан айғырының кісінеуі, кемпірқосақ — көктегі қойларды байлап қоятын құдайдың арқаны.

Синолог әрі түркітанушы Ю. Зуев қытайдың Сиванму құдайы Батыстың Ана-бикесі Көклен бейнесінен бастау алады, оны қытайлар юэчжи немесе ғұндардан (хунну) алған деп дәлелдеген. Түркімен фольклорында теріден жасалған сабасын немесе былғары шалбарын сілкілеу арқылы күнді күркірететін кемпірдің бейнесі сақталған (Саба Ана, яғни біз алдыңғы дәрісте айтқан мес-ана Көкленнің өзі).

«Кемпір» сөзі туралы

Қазіргі қазақ тілінде «кемпір» сөзі «кексе әйел» деп аударылады. Кезінде академик А. Қоңыратбаев «кемпір» этимологиясын «қам пір» түсінігімен байланыстырды, мұндағы «қам» — Шығыс Қазақстанда сақталған «бақсы» деген мағынаны беретін көне түркі сөзі (осыдан ежелгі түркі тіліндегі qamla — «қамла», бақсылық ғұрыпты жасау сөзі шыққан) және «пір» — иран тілінен шыққан сопылық термин, «рухани тәлімгер, табиғаттан тыс қамқоршы» дегенді білдіреді (Коңыратбаев А., Қазақ эпосы және түркология, 1987, 181-бет).

Бұл сөз тәжік тілінде де бар: «Кампир («кемпір, әже») — тәжік мифологиясында табиғат құбылыстарын персонификациялайтын әйел баба. Әртүрлі пайымдау бойынша, кампир дамбалын қағып-сілкіп, май піскішті айналдырып немесе даңғыра ұру арқылы күнді күркірететін (Мифологиялық сөздік: 275). Кемпір/кампир сөзі бастапқыда табиғи құбылыстардың әйел бейнесінде персонификациялануын, табиғат күштерінің иесін білдірсе керек, содан кейін ғана оның қазіргі заманғы «кемпір» деген мағынасы пайда болды.

Тәжіктерде біздің Мыстан кемпірге өте ұқсайтын «кампири мастон» бар. Сондай-ақ қыс, аяз бен суық желмен байланыстырылатын «кампир Оджуз» бар. Тәжік тіліндегі «оджуз» сөзінен түркінің «аяз» сөзін тану қиын емес.i(Аяз ата бейнесі кеңестік замандағы «Дед Мороз» Аяз атаның калькасы, ал Аяз кемпірді қазақтар әлдеқашан ұмытқан). Кеңестік, ресейлік мифологияда «кемпір» сөзі мен табиғат құбылыстарын персонификациялайтын кемпірлердің бейнесін түркілер тәжіктерден алған деп есептеледі. Бірақ бір қызығы, В. Н. Топоров пен В. В. Ивановтың теориясы бойынша үндіеуропалықтардың «басты мифі» еркек кейпіндегі Жай атқыш құдайдың Жыланмен текетіресі туралы, ал тәжік фольклорында, сол сияқты түрікмен ауыз әдебиетінде жай атқыш кемпір бар. Біздің Көклен де күнді күркірететін жай атқыш болса керек, өйткені оның да «жай бұлты», яғни найзағай бұлты бар.

Өткен дәрісте біз ертегілерде мыстан кемпір немесе жалмауыз кемпір болып көрінетін От ана туралы әңгімеледік (түркілерде демифологизация үрдісінің шегіне жеткені сонша, бір кездері жеке-жеке болған бейнелер араласып кеткен). С. Қондыбай сондай-ақ «Су ана» бейнесін реконструкциялайды. Бұл кемпірді аққу қызбен, су перісімен шатастырмау керек. Бірқатар ертегі мен эпостарда мыстан кемпір, жалмауыз кемпір деп аталуы мүмкін және көбінесе бас кейіпкердің жауы — дәудің анасы есептелетін әлдебір кемпір басты кейіпкерді асырап алып, оған қалыңдығын табуға көмектеседі. «Сондай-ақ бұл кемпір сумен байланысты: суда өкпе болып жүзіп жүреді, балаларды суға тастайды, өзі аяғына тас байлап алғандықтан, суға батып кетеді, ереннің жанқоймасы семсерді суға салады, қалыңдықты қайыққа мінгізеді, т.б. Осыларға қарап-ақ, біздер, мифтік кемпір бейнесін реконструкциялай аламыз. Ол — су стихиясымен байланысқан,i(су немесе су асты, яғни о дүниемен) бала беру мен қалыңдық беру мәселесін реттеп отыратын ежелгі мифтік қатын-тәңіриесі. Біз оны «Қал әже» деп отырмыз», – деп жазады С. Қондыбай.

Мәлік Флоберұлы. «Көк аспан астындағы Көкбөрі» гобелененің эскизі

Сонымен қазақ фольклоры материалдарының негізінде табиғаттың дүлей күштерін кейіптейтін кемпірлердің кем дегенде үш бейнесі қайта жаңғыртылады: аспандағы Көклен, От Ана, Су Ана. Қазақстанда «Бес кемпір» топонимінің таралуына, сондай-ақ бала тууға байланысты үш, бес, жеті, тоғыз кемпір қатысатын салт-дәстүрдің болуына қарағанда, мұндай бейнелер бұдан көбірек болған деген болжам жасауға болады. Бұл киелі санға мыстан мен жалмауыздың кірген-кірмегені белгісіз.

Көшірілді