
Радик Темірғалиев/Qalam
Тарихшы, зерттеуші, Қазақ тарихи қоғамының басқарма төрағасы Радик Темірғалиев Qalam-ға берген сұхбатында қазақтың неліктен жүзге бөлінгені, тайпалардың қалай дала заңын жасағаны және хан жалғыз билік көзі болмағаны жайлы айтып берді.
Скиф пен ғұндар ұстанған тәртіп
«Ру-тайпалар ежелден бар. Қоғамды ұйымдастырудың мұндай формасы — Еуразияда өмір сүрген көшпелі халықтар үшін табиғи дүние. Сонау Геродоттың жазбаларынан тайпаларға бөлінген скиф қоғамының сипатын кездестіреміз. Қытай дереккөздері ру-тайпалық тәртіпті ұстанған ғұндар туралы әңгімелейді. Еуразия даласының географиясы мен экономикасына сай келетін бұл дәстүрді қазақтар да қабылдаған».
Үш жүздің қалыптасуына не ықпал етті?
«Бұл мәселеге қатысты біржақты ортақ пікір жоқ. Бір мамандар жүз — сол қанат, оң қанат, орталықты білдіретін әскери құрылым деп санаса, басқалары үш жүздің қалыптасуына Қазақстанның географиясы және климаты ықпал етті деген көзқарасты ұстанады. Елімізде Батыс Қазақстан, Орталық Қазақстан (Сарыарқа) және Оңтүстік Қазақстан деген үш климат аймағы бар. Оңтүстік Қазақстанда оңтүстіктен солтүстікке және кері бағытта қоныс аудару кең таралған, сондай-ақ егіншілік те маңызды рөл ойнайды. Аталған аймақтардағы көштің негізгі бағыттары қазақ қауымдарының табиғи интеграциясына айтарлықтай жол ашты. Бұдан бөлек қазақ жүздерінің басында тұрған үш жүз сарбазды біріктірген Алаша хан туралы аңыз кең тараған. Бір сөзбен айтқанда, болжам көп».
Жүздер арасында иерархия болды ма?
«Жүздер арасындағы иерархия — көшпелі қоғам үшін табиғи құбылыс. Себебі ру-тайпалық жүйе бар жерде нақты, айқын әлеуметтік құрылым мен тәртіп бар. Бұл, мәселен, жиында кім бірінші боп сөз алады, аңға шыққанда немесе шайқас алаңында құрметті орын кімге бұйырады сынды символдық салт-жоралар мен әдепте де көрініс тапқан. Десе де мұндай иерархия көбіне шартты болғанын әрі еркіне сай сақталғанын ұмытпаған жөн. Әлдекім шыққан тегіне бола басқаның өзіне сый-құрмет көрсетуін талап ете алмаған. Көп жағдайда рудың қуаты мен саны маңызды рөл атқарған».

Қазақ сұлтандары орыс шенеуніктерінің өкілдерімен. Санкт-Петербург, 19 ғасырдың екінші жартысы Б.Л.Модзалевскийдің жинағынан/Wikimedia Commons
Байырғы қазақтар немен айналысқан?
«Орта жүз жайлаған Орталық Қазақстанда Сарыарқаның ұлан-байтақ жайылымдарының арқасында көшпелі жылқы шаруашылығы негізгі кәсіп көзі болған. Осы аймақтан даланы ен жайлаған жылқы табынын кездестірер едіңіз. Дәулетті байлар 10–20 мың бас жылқы ұстаған.
Батыс Қазақстан (Кіші жүз) — қуаң тартқан шөл және шөлейт аймақтар. Үйір-үйір жылқы ұстауға табиғаты келмейді, сондықтан түйе шаруашылығына баса мән берілген. Сондай-ақ батыс қазақтары атағы шыққан мәшһүр құдықшы болған. Себебі судан таршылық көргендіктен, олар бұл істе шеберлігін әбден шыңдаған. Басқа аймақтармен салыстырғанда, Каспий және Арал теңізінде балық аулау жақсы дамыған, бірақ балық жарлы-жақыбайдың талғажау ететін асы саналған. Бір қызығы, Каспий теңізінде Адай руының өкілдері ерекше бір флот ұстаған және бағзы бір кезеңдерде қарақшылықпен де айналысқан.
Оңтүстік Қазақстан (Ұлы жүз) климат жағдайының қолайлылығынан және отырықшы халықтармен көрші болғандықтан егіншілік пен қолөнерге ден қойған. Бұл — көкөніс, қарбыз, қауын және басқа да бақша дақылдарының отаны. Өзге өңір қазақтарынан басты ерекшелігі де осында».
Мемлекет басқарудағы рулардың рөлі парламент жүйесіне ұқсас па?
«Әр хан жоғарғы билеуші саналған, бірақ оның билігі әрдайым абсолют бола бермеген. Қуатты ру-тайпалық бірлестіктер ханның билігін айтарлықтай шектеп отырған. Мұны біз көп ретте жекелеген тайпалардың көтерілісінен ыдыраған Алтын Орда мысалынан байқай аламыз.
Қандай да бір би немесе батыр өз руына арқа сүйей алса, ханды тақтан тайдырып, билікті өз қолына алған. Осы себепті хан мен ақсүйектердің қарым-қатынасы оңай болды деуге келмейді. Ара-тұра ханға және мемлекеттік билікке қарсы шығуға қауқары жететін жекелеген топтар күш алып кетпеуі үшін, билеуші тайпаларды бөлшектеп, бір-бірімен теңестіріп отырған. Бірақ мұндай талпыныстар үнемі сәтті болды деген сөз емес.
«Парламент жүйесіне» тоқталсақ, хан билігі әлсіреген кезде ақсүйектердің ықпалы күшейгені рас. Мұндай жағдайда билер мен ру өкілдері құрылтайда бас қосып, тағдыркесті шешімдер қабылдаған. Алайда хан мықты болса, ол көпшіліктің пікірін ескермей, өз қалауын таңып, ру басшыларын өзі тағайындаған.
Әрине, орталық билік әлсіреген тұста өткен құрылтайды парламентке ұқсатуға болады. Себебі талқылаулар тәуліктеп жүрген, қандай да бір шешімдерге тас-түйін бекіген әлдебір «партиялар» қалыптасып отырған. Бірақ мұның бәрі дағдарыстың және билік тұрақсыздығының көрінісі деуге негіз бар».

Поляков И. С. Дудин С. М. Қазақ бүркітшісі. 19-ғасыр/Wikimedia Commons
Әйел негізін қалаған ру бар ма?
«Иә, мұндай оқиғалар бар. Қазақ қоғамы ашық болған және құрамына өзге халық өкілдерін жиі қосып алып отырған. Мысалы, өзге ұлттан шыққан адамның қазақ ортасына тап болып, уақыт өте келе өз руына ие болған жағдайлар кездеседі.
Бұл мәселеде, яғни ер адамның тегі қазақ болмаса, рудың негізін қалаушы тұлғаның рөлін әйел атқара алған. Ол әйелдің есімі ұрпақтан ұрпаққа ру атауы ретінде беріліп отырған.
Ол аз десеңіз, әйел атымен байланысты әскери ұрандар да ұшырасады. Мұндай мысалдар әсіресе 16-ғасырға дейін көп кезігеді деп ойлаймын. Мұны қыз-келіншектердің есімі жиі аталатын қазақ дастандары растап отыр. Жалпы, қазақ қоғамында әйелдің рөлі айтарлықтай жоғары болған».
Қазақтың бірегейлігі қазір қалай қалыптасып келеді?
«Осы күні біз өзін орыстан, корейден немесе өзге бір ұлттан шыққан қазақпын деп санайтын адамдарды жолықтырамыз. Елде ортақ қазақстандық бірегейлік қалыптасты. Ол тек қазақтарды емес, осы жерде өмір сүретін өзге халықтарды да біріктіреді. Әрине, әр ұлттың ішінде бұл процеске қатысты түрлі пікір бар. Біреулер интеграциядан толық өтіп, өзін бірінші кезекте қазақстандық санайды, екіншілерге ұлттық немесе кеңестік бірегейлік әлдеқайда жақын. Күрделі мәселе. Дегенмен ел тұрақты дамып, тарихы жалғасын тапса, уақыт өте мұның бәрі ортақ бірегейліктің және бірлікті жете түсінудің нығаюына көмектесері сөзсіз».
Бұл Радик Темірғалиевпен болған әңгіменің бір бөлігі ғана. Толық нұсқаны YouTube-арнамыздан қарай аласыз. Сұхбат барысында тарихшы қазақ даласындағы рулық дәстүрдің қалай қалыптасқаны, «төртінші жүздің» қайдан пайда болғаны және заманауи қазақтардың көбі не себепті жеті атасын мүдірмей атап бере алатыны жайлы айтып берді.