Бір кезде қазақ даласында театр ғимараты да, кәсіби актер де болған жоқ. Бірақ театрға алғышарт болған бай мәдениет, теңдессіз халықтық өнер бар еді. Дала өмірінде үнемі ән айтылды, күй шертілді, айтыс өтті. Осыдан жүз жыл бұрын сол халық өнерінен тұңғыш кәсіби қазақ театры туды. Оның қалай дүниеге келгені — ұлт руханиятының тарихындағы маңызды белес. Qalam-ға театртанушы Назерке Жұмабай алғашқы киіз үй ішіндегі қойылымдардан қазіргі қалыптасқан қазақ театрының сахнасына дейінгі кезеңдерді баяндайды.
Қазақ театрының түп-тамыры
Ұлттық театр өнерінің негізі 20-ғасырдың басында қаланды. Ал 1911–1912 жылдар аралығында Қызылжар, Семей, Ақмешіт, Орал қалаларында, сонымен қатар Бөкей Ордасында алғашқы сауық үйірмелері ұйымдастырыла бастады. Ишанғали Меңдіхановтың сол кезде Бөкейде қойылған «Малдыбай» комедиясы бауыр еті баласы Жібектен малын артық көретін бай туралы болатын.
Ол дәуірде «бұратана» деп саналған жергілікті жұртқа қазақ тілінде ойын-сауық ұйымдастыруға рұқсат алу қиын еді. Тіпті татар тілінде дайындалған «Қазанға саяхат», «Алдандым, алдадым» пьесаларын сахналауға рұқсат етпегендіктен, жеке үйлерде көрсеткен. Театртанушы Бағыбек Құндақбаевтың мәліметінше, сол кезеңде сауық кешін ұйымдастыру үшін генерал-губернатордың рұқсатын айлап күтіп, рұқсат алған күннің өзінде полиция келіп халықты таратып жіберетін жағдайлар көп болған. 1914 жылдан бастап бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Ресей жергілікті тілдердегі ойын-сауық кештеріне рұқсат ете бастады: басты себептің бірі — «жаралыларға жылу жинау» есебінде сауықтан түскен қаржының жартысын қазынаға жинап алатын.
Алғашқы сауық кештерінің қатарында 1913 жылы Семейде қазақ, татар мұғалімдері мен оқушылары ұйымдастырған «Шығыс кешін», 1914 жылы Абайдың қайтыс болғанына он жыл толған күніне орай ұйымдастырылған кешті және одан бір жыл кейінгі «Омбыдағы әдебиет кешін» атауға болады. 1915 жылы жылы Уфада басылған Көлбай Тоғысовтың «Надандық құрбаны» алғашқы пьесалардың бірі еді.
Абайға арналған әдеби кештің бағдарламасы / Ашық дереккөздерден
Сол кезде мектеп мұғалімі Бекмұхамбет Серкебаев ұйымдастырып, кейін «Бақсы», «Ғазиза», «Жер дауы» сияқты пьесалар жазады. Бірақ бұл туындылар кітап болып басылмай, қолжазба күйінде жастар арасында таралып, Омбы мен Петропавл маңында қойылады. Олар өз дәуірінде «Қазақ» газетінде сынға ұшырап, көркемдік сын тұрғысынан кемшін тартқанымен, сол кездегі театр мен драма туралы сыни ойлардың тууына ықпал еткені сөзсіз.
1917 жылы «Еңлік–Кебектің» қазір сақталмаған алғашқы нұсқасы Абай ауылы жайлаған Ойқұдықтағы қос киіз үйде қойылды. Бір киіз үй сахнаға, екіншісі көрермен залына айналған. Кейде актерлер сыбыршының сөзін естімей қалып, өз жанынан сөз қосып, қойылымның ырғағын бұзбай алып шығатын. Бұл кезеңдегі көптеген ойын-сауықта әйелдер рөлін көбіне ер адамдар орындаса, 1915 жылы Семейде қойылған «Біржан–Сара» айтысының инсценировкасында қыз-жігіттер қатар ойнады.
Шымкент облыстық драма театрының актрисасы Х.Бөкеева «Еңлік–Кебек» спектакліндегі Еңлік рөлінде. Шымкент, 1939 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Солайша, қазақ даласындағы кәсіби сахнаға жетелеген жол өнерге ынтық жастардың басын қосқан шағын труппалардан басталды. Солардың ішінде ұлттық театр тарихында айрықша орны бар ұжымның бірі — Семейдегі «Ес-аймақ» бірлестігі. 1920 жылдарда ұйымдастырылған бұл труппа көркемөнерпаздар үйірмесі емес, болашақ театрдың алғашқы шығармашылық зертханасына айналған орта болды. 1922 жылы ол Семей губерниялық қазақ драма труппасы болып қайта құрылып, кейінгі кәсіби театрлардың қалыптасуына жол ашты.
Театр ғимараты. Театр алаңына жиналған жұрт. Семей, 1920 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Бұл сахнада Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытовтың алғашқы пьесалары сахналанды. Қаламгерлер өз шығармаларын сырттай бақылап қана қоймай, репетицияға қатысып, қойылымның әдеби-режиссерлік жұмысына да етене араласатын. Бұл ортадан кейін қазақ өнерінің ірі тұлғаларына айналған Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Жұмат Шанин, Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков сияқты саңлақтар өнер жолын бастады. «Ес-аймақ» қойған алғашқы ірі спектакльдер қатарында Мұхтар Әуезовтің «Ел ағасы» мен «Бәйбіше–тоқалы» болды. Ал 1922 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың режиссурасымен қойылған «Еңлік–Кебек» ұлттық сахна тарихындағы маңызды белеске айналды.
Жүсіпбек Аймауытов / Wikimedia Commons
Сондықтан қазақ театрының тарихын бір ғана спектакльден немесе бір ғана күннен бастау қиын.
Кәсіби театр дәуірі
Биыл қазақтың тұңғыш кәсіби театры — бүгінгі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының ресми ашылғанына 100 жыл толды. Осы уақытқа дейін ұлт театрының шымылдығын «Еңлік–Кебек» спектаклі ашты деген пікір кең таралды. Совет дәуірінде жазылған тарихты қайта қарап, жүз жыл бұрынғы баспасөзге қайта үңілгенде, қайшы пікір қылаң береді. 1926 жылғы қаңтарда Қызылордада Қазақ мемлекеттік драма театры ашылғаны белгілі. Бұл туралы «Еңбекші қазақ» газетінің бірінші бетінде жарияланған хабарландыруда былай жазылған:
«Ғинуардың 13-і күні кешкі сағат 6-да Мемлекеттік ұлт театрының ашылу мерекесі болады. Театр әртістері Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнайды. Оның соңынан — концерт, демалыс уақыттарында оркестр ойнап тұрады. Театр директоры — Дінше»i
«Еңбекші қазақ» газеті, 1926 жыл / Автор ұсынған фотосурет
Театрдың ашылуына тікелей атсалысқан мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы да бұл тарихи оқиғаны бір мақаласына арқау етеді:
«Ғинуардың 13-і күні Кемеңгерұлының «Алтын сақинасын» ойнады. Концерт бөлімінде ән салынып, күлдіргі тақпақтар айтылды. Сауық кеші ұлт театрының ашылуына арналды»i
Демек, сол кезеңнің тікелей куәгері болған қайраткердің жазбалары мемлекеттік ұлт театрының ресми ашылу салтанатында Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақина» драмасы қойылған деген шындыққа бастайды. Бірақ театрды ұйымдастыруға атсалысқан Смағұл Сәдуақасұлы, тұңғыш директоры Дінше Әділұлы және тұңғыш қойылым авторы Қошке Кемеңгерұлы кейін сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Сол себептен олардың есімі аталмай, еңбегі тасада қалды.
Смағұл Сәдуақасұлы мен Мұхтар Әуезов, 1928 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Әлбетте, Мұхтар Әуезов туындысының ұлттық сахна өнеріндегі биігіне ешкім күмән келтірмейді. «Еңлік–Кебек» — қазақ драматургиясының алтын қорындағы классикалық шығарма, ұлттық театрдың көркемдік биігін айқындаған туынды. Бірақ бір шығарманың ұлылығын мойындау үшін екінші шығарманың тарихи орнын ұмыту шарт емес.
Қошке Кемеңгерұлы — қазақтың алғашқы кәсіби драматургтерінің бірі. Оның «Алтын сақинасы» 1920 жылы жазылып, бұған дейін әуесқой жастардың күшімен сахналанған еді. Мысалы, 1921 жылы «Ақ жол» газеті Қызылжардағы қойылым туралы мынадай ақпар береді:
«Иін тіресіп отырған тамашашылар ойнаушыларды перде түскенде қол шапалақтап қайта-қайта шақырды»i
Театрды құрған тұлғалар
Тұңғыш театр қазақ зиялылары үшін халық санасын оятатын, рухын тәрбиелейтін үлкен мектеп болды. Сондықтан ұлттық сахнаның құрылуы мәдени оқиға ғана емес, елдің рухани өміріндегі маңызды бетбұрыс еді.
Театрдың алғашқы директоры Дінше — Дінмұхамед Әділов театрдың күнделікті жұмысын ұйымдастырып қана қоймай, жас ұжымның шығармашылық бағытын қалыптастыруға күш салды. Қойылымдарға жалпы көркемдік жетекшілік жасап, режиссерлерді актерлер арасынан тағайындады. Мәселен, «Қаракөзді» Серәлі (Серке) Қожамқұловқа, «Шерниязды» Құрманбек Жандарбековке тапсырды. Бұл сол кезеңдегі театрдың өз ішінен режиссерлік мектеп қалыптастыруға жасалған алғашқы қадамдардың бірі еді.
Серәлі Қожамқұлов, 1936 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Әділовтің театрға келуі кездейсоқ емес. Ол Омбыдағы жастық шағынан бастап мәдени-ағартушылық жұмыстарға белсене араласты. Ташкентте ұстаздық етіп, «Шығыс кештерін» ұйымдастыруға қатысып, қазақ тұрмысынан алынған ойын-сауық бағдарламаларын сахнаға шығарды. Демек, 1926 жылы Қызылордада театр тізгінін ұстағанда оның артында өнерді ұйымдастыруда жинаған тәжірибесі бар еді. Өкінішке қарай, Әділовтің ғұмыры ұлт тарихының ең қасіретті кезеңінде үзілді. Жазықсыз жаламен 1930 жылы Мәскеуде атылып кетті. Театрдың алғашқы директорының есімі осылайша ұзақ уақыт көлеңкеде қалып қойды.
Ал театрдың дүниеге келуіне мемлекеттік әрі идеялық тұрғыдан жағдай жасаған тұлғаның бірі — сол кездегі Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасұлы. Ол репертуарға, қойылым сапасына, актерлік ойынға қатысты пікірлерін ашық білдіріп, театрдың мемлекеттік және рухани негізінің орнығуына ықпал етті.
Театрдың бірінші маусымы небәрі төрт айға созылып, осы қысқа мерзім ішінде он екі премьера көрерменге ұсынылды. Аптасына бір-екі рет қойылым көрсеткен жас театр әр пьесаны қысқа уақыт ішінде дайындап, көбіне бір-екі мәрте ғана сахналады. Спектакльдер концерттік бағдарламалармен астасып жатты.
Бұл кәсіби театрдың әлі қалыптасу үстіндегі шағы болатын. Бірақ дәл осы ерекшелік қазақ сахнасының сол кездегі табиғатын да айқын танытты. Өйткені алғашқы актерлер кәсіби оқу орнын бітірген мамандар емес, халық өнерінің ортасынан шыққан табиғи таланттар еді.
Жұмат Шанин: жоқтан бар жасаған жылдар
Тұңғыш театр тарихында Жұмат Шаниннің есімін бөлек атау қажет. Егер алғашқы актерлер сахнаға халықтың мінезін алып шықса, Шанин сол табиғи өнерді кәсіби театрдың заңдылықтарына бейімдеуге ұмтылды. Ол режиссерлік өнерді өз бетімен игеріп, сахна мәдениетін қалыптастыруға күш салды. Оның театрдың жағдайы, декорация, бутафория, актерлердің тұрмысы мен сахналық талаптар жөнінде баспасөз арқылы мәселе көтеруі де театрды кәсіби өнер мекемесі ретінде орнықтыруға талпынысын көрсетеді.
1926 жылы театр ашылғанда, Шанин алғашқы режиссерлердің бірі болды. Ал қазан айынан бастап директорлық пен көркемдік жетекшілікті мойнына алды. Яғни арнайы ғимарат, киім тігетін цехтар мен декорация болмаған заманда труппамен бірге жүріп, «жоқтан бар жасады».
Қазақ музыкалық театрының әртістері Мәскеудегі қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне келген күні. Жұмат Шанин және Ольга Книппер-Чехова. Мәскеу, 1936 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
1927 жылы қазақ өнерпаздарын Мәскеудегі этнографиялық концертке бастап барды, кейін Қырғыз драма театрында бас режиссер болып, 1934 жылы Алматыдағы музыкалық театрды ұйымдастыруға қатысты. Сондықтан Шанин «алғашқы режиссер» ғана емес, қазақ актерлік мектебінің алғашқы ұстаздарының бірі болды.
Алайда қазақ өнеріне қызмет Шаниннен көп құрбандық талап етті. 1936 жылы мамырда қазақ өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне барған сапарда Жұмат Шанин мен жары Жанбике екі айлық сәбиін бірге алып жүреді. Ұзақ жолда сәби қайтыс болады. Пойыздағы ауыр үнсіздіктің арасында Шанин:
«Ешкімге айтпайық, қазір пойыз басшысы еститін болса, бәрімізді жолда түсіріп кетеді. Осы жүргенмен Мәскеуге жетейік» дейді.
Мәскеуге жеткен соң ғана баласын татар зиратына жерлейді. Солайша, ол өз қасіретінен ел абыройын биік қоюдың үлгісін көрсеткен.
Жұмат Шанин / Wikimedia Commons
Алайда оның жанкешті еңбегінің соңы қайғылы аяқталды. 1936 жылғы онкүндікте «Қыз Жібек» қойылымының 10 минутқа кешігуін «Сталинге қастандық жасамақ болды» деген қисынсыз айыпқа айналдырған тоталитарлық жүйе 1937 жылы Шанинді тұтқындап, 1938 жылы ату жазасына кесті.
«Жеті ақсақал»: қазақ сахнасының корифейлері
Театрдың кәсіби сахнаға айналуына себеп болған өнерпаздар қатарында өнер тарихында «жеті ақсақал» аталған шоғырдың орны айрықша. Бұл жетіліктің әрқайсы қазақ өнеріне әр қырынан келді. Бірі — актер, бірі — әнші, бірі — суырыпсалма ақын, енді бірі — режиссерлікке ден қойған сахнагер болды. Бірақ олардың басын қосқан ортақ қасиет — халық өнерін кәсіби сахнаға алып шығудағы жанкешті еңбегі еді.
Қазақ мемлекеттік драма театрының труппасы. 1-қатар: сол жақтан 1-ші — С.Телғараев; 2-қатар: сол жақтан 3-ші — Қ.Қуанышбаев, 8-ші — Е.Өмірзақов; 3-қатар: сол жақтан 3-ші — Л.Хамиди, 7-ші — Қ.Бадыров; 4-қатар: сол жақтан 1-ші — Қ.Әділшинов. Алматы, 1933 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Қалибек Қуанышбаев — сахнаның ұлы комигі ғана емес, ұлттық актерлік мектептің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның табиғи юморы, сөз саптауы мен қазақ мінезін дәл тануы кейінгі актерлерге үлгі болды.
Серәлі (Серке) Қожамқұлов — алғашқы режиссерлердің бірі әрі актерлік өнердің ірі өкілі. Оның «Қаракөз» спектакліне режиссерлік етуі жас театрдың кәсіби ізденісінің басталғанын аңғартады.
Елубай Өмірзақов қазақ сахнасына халықтық мінездің қуатын алып келді. Кейіпкерді ішкі болмысымен сезініп, оның жан дүниесін табиғи жеткізуі оны алғашқы буынның айтулы актеріне айналдырды.
Құрманбек Жандарбеков — актерлікпен қатар, режиссураға да араласқан өнерпаз. «Шернияз» қойылымына режиссерлік етуі оның алғашқы театрдағы шығармашылық жауапкершілігін көрсетеді.
Әміре Қашаубаев қазақтың әншілік өнерін сахна кеңістігіне алып шыққан дара тұлға еді. Оның есімі театр тарихын музыкадан бөліп қарауға болмайтынын көрсетеді. Өйткені алғашқы қазақ театрының сахнасында драма мен ән, актерлік ойын мен халықтық ойын-сауық қатар жүрді.
Әміре Қашаубаев жұбайы Оразкемен бірге. 1926 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Иса Байзақов — ақындық пен әншілікті, суырыпсалмалық пен сахналық өнерді тоғыстырған сирек талант. Оның өнері кәсіби театрдың халықтық тамырын тереңдете түсті.
Ал Қапан Бадыров алғашқы сахна мектебінің қалыптасуына үлес қосқан актерлердің бірі болды. Бұл жетіліктің әрқайсы кейін қазақ өнерінің жеке-жеке бір мектебіне айналды.
Бірақ театртанушы Бағыбек Құндақбаев қазақ сахнасының корифейлерінің көлеңкесінде қалмауы тиіс өзге де есімдерді тізіп өтеді: «Жеті ақсақалмен» қатар, алғашқы спектакльдерде рөлдер ойнап, театрдың шаңырағын көтеріскен Абылқай Абдуллин, Рахым Иманбаев, Сейфолла Байғожин, Жүсіпбек Оспанов, Құсайын Оңғарбаев сынды әртістер есімін де атап өтуге болады»i
Театрдың алғашқы арулары
Қазақ кәсіби театрының ашылуынан он жыл бұрын ғана әйел образдарын ер адамдар сомдайтын. Бірақ ұлт театрының шымылдығы көтерілгенде ерлермен иық тірестіріп әйелдер де сахна табалдырығын аттады. Ол дәуірде арнайы актерлік дайындығы бар қазақ қыздарын табу қиын болатын. Сондықтан алғашқы актрисалардың театрға келу тарихының өзі — қазақ сахнасының қалыптасу жолындағы айрықша белес.
Бибі Артықова Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Жібек рөлінде. Алматы, 1938 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Тұңғыш театр труппасының әйелдер құрамы алғашында өте шағын болды: Жанқия Малабаева, Фатима Нұрымова, Жамал Жаңабаева, Балқия Күкеновалар алғашқы спектакльдердегі әйел рөлдерін сомдап, қазақ сахнасының алғашқы арулары атанды. Бұлардан кейін труппаға Шәмсия Әлібекова, Дәлила Оңғарбаева, Шәрбану Байзақова, Зуһра Атабаева, Жанбике Шанина секілді өнерпаздар қосылды.
Қазақ драма театрының актрисалары З.Атабаева (ортада) мен Сыздықова (сол жақта) «Екі қыз» спектаклінде. Алматы, 1935 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Олардың көпшілігі арнайы актерлік мектептен өтіп келген жоқ. Өнерге деген ықылас пен заман талабынан туған қажеттілік оларды сахнаға жетеледі. Театр ұйымдастыру идеясы сол кезеңдегі қазақ зиялылары мен республика басшылары арасында кең қолдау тапқан еді. Сахна өнерін ұнатқан қызметкерлердің жұбайлары да осы іске араласып, тұңғыш спектакльдердегі әйел бейнелерін сомдады.
Бұл сырт көзге қарапайым көрінгенімен, тарихи мәні зор қадам еді. Өйткені әйел кейіпкерлерін әйелдердің өзі ойнауы қазақ сахнасының табиғатына жаңа реңк әкелді. Әйелдің мінезі, үні, жүріс-тұрысы, ішкі толғанысы сахналық образдың табиғи қалпын тереңдете түсті. Кеше ғана ел ішінде ән айтып, ойын-сауыққа қатысқан халық өнері енді театр сахнасында кәсіби көркемдік жүйеге түсе бастады.
Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері: С.Оғызбаева, Х.Елебекова, Б.Римова, Х.Бөкеева, С.Телғараев. Бішкек, 1950 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Осы қадамдар кейін қазақ сахнасының ең үлкен мектептерінің біріне айналды. Бүгінгі театрда актрисалардың сахнаға шығуы қалыпты жағдай. Бірақ оның бастауында бір ғасыр бұрын көпшілік алдына алғаш рет батыл қадам басқан сол арулардың ізі жатыр. Олар сахнаға жай ғана рөл ойнау үшін шыққан жоқ, қазақ әйелінің өнердегі дауысын алғашқылардың бірі болып естіртті.
Қой қорадағы қойылым
Қазақ театрының тарихын сәулетті театр ғимаратынан іздесек, оның тарихын толық тани алмаған болар едік. Өйткені ұлттық қойылымдар ең алғаш ел кезген арба үстінде, ауылдың қарапайым шаңырағында, кейде тіпті қой қораның ішінде қойылды. Бұл әсірелеу емес. Ол туралы қазақ сахнасының көнекөзінің бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Елебекова естеліктерінде баяндайды.
Сырдария облысы. Қазақтың көшпелі киіз үйі. «Түркістан альбомының» этнографиялық бөліміндегі фотосурет. 1871–1872 жылдар / АҚШ Конгресі кітапханасы
Ашаршылық жылдары әртістер ауылдарды аралап, кейде қауіп-қатерге толы жолдың бір бөлігін жаяу жүріп өтіп, көрермені төрт-бес үй болса да өнер көрсетті.
Қазақ театрының алғашқы буын әртістеріне өнер жолында үлкен құрбандықтарға барып, ауыр жағдайда еңбек етуге тура келді. Алайда қазақ театрының тарихы дәл осындай — өз ісіне шын берілген адамдардың арқасында қалыптасты.
Бүгінгі театр
Қазақстандағы 2026 жылғы театр маусымы ұлттық сахнаның тарихы секілді қызықты болмақ. Репертуарда классикалық драма, комедия, опера, балет, қуыршақ спектакльдері және заманауи эксперименттік қойылымдар бар. Көңіл-күйіңіз бен талғамыңызға сай спектакльді Freedom SuperApp қосымшасындағы «Афиша» → «Театр» бөлімінен таңдауға болады. Ал 2026 жылғы 15 қыркүйекті қоса алғанға дейін театрға баруды жағымды бонуспен ұштастыруға мүмкіндік бар: MASK промокоды арқылы Қазақстан бойынша театр қойылымдарына 30% жеңілдік беріледі.