Жүз жыл бұрын Бакуде өткен Бүкілодақтық түркологтардың Бірінші съезінің тарихи маңызы ерекше болғанымен, оның астарында кеңестік идеология бұғып жатқаны ескеріле бермейді. Себебі түркі ғалымдарының бір тобы латын әліпбиіне көшу мәселесін қызу қолдағанымен, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған тілтанушылар бұған ашық қарсылық білдірген еді. Бұл істе қазақ зиялыларының пікірі де екіге жарылды.
20-ғасыр басында қазақ әліпбиін реформалаған Байтұрсынұлы неден қауіптенді, ал латын әліпбиін қолдағандар қандай дәйектерге арқа сүйеді? Арнайы Qalam үшін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ахметтану бөлімінің меңгерушісі Ермұхамет Маралбек бір ғасыр бұрынғы тіл тағдыры туралы көзқарас қайшылығы мен пікірталастың жай-жапсарына үңіліп көрді.
«Съезд» бе, «құрылтай» ма?
Кеңес билігі орныққан алғашқы жылдары алдарқату сипатындағы жылымық саясатын жүргізгені мәлім. Сол себепті түркі халықтарының мәдени-рухани тынысы серпіліп, ғылыми-ағартушылық талпыныс күн санап күшейген еді. Бұл орталықтағы орыс ғалымдарының назарын аудармай қоймады.
1924 жылы 21 наурызда Ленинградтағы Императорлық Ғылым академиясында өткен Бүкілодақтық Шығыстану ғылыми қауымдастықтарының мәжілісінде белгілі түрколог-ғалым А.Н.Самойлович түркі халықтары мекендеген автономиялық республикалар мен аймақтардың мәселесін қамтитын түркологиялық съезд шақыру керектігін негіздеп, баяндама жасайды. Ол идеясының өзектілігін тарқата келіп, автономиялық түркі республикаларында араб әліпбиін реформалау, латын әліпбиін қабылдау, ұлттық терминология, әдеби тіл, мектеп оқулықтары тәрізді мәселелерді қозғаған жиындар өтіп жатқанын билік пен орыс интеллигенциясының қаперіне салады. Бірақ осы мәселелердің шешілмеуін олардың Одақ деңгейінде қарастырылмауынан және аймақтарда білікті мамандардың жетіспеуінен деп тұжырымдайды. Егер бұл мәселе дұрыс шешілмесе, түркі тілдерінде білім беру мен баспа ісін дамыту жолында күш пен материалдық ресурстарды тиімді жұмсау неғайбіл болатынын айтады. Сондай-ақ ол түркі халықтарының тілі, тарихы, этнографиясы мен географиясы бойынша жоғары білікті мамандар даярлау керектігін алға тартты.
Бірінші түркологтар съезіндегі Көпрүлүзаде, Әли-бей Хусейнзаде және Салман Мумтаз. Баку, 1926 жылғы 6 наурыз / Әзербайжан ҰҒА Қолжазбалар институты, Wikimedia Commons
Самойлович түркі зиялыларының сол кезеңдегі араб жазуын реформалау талпынысына да назар аударды. Мұндай талпыныстар татар, түрік, қазақ зиялылары тарапынан болғаны белгілі. Бірақ ол Ахмет Байтұрсынұлының сәтті реформасы жайлы білмеді ме, я оның ғылыми негізіне көз жеткізе алмады ма, бәлкім, біле тұра мақсатты түрде жоққа шығарды ма, әйтеуір оның маңызына тиісті баға бермейді. Баяндамасында:
«Түркі халықтары арасында бір-бірімен байланысы жоқ, ортақ шешім таппаған араб әліпбиін реформалау қадамы жалғасып, сәтсіз аяқталып жатыр» дейді.
Кейінірек, 1931 жылы Мәскеуде жарық көрген еңбегіндеi
«Алаш» партиясының мүшелері / КФҚД ОМА
Ал біз айтып отырған баяндамасында әліпби, әдеби тіл және терминология секілді үш мәселені құрылтайдың күн тәртібіне қою керек дегеннен әрі аспайды. Осы орайда «съезд» түркі тілінде «құрылтай» деп те нақтылай келіп, оған кімдерді шақыру қажет және жұмыс бағдарламасы қанша күн болуы керек деген сұрақтарды нақтылап өтеді. Бірқатар шығыстанушылар мен түркологтардың есімдерін атап, ғалымдар қатарында Нәзір Төреқұловты да көрсетеді.
Бакудегі басқосу және Байтұрсынұлының қарсылығы
1926 жылы 26 ақпан мен 5 наурыз аралығында Бүкілодақтық Бірінші түркологиялық құрылтай шақырылады. Самойлович жоспарында көрсетілгендей, құрылтайдағы ең өзекті мәселе — латын әліпбиіне көшу еді. Әзербайжан 1922 жылдан бастап бұл мәселені Одақ көлемінде алғаш көтеріп, латын әліпбиіне көшуді жүзеге асыра бастаған республика болғандықтан, құрылтай Баку қаласында өтті.
Баку порты, Әзербайжан, 1910–1920 жылдар / Getty Images
Әзербайжандағы басқосуға ҚазАКСР-нен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған делегация, Халық ағарту комиссариаты Ғылым ордасының (АКЦентр) қызметкерлері Елдес Омарұлы, Біләл Сүлеев пен Әзиз Байсейдули қатысты. Нәзір Төреқұлов арнайы шақырумен Мәскеуден келді.
Нәзір Төреқұлов қызы Әнелмен бірге, 1930 жылдар / Wikimedia Commons
Бірақ құрылтайда қазақтардың көзқарасы екіге жарылды. Мәселенің түп-тамырын терең білетін тілтанушы ғалым ретінде Ахмет Байтұрсынұлы мен Елдес Омарұлы латын әліпбиіне көшуге түбегейлі қарсы болып, қазақ тілі мен жазуының осыған дейін жеткен жетістігін қорғау жолында күресті. Бұл туралы Байтұрсынұлы құрылтайдың барысын жұртшылыққа таныстыру сипатында жазылған «Түрікшілер құрылтайы» атты мақаласында былай дейді:
«Әзербайжандықтар араб қарпімен дыбыс жүйелі әліпби жасауға болмайды деп ойлайтын көрінеді. Сондықтан олар, дыбыс жүйелі болған соң, латын қаріпсіз болмайды деп, «дыбыс жүйелі, латын негізді» деген сөзді, керек емес десек те болмай, көпшілік қолында болған соң, қыстырып өткізді. Ол жерде пікіріміз айырылатынын мәлім еттік те қойдық».
Ақиқатын айтқанда, латын әліпбиіне көшу тек саяси астары бар мәселе емес еді, оның тілтанымдық негізі де болатын. Сондықтан Нәзір Төреқұлов пен Телжан Шонанұлы бастаған беделді қазақ зиялылары бұл идеяны қолдады. Себебі он ғасырдан астам уақыт түркі халықтары қолданған, дауысты дыбыстар жазылмайтын және шарттылығы көп араб жазу жүйесі ішкі құрылымы ауызша дамып жетілген, жазуға байланбаған түркі тілдерінің табиғатына сәйкес келмеді. Араб қарпі әсіресе заманның даму деңгейіне сәйкес тілдік коммуникацияның сұранысын өтей алмады. Түркі ғалымдары бұл қиындықтан құтылудың жалғыз жолы — әліпби ауыстыру деп түсінді.
Ахмет Байтұрсынұлы араб жазуындағы бұл түйткілдерді әуелден-ақ байқап, 1912 жылдан бастап қазақ жазуын ортақ түркілік сипаттан жаңа бағытқа, ұлттық арнаға бұрған. Ескі жәдит әліпбиін кезең-кезеңімен реформалап, қазақ тілінің дауысты-дауыссыз төл дыбыстарын толық, дәл беретін, жазуға ыңғайлы, оқуға жылдам, баспаға оңтайлы әрі ықшам жазуға айналдырды және соның нәтижесінде фонетикалық, фонологиялық әліпби жасай алды. Сондықтан, оның пайымынша, 1920 жылдары қазақ әліпбиін латын әліпбиіне ауыстырудың қажеті жоқ еді. Бұл қадам, керісінше, ұлттық жазумен жаңадан сауаттанып келе жатқан қазақ қоғамын жаппай сауатсыздыққа душар етіп, ұзақ жыл бойы жүргізген саяси-рухани ағарту қозғалысының жемісін жоғалтумен бірдей еді.
Ахметтің ақиқаты
Ахмет Байтұрсынұлының ортақ түркі әліпбиін қолдамауының нақты тілтанымдық себептері болды. Атап айтқанда, түркі халықтары тарихтың бір кезеңінде бір шаңырақ астында өмір сүрген туыс халықтар болғанымен, одан бері он шақты ғасыр өтіп, оның әр тармағы жеке ұлт болып қалыптасты. Ортақ түркі тілінің жекелеген диалектілері табиғи заңдылықпен дами келе жеке тілдерге айналды. Олардың ішкі заңдылықтары мен дыбыстық құрамы бірдей болмағандықтан, бәріне ортақ таңба сәйкес келе бермейтін.
Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі / ҚР ОҰМ
Әліпби тарихтың қай кезеңінде де саяси жүйенің құралы болды десек, бұл құрылтайда ұсынылған таңбалық жүйе түркі халықтарының графикалық кеңістігін тоғыстырғанымен, ортақ руханияттың бірлігінен гөрі, басқа мақсатқа көбірек қызмет етеді. Оны тереңірек түсіну үшін Байтұрсынұлының бұл мәселеге қатысты пайымына назар аудару маңызды:
«Басқа түрік балаларының қаріп һәм емле түзету ісіне қарасақ, олардың бізден, біздің олардан айырылатын жерлеріміз бар. Біздегі бар дыбыс оларда жоқ, оларда бар дыбыс бізде жоқ көрінеді. Біздегі бар сөздердің түрлері оларда жоқ, оларда бар түрлері бізде жоқ. Сондықтан біз қазақ тілін тастап, басқа түрік тілдерінің біріне қосыламыз демесек, айырық жерде айырыла, бірдей жерде біріге іс ету тиіс. Солай ету қазақ тіліне керек жұмыстарда да боларға тиіс. Тіліміздегі қаріптер болсын, сөздің түрлері болсын, басқаларда бар болса, солармен бірдей жазылуы тиіс. Олардан басқа болса, басқа жазылуы тиіс. Бірақ айырылымы аз жерлерді айырысы жоққа есеп етерге керек».
Ахмет Байтұрсынұлы жоғарыдағы мақаласында Ғалымжан Ибрагимовтың түркі халықтарының емлесі туралы баяндамасына тоқтала келіп:
«Емле түзу жүзінде түрік жұртының алдағысы қазақ, арттағысы әзербайжан, анатолы түріктері болып шықты» дейді.
Мұның негіздемесін латын әліпбиіне көшу бастамасының мәнімен сабақтастыра отырып, былай баяндайды:
«Біздің оныншы жылдарда шығарып, ескі-құсқы қоймасына тастаған нəрселерімізді кейбіреулер 26 жылдарға дейін тұтынып келіп отырып, соны өзгерту ниетке жаңа ғана кіргенін өздерінше бір артықша жаңашылдық деп біліп, өздерін əлдеқандай өзгерісшіл көріп жүр екен. Тарих жүйелі араб емлесінің тас-талқанын шығарып бұзып-жарып, араб қарпімен-ақ дыбыс жүйелі қазақ емлесін жасап алғанымыздан хабарсыз екен. Олар арабтың емлесін бұзудан қарпін тастау оңай, қарпін тастамай, емлесін бұзуға болмайды деп ойлайды екен. Араб қарпінен латын қарпіне көшеміз деуінің ең негізгі себебі осы екен».
Мұнда «дыбыс жүйелі қазақ емлесі» немесе «төте оқу» деген дыбыстарды дәл таңбалау арқылы жазу мағынасын береді. Яғни сөздің оқылуы мен жазылуының бірдей болуы, қаріптердің жеке тұрғандағы дыбыстық мәні мен сөз ішіндегі оқылуы бірдей болуы дегенді меңзейді. Әсіресе мұнда дауысты дыбыстардың толық таңбалануы негізгі шарт саналған.
Латын әліпбиі және Кеңес билігінің арбауы
Кеңес үкіметінің көздегені — түркі халықтарын араб жазуымен біте қайнасқан рухани негізі мен діннен ажырату, тамыры терең тарихы мен мәдениетін жас ұрпақ жадынан ұмыттыру, Кеңес идеологиясына адал жаңа буын тәрбиелеу еді. Бұл саясат патшалық Ресей кезеңінде де жүргізілді. Түркі халықтарын рухани отарлау мақсатын миссионер ғалымдарына жүктеп, белгілі дәрежеде орыстандыру мен шоқындыру жолын нысана еткені белгілі. Ал Кеңес кезінде іске асқан отарлық саясаттың кезекті қадамы — араб әліпбиін латын қарпімен, оны ретінше кирилл әліпбиімен ауыстыру болды.
Бейімделген латын графикасындағы алғашқы ортақ түркі әліпбиі / Wikimedia Commons
Дегенмен бұл адастыру жолы тым ұзаққа созылды. Н.И.Ильминскийден басталған бұл тәжірибе Байтұрсынұлы кезеңіне дейін жарты ғасырдан астам уақыт жалғасып, әлденеше кирилл әліпбиі нұсқалары мен әліппелер дайындалды. Алайда оның бәрін халық қабылдамады. Араб әліпбиінен алыстаудың түркі руханиятына қауіпті екенін Ахмет Байтұрсынұлы алғашқы құрылтайдан он шақты жыл бұрын көз жеткізе білді. Сондықтан өзі орысша оқи тұра, кирилл емес, араб әліпбиін реформалап, ұлттық жазуға айналдырған-ды. Ол латын таңбаларының дыбыстық әдіске икемді, баспаға оңтайлы, еуропалық өркениетке «төте жол» екенін білгенімен, оның қаупі мен қиындықтарын жақсы түсінді. Өзге түркі зиялыларының көпшілігі өз билігі өзінде емес бодан халыққа латын әліпбиінің қандай қауіптер әкелетінін Байтұрсынұлындай терең пайымдай алмады.
Солайша, араб жазу жүйесінің қиындығы тудырған тарихи қажеттілікті отаршыл билік өз мақсатына пайдаланып кетті. Нәтижесінде биліктің қолдауымен және аңғал түркі зиялыларының күш қосуымен латын әліпбиіне көшу туралы қаулы қабылданып, латынграфикалы ортақ түркі әліпбиі жасалды. Бұл қаулы туралы Ахмет Байтұрсынұлы «Түрікшілер құрылтайы» мақаласында тағы былай дейді:
«Құрылтай дүкені жасаушылардың қолында болғандықтан, қазанның құлағы қазаншының қалаған жерінен шықты: «латын әліпбиінің артықтығына құрылтайдың көзі жетті. Енді алу-алмау әр жұрттың, әр мемлекеттік ықтиярында» деген қарар көпшілікпен өтті».
1926 жылы Бакуде өткен Бірінші Бүкілодақтық түркологтар съезінің қатысушылары / Wikimedia Commons
Кеңестік Қазақстан латын әліпбиіне неге кеш өтті?
Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының қатты қарсылығына ұшырағандықтан, латын әліпбиіне көшу ісі өзге республикаға қарағанда Қазақстанда кешеуілдеп жүзеге асты. Себебі түркологиялық құрылтайдан кейін Қазақстанда латын әліпбиі мен арабграфикалы қазақ әліпбиін жақтаушылар арасында айтыс-тартыс басталды. 1926–1928 жылдар аралығын қамтитын бұл кезеңде әлі де «Байтұрсынұлы әліпбиі» қолданыстан шықпай, мерзімді басылымдар мен кітаптар жарық көріп жатты.
1927 жылдың 20–26 қазан аралығында латын әліпбиіне қарсы араб әліпбиін жақтаушылар Татарстанның Қазан қаласында құрылтай өткізді. Өкінішке қарай, бұл құрылтай туралы ғылыми әдебиетте көп айтыла бермейді. Ахмет Байтұрсынұлы оған арнайы шақырылып, төрт тұрпатты араб әліпбиінің бір тұрпатын қалдыру жобасын талқылайдыi
Рудольф Самойлович, 1930 жылдар / Wikimedia Commons
Айта кетелік, сол жылы маусымның 3–7 күндері Бакуде Бүкілресейлік Жаңа әліпбишілер Кіндік комитетінің жиналысы өтіп, жаңа президиум сайланған еді. Комитет төрағасы болып әзербайжандық Самат (Сәмет) Ағамалыұлы, ал мүшелікке Қазақстаннан төрт адам: Төреқұлұлы, Көлбашарұлы, Аспандиарұлы мен Диманштейн сайланды.
Көп өтпей Қызылордада «Орталық Жаңа әліпби комитеті» құрылып, Ораз Жандосов комитет төрағасы, ал Телжан Шонанұлы хатшысы болып тағайындалды. Комитет латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиін дайындау, насихаттау және көшіру жұмыстарымен айналысты. Міне, осымен мың жыл қолданылған араб жазуының күні Кеңестік Қазақстан аумағында біртіндеп сөне бастады.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ
- Самойлович, Александр. (1924). Доклад. Әзербайжан Республикасының ұлттық архиві. Фонд 103. Опись1. Ед., хр 14. Лист 221–222.
- Байтұрсынұлы, А (2023). Жазу жөндеу // Ахмет Байтұрсынұлының әліпби, жазу, емле туралы еңбектері. Оқу құралы / Ғылыми түсініктемесін жазып, құрастырған – Е.Маралбек. – Алматы: ЖК Асыл, 2023. – 106-107 бб.
- Самойлович, Александр. (1999). Байтурсунов Ахмет Байтурсунович / Ұлттық рухтың ұлы тіні. Ғылыми мақалалар жинағы (қазақ, орыс, ағылшын, т.б. тілдерде). Алматы: Ғылым. 77-79 б.
- Байтұрсынұлы, Ахмет. (1926). Доклад А.Б. Байтурсунова об орфографии / Первый всесоюзный тюркологический съезд (26 февралия – 5 марта). Стенографический отчет. – Баку: Общество обследования и изучения Азербайджана. С 167-168, 286-289.
- Байтұрсынұлы, Ахмет. (1926). Доклад А.Б. Байтурсунова о принципах казахской терминологии / Первый всесоюзный тюркологический съезд (26 февралия – 5 марта). Стенографический отчет. – Баку: Общество обследования и изучения Азербайджана. С. 203-208.
- Байтұрсынұлы, Ахмет. (1926). Түрікшілер құрылтайы / «Жаңа мектеп», № 7-8. 43-50 бб.
- Шонанұлы, Телжан. (1927). Латыншылардың толық жиылысы / «Еңбекші қазақ» газеті, № 226. 3 б.