Күндердің күні 18-ғасырдан бір-ақ шығыппын, жай шықпай, қайсыбір қазақ ханының бас хатшысы болып ояныппын деп елестетіңізші. Ғайыптан тайып солай бола қалса, әрине, бастық атынан хат жазуды меңгеріп алғаныңыз абзал. Сондай бір кәдікті жағдай үшін нұсқаулық құрастырып көрдік.
Ең алдымен, көмекші жалдарсыз
Бірнешеуін бір-ақ алыңыз. 17–18-ғасырларда қазақ ақсүйектері, әсіресе хандар өз қолымен хат жазбайтын. Күніне қаншама хат, жарлық жазылатынын, оның әрқайсының жөні мен жосығы барын ескерсек, бәрін игеруге бір адамның білігі аздық етері анық. Әр тарапқа жазылатын хаттардың өзіндік қыр-сыры да бар. Мысалы, жоңғар қонтайшылары мен қытай императорларына жолданатын хатты қалмақ хатшылар жазса, орыс шенеуніктерімен қарым-қатынаста татарлар тілмаштық ететін.
Джон Касл. Ералы сұлтан, Бұхара ақыны және қаруланған Күдері батыр. «1736 жылы Орынбордан шығып, Қырғыз-Қайсақ Ордасының ханы Әбілқайыр сарайына жасалған саяхат күнделігі» кітабынан алынған иллюстрация
Қағаз табарсыз
18-ғасырдың ортасына дейін қазақтар ғасырлар бойы Хиуа, Ташкент, Бұхара мен Самарқанда жасалып келген арнаулы ақ қағазға хат жазатын. Айта кетерлігі, Орталық Азиядан шығатын бұл қағаз 8-ғасырдан бастап осы өңірде ғана емес, күллі Таяу Шығыстағы хат жазатын негізгі материалға айналған. Ондай қағазды хан кеңсесі алдын ала көптеп сатып алып қоятын. Алайда дәл қазір алысқа сабылмай-ақ, базардан бірнеше парағын ала қойсаңыз болғаны.
Шағатай тілін үйренерсіз
18-ғасырға дейін қазақ тілі өз алдына бөлек тілге айналғанымен, ресми хат алмасуда әдеби шағатай тілі пайдаланылды. «Түркі» деп те аталған бұл тіл Әмір Темір мен оның мұрагерлері дәуірінде әбден жетіліп, дүрілдеп тұрды. 19-ғасырдың ортасына дейін қырғыз, татар, башқұрт, өзбек, ұйғыр мен қазақтың халықаралық дипломатиясына сол шағатай тілі жүрген. Әр халық оны өз ерекшеліктеріне бейімдегенімен, тілдің негізгі құрылымы ортақ еді. Жазуға араб әліпбиі қолданылуымен қатар, парсы тіліне бейімделген қосымша әріптер кезігетін.
Шошқа баққан Шейх Санан. Әлішер Науаидің «Лисан ат-тайр» (Құстар тілі) дастанының қолжазбасынан алынған миниатюра. Бұхара, 1553 жыл / Bibliothèque nationale de France, Gallica
Ертеректе болашақ хан-сұлтандарды сарайдағы ғұлама ғалымдар оқытатын. Кейінірек татар молдалары әліп танытып, сауат ашқызды. Әйтпесе Хиуа, Бұхара не Түркістандағы үздік медресеге барып оқып келуге болатын. Шағатайды өз бетіммен үйренем десеңіз, сөздіктерге жүгініп көріңіз. Бірақ тілдің тереңіне поэзия арқылы ғана бойлауға болатынын жадыңызда сақтарсыз. Яғни ең алдымен шағатай тілінің шыңы саналған Әлішер Науаи шығармаларын іздейсіз.
Ыңғайлы қалам таңдарсыз
Қалам әдетте қамыстан жасалады. Қамыстың сабағын қиып әкеліп, кептіріп, ұштап алсаңыз болғаны — іздеген қаламыңыз дайын. Ұшын сияға матырасыз да, жаза бересіз. Маманданған хатшылар қамыстың сабағын бірнеше жыл топыраққа көміп, әбден ширатып барып қолға алар еді. Шираған қамыс сияны сорып алмай, ағызып-тамызбай, ұқыпты жазады. Олай ұзақ күтпеймін десеңіз, қаламға құс қауырсыны да жарайды. Алайда мәртебелі адамдардың қаламы әдетте темірден соғылатын.
III Ахмедтің қаламсауыты, сиясауыты мен тұғрасы. Осман империясы, 18-ғасыр; алтын жалатылған күміс / The Walters Art Museum, Wikimedia Commons, CC0
Жазудың қыр-сырын танырсыз
Бұдан кейін не жазатыныңызды анықтамақ керек. Хаттар жанрына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Дала канцеляриясында «хат» атауының орнына араб, парсы, түрік және моңғол тілінен шыққан бірнеше термин жүретін: хат, нама, хатт-у-нама, йазу (жазу), мактуб-нама, бiтiк. Осының бәрін «хат» деп аудара салуға болғанымен, шын мәнінде оның дипломатиялық хат, шағым, өтініш, арыз, бұйрық не үкім, қаулы сияқты түр-түрі бар.
Шетелдік шенеунікке қарата хат жазып, әлдене сұрамақ болсаңыз, арыз-нама — кіріспе, арз-и хал — өтініш, не дунашинжы — арыз жазу керек болады.
Абылай ханның Шыңжаңдағы әскери губернатор әрі уәкіл-билеуші Илетуге және басқа да лауазымды тұлғаларға жазған хаты, 1773 жыл / «Эпистолярное наследие казахской правящей элиты. 1675–1780 гг.». Алматы: «АБДИ Компани» АҚ, 2014. 546-б., № 303 хат
Мәртебесі төмен адамға хат жазсаңыз, өзге жанрды қолдануға болады. Бұл ретте йарлык/жарлық, нишан/нышан, ферман/пәрмен не хат-и тариф та жарайды.
Хат жазудың өз жосығы да бар. Әдетте оның үш бөлігі болады: бастапқы ресми, негізгі және ақырғы ресми бөлігі.
Ал, жаздық делік. Алдымен хаттың кімге арналғанын көрсетерсіз
Хаттың бас жағында кімге жазып отырғаныңызды көрсетерсіз. Адресаттың мәртебесі жоғарылаған сайын сәлемдесу бөлімі де соғұрлым көркемделе түседі. Айталық, Османлы сұлтанына арналған хат былай басталар еді:
«Шексіз иманына татулық пен келісімі, ақ пейілі мен берекесіне даңқы сай болған; [діннің] шынайы қамқоршысы — ұлы әміршілер мен Осман ханның даңқты да мәртебелі әулетінің таңдаулы да мақтаулы мирасқорына тән саф адалдығы мен ақжүрек пәктігінің арқасында қасиетті қос қаланың [Мекке мен Медине] қызметшісі, жерлер мен теңіздердің қағаны, қағандардың қағаны болған, бір бойына құдірет пен қаһармандық, ұлылық пен әділдік, даңқ пен мейірім дарыған сұлтан Ахмет хан».
Айрықша бас иіп құрмет білдірем десеңіз, ол кісіні парсының Хұсрау Анушируан (531–579) падишасына, парсы эпостарының аңыз кейіпкерлері — Бахрам Гүр, Жәмшид, Кейқауыс, Рүстем мен Феридунға, тіпті одан да асып түсіп, көне аңыздағы Тұранның ұлы ханы Пашаң тәжіне мирасқор саналатын Ескендір Зұлқарнайынға теңерсіз.
Қайып ханның III Ахмет сұлтанға хаты / «Эпистолярное наследие казахской правящей элиты. 1675–1780 гг.». Алматы: «АБДИ Компани» АҚ, 2014. 437-б., № 14 хат
Кейде суқаныңыз сүймейтін жандармен де хат алмасуға тура келеді делік. Ондайда, әлбетте, әдептен аспайсыз, бірақ мақтау-мадақты азырақ айту арқылы-ақ оның сізге сүйкімі жоғын білдіруге болады. Мысалы, Әбілқайыр хан қазақпен арасы ширығып тұрған парсының Нәдір шахына жазған хатында былай дейді:
«Қасиетті де құдіреті күшті Құдайдың рақымы мен мейірімінің арқасында барша мұсылманның әміршісі болған Әбілқайыр Мұхаммед Ғази Баһадүр ханнан сізге, Исфахан мен барша қызылбастардың жеке-дара әміршісіне, айтарым...»
Әрине, хаттың да түр-түрі бар. Жеке хат жазғанда қысқа қайыра салуға да болады:
«Әбілқайыр ханнан ұлы Ералы сұлтанға, наурыздың 11-жұлдызы 1738 ж.»
Ханды таныстырарсыз
Хаттың басында не аяғында ханды таныстырарсыз. Ең оңайы — аты-жөні мен мәртебесін көрсетіп, Әбілқайыр хан, Барақ сұлтан деп жаза салу. Бірақ әміршіңіз ұрыс даласында атой салған қолбасшы болса, «баһадүр» дегенді қосасыз. Тәуке не Әбілқайыр хан сынды қазақтың даңқты хандары өз атына «ғази» (арабша — «жеңімпаз») дегенді қосып айтатын. Бұл сөз ханның мұсылман көшпенділер арасындағы «кәпірлерге» қарсы қол бастаған мәртебесін айшықтап, асқақтатып тұратын (Тәуекел Мұхаммед Ғази хан, Тәуекел Мұхаммед Баһадүр хан, Әбілқайыр Мұхаммед Ғази Баһадүр хан). Сол бір сөзбен-ақ ханның буддизмді ұстанатын мәжуси ойрат-қалмақтармен не шиит-мұсылмандармен күрес жолында жүргенін көрсетуге болар еді. Әбілқайыр хан парсы падишасы Нәдір шахқа оның «адасып жүргенін» айту үшін өз атына «ғази» сөзін қоса қояды.
Джон Касл. Әбілқайыр ханның ықтимал портреті / Третьяков галереясы / Wikimedia Commons
Ханды таныстыру оның қай жұрттың әміршісі екенін, дәргейіне кіретін жердің шегін көрсету үшін де маңызды.
Ханды «падишах», «ұлық хан» не «ұлы хан», ал тіпті де асқақтату керек болса — «хан-и хан-и қалан», яғни «аға ханның ханы» деуге болады. Егер хан билігі шектеулі болса, «хан-и хурд», яғни «кіші хан» дейсіз. Шағын ғана өңірдегі көшпенділерге әмір жүргізіп отырса, «келте хан» деуге болады.
Оған қоса, «Кіші жүздің ханы», «Орта жүздің ханы», «Ұлы жүздің ханы», «Қырғыз-қазақ жұртының орта жүзінің ханы», «түрікмен жұрты мен кей қырғыз-қазақтың ханы», «батыс қазақтардың ханы» дегендер де бар. Мысалы, Әбілқайыр хан өзін «қырғызказағи йуртының хон» («қырғыз-қазақ жұртының ханы»), «қырғызказағи халқының хон» («қырғыз-қазақ халқының ханы») және «қырғызказоғи во каракалпағы хан» («қырғыз-қазақ пен қарақалпақтың ханы») дейтін.
Кейде «ұлы жеңімпаз», «ержүрек жеңімпаз», «ұлылықтың атасы», «ержүрек, даңқты» деп әспеттеуге болады.
Не жазасыз?
Бұдан әрі хаттың негізгі бөлігі басталады. Оның мазмұны сан қилы болуы мүмкін: әдетте біреу барымта қылған, адам айдап әкеткен, керуен тонаған, сөзінен тайған не сіздің мәртебеңізді мойындамай қойған дегендей әлдебір қиындықтар сөз болады. Кейде ортақ жауға күш қосып, бірге аттанайық деп ұсыныс білдіресіз.
Кіші жүз ханы І Қайып Османлы сұлтаны ІІІ Ахметке сол райда хат жазғаны бар:
«Ұлы мәртебелімнің қаперінде болсын: біздің ел мен Мәскеу мемлекетінің арасында бір жер бар, оны жұрт «Ака Аштак» дейді. Онда тұратындардың бәрі — сүнниттер.
Бұрын сол жер тоналып қалғанда Мәскеу оны күшпен басып алған. Содан бері онда тұратындар Мәскеудің дәргейіне бас иіп, оған алым төлеп келеді. Енді сол өз әскері мен байрағы бар жұрт Мәскеуден қорқып, мұсылман дініне бас иіп, бізге ауып келді.
Сізден қолдау болса, біз кәпірлерден сол жердің сегіз қаласын тартып ала аламыз. Күш қосып аттансақ, Мәскеу иелігін тас-талқан қыламыз.
Осы ойға бекініп, Баб-Әлиге Сейітқұлы шухра ағасы биді дос пейіл елшілікке жұмсағалы отырғанымызда, соғыс болып, кәпірлер жеңілді деген хабар жетті. Солайша, бүкіл әлем қуанышқа бөленді».
Хат арқылы наразылық білдіруге де болады. Мәселен, Әбілқайыр хан бір жолы Орынборға Ресей дипломаты А.И.Тевкелевпен кездесуге аттанады, ол болса жорта ауырып қалып, Әбілқайыр ханмен кездеспей қояды да, соңынан мұны қайта шақыртады.
«Мырзаны тосып, Орынборда үш ай тұрдым. Он бес адамыммен бірге Орынбордың ту сыртында, далада күттім, ұлым шаһар ішінде болды. Сол арада маған сый-құрмет көрсетілген жоқ. Мырза болса, сырқатпын, жүре алмаймын деді.
Ал енді, сауығып болған соң мені неменеге шақыртасың?... Сібір жолына неменеге шықтың? Не мұқтажың бар еді онда? Оған патша ағзамның қаншама қазынасы ысырап болды. Сені Орынбор шәріне соғыссын деп емес, қаланың күйін келтірсін, сауда-саттықты кеңейтсін деп жіберді емес пе. Кім де кім айыпты болса, жазасын беруге болар еді, өзің баратындай мұқтажың жоқ еді».
Ара-тұра байлаулы келісім бұзылып жататыны бар. Айталық, Әбілқайыр хан 1745 жылы қайсыбір Ресей шенеунігіне жазған хатында былай дейді:
«Сіздің пәрменіңізде біздің жұрт Ертісті өрлей шықпасын, Ертіс маңын жайламасын делініпті. Менің дәргейіме қарайтындардың бәріне солай деп хабар таратамын. Ал сол хабарым жетпегендер алда-жалда Ертіс маңына бара қалса, оларға зиян қылмаңыз деп сұраймын.
Сізден денсаулығыңыздың жайын айтқан хабар, сондай-ақ аттар мен тұтқындар туралы хат жетті. Менің дәргейімдегі ел арасында сіздің тұтқындар мен аттар жоқ. Біз бодан бола тұра ондай тұтқындар мен аттарды ұстап отырсақ, арамыздағы одақтың жайы не болмақ?
Алайда былтыр сіздің адамдарыңыз 42 адам, 24 түйе, 1 300 жылқы, 13 үйді байымен, мүлкімен қосып әкетті. Содан 382 жылқы қайтты, 918 жылқы сіздерде қалды.
Тостың ұлы Тайлаққа келсек, біздің адамдарды шоқындырады екен деп естідік: алдымен айдап әкетіп, сосын шоқындырады екен. Біз де сіздердің адамдарды айдап әкеліп, мұсылман қылсақ, сол жақсы болар ма еді?»
Хатта көршілермен — қалмақ, башқұрт, орал және сібір казактарымен арадағы кикілжіңдерді де талқылап алуға болады.
Ақырында, сауда жайы сөз болуы ықтимал. Көпестер, керуендер, алым-салық, Орынбор, шекара сызығы мен жолдар қауіпсіздігі хандар жазатын хаттарда жиі айтылады. Жолды ашсын деп, керуенді қорғасын деп, тоналған керуеннің тауарын қайтарсын, айырбасқа кедергі болмасын деп тілек білдіру үйреншікті жағдай болған.
Әбілқайыр хан, айталық, орыс патшасына жазған хатында былай дейді:
«Саудагерлер сіздің ел мен біздің ордалар арасында тура жолмен, сізден бізге, бізден сізге кедергі көрмей, қауіп төнбей тікелей жүріп тұрса дейміз. Соған қоса, ұлы мәртебелі патша ағзам біздің хандық иелігімізге оң көзбен қараса дейміз».
Мөр басарсыз
Хатқа қол қоя салу аздық етеді, міндетті түрде мөр басып, хат соңында «Пәленше де түгенше, мөрімді бастым» дерсіз. Ол үшін мөр-жүзігіңіз әзір тұрсын. Әдетте хан атынан жазылатын хаттарға бадамша мөр басылады. Сұлтан не бидің хатшысы болсаңыз, шаршы, дөңгелек, сопақ мөр ұстауыңыз мүмкін. Мөрде хат иесінің аты-жөні мен мәртебесі төте жазумен жазылады:
«Әбілқайыр Баһадүр хан ибн Қажы сұлтан», «Абылай хан бин Баһадүр Уәли сұлтан»
Абылай ханның генерал-поручик Д.И.Чичеринге 1780 жылғы 2 қыркүйекте жазған хаты / «Эпистолярное наследие казахской правящей элиты. 1675–1780 гг.». Алматы: «АБДИ Компани» АҚ, 2014. 595-б., № 343 хат
Шабарман мен тілмаштың аты-жөнін көрсетерсіз
Хатты кім апаратынын, кім аударғанын, сосын, әрине, күнін жазып қоюды ұмытпассыз. Сонда хатыңыз жетер жеріне жетпей қалса, сұрауы кімнен екені түсінікті болады. Тек, күнді бір емес, бірнеше қалыпта жазу керегін ескеріңіз, өйткені қазақ, орыс, ойрат не қытайдың жыл санауы әртүрлі болған. Сондықтан хан кеңсесінде қызмет етем десеңіз, мұсылман, юлиан және будда күнтізбелерін зерделеп алуыңыз шарт.
Осымен бәрі дайын, хан атынан жазған хатыңызды шабарманға тапсыра берсеңіз болады.