ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫСЫНЫҢ ТАРИХЫ

Ахмет Тоқтабай

~ 5 мин оқу

Ахмет Тоқтабай / Qalam

Тарихшы Ахмет Тоқтабай Qalam-ға берген көлемді сұхбатында жылқыға қатысты сақтардан жеткен рәсімнің қазіргі қазақ қоғамындағы көрінісі, жылқылы байлар, жылқы шаруашылығы, қазақта қанша жылқы болғаны, «лошадь» сөзінің шығу тегі және басқа деректер туралы айтып берді.

Қазақ жылқысы деген не?

Қазақ жылқысының тарихы БотайданiБотай мәдениеті — Ақмола облысынан табылған, б.з.д. 3700–3100 ж.ж. жататын археологиялық мәдениет басталады. Берісі — 5,5–6 мың жыл. Ботайдан табылған жылқылардың 90%-ы — жабы. Алты мың жылда өзгермеген жануар. Мен оны «Еуразия жылқыларының анасы» деп атаймын. Себебі ең көне тұқым. Қазақ жылқысы дегеніміз — осы.

Жабы — қораштау, жатағандау келетін жал-құйрығы қалың жылқы. Тез ет алады. Қазір де баршылық.

Жылқының қаңқасы, реконструкция, б.з.б. 4–3 мың жылдар. Солтүстік Қазақстан, Ботай мәдениеті. Түркістан мәдени орталығы, Қазақстан/Alamy

Оның басқалардан басты айырмашылығы — төзімділігі және күй талғамайтыны. Басқа тұқымдар секілді қорада ғана ұстап, жем-шөбін және суын беріп отыру қажет емес. Далада жайылып жүріп, азығын өзі тауып алады. Плюс 40, минус 40 градусқа да шыдайды. Күніне 200, тіпті 300 шақырым жол жүріп бере алады. Орыс офицерлері бұл жылқы туралы көп жазған. Сосын 1841–1918 жылдар аралығында шыққан «Журнал коннозаводства и охоты» деген басылым бар. Біреуі мың бетке дейін барады. Сол жерде қазақ жылқысы туралы дерек көп кездеседі.

Адаммен бірге жерленген жылқы

Қазақ жерінен табылған ежелгі қорымдарды зерттегенде, онда адаммен бірге жылқының жерленгені анықталды. Бұл — сақтардың дәуіріне тән нәрсе. Олар о дүниеде өмір бар, марқұм болған адам сол жақта жылқы мініп жүреді деп, бірге көмген. Жануарды ғана емес, оның бүкіл ер-тұрманын, керек-жарағын өлген адамның қасына қойған. Ал Тывадағы Аржан қорғанындаiАржан — уюк мәдениетіне кіретін көне ескерткіштердің шартты атауы. Алғаш табылған Аржан-1 қорымы б.з.д. 10-ғасырдың ортасында көтерілген скифтер жүз шақты жылқыны қырып, адаммен бірге жерлепті. Мына Берелдің өзіндеiБерел қорғандары — б.з.д. 5–4-ғасырларға жататын қорымдар тобы. Шығыс Қазақстанда, Қатон-Қарағайда орналасқан 13 жылқыны ана дүниеде мінсін деп, патшамен бірге көмген.

Иесімен бірге жерленетін жылқының әшекейлі жабдықтары. Б.з.д. 4-ғасыр / Wikimedia Commons

Бұл діни наным-сенім Түркі дәуірінде де кездеседі, бірақ сирек. Жылқыны бірге көмгенімен, сақтар секілді қырып тастамай, бірлі-жарым ғана жануарды адаммен қатар жерлеген.

«Ат тұлдау» қандай дәстүр?

Қазақта мынандай аталы сөз бар: бір-бірімен танысып жатса, «Әкеңіз аман-сау ма? Қалы қалай?» деп сұрайды. Сонда екінші адам «Әкемізді атқа мінгізіп жібердік» деп жауап берсе, басқалар «әкесі қайтыс болған екен ғой» деп, бірден түсіне қояды.

Сосын қазақта қайтқан адамның жылдығына жылқы сояды. Осыған орай «тұлдаған ат» деген түсінік бар. Қайтыс болған кісінің атын құйрық-жалын күзеп, босатып қоя береді де, жыл өткен соң марқұмның асына сояды. Мұндай жылқыға ұры да тиіспейді. Сойған соң оның бас сүйегін қабірдің басына қояды.

Марқұмның қырқын беру / Library of Congress

Бұл — баяғы скифтерден басталған дәстүр, яғни марқұмды жылқысымен бірге жерлеу жоралғысының өзгерген формасы. Жалпы мына ас берудің тарихы екі жарым мың жыл деуге болады. Оның ізін тіпті мына үнді-еуропалықтардың ашвамедха деген діни жоралғысынан да көремізiашвамедха — ведизм дініндегі ең маңызды құрбандық шалу рәсімінің бірі. Құрбандыққа жылқы шалады. Ал қазақта ас — тіпті діннен де жоғары, маңызды салт.

Жылқылы байлар және жылқы шаруашылығы

Қазақта мыңғырған жылқысы бар байлар болған. Негізінен Арқада көп кездескен. Тіпті жылқысының саны белгілі тұлғалар бар. Мысалы, Алдан мен Жұман деген атақты екі байдың 24 мың жылқысы болыпты. Ал Қорғалжың жақтағы Ақтайлақ байдың жылқысы 17 мыңға жеткен. Шығыс өңіріндегі Тана мырзаның қолында 10 мың жылқы болған. Сосын Орынбор, Ор маңында, Жағалбайлы елінде жылқылы байлар көп кездескен екен.

Осыншама жылқыға жайылым керек. Бұл мәселені билер реттеп отырды. Мәселен, бір адамның 2–3 мың жылқысы болды делік. Бірақ жұт кезінде малы қырылып қалады. Осы арада екінші бір қазақ байып, жылқысының саны көбейеді. Сонда бірінші адамның жері екіншіге өтіп кете беретін, яғни кімнің малы көп болса, жерді де көп алады.

Салт атты қазақтар. Солтүстік Қазақстан, 1885–1886 жылдар / Library of Congress

Бұдан соң қазақтың байлары бүкіл руды асырады. Мысалы, жоғарыдағы Ақтайлақ бай бір қыста 60 жылқы сойып отырған. Оның бәрі өзіне емес, маңайындағы руластарына, кедей-кепшікке арналған ғой. Одан бөлек байлар әскерді жылқымен қамтамасыз еткен.

Түркітанушы Василий Радловтың былай дейтіні бар:

«Қазақтың көшпелі қоғамы сырттан қарағанда хаос сияқты көрінгенімен, ішінде бәрі үйлесіммен жасалған. Әдет-ғұрыппен, билер заңымен реттеліп отырады».

19-ғасырдың аяғы мен 20-ғасырдың басында қазақ жерінде жүрген орыс экспедициялары: «Бұл халық қысқы соғымға міндетті түрде жылқы сояды. Қымызды көп ішеді және жорық атын бөлек ұстайды», – деп жазады. Бұдан бөлек сол деректерде қазақтың сиыр етін жемейтіні жайлы айтылады. «Говядина — пища бедных» деп анық көрсетілген.

Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомынан. 1899 / romanovempire.org

Жылқышының мәртебесін бөлек айта кету керек. Оның құрметі қойшыға, сиыршыға, басқаларға қарағанда жоғары тұратын. Тіпті байдың оң жағынан орын бұйырған. Себебі жылқы бағу — оңай іс емес. Қыстың боранында аттан түспей жылқымен бірге бірнеше тәулік ығып жүре береді. Сондықтан жылқышыларды батыр адам деп санаған. Тіпті дәулетті бай малын жұттан қорғап қалған жылқышыға қызын берген оқиғалар да кездеседі.

Қазақтың жылқы саудасы және «лошадь» сөзінің пайда болуы

Ресей империясы да, Қытай да жылқыға зәру болды. Мәселен, 1702–1703 жылдары Түркияға қарсы жүрген Азау жорықтарында Петр патшаның әскерінде жылқы болмай, зеңбіректерді адамдар сүйреген екен. Осындай жағдайда қазақтар екі жаққа да жылқы сатып отырды. «Қазақ даласы — жылқының сарқылмас қазынасы» деген содан қалған.

Қытайлар Үрімжі, Шәуешекте толып жатқан мал базарын ашып, жылқы саудасын жолға қойды. Императордың мынадай арнаулы бұйрығы бар:

«Қазақтарға ең жақсы тауарларыңды беріңдер. Шай болсын, жібек болсын — сұрағанын тауып беріңдер. Оларды алдаушы болмаңдар».

Себебі империя жылқыға мұқтаж еді.

Қытай өз жағынан жылқы саудасын жолға қоюға Ли деген атағы шыққан батыр, қолбасшыны қойыпты. Ал Абылай хан Қабанбай батырды жіберген. Алғаш рет 300 жылқы алып баратын адам — осы Қабанбай.

Орынборда Меновой двор деген арнайы орын бар, сол жерде де қазақтың жылқысы мыңдап сатылған.

Жалпы бізде жылқы саудасы 9–10-ғасырларда да болды. Орыс кінәздіктерімен байланыс жақсы жүрді. Ол кездегі атауымыз Алаш қой. Осы жақтан барған жылқыны «алаш ат» деп атап кеткен. «Лошадь» сөзінің шығу тегі — сол. Бұл — Владимир Даль деген ірі ғалымның дәлелдеген дүниесі. Кейін оны атақты Олег Трубачев деген филолог та жазды.

Қазақта қанша жылқы болды?

Патшалық Ресейдің статистикасында тек Қазақстанда 4 миллионнан астам жылқы бар деген деректер кездеседі. Одан бөлек Моңғолия мен Қытай қазақтарының малын қосса, 7 миллионға дейін жеткен. Қазақтың басына бақ қонып, шарықтаған кезі — 1913 жыл. Адам саны да, мал саны да жақсы өскен. Сол кезде қазақта 49 миллион түлік бар екен. Оның 5 миллионы жылқы, ал 1 миллион 200 мыңы түйе болған. Оған сиыр, қой-ешкіні қосыңыз. Сонда қазақтың малының көбейгені сонша, мына Сібірдегі, Орынбордағы, Астраханьдағы казак әскерлерінің жерін қазақтың байлары жалға алып, жайылым ретінде пайдаланған, жылқысын қыстатқан.

Жылқышы. Арал маңы, Арал теңізі, Қазақстан, Орталық Азия / Alamy

Бірақ патшалық Ресей қазақтың басынан сипаған жоқ. «Десятиверстная полоса» деген болды: Жайық, Ертіс секілді өзендердің оң жағы мен сол жағынан он верстенiорыс қашықтық өлшемі – 1,06 шқ алып, қазақтарды жолатпаған ғой. Соған қарамастан мал басының өсімі айтарлықтай болған.

Кеңес Одағы тұсындағы «жылқы ату» науқаны

Сол малдың бәрін Кеңес Одағы құртты. Өзіңіз қараңыз, 1939 жылғы санақта баяғы 49 миллион малдан бес-ақ миллион қалған. Жылқының саны 300 мыңға дейін түскен.

Сосын бұл кезеңде «жылқы ату» науқандары жүрді. Бір себебі — ішкі Ресейге ет керек болды. Екінші себебі — қазақ жылқы үстінде жүрсе, жаугершілігін қоймайды деп түсініп, малды жаппай өлтірген. Кәдімгідей пулеметпен оқ жаудырып қырып салады екен. Жетісуда «Жылқы қырылған», Семей өңірінде «Ат атқан» деген жерлердің атауы содан қалған.

Бұл — қазақ жылқысы туралы Ахмет Тоқтабаймен болған сұхбаттың бір бөлігі ғана. Толық нұсқасын Qalam Tarih атты YouTube-арнамыздан қарай аласыз.

Көшірілді