«Қазақстан ядролық сынақтың зардабын әлі тартып келеді»

Тоғжан Қасенова

~ 4 мин оқу
«Қазақстан ядролық сынақтың зардабын әлі тартып келеді»

Тоғжан Қасенова / Qalam

Ядролық саясат жөніндегі сарапшы, Семей полигоны туралы «Атом улаған дала» кітабының авторы Тоғжан Қасенова Qalam-ға берген сұхбатында Кеңес билігінің ядролық сынақ жүргізу үшін не себепті Қазақстанды таңдағаны,  «Невада-Семей» қозғалысының қалай пайда болғаны және полигон туралы толық шындықты неге әлі білмей отырғанымыз жайлы айтып берді.

Кеңес Одағының ядролық сынағы: геноцид емес, бірақ қылмыс

Қазақстандағы кей адам Кеңес Одағы жүргізген ядролық сынақтарды геноцид деп атайды. Бірақ мен олай емес дер едім. Геноцид — белгілі бір топты мақсатты түрде жою. Ал Кеңес билігі ядролық жарыста АҚШ-ты қуып жетіп, басып озуды мақсат етті. Оларды қазақстандықтардың денсаулығы және өмірімен өтеген, әлі күнге дейін өтеп келе жатқан масқара «құн» қызықтырмады. Мұнда тек қана жергілікті қазақтар туралы емес, Қазақстанда өмір сүрген, өмір сүріп отырған барлық адам жайында айтуға болады. Мен мұны біздің халыққа қарсы жасалған қылмыс деп атай аламын.

Семей неге таңдалды?

Кеңес Одағы билігінің пайымдауынша, бұл халық аз тұратын аймақ саналды. Семей полигонының пайда болуына түрткі болған бірнеше себеп бар. Соның бірі, әрине, геология. Бастапқы кезде тегіс орын іздеді. Бұл талапқа Қазақстанның шығысындағы далалы өңір сай келе қалды. Бірақ кейін жақын маңдағы тау-тасты аймақтарда жерасты сынақтарын жүргізе бастады. 

Географиялық тұрғыдан алғанда, жақын маңда көлік магистралі өтуге тиіс еді. Алайда тыңшылықтан қорғану үшін полигонға тым жақындап кетуінен де сақтанды. Сондай-ақ сынақ жүргізу барысында су алуға және қажеттілік туғанда жүк тасымалдауға мүмкіндік беретін өзен қажет болды.

Семей ядролық полигоны / Ресей ғылым академиясының музейі / Alamy

Семей ядролық полигоны / Ресей ғылым академиясының музейі / Alamy

Құмдақ жерлер мен тау жынысы туралы да айтылады. Ол құрылыс пен басқадай қажеттілікті жапты. Архив материалдарымен танысқан соң, басты себептің бірі — сынақты Мәскеуден барынша алыс аймақта өткізу болғанына көзім жете түсті, яғни әлдене қатер тудырса, бұл метрополияға пәлендей қауіп әкелмеуге тиіс еді.

Сынақтың салдарына ешкім бас қатырмады

1953 жылғы алғашқы термоядролық сынақтың қарсаңы. Бәрі дайын. Ғалымдар сынақтың қуаты әдеткі ойлағаннан әлденеше есе жоғары болатынын жақсы білді. Соңғы сәтте министрліктің бір өкілі, меніңше, Гаврилов болуы керек, — «Халықты қайтеміз? Мұны да ойлау керек» деген сұрақ қойды.

Бұл секілді «қажетсіз» сауалдар әскери басшылықты қатты ызаландырды. Кейін Сахаров мемуарында: «Рас, ғылыми тапсырманы шешуге басыбүтін беріліп кеткеніміз сонша, адамдардың жайын ойламаппыз», – деп жазды.

Екі таңдаудың бірін жасау керек: не сынақты кейінге қалдырып, қауіпсіз түрде жүргізу жағын ойластыру, не жаппай эвакуация жасау. Кеңес билігі екінші нұсқаны жөн көрді. Бірақ бар мәселе сол эвакуацияның қалай жүргенінде жатыр.

Семей ядролық полигонында жүргізілген кеңестік тұңғыш сутегі бомбасының сынағы. 1953 жыл, 12 тамыз / Alamy

Семей ядролық полигонында жүргізілген кеңестік тұңғыш сутегі бомбасының сынағы. 1953 жыл, 12 тамыз / Alamy

Мына бір жағдайды елестетіп көріңіз. Ауылда тұрасыз. Малыңыз бар, бақша ұстайсыз. Біртоға, қалыпты өмір сүресіз. Кенет әскерилер келіп, сізге «жиналыңыз» дейді. Қайда барасыз, қашан ораласыз — ештеңе түсіндірмейді. Улап-шулаған ел ата-бабасының бейіті жатқан мекенді қайта көреміз бе, жоқ па деп жылаған екен. Шын мәнінде, адамдарды екі аптаға ғана көшірген болатын.

Мен сөйлескен дәрігер апыл-ғұпыл атқарылған шараның халыққа көмектескен-көмектеспегені түсініксіз дейді. Жұртты алысқа көшірмеген, әрі желдің қай бағытта соққаны белгісіз. Үйіне оралған жұрт ластанған құдығы мен өртенген малын көреді. Рас, эвакуация жүрді, бірақ оның пайдасы тигені неғайбыл. Сахаров осы сынақтан соң адамдарды ойлап, алаңдаған көрінеді. Сонда әскерилердің бірі оған: «Неге сонша мазаңыз қашып тұр? Әскери іс-қимыл кезінде құрбандықтың болуы — қалыпты дүние», – деп жауап беріпті.

Шыдамды тауысқан 1989 жылғы сынақ

1989 жылдың 12 ақпанда жүрген жерасты сынақтарының бірі аймақтың радиоактивті жолмен алапат ластануына әкеп соқты. Ширыққан қоғамның шыдамы таусылды: Қазақстанда жаппай наразалық басталды. 

Олжас Сүлейменов телеарнаға шығып, қазақстандықтарды қарсылық танытуға шақырды. Мыңдаған адам Жазушылар одағының ғимаратына барды. Ұйымдастырушылардың өзі көп ел жиналады деп күтпепті.  Одақтың акт залына 400 шамасында ғана адам сыйған, қалғаны көшеде тұрыпты…

Ален Ног. Олжас Сүлейменов  «Невада — Семей» антиядролық қозғалысының акциясында / Sygma via Getty Images

Ален Ног. Олжас Сүлейменов «Невада — Семей» антиядролық қозғалысының акциясында / Sygma via Getty Images

Антиядролық қозғалыс осылай пайда болды. 1989 жылдың өзінде дәл осы қозғалыстың арқасында сынақ саны азайды. Бұл туралы жеткілікті шамада айта бермейміз. Біз тек 1991 жылдың тамызында полигонның ресми түрде жабылғаны жайлы көбірек білеміз. Алайда Семей полигонындағы соңғы сынақ, қателеспесем, 1989 жылдың қазанында жасалды. Қозғалыс етек жайып, бұқаралық сипат алғандықтан Мәскеу оған құлақ асты. Өйткені қоғам сынақ жүргізу мүмкіндік бермейтіндей қарсылық тудырды.

Ален Ног. «Невада — Семей» антиядролық  қозғалысының акциясы / Sygma via Getty Images

Ален Ног. «Невада — Семей» антиядролық қозғалысының акциясы / Sygma via Getty Images

Полигон жайлы ақпаратты неге толық білмейміз?

1950-жылдары Кеңес үкіметі халықтың ауруға ұшырағанын түсінгенімен сынақтың әсерін азайту жолында ештеңе істеген жоқ. Бәрі жасырын еді, алыс-беріс ақпарат тексеріліп отыратын. Ара-тұра Семейге барып қалатын экспедициялардың өзі Мәскеудің айтқанымен жүрді. Жергілікті халықтың жағдайы бақылауда болғанымен бәрі  құпия жүргізілді. Жиналған мәлімет жергілікті денсаулық сақтау органдарына берілмейтін. Ол аз десеңіз, Семейдегі және облыстағы дәрігерлерге дұрыс диагноз қоюға тыйым салынды. Мәселен, адам асқазанның қатерлі ісігінен қайтыс болса, оның қағазында жәй ғана «асқазан сырқаты» деп көрсетілетін.

1957 жылы Семейде бруцеллезге қарсы деген сылтаумен диспансер ашылды. Мұнда ауылдық жерлерде тұратын 10 мыңдай адам және сол шамалас өзге аймақтың тұрғындары да бақылауға алынды. Ядролық соғыс бола қалса, радиацияның елге қалай әсер ететінін түсіну үшін оған қатысты мәліметтер жинақталды.  Диспансердің өзінде 15–20 ғана орын бар еді. Біреуді емдей қояйын деген ниеттен ада мекеме тек ақпарат жинаумен айналысатын.

Ален Ног. Семей ядролық полигонының / Sygma via Getty Images

Ален Ног. Семей ядролық полигонының / Sygma via Getty Images

Көп мәлімет Өңірлік патология институтының профессоры Бахия Атшабаров басшылық еткен медициналық экспедицияның арқасында сақталды. 1957–1959 жылдар аралығында бұл мамандар Семейге барып, ештеңені жасырмастан шынайы клиникалық деректерді жинап отырды. Тіпті экспедицияның басынан кешкені көңілімді босатып жібергені бар. Диктатура құрсап алған заманда Атшабаров: «Не бар, соны жазыңдар», – деп айтқан. Қазір сол материалдарды қарап отырсаң, қанша адам қандай ауруға ұшырады, жануарлардың бойындағы стронций деңгейі — осының бәрі тексеруден өткенін және эмоциясыз құр сөзбен, бірақ үлкен батылдықпен жазылғанын көресің. 

Экспедиция мүшелерін әскери-өндірістік кешенмен байланысты Биофизика институтының қатысуымен өткен жабық конференцияға, Мәскеуге шақырған. Шараның стеннограммасында мәскеуліктердің қазақстандық ғалымдарды біліксіздік таныттың деп айыптауға тырысқаны байқалады. Әдістерің де дұрыс емес, сынамаларың да қате алынған деген секілді. Бірақ біздің дәрігерлер айтқанынан қайтпаған. Үш жылдан соң экспедицияны жауып тынды. Дәлелім жоқ, бірақ қазақстандық мамандар жинаған мәліметтердің тарихта атқарған өз рөлі бар сияқты, себебі сол кезде КСРО, АҚШ және Ұлыбритания арасында атмосферадағы ядролық сынақтарға тыйым салу туралы келіссөз жүріп жатқан. Экспедиция деректері осы шешімге ықпал етті деп ойлаймын. 

Қазақстан тәуелсіздік алған соң архивтерден бұл материалдарды қарай алатын күнге жеттік. Бұл қазір қолымызда бар ақпараттың ішіндегі ең бір құнды дереккөз болып отыр.

Тоғжан Қасеновамен болған сұхбаттың толық нұсқасын біздің Qalam History атты YouTube-арнамыздан қарай аласыз.