ҚАЗАҚТАР ЖЫЛҚЫНЫ ҚАЛАЙ ЕМДЕГЕН?

Екпеден магиялық жоралғыларға дейін

~ 7 мин оқу

Асы үстіртінде жайылып жүрген жылқылар. Қазақстан / Getty Images

Жүздеген жылдар бойы жылқының саулығына қам қылу — қазақтың көшпелі тірлігінің маңызды бөлігі болып келген. Заманауи ветеринария қолжетімді болғанға дейін-ақ қазақ малшылары малдың сырқатын тануды да, атадан балаға мұра болған ем-дом амалдарын жасауды да жақсы білген. Ол амалдардың бірі дала төсіндегі тіршілік тәжірибесіне, екіншісі тылсым наным-сенімге сүйенсе, енді бірі жануарларға қауіпті де болатын. Qalam редакциясы этнография зерттеулері мен тарихи деректерді зерделей келе, ауырған малды емдеудің ең қызық тәсілдерін топтап ұсынып отыр.

Медицина сөздігі

Көшпелінің бар байлығы — алдындағы төрт түлігі. Мал аласы ішінде дегендей, кесел тиетіні, іш тастайтыны, қартаятыны, төлі ауру болып туатыны, іші кебетіні, кене тиетіні, құрттайтыны болады. Осы сияқты малға тиюі мүмкін кеселді санамалап отырып таң атыруға болар.

Ауырған малды емдеймін десеңіз, алдымен оған не кесел тигенін білуіңіз керек. Көзін ашқалы малмен бірге өрген тәжірибелі малшылар әр бастың жүргенін, жатқанын, тыныс алғанын, жем жегенін, күйіс қайырғанын жазбай таниды, көзін, тұмсығын, мүйізін үнемі қарап жүреді. Шығып кеткен буынды сынып кеткен сүйектен ажыратып, іш кепкен мен іш қатқанның айырмасын жазбай танып, мал ішіне жұқпалы дерт кіргенін де бірден сезеді. Малды емдейтін адамды қазақ оташы дейтін.

Бақтияр Тәбиев. «Жайлауда». 1976 жыл / BonArt

Көшпелі қазақтың малына ауық-ауық айналып келіп тиетін топалаңның өзі түлік түріне қарай: жылқыға тисе — жамандат, ісік не тегене, түйеге тисе — қара без не ақшелек, ірі қараға тисе — қара талақ, ылаң не ошақ, қойға тисе — ұшпа не секіртпе, ал ешкіге тисе — шекшек аталатын.

Әсіресе жылқыға тиетін кесел бұрынырақта егжей-тегжей сипатталған. Өкпесі қабынса — қара өкпе болды, іші кепсе — әлі болды, көзіне ақ түссе — ноқала тиді дейтін. Жұқпалы энцефаломиелит делбе, ал Қазақстанның шығыс аудандарында албыт аталатын.

Тоқтамайтын, жатпайтын түліктің осал жері — сирағы болса керек, соған орай жақсы ат аяғынан қалады деп, әр буынның зақымына қазақ өзінше ат қойған: ұршығы, тобығы не сырғасы тайып кетті дейді, иығы не жауырыны шығып кетті дейді.

Сөйте тұра, кейде кеселдің неден болғанын, қай мүшеге тигенін дөп басып айту қиын кездер болады. Ондайда ем-дом нақты емес, долбарлап жасалып, кейде тіпті зияны да тиіп жататын.

Қандай дәрі-дәрмек қолданылды?

Қай кезде қай халықтың да қолы жетер дәрі-дәрмегі — төңірегінен табылатын нәрсе, соның ішінде көбіне шөп болған. Малға да шөп қайнатып, тұндырып берген, кейде шикі шөпті жегізген. Сондай қадірлі өсімдіктің бірі — Еуразияның көп жерінде, негізінен, су жағасында өсетін көпжылдық өсімдік — қарандыз. Қарандызды талай халық емдік мақсатта қолданған. Ол туралы Гиппократ та, Ибн Сина да жазған. Қазақтар өкпесі қабынған жылқы мен түйеге қарандызды қайнатып, ашықтырып барып ішкізген. Кейде тамырын үгітіп, жемге қосып берген. Оның құрамында қабынуды басып, өкпеден қақырық шығаруға септесетін заттар шынында да бар. Дегенмен, әрине, оны өз алдына дербес дәрі деуге болмайды.

Қарандыз (Inula helenium). «Кёлердің дәрілік өсімдіктері» атласындағы ботаникалық иллюстрация. 1887 жыл / Wikimedia Commons

Мал емдеуге жұмсалатын өсімдіктің біразы улы да болған. Уды дәріге жарату да ежелден келе жатқан амал, «уды у қайтарады» деген сөз содан қалса керек. Мәселен, жылан уы көне медициналық еңбектердің көбінде дәрі есебінде аталады. Кей дерекке қарасақ, көшпелілер малдың ішіндегі құрты мен өзге де паразиттерін түсіру үшін оған өлген улы жыланды жұтқызған. Қазақ арасында тіпті аяғына көкжорға тиген түйеге улы жыланды турап беретін деген әңгімелер де кездеседі. Осындай «дәріден» кейін мал ертеңіне-ақ жүріп кетеді-мыс. Алайда мұндай әңгіме шын деректен гөрі, ел аузындағы хикаяға жақын болуы ықтимал.

Әлі енесінен ажырамаған қозының өкпесі қабынса, оған сырттанның кептірілген тамырын ұнтақтап немесе қара меңдуананың дәнін қаймаққа қосып берген. Екеуінің де құрамында улы заттар бар. Соған қарамастан, қара меңдуана да, қарандыз сияқты, Тибеттен бастап Ежелгі Грекия мен ортағасырлық Еуропаға дейінгі сан алуан мәдениетте дәрі-дәрмек есебінде мыңдаған жылдан бері қолданылып келеді. 19–20-ғасырларда қара меңдуанадан астматол деген дәрі де жасаған. Атауынан-ақ оның астмаға қарсы қолданылғанын аңғаруға болады. Ал меңдуана жапырағы 20-ғасырдың аяғына дейін әр елдің фармакопеясына кіріп келген.

Малдың қотырына да улы шөпті қолданған. Жылқының, түйе мен қойдың үстін усойқы мен қылша қайнатып жуатын.

Қазақтар жусан, майқарағай шайырын да ауырған буын тұсына ысқылап жаққан, темекі мен чилибуханы да дәріге пайдаланған.

Поль Лаббе. Атқа мінген қазақ балалары. Жетісу, 19-ғасырдың аяғы / Франция ұлттық кітапханасы, Gallica

19-ғасыр мен 20-ғасырдың басында қазақ тұрмысына алғашқы синтетикалық дәрілер де ене бастады. Соның бірі — неше түрлі жараға жағылатын кең тараған антисептик тотияйын болған: оны аусылға да қолданған, тұяқ арасындағы іріңдеген жерге сепкен, тіпті езіп ішкізіп те қолданған.

Алмастың, яғни сынап хлоридінің антисептик қасиетін орта ғасырларда араб және парсы дәрігерлері де жазып кеткен. 19-ғасырдың ортасына қарай алмас қызылша мен мерезді емдеуге де қолданыла бастаған. Этнографтар шошынған безді сылып тастағаннан кейін қалған жараға алмас жаққанын, айналшық тиген малдың бас сүйегін тескен жерге салғанын, буын аурулары мен салға да қолданғанын жазып қалдырған.

Сондай-ақ қотырға керосин, аусылға қарамай жағып, тіпті жараға оқ-дәрі сеуіп емдеу түрлері туралы да дерек бар. Бұдан бөлек, қара сабын, қазанның күйесі, қи майы мен сүйек майы, апиын, ашыған қымыз және тағы талай нәрсе емге жүрген.

Ота қалай жасалатын?

Ауырған малды емдеудегі амалдың көбі ота жасау мен сүйек салуға байланысты болған. Сынған сүйек пен шыққан буынды орнына түсіріп, қолдан жасалған киіз таңғышпен бекіткен, малды піштеген, паразиттерді, мәселен, тамаққа түскен бөгелек дернәсілін алып тастаған. Бұдан да күрделі ота жасауға тура келген кездер болған. Қой не жылқының ішегі түйіліп қалса, жануардың қарнын жарып, ішектің түйінін тауып, жазып, терінің тілігін сіңір жіппен тігіп қоятын.

Төрт түліктің бәріне де топалаң көп тиетін. Халық емшілерінің айтуынша, топалаң тиген мал аяқ астынан жемнен қалады, қалшылдап, тісін шықырлатады, демігіп, қатты сырылдайды, ал сыртынан шыққан ісігі тез үлкейеді. Осындай белгі байқалған малды дереу үйірден бөліп, байлап ұстаған. Жылқы топалаңының жеңілірек өтетін карбункулез түрі — ісік шықса, алдымен ісіктің өзін емдеген. Оны қызған темір басып қаритын немесе терісін аздап тіліп, астына бір түйір апиын салатын. Кейде оташы шұғыл ота жасап, тері астындағы ісікті кесіп сылып алып, жараның үстіне молынан ұнтақтап тұз себетін.

Самуил Дудин. «Бие сауу». Семей облысы, 1899 жыл / Romanov Empire

Отаның кейбірі, әрине, кеселдің жайын дұрыс түсінбегеннен жасалып, көбіне пайдасынан зияны көп болатын. Оның үстіне, қазіргі антисептик, антибиотик, анестезия деген жоқ. Малдың неден ауырғанын тануда қате кеткен кез де аз болмаған. Мәселен, көзге ақ түскені шеміршек өсіп кеткеннен болады деп білген. Бұл, әрине, дұрыс емес. Соған қарамастан, ноқаланы кетіреміз деп малдың үшінші қабағын тартып шығарып, ішіндегі шеміршегін пышақпен кесіп алып тастайтын, кейін жарасына қант пен ағаш көмірінің ұнтағын араластырып себетін. Ондай емнен ноқала жазыла қоймасы анық.

Ел ішінде жүрген оташының қолынан қандауыры түспейтін. Тәжірибелі емшілер қолтық асты мен үстіңгі еріндегі тамырды жазбай тауып, қандауырдың ұшымен шертіп жіберіп қан шығарады. Алғаш аққан қанның бірнеше тамшысын суық су құйылған кесеге тамызады. Қан тамшысы бірден ыдыстың түбіне шөгіп қалса, кесел асқынып, ауыр өтіп жатыр деп санаған. Ал қан бірден су бетіне тарап кетсе, ауру енді басталып келеді деген белгі деп білген.

Аурудың алдын алу

Өз заманына аса озық амалдың бірі — малға әдейі ауру жұқтырып, алдын ала иммунитет қалыптастыру болған. Мұндай тәсіл әсіресе күл мен аусылдан сақтануға қолданылған. Екпенің мәні, жалпы алғанда, жансыз микробты не оның тіршілік нышаны жоқ бөлшектерін — антигендерді ағзаға енгізіп, иммунитеттің жауабын ояту екені белгілі. Осылайша, иммун жасушалары әлдебір аурумен күресуді «үйренеді».

Қазақтарда ондай «вакцина» есебінде күлден өлген қойдың өкпесін жұмсаған. Сау қойларды үйге қамап, құлағының терісін тіледі де, теріні шеміршектен ажыратып, ашылған қуысына майдалап туралған өкпенің бір түйірін салады. Тағы бір тәсілде өлген қойдың өкпесінен шыққан сұйыққа жіп малып алып, сол жіпті инеге сабақтап, сау малдың құлағын тесіп өткізген. Осындай қарабайыр екпеден кейін қойдың құлағы маңына күлдің күлдіреуіктері шығып, мал тез айығып кететін.

Самуил Дудин. «Семей облысының қазақтары» альбомы. 1899 жыл / Romanov Empire

Екпеден бөлек, аурудың алдын алу үшін малды оқшаулап ұстау да қолданылған. Топалаң шықса, жайылым ауыстырған, ауырған малды табыннан не үйірден бөліп ұстаған, ал өлген малдың өлексесін жерге көміп тастаған.

Наным-сенім мен магиялық ғұрыптар

Практикаға сүйенген ем-доммен қатар, сиқырлы жоралғылар да жүрген, бірақ олар халық ветеринариясының біртұтас жүйесін құрамаған. Кейбірі тек жекелеген өңірлерде белгілі болса, енді бірі әлдебір ауыр жағдайда — әсіресе мал жаппай қырылғанда не әдеттегі ем-домнан қайран болмағанда жасалған. Топалаң жайласа, отарды зиратқа не мазарға апарып, екі оттың арасынан не ала жіптің астынан айдап өткізген. Жылқының іші кепсе, кейде оны зиратты айналдыра жетелеген, ал айналшық тиген малға бәдік айтқан.

Киіз үй жанындағы қазақ шабандоздары. Сырдария облысы. «Түркістан альбомының» этнографиялық бөліміндегі фотосурет. 1871–1872 жылдар / АҚШ Конгресі кітапханасы

Мұндай жоралғының ішінде аяусыз рәсімдер де болған. Қара мысықты өлтіріп, отардың маңына көметін, ал ауырған қойдың құлағын кесіп, «бастан құлақ садаға» деп құрбандық қылып тастаған. Алайда мұндайды әркез жасалатын қалыпты рәсім деп түсінуге болмайды. Көбіне бұл себебі беймәлім кеселге қалай да амал қылмақ болған жанталас болса керек. Мақала авторы олардың пайдасы болмағанын, ал, керісінше, бақылау мен тәжірибеден жинақталған мал күту тәсілдері, сондай-ақ ота жасау және індеттің алдын алу шаралары нәтиже беретінін баса айтады.

Не оқып көруге болады?

Аргынбаев Х.А. О народной ветеринарии казахов // История культуры Арало-Каспия: сборник статей. Вып. 1. Алматы: Құс жолы, 2001. С. 91–103.

Добросмыслов А.И. Скотоводство в Тургайской области. Оренбург, 1895.

Добросмыслов А.И. Ветеринарный надзор в Тургайской области. Оренбург, 1897.

Ибрагимов М. Киргизский способ лечения некоторых болезней скота // Особое прибавление к «Акмолинским областным ведомостям». 1890. № 51.

Реезе К. Болезнь лошадей, называемая киргизами «шекекурт», наблюдавшаяся в Кустанайском уезде Тургайской области // Вестник общественной ветеринарии. СПб., 1908. № 21.

Сейдалин Султан. Ветеринария у киргизов // Вестник общественной ветеринарии. СПб., 1906. № 4.

Көшірілді