Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы көп айтыла бермейтін жайттың бірі — қазақстандық еріктілердің Еуропа аумағындағы антифашистік қарсылық қозғалыстарына қатысуы. Германия қарулы күштерінің сөзсіз тізе бүгуі туралы актіге қол қойылған атаулы күнге орай Qalam Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде сақталған партизандық күреске қатысушылар — Қадем Жұманиязов пен Телжан Желқожиновтың қолжазба естеліктерінен үзінділер жариялайды.
Орфографиялық қателер түзетілді.
Қадем Жұманиязов 1945 жылғы 12 желтоқсанда күнделігіне былай деп жазады:
«Өткен жылы, 1944 жылдың 12 желтоқсанында Францияның оңтүстігіндегі Тулуза қаласында біздің алғашқы Кеңес партизан полкі орналасты. Оның құрамындағы жауынгерлердің басым бөлігі ұлты жағынан қазақтар мен грузиндер еді. Біз бәріміз немістердің әскери тұтқындар лагерінен қашып шығып, партизандар қатарына қосылдық және немістерге қарсы шайқастық.
Мен құрамында испандар, француздар, поляктар, орыстар мен қазақтар болған тоқсан адамдық автоматшылар партизан отрядын басқардым. Францияның оңтүстігіндегі көптеген қалалар мен ауылдарды азат еттік. Атап айтқанда: Тулуза, Альби, Кармо, Монтобан, Ажен, Каркасон, Фуа, Сен-Жирон, Сен-Флур, Сен-Кантен, Але-ле-Бен, Олюс-ле-Бен және тағы басқалар.
…Азық-түлікті жергілікті тұрғындардан алдық, ал оқ-дәрі, қару-жарақ пен киім-кешекті әуе арқылы жеткізіп тұрды, яғни америкалықтар мен ағылшындар парашютпен тастап отырды».
Сонымен қатар ол кеңес генералдарымен кездесуі және Францияда азат етілген советтік әскери тұтқындарға баспана ұйымдастырудағы өз рөлі туралы да баяндайды:
«1944 жылғы 24 қазаннан кейін испанның 2-партизан бригадасы маған лейтенант атағын берді. Мен партизандардың ішінен 64 адамды жинап, Тулуза қаласына келдім. Сол жерде КСРО-ға, елге қайту үшін барлық шағын партизан жасақтары жиналды. Кеңес Одағынан генерал-майор Драгун мен генерал-майор Вихорев келіп, бізді майдандағы ең алдыңғы шептегі кеңес полкі деп таныды.
…Біздің полк Тулуза қаласындағы Борделонг-Кавалери казармасында орналасты. Мен 1945 жылдың 1 ақпанына дейін Тулуза қаласында рота командирі болып қызмет атқардым. Кейін әскери миссияның шешімімен одақтас әскерлер Страсбург қаласынан азат еткен кеңес азаматтарына арналған лагерьдің басшысы болып тағайындалдым. Осы қызметті 1945 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Францияның оңтүстігіндегі Кайлюс елді мекенінде атқардым».
Қиян-кескі шайқаста, үздіксіз көшіп-қонып жүрген жағдайдың өзінде де Жұманиязовтың күнделігінен романтикаға орын табылған:
«1944 жылдың 12 желтоқсанында Тулуза қаласында театрда болдым. Элен Жюстинмен таныстым. Ол — ең сүйікті қыз. 1922 жылы туған, Марсель қаласындағы институттың стоматология факультетінің екінші курсында оқиды. Мен оны өзіммен бірге алып кеткім келді… Өкінішке қарай, мүмкін болмады. Оның үстіне, менің отбасым бар, тағдырым шешіліп қойған».
Сонымен қатар ол герман тұтқынында көрген азабы мен жауынгерлік жарақаттарын да еске алады:
«1944 жылдың 16 маусымында өз тобыммен бірге немістер колоннасына шабуыл жасап, 28 немісті, оның ішінде бір обер-лейтенантты жойдық. Барлық азық-түлік пен оқ-дәрісі бар машиналарын тартып алдық.
1944 жылдың 9 тамызында сол аяғымнан жараландым.
1944 жылдың 15 тамызында батальон командирі қызметіне тағайындалдым. Шайқаста Сeнт, Исюс [?], Олюс, Фуа қалаларын азат еттік. 1944 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Францияның оңтүстігінде немістермен оларды қуа жүріп шайқастық».
Партизандар жердегі нысандарға ғана емес, қарсыластың кемелеріне де шабуыл жасаған:
«1944 жылдың 10 қыркүйегі: Испания шекарасында тұрып, көптеген кемелерді жойдық, теңізшілерді тұтқынға алдық. Онда немістер көп болды. Ал біздің бір батальоннан орыстар, қазақтар және өзге ұлт өкілдерінен небәрі 15 адам аман қалды.
12 желтоқсанда әскер қатарынан босатылдым.
…8 сағаттан кейін елге аттандым».
Күнделігінің келесі бөлімін Жұманиязов «Қайғы. Қасірет» деп атаған:
«1945 жылдың 15 қаңтарында Сайхын ауылына, үйге келдім. Әйелім де, ұлым Марат та жоқ. Соғыс кезінде қайтыс болып кетіпті…
Ағам Сағадидан да хабар жоқ. Оның әйелі үш баласымен бөтен біреудің бұрышын паналап тұрып жатыр екен...»
«Мен соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ немістерге қарсы жан аямай соғыстым. Сол үшін еріксіз немістердің тұтқынына түстім. Алайда тұтқыннан қашып шығып, бөтен ел — Франциядағы партизандар қатарына қосылдым. Тілін, салт-дәстүрін, заң-тәртібін білмейтін партизандармен бірге соғыс аяқталғанша немістерге, яғни фашизмге қарсы күрестім. Сондағы алғаным бес медаль ғана…»
Сонымен қатар ол күнделігінде Франциядағы партизан отрядында өзімен бірге шайқасқан жауынгер жолдастарын да еске алады (есімдердің жазылуындағы орфография сақталған):
-
Рысбаев Мурзобат (Қырғыз КСР);
-
Бакрадинов Сисембай (Павлодар облысы);
-
Истыбаев Леонид (Луговское);
-
Капаров Каражан (Қырғыз КСР);
-
Кудайкулов Зайдолла (Алтай аймағы);
-
Кожов Александр (Дондағы Ростов);
-
Джаманкулов Зундум (Жамбыл облысы);
-
Захаров Мухтар (Шығыс Қазақстан облысы);
-
Юекетов Талаз (Батыс Қазақстан облысы);
-
Кайрлы (Фурманов ауданы);
-
Бисенбаев Шаяхмет;
-
Мусон Ахметбеков (Ақмола облысы);
-
Умербаев Карим и брат Кистаубаев Алжапар (Қызылорда облысы);
-
Нурахметов Хака (Қостанай облысы);
-
Утешов Наби (Батыс Қазақстан облысы);
-
Байдилдиев Катору (Қостанай облысы).
Қазақ партизандары Батыс Еуропада ғана емес, Балқанда да соғысты.
Көкшетау ауданының Қараөзек ауылының тумасы, 22 жасында соғысқа шақырылған жас жауынгер Телжан Желқожинов та осы тақылеттес естеліктер қалдырған.

Телжан Желқожинов (оң жақта). Любляна, 1940 жылдар / Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві
Сталинград шайқасы кезінде санитарлық батальонда байланысшы болып қызмет еткен Желқожинов майдан шебінен жаралыларды эвакуациялау барысында тұтқынға түсіпті:
«Полкіміздің басым бөлігі қоршауға түсіп, тұтқынға алынды. Бәрімізді батысқа қарай жаяу айдап әкетті, жолда жаралылар мен науқастарды тастап кетіп отырды. Мен артыма қарайлап, екі жаралы офицерге жақындап едім, оларды көз алдымда өлтіріп тастады. Бізді арбаға жегіп, үстіне әртүрлі заттарды тиеп, сол арбаларды сүйретіп қойды. Осылайша Житомирге жеттік. Житомир маңында көп аялдаған жоқпыз. Бізді жүк пойызына тиеп... алып кетті…
Румыния арқылы өттік, онда бір тәулік аялдадық. Болгарияның София қаласында екі тәулік болдық. Бізді түрлі қалдықтармен тамақтандырды, соның салдарынан жаппай іш өту басталып, көз жұмғандар болды. Жол бойы әлсірегендерді тастап кетіп отырды. Бізді, отыз адамды, Югославиядағы Любляна қаласына алып келді. Күшейтілген күзеттегі лагерьде болдық, дұрыс тамақ бермей, лагерьде бізге асқан қатыгездікпен қарады».

Телжан Желқожинов (соңғы қатарда, ортада). Любляна, 1940 жылдар / Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві
Желқожинов тағдырлас тәжік тұтқынмен бірге жергілікті 11 жастағы қыздың көмегімен тұтқыннан қашып шығып, партизандар қатарына қосылады. Көп ұзамай астыртын майданға араласып кетеді. Ол жайлы былай деп еске алады:
«Төртінші күні мені үш славян жігітімен бірге алғашқы партизандық жауынгерлік тапсырмаға — Горица қаласы маңындағы әскери тұтқындар лагеріне жіберді. Бұл тапсырманы сәтті орындап, өзіммен бірге 30 әскери тұтқын алып келдім. Бірнеше күннен кейін мені тағы да Горица қаласына тұтқын алып келуге жіберді. Бірақ бұл жолы торуылға тап болып, қоршауда қалдым. Бір құдықты көріп қалып, соның ішіне түсіп жасырындым. Қас қарайғанда сыртқа шығып, шамамен түнгі сағат үштерде өз адамдарымызға қайта оралдым. Осы шайқаста басымнан ауыр жарақат алдым».
Осылайша оның Югослав партизандары құрамындағы ерлікке толы күрес жолы басталады.

Югославияны азат ету антифашистік вечесінің Телжан Желқожиновты марапаттау туралы куәлігі. 1945 жыл / Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві
«1944 жылдың соңы таяп қалған еді. Біз фашистерге барлық тұста елеулі соққы беріп жүрдік. Қазан революциясы мерекесі қарсаңында мені Григориймен (фамилиясын ұмытып қалыппын) бірге маңызды операциялардың біріне жіберді — Горица қаласына жасырын кіріп, фашистердің штабын өртеп жіберу тапсырылды. Біз бұл тапсырманы сәтті орындап, ғимарат бірінің төбесіне қызыл ту тіктік. Осы жерде аяғымнан жарақат алдым.
Партизан отрядында жүргенімде екі рет марапатталдым: 1945 жылдың 7 маусымында Югославияның «Ерлігі үшін» орденімен, ал 1945 жылдың 18 маусымында «Ерлігі үшін» медалімен наградталдым. 1944 жылдың тамызында екі рет басымнан ауыр жарақат алып, 1944 жылдың қарашасында аяғымнан жеңіл жараландым. Осыдан кейін 18-бригада корпусы командирінің байланысшысы болып қызмет атқардым. 1945 жылдың 5 мамырында біздің корпус Горица мен Триест қалаларын фашистерден азат етті».
Соғыс аяқталғаннан кейін Телжан Желқожинов елге оралып, Мәскеу облысындағы Кусков химия зауытында екі жарым жыл еңбек етеді. 1947 жылы жұмыстан шығып, туған жері Қараөзек ауылына келеді, кейін Қарағандыға қоныс аударып, шахтада жұмыс істейді. Желқожинов «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
