Бағзы замандардан келе жатқан дәстүрлердің бесігі саналатын, алуан түрлі идеология, мәдениет һәм сенім тоғысып, мидай араласып кеткен Орталық Азия — ежелден бері алыс-жақын елдегі саяхатшылардың арман-қиялына айналған аймақ. Біздің өңірді аралаған бұл жандар жолжазбаларында әр кезде бейтарап деуге келмейтін, бірақ өзіне тән айрықша тұжырымын ортаға салады, думанды базарлар мен көшпенділердің салт-дәстүрі, мәңгілік мәдени мұрасы туралы көрген-білгенін ортаға салады. Qalam арнайы мақалалар топтамасын жариялауды бастады: осындай саяхатшылардың аймақтың түрлі дәуірін қамтитын және көпқырлы келбетін айшықтайтын әңгімелері мен естеліктерінен үзінділер ұсынып отырамыз.
Топтаманың бүгінгі санында америкалық саяхатшы, дипломат Юджин Скайлердің қазақтар, ұлт атауындағы қателер және қазақтың өзбекпен туыстығы туралы жолжазбаларынан үзінді жарияладық.
Нью-Йорк штатында туған Юджин Скайлер (1840–1890) Йель университетінде тамаша ғылыми жетістіктерге жетіп, Америка тарихындағы Ph.D. докторы (лат. Philosophiae doctor) дәрежесіне қол жеткізген алғашқы үш адамның бірі болды. Кейінірек ол заңгерлікке бет бұрды, сондай-ақ дипломатия бағытында жұмыс істеп, Орталық Азияға барған тұңғыш америкалық дипломат атанды. Осы саяхаттан соң Юджин Скайлер 1876 жылы шыққан «Түркістан: Орыс Түркістаны, Қоқан, Бұқара және Құлжадағы саяхат туралы жазбалар» (Turkistan: Notes of a Journey in Russian Turkistan, Khokand, Bukhara, and Kuldja) атты екі томдық кітап шығарды.
Бұл кітапта Юджин Скайлер қазақтардың көшпенді өмір салты туралы көргенін жазады:
Қарақұмда біз қыстауынан шығып, Орынбордың оңтүстігіндегі даладан малы мен отар-отар қойына жайылым жер іздеп, жайлауға көшкен көптеген қырғыз отбасын ұдайы жолықтырып отырдық. Үлкен-үлкен керуендерге жылқы мен түйе жегілген, оларға киіз һәм киіз үйдің керегесі, тұрмыс құралдары артылған. Көп ретте мұның үстіне әйелдер шығып отырып алады, кейде оның алдында бесікке салып алған сәбиі болады. Ара-тұра қырғыздарды киіз үй тігіп не малды қасқырдан қорғау үшін қамыстан қалқа тұрғызып жатқан жерінде байқадық. Кейбірі Қарақұмды қыстап қала береді, бірақ көбі оңтүстікке, Сырдарияның ар жағына көшіп, Хиуа шегарасына жақындап барады.
Орыс әдебиетін жақсы білетін және орыс тілінен аударатын адам ретінде ол Орталық Азия этнонимдерінің орысша бұрмаланып кеткені туралы да айтады:
Даланың батыс бөлігін мекендейтін бұл көшпенділерді Ыстықкөлдің маңында өмір сүретін, орыстар қара қырғыз яки жабайы тау қырғыздары деп атап кеткен шын қырғызбен, яғни буруттарменiмоңғол қырғыздарының архаикалық атауы шатастырмау керек. Дала көшпенділері өзін қырғыз демейді, бұлай орыстар атап кеткен. Олар қазақ [Kazak] деген атаумен белгілі. Орыс казагымен [Cossack] шатастырмау үшін орыстар дала көшпенділерін қырғыз-қайсақ [Kirghiz Kaisak] деген солайымен қате һәм мағынасыз сөзбен атауды әдет қылған. Орталық Азияда қазақ деген кезбені не көшпендіні білдіреді және бұл толық ақылға сыяды. Алайда ыңғайлы болу үшін, біз жалпыға ортақ ережені сақтай отырып, оларды қырғыз деп атай береміз.
Саяхатшы қазақтар мен қазақ тілінің шығу тегі жайлы да ойын бөліседі:
Қырғыздар татар тілінің ең таза диалектінің бірінде сөйлейді, дегенмен, халық ретіндеiтүпнұсқада — race оларда шетелдік элемент көп. Бұл қырғыздар 15 ғасырдың екінші жартысында Балқаш көлінің маңында әміршілерінің озбырлығынан қашуға тырысқан Керей мен Жәнібек сұлтандарға ерген бірнеше түркі тайпасы мен руынан тарайды. Көп ұзамай оларға басқа топтар қосылған, біртіндеп дамыған, көршілеріне қазақ деген атаумен белгілі қоғамға айналған. Бұл халықтың өзегі түркі екені сөзсіз. Құрамындағы тайпалар мен рулардың көпшілігінің атауы Қоқан мен Бұқарадағы өзбек тайпаларының атауымен бірдей.
Күш-қуаты мен ықпалы арта түскен қазақтардың саны кейінірек миллион адамға жетеді, оның 300, 000-нан астамы әскерді құрайды. 1598 жылы Тәуекел дейтін ханы Ташкент пен Түркістан қалаларын және маңындағы жерлерді жаулап алады. Бұл аймақтар 1723 жылға дейін қырғыз династиясының орталығы болып тұрды.