ҚУ БАЛҚАНТАУДЫ СҮЙГЕН ОТБАСЫ

Қарағанды

Әрбір адамның өз Отаны, отбасы бар. Біздің Отанымыздан кейін Кіші Отанымыз да бар. «Отан отбасынан басталады» демекші, мен Кіші Отаным мен өз отбасымды байланыстыруды көздеп отырмын.

Біздің Кіші Отанымыз – Қарағанды облысында орналасқан Егіндібұлақ ауылы. Бұл ауыл Балқантау баурайында орналасып, 1909 жылда пайда болған ауыл. Іргетасы Ресейден қоныс аударған мұжықтардың елді-мекенді салуымен қаланған. Бұл 20 ғасырдағы тарихы ғой, ал сонау 17 ғасырға қайтып келсек ше?

Менің руым – Бертіс. Бұл Орта жүздің ірі руы – Арғын руынан таралған рулардың бірі. Үлкен атамыз Бертіс ханның әкесі –Шаншар Қазақ хандығының ханы Есім мен Тұрсын хан қақтығысы кезінде Есім хан тұсында болып, көзге түскен. Ал Бертіс хан қазақ-жоңғар соғыстарында үлкен ерлік көрсете білген. 17 ғасырда жоңғарлардың кезекті шапқыншылығы кезінде атамыз Қарқаралы маңындағы Кент тауында жасырынып, жауға тұтқиылдан шабуыл жасаған. Атамыз бұдан да басқа көптеген шайқастарда ерлік көрсете білген. Жәңгір хан мен әз-Тәуке хан кеңесшісі де болған. Атамыздан кейін Қазанғап пен Тәттімбет күйшілер, Ұлы Абайдың анасы Ұлжан секілді аты шыққан адамдар қалған. Қазіргі кезде Бертіс ханның ұрпақтары Қазақстанның түкпір-түкпірінен байқалғанымен, ең көп бөлігі Егіндібұлақ ауылының тумалары. Оның ішіне менің отбасым да кіреді.

Отбасымда 6 адамбыз. Әкем, анам, мен және өзімнен кейінгі екі інім мен, үйдің ерке қызы – сіңілім бар. Әкемнің 2 ағасы мен 1 інісі, яғни менің көкем бар. Әкем мен көкем үйдің кішілері болғандықтан, өмірлерінде қызық өте көп болған. Сол себепті оқиғамыз олардың өмірімен тығыз байланыспақ.

Негізінен, өзім Қарағандыда туып өскен баламын. Дегенмен, Балқантауымның етегінде жүргенімде өзімді нағыз туған жерімде жүргендей сезінемін. Осы 2024 жылдың маусым айында ғана сол жерге барып, ата-анамнан көп естеліктерін естідім. Шай ішкен кезде барлығымыз жиналып, қызықты оқиғаларды баяндаумен уақыт өткізгенді ұнатушы едік. Осы жолғы әңгіме Егіндібұлақтағы оқиғаларға толы болды. Оқиғамыздың негізгі бастаушысы – әжем. Ол кісі туғанынан Егіндібұлақта тұрып, сол жерден атамды кезіктірген. Атам болса Егіндібұлаққа дейін өңіріміздің Солтүстігінде тұрған. Әжемнің айтуынша, атам бүкіл ауыл қыздарының жүректерін жаулап алған екен. Атам шынында да өте сымбатты жігіт еді. Әжем де кербез сұлу. Атам қанша сұлуды кездестірсе де, таңдауы әжеме түскен. Екеуінің махаббат оқиғасы осы Егіндібұлақта басталып, жалғасын тапқан. Екеуі үйленіп, бақытты отбасы құрды. Сөйтіп 4 ұл бала дүниеге келді. Олардың ішіндегі ең еркелері әкем мен көкем. Екеуінің жас айырмашылығы тек 1 жас, түрлері де бала кездерінде қатты ұқсас болатын. Кейбір адамдар екеуін егіз деп те санайтын. Әкем де, көкем де бір-бірінен ажырамайтын еді. Сөйтіп бала кездерінде көп қызыққа тап болды.

Менің әжем Егіндібұлақтағы бала-бақша бастығы еді. Сол себепті ағайынды әкем мен көкем сол жерде мектепке дейінгі алғашқы білімін алды. «Біз кішкентай едік. Әжелерің бастық екенін білгенде әкең екеуіміздің кеудемізде рух пайда болып, өзімізді елден ерекше санайтынбыз», – дейді көкем. Әжем бастық кезінде бала-бақшада барлығы керемет жүретін еді. Балаларға ең жақсы тағамдар дайындалып, кешке дейін түрлі ойындар ойнатылатын еді. Бұл кезді әкем де, көкем де, әжем де қатты естерінде сақтамай қалған екен. Сол сәттен қазірге дейін 30-дан астам жыл өтіп кеткен екен. Бірақ кейбір естеліктердің жадыдағы орны бөлек.

Атам мен әжем бұрынғы Октябрьская, яғни Қасен Ақаев атындағы көшеде тұрған. Бұл көшенің атауын Егіндібұлақ тумасы болып табылатын ұлы тұлға атымен атаған. Қасен Ақаевтың Қазақстан үшін қосқан үлесі өте көп. Ол кезіндегі Қоянды жәрмеңкесінің қазіргі сөзбен «спонсоры» болған еді. Қазақтардың басқа халықтармен саудасының дамуына да үлес қосқан. Бәлкім сол себептен шығар, бұл көшеде тек Егіндібұлақтың сол кездегі мәшһүр адамдары тұрған. Бастықтың баласы болу сол кез үшін нағыз атақ еді ғой. Тіпті мектепте жүргендерінде «Ей, бастықтың баласымын деп өзінше болмашы» дейтін балалар да болған екен. Сол кезде кішігірім төбелестер де болатын. Әкем мен көкем бірге түрлі оқиғаларға тап болған. Тіпті кейде мектептен соң әжем істейтін бала-бақшаға барып, сол жердегі аспаздардан котлет пісіруді сұраған екен. Олардың айтуынша, сол бала-бақша котлеттері әженің котлетінен кейін ең дәмдісі.

Қос ағайындының Ақаев көшесінде шығармайтындары жоқ еді ғой. Кейде көршінің алмасын да ұрлап, жеп алатын. Көрші далаға шығып қалып жатса ертегідегі желаяқтай зулап, қоршаудың басқа жағына дейін жүгіріп жететін. Екеуі де ашқарақ еді. Тіпті әжем қарындары ашып қалмасын деп әкеме нан пісіруді үйретіп қойған екен. Нанға қатысты да оқиға бар. 2000-2001 жылдардың қысында әжем Матақ ауылына жұмыстарымен жол тартқан еді. Әкем мен көкем үйде қалған. Дәл сол кезде ауа райы бұзылып, боран басталған екен. Әжем 2 күнге сол жерде қалып қойды. Сол кездері әкем аш қалмау үшін нан пісіріп, жарты қап ұнның барлығын бітіріп тастаған екен. Сол оқиғаны еске түсіріп әлі күледі.

Көкемнің айтқан әңгімесі де ерекше. Бала кездерін есіне түсірсе еріксіз екі езуі екі құлағына жетеді. Егіндібұлақты аралап жүргенде ескі стадионды да көрген едік. Оның айтуынша, сол жерде жыл сайын ауыл күні өтетін. Сол кезде стадионда түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатын. Ауыл күнінде олар атаммен бірге стадионда жүрген екен. Сол кезден естен кетпейтіні – Кеңес Одағы кезіндегі лимонад. «Оны ішкенде газ көпіршіктері мұрнымнан шығып, көзім жасаурайтын. Дәмі әлі аузымнан кетпейді», — дегені де бар.

Әкем мен көкем үйдің шаруасымен де көп көмек тигізетін. Егіндібұлақ қысы ерекше салқын еді. Қар көп әрі қалың болып жауатын. Сол кездері әжем кілем тазалатып қойып, әкем сол кездің сапалы, ауыр кілемдерін тасып, далаға шығаратын. «Ол кілемдер зілдей ғой. Қарға тастағанда жеңілдеп қалатынбыз. Кілемдер болса тап-таза, жаңа сатып алынғандай болатын», – дейді әкем. Бұдан басқа олар суды да таситын. Суды үйлерінен алыс емес жерден алатын. Қыста – шанамен, жазда – тәшкемен (арбамен).

Ажырамас бауырлар әжемнің бала-бақшасын да сақтап қалған еді. Бір кездері ол уақытша жабылып қалып, біржолата жабылу қаупі бар еді. Ол жабық кезінде сабақтан соң екеуі бала-бақша жанында жүріп, біреу тересін сындырып, бүлдіріп кетпесін деп күзететін. Соның арқасында бала-бақша қайта ашылып, әрі қарай жұмыс істеген еді. Өкінішке орай, қазір ол бала-бақша ескіріп, жабылып қалған. Дәл сол бала-бақшада әкем өзінің алғашқы махаббатын тауып алып еді. 4-5 жасар Жасұлан сол кезде алғаш рет қызды үйіне дейін шығарып салған.

Бұрын да әжеммен ішкен шай өте қызықты болатын. Әжем ет пісірсе ұлдарына жегізіп, сүйек мүжітіп қоятын. Соңына дейін мүжісін деп, қай жерін мүжімесең, әйеліңнің сол жерінде жүн көп болады деуші еді. Басы болса басы, аяғы болса аяғы. Сонда тойып алса да, етті толығымен жеп алатын.

Әкем мен көкем Егіндібұлақта 2005 жылға дейін тұрып, белгілі бір себептермен басқа ауылға көшіп кеткен. Дегенмен де, қазіргі кезде жыл сайын Егіндібұлаққа келіп, атамның бейітіне де келіп тұрады. Әжем жыл сайын әртүрлі оқиғаларды есіне түсіріп, бізге айтып береді. Әттең, осы жолы көп сұрастырып үлгермедім. Келесі жылы дәл осы байқау қайта ұйымдастырылса міндетті түрде көп ақпарат жинап, сіздермен бөлісуге дайынмын! Осындай қысқа оқиғамды оқығандарыңыз үшін мың алғыс.

Серікбек Айым Жасұланқызы

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді