Неге Шығыс түсінігі бойынша сұлулық жасырын болуы керек? Ал неліктен Батыс бұл идеяны ешқашан қабылдамайды?
«Әйелді қапқа салып, артық зат сияқты пейзаждан алып тастайды, оны лайықсыз дүниедей жасырады».
«Әйелдерді бір кесек ет сияқты көптің назарына қояды, олардың ұяңдығын қорлайды, оларды бағаламайды, қорғамайды, құрметтемейді».
Шығыс пен Батыс әлемдеріндегі хиджабқа деген көзқарастың айырмашылығы — бір-біріне мүлдем ұқсамайтын әртүрлі жағдайларда қалыптасқан мәдениеттердің өзара кереғарлының тек бір тұсы ғана. Адам жосығының тым күрделі сан алуан тұсын дөрекі қызуқандылықпен түсіндіруге деген ұмтылыс өте өрескел әрі қарабайыр әрекет саналады. Бірақ бұл қызуқандылықты мүлдем есепке алмау да ақымақтық.
Батыста бірде-бір мұсылман әйелдің түсіне де кіріп шықпаған төл хиджабтары пайда болды. Шәркей, қолғап, тон, құлаққап, мойынорағышты тек көз ғана көрінетіндей қымтап орау… Апырай-ай, сонша суық па? Ал мұнда өте ыстық!
Сібірлік те, Медина тұрғыны да үйден шығып бара жатқанда табалдырықты аттай сала өзін өлім күтіп тұрғанын жақсы біледі, адамгершіліктен ада осынау кеңістік мықтыларға берілген сынақ, ал басқаларына үйде отыру керек немесе аяқ-қолыңды матаған скафандр киіп алып, әлсін-әлсін қимылдап қоюға болады.
Қарлығаштар ұшып келген көктемде барлық есік-терезені ашып қоюға болатын Сібір тұрғындары құрығанда тыныға алады, жалаңаштанып шешініп, көшеге шығып, күннің шуағын терісінің әр жасушасы тоқтаусыз сіңіре береді, сіңіре береді, сіңіре береді. Әйтпесе, мешел боласың, қырқұлаққа шалдығасың, аяғын сылтып басатын балалар пайда болады, тісің түседі, жазылмайтын жаралар шығады.
Сахара тұрғындары күн сәулесінің жетіспеушілігі мәселесімен бетпе-бет келген емес, бірақ құрғақтық, күн өту, терінің қатерлі ісігі — айта берсеңіз өте көп, сондықтан кем дегенде ауа кіріп тұратындай әрі аз ғана күн сәулесі түсетіндей терезені ашып қою керек, тұрғындардың өзі өрттей ыстық күн сәулесінен келетін өлімнен қорғайтындай, ішкі жайлылыққа ие киімді қабаттап киюге мәжбүр. Әсіресе, Сахара тұрғынының терісі ақ болса, себебі оның ата-бабалары мұнда әлдеқайда ыстық жерлерден келген.
Иә, сөз жоқ, екі түрлі өмір салты мүлдем басқа мәдениеттерді қалыптастырды, ал адамдар осы мәдениетке рухани, адамгершілік әрі эстетикалық негіздерін тоғыстырды.
Ал дәл сол Сахарада өмір сүрген мысырлықтар не себепті оранған жоқ? Мысырлықтар қара торы халық еді. Әрі олар құстары шулап жататын тоғайлар мен екі адамның бойымен бірдей қамысы бар жағалауларда немесе Ніл атырабында өмір сүрді, үлкен шынар ағаштар үй ауласын көлегейлеп тұратын, көшелерге биліктің бұйрығымен саялы бақтар өсті. Қаланың яки ауылдың тұрғыны болсын, мысырлықтар уақытының көп бөлігін көлеңкеде өткізетін. Ал олар терезе атаулыны мүлдем білмейтін, олардың үйлеріне төбедегі кішкентай саңылаудан жарық түсетін, ал негізгі жарық ауладағы ашық есіктер арқылы сәуле шашатын, ал бөлмелерге тікелей күн сәулесі түспейтін. Бұл сәулет қағидаларын Жерорта теңізінің көптеген халқы, сол уақытта өте ыстық климатта өмір сүрген римдіктер мен гректерден алған. Тұтас денені, соның ішінде бетті бүркеп тұратын киім — бұл нағыз шөл дала тұрғындарының, соның ішінде семит тайпаларының киімі. Араб шөлдері, Гоби, Қарақұм және Азияның басқа да ұлы шөлдері өмір сүру салтына иелік етті.
«Жамылғыңды артқа серпіп тастап, ұялттың,
Жарқ еткен шырақты өз сәулеңмен өшіріп».
(Әл-Хорезми).
Адам және оның үйі, оның қонысы бұл аумақта өмір сүретін тұрғындардың санасында апатты аласапыран арасында мұқият қорғалған тәртіп пен сұлулықтың жазирасы саналады. Сырттағы зұлымдықтан іргесін алыс салған, сенімді қорғаны — қамалдай қабырғасы бар баспана. Сыртта арыстандар ақырып, шаяндар жорғалайды, ал іште зұлым дүниеге көрінбес бау-бақша, көптің қолы жетпейтін сылдырап аққан бұлақ бар, жемістер мен лалагүлдер жайқалады.
Афродитаның беймүмкіндігі
ХХ ғасырдың басында жапонның тамаша жазушысы — Дзюнъитиро Тинадзаки көлеңке мен қараңғылықты мысалға ала отырып, азиялық (оның мысалында бұл жапондық еді) пен еуропалықтың дүниетанымындағы айырмашылықты талдаған «Көлеңкені мадақтау» атты эссе жазды. Ол жарықтық, көзге ұрып тұратын жарқындық әрі мұнтаздай тазалық еуропалық үйге, ыдыс-аяққа, киім-кешекке, көлікке тән, ал ымыртта туған жапон мәдениеті үшін бұл өлімші хал екенін жазған еді. Жапон тағамдарын ақ фарфорға салып беруге болмайтынын, жапон театрында электр жарығы жанбайтынын, тіпті жапон әйелі тоқты ажыратқышынан айырса, жапон әйелі болмайтынын алға тартқан еді. «... Ертеде әйел көйлектің жағасы мен жеңнің сыртында ғана өмір сүрген, ал денесінің қалған бөлігі қараңғыда жасырынатын… Қараңғы үйдің бөлмесінде отырған әйелдің бар екенін тек бет-әлпеті ғана көрсететін, ал тәнінің қалған бөлігі күні-түні қараңғылық құшағында еді… Опа-далаптың бір түрі болған тіске қара бояу жағу дәстүрі де саңылаудың бәрін қараға толтырып, тек бетті ғана ашық қалдыру деген мақсаттан туса керек. Тіпті ауыздың өзі қараңғылық қамытын киетін… Қараңғыда өмір сүретін әйелге ымыртта жарқ ететін беттен басқаның яғни тәнді көрсетудің керегі жоқ еді… Біз Шығыс адамдары «көлеңке» тудыру арқылы ең прозалық мекендерде сұлулық жасаймыз».
Таяу Шығыс басқаша әрекет етеді. Ол жарқын әрі мен мұндалап тұратын сұлулыққа құштар, бірақ оны күңгірт, мызғымас қабырғаға, қалың тормен қоршалған терезенің артына, қара жамылғыға жасырады. Бірақ араб пен жапон бір-бірін түсінеді, ал еуропалық бұл құпия сұлулық мерекесінде бөтен күй кешеді. Еуропалық ең әдемі дүниесін сыртқа көрсетеді, оның жасырған құпиясы жоқ, ол басқаларды өзі мақтан тұтатын нәрсеге таңдай қағуға шақырады. Ашық-шашық, бәрін көрсетуге деген ұмытылыс, сырты жылтыраған бос тостаған іспетті. Бедерлі сурет пен кариатидаға малынған үйлер, салтанатты пойыздар, әйелдердің қонақ бөлмесі мен мырзалардың кітапханасын көруге баратын қалың жұртшылыққа есігі айқара ашық ағылшын жекежайлары.
«– Ах, қандай қуаныштымын! Өмірімде ешқашан бұлай қуанбаған шығармын! Бірақ, Азазелло, тыр жалаңаш тұрғанымды кешіре көріңіз!
Азазелло уайымдамауды өтінді, ол тек жалаңаш әйелдерді ғана емес, тіпті терісі жұлынып қалған әйелдерді де көргеніне сендіргісі келді!».
(«Майталман шебер және Маргарита», М. Булгаков).
Әйгілі суретшіні тыр жаңалаш шешінген әйелін Афродита бейнесінде салу үшін шақыртып, ол картинаны елдің басты мұражайына іліп қою керек пе? Иә, оп-оңай! Себебі, өнер екіжүзділіктен жоғары, ал сұлулықты жасыруға болмайды, ол мыңдаған көзді қуанышқа бөлеп, мәңгілік өлмеу үшін тасқа яки кенепке айналуы тиіс.
Азияда реалистік кескіндеменің дербес дәстүрі болған жоқ, оны мұнда Батыс империялары әкелді. Бірақ Азия бүгін де ессіздікпен шектесетін мұндай тағылықты көргенде бұл ақымақтың ісі емей немене дейді. Немесе мұндай асыл тасты доңыздың науасына тастайды. Өмірдегі ең қымбатты әрі әлемдегі ең әдемі дүниеге назар салмай, оны таптап, бұзады! Мұндай сұлулықты ортасынан қақ бөліп, анатомия театрында оның шынайы болмысын неге көрсетпеске?
Бөтен көздің қастығы
Расында, мәселе тек климатта ғана ма? Ең үлкен екі мәдени литосфералық тақтаны бір-бірінен ажырататын тағы бір нәрсе болуы керек. Бәлкім, Шығыста ірі авторитарлық өркениеттердің ертерек пайда болуы сұлтандар, шахтар мен әмірлерден қорыққан бағыныштылардың өз аман-саулығын айласы алты қырдан асатын сөз тасушылар мен ашкөз басшылардан жасыруға алып келген болар? Бірақ бөлшектенген Еуропаның феодалдары мен ондағы сансыз соғыс өзінің бақуаттылығы мен бақытын көрсетуде қаншалықты қауіпсіз?
Десе де Шығыста қызғаныштан қорқу Еуропадан қарағанда әлдеқайда күштірек болды. Бірақ бұл үрей тылсым сипаттағы себептерден туындады.
Әлі күнге Түркия мен Мысырда, Осман империясынан қалған кез келген елде көз тиюден сақтайын көз жанары ең танымал сувенирлердің бірі саналады. Анталия мен Хургада жағажайларынан үйіне жіпке тізілген көк көз бен үлкен көзді «Фатиманың қолын» әкелмеген адам жоқ шығар?
Ертеде «Фатиманың қолы» — «Иштардың қолы» деп аталғанын еске салған жөн. Алақанда орналасқан көзі бар бұл тұмардың шығу тегі көне ассир-вавилон кезеңінен бастау алады. Дәл осы мекенде ертеде кез келген сырқат көз тию мен дұғалаудан пайда болады деген сенім болған, себебі зұлым рухтар адамның сау тәніне кіріп алады. «Вавилон медицинасы тылсым және сиқырмен байланысты болды. Дерттер адам ағзасына кіріп алған жынның азғыруы деп саналды, ал дәрігердің басты міндеті әртүрлі дуаның көмегімен жынды науқастың денесінен шығару еді», – деп жазады Харьков жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру медициналық академиясының профессоры А. А. Опарин.
Өтіп бара жатқан адамның тіпті еріксіз қызғанышын тудыруы мүмкін зұлым көзге деген көне заманнан қалыптасқан үрей құнды заттарды мұндай кездейсоқ адамдардан жасырудың бір себебі болды. Әмірші түгілі жоғары дәрежелі ақсүйектің бетіне тура қарағаны үшін адамның басы шабылатын, Шығыста қарапайым өтініш білдіруші күшті адаммен сөйлесуі үшін жерге бетімен жатуы шарт еді. Бұл тілек білдірушіні қорлау емес, шені жоғары адамды қорғау үшін жасалатын әрекет.
Қорғалған немесе қорланған
Шөл даланың құмы мен желі кірсе, гүлдей жайқалған бақша қурайды, қызғана қарайтын көз бен ұрының сумаң еткен қолы тисе, үйдің берекесі кетеді, мұның бәрі сұлу қызды қастықпен қараған бөтен көздің қорлап, ұсқынсыз кейіпке түсіретініне ұқсайды.
Шығыста қуғын-сүргінге ұшыраған тұмшаланған әпке-сіңілілері үшін шын көңілмен уайым шегетін еуропалық феминист әйелге дәл осы тұмшаланған әпкелері көзімен зорлық қылатын тобырдың ішінде жалғыз аяқ кетіп бара жатқан қорғансыз әрі панасыз ешкім сүймейтін әйелдей жанашырлықпен қарайды, әрі бұл әйел де тұмшаланған әпкелері сияқты өзінің этнографиялық зағиптығы үшін күнәсіз саналады. Жағдайды әртүрлі қырынан көру үшін дүниетанымның іргетастарын қозғалту өте қиынға соғады.
Батыс әйелі шығыс елдерінде тұмшаланбау мен жалаңаштық еркін әйелдердің жабық киімін киюге тыйым салынған аянышты құлдардың басына түскен тағдыр тауқыметі екенін, сенімді гаремде жабық киіну көбіне текті әулеттің асыл ханымдарына тиесілі болғанын білуі мүмкін, бірақ оның мұны біле тұра түсінуі екіталай. Оған зергерлік бұйымдардың қобдишада, раушан гүлінің бақшаның тас қамалының артында, інжу тастың бақалшақтың ішінде болатыны, ал еркіндік — зұлым әлеммен кез келген қарым-қатынастан өзіңді қорғау екені туралы қарапайым ақиқат қолжетімсіз.
Батыс әйелі үшін еркіндік дегеніміз — өз еркімен өмір сүріп, ешкімге мұқтаж болмау деген сөз, ал сырттан төнетін зұлымдық қаупі үшін психотерапевтердің бар екенін айтудың өзі жеткілікті.
Жоқ әлбетте, бастау алып келе жатқан жаһандық әлем сайып келгенде әртүрлі мәдениеттердің дәндерінен мүлдем жаңа ботқа пісіре алады, ал әзірге біз оның алып шөмішіне ілініп тұрмыз, сондықтан бір-бірімізді түсінуге тырысып бағудамыз. Бірақ бұл анау айтқандай сәтті шығып жатқан жоқ.
НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?
1. Дзюнъитиро Тинадзаки. Похвала тени. СПб., 2006.
2. Опарин А.А. Медицина Древнего Вавилона // Восточноевропейский журнал внутренней и семейной медицины, №2, 2006, С. 75-88.