ҚЫПШАҚ ҚЫЗЫ РӘЗИЯ СҰЛТАН

Үндістанды билеген түркі әйелі

Разия Сұлтананың салтатты миниатюралық суреті. Шамамен 18 Ғасыр/Wikimedia Commons

13–16 ғасырларда Үндістан аумағында Дели сұлтандығы айтарлықтай гүлденді. Сол кездегі алып әрі қуатты мұсылман империясының билеушілерінің тегі, әдетте, түркіден еді. Барлық ортағасырлық мемлекеттердегідей, сұлтанат тіршілігі қайнап жатты: сарайдағы шым-шытырық оқиғалар, төңкерістер мен соғыстар толастаған жоқ. Егер сіз сұлтанның тақ мұрагері тұңғыш ұлы ғана бола алады деп ойласаңыз, онда мұныңыз қате болмақ. Бұрын құл болған адам да, тіпті әйел кісі де таққа отыруға хақылы еді. Біз қазір көшпенді қыпшақтан шыққан және сұлтан болған әйелдің тарихын баян етпекпіз. Оны «сұлтан» немесе «сұлтанша» емес, кәдімгідей «сұлтан» деп атаған, өйткені ол — жай ғана билеушінің әйелі емес, толықтай ел басқарған адам.

Мазмұны

Әкесі — құл деңгейінен сұлтан тағына дейін көтерілген қыпшақ

Іле сұлтандығының үшінші билеушісі Шамс ад-дин Илтутмыш ибн Йалам болды(1211–1236). Ол түріктің текті қыпшақ руынан шыққан, бірақ бала кезінен тұтқынға түсіп, құлдыққа сатылып кеткен. Оны Делидің алғашқы сұлтаны Құтб-уд-дин Айбек (1206–1210) сатып алған. Айбек бұрынғы заманда құл деңгейінен билікке дейін көтерілген, сол себепті ол айналасындағылардың ақыл-ойын, таланты мен ұйымдастырушылық қабілетін жақсы бағалады. Ал Илтутмыштың бойынан мұндай қасиеттер көп байқалды, сөйтіп, ол Бадаун округінің губернаторы болып қана қоймай, Айбектің қызына үйленіп те алды.

1210 жылы Айбек кенеттен човган (ат полосы сияқты ойын) ойнап жүрген жерінде қаза тапты. Сонда Лахораның түрік ақсүйектері асығыстық қылып, оның ұлы Арамды таққа көтерген. Ал Дели төрелері бұл шешімге қарсы келіп, таққа марқұмның күйеубаласы Илтутмыш отырсын деп бас көтерді. Сөйтіп, Илтутмыш Делиге жорығында қорғаушы әскерді талқандап, Арам шахты тұтқынға түсірді және 1211 жылы таққа отырды.

Содан бері ол жаңа округтер мен қалаларды қосып алып, Дели сұлтандығының шегарасын арымастан, талмастан кеңейте берді. Ол соншалықты қуатты әскер жасақтады, тіпті 1221 жылы оның солтүстік-батыс шегарасына жақындаған Шыңғысхан әскері де кері шегінді.

Ал 1229 жылы бүкіл ислам қоғамдастығының басшысы — халифтың өзі Илтутмыш ибн Йаламды сұлтан деп мойындады.

Аталмаштың қабірі/Wikimedia Commons

Ұлдарынан қызын артық көрген сұлтан

Билеушінің отбасылық істері де бабында болды. Бәйбішесі, Айбектің қызы Тұрхан хатун Рәзияны дүниеге әкелген соң, басқа әйелдері де оған төрт ұл туып берді. Илтутмыш барлық балаларын садақ атуға, ат мінуге, әскери істерге, мемлекет пен ғылымды басқаруға бірдей баулыды. Бірақ ол Бенгалияның наменгері, үлкен ұлы Насир ад-дин Махмудты басты тірегім және тақ мұрагері деп білді. Бірақ Махмұдтың тағдырына Дели сұлтаны болуды жазбапты — ол 1229 жылы, әкесінен әлдеқайда бұрын көз жұмды. Илтутмыш тағы екі ұлына да аса бір сенім арта алмай, сұлтан тағын қызы Рәзияға тапсыруды жөн көрді. Үндістан тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған, жалпы алғанда, ислам дінінде әйелдер от басы, ошақ қасында отырып, үй шаруасымен ғана шұғылдануы керек дейді. Бірақ 1231 жылы әкесі Гвалиорға жорыққа кеткенде, Дели әкімшілігі ісін Рәзияға тапсырып кеткен еді. Сонда ол басқару ісіне қабілеті барын танытып, даналығын дәлелдеді. Тапсырған міндеттерін тамаша атқарғанына көз жеткізген Илтутмыш қарамағындағы офицері, мушриф-и мамлакат Таджул Мулк Махмуд Дабирге Рәзияны тақтың мұрагері етіп тағайындау туралы жарлық дайында деп бұйрық берді. Тарихшы Минхадж-и-Сирадж сұлтанның екі ұлы бола тұра, мұндай шешім шығарғанына ақсүйектердің күмән келтіргендігін, бірақ оларға Илтутмыш Рәзияның билікке деген бейімін ұлдарының қабілетінен артық бағалайтынын айтқанын жазды. Бұл әңгіме рас па, әлде оны Рәзияның жақтастары таққа талас кезінде ойлап тапқаны ма, ол жағы беймәлім. Біздікі — болжам ғана.

Гулам Али Хан. Сарайдығы ("дурбар") Разия Сұлтанды бейнелейтін жазулары бар миниатюра. 19 ғасыр/Wikimedia Commons

Отбасылық істер

Илтутмыш ауыр сыртқа шалдығып, үлкен ұлы Рукн-уд-дин Фирузды Лахордан Делиге шақырып алды. Ал сұлтан қайтыс болғаннан кейін ақсүйектер қауымы Рукн-уд-динді таққа көтеріп, әйелді мұсылман билеушісі деп мойындағысы келмеді.

Алайда Дели сұлтандығының билігі бәрібір әйелдердің қолында болды. Рукн-уд-дин Фируз сауық-cайранға салынып, ел басқаруға құлықсыздық танытты, бірақ оның анасы — Шах Тұрхан, өзі сұлтан бола алмаса да, билік тізгінін өз қолына алды. Кейін Тұрхан халықтың махаббатына масайрап жүрген Илтутмыштың ұлдарының бірі өлтіртті. Мұны саяхатшы Ибн Баттута Муизз ад-дин десе, кейбір жылнамашылардың пікірінше, бұл — Құтб ад-дин Мұхамед.

Осы өлімнен кейін елде бүлік шықты. Илтутмыштың екінші ұлы Гийяс-уд-дин Мұхаммед Аудада көтеріліс ашты. Сондай-ақ, төрт провинцияның — Бадаун, Мультана, Ханси және Лахор әкімдері көтерілді. Бенгалия бұған дейін де Делидің билігін мойындамаған, Пенджабқа қарсыластар басып кірді.

Қаласа да, қалмаса да, Рукн-уддин соғысқа аттануға мәжбүр болды. Осы кезде оның анасы Шах Тұрхан Делиде қалған Рәзияны өлтіруді ойластырып жүрген. Бірақ бұл арам пиғылы жүзеге аспады. Рәзия жұма намазы кезінде Дели тұрғындарына сөз сөйледі. Үнді тарихшысы Халик Ахмед Низави өзінің «The Early Turkish Sultans of Delhi» (1992) еңбегінде 14 ғасырдағы «Futuh-us-Salatin» шежіресін келтіреді, онда Рәзия халыққа үмітті ақтай алмасам, билігімді құлата беріңдер деген мәнде үндеу жасаған.

Гияс ад-Дин сарайындағы банкет, 1573-74 Жылдардағы Иранның Нигаристан, мүмкін Шираз қолжазбасының қолжазбасынан үзінді/Wikimedia Commons

Рәзияны халық қолдады. Наразы топ патша сарайына шабуыл жасап, Шах Тұрханды қолға түсірді. Бірқатар ақсүйектер мен мемлекеттің негізгі әскері Рәзияға сенеміз деп ант берді. Рукн-уд-дин Делиге оралды. Алайда оны я сарбаздар, я ол жасырынған мешітке басып кірген Делидің қарапайым тұрғындары ма, әйтеуір, ұстап алып түрмеге тоғытты. Жеті айға жуық билік етті де, көп ұзамай өлім жазасына кесілді.

Соғысуға мәжбүр болған бейбітшілік сүйген сұлтан

Осылайша Рәзия немесе толық аты-жөні Джалаат ад-дин Рәзия-сұлтан бинт Илтутмыш, 1236 жылдың қарашасында Оңтүстік Азиядағы алғашқы мұсылман билеушісі атанды. Оның аты Разийат ад-Дунйа ва-д-Дин («Бейбітшілік пен дінді сүйген») титулынан шыққан. Бірақ ол тыныш әрі бейбіт басқару ісін жүзеге асыра алмады.

Бүлікшілер Делиді жан-жақтан қоршап алды. Рәзияның әскері жеткіліксіз еді. Елорда күйреп, алғашқы мұсылман сұлтанының билігі құлайтынға ұқсады. Бірақ Рәзия соғыс өнерінде ғана емес, келіссөздерде де келгенде күшті болды. Ол өз әскерлерін қаладан шығарып, Джамна өзенінің жағалауында лагерь құрды. Оның басты мақсаты жауға соғысуға мүмкіндік бермей, жасырын келіссөздер жүргізу еді. Ақыр соңында, Лахор билеушісі Малик Изз ад-дин Қабир хан Айяз бен Садусан бекінісінің губернаторы Малик Изз ад-дин Мухаммад ас-Салари Рәзияның жағына көшті. Басқа бүлікшілердің басшылары қашып кетті, бірақ көп ұзамай олардың көбі тұтқынға алынып, қазаға ұшырады.

Разия сұлтан мен оның нөкерлерін бейнелейтін миниатюра. Шамамен 19 ғасыр/ Wikimedia Commons

Ерлермен терезесі тең тұрған

13 ғасырдағы парсы тарихшысы Джузджани жазбаларында шығыстағы Гаурдан батыстағы Дебалға дейінгі барлық ақсүйектер Рәзия сұлтан билігін мойындағанын айтады. Бенгалия билеушісі өзін өз еркімен Делидің вассалы деп жариялады. Солай бола тұра, түркі ақсүйектері сұлтанның өз жақтастарын марапаттап, ұлықтауына наразы болды. Эфиоп Малик Джамал ад-Дин Якут Хаджидің әмірлердің әмірі болып тағайындалуы ерекше наразылық туғызды. Өйткені бұл асқақ лауазымды бұрын тек түркі әскерилері ғана атқарған.

Рәзияны қолдаған аристократтар ол тек номиналды үкіметшіге айналады деп үміттенді, бірақ оның позициясы нығая түсті. Мысалы, ол алғашқы монеталарды әкесінің есімімен шығарып еді, бірақ 1237–1238 жылдары ол монеталарды тек өз атымен шығара бастады. 14 ғасырдың тарихшысы және сарай ақыны Абдул Малик Исами бастапқыда оның пурданың (Солтүстік Үндістанның әйелдер үшін моральдық-этикалық кодексі) орындалуын бақылап отырғанын айтты, яғни сарай адамдары мен жұртшылықтан бөліп тұратын перде керіліп тұрған, ал оның өзін күзетші әйелдер қоршап жүретін.

Алайда таққа көтерілген сәтте Илтутмыштың қызы сұлтандар киетін дәстүрлі киіммен шыққан, ондайды бұрын еркектер ғана киетін. Ал кейіннен үнемі ер адамдарша киініп жүрді, жұртшылық алдына қарумен шыққан, Дели көшелерінде піл мініп жүрген, әскери операцияларды жеке өзі басқарған, үйдің әйелдер бөлімінде жалғыз қалудан бас тартқан және ерлермен тең дәрежеде сөйлескен. Ол Дели сұлтандығының ішкі саясатына, яғни білім, медицина, ғылым және мәдениетке ерекше көңіл бөлген.

Араздық пен сатқындық

Дели тұрғындары әділ әрі талантты билеушіні шын жақсы көрді, десек те Рәзияның жаулары да аз емес еді. Оның патриархаттық құрылымның қалыптасқан нормаларын бұзуға талпынысы, еркін болмысы, мінез-құлқы консервативті мұсылмандардың шамына тиді. Әсіресе Рәзияның қарсыластары сол кезде Үндістанда сүнниттерден әлдеқайда радикалды болған шииттердің арасынан шықты.

1237 жылғы 5 наурызда шииттер Делидің бас мешітіне шабуыл жасады. Олардың көшбасшысы Нұруддин Түрік Делиден, Гуджараттан, Синда мен Доабтан мыңдаған қол жинады. Олар мешітке кіріп, қала тұрғындары оларға қарсы шабуыл жасағанға дейін жұма намазына жиналған сунниттерді шетінен қыра берді.

1238–1239-жылдары Рәзияның бұрынғы одақтасы, Лахор билеушісі Малик Изз ад-дин Кабир-хан Айяз өзіне қарсы шықты. Рәзия әскері жеңіске жетті, Изз ад-дин берілуге мәжбүр болды және Рәзияның билігін қайта қабылдады. Сұлтан оған жұмсақтық танытып, Лахордағы билігін тартып алып, онша маңызды емес бір жерге ауыстырды.

Рәзия 1240 жылы 3 сәуірде Делиге оралды және Бхатинданың (Пенджаб) губернаторы Ихтиар-уд-дин Альтунияның түркі ақсүйектерінің бастамасымен оған қарсы көтеріліс жасағанын білді. Ол соған қарай жорыққа шықты, бірақ сәтсіздікке ұшырады, яғни бүлікшілер оның негізгі жақтастарын қырып жойып, Рәзияның өзін түрмеге жапты.

Рәзияның түрмеге жабылғаны туралы хабар Делиге жеткенде, ондағы ақсүйектер оның інісі, Илтутмыштың Ұлы Муизз ад-дин Бахрамды таққа отырғызды. Ол 1240 жылы 21 сәуірде таққа отырды, ал ақсүйектер оған 1240 жылы 5 мамырда адал болуға ант берді. Шонжарлар жаңадан құрылған наиба-и мамлакат (регент) лауазымы арқылы мемлекет істерін бақылауға ниетті. Алайда жаңа патша таққа отырғаннан кейін көп ұзамай билікті өз қолына шоғырландыру үшін наибті өлтіруге бұйрық берді.

Ел үшін тұрмысқа шығу және өлім

Рәзияны тақтан тайдырғаннан кейін Делидің ақсүйектері маңызды лауазымдар мен провинцияларды өзара бөліске салуға кірісті, ал Рәзияны тұтқындаған Ихтиар-уд-дин Альтуния қызметтен кетті. Таққа жетем деп үміт еткен ол Рәзияны босатып, 1240 жылы қыркүйекте онымен некелесті.

Рәзия зор беделге ие болғандықтан және халықтың сүйікті адамы болғандықтан, оны қолдауға бірнеше әмірлер келді, олар Рәзияның ағасын сұлтан ретінде ұнатпады. Рәзия қалың қол жинап, жұбайымен бірге Делиге әскери жорыққа аттанды. Өкінішке қарай, бұл жорықта да Рәзияның әскері жеңіліске ұшырады, күйеуімен бірге ол тұтқынға алынды және көп ұзамай ерлі-зайыптылар да өлім жазасына кесілді. Бірақ саяхатшы Ибн Баттута мынадай аңыз жазған, онда Рәзия ұрыс даласынан қашып құтылған, бірақ оны ұйықтап жатқан жерінен қарапайым бір шаруа сұлтанның қымбат киіміне қызығып өлтіріп кетеді.

«Разия Султан» фильмінің постері. 1961/Ашық дереккөздерден

Рәзия үш жыл, алты ай, алты күн билік етті

Рәзияның өмірі мен ел басқару тарихы жазушыларды да, кинематографистерді де талай рет шабыттандырды. Егер сізді Рәзия Сұлтанның тағдыры да, ол туралы аңыздар қызықтырса, мына фильмдерді тамашалаңыз:

  • «Рәзия сұлтан» («Разия Султана»), 1961 ж., режиссері: Девендра Гоэл.
  • «Сұлтан қызы» («Дочь султана»),1983 ж., урду тілінде, режиссері: Камал Амрохи.
  • «Рәзия сұлтан» («Султан Разия»), сериал, 2015 ж., режиссерлері: Суддарт Кумар Тивари, Гаятри Гилл Тэвери, Рахул Кумар Тивари.

ОҚУҒА ҰСЫНАМЫЗ:

Синха Н. К., Банерджи А. Ч.. История Индии. / Перевод с английского Л. В. Степанова, И. П. Ястребовой и Л. А. Княжинской. Редакция и предисловие К. А. Антоновой. – М.: Издательство иностранной литературы, 1954

Учок Б. Разия-хатун – султан Делийского мусульманского тюркского государства // Женщины правительницы в мусульманских государствах / Перевод с турецкого З. М. Буниятова, ответственный редактор М. С. Мейер. – М.: «Наука», 1982

Khan, Iqtidar Alam. Historical Dictionary of Medieval India. – Scarecrow Press, Inc., 2008

История Востока. В 6 томах. Том 2. Восток в средние века. – Восточная литература, 2009

Клара Зармайровна Ашрафян. Делийский Султанат. – Издательство восточной литературы, 1960

Юлия Боровинская

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді