РЕФОРМАТОР МА, «ҚУЫРШАҚ ХАН» БА?

Жәңгір хан шындығында қандай болды?

~ 9 мин оқу

Жәңгір хан / Ашық дереккөздерден

Бөкей Ордасының ханы Жәңгір жайында таласты пікір көп. Кейбірі ол жүргізген реформалар ақырында түрлі қайшылыққа ұрындырып, сол себепті халықтың бас көтергенін айтады. Енді бірі еуропалық үлгіде білім алған ханның қазақ халқына жасаған шарапаты жетерлік дейді. Ақиқаты қайсы? Жәңгір хан шын мәнінде реформатор ма еді, әлде Ресей империясының дәргейіне бас ұрған «қуыршақ хан» болды ма? Qalam-ға берген сұхбатында тарихшы Саялбек Ғизатов Жәңгір ханның көпшілікке мәлім де беймәлім қырларын саралап көрді.

Бөкей ордасы қалай құрылды?

Жәңгір ханның өмір жолын, оның саяси әрі тұлғалық қырын сөз еткенде, Бөкей Ордасын және ол билікке келгенге дейінгі аралықты айналып өте алмаймыз. Ал оның әкесі Бөкей Нұралыұлы (Әбілқайыр ханның немересі) 18-ғасыр аяғында биік лауазымды қызметтер атқарған, Хандық кеңестің төрағасы болған адам. Кейін, нақтырақ айтсақ, 1801 жылы ол қазақ мүддесін ескере отырып, Ресей императорының рұқсатымен Еділ мен Жайық арасына көшу жөнінде шешім қабылдайды.

Қазақтар бұрыннан Еділ мен Жайық арасын атақонысы санайтын. Бірақ неге бұл жер бұған дейін бос болмады деген заңды сұрақ туындайтыны рас. Тарихтан белгілі, кезінде Жоңғариядан шыққан қалмақтардың бір бөлігі қазақ жерінің солтүстігі арқылы айналып келіп, қазіргі Батыс Қазақстанның аумағына қоныстанған. Ол Ноғай Ордасының кезі еді. Алайда Ресей империясы мен Ноғай Ордасы арасында дүркін-дүркін соғыс болып, ақырында Ноғай мемлекеті тарих сахнасынан кетті. Осы ұрымтал сәтте Еділ қалмақтары сол жерлерді иемденіп, қоныстанды.

Эдуар Риу (Шарль Жоффруаның суреті негізінде). Қалмақтардың 1771 жылы Қытайға көшуі. 1845 жыл / Wikimedia Commons

Негізінен, бұл аумақты ноғаймен бірге қазақтар да жайлаған еді. Алайда 18-ғасырдың екінші жартысында қазақтардың Жайықтың оң жақ бетіне (Еділ мен Жайық арасына) өтуіне тыйым салынды. Сөйтіп жүргенде, 1771 жылы Еділ қалмақтары Жоңғарияға көшу жөнінде шешім қабылдады. Кей деректерде 30 мың шаңырақ, енді бірінде 33 мың шаңырақ қалмақ қазақ жері арқылы атақонысына кетеді.

Қазақтың қалмақта кеткен кегі көп. Сол себепті атақонысына асыққан қалмақ көшіне шабуыл жасап, біразын қырып жібереді, бір бөлігін тұтқынға алады. Әйгілі «Шаңды жорық» деген тіркес содан қалған. Тіпті сол қалмақтардан 56 мың шаңырақ қана діттеген жерге аман-есен жеттті деген дерек бар. Кейін сол аралық бос қалғанда Бөкей Нұралыұлы өтініш жолдап, ол жерді қазақтардың жайлауына рұқсат алады.

Бөкей Ордасын алғашында Ішкі орда деп атаған. Қазіргі атауы кейін қолданысқа енді. Бөкей Нұралыұлы о баста арғы бетке өтіп хандық құрғанымен, сол кезде сұлтан лауазымында ғана еді, ал Хандық кеңес Жайықтың бергі бетінде қалып қойған. 1812 жылы ғана ол Ресей императорының шешімімен хан болып тағайындалды.

Тақырыпқа орай

Қазақстан

Рәміздердің құрылымы мен мәні

Қазақстан елтаңбасы туралы пайым

Империялық пиғыл және әке саясаты

Ресей империясына бодан болғалы қазақ хандарының бір тобын империя тағайындаса, екіншісі халық сайлаған хандар еді. Яғни бұған қарап Кенесарыны неге қазақтың соңғы ханы деп атайтынымыз түсінікті болады. Себебі оны отаршыл империя мойындамағанымен, қазақ халқы бас иді. Ал Бөкей Ордасының соңғы ханы Жәңгір ханды Ресей империясы тағайындаған.

Қайткен күнде де империяның бір бармағы бүгулі еді. Патша әкімшілігі Бөкей Ордасын құру арқылы Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарына үлгі көрсеткісі келді. Себебі соның алдында ғана, яғни 17831797 жылдары Сырым Датұлы бастаған көтеріліс бұрқ етіп, Ресей империясын аяғынан тік тұрғызды. Көтеріліс кезінде Есім хан өлтірілді. Бұл Ресей империясына қарсы жасалған үлкен ескерту іспетті еді. Сондықтан отарлық саясатын жалғастыра түсу мақсатында Кіші жүз қазақтарының талаптарын қанағаттандырып, бір бөлігін Еділ мен Жайық арасына өткізіп, халық наразылығын басуды көздеді.

Астрахан хандығы аумағының картасы. 17-ғасыр (16-ғасырдағы түпнұсқа негізінде) / Wikimedia Commons

Тіпті І Александр Бөкей Нұралыұлына Еділ мен Жайық арасын мәңгілік көшіп-қонуға рұқсат етемін деп жазды. Бұл, өз кезегінде, оған қарапайым көшіп-қонудан бастап, сауда-саттық жасау секілді көптеген салада мүмкіндіктер берді деуге болады. Алайда оған Бөкей Ордасында оңтайлы саясат жүргізу оңайға соқпады. Себебі шекаралық аймақтарды нақтылап, шегендеу үшін көршілермен келіссөз жүргізуге тура келді. Жайық өзенінің бір жағында Орал казак әскері тұрды. Каспий теңізінің жағалауында, қазіргі Атырау облысының аймағында орыс ақсүйектері граф Илья Безбородко мен князь Николай Юсуповтың жерлері болды. Олардың бір жағында кундрлік татарлар тұрса, тағы бір тұсында Ресейдің ішкі өлкелерінен көшіп келген шаруалар бар еді.

Жәңгір хан қалай билікке келді?

1815 жылы Бөкей хан қайтыс болады да, хан тағын Атан ханымнан туған ұлы Жәңгірге аманаттап кетеді. Ресей билігі оның өсиетіне қарсы болмағанымен, Жәңгір бұл кезде небәрі 14 жаста болатын. Сол себепті уақытша хандық билік Бөкейдің інісі Шығай Нұралыұлына табысталады. Ал Шығай ағасының көзі тірісінде оның сенімін иеленген адам еді.

Белгісіз суретші. «Қазақ ханының ұлы». 1844 жыл / Еуропа мәдениеті музейі (Германия), Wikimedia Commons

Жәңгір кәмелетке толғаннан кейін де Шығайдың билікті және оған қатысты құжаттарды тапсыруға асықпағанын аңғартатын деректер кездеседі. Дегенмен олардың арасында ашық тартыс болды деуге негіз жоқ. Қалай болғанда да, 1823 жылы билік түпкілікті Жәңгір сұлтанға көшті.

Хан ордасының салынуы

Жәңгір ханның Астрахан губерниясында тәрбие алуы оның кейінгі саясатына едәуір ықпал еткен. Мысалы, ол 1826 жылы Бөкей Ордасында Хан ордасын салғызуды жоспарлайды. Бұған дейін Ресей императорының қабылдауында болғанда патшаға сол туралы өтінішін айтып, 35 мың рубль қаражат сұраған. Ол кезде бұл қисапсыз қаражат саналатын. Патша билігі оның өтінішін қабыл алды.

Жәңгір ханның Хан ордасындағы сарайы (Хан ордасы кенті, Батыс Қазақстан облысы) / Tengrinews.kz

Жәңгір осылайша билікті орталықтандыруды көздеп, үнемі көшіп-қонып жүруге болмайтынын түсінді. Хан алдына хат-хабар, өтінішпен келетіндер болса, оларды қабылдайтын бір орда болу керек деп есептеді. Ақырында Бөкей Ордасындағы Жасқұс деген елді мекенге таңдауы түсіп, ордасын сонда салдыртады. Хан ордасы 34 бөлмеден тұратын. Жәңгір хан оның ішінде қару-жарақ палатасын жасақтады.

Жер және салық дауы

Жәңгір ханның тұсында жер дауы өршіді. Сондықтан ол осы мәселеге баса назар аударады. Оған қоса, Бөкей Ордасының батыс шекарасына Ресейдің ішкі өңірлерінен қашып келген шаруалар қоныстана бастады. Біз бұл ретте Жәңгір ханның жер саясатын екі кезеңге бөліп қарастырамыз.

Бірінші кезең 18251830 жылдар аралығында ол жер мәселесін көрші халықтармен келісіп, шешуге тырысты. Ордаға жер межелеуші арнайы мамандарды алдыртты. Көрші қоныстанған халықтарға өкілдерін жіберіп, «мынау біздің жер, осыған келісуіміз керек» деген секілді мәселелер көтерді.

Барбиш. «Жағалаудағы сауда». 18-ғасырдың аяғы / Эрмитаж музейі

Екінші кезең 18311845 жылдар аралығы. Жәңгір хан жер мәселесін көршілермен келісіп, шекарасын шегендеген соң, шекаралас аумақтарды айналасындағы сұлтандарға, өзін жақтаушы ауқатты адамдарға бөліп бере бастады. Мұны оның шекаралас аймақтарды қараусыз қалдырмауды көздегенімен байланыстыруға болатын да шығар, бірақ маңайындағылар осы бөліске түскен жерлерді жеке мақсаттарына пайдалануға көшті. Ендігі кезекте олар қолы жеткен аумақтарды жергілікті қазақтарға жоғары бағада жалға бере бастады. Бұл да кейін жер дауын ушықтырып жіберді.

Жәңгір хан салықтың біраз түрін енгізді, тіпті деректерде оның кезеңінде 23 түрлі салық болған делінеді. Соның ең үлкені зекет салығы. Ислам діні арқылы келген бұл салықты, негізінен, дін өкілдері қолданатын. Бірақ ол осы зекет салығын Орда тұрғындарына салады.

Барбиш. «Саудадан қайтқан қазақ отбасы». 18-ғасырдың аяғы / Эрмитаж музейі

Кімде 5 түйе, 30 ірі қара, 40 қойы болса, сол зекет салығын төлейтін. Белгіленген тәртіп бойынша, 5 түйеден 1 қой, 30 ірі қарадан 1 бұзау, 40 қойдан 1 қой алу көзделген. Уақыт өте бұл салық көлемі тіптен артып кетеді. Мысалы, ол билікке келген 1825 жылдары жиналған зекет салығының көлемі 250300 мың рубль болған. Ал 1844 жылы зекет салығының көлемі 980 мың рубльге дейін көбейген. Салыстырмалы түрде алсақ, Хан ордасын салуға 35 мың рубль кетті. Ал жиналған зекет көлемі одан бірнеше есе көп. Айналып келгенде мұның бәрі қарапайым халықтың мойнына артылды.

Исатай мен Махамбет көтерілісі

Солайша, Жәңгір хан жүргізген жер реформаларының теріс әсерлері байқала бастайды. Соның ішінде, 18311845 жылдар аралығында Жәңгір хан 1517 жер иелену жөніндегі куәлік табыстаған екен. Сондай-ақ өзіне 400 мың десятина жер алады. Ақырында, қарапайым халыққа осы Бөкей Ордасы аумағының үштен бірі ғана қалды деп айтылады. Бұл осы өңірдегі 15 ру үшін өте аз еді.

Жерден таршылық көріп, салықтан титықтаған халықтың да шыдамы таусылады. Алайда халық бірден қарулы көтеріліске шыққан жоқ. Алдымен ескерту жасап, Орынборға хат жазады. 1836 жылы Жәңгір ханға петиция табыстайды. Жер мәселесін, салық жайын шешу туралы талап қояды. Хан бұл талапқа құлақ аспайды.

Белгісіз суретші. «Казактардың қырғыздармен (қазақтармен) шайқасы». 1826 жыл / Wikimedia Commons

Ізін ала Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс бұрқ етеді. Жәңгір хан Орынбор губернаторлығына «жергілікті халық маған бағынбай жатыр, оларды басуға маған әскери қол керек» деген мағынада хат жазады. Сөйтіп, полковник Карл Гекке бастаған әскер жіберіледі. Тастөбе шайқасында көтерілісшілер жеңіліп, шегінеді. Шешуші шайқас 1838 жылы Ақбұлақ өзенінің бойында өтеді. Орынбордан арнайы әскери жасақ жетеді, Елек бойындағы әскери бекіністен 50 әскер келеді. Орал казак әскерлері де жазалауға қатысады. Жергілікті Бөкей Ордасынан да әскер шығарылады.

Осы шайқаста көтерілісшілердің тоз-тозы шығып, Исатай Тайманұлы қаза табады. Кейін Махамбет Өтемісұлы да опат болды.

Бірақ дала дәстүрін сақтаған мына бір оқиғаға таңғаласың. Мұны біреу Исатайдың даналығы десе, бірі қателігі деп санайды. Себебі Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер Хан ордасына он шақырым жерге дейін келетіні бар. Хан ордасын шауып алуға күші жетіп-ақ тұр. Жақтастары «орданы шабайық» дегенде, Исатай келіспей қояды. Оның бұл байламы «қардың басын қар алар, ханның басын хан алар» деген дала заңымен үндесетін.

Қазақ даласындағы алғашқы мектеп

Жәңгір ханның өмір жолы қарама-қайшылыққа толы. Оны оң немесе теріс деп біржақты бағалауға болмайды. Себебі әрекеттерінің нәтижесі әртүрлі.

Басты мәселе ол еуропалық үлгіде тәлім-тәрбие көрген адам. Бұл оның кейінгі өмірінде көп тұрғыда пайдаға асты.

Ол 1826 жылдан бастап мектеп ашуды көздеп, арманына 1841 жылы ғана қол жеткізді. Оны қаржыландыру Жәңгір ханның есебінен жүргізілді. Осы жерде бір жайтты айта кету керек. Кез келген мемлекеттің өмір сүруінің басты шартының бірі салық жүйесі. Ол салық саясатын енгізіу арқылы хандықтың өмір сүруіне жағдай жасады. Әрине, халықтан алынған салықтың бір бөлігін сол білім жүйесіне бағыттады.

Бөкей Ордасындағы алғашқы зайырлы оқу орындарының бірі. Хан ордасы кенті, 20-ғасырдың басы / Wikimedia Commons

Жәңгір ханды Ресей империясына қызмет ететін мамандар даярлады деп айыптайтындар бар. Ондай қорқыныш сол кездегі ел ішінде де болған. Бірақ ол қалай болғанда да білімді басты бағдар етті. Өзгеге үлгі болып, өзінің екі ұлын осы мектепте оқытты. Татар, орыс мұғалімдерін сырттан алдырды. Мектепте ислам ілімдерінен бастап заманауи пәндер оқытылды. Қазақ балаларына білім беріп, үздіктерін Орынбордағы Неплюев кадет корпусына дайындауға тырысты.

Бұл білім ордасынан Мұхамед-салық Бабажанов, Мақаш Бекмұхамедов, Дәулеткерей Шығаев, Бақтыгерей Құлманов, өз ұлы Ғұбайдолла сынды белгілі тұлғалар шықты.

Алайда Жәңгір ханның бастамасы неге «қазақ даласындағы алғашқы мектеп» деп айтылмады? Беріге дейін неге біз Ыбырай Алтынсариннің мектебін алға шығарып келдік? Бұл кеңестік идеологияның кесірі еді. Себебі таптар күресі алға шыққанда, хандар туралы жағымды әңгіме қозғау мүмкін емес болатын.

Тақырыпқа орай

Қазақстан

ҚАЗАҚ ЖАЗУ МӘДЕНИЕТІНІҢ ТАРИХЫ

Көне түркі жазуынан кириллицаға дейін

Профессор атанған хан және Фатима ханым

Саралап отырсақ, Жәңгір ханның атқарған ісі көп. Ол ғылым-білімге жақын адам болған. Тіпті сирек кездесетін қолжазбаларды жинақтап, Қазан университетіне тапсырады. Сол үшін оған 1844 жылы профессор атағы беріледі. Қазақ тарихында мұндай жайт болған емес.

Жәңгір кітап жинады, қазақ жеріндегі алғашқы музей ісін қолға алды, пошта ісін дамытты, орман шаруашылығын гүлдендірді. Ол еккен қарағайлар Бөкей Ордасында әлі күнге дейін өсіп тұр.

Жәңгір тіпті 1832 жылы Хан ордасында алғаш рет жәрмеңке ұйымдастырды. Себебі қарапайым халықтың Орынборға барып керек-жарағын алып қайтуға жағдайы бола бермейтін. Жәрмеңке кезінде халық қолындағы тауарын өткізіп, тұрмысқа қажетін тапты.

Хан ордасындағы Хан мешіті (Хан Ордасы кенті, Батыс Қазақстан облысы). 1835 жыл / Wikimedia Commons

Ханның жары Фатима ханым да орыс гимназиясында оқып, еуропаша білім алған, бірнеше тілде еркін сөйлеген. Оның әкесі Мұхамеджан Хұсайынов Орынборда мүфти қызметін атқарған адам. Жәңгір ханның Бөкей Ордасында еуропалық үлгіге тән түрлі реформа жасауына әйелінің де ықпалы көп болғаны айтылады.

Екеуінен бес ұл, үш қыз дүниеге келген. Екеуі де балаларына дұрыс білім беруді қалап, Орынбордан ағылшынтекті тәрбиешілерді алдырған. Кейін балалары Ресейдегі алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алды.

Жәңгір ханның өлімі

Жәңгір хан 1845 жылы 11 тамызда дүниеден өтеді. Жанында орыстың Троицкий деген дәрігері болады. Миына қан құйылғаны айтылады. Жалпы, оның бойындағы ауру белгісі бір жыл бұрын сезіліп, жүрек талмасына ұшырайды. Қазіргі тілмен айтсақ, өліміне инсульт не инфаркт себеп болғанға ұқсайды.

Сол жылы қазан айында жары Фатима, қараша айында Жүзім деген әйелі көз жұмады. Хан әулетіндегі осындай бірінен соң бірі болған қаза, бәлкім, ел арасында оның өліміне қатысты түрлі алып-қашпа әңгіменің туындауына себеп болса керек.

Хан өмірден өткен соң Бөкей Ордасын басқару жөнінде уақытша кеңес құрылып, ревизия жүреді. Бүкіл құжатты мұқият тексерген орыс шенеуніктері бір жағдайға айрықша таңғалып, Жәңгір хан Ресей империясының отарлау бағытындағы тапсырмаларын орындамаған деген тоқтамға келеді. Алайда патша билігінің түпкі мақсаты хандық билікті жою еді. Солайша, Жәңгір дүниеден өткесін орнына хан тағайындамайды да, Жәңгірден кейін Бөкей Ордасындағы хандық билік жойылады.

Бұл тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Ғизатовпен Бөкей Ордасындағы Жәңгір хан туралы сұхбаттың бір бөлігі. Толық нұсқасын Qalam Tarih атты YouTube арнасынан көре аласыздар.

Саялбек Ғизатов

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді