РИМ

Ең үлкен империялардың бірінің орталығы

Рим форумы / Matteo Colombo/Getty Images

Тарихшы Олег Воскобойниковтың баяндамасында Энейден Бенито Муссолиниге дейінгі Рим тарихы

Тибр ауылынан ұлы империяға дейін

Жиһангер, қарашы, алдымызда жатқан байтақ

Рим Энейге дейін қалың шөп басқан дөң болатын.

Теңіздік Фебтің ғибадатханасы асқақтап тұрған

Палантинде Бұрын қуғында жүрген Эвандр сиыр мен бұқа бағатын.

Ол кезде қазіргідей алтынмен апталған ғибадатханалар тұрғызылмайтын:

Саз құдайлар лашықтарда тұруға ұялмайтын...

Қызыл күрең астарлы тоға киген

Сенат отыратын жерде

Аң терісін жамылған қарапайым ақсақалдар кеңесі жиналатын...

Дөрекі жауынгер жауын қорқыту үшін сауыт-сайманын жарқыратпаған:

Ол кезде бәрі де әншейін күйдірілмеген сойылмен шайқасатын.

Осылайша Империяның өркенденуінің куәсі болған Проперций Мәңгілік қала дүниеге келген Алтын ғасырды мұңды сағынышпен еске алатын. Бұған қосатын не бар? Мейірімді Сатурн, найзағай атқыш Юпитер, екі жүзді Янус Рим тұрғындарының өз тарихы туралы алғашқы естеліктері болатын. Ақындардың есінде сондай-ақ лигурлар, сикулдар, Фавн, Геракл, Латин және, әрине, Апеннин түбегіне Энейдің соңынан келген Трояның жеңілген батырлар — патрицийлар сақталды, халық көсемдері өздерінің ата-тегі солардан шыққан деп санайтын. Қазір астанадан 25 километр жерде орналасқан Альба Лонганың патшасы Энейдің ұрпақтарын да есте сақтады. Солардың бірі — Тиберин Альбула өзенінде суға батып кетті де, өзенге қазір әлемге әйгілі Тибр деген атын берді. Ромул мен Ремді қасқырдың қаншығы асырайды, бірақ анасы бірдеңені алдын ала білгендей, олардың әкесі деп соғыс құдайының нағыз өзі Марсты атайды. Бәлкім, бұл олар негізін қалаған ежелгі Римнің бүкіл тарихына әсер еткен болар, себебі аңыздардың нақты тарихтағы маңызы аз емес. Палатинде жайғасқаннан кейін ағайынды екеуі қаланы кімнің атымен атау керектігін шешуге кірісті және түске кірген кезқұйрықтардың ұшуын жорыған балгерлердің пікірлерінің бір-бірінен алшақ кеткені соншалық, бұл бір бауырдың екіншісін өлтіруімен аяқталды. Авель мен Каин сияқты, бауырын өлтірген іші тар адам да Болмыс Кітабына сәйкес қаланың негізін қалады.

Ағасын жерлегеннен кейін Ромул қала салуға кірісті: шұңқыр қазылды, оған адамдар өздері үшін пайдалы деп санаған барлық нәрселерді салды да, топырақпен араластырып, бұл жерді mundus деп атады, бұл әрі «таза», әрі «ғалам» дегенді білдіреді. Осы жерден бастап шеңбер сызды да, Ромул әлемнің болашақ астанасының алғашқы киелі шегарасы болған жүлгені соқамен жыртты, ол — «померий», яғни «қабырға сыртында» деп аталатын. Мундусқа шаршы пішінді тақташалар төселді, Roma quadrata деген көне эпитет осыдан шыққан. Сондай-ақ, о баста да, қазіргі римдіктер үшін де Римнің әйел екенін айта кетейік. Ежелгі адамдар «шаршы Римнің» негізі мамыр айындағы календаларға он бір күн қалғанда, яғни б.з.д. 753 жылғы 21 сәуірде қаланғанын білетін. Одан жүздеген жылдар өткенде өмір сүрген тарихшылардың әңгімелеріне сенуге де, сенбеуге де болады, бірақ археология Палатин тұрғындарының жұпыны зираттарында адамдармен бірге көмілген заттардың құнында дәл сол кезеңде елеулі айырмашылық пайда болғанын дәлелдеді. Тас қабырғалар да дәл сол кезде пайда болды: қала тұрғызылды да, жаңа өркениет пайда болды.

О баста жеті төбенің тұрғындары саяси және мәдени тұрғыдан этрускілерге тәуелді болды: бәлкім, Римнің алғашқы патшалары да солардан шыққан болар. Эллададан кемемен келіп, Ұлы Грекияда, яғни қазіргі Оңтүстік Италияда өмір сүрген гректердің ықпалы да үлкен еді. Римдіктерде ата-баба ғұрпына, отбасы мен қауымға деген адалдыққа және жауынгерлік қаһармандыққа негізделген қарапайым патриархаттық тұрмыстың өте орнықты тәртібі қалыптасты. Соғысуға олар дереу кірісті. Сонымен қатар бұл халық ешқашан да тайпа ретінде өзін басқалардан оқшаулаған емес, өздерімен ауыр азапты және жеңіс даңқын бөлісуге дайын кез келген адамды қабылдайтын. Сондықтан қала айтарлықтай тез өсті. Б.з.д. 6 ғасырда патша Сервий Туллийдің тұсында ұзындығы 7 км жаңа померий жүргізуге тура келді, бұл сол кездегі өлшемдер бойынша аз емес еді. Сол кездегі Римнің аумағына жүз мыңға жуық тұрғын, сол жағалаудағы жеті төбе кіретін. Қазір Ватикан тұрған қарама-қарсы жағалауда сықақшы Марциал 1 ғасырда сірке суымен салыстырған жаман шараптан басқа ұзақ уақыт бойы ештеңе жасалмайтын. Бәрінің де өз уақыты бар…

Ежелгі қаланың шырайын келтіретін, әрине, ғибадатханалар болатын және де олар алғашқы патшалардың тұсында да болған еді. Римдіктер Капитолийдегі Ең Үздік Ұлы Юпитер ғибадатханасы және өздерінің өмірінде болған шамалы сән-салтанаттың барлығы үшін этруск шеберлерге борышты. Кескіндеме мен мүсіндемедегі сән-салтанаттың қалдықтарын мұражайлардан әлі де көруге болады. Көлемді өнер туындыларынан археологтар ғана түсінетін тіреу құрылғылардан басқа ештеңе де қалған жоқ.

Юпитер Статор ғибадатханасы. Рим форумының ауданы. Б.д.д. 3 ғасыр / Alamy

Рим өз билігін маңайдағы аумақтарға тез арада орнатып, өз тұрғындарын тіпті латын тілді адамдардан да бөліп қарай отырып, олардың азаматтық өмірінің негіздерін аялай қорғады. Бұл орайда онда астанаға тән нәрсе өте аз болатын: егер олар Афинадағы Акропольге ұқсас бір нәрсе тұрғызса, оны сақтап қалар еді деп ойлаймын. Республикалық Римнің тарихы (б.з.д. 6–1 ғасырлар) — римдіктердің қаһармандық жеңістерінің, яғни өз Отанының нағыз ұлының ең басты әрі жалғыз мақтанышын құрайтын нәрсенің тарихы. Империялық кезеңнің тап алдында сөзімізге келешекте арқау болатын Октавиан Август өзінің орасан зор мемлекетінде бейбітшілікті сақтағанын мақтан етіп, оны былайша сипаттады: «Біздің ата-бабамыздың салт-дәстүрінде Рим халқының құрлық пен теңіздегі барлық иеліктерінде жеңіспен қол жеткізілген бейбітшілік үстемдік құрған кезде ғана құлыптап жабылуы керек делінген Янус Квирин ғибадатханасы тек екі рет қана құлыптап жабылған; мен принцепс болған уақыт ішінде осы ғибадатхана сенаттың қаулысы бойынша үш рет жабылды». Октавиан мемлекеттік істерде қарапайымдылығымен ерекшеленбеген, бірақ ол өзінің жауынгер ата-бабаларының өмірі туралы шындықты айтты. Дәл сол кезде сарайға жақын жүретін Вергилий былай деп турасын айтты:

Басқалар қоладан жанды мүсін жасай алады,

Немесе ерлердің кескінін мәрмәр таста жақсырақ қайталай алады,

Дауларды жақсырақ шешіп, аспан денелерінің қозғалысын есептеп шығарады

немесе жаңа жұлдыздарға ат бере алады, — дауласпаймын:

Рим азаматы! Сен халқыңды айбынды түрде басқаруды үйрен —

Сенің өнерің осы! — бейбітшілік шарттарын қою,

Бас игендерге рақыммен қарау, ал өркөкіректерді соғыспен бағындыру!

«Энеида» VI 847–853

Император Августтың мүсіні. Кьярамонти мұражайы, Рим. Б.д.д 1 ғасыр/Wikimedia Commons

Олар шынында да өздерінен жеңілген солтүстік италиялық кельттер мен иллириялықтардан, ұлы Карфагендегі финикиялықтардан, эллиндерден немесе мысырлықтардан оқып-үйрене білді. Шығыстың эллиндік патшалықтарында билік құрған сән-салтанатқа римдіктердің ақыл-ойы ұзақ уақыт бойы көнбей келді: театр, философия, көркем өнер мен әдебиет бұл жерде тек республиканың соңғы сәттеріне қарай орнықты. Рим азаматтарының барлығы дерлік білімді болатын, бірақ оларға мемлекет пен халықтың істерімен айналысатын Форум мен Комиций және ат бәйге өткізілетін цирктер жеткілікті еді. Оның есесіне, Эллада құрған қалалық өркениеттің іс жүзіндегі игіліктерінің одан әрі де өсіп-өнуі үшін бұл жер құнарлы алқап болып шықты. Ежелгі дәуірде римдіктерден асқан құрылысшылар мен инженерлер болмаған. Б.з.д. 312 жылы Аппий Клавдий цензор болған тұста мұнда су құбыры және оңтүстікке апаратын «жолдар патшайымы» салынды. Осы via Appia Antica жолымен қазір де жүруге болады, тек асфальт туралы ұмытқан дұрыс, себебі бұл жолдың «жаны» (қалыңдығы бір метрге жуық) бұрынғы, ежелгі дәуірдегідей. Римдіктер өзендерге, әсіресе, болжап болмайтын Тибрға сенім артпайтын, сондықтан талай мыңжылдыққа шыдаған жолдарға соншама көп білімі мен күш-жігерін жұмсады. Сондай-ақ олар ауыз суды да бағалай білді. Aqua Appia («Аппий суы») атты алғашқы акведуктен кейін бірнеше ғасыр ішінде тағы ондаған акведук тұрғызылды. Олардың ішіндегі ең үлкені, дәнекерлеуші материалсыз тастан қаланған салтанатты аркадаларға тұрғызылған Aqua Marcia акведугінің ұзындығы 90 километрден асатын. Жолдар мен көпірлер сияқты, бұл акведуктер қазір де ішінара пайдаланылады. Б.з. 1 ғасырдағы Римдегі су тұтыну нормасы (бір адамға шамамен 600 л) 1913 жылғы Петербургтегіге қарағанда үш есе артық болды. Тұрғындар субұрқақтарды жақсы көретін, рас, олар жоғары қарай құйылмайтын, көркем ағын болып ағатын да, олардың жанында құмыра ұстаған халық топырлап жүретін. Римнің суы бүгін де дәмді.

Халықтың саны өскен сайын қалада жер де қымбаттай берді. Тұрғылықты жерге тіркелу сияқты ештеңе болмайтын, сондықтан қаланың тарлығы оның мәдениетіне тән жайтқа айналды. Тарлықпен бірге көп қабатты «инсулдар», яғни жылытылатын және басқа да ыңғайлы жақтары көп, бірақ төбесі күмбез тәрізді, қазіргіге ұқсайтын пәтерлері бар «аралдар» пайда болды. Қауымдық пәтерлер де кең тарады. Ақылға сыйымсыз әрі қауіп-қатері көп алыпсатарлық, жалға беру, қосалқы жалға беру өмірдің жағымсыз сипатына айналды. Атақты қолбасшы Красс сияқты білгір адамдар сан алуан тұрақсыз (яғни «өтімді») меншік иелігін сатып алып, мол дәулет жинай білді. Үйлерді тығыз әрі жылдамдатып салудың салдарынан өрт жиі шығатын болды: өрт сөндіру командаларының үнемі құрылып отырғанына қарамастан, Римнің тұтас бір кварталдары өртеніп кететін.

Римнің үкіметі насихат және халықпен қарым-қатынас құралы ретінде қаланың сәулетін көпке дейін елеген жоқ, бұған себеп оның терең демократияшылдығы емес, Римнің тұрғыны мұндай қарым-қатынас тілін тіпті де түсінбес еді. Сондықтан да парсыларды жеңуге бағышталған ескерткіш Парфенон римдіктерде болған жоқ. Тек эллиндік Шығысты басып алу барысында жинақталған бір ғасырлық қарым-қатынас тәжірибесі ғана билеуші элитаға биліктің жаңа тілін қалыптастыру үшін жақсы ойластырылған қала ландшафтының қаншалықты пайдалы екенін көрсетті. Ақсүйектердің жеке меншігі мен қоғамдық ғимараттардың құрылысын салудағы мен мұндалаған сән-салтанат б.з.д. 2 ғасырда бой көрсетті. Б.з.д. 1 ғасырда диктатор Сулла мемлекеттік мұрағатты, Tabularium, Гней Помпей театрын және Марс алаңындағы жаңа ғимараттарты тұрғызды. Табуларий — бізге жеткен алғашқы құрылыстардың бірі, онда грек ордері Рим қақпасымен үйлесім тапқан, бұл Форумнан жақсы көрінеді.


Қаланың жүрегі күшті жаңа биліктің келетінін сезді, десе де ол бұл биліктің жуық арада қаланың келбетін ғана емес, оның тұрғындарының мінезін де қалай өзгертетінін әлі білмейтін еді. Құдай іспетті Юлий небары бірнеше жыл ғана билік құрды, б.з.д. 44 жылы наурыздың идасында республиканың биік мұратын таптағаны үшін сенаторлар оны өлтіріп тастады. Бірақ оның қай жағынан алғанда да батыл, революциялық іс-әрекеттері қаланың әр бөлігіне, әсіресе форумға ерекше әсерін тигізді. Цезарь саясатының барлық қырлары сияқты, оның қала құрылысын салу жоспары да содан кейін Империяның орталығы болған астананы одан әрі дамытудың негізіне айналды. Келесі әр император өзінің есімін Империя туралы идеямен тығыз байланыстыра асқақтату жолында алдыңғы императордан асып түсуі керек еді. Рим осы даңққұмарлық жәрмеңке өтетін алаң болды. Бірақ Рим өркендеген алғашқы екі ғасырда оның өнері өзінің ең жақсы жемісін берді: императорлардың атымен аталған форумдар, Колизей деген бұлыңғыр аты бар Флавийлер амфитеатры, Пантеон, ең үздік салтанатты қақпалар, кесенелер мен базиликалар.

Қала тұрғындарының театрландырылған тұрмыс-тіршілігі бірте-бірте бағзы замандағы «қаһармандық» virtus ұғымының орнын басты, енді ол туралы тек рим әдебиетінің классиктері моралистер ғана сағынышпен жазатын болды. Билеушінің қандай да бір басшылығын білместен еркін өскен, миллиондаған халқы бар шулы қаладағының бәрі біртіндеп ғаламдық монархияның әлдебір жұмбақ мақсаттарына бағынуға тиіс еді. Мұнда жүз мыңдаған толық құқылы еркін римдіктердің басы қосылған болатын, олар тек өздерінің еңбегі құлдардың еңбегінен әлдеқайда қымбат болуы себепті пайдалы бола алмағандықтан ғана жұмыс істемейтін. Солар үшін «ас ішу мен ойын-сауықты тамашалау» қағидасын іске асыру үшін императорлар жаңа қала тұрғызды, кейбіреулері тіпті есуас болса да халықтың сүйіспеншілігіне бөленген Нерон сияқты 64 жылы оны өртеді де. Он төрт кварталдың 10-ы құрып кетті, бірақ астананы «сауықтырудың» кір-қоқыс пен қайыршылары жоқ, түзу әрі жарық көшелерге негізделген империялық жоспарын әлдеқайда қатал әрі байсалды Флавийлер одан әрі жалғастырды.

Робер Юбер. Римдегі өрт. 1785 жыл

Апостолдар Петр мен Павел осы жерде азап шеккендер деген атаққа ие болды, ал осы таста жаңа шіркеудің іргесі қалануы керек еді. Олардың соңынан христиан діні алғашқы үш ғасырдағы барлық дерлік Рим епископтарының даңқын әулие ретінде шығарды. Христиандарды халық әуелі жек көрді, содан кейін оларға құлақ түре бастады, олардан қорқатын, құрметтейтін, қарғап-сілейтін. Оларды Колизейде өртеп, жыртқыш аңдарға талатқаны екіталай, Колизей бұл үшін тұрғызылған жоқ. Олар жер астында ондаған шақырымға созылған катакомбалардың ішінде жасырынған жоқ. Ол дәліздерде он мыңдаған қабірлер жасырылған. Ең текті, мейірімді әрі қадірлі адамдарға кішігірім «кубикулдар» арналып, олар шағын фрескалармен, яғни түрлі түсті жұпыны дұғалармен, Құтқарушының өмірі туралы естеліктермен, Оның дүниеге келуі туралы Ескі өсиеттегі сәуегейліктермен безендірілетін. Осылайша жер астында, тірілер мен өлілердің байланысы үшін христиандық өнер дүниеге келді.

Үш ғасырға созылған қиын-қыстау кезең 312 жылы бір күні түпкілікті болмаса да, шешуші жеңіспен аяқталды. Христиандардың Құдайымен көзбе-көз араласамын дейтін император I Ұлы Константин христиан дінін дәстүрлі салт-ғұрыппен, әсіресе, императорға табыну ғұрпымен бірге Империяның ресми діні ретінде жариялады. Рим әлі де замандастарын өзінің мәрмәрмен көмкерілген ғибадатханалары мен сарайларының алтын жалатылған шатырларымен таңғалдырған пұтқа табынатын қала болып қала берді. Өзінің консервативті астанасын мүлдем жаратпаған Константин жаңа одақтастарына айбынды ғибадатханаларды тек ежелгі померийдің аумағынан тыс, өз меншігіндегі жерлерде тұрғызғаннан кейін ғана сыйға тарта алды. Бірақ күрес қаншалықты ұзаққа созылса да, оның нәтижесі биліктің ұстанған тұрғысымен алдын ала шешіліп қойған еді: тек басқалардан ерекше, тамаша дарынды, бірақ тым аз уақыт билік құрған император Жолдан тайған Юлиан ғана ежелгі ғұрыптардың маңызын қайтаруға тырысты, сол үшін жеңімпаздар оны Жолдан тайған деп атады.

Рим христиан дініне бағындырылды, ал христиан діні роман мәдениетіне қанықты. Санта Пуденциананың, Санта Мария Маджоренің, Санти Косма мен Дамианоның, Санта Сабинаның керемет көркем мозаикаларынан бізге алғашқы христиандардың Христосы емес, өзінің осы дүниедегі «кейпіне» ұқсап базилика апсидінде жайғасқан көк аспанның императоры қарап отыр. Азап шегуші еркектер мен әйелдердің тұлғасы мен киім-кешегінен біз сенаторларды және өздерін байсалды ұстаған астаналық бәйбішелерді оңай танимыз. Римнің қоғамдық базиликасы астаналық маңызы бар христиандық ғибадатханаға өте жақсы тәптіштелген сәулет үлгісін, әдет-ғұрыптың, сөздердің, кескіндердің көмегімен жаңа мәнге толтырылуы керек болған матрицаны берді. Ескі шараларға жаңа шарап құйылды. Империяның осы соңғы ғасырларында римдіктердің санасы және қаланың бет-бейнесі үздіксіз өзгеріп отырды, бірақ ешкім де өзінің Римнен шыққанын ұмытқан емес.

Заңды жеткізу. Апсид конхасындағы нақыш. Санта-Пуденциана базилигі. Рим, 5 ғасыр (16 ғасырда қалпына келтірілген) / Alamy

Ол қайғылы дәуір болатын. Рим 3 ғасырдағы дағдарыстан ешқашан да оңалып кете алған жоқ. Дағдарыстан ол Константинмен бірге жаңарып, қайтадан нығайып, ықтимал катализатор ретіндегі жаңа дінмен шықты. Бірақ бұл әншейін ескінің қайта жаңғыруы ғана еді, мұнда өркениеттің дамуына қажетті жаңа күш-жігер жоқ еді. Жағымпаздардан құралған сенат Константинге Колизейдің жанындағы салтанатты қақпаны сыйға тартып, сол арқылы өз халқымен соғыстағы жеңісті, яғни отандастарын өлтірудің саяси тұрғыдан (біреуге) қажеттігін алғаш рет мадақтады. Ал Траян мен Адрианның қақпаларындағы барлық әдемі бедерлі мүсіндер алып тасталды, бұл көптеген ғасырлар бойы үлкен келешекке ие болған өзіндік бір римдік сәулеттік айуандық еді. Константин мен оның мұрагерлері бір қолымен бірдеңені сақтап қалуға тырысып, екінші қолымен қиратып отырды. Соңғы императорлардың көпшілігі Мәңгілік қалада өздерінің болғаны туралы белгі қалдыруға тырысса да, «жауынгер» императорлар болғандықтан, олар өз ғұмырларын ең жақсы дегенде Империяның шалғай шектеріндегі шексіз соғыстарда тәмамдады, ал ең нашар дегенде қаскүнемдердің қанжарынан қаза болды.

Римдіктер не өздеріне өзі қожа болып, яғни анархияның ырқында қалды, не Рим епископының мықты қолына берілді. 410 жылы Римді Аларихтың жер қайысқан қолынан құтқаратын ешкім болмады, мұндай күйзеліс ғаламның орталығы Римнің басына келуі мүмкін екеніне римдіктердің сенгісі келмеді, сондықтан христиандарды барлық зұлымдықтың себебі деп санаған өркениетті адамзаттың айтарлықтай үлкен бөлігінің алдында диуана Августин оларды ақтауға мәжбүр болды. Император Равеннада тауықтарға жем беріп жүрді, ал жоғарғы клир шіркеу лауазымдары туралы дауласумен болды. Бірақ небары бірнеше онжылдықтан кейін I Ұлы Лев папа бос қалған үлкен қаланың күндерін біраз уақытқа ұзартты, ал Ватикандағы папа Станцтарындағы Рафаэльдің фрескаларына сенсек, тіпті оны ғұндардан құтқарып қала алды. 5–6 ғасырлардағы оның тұрғындарының арасынан тарихшылар мезгіл-мезгіл санаулы «соңғы римдіктерді» тауып алады: қолбасылар Стилихон мен Аэций, философтар Боэций мен Кассиодор. Бірақ олардың ешқайсысы да тыныш ғұмыр кешпеген, ілуде біреуі ғана өз ажалынан өлген. Оқулықтар бойынша Көне дәуір аяқталған, императорлық биліктің белгілерін герман конунгі Одоакр Константинопольге жіберген 476 жылы Империяның құрып кеткенін байқаған римдіктер кемде-кем еді. Олардың көпшілігі үшін Империя қаладан әлдеқайда ертерек, соңғы ұлы императорлармен бірге, аса көне сенаторлық әулеттердің тұтқынға алынған өкілдерімен бірге, жабылған мектептермен және енді ешкімге керексіз термалармен бірге кеткен болатын.

Римге келген кез келген адам барлық күйзелістерге қарамастан, римдіктердің өз төбелерін тастап кетпегеніне, сөйтіп, бұл қаланың көптеген ежелгі қоныстардың қайғылы тағдырын қайталамағанына көз жеткізе алады. Лев пападан ұлылығы кем емес, бірақ одан бір жарым ғасыр кейін, шамамен 600 жылдары өмір сүрген I Ұлы Григорий папаның тұсында оның сүйікті Римінде небары бірнеше ондаған мың адам ғана қалды. Бірақ Рим Идеясы тым өміршең болатын, егер оның тарихын түсінгіміз келсе, оны біз де ұмытпауға тиіспіз. Мозаикалардың алтынынан ештеңе де үйренбестен және Рим үшін жергілікті феодалдар жүргізген талай ғасырлық күрестің айғағы, әулие Петр кафедрасының төңірегінде орын алған қызу тартыс-таластың айғағы — қолдағы қанды байқамастан оның ортағасырлық тарихының қайғылы әрі түнеріңкі парақтарын түйсіктің жетегінде әншейін өткізіп жіберу оңай. Расында да Форумның нәзік те айбынды ақ ғимаратын артта қалдырып, барынша сүреңсіз via dei Fori Imperiali көшесіне шығып, бағдаршамның жанында тұрып, 12 ғасырдың соңы 13 ғасырдың басында папалардың ішіндегі ең мықтысы аскет III Иннокентийге тиесілі болған жайпақ әрі қорқынышты Tor de’ Conti қабырғасына түскенде, ал артыңа қарап, сол кездің дәл сондай түнеріңкі куәгері Torre delle Milizie — «Әскери мұнараны» көргенде денең сәл түршігеді. Бұл мұнараларды бір кездері өздерін «құдайдың құлдарының құлдары» деп атаған, момындардың ішіндегі ең момын Рим епископтары асау қаланың түрлі аудандарын стратегиялық жағынан бақылау үшін тұрғызған болатын. Дегенмен осы бір ұзақ тарихтан да өзіміз сабақ алуға тырысып көрейік.

Ортағасырлық Рим

Орта ғасырдың алғашқы ғасырларында кішкентай тәуелсіз деревнялардың шегінде ғана қалып қойған және маңайындағы басқа ештеңені байқамаған христиандық Еуропа дегенмен де екі ұлы қала туралы ойламай тұра алмады. Олар Иерусалим мен Рим болатын. Құдайдың табыты сақталған бірінші қала тым алыста болатын, оның уақыты әлі келмеген еді. Толып жатқан киелі орындары бар екіншісіне жету қиын болатын, бірақ тозығы жеткен жолдар бұрынғысынша сол жерге апаратын. Сол кезде Римнің дінбасылары «папа» атағын (бұл о баста православиелік дін қызметшісіне «әкетай» деп жүгінгенге ұқсас болатын) қабылдап, әрі рухани, әрі зайырлы нағыз билікке айналды. Олардың ішіндегі ең белсенді, ең үздіктері тек ерен дінбасылар ғана емес, сонымен қатар жаңа Римнің патриоттары да болатын. Ұлы Лев пен Августин пұтқа табынған ежелгі мемлекеттің күні бітуге таяу екенін түсінді, «Христос республикасының» дәуірі басталып келе жатты және Рим оның жаңа астанасы болуға тиіс еді. Петрдің мұрагері әрі орнын басушы Папа осы астананың, әулие Петр қаласының бет-бейнесі мен рәмізіне айналды. Осы ірі понтификтердің әрқайсысы Петр әулиенің Ватикандағы базиликасының алғашқы тастарын Батыстың тұңғыш христиандық мемлекет басшысы император Константиннің салғанын ұмытқан жоқ, ал тақуалық шежіресі оған Исаның өзінің қатысқанын айтатын.

Егер Империя бір күні кенеттен қайта жаңғыратын болса, мұның тек осы жерде ғана іске асуы тиіс екенін бәрі де түсінді және де кезінде апостолға теңдес император мен папа I Сильвестр жасасқан, мемлекеттің, зайырлы егемен билік пен христиан дінінің, яғни Шіркеудің одағын міндетті түрде есте ұстау керек еді. Ал 800 жылы Ұлы Карл және франктардан құралған оның толып жатқан нөкерлері келгеннен кейін орын алған бұл жайттан бұрын-ақ «Римді сезіну», өтіп кеткен ұлы заманды қайта жаңғыртуды көксеу сезімі күшті болатын. Саяси өмірде осы арман-тілектер 756 жылы папалық мемлекет — Әулие Петрдің Патримониясының пайда болуынан көрініс тапты. Дәл сол көксеу ортағасырлық сәулет өнерінің дөрекі қашалған тасының арасынан қайтсе де байқалып қалады: Форумның маңындағы Санта Мария Антиква фрескаларындағы әсем дидарларға немесе Санта Прасседе шіркеуіндегі шағын Сан Дзено капелласының мозаикаларына көз салса да жеткілікті. Донатор әлдебір көне үйдің қираған орнынан асқан қиындықпен қазып алып, жаңа мозаикалардың қасында көрмеге қойған әр көне ұстын замандастарына оның дәстүрлі, көне Римге адалдығын айғақтайтын.

Санта-Мария Антиква шіркеуіндегі қабырға суреті. Рим / Alamy

Аврелиан қабырғаларының ар жағында қамалған қала көптеген ғасырлар бойына ондаған есе азайып қалған тұрғындар үшін тым үлкен болатын. Ол бағзы заманда Константин іргесін қалаған негізгі ғибадатханалар мен монастырлардың немесе христиан дінін қабылдаған бай римдіктерге тиесілі ескі tituli мінажат үйлерінің маңайындағы шағын бургтардың орасан зор конгломератына айналды. Осы кенттердің арасындағы бос жатқан орасан үлкен жерлерде тек жүзім ғана өсетін. Бұл бос жатқан жерлер өте өміршең болып шықты да, уақыт өте келе тіпті римше disabitato, «адам тұрмайтын» деген атауға да ие болды. Форумның маңайындағы осындай бір бос жерде Орта ғасырларда қала тұрғындарының қиялымен абайсыз жүргіншіні аузынан шыққан сасық демімен өлтірген василиск қоныстанды, бұл туралы 12 ғасырдағы бір уағызда баяндалады. Біз мұндай аңғарларды Қайта өркендеу дәуіріндегі суреттер мен гравюралардан білеміз. Оларды кезінде Гёте, Стендаль, Гоголь, Шатобриан да білген және бізге сол өте алыс, бірақ мың бояулы өткеннің белгілерінің романтикалық суреттемелерін қалдырған.

Римдегі бос жатқан жерлерді тіпті асфальт пен буржуазиялық үкіметтер келгенге дейін түсірілген ескі фотосуреттерден де көруге болады. Ортағасырлық бос жатқан Римде нағыз римдік өмірге ұқсас нәрсені елестету соншалықты қиын, сондықтан егер саяхатшы Орта ғасырды арнайы іздемесе, ол мұнда саяхатшыға сирек ашылады. Бірақ мыңжылдық базиликалардың күмбезінің астына көз жүгіртіп, кейде жердің астына түсіп, әулиелердің ширыққан көздеріне үңілу немесе Судия мүсінінің маңындағы гүлденген жәннат бағының алдында бір минут қимылсыз қалып, Сан Клементенің базиликасындағы Өмір ағашының бұтақтарының арасынан құстардың барлық тұқымын табу керек. Сонда осы күрделі композицияларды жасаған клириктер мен суретшілердің ақыл-ойында қандай қарқынды зияткерлік жұмыс жүргенін түсіну қиынға соқпайды.

Иә, Римдегі өмірдің күнделікті шындығы олигархтардың курия кезіндегі (демек христиандық әлемнің өміріндегі) олигархтардың ықпалы үшін, ал 11 ғасырдан бастап кардиналдың бас киімі үшін күресуден басқа ештеңе де болмайтын деп айтуға болады. Батыс Рим империясы қайта жаңғырғаннан кейін Рим тұрғындарының шетелдік болса да зайырлы билікке бағыну керек пе немесе көбінесе өз араларынан сайланатын дінбасының үстемдігін жақтау керек пе деген таңдауды жиі жасауына тура келді. Алайда Мәңгілік қаланың мыңжылдық тарихы да «ренессанстардың» тізбегі еді, кез келген рухани құбылысқа renovatio urbis, астананың бұрынғы айбынын қайта жаңғыртуға шақыру қоса жүретін. Тек ауқымы үлкен жетістіктерді ғана байқауға үйренген көзқарасқа мұндай «жаңартулар» жекелеген зияткерлердің, көбінесе папалар мен кардиналдардың аңқау, әлсіз іс-әрекеттері болып көрінуі мүмкін. Одан кейін келген мәдени дәуірлердің өткеннен мұраға алған дүниелерді соңғы сән бойынша әбден «тарап-тазалағанын» да ұмытпайық, бұл тұрғыдан Қайта өрлеудің, барокко мен классицизмнің «жабайы» Орта ғасырдан еш айырмашылығы жоқ. Рим шіркеулерінің ең керемет мозаикаларының барлығын дерлік бүгінде 17–18 ғасырлардағы понтификтердің, дін қызметшілері мен аббаттардың діни құлшынысымен мехрабтардың үстіне қойылған, оларды сенімді жасырып тұрған барокко мен рококоға тән алып киворийлардың ар жағынан үңіліп іздеу керек.

Ежелгі Рим туралы ортағасырлық естелік — қала тарихының қызықты парағы. Биліктің тізгінін ұстауға құмар болған кез келген адам ең әуелі сол өткен дәуірдің патриоты болуға тиіс еді. 800 жылдан бастап Наполеон соғыстарына дейін тіршілік еткен Киелі Рим империясының императорлары германдықтар болатын және анда-санда ғана Римде шынымен де біржола қоныстану үшін мүлде үмітсіз дерлік әрекеттерді жасауға тырысатын. Кейде олар қару қолданған, кейде цицерондық көпірме қызыл сөзге және христиандардың астанасының ғаламдық маңызын мадақтайтын христиандық экзегетикаға жүгінген. Қала халқы папалармен және куриямен көбінесе тату тәтті өмір сүрмесе де, Римнің дәл өздеріне тиесілі екенін және Еуропаның жоғарғы зайырлы билігіне бұл жерде нағыз орынның жоқ екенін түсінетін. Еуропадағы абсолюттік рухани және зайырлы биліктен үміткер понтификтер корольдер мен императорлар сияқты риторикалық құралдарды толық пайдаланды, бірақ қару қолдануға олардың ресми құқығы болмайтын. Олардың қаруы Рим болатын, олар оны сан ғасырлық күш-жігерінің арқасында аса маңызды тәуап ету орталығына айналдырды, Римнің киелі жерлері мен көне дәуірдің «ғажайыптарына» апаратын жолнұсқалардың молдығы ол саясаттың сәтті болғанын көрсетеді. Кейде Рим патрициатының азаматтық патриотизмі папаның еркіне қарамастан қайта жаңғыратын. Ол 12 ғасырдың ортасында, Арнольд Брешанскийдің тұсында, римдіктер қаһарлы Барбароссаны ежелгі сенаттың даңқымен үгіттей отырып, онымен дербес келіссөз жүргізу мүмкін деп санаған кезде барынша жарқын пішінде қайта жаңғырған еді. Бұл даңқтың Альпінің ар жағындағы әмірші үшін ешқандай мәні жоқ еді, сондықтан ол қаланың бір бөлігін өз рыцарларының талқандауына бергенді, ал император тәжін пападан талап етіп алғанды жөн көрді.

Римдіктердің азаматтық сезімдері де кейде едәуір қызу көрініс табатын, сондықтан папалар қаланың үстінен асқақтап тұрған қамалдарының мұнараларында немесе кейбіреуінің бір бөлігі көлдерде күні бүгінге дейін сақталған қала сыртындағы үйлерінде жасырынуға мәжбүр болатын. 13 ғасырда олар көбінесе қала сыртындағы үйлерінде жасырынып, қалаға мүлде бармайтын. Олар тек асау діншілдерден ғана емес, сондай-ақ Үлкен жер асты арнасы мен қалалық кәріз жүйесінің басқа да көне құралдары иесіз қалдырылып, Тибрге жүзжылдық қоқыс лық толғаннан кейін нағыз пәлеге айналған безгектен де қашып құтылмақ болды. Қаланың ауасы, әсіресе жаздың ыстығында зарарлы болатын. Католиктердің миында «папа қайда болса, Рим де сонда» (ubi papa ibi Roma) деген ой мығым беки бастады. 1300 жылы Киелі қаланың мерейтойын жариялау әлемнің назарын Мәңгілік қалаға аудару үшін ортағасырлық папа қызметі іске асырған соңғы ірі бастама болды. Оның авторы VIII Бонифаций үш жылдан кейін, өзінің құдірет-күшінің шырқау шыңына енді жеткенде, Франция королі IV Филипп жасаған қорлықтан қайтыс болды. Негізінен алғанда, ортағасырлық папалықтың да, ортағасырлық Римнің де тарихы осымен аяқталады: папалар көп ұзамай Францияның оңтүстігіндегі Авиньонға көшіп барып, өздерімен бірге курияны ала кетті, сөйтіп қаланы анархияның билігіне иесіз қалдырды. Римнің папаларсыз көтерілуіне 14 ғасырдың ортасында бұл жерде бүкіл тиісті төлсипаттары бар ежелгі республиканы жаңғыртуды ойлаған Кола ди Риенцоның асқақ авантюрасы да, Солтүстік Италияның тіпті шағын қалаларының өздерінде де екі ғасыр бұрын пайда болған алғашқы қалалық статуттардың 1373 жылы басып шығарылуы да көмектесе алған жоқ. Рим әлеуметтік-саяси және құрылыс салу жағынан дамуында кенжелеп қалды және де егер Италия қалаларындағы ортағасырлық мұрамен салыстырса, бұл тіпті бүгін де сезіледі.

Сен-Бенезе көпірі. Авиньон, Франция / Shutterstock


«Авиньонда тұтқындаудан» (1309–1377) кейін схизма келді, ол кезде кафедрадан екі, тіпті үш папа (1378–1418) қатарынан үміткер болатын. 1421 жылға қарай мұның бәрі тынышталды да, папалар Римге оралды. V Мартин бір ғасырлық елеп-ескермеудің жемісіне қайғыра қараумен ғана болды. Қаланың тағдырына жаңа жағдайда қайта жаңғыру жазылған еді, 15–16 ғасырлардағы понтификтердің көбісі жоғары білімді әйтпесе ең аз дегенде шектен тыс мансапқұмар адамдар болатын, олар Қайта өркендеудің басты орталығы Флоренциядан өркен жайған мәдени идеяларды пайдалану мүмкіндігін құр жіберген жоқ. Гуманистер Римнің көне дүниесіне жеп жүрген азығындай мұқтаж еді, сондықтан олар рухы мен кескін-кейпі бойынша әлі де орта ғасырлардың тереңінде жатқан Римнің жабайы қараңғы түкпірлерінен классикалық дүниелерді іздеп бару үшін Арноның көркем жағалауларынан амалсыздан сапарға аттануға мәжбүр болатын. Бірақ 7 ғасырдың басында Бикеш Мәриям мен барлық әулиелердің құрметіне бағышталған Пантеон 15 ғасырдың ортасында-ақ өзіне жапсарлас дүкендерден босатылды. Ұлы гуманист әрі сәулетші Альберти қала аумағын толық өлшеу жұмысын іске асырды, антиквар және Флавио Бьондо «Қалпына келтірілген Рим», Roma instaurata деген рәміздік атаумен кітап жазды. V Николай (1447–1455) папаның билігіндегі мүлде жаңа астананы армандады, онда негізгі діни орталықтарды жалғастырған көшелердің түзу әрі айқын желілері пұтқа табынған болса да, бұрынғы даңқтың ескерткіштерін жаратқанның жарығына шығарар еді. Оның тапсырмасы бойынша сәулетші Бернардо Росселлино христиандық Батыстың бас ғибадатханасы жаңа Сан Пьетро туралы ойлана бастады. Жаңа дәуір басталып келе жатты.

Әулие Петр соборы. Рим,Ватикан / Shutterstock

V Николайдың қала құрылысын салу бойынша жоспары қаланың болашақ тарихына зор ықпал етті де, осындай жоспарлардың күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан тізбегін ашты. Бір кездердегі императорлар сияқты, енді папалар да Римнің қамын жеу жағынан бір-бірімен жарысып, жаңадан салынып, абаттандырылған оқтай түзу жаңа көшелердің әрқайсысында өздерінің мәдениетке деген ұмтылысы мен өркениеттілігін әйгілейтін, дәстүрлі латын тілінде ұқыппен жазылған тақтайша орнатуды ешқашан ұмытқан емес. Түп-түзу via Giulia, piazza del Popolo алаңынан үш жаққа таралатын Corso, Ripetta және Babuino көшелерінен құралған және сол кезде ешкім дерлік тұрмайтын кварталдарды ашқан «Рим үшбұрышы» via dei Condotti, Сикста көпірі (ponte Sisto), Sant Angelo көпірінің жанындағы «кіші үшбұрыш» — осының бәрінде құрылысшы понтификтердің және олардың ұлы «жол шеберлері», maestri di strade — Альбертидің, Кіші Антонио да Сангаллоның және бір кездері осында бас сәулетші болған Рафаэльдің ерік-жігерінің ізі қалған.

Piazza del Popolo алаңы. Рим, Италия / Alamy

Ренессанс дәуіріндегі Рим


15–16 ғасырлардың тоғысында Ренессанс, ақыры, өзінің шабытының қайнар көзі шымырлаған жерден орын тепті. Ватиканда ұлы кітапхана және Еуропа тарихындағы тұңғыш мұражай дүниеге келді. Римде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, табылған «Лаокоон» мен «Аполлон Бельведерский» көпшіліктің құлшынысын тудырды. Рафаэль өзіне адал берілген шәкірттерінің тобымен бірге Неронның Алтын үйінің жаңадан ашылған залдарына кірді: үйдің қирандылары қолдан жасалған әлдебір үңгірлерді (grotte) елестететін, сондықтан сол жерде көрген кескіндемені «гротескілік», «үңгір кескіндемесі» деп атады. Гротеск тамыр жайды да, ғасырларға созылған сәнге айналды. Өкінішке орай, Көне дәуірге бас ию кардинал Ренессанстың ұлы сәулетшілеріне Барбоның қолдауын пайдалана отырып, Римдегі тұңғыш Ренессанс сарайы, Palazzo di Venezia ғимаратын Колизейдің тастарынан қалауға кедергі келтірген жоқ. Ұлы мәдениет пен сәулеткерлік жабайылықтың осындай қиысымын Римнің басынан өткергені бірінші де, соңғы да рет емес еді. Одан Ренессанстың өзі де зардап шекті.

Билік Қайта Өрлеудің ең көрнекті меценаттарының бірі, соғысқұмар папа II Юлий (1503–1513) қала мен бүкіл христиан әлемінің аса маңызды рәмізі Әулие Петрдің Константин тұрғызған базиликасын папалық жүйенің ұлылығын бейнелей алатын жаңа ғибадатхана құру жолында қиратуды бұйырды, себебі папалық жүйе де жаңаланып, көп нәрседен үміткер болатын. Өткір сын өзін көп күттірген жоқ. Тек сәулет өнері жобасының ауқымдылығы, Брамантенің, Рафаэльдің, кейінірек Микеланджелоның қатысуы ғана адамзатты нағыз жабайы істі «ұмытуға» мәжбүр етті. Құрылыстың қарбаласында басты тимпаннан жоғары толқын үстінде келе жатқан апостол Петрді бейнелеген Джоттоның «Кемешік» (Navicella) атты атақты мозаикасы жоғалып кетті. Мың жылдан астам уақыт бойы тұрған, 4000 адамға арналған соборды безендірген басқа да көптеген, көпшілік біле бермейтін нәрселер де жоғалды.

Браманте. Сәулетші жартылай шеңберлі айбынды бас күмбезі мен төрт кіші күмбезі бар тең жақты грек кіресі пішініндегі, тура ортаға келтірілген алып шіркеу тұрғызуды ұсынды. Бұл жоба Ренессанстың барлық ілгерінді ұмтылыстарын адамның мүмкіндіктерінен тыс ауқымда жүзеге асырар еді. Бірақ Брамантенің ойлағанының көп өзгерістерге ұшырағаны соншалық, католик әлемінің11Ресми түрде Ватикан базиликасы құндылығы жағынан «қала мен әлемнің анасы әрі барлық шіркеулердің басшысы» Латерано базиликасынан кейін екінші орында тұрады. Басты шіркеуі деп саналатын ғибадатханада понтификтер мен сәулетшілердің Биік Қайта Өрлеу (Браманте) мен маньеризмнен (Микеланджело, Фонтана, делла Порта) бароккоға (Бернини) және тіпті Ең Жаңа заманға (Манцу мүсіндемесі) дейінгі бірнеше буынының ізденістері қиысым тапты. Кейінгі Микеланджелоның күмбезі сопақ, «готикалық» пішінге ие болды, тең жақты грек кіресі Карло Мадеро кеңейткен көлемдірек болса да кейінгі «ортағасырлық» өнерге жататын базиликамен алмастырылды. Бернинидің мехрабтық балдахинінен Микеланджелоның төбе шашы сірә да тік тұрар еді. 17 ғасырдың басында колосс ордері деп аталатынды пайдаланып қасбет тұрғызылды. Оның алдында тұрған көрермен енді сәулет ғимаратының күмбезбен біртұтастығын сезінбеді, оның есесіне қасбет «сахнаның» — понтифик қалаға және әлемге арнап сөз сөйлеп «бата беретін лоджияның» керемет «артқы жағына» айналды.

1530 жылдары мүлде «варвар емес» папалар VII Климент Медичи мен III Павел Фарнезе батыс христиан әлемінің аса маңызды капелласы, конклав мәжілісі өтетін капелланы сол кездегі ең ұлы суретші Микеланджелоның бұрын-соңды болмаған ауқымдағы фрескасымен безендіруді қалады. Ол үшін олар Рафаэльдің ұстазы, кезінде «құдай берген ғажайып» деп атаған Перуджиноның фрескаларын жоюдан және соның алдындағы понтификтердің тұсында және сол Микеланджелоның қатысуымен елу жыл бойы қалыптастырылған ансамбльдің көркемдік біртұтастығын бұзудан қорыққан жоқ. «Қорқынышты сот» — сөзсіз әрі даусыз өнер жауһары, бірақ сөйте тұра оның пайда болуы — ескерткіштің өміріне араласудың тіпті итальяндық өнертанушылар да жойқын деп атауға қорықпайтын нәтижесі. Бұрын ешкім көрмеген «Қорқынышты сот» тапсырыс берушіге алдыңғы сәулетшілер жасаған ескерткіштің бүтіндігінен, қадір-қасиетінен, беделінен гөрі бағалырақ болып көрінді және құндылық бағдарларының осылайша ауысуының артында тұтас ұлы дәуірлер: Кватроченто мен Чинквеченто дәуірлерінің ауысуы тұрғанын оңай байқауға болады.

Темпьетто / Alamy

Жеңімпаздарды соттамайды деп айтуға болады және понтификтерді икондарға қарсы немесе вандал деп атау әдетте біздің ойымызға келмейді, өйткені қазіргі Сан Пьетро мен «Қорқынышты сот» даусыз жауһарлар емес пе? Дегенмен Римде 17 ғасырда пайда болған мәтелге сәйкес «quod non fecerunt barãfecerunt Barberini»: «Варварлардың жасамағанын Барберини жасады». Бұл мәтелде қала тұрғындарының VIII Урбан мен оның отбасылары жүргізген құрылыс саясатына қатысты ашу-ызасы толық көрініс тапты: 1625 жылы ол Ватикан базиликасының мехрабының үстінен алып киворий (baldacchino) жасау үшін Пантеон портигіндегі қоладан жасалған арқалықтарды балқытуды бұйырды, ал Колизейдің тастары Санта Мария Маджоре капеллаларының бірінің және отбасылық сарайдың құрылысына жұмсалды. Папа астанасын көркемдік тұрғыдан жаңадан өркендетудің бағасы осындай болды. Санти Апостоли шіркеуіндегі Мелоццо да Форлидің керемет фрескаларын және Ватикандағы Мантенья жазған VIII Иннокентий капелласын жойған 18 ғасырдағы кейбір папалардың жабайылығын түсіну қиын! Бірақ Рим кез келген жабайылықты әлдебір жұмбақ жолмен өзіне сіңіріп алып, одан аман қалып, бәрібір Рим болып қала білді.

Ренессанстағы нәрселердің көбісі — аяқталмаған (мүмкін аяқтала алмайтын) мегаломандық жобалар. 16 ғасырдың басындағы ренессанстың ең кемеліне жеткізіп аяқталған құрылыс — темпьетто, тура аударғанда «кіші ғибадатхана», апостол Петрді керіп өлтірген жерде Браманте тұрғызған естелік шіркеу. Кіші ғибадатхана өзі сияқты шағын дөңгелек аулаға кіріп тұратын етіп ойластырылды, ал аула, сірә, әулиенің бейнесі, ескерткіш ретіндегі ғибадатхана үшін кеңістік жақтауының рөлін атқаруға тиіс болса керек. Оның іші де сыртқы түрі сияқты кемеліне келтіріле орындалған, бірақ оған кіргеннен кейін Биік Қайта Өрлеудің квинтэссенциясы осы екенін түсінгенде, күткеніңнен, шықпағаннан көңілің қалғандай сезінесің. Үйлесімдігі жағынан соншалықты сирек кездесетін осы бір құрылыстың ауқымының өзі өнер тарихына жалпы қараған кезде және Рим тарихына жекелей қараған кезде сабақ болардай: ең басты нәрселердің барлығы — ең басты ескерткіштерден бейнесін таппайды. Темпьетто, әрине, ерекше орында тұр, сондықтан да сол кезде мәдени біріншіліктің пальмасын Флоренциядан тартып алуға ұмтылған Римде, папалардың, кардиналдар мен олигархтардың қаласында жұмыс істеген ең үздік сәулетшіге тапсырылды. Бірақ шағын ғибадатхана сәулетші үшін де, папалар үшін де күштерін сынап көретін жоба болды. Батыстың ең басты ғибадатханасына «ренессанс» тұрғысынан ойлайтын понтификтер мен суретшілердің ғұмыры жеткен жоқ.

Дегенмен Алтын ғасыр дәл осы жерде, Ватиканда, кеудемсоқ, кейде жымысқы келетін, бірақ өнерді бағалайтын папалар мен кардиналардан қолдау тапқан флоренциялықтар мен Умбрия тумаларының шығармашылығынан басталды. 16 ғасырдың орта тұсына қарай ұлы шеберлердің көпшілігі о дүниелік болды, Микеланджело жұмыс істеуін тоқтатқан жоқ, бірақ қаусаған шал еді, Биік Қайта Өрлеу біртіндеп маньеризм кезеңіне өтіп жатты. Осы бір күрделі құбылыс, әрине, классиктердің «мәнеріне» еліктеумен шектеліп қалған жоқ, бірақ оның негізінде қақ орта мен үйлесімді іздеу емес, керісінше жүйкені ширықтырған, мазасыз, діни шиеленіске толы бір нәрсе жатты. Кейінгі Микаленджелоның сәулеттік қиялы сияқты, Виньола шығармашылығы да классикалық Римді барокколық Риммен байланыстырды. Сан Пьетро қабырғасының үстінен Микеланджело күмбезін небары 22 ай ішінде тұрғызу үшін Римді обелискілермен толтырған кәрі V Сикстің (1585–1590) қала құрылысын салудағы таңғажайып, жанталасқан дерлік күш-қуаты керек болды. Осы қала басшысының, құдіретті сценографтың еркі қаланың барлық кварталдарына ғана қатысты болып қойған жоқ. Ол сауда, өндіріс, тұрмыс, тәртіп сақтау, қала гигиенасының ережелері болсын, қала тұрғындарының өмірінің барлық жақтарын қозғады. Барлығы христиандық астананың эстетикалық даңқын шығаруға бағындырылды, бірақ осы қысқа мерзімді басқарудың бірегейлігі сұлулыққа деген талғамды шаруашылық жүргізу қабілетімен шебер ұштастыру болды. Римнің қалалық кеңістігін ұйымдастырудың қазіргі заманғы қағидаттары көп жағынан осы понтификке борышты.

Әулие Петр күмбезінің ішкі көрінісі / Alamy

Барокко өмір салты ретінде

Егер Римнің Қайта өркендеуден бароккоға қалай өткені туралы айтатын болсақ, 16 ғасырдың екінші жартысында астанада Контрреформация болғанын ұмытпау керек: Рим Солтүстік Еуропада протестанттық конфессиялардың таралуына қарсы тұра алатын, жаңартылған католицизмнің бет-бейнесі екенін көрсетуге тиіс еді. Бұл дәуірде, сірә, өзінің алдындағы онжылдықтардың жасампаздық батылдығы болмаған, ол жасампаздық істермен айналысқаннан гөрі олардың нәтижелерін бағалай білсе керек. Сондай-ақ ол көркемдік міндеттерді шеберлікпен тұжырымдай білді. Бұл істе ірі діни ордендер, әсіресе понтификтердің бас кеңесшілері, ең беделді орындарға жайғасып алған иезуиттер ерекше көзге түсті. Олардың Капитолийдің етегінде орналасқан басты ғибадатханасы Джезỳдің сындарлы әрі айбынды қасбеті көптеген онжылдықтар бойына еуропалық сәулеттің даму бағытын айқындады.

Жекеменшік виллалар қаланың маңызды ерекшелігіне айналды. Мұндағы сәулет өнерінде Римнің өзгеше бейнесі көрініс тапты, онда сәулетшілік айналадағы табиғаттан ажырамайтын құбылыс болды, бұл негізгі ғимараттарды қорғап тұратын абаттандырылған бақ немесе Апеннин шыңдары мен жасыл Кампаньяның тамаша көрінісі болуы мүмкін еді. Қазіргі заманғы тас жолдар осы ансамбльдердің көпшілігі туралы естеліктерді баяғыда-ақ жойып, тек құрылыстарды (бәрін емес) ғана аман қалдырған. Бірақ Римнің маңындағы Тиволи, Фраскати, Палестрина қалаларына бару сол жылдардағы Римнің келбетін елестетуге көмектеседі.

17 ғасырдың ұлы стилі барокко, әрине, бәрінен де Римде басым. Ежелгі дәуірден, Орта ғасырдан, Қайта өрлеу заманынан өзгеше, оны бұл жерден көп іздеудің керегі жоқ. Бұл шіркеулер мен сарайлардың қасбеттері, субұрқақтар мен шіркеу мұнаралары ғана емес, бұл тұтас алаңдар, көшелер, даңғылдар, кварталдар және де ең жақсы кварталдар. Бұл, әсіресе, біз ежелгі салт-дәстүрге бой ұсына отырып, Римнен кетерде соңғы кеште Треви субұрқағына шақа ала келсек, Римнен өзімізбен бірге ала кететін бейне. Жаңа, қитұрқы, әдеттен тыс — осы өнерге замандастарының қолданған эпитеттері осындай. Темпьеттода байқалатын тепе-теңдік пен салқынқанды көзқарасқа ұмтылыстың орнына барокконың негізіне эмоциялар, құрылыстағы парадоксқа деген сүйіспеншілік, шиыршық қозғалысы алынды. Көлбеу сызықтар мен көлеңкесіз үлкен жазықтықтардың байсалды ұзындығы жоғалып кетті. Бұл Римнің суретін қаламмен салу мүмкін емес, тек сүрменің немесе сепияның қылқаламмен еркін шашылған дақтарымен ғана суреттей аласың. Осының бәрі 17 ғасырдың қарқынды көркемдік өмірінде, Караваджо, Пьетро да Кортон, Бернини, Борромини, Мадерно мен Фонтана есімдерінен бейнесін тапты. Әдеттегідей, бұл есімдердің артында өнерді қадірлеушілер қауымы тұратын — Боргезе, Барберини, Киджи әулеттерінен шыққан папалар.

Барокко аспан астындағы кең жерлер үшін жасалған, сондықтан Рим виллаларының өркен жаюы дәл осы кезеңге тұспа-тұс келеді. Бернинидің заманындағы сәулетшілер өздерін Римде дүниенің бәрі суретшінің көз жанарына бағынған үлкен виллада жүргендей сезінетін. Ал оның өзі болса, данышпан әрі бақытты жан, көп жылдар бойы құрылыстың толық құқылы басқарушысы ғана емес, сонымен қатар VIII Урбанның сенім жүктелген өкілі болды. Оның қолынан толып жатқан керемет туындылар шықты, бірақ оның басты мақсаты, әрине, барокко мәнеріндегі Римнің даңқын шығарған алаңдар, көшелердің көрінісі, көркем субұрқақтар болды. Ол бейне бір Римнің монументтік көрінісін, шексіз кеңістіктерді қажет ететін көрінісін қылқаламмен жазғандай болды. Қала оған ұсынылып отырған жаңа өнер мен өмір театрын пысықтай отырып, ашық аспан астында өмір сүруге тиіс еді. VII Александр (1655–1667) тұсында римдік барокконың негізгі сипаттары біліне бастады. Мұндағының бәрі театрлыққа, көркем ансамбль идеясына қаныққан болатын. Понтификтің уағызын тыңдауға бүкіл әлемнен келген жарты миллион тобырды кіргізу үшін Бернинидің жалпақ қолдарын ашып тұрған Пьетро ұстынтізбегі дәл осындай, ал оның артында театрдың арты сияқты, жаңадан тұрғызылған Мадерно қасбеті тұрады. Айналасын қоршаған барлық үйлер шіркеудің қасбетіне қарайтын Сант Иньяцио алаңы дәл сондай. 17 ғасырдың соңында ғибадатхананың күмбезі болған жоқ, сондықтан интерьерде оның орнына кескіндемелік иллюзионизмнің жауһары — падре Андреа Поццо жасаған плафон қойылды. Бұл плафонның кескіндемесінде алдымызда бөлме ішіне арналған өнер емес, антикварлық өнер емес, ашық аспан астына сұранып тұрған өнер тұрғаны жақсы көрінеді. Тіпті шіркеу күмбезінің өзі де шын мәнінде тек дұға оқушылардың үстінен аспанды айқара ашу үшін ғана керек.

Барокко өнер болуымен қатар өмір салты да болмаған жағдайда, Римде дүниенің бәрін қамтыған дәл осындай көркемдік мәнер бола алмас еді. Бәлкім, сол кездегі прелаттардың маңызында олардың сарай қасбеттерінің маңызымен ортақ бір нәрсе болған шығар. Олардың әдеп-ғұрпының сән-салтанаты бір жағынан әулие Петрдің базиликасының күмбезінің астындағы Бернини жасаған балдахинді еске салуға тиіс еді. Сеиченто сан бояулы және біршама рабайсыз эрудицияның ғасыры болды және Карло Мадерно мен Доменико Фонтанның ғимараттарында осы оқымыстылықтан бір нәрсе бар. Римдіктер өз ғасырының және өз қаласының нағыз ұлы Борромини қалдырған сәулет өнерінің ғажайып туындылары сияқты елірме мерекелер мен күтпеген ермектерді жақсы көретін. Университет жанындағы Сант-Иво-алла-Сапьенца шіркеуі оның ең басты жауһары деуге болады.

Сант-Иво-алла-Сапиенца шіркеуі. Рим, Италия. 1660 жыл / Alamy

Барлық жерде адамдардың өміріндегі және оларды қоршаған өнердегі кез келген тепе-теңдікті астынан үстіне төңкерген көпірме эмоциялар жайлаған болатын. Өздерін әдеттен тыс ұстайтын суретшілер сияқты, 17 ғасырдағы Рим өмірінде орын алған дәл сондай бір оғаш көрініс деп Римнің сол жылдардағы атақты қонағы — Римдегі түк бітірмейтін тәтті өмір, dolce far niente үшін протестанттық сенімі мен тағынан бас тартқан швед патшайымы Кристинаны санауға болады. Оны қабылдауға дайындалған кезде VII Александр ақиқат сенімнің жеңісін мерекелеп, Халық алаңы piazza del Popolo құрылысын үлкен қарқынмен қайта салғызып жатты: оған жаңа дінді қабылдаған шетелдік ақсүйек әйелді католицизмнің жүрегіне кіргізетін салтанат қақпалары керек еді. Ханым шіркеу әншілерінің опералық дауыстарына және діни экзальтацияның сол дәуір мен ғұрыптарға тән басқа да әсерлеріне қарамастан, сән-салтанатты діни табынуға мүлде ықылассыз болып шықты. Оның есесіне өмір театрына оның еліккені соншалық, 1655 жылдан бастап 1689 жылы қайтыс болғанға дейін ол нағыз римдік болып қалды. Ол қайтыс болғаннан кейін дереу оның салонының тұрақты қонақтары Яникулдың баурайында тұрғызған Боско Парразио орманында қала өзінің патшайымы туралы, оның құмарлықтары, әдеби басқосулар, Аркада академиясы туралы естелікті сақтап қалды.

Ескі карталарға сәйкес 18 ғасырдың ортасына қарай қаланың келбеті бүгін жұрт білетін кейпінде қалыптасты. Понтификтер VII Александрдың дәстүрін жалғастыра отырып, кемеліне келген барокко сәулетінің сценографиялық қуатын алаңдар мен ашық кеңістіктерге шоғырландырды: piazza di Spagna, Испания алаңын Пинчо дөңімен жалғастырған үлкен саты, Рипетта кемежайы, Треви субұрқағы.

Испандық баспалдақ және төбеде тұрған Қасиетті Үштік шіркеуі. Рим, Италия / Getty Images

Ұзақ мерзімді жобалардың аяқталуымен бір мезгілде әулие Лука Академиясының іргесін қалау арқылы күшейтілген бароккоға неоклассикалық тұрғыдан қарау үдей түсті. Академизм сәулеттегі ойнақы құбылыстарды ежелгі дәуір идеалдарынан да, сондай-ақ Қайта өркендеу сабақтарынан да шабыт алған байсалды түзу сызықтармен алмастыруды қайтадан талап етті. 1761 жылы Рим көне өнерінің басты сақтаушысы болып қазіргі заманғы өнертанудың негізін қалаушылардың бірі әрі классиканы керемет бағалаған, ақсүйек емес неміс Иоганн Винкельман тағайындалды. Көп ұзамай, Пио-Клементин мұражайының ашылуымен Ватикан сарайларын үлкен мұражайлар кешеніне айналдыру басталды. Сол жылдары Римнің көркемдік мәдениетіндегі ортаңғы тұлға Джованни Баттиста Пиранези болды, ол бізге өзінің ғажайып гравюраларында «мумияланып» үлгермеген, әлі де сән-салтанат пен қайыршылық іргелес тұрған сол көп ғасырлық Рим өмірін сүріп жатқан римдік қиратындылардың меланхолиялық, кейде фантастикалық, сонымен қатар математикалық тұрғыдан дәл салынған Римнің суреттерін қалдырды. Бұл өмірді бізге Гёте сияқты көне дәуір көріністерін іздеп келгендер жеткізді, ол, бәлкім, сол кездегі әйгілі Рим карнавалын және қазіргі туристік Caffé Greco кафесіндегі әдеби отырыстарды классикадан артық ұнатқан да болар. Солтүстіктегі, Англия, Германия, Франциядағы өз тегін құрметтеген ақсүйек әулеттердің барлығы жасөспірім ұл-қыздарын Италияға «үлкен саяхатқа» аттандыруды өздерінің борышы деп санаған. Сол асыл текті жастардың бәрі көне дәуір классикасы мен жолнұсқаларды оқып алып, тиісті талғамға ие болу үшін Римде апталап қалатын. Дәл осы «Римге сай талғам» надан бозбаланы сырбаз жігітке, ал бойжеткенді текті бикешке айналдыратын. Көне дәуір өнерінің сынықтары да, және де кейде едәуір ірі сынықтары да, Пиранезидің гравюралары да, шынайы Рим сәулеттік ойнақы туындылармен үйлесетін картиналар да кәдесыйлар мен «ашық хаттар» ретінде Еуропаның түкпір-түкпіріне тарап жатты. Бұл картиналардың барлығы бізге өз тарихында қалғып кеткендей болатын 17–18 ғасырлардағы қаланы ғана емес, сонымен қатар бүкіл классикалық Еуропаны да, оның ерекше «Римдік сезімді» де көрсетеді.

19 ғасыр: модернизация үшін күрес

1809–1814 жылдары папа мемлекетін Наполеонның басып алуы Еуропада басталған индустриялық дәуірге баяу да болса тоқтаусыз бейімделіп жатқан қала өмірін қайта құрудың бастауы болды. Бұл жерде Парижді қайта құруға ұқсайтын ештеңе де бола алмас еді, әрине және де бұл сол дүмбілез француз жастарының осы жерде адам болып, Колизей қирандыларының қасиетті нәрсе екенін түсінуінің арқасында болды. Бірақ француздар Лацио мен Умбрияның әкімшілік ұйымын бірден түгелдей өзгертіп, оларды Тибр мен Тразимено департаменттеріне бөліп тастады да, қоғамдық өмірді ұйымдастырудың сол заманғы альпілік қағидаттарын енгізді; индустрия мен ауыл шаруашылығын қолдау шіркеуге тиесілі жерлер мен ғимараттардың көпшілігінің тәркіленіп, фабрикаларға айналдырылуымен қатар жүрді. Қарқынды ұйымдастыру жұмысы Римнің сол кездегі префекті, барон Камиль де Турнонның есімімен байланысты. Ол ұтымды ойлау қабілетімен ерекшеленетін, тіпті археологиялық қазба жұмыстары да тек көне дәуірді зерттеу мақсатында ғана емес, жұмыссыздық мәселелерін шешу үшін де жүргізілді. Бұл белсенділік, әрине, Римді өзінің екінші империялық астанасы ретінде көрген ұлы корсикалықтың жеке қатысуымен нығайтылды. Бірақ француз бесжылдығын 16 ғасырдың соңындағы V Сиксттің понтификатымен тек осы жұмыстың жүргізілуі бойынша ғана салыстырмау керек. Әділін айтқанда, бұл сондай-ақ сол заманғы урбанистік қағидалардың папалық қала құрылысы дәстүріне берген жауабы да еді.

1815 жылы VII Пийдің француз тұтқынынан қайтып оралуы француздар туралы кез келген естеліктің тамырын біржола қиюды, бүкіл Италияны толқыта бастаған революциялық қозғалыстарға қарсы күресуді, сонымен бірге өнеркәсіпті қолдау мен қала өмірін жаңғырту саясатын аса сақтықпен жүргізе бастауды білдірді. 1819–1822 жылдары Римнің ғана емес, бүкіл папа мемлекетінің құрылымы туралы алғаш рет нақты мәлімет берген Пио-Григориан кадастрының ұлы бастама болғаны күмәнсіз. Рим кеш те болса қалаландарудың еуропалық көшбасылары — Лондон мен Париждің жолына түсті. Жолдар, қоғамдық қызметтер және қала шегінде көбінесе бұзылған ортағасырлық кварталдар есебінен тұрғызылған тұрғын үйлер жақсартылып жатты. Еуропалық қоғам ғылыми тарихи білімнің қуанышын енді біле бастаған жылдары Римді әлемдік археологияның астанасына айналдыруға понтификтер дұрыс көзбен қарады. Луиджи Канина 1839–1848 жылдардағы қазындылардың нәтижесінде әлемге Форумды паш етті де, ежелгі қаланы қайта құрудың мүлтіксіз жобасын ұсынып, сол арқылы бірнеше ғасыр бойы Флавио, Пирро Лигорио, Нардини мен Пиранези жүргізіп келген істі аяқтады. Жер астынан қайта шыққан асыл текті мүрделермен бірге осы мүрделердің үстінде заманауи үлкен қаланы қалай салуға болады деген сұрақ тағы да туындады. Қаланы жаңғырту жобасы туралы Франческо Саверио Малатеста 1864 жылы басқа еуропалық астаналардың тәжірибесіне негізделген бас жоспарды ұсынған кезден бастап қана айтуға болады. Содан бері римдіктер қала ансамблінің тарихи бірегейлігі маңыздырақ па, әлде «бүгіннің ең маңызды мәселесі», қалаландыру, aggiornamento маңыздырақ па деген сұрақ туралы дауласуын тоқтатқан емес.

Рим Форумы. Рим, Италия / Getty Images

1870 жылы сол кездегі буржуазиялық үкіметті сол күйі мойындамаған папа билігінің ұзақ уақыт қарсыласуынан кейін, Рим ақырында Италия корольдігінің астанасына айналғанда, қаланы жаңғыртуды кейінге қалдыру мүмкін емес деп шешілді де, 1873–1883 жылдары қайта құру бойынша алғашқы жоспар қабылданды. Гетто сияқты ескі аудандарды «сауықтыру» нәтижесінде «сөніп бара жатқан Римнен» тек граф Примолидің фотосуреттері мен Рёслер Францтың акварельдері ғана қалды. Егер ежелгі дәуірдегі Рим мұқият археологиялық зерттеудің нысанасына, ал Форум – Джакомо Бонидің қамқорлығының арқасында мүлтіксіз ашық археологиялық кешенге айналса, мейлі «сөніп бара жатқан» болса да, бірақ 19 ғасырдың бірінші жартысында өзі туралы жазғандардың барлығын баурап алған Орта ғасыр мен Ерте Жаңа заманның Римі көпе-көрінеу ғайып болып бара жатты. 20 ғасырдың басында Мәңгілік қалаға өзінің «Италияның бейнелері» кітабының тамаша беттерін арнаған орыстың өнер тарихшысы Павел Муратовқа Тибрдің өте берік, бірақ адам айтқысыз сүреңсіз жағалауларына, тіпті сол кезде керемет Навон алаңын тесіп жару арқылы құрылысын салмақшы болған Әділсот сарайының талғамсыздығына қарап, тек күрсіну ғана қалған еді. Әйтсе де, өнерді нағыз бағалайтын оның бүкіл ренішіне қарамастан, тіпті оның өзі де осы асығыс тұрғызылған бұл ғимараттардың дөрекілігі мен сүреңсіздігін уақыт өте келе жұмсартып, бүркемелей алатын, тіпті Италияның бірігуіне, Рисорджиментоға арналған ең басты және сондықтан да дабырайған ескерткіш, II Виктор Эммануилдің жан-жақтан көзге түсетін монументінің сұрықсыздығын да жасыра алатын Римнің «тылсым күшіне» сенді.

Одан кейін де көп адамдар осы бір құрылыстық дүрлікпеден «парламенттер мен муниципалитеттердің жаңа Италиясының созылмалы ауруынан» басқа ештеңені ажырата алмады. Бірақ биліктің кез келген басқа түрлері сияқты, либералдық монархия да өзіне-өзі ескерткіш орнатуы керек еді. Оған қоса, папалардың сөзсіз күнәсіздігі туралы догматтың авторы, бітіспейтін IX Пий (1846–1878) Термини вокзалының айналасында қалыптасқан жаңа өмір орталығын тарихи кварталдармен біріктіру туралы шешім қабылдады. Солтүстіктің тумасы король II Виктор Эммануил Лационың бұрынғы билеушісін «ватикандық тұтқынға» айналдырып, бұл жобаны бастапқыда қазіргі corso Vittorio Emmanuele көшесін де қамтыған via Nazionale, мерекелі Ұлт көшесінің тұтас бір кешені арқылы жалғастырды. Дүкендері мен мейрамханаларын қосқанда басты күрежолдың келісті сәулеті «үшінші Рим» мен либералды монархияның даңқын паш етуге, сонымен бірге ұлттық буржуазияның және осы жерде өз резиденцияларын салып жатқан ескі папалық ақсүйектердің одағын мадақтауға тиіс еді.

Фашизм, Римді бомбалау және соғыстан кейін ашық қалаға айналу

Шынына келгенде, осыған дейін сол жерде болған барлық кварталдарды күмәнсіз сырып тастаған жағалаулардан басқа бір де бір ірі сәулет жобасы аяқталған жоқ. Алайда 19–20 ғасырлар тоғысындағы демократиялық үкіметтердің жұмысының ізі қалған қазіргі Римге қарап, 1870 жылы Италия астанасында екі жүз мың тұрғын және екі-үш темір жол ғана болғанын көзге елестету қиын. Кейде жобалар Римге мәңгілік қала тұрғысынан қарауға дағдыланған кез келген адамның ашуын келтіретін асығыстықпен іс жүзіне асырылатын, бірақ бұл бастамалардың барлығы жергілікті сипатын сақтап қалатын. Тіпті соңғы ғасырдағы қаланың мәдени өміріндегі ең маңызды дерлік іс-шара болған 1911 жылғы көрменің өзінің де қалаландыру (Витторий кварталы, via Giulia көшесін қалпына келтіру) үшін маңызы шектеулі болды.

Бенито Муссолини 1922 жылы орнатқан режим қаланың картасын жаһандық жаңғырту және аумақтарды үгіт-насихат мақсатында жаулап алу жолында ескі кварталдарды мақсатты түрде бұзуды жалғастырды: Капитолий мен Август кесенесін, via dei Fori Imperiali, corso del Rinascimento көшелерін оқшаулау. Әрине, диктатордың көздегені өзінің жаңа астанасында даңқты императорлар мен папалардың ескерткіштерінің жанында фашизмнің жаңа дәуірінің белгілері, биліктің үстемдігінің нышандары болса деген тілек еді. Бүкіл Италиядағы қала құрылысы ғасырдың басындағы футуризмнің кейбір қағидаттарына да, сондай-ақ сәулеттік рационализмнің ең жаңа ағымдарына да сүйене отырып өрістеді. Дуче істің егжей-тегжейіне терең бойлап отырды, бір-бірімен біріктіру идеясымен тығыз байланысқан бейнелеу өнері мен сәулет өнері саласындағы саясаттың ап-айқын түрде opera del regime, «биліктің ісі» деп аталуы кездейсоқ емес.

Колизей. Рим Форумы. Рим, Италия / Alamy

1929 жылы Муссолиниге зайырлы билікті Ватиканмен бітістірудің сәті түсті де, бұл жайт V Николай жобасының аяқталуымен мәңгілік естелік болып қалды: 1936 жылы әулие Петр соборының алдындағы борго аяусыз жермен жексен етілді де, тұрғындар оқшау қоныстарға көшірілді, ал Тибр, Кастель Сант Анджело және базилика көп ұзамай Татуластық (via della Conciliazione) деген атауы бар кең көшемен бірігуге тиіс болды. Рас, ол фашистік Италияның астанасына аса ойран салмаған соғыс біткеннен кейін ашылды. Римнің аумағы фашистер билік құрған жиырма жыл ішінде ішінара Понтий батпақтарының есебінен кеңейді; тұрғын үйлерге қатысты жағдайды жақсарту үшін Сабаудия, Априлия, Понтиния, Помеция қалаларының негізі қаланды; Тиволи бағытында өнеркәсіптік аймақ және Гвидония «әуе қаласы» пайда болды. Қайта құру бойынша Марчелло Пьячентини (1931) жасаған жаңа бас жоспардың нақты күші болған жоқ, себебі үкіметтің өзі де, жеке құрылыс компаниялары да ол жоспарды үнемі бұза беретін. Алайда Университет қалашығы, Муссолини форумы (Foro Italico), тамаша жарақталған, әлемге әйгілі Cinecittиа кинематографиялық кешені сияқты, санаулы ғана жылдар ішінде іске асырылған, қала үшін аса маңызды құрылыстар туралы айтпауға болмайды. Соғыс 1941–1942 жылдарда сол күйі өткізілмей қалған Бүкіләлемдік көрмеге дайындықты үзіп тастады.

1945 жылы фашистерден, нацистерден, Гитлерге қарсы коалицияның бомбалауынан зардап шеккен Рим өзіміз Роберто Росселлинидің сол атты фильмінде немесе Витторио де Сиканың «Велосипед ұрлаушы» фильмінде көре алатын «ашық қалаға» айналды. Уақыт 1922 жылғыдай қайтадан нөлденді, бәрін де қайта бастау керек болды. Астанаға көп жылдық соғыстан зардап шеккендердің барлығы ағылып келіп жатты. Нәтижесінде Римнің халқы тез өсе бастады (ол Муссолинидің тұсында-ақ миллионға жеткен болатын), бірақ одан да жылдам және үстелге төгілген өсімдік майының қайда ағатыны қаншалықты белгісіз болса, дәл сондай мүлдем бей-берекеттікпен оның аумағы да өсе бастады. Бүгінде қаланың өз провинциясымен бірігіп кеткені соншалық, оның шегарасын жай көзбен шолып байқау мүмкін емес. Кейбір статистикалық деректерге сүйенсек, қазіргі Рим 1950 жылғы Римнен үш есе үлкен және шамамен бүкіл Милан провинциясына тең. Соғыстан кейінгі алғашқы онжылдықтардағы Италияда 1960 жылдарға дейін бірнәрсені бақылау тіпті де мүмкін емес еді. Көптеген римдіктер тұрғын үй жүйесіндегі алыпсатарлықтың құрбаны болды, көпшілігі орталықтан және тек тарихи орталықтан ғана емес, сонымен бірге 1870 жылдан бастап 1948 жылғы тұңғыш республикалық конституцияға дейін тұрғызылған едәуір ықшам «буржуазиялық» астанадан да күрт өзгешелігі бар қала шетіне кетуге мәжбүр болды. Ескі қаланың халқы соңғы елу жылда бірнеше есе азайды. Рим бірнеше астанаға бөлініп кеткендей болды.

Қала басшылығы республикалық маңызы бар саясаткерлермен бірге Мәңгілік қаланы қазіргі заманға қалай бейімдеуге болады деген өзінің жақсы көретін урбандық тақырыбын талқылауын жалғастыра берді. Барлық академиктер, инженерлер, өнертанушылар мен сәулетшілер қатысқан кезекті бас жоспарды әзірлеуге 9 жыл (1953–1962), министрліктің бекітуіне үш жыл уақыт кетті. Ұлы урбанистер тіпті де мол емес муниципалдық қаражаттың есебінен қаланы Шығысқа қарай дамыту бағытын белгіледі. 1970 жылдардан бастап жабайы алыпсатарлықты және Римнің Кампаньяға жөн-жосықсыз жайылып кетуін әйтеуір бір жолмен бақылаудың сәті түсті деуге болады. Бірақ бас жоспар бұрынғысынша нақты өмірде негіз қалаушы жоспар болған жоқ. Заң мен норматтивтік ережелерді шығарушылар өз жобаларының жылжымайтын мүлік пен жер меншігінің саудасы бойынша көптеген компаниялардың мүдделеріне қайшы келетінін ұмытып кететін немесе байқамауды жөн көретін. Осы тұрғыдан алғанда 1936 жылы дайындалып жатқан Дүниежүзілік көрмеге арналған ірі EUR ауданының тағдырын мысалға келтіруге болады. 1944 жылы ол айрықша комиссар жетекшілік ететін жекеменшік фирмаға табыс етілді. Құрылыс пен абаттандыру саласында басқа аудандардағы коммуналдық билік орындарының түсіне де кірмеген дербестіктің арқасында EUR қоғамдық секторда да, жекеменшік секторда да анағұрлым жақсы ұйымдастырылған еді, сондықтан оны дамыту үкіметтің жобасында көзделгенге қарағанда әлдеқайда жылдам қарқынмен жүре бастады. Қаланы жаңғыртудағы осындай сәйкессіздіктер Римге тән құбылыс болатын.

Итальяндық өркениет сарайы. Еуро, Рим / Alamy

Соғыстан кейінгі онжылдықтардың тағы бір зұлматы abusivismo, яғни, бірінен кейін бірі ауысқан режимдер ескі Римнен көшіріп жіберген тұрғындарға арналған заңсыз баспаналар еді. Жұмыс пен тамақ іздеп оңтүстіктен солтүстікке көшіп келген жүз мыңдаған иммигранттар ешқайда тіркелмей, қала шетіндегі кез келген жерді, тіпті ескі көпірлер мен акведуктердің арқалықтарының астында пайда болған барақтарды паналайтын. «Абузивизм» ұзақ жылдар бойы кедейшілік пен қорлықтың синониміне айналды, оның гротескілік бейнесі Этторе Сколаның «Жексұрын, лас, зұлым адамдар» фильмінде өте жақсы көрсетілді. Тіпті үкіметтің 1970 жылдардағы қызу пікірталастары мен одан да батылырақ әрекеттерінің арқасында «адам» кейпіне енгеннен кейін де ол біржола жойылған жоқ және астананың байтақ шеттеріндегі ойынның кейбір ережелерін орнатуын жалғастыра берді.

Соғыстан кейінгі Рим тарихының жылнамасында қала құрылысының даңқты істері ретінде жазылуы мүмкін нәрсе аз емес. Ол алдыңғы онжылдықтардың өршіл және көбінесе жойқын туындыларына қоғамның әділетті жауабы болатын. Біздің «Римдегі демалысымыз» көбінесе осында басталатын Термини вокзалының ықшам келбеті соның дәлелі: сәулеттік модернизм тарихындағы бүкіл жаңа кезең сияқты, бұл құрылыстың да көзге ұратын қарапайымдығы, жұпынылығы, бәлкім, 1960 жылдардағы Италияның экономикалық ғажайыбына әкелген болашаққа деген сенімді сақтайтын шығар. Ең болмағанда қазірге дейін сақталған дүниені бүлдірмеу — 1950–1960 жылдардағы ұрпақтың көңіл күйі осындай еді. Ол инерция заңы бойынша олардың мұрагерлеріне де берілді, ал олар өздері өте ұнатпайтын, бірақ автокөлік жүргізушілері мен туристерге үйреншікті via dei Fori Imperiali, Императорлық форумдар көшесінің және оның астында көмілген ежелгі дәуір кешені, жарты ғасыр бойы салынып жатқан екінші Рим университетінің, көрме кешенінің тағдырын талқылауға бірнеше ондаған жылдарды оңай жұмсай алатын. Әдеттегідей, Римде жобалар жетіп жатыр, бірақ олардың орындалуы соншалықты күрделі әрі ұзақ әкімшілік рәсімдерге байланысты болғандықтан, олар сол күйі ашық аспан астына шықпастан, іздері әдетте кабинеттерде жоғалып кетеді. «Классикалық» рим азаматының келбеті де қатты өзгерді: нарықтың және қарқынды дамып келе жатқан туризмнің заңдары 20 ғасырдың бірінші жартысында аврелиан қабырғаларының ішінде кездестіруге болатын сан алуан халықтарға орын қалдырмады дерлік.

Dei Fori Imperiali көшесінде орналасқан император Траянның мүсіні. Рим, Италия / Alamy

Олег Воскобойников

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді