Орталық Азиядағы шөлді аймақтарды көгалдандыру мақсатында жасалған Сібір өзендерінің арнасын бұру жөніндегі атақты жоспар, бүгінде көпшілік үшін Мәскеудегі жүз қабатты Совет Сарайын салу, Солтүстік жарты шарда жүгері немесе Марста алма өсіру (ұлылыққа ұмтылудың кезекті бір көрінісі) сынды ессіз әрі жүзеге аса қоюы екіталай іс болып көрінері анық. Дегенмен құрлықтық ауқымда табиғаттың келбетін өзгерту жөніндегі жоба мінсіз емес еді. Оның үстіне, дәл қазір осы іспеттес жоспардың басқа бір жерде жүзеге асып жатқан жайы бар.
Аталған жоспар нені көздеді және Совет басшыларына ол не үшін қажет болды? Біріншіден, Орталық Азияның шөлейтті аймақтарын көгалдандыру, екіншіден, ел аймақтарының арасында су жолдарын салу үшін керек еді.
Сібір өзендерінің арнасын Орталық Азия аймағына бұру арқылы климатты жақсарту жөніндегі «ғылыми» еңбекті алғаш болып 1-Киев гимназиясын тәмамдап жатқан оқушы, келешек қоғам қайраткері әрі монархиялық бағыттағы публицист Яков Демеченко 1868 жылы жарияланған еңбегінде айтқан болатын. Бертін келе, 1871 жылы ол дәл осы тақырыпты қаузаған «Жақын орналасқан елдердегі климатты жақсарту үшін Арал-Каспийді суға толтыру» деп аталған тағы бір кітабын жарыққа шығарды, ал 1900 жылы аталған еңбектің екінші басылымы шықты.
Яков Демеченко ежелде (шамамен, 2 млн жыл бұрын) Арал-Каспий ойпатында Сібір өзендерімен жалғасқан үлкен теңіздің болғанын атап өткен. Соған байланысты, егер Об және/немесе Ертіс өзендерінің бір сағасын Арал теңізіне бұрар болсақ, онда Арал мен Каспий теңіздерінің арасын қосатын үлкен су қоймасы пайда болады (немесе турасын айтқанда, қалпына келеді). Бұл әрекеттің «көршілес жатқан елдердің климатына тигізер пайдасы көл-көсір болар еді». Дегенмен ол шақта бар іс осы кітаппен ғана тоқтап қалды, ал 1948 жылы аталған идея қайта көтеріліп, И. Сталинге ұсынылғанда, ол мұны жүзеге асыруға аса құлықты болмаған.11Яков Демеченконың еңбегін толықтай Ресей Мемлекеттік қоғамдық тарихи кітапханасының сайтынан оқи аласыз.
Дегенмен 1950 және 1960-жылдары аталған идея жобаға айналды. Өйткені Қазақстан мен Өзбекстанда ауыл шаруашылық өнімдерін суаруға су шамадан тыс көп жұмсалғандықтан, аталған мәселе өткір бола түсті. Дәл 1960-жылдары суармалы каналдардың салынуы мен ауыл шаруашылығының тез дамуына байланысты Арал теңізіне құятын өзендердің арнасы тартылып, теңіздің су деңгейі төмендеді. Осылайша жобамен тұтастай институттар айналысып, жоспарлар мен есеп-қисаптары жүргізіле бастады. Бұл шынтуайтында, ғаламат идея болатын: Об өзенінің бір сағасын канал арқылы 2500 км қашықтағы Аралға құю, Ертіс, Тобыл, Есіл өзендерінің арнасын бұру, каналдар жүйесі мен су қоймасын соғу,iТорғай даласын суға толтыру да жоспардың бір бөлігі тұщы суды Қазақстан, Өзбекстан мен Түркіменстанға жеткізу, тіпті жоспардың кейбір нұсқаларында Қара теңіз — Каспий теңізі — Парсы шығанағы арасына кеме жолдарын жасау жөнінде де айтылады. Жер жұмыстарына қуаты аз ядерлік зарядтарды да қолдану көзделген. 1968 жылы Ертіс-Қарағанды суармалы-айналма каналы ашылды. Аталған каналды Қазақстанның орталық бөлігін сумен қамту жүйесінің бір бөлігі және мега жүйенің алғашқы құрылысы ретінде санауға болады. 1970 жылы КОКП орталық комитетінің «Жерді мелиорациялауды дамытудың перспективасы, 1971–1985 жж. өзен арналарын қайта үлестіру мен реттеу» жөніндегі қаулысы шықты, ал 1978 жылы КОКП орталық комитеті мен КСРО Министрлер Советі «Солтүстіктегі және Сібірдегі өзендердің бір арнасын елдің оңтүстік аймақтарына бұру мәселесі бойынша жобалар мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу» жөнінде қаулы қабылдады.
Бірақ 1986 жылы жоба тоқтап қалды. Бұған Советтік экономиканың құлдырауы (ал аталған жобаның қиындығы мен құны орасан зор болады деп айтылған еді) және Совет ведомстволарының арасындағы кикілжіңдер ғана емес, сондай-ақ мұндай жоспардың экологиялық және әлеуметтік ауыр салдарын айтып дабыл қаққан Совет ғалымдарының әрекеті де кесірін тигізді. Оба өзенің төменгі сағасы, сонымен қатар Қазақстанның территориясындағы құнарлы жерлері мен тұрғылықты елді мекендерді салынған су қоймасының суы басып, аймақ шалшыққа айналып, экожүйе күйреп және т.б. апаттарды тудыруы мүмкін. Ал 21 ғасырда аталған жоспар жөнінде Ресей мен Қазақстан тарапы да қайта сөз ете бастады, бірақ оны жүзеге асыру (әзірге) әлі қолға алынған жоқ.
Өзендердің арнасын бұру жоспарының қандай олқылықтары бар?
Бірінші кезекте, мұндай жоспарлардың сметалық шығыны адам шошырлықтай көп. Дереккөздерде тек Сібір — Орта Азия каналының шығынының өзі 32.8 млдр рубль болатыны көрсетілген. Бұл тек бастамасы ғана. Ресей халық шаруашылығы мен мемлекеттік қызмет академиясының (РХШ және МКА) шақырылған зерттеушісі, Новосибирск мемлекеттік экономика және басқару университетінің доценті Михаил Немцев өз еңбегінде: «... академик Аганбекян мұндай жоспар құрылысының шығынын нақты есебін жасаған. Оның есебі бойынша жоспарды жүзеге асыру үшін 100 млдр рубль қажет болады» деп жазған. 70–80 жылдары табиғат ресурстарын кешенді түрде игеру мәселелері және Сібірдің өндірістік күшін дамыту бойынша КСРО Ғылым академиясының Ғылым кеңесі төрағасының орынбасары болған Абел Аганбекян есебі, жоспарлы бюджет негізінде жасалған болса керек. Әрі бұл тек жобаның өзіндік құны екенін ескерген жөн (айталық, су басқан елді-мекендердегі халықты көшіру, инфрақұрылымды қайта қалпына келтіру, баспана, өндірістер соғу және тағысын тағы мәселелер ескерілмеген). Ал енді осы соманы КСРО бюджетімен салыстырайық: 1970 жылы одақтың бүкіл кірісі 156.7 млдр рубльді, ал 1978 жылы — 265.8 млдр рубльді құраған.
Бірақ осы жоспарды жүзеге асырған уақытта, міндетті түрде орнайды деген экологиялық катастрофаның күйретуші үрейі жөніндегі әңгіме көп көтерілді. Бұл сұмдықты жоспардың қарсыластары болған Кеңестік ғалымдардың бір тобы үдете түсті. Айталық, КСРО Ғылым академиясының вице-президенті, геолог әрі академик, «Ауыл шаруашылығындағы топырақ мелиорациясы тиімділігін арттыру жөніндегі» ғылыми-эксперттік комиссияның басшысы А. Л. Яншин, 1981 жылы КОКП Орталық комитетіне Об – Каспий каналына қатысты: «Ені 200 метр болатын канал жан-жануарлардың ғасырлар бойы қалыптасқан жолдарын бұзады. Осының салдарынан солтүстік бұғылары қырылып қалады. Канал іске қосыла сала, Ресей Алтайы, көмір өлкесі Кузбасс, миллион тұрғыны бар Новосибирск пен Омбы қалалары судан таршылық көреді. Тұщы су көлемі азайғандықтан, Мұзды мұхит суының тұздылығы артады. Бұл мұзды мұхиттың шегарасын оңтүстікке, ішкері Ресейге қарай 50 шақырымға жақындатады деген сөз. Сібірдің барлық өзендерінде балықтың саны қысқарады. Аз шоғырланған Солтүстік халықтары үшін бұның арты аштыққа ұласуы мүмкін. Батыс Сібірдің шалшықтары кебе бастайды. Осыдан кейін үлкен аймақта шымтезек өрттері басталуы ықтимал. Сосын ол өртті ауыздықтау мүмкін болмайды. Жайылым жерлері су астында қалады, яғни малдың негізгі азығы жоғалады. Сібірдегі мал шаруашылығы күн көріс түрі ретінде ақырындап жойылады. Канал өткен жерлер, айталық, Кулунда және Барабинкс даласының құнарлы жерлері уақыт өте келе батпақты өлкеге айналады. Оның үстіне екі мыңға жуық елді мекен су қоймасының астында қалады. Тарихи орталық саналатын Барнаул қаласы су астына қалады. Ал жалпы алғанда, қазіргі Германияның жер көлеміндей территорияны су басады» деп жазды. Нағыз ақырзаман! Бізге, бәлкім, аталған жобаның өзге сынаушылары мен академик А. Л. Яншин дұрыс жорамал жасап-жасамағанына қатысты нақты ұйғарым шығару таяу уақытта мүмкін бола қоймас. Дейтұрғанмен осы іспеттес жоспардың нақты мысалдарына көз салып, қорытынды шығаратын мүмкіндігіміз бар.
Мәселен, Еділ өзеніндегі су қоймасының құрылысына салынған каналдың өзен және аймағындағы жерлерге тигізген бірқатар жағымсыз салдары айқын көрінді: Еділ өзені салаларына жеткілікті көлемде су келмегендіктен, су шамадан тыс ластанып жатыр, өзеннің биоалуандығы азайды, ал Каспий теңізінің су деңгейі жылына 6–7 сантиметрге төмендеп жатыр. Су деңгейінің төмендеуінен жапа шеккен Иран, бұл мәселеге қатты алаңдаулы. Әрі су қоймасының өзі де тартылып барады. Сібірде су қоймасын салу тәжірибесін сәтті деп айта алмаймыз: су басқан территориядағы ормандарды толықтай отау ақылға қонымды іс емес, ал орманды су басқан соң судағы оттегі азайып, құнды балықтардың түрі жойылып кетеді. Ал бұл істің орман экожүйесіне тигізер зардабы жайында айтпасақ та түсінікті болар.
Суды жеткізу кезінде канал маңайындағы топырақ шалшыққа айналып, су шығын болады. Өз кезегінде, бұл сапасыз гидро оқшаулаудың салдарынан орын алады. Су шығыны көп бола ма? Мәселен, Орталық Азиядағы ең үлкен Қарақұм каналында, булану мен канал түбіндегі қалдықтарға сүзілген судың шығыны 25 пайызға дейін жеткен. Сондай-ақ осындай су каналдарының салдарынан жер асты суының деңгейі көтеріліп, топырақ сор татып кетеді.
Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық жағымсыз салдарына қатысты аз-маз сөз қозғайық. Су қоймаларының құрылысынан кейін алған немесе су басқан территорияның жалпы көлемі салыстырмалы түрде үлкен емес: су электр станциялары орналасқан су қоймалары Кеңес Одағының 0.40–0.50 % жерін ғана суға толтырған, оның 0.45%-ы ғана ауыл шаруашылығына қажет. Дегенмен өткен ғасырдың отызыншы және қырқыншы жылдардың шегінде салынған, тек бір ғана Рыбинск су қоймасы 130 мыңға жуық адамды көшіріп, 7 мың тұрғыны бар Мологу қаласымен қатар, 700-ге жуық елді мекеннің жойылуына түрткі болды. Елуге жуық шіркеу, үш монастырь, дворян қыстақтары, бау-бақшалар мен саябақтар су астында қалды. Ең бастысы, Қазақстанда салынған каналдың кесірінен темір, боксит, никел мен өзге де пайдалы қазбалардың бай кен орындары жойылар еді.
ЕУРОПАЛЫҚ ЖОБАЛАР
Каспий мен Арал аралығындағы аймақта теңіздің пайда болуы қызықты идея деп ойлайсыз ба? Ал Сахара теңізіне немесе Конголез теңізіне қатысты ойыңыз қандай? 19 ғасырдың екінші жартысында осындай идеялар да айтыла бастаған. Оның үстіне идея авторлары бұл жобалар жүзеге асатын болса, пайдасы көл-көсір болатынына сенімді болған. Шотландиялық кәсіпкер Дональд Маккензи (Donald Mackenzie) сонау 1877 жылы Жерорта теңізінің Сахараның солтүстігіне бастайтын, теңіз деңгейінен төмен орналасқан бөлігінен канал қазып, үлкен көл (аймағы, шамамен 155 мың кв/метр, бұл қазіргі Каспий теңізінің жалпы ауданының жартысынан сәл аз) жасауды ұсынған. Аталған әрекет аймақтың климатын қолайлы етіп, ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік береді. Әрмен қарай ол пайда болған теңізді тағы бір канал қазып Нигер өзенімен қосуды ұсынған. Бұл идея жүзеге асқан жағдайда, Батыс Африкамен сауда-саттық орнатуға керемет мүмкіндіктер ашылар еді!
Жалғыз осы жобамен ғана іс бітпеді: Франсуа-Эли Рудер (François Élie Roudaire) бір жылдан кейін, Суэц каналының әкесі Фердинанд Лессепстің қолдауымен осыған балама, тек теңіз көлемі айтарлықтай кішкентай, шамамен 8 мың кв/метр болатынiавтордың айтуынша, осының өзі тіптен Еуропаның климатын жақсарта түсуге тиіс көлді жасау идеясын ұсынды.
Алайда аталған қос жоба, 1922 жылы неміс архитекторы Герман Зергелб ұсынған жобаның қасында солғын тартып қалады. Ол өз кезегінде Гибралтар мен Дарданеллды Су электр станцияларының плотиналарымен қоршап,iбұл өте көп көлемде электр энергиясының оңай алуға мүмкіндік береді осымен қатар Жерорта теңізінің су деңгейін 200 метрге дейін төмендетіп (халықты шоғырландыруға болатын үлкен аймақ пайда болады, сонымен қатар Венецияны су алудан аман алып қалуға болады және Африкаға бастар құрлық жолы ашылады), сондай-ақ Сахараға су әкеліп, көтеріп отырған тақырыбымызға сәйкес, өзі Конголез теңізі деп атаған көлді жасау үшін Конго өзеніне үлкен дамбы салу идеясын айтқан.
Аталған әрекеттер климатты жайлы етіп, тар аймақта шоғырланған еуропалықтар үшін жаңа территорияларды игеруді жеңілдете түседі. Осылайша теңіз аймағында орналасқан елдер арасындағы кеңістік мәселесін бейбіт түрде шешудің мүмкіндігі туар еді. Ал, су басқан Африкалық мемлекеттердің тұрғындарының жағдайы, жоспарда мүлдем қарастырылмаған да болатын. Алайда бұл жөнінде Жюль Верн 1905 жылы жарыққа шыққан «Теңізге кіру» (L'Invasion de la mer) деп аталатын соңғы туындыларының бірінде ой жүгірткен. Аталған романда, Алжир мен Тунис жеріне Жерорта теңізінен тартылған канал арқылы Мельгир және Джерид деп аталатын тұщы көлдерге су толтырып, Сахара теңізінің құрылғаны және еуропалықтардың жоспарын қандай да бір себептерге байланысты қолдамаған жергілікті тұрғындардың инженерлер және жұмысшылармен қақтығысы суреттеледі. Спойлер: роман соңында жергілікті тұрғындардың көсемі жаңадан пайда болған теңізде суға батып өледі, ал ол тұтқынға алған еуропалықтар құтқарылады.
Герман Зергелдің жобасы Атлантроп немесе Пантроп деген атаумен кең танылды. Өйткені оның жоспары жүзеге асар болса, Еуропа мен Африка құрлықтары қосылып кетер еді. Дегенмен аталған жоспарды Германияда да, Италияда да ешкім қолдамады, бірақ идеяның авторы Екінші дүниежүзілік соғысты аман өткеріп, 1952 жылы қаза болғанға дейін (көлік қағып кеткен) өз идеяларын насихаттауын жалғастыра берді.
ШЫНАЙЫ АМЕРИКАЛЫҚ АУҚЫМ
Өткен ғасырдың екінші жартысында Солтүстік мұзды мұхит пен Тынық мұхитына «пайдасыз» ағып кетіп жатқан солтүстіктегі өзендерге тек КСРО ғана емес, сондай-ақ АҚШ та қол салғаны таңғаларлық жағдай емес. Онда Аляска өзендерінің арнасын Канада арқылы АҚШ-тың батыс аймағына бұру жоспарының алғашқы нұсқасын АҚШ Әскерінің инженерлер корпусы жасаса, ал техникалық-экономикалық негіздемесін 1964 жылы Parsons корпорациясы құрастырды. Аталған жоспар NAWAPA, немесе North American Water and Power Alliance («Суды және энергияны қолдану жөніндегі Солтүстік Америкалық альянс») деп аталды. Сол кездегі инженерлер үшін, әлбетте, Юкон, Пис және Лиард сынды өзендердің тұщы суы кісі аяғы баспаған, жан баласы тұрмайтын бос аймақтармен ағып өтіп жатқанда, Колорада, Невада, Юте, Аризон және ең бастысы, Колифорния, сонымен қатар Мексиканың солтүстік аймақтарында шоғырланған 10 миллионға жуық адам, сол жақтағы жалғыз Колорадо өзеніне тәуелді болғаны әділетсіз көрінген. АҚШ-тың батыс аймағында тұщы судың жетіспеуі — NAWAPA жобасын іске асыру арқылы шешімі табылатын көп мәселенің бірі ғана. Жоспар аясында 369 инженерлік жобаны салу көзделді. Ал оларды жүзеге асыру үшін, 1975 жылғы есеп бойынша 100 млдр доллар көлеміндеiқазіргі өлшеммен, шамамен 640 млдр доллар қаржы қажет.
Осы ақшаға, мәселен, бірқатар су қоймаларын, оның ішінде Сеңгір таулардағыiRocky Mountain Trench, сондай-ақ Мың өзен алқабы деп аталады алқап арқылы 800 киллометрге созылған басты су қоймасын салу, канадалық Альберт қыстағынан басталған Ұлы Солтүстік Америка өзендеріне кеме жолдарын қазу (осы арқылы, судың деңгейін реттеу), өте қуатты су электр станцияларын соғу көзделді. Құрлықтың солтүстігіндегі су сорғы арқылыiжоба аясында алынатын энергияның бір бөлігі осыған жұмсалады Сеңгір таулардың үстімен өтіп, су құбырлары жүйесімен Колорадо мен Рио-Гарнд өзендер жүйесіне құйылуы керек болған. Миссисипи, Миссури және Коламбия өзендеріне канал арқылы қосымша су құйылар еді. Осы арқылы Төменгі Калифорния және Сонора штаттарындағы мексикалық фермерлерге су жетер еді.iКолорадоның суы 1936 жылы Гувер плотинасы салынғаннан кейін бірде барып, бірде бармай қалған Калифорния шығанағына да су қайта құйылады АҚШ-та да жер жұмыстарын, нақтылар болсақ, ядерлік зарядтар көмегімен жүргізу көзделді.
Осындай ғаламат жоспарды іске асыруға не кедергі болды? Экожүйеге орасан зор зиян шектіретіні және жүздеген мың адамды көшіру қажеттігімен қатар, қоғамның, әсіресе, экологтардың наразылығы (дәл КСРО-дағыдай) аяққа тұсау болды. Сондай-ақ жобаның құны да тым қымбатқа шықты: 1960 жылдан бастап, 1973 жылға дейін жүзеге асқан «Аполлон» бағдарламасына, АҚШ барлығы 30 млрдқа жуық қаражат жұмсады.iNAWAPA жобасының үштен бір бөлігіне жетер-жетпес қаржы әрі жоспарды жүзеге асыру барысында бұл шығынның өсетіні айдан анық дүние NAWAPA жоспары тарихшы Уильян де Буйс айтпақшы, өз ауқымдылығының құрбанына айналды.22NAWAPAi Солтүстік Америкадағы осыған іспеттес жалғыз жоба болмады. Балама жоба Канадада ұсынылды және оның атауын қарапайым әрі тілге жеңіл етіп: GRAND Canal немесе Great Recycling and Northern Development Canal деп қойды. Жобаның авторы (инженер Томас Киранс, Thomas Kierans) Гудзон шығанағының бір бөлігі саналатын Джеймс шығанағын плотинамен қоршап, тұщы көлге айналдыруды (оған көп өзеннің суы құйылып, мұхит суы араласпағандықтан, Джеймс суы ақырындап тұщы суға айналар еді), сосын қажеттігі туса одан (ГРАНД-каналмен) Гурон көліне су тартып, осы арқылы Ұлы өзендердегі су деңгейін төмендеу мәселесін шешуді ұсынды. Автор жобасын 1959 жылдан бастап, 2013 жылы қайтыс болғанға дейін насихаттаудан танбады, бірақ сол бойы жетістікке жете алмады. Өйткені дәл NAWAPA жағдайындағыдай, Гранд-каналға, құрылыс кезеңінде болсын, жобаның жұмысын қамтамасыз ету кезеңінде болсын көп көлемде қаржы қажет болды, сондай-ақ жобаның экологияға зияны көп тиіп, су жолында тұрып қалған тұтастай қалалардың тұрғындарын көшіру қолды байлады.
ӨЗ АРНАСЫН ТАПҚАН ӨЗЕНДЕР
КСРО мен АҚШ-тан өзге, өзен суы жетіспейтін өлкеге, суы мол өзендердің арнасын бұру бойынша мега жобаны (жоспарды жасақтау деңгейінде) Қытай Халық Республикасы да армандады. Ол елде суы мол әрі асау Янцзы өзені батыстан шығысқа қарай, су тапшылығы жоқ оңтүстік аймақтар арқылы өтіп, (су электр станциясы салынғанға дейін) дүркін-дүркін суы тасып мәселе тудырып тұрған. Ал Қытайдың Пекин қаласы, сондай-ақ көптеген өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан әрі ауасы құрғақ солтүстік аймағында, су жетіспеді. Бұны қалай шешуге болады? Янцзы өзенінің «артық» суын солтүстікке қарай бұратын каналды қазу арқылы. Ең жақсысы — үш канал қазу. Бұл жоспар партия төрағасы Маоға 1950-жылдардың басында ұнағанымен, оны жүзеге асыру тек 2003 жылы басталды. Дегенмен жоба табанды түрде жүзеге асырылып жатыр (он жылда 80 млдр долларды жұмсау жоспарланған).
Мега жобаларды іске асыру бойынша Қытайдың үлкен тәжірибесі бар. Айталық, Қытайда гидротехникалық нысандар жүйесін салу б.д.д. 5 ғасырда басталған. Онда оңтүстіктегі Янцзы өзенінен солтүстіктегі Хуанхэ өзеніне құятын су жолын салу көзделген (және малдың бір бөлігін сонда көшіру ойластырылған). Су жолы өзен арқылы өтіп, тереңдігі 3 метр, ені 350 метр болатын канал, сондай-ақ б.д. 10 ғасырынан кейін жоталарды ағып өтуге мүмкіндік беретін шлюздер (бұл да Қытайда пайда болған) арқылы салынды. 13 ғасырдың сексенінші жылдарына қарай ұзындығы 1800 километрге созылған, Ханчжоудағы су жолымен қосылған канал Пекинге жетті. Осы тірліктің бәрі, ауыр техникалар немесе ядерлік зарядтарсыз, жұмысшылардың қара күшімен салынғанын ескеріңіз. Кейінгі жүз жылдықтар барысында бұл жүйе елді біріктіру және сауда мен сала түрлерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарып, модернизацияланып әрі жетіліп отырды. Аталған су жолы әлі де бар және Ұлы канал ретінде танымал. Әрі аталған жол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраларының тізіміне қосылған. Сомен, қазірде үш каналды қазу жоспарланып отыр: Шығыс (Ұлы каналдың инфрақұрылымы ішінара қолданылады), Орталық (Ұлы Қытай жазығымен өтеді) және Батыс (Янцзы, Меконга, Хуанхэ және өзге де өзендердің жоғары ағысының суын пайдаланады). Батыс каналды салу бойынша мәселе көп. Өйткені каналдың құрылысына аталған өзендердің суын қолданатын Қытайдың көршілес мемлекеттері қарсы болып отыр. Оған қоса жоспарды іске асыру өте қиын, әрі аса мұқтаждық та байқалмайды. Ал қалған екеуі не аяқталған, не қарқынды түрде салынып жатыр. Жоба аясында көптеген сорғы станциялары, плотина, су жүргізгіштер және тіптен тоннелдер салынып, Янцзы өзенінің суы және арналары, атап айтқанда, Сары өзенді кесіп өтуі мүмкін.
Әлбетте, қытайлық ауқымда адамдарды көшірмей іс бітпейді.iкем дегенде, Орталық Қытайдағы 330 мың адам тұрғылықты жерін өзгертуі керек Оның үстіне қиял-ғажайып болып көрінген жобалардың арасында, тек қытайлық жобалар ғана іске асуға жақын.