САМАРҚАН ҚАҒАЗЫ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Неге ол қытай қағазынан жақсы?

Қағаз дайындау тәсілі. «Meros» (Мұра) қағаз фабрикасы, Конигил, Самарқан, Өзбекстан/Alamy

Исламның алтын ғасыры жазуға арналған сапалы әрі қолжетімді материалсыз мүмкін болмас еді. Бірақ Қытай араб-мұсылман әлемінен тым шалғайда орналасты. Ендеше мұсылмандар қағазға қалай қол жеткізді?

751 жылы Талас қаласының маңында (қазіргі Қазақстан-Қырғызстан шегарасының аумағында) бір жақта Араб халифаты мен қарлұқ түріктері, екінші жағында Тан қытай әскерлері арасында Орталық Азияны бақылауға алу үшін шайқас болды. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, араб-түркі әскерінің қытай әскерін жеңуі Қытайдың батысты экспансиялауына тоқтау салып, аймақтың өркениетті таңдауының ислам болуына жол ашты. Десе де Талас шайқасын аса тарихи маңызы жоқ шегаралық шайқас деп есептейтіндер де табылды.

Талас өзені. Қырғызстан таулары/Alamy

Бұл шайқастың тағы бір салдары — Қытайдан араб-мұсылман әлеміне қағаздың келуі. Шынында, қағаз Қытайда осы шайқастан ұзақ уақыт бұрын ойлап табылған. Алғашында халифаттың ұлан-ғайыр даласында қағаз анау айтқандай танымал болған жоқ, қамыстан жасалған және құжаттарды рәсімдеу үшін пайдаланылған мысырлық және сицилия папирусын немесе арнайы өңделген жануарлар терісін, яғни кітаптарға қолданылған пергаментті пайдаға жаратқан.

Ең көне сақталған қағаз кітап — Фи Ю Чинг. Лиу-хо, Солтүстік Цзянсуда лиу-хо қағазына басылып шыққан. Ол алты түрлі материалдан жасалған. Б.з. 250 жыл. Дереккөз: Цянь Цюн Сюн, Қытайдағы ғылым мен өркениет: 5-том, 1-бөлім, C.U.P. 1985. Каллиграфия музейі, Токио/Wikimedia Commons

Талас шайқасы кезінде араб әскерлері қытай шеберлерінің бір тобын тұтқынға алып, империядағы алғашқы қағаз фабрикасын ашу үшін Самарқанға жібереді. «Қағаз» атанған Самарқан қағазы осылай пайда болды. Кейін соғды тілінен енген деп саналатын бұл сөз түркі және иран тілдерінде қолданысқа еніп, сонымен қатар урду және хинди тілдерінде де орныға бастады. Қағаз Самарқаннан 8-ғасырда халифатқа еніп, бірте-бірте папирусты ығыстырғаны соншалық, 9-ғасырдың ортасына қарай Төменгі Мысырда қамысты жазу материалына айналдыруды жалғастырған екі шағын қала қалды. Ал 10-ғасырда өнеркәсіп онда да жойылып тынды. Араб халифатындағы қағаздың таралуы Исламның Алтын ғасыры деп аталатын (8–13-ғасырлар) араб-мұсылман әлеміндегі мәдени өркендеу кезеңіне жол ашты.

Ұзақ уақыт бойы Самарқан қағаз шығаратын ірі орталық болып қала берді. Хаттарының бірінде ұлы математик әл-Хорезми (шамамен 783–850 ж.) досын ұзақ уақыт жазбағаны үшін сөгіп, оның Самарқаннан өте шалғай тұруы мүмкін екенін әзілмен тілге тиек етіп, сол үшін оған қағаздың өте қымбат екенін айтқан. Қағаз сонымен қатар Мәуереннахр, Дамаск, Палестина Тибериясында және Сирияның Триполисінде шығарылды. 794 жылы Джафар Бармакид Бағдатта алғашқы қағаз фабрикасын салды, ол тез арада кітап дүкендерімен және астананың іскерлік ауданында кітаптардан басқа қағаз да сатылатын арнайы көшеге айналып, аты шықты.

«Қағаздың» дайындалу кезендерін көрсететін сурет. 19 ғасыр/Alamy

Қағаздың сыры оның ескі шүберектер мен мақтадан жасалуы, біріншіден, бұл өнімнің бағасын айтарлықтай төмендетсе, екіншіден, оны пайдалануды әлдеқайда қолайлы етті. Қағаздың қолжетімді болуы оны тек жоғары таптың ғана емес, жаппай тұтынуға арналған өнімге айналдырды. Енді қағазды тек жоғары мәртебелі адам ғана емес, кедей ақын да, сот немесе қоғамдық хатшы ғана емес, қарапайым саудагер де пайдалана алатын болды. 9-ғасырдан бастап халифаттың барлық мемлекеттік қызметкері папирустан қағазға көшті, бұл өз кезегінде басқаруды ұйымдастыруда орасан зор артықшылық берді. Бұдан былай шенеуніктер мен ведомстволар кез келген себеппен бір-бірімен тез байланыса алатын болды, ал пошта қызметі империяның кең-байтақ, шашыраңқы жерлерін астанамен және бір-бірімен байланыстырып, бірінші кезектегі маңызға ие болды. Пошта қызметі бірнеше күнге істен шықса, сұрыпталмаған хаттарға толы қапшықтар тұрғындардың көзіне бірден түскен, бұл саяси тұрақсыздықтың қайғылы белгісі еді.

Самарқан қағазын жасау барысы. «Meros» (Мұра) қағаз фабрикасы, Конигил, Самарқан, Өзбекістан/Wikimedia Commons

Кейінгі жылдары археологтар Тұрпан, Хотан және Дунхуан сияқты Шығыс Түркістан қалаларында 3- ғасырда қағаз шығарыла бастағанын растай бастады. Бұл қалалар соғдылық сауда үйлерінің қызметі арқасында Тянь-Шаньның батысындағы Орталық Азиямен тығыз сауда байланысын орнатқан. Саудагерлер жаңа өнертабысты құлшына бас салып, оны үйде қайталай алу үшін өндірістің егжей-тегжейін тез біліп алған. Өз бетінше қағаз шығара отырып, Орталық Азия халқы түпкілікті өнімді айтарлықтай жақсартты. Ерте қытай қағазы тұт немесе бамбук талшығынан, болмаса екеуінің қосындысынан жасалған. Нәтижесінде қатты әрі сынғыш парақ пайда болған. Орталық Азия тұрғындары өздерінің ұзын сабақты мақта талшықтарынан қытайлықтар сататын қағазға қарағанда берік және икемді қағаз шығара алатындарын тез түсінді.

Көшірілді