СӘН АПТАЛЫҒЫНЫҢ ТАРИХЫ

Visa Fashion Week Almaty-ның жаңа маусымы басталды

Visa Fashion Week 9 маусым

Біреулер армандары, жұмысы мен шығармашылық ұмтылыстары байланған осы бір оқиғаны асыға күтсе, басқалары иығын қиқаң еткізіп: маңызды оқиғалар шамадан тыс өтіп жатқан әлемде, сән көрсетілімдеріне маңыз беріп, уақыт бөлуге тұра ма деп қалың ойға беріліп келеді.

Әңгімемізді бастамай тұрып, алдымен париждіктер қиын қыстау кезеңге қарамастан «Сән Театрына» ағылған, көрсетілімдер матаның жетіспеуіне байланысты қуыршақтармен көрсетілген 1945 жылға ойысайық. Ол шақта жұртты сән көрсетіліміне не ынтықтырды? Тұрақтылық пен сұлулыққа қайта оралсақ деген қалау, эстетика арқылы еркіндікке ұмтылу ынтықтырды.

Қыздар Princes Gallery-де Парижден келген көйлектер мен киімдердің шағын моделінің көрмесінде, Пиккадилли, Лондон, 1945/Reg Speller/Getty Images

Айталық, ол шақта Англияда әйелдер қауымы шұлығы болмағандықтан, амалсыз аяғына «тордың» суретін қолмен сызып жүрсе, қирап қалған Токионың нәзік жандылары басқыншылардың жұбайымен бірге икебана курсына жазылып жатқан.

Сұлулыққа ұмтылыс пен оған жетсем деген желікті өлшеу мүмкін емес, ал өз-өзіңді әрлеу — өнердің ең көне түрінің бірі. Сондықтан әлемнің ең үздік сәнгерлері әлем жұртшылығына өз жұмысын паш еткен халықаралық сән мерекелері елеулі оқиғаға айналған.

Айтуларға қарағанда, сән апталығы 18–19 ғасыр шегіндегі Еуропадан, ат жарыстарына, мерекелер мен серуендерге манекеншілерді жіберу тәжірибесінен тамыр тартады-мыс.

Ағылшын сауық кеші/1900 жыл/Getty Images

Сән үрдістері сәнгерлер «бір-біріне қарайлап асықпай қадам» басқандардың кесірінен баяу тараған.

Париж бен Лондондағы сәнді дүңгіршектердің қожайыны модель-қыздарды топ-тобымен сәнге айналған киімдерін кигізіп ат-жарыстарына, опера премьераларына, таң ата бай-бағландардың жұбайлары сейіл құратын Булон орманына алғаш болып аттандыруды қолға алған.

Джордж-стрит көшесіндегі бақ, 1913 жыл/ Getty Images

Бірақ 19 ғасыр басындағы дүниежүзі сән өнері — француз сәнгерлері мен ағылшындық жаңашыл киімдерінің ықпалына сәл-пәл ұшырағанымен, әлі ұлттық және жергілікті деңгейде ғана болған.

Бірақ 19 ғасырдың екінші жартысынан бастап процесс айтарлықтай қарқын алды. Жоғары сән өнерінің әкесі ретінде «Уорт үйінің» негізін салған Чарльз Фредерик Уорт мойындалады. Киімге бренд атауын жапсырып, барлық түрдегі киім-кешекті шығаруды қолға алған дәл осы Уорт болған (оған дейін сән үйлері мен дүкендер нақты бір түрдегі киімдерді ғана шығарумен айналысқан). 1868 жылы Уорт «Жоғары сәннің синдикатының» негізін қалап, іс жүзінде «жоғары сән» (haute couture) деген сөз тіркесін патенттеді.

Чарльз Фредерик Уорт, 1892 жыл/Médiathèque de l'Architecture et du Patrimoine/Wikimedia Commons

Уорт алғаш болып жылына төрт мезгіл сатып алушыларына арнап модельдермен сән көрсетілімін өткізген.

Аталған көрсетілім кезінде манекеншілер подиуммен жүріп өтіп, жұрт алдында алғаш болып сән көрсеткен. Жұрт көрсетілім кезінде өзіне ұнаған модельдерді таңдап, олар өз кезегінде, киімнің тігісін көрсету үшін төменге түскен.

Ақырында өзге де сән үйлері өзінің көрсетілімдерін ұйымдастыра бастаған. 19-20 ғасыр тоғысында британдық сәнгер Люси Кристина Дафф-Гордонның көрсетілімдері атақты болды. Ал қойылымға ұқсайтын қызылды-жасыл шоуды алғаш болып Поль Пуаре ұйымдастырды. Оның 1911 жылы «Мың екі түн. Парсылық мереке» деп аталатын көрсетілімі үлкен талқы тудырды. Осылайша 20 ғасырдың 20–30-жылдары «сән көрсетілімдері» бір уақытта зайырлы өмір, сән индустриясы мен шығармашылық жұмыстың бір элементіне айналды.

Дегенмен ол шақтағы сәнгерлер көрсетілімдерін бір үлкен шоуға айналдыруға ұмтылмады.

Бәрі 1943 жылы өзгерді. Сол жылы америкалық журналист Элеонора Ламберт Нью-Йоркте халық пен сәнді журналдардың назарын сәнгерлерге аудартуды мақсат еткен «Баспасөз апталығын» ұйымдастырды. Дәл осы Нью-Йоркте өткен Апталықты әлемдегі алғашқы сән апталығы деп санауға болады. Дегенмен аталған іс-шара 2001 жылға дейін ресми түрде «Баспасөз апталығы» деп аталып келді.

Элеонора Ламберт. Америка модельерлер кеңесінің мүшесі. 1966 жыл/Getty Images

Біз сөз етіп отырған іс-шараны «Сән апталығы» деп АҚШ-тағы сәнді дүкендерге италиялық коллекцияларды сатып тасымалдаушы Джованни Баттиста Джорджини қойған. 1951 жылы Флоренцияда ол Палаццо Петтидің бірнеше көрсетілімін ұйымдастырған. Дәл осы жылдан Итальялық сән аптасы басталды деп саналады.

1973 жылы Парижде FHCM (Уорт Синдикатының мираскерлері) ұйымдастырған Сән Апталығы өткен. Бұл тек федерация мүшелері ғана қатысатын жабық сән апталығы саналады. Қазір сәнгерлер федерациясының құрамында Chanel, Dior, Givenchy, Jean Paul Gaultier, Maison Margiela сынды бас-аяғы 15 бренд бар. Шетелдік сән үйлері аталған шараға тек қонақ я корреспондет-мүшелері ретінде ғана қатыса алады.

Кез келген синдикаттарға қарсы болып, тәуелсіз болуға ұмтылған Лондондық сәнгерлер ойларынан 1984 жылы айныды және содан бері Лондонда өтетін сән апталығы осы іспеттес іш-шаралардың ішіндегі ең жарқын мереке саналады.

Премьер-министр Маргарет Тэтчер және ядролық зымырандарға қарсылық білдіретін жазуы бар жейде киген модельер Кэтрин Хэмнетт, Дауниң-стрит, 10, ұйымдастырған Британдық сән апталығының дизайнерлеріне арналған қабылдау, 1984 жыл/Getty Images

Осылайша сән апталықтарының «Үлкен төрттігі» пайда болды — Париж, Лондон, Милан және Нью-Йорк.

Бірақ әлемнің басқа елдері де мұндай шараларды тек сырттан тамашалап отырғысы келмейді. Сондықтан сән апталықтары әлемнің басқа да үлкен қалаларында өткізіліп тұрады. Тіпті мұндай көрсетілімдердің кейбірі, қатаң ережелер сәнгерлердің қиялын шектейтін «Үлкен төрттіктің» көрсетілімінен де асып түседі.

Алматы қаласында өткізілетін Visa Fashion Week іс-шарасы — жұрт күтпеген батыл эксперименттер жасалып, жаңадан ашылған тәуелсіз компаниялар мен сәнгерлер сән индустриясының алыптарымен тең дәрежеде тайталаса алатын алаңдардың бірі.

Make the unexpected («күтпеген дүниені жаса») — Visa Fashion Week Almaty Сән апталығының мерейлі оныншы маусымының ұраны. Аталған сөз тіркесі Қазақстан мен Орталық Азиядағы Халықаралық сән апталығының бүкіл тарихын паш етеді.

2020 жылы өткен алғашқы маусымды ұйымдастыру сондай ешкім күтпеген әрі батыл қадам болды. Visa Fashion Week Almaty & Tashkent-тің бас директоры және Next Designer Award Empowered by Visa деп аталатын жас дизайнерлер конкурсының негізін қалаушы Бауыржан Шәдібек бір сөзінде:

«Пандемияға байланысты алғашқы маусымды ұйымдастыру қиынға соқты, бірақ ештеңеге қарамастан аталған іс-шара өтті. Біз қатысушылар мен жұрттың сән апталығына қызығушылық танытып, қолдау көрсеткенін байқадық. Осы бір жетістігіміз жұмысты әрмен қарай жалғастырып, осы бір форматты одан әрмен дамыта түсуге ынталандырды» деген.

Ұйымдастырушылар нысанаға дөп тиді. Өйткені жергілікті сәнгерлердің шығармашылық әлеуеті өзін паш ететін ортаны қажет еткен. Сондай-ақ сән әлемінде таланттан өзге, коммерциялық дағдылар мен менеджмент керек. Ал мұндай шаруалар тәй-тәй басып келе жатқан брендтер үшін оңай шаруа болмауы мүмкін.

Бауыржан Шәдібектің сөзінше: «2019 жылы Орталық Азия аймағына сән, мәдениет пен бизнесті біріктіретін үлкен бір оқиға қажет деген ой туған. Орталық Азиядан шыққан сәнгерлерге халықаралық деңгейге шығып, сондай-ақ жергілікті сән индустриясын дамытуға серпін беретін бастаулар қажет».

Үш жылдың айналасында VFWA ауқымды әрі биікті көксеген маңызды іс-шараға айналды. Аталған Сән апталығына тек жергілікті брендтер ғана емес, сондай-ақ Грузия, Өзбекстан, Украина мен өзге де көршілес мемлекеттен келген дизайнерлер де қатысады.

Көрсетілім туралы есептер мен жұрт сүйіп оқитын стристайл-хроникалары жергілікті баспасөзден бөлек, Harper’s BAZAAR, Vogue я Forbes секілді халықаралық деңгейдегі беделді басылымдарда да жарияланды.

Анастасия Ненашева, директор, Украина, Грузия, ТМД елдері және Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы Visa маркетиң бөлімінің басшысы.бір сұхбатта: «Visa Fashion Week – түрлі аудитория өкілдерін сән біріктіруші қызметін атқарған диалог құруға арналған орта. Іс-шараға тек дизайнерлер мен сәнгерлерді ғана емес, сондай-ақ бизнес өкілдерін, қоғамдық ұйымдар мен мәдени мекемелерді шақыру арқылы осы бір диалогты әрмен қарай өрбіту жоспарымызда бар. Біз идея, инновация мен тәжірибе алмасуға септесіп, осылайша аймақтың жасампаз экономикасын дамытатын платформа жасауға ұмтылып келеміз. Бұл жергілікті талантты дизайнерлерді танытуға ғана емес, сондай-ақ мәдени байланыстарды нығайтып, сән индустриясының тұрақты түрде дамуына мүмкіндік береді» деп баяндаған.

Креатив индустрияны дамыту жолындағы жасалған жалғыз әрі қисынды қадам – 2023 жылы ұйымдастырылған Next Designer Awards Empowered by Visa (NDA) конкурсы болды. Аталған конкурсқа бүкіл Қазақстан бойынша қатысқан 150 қатысушы өз коллекцияларын көрсетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер жас дизайнерлердің түсіне кіріп шықпаған мүмкіндіктерге ие болды: Италияда тәжірибеден өтіп келуден бастап, өз брендін Saks Fifth Avenue Almaty-да көрсетуге дейін, сондай-ақ Visa ұсынған ақшалай гранттар мен Visa Fashion Week Almaty-ның келесі маусымдарына тегін қатысуға мүмкін алды.

Аталған шығармашылық бастаманы көпшілік мойындап, конкурстың үшінші маусымына қатысуға өтінім берушілердің саны 100 пайызға артты. ToSi маркасының атынан қатысқан, финалға жеткен дизайнерлердің бірі — болған Тоқтар Сейілбек сұхбатта:

«NDA Empowered by Visa конкурсына қатысу — өмірімдегі ең маңызды сәт болды. Мені конкурс ашқан мүмкіндіктер шабыттандыра түсті. Мәселен биылға Сән апталығының мерейлі маусымында біз ToSi x Milar коллаборациясы секілді соны бір дүниені көрсетеміз» деп мәлімдеді.

Visa Fashion Week, 9 маусым

Бірақ ең маңыздысы тек физикалық я қаржылай сыйақы болды деп айтуға келмейді. Конкурс қатысушыларға бастапқы кезеңде ауадай қажет болған сән білгірлерінен фидбәк алып, кәсіби кеңес естуге мүмкіндік береді. Осы бір ойды: «Кәсіби мамандардың фидбәгі маған жұмысымды және дизайнға деген көзқарасымды жетілдіруге көмектесті» деген Тоқтардың да сөздері қуаттай түседі.

Visa Fashion Week, 9 маусым

Жоғарыда аты аталған Анастасия бір сұхбатында: «Visa Fashion Week Almaty – тек сән оқиғасы ғана емес, бұл Қазақстанның бизнес және шығармашылық әлеуетін паш ететін ісшара. Аталған жоба бес жыл ішінде тек Қазақстан мен Орталық Азияның ғана талантты дизайнерлерін емес, сондай-ақ сән әлеміндегі өзге инфрақұрылымдардың (мата өндірушілер, тігіншілер, маркетиң және ритейл) назарын өзіне аудартты. Сән апталығы және Next Designer Award Empowered by Visa шағын және орта кәсіпорындарына өз өнімдерін паш етуге, нетуоркиңді дамытып, әрмен қарай ілгерілеуге қажет серіктестерді дамытуға мүмкіндік береді» деп мәлімдеді.

VFWA-ның перспективасы таңдандырады: жыл өткен сайын тұрақты сәнге, инновациялық технологиялар мен мәдени алмасуға қызығушылық артып келеді. Сондықтан Алматыдағы Сән апталығы өз ізін әлемдік деңгейдегі сән алаңында қалдырғысы келген таланттар мен бизнесмендерді өзіне тартады.

Visa Fashion Week, 9 маусым бэкстейджі

Көшірілді