Коллаж / Qalam
1950-жылдардың соңында Қазақ радиосының эфирінде «Менің Қазақстаным» әні тұңғыш рет орындалды. Сол кезде әуен авторы әрі консерватория студенті Шәмші Қалдаяқов бүкіл Қазақстанға танымал болған еді. Ал әп-сәтте хит болған туынды жүрегімізде мәңгілікке жатталып қалды. Арада отыз жыл өткенде бұл әнді студент жастар алаңда шырқаса, кейін мемлекеттік гимнге айналды.
Әннің астарында тың игеру науқанына ішкі қарсылық жатқан еді. Сондықтан оны өзгертті, түзетті, партияның ұранын қосты, ал газеттер ол туралы бір ауыз сөз жазған жоқ. Бірақ ән цензурадан аман қалып, еліміздің бас әуеніне айналды. Біз осы тарихты еске алып, Шәмші Қалдаяқовтың шынайы, көп айтыла бермейтін қырын ашу мақсатында ескі газет беттерін парақтадық.
1956 жыл: ішкі қарсылық және партия тапсырмасы
1956 жылдың қазан айында Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні дүниеге келдіi
Шәмші Қалдаяқовтың туған ауылындағы музей-үйдің ішкі көрінісі. Отырар ауданы, Түркістан облысы / «Шәмші Қалдаяқов музей-үйі»
Ол кезде жалғыз радио — Қазақ радиосында әні шырқалған сазгер бір түнде бүкіл Қазақстанға танымал болып оянатын. Ән болмысы, бір қарағанда, партиялық кейіптегі патриоттық ұран сипатында көрінгенімен, негізгі идея тың игеру мақсатымен қазақ жерін бөлшектеуге тырысқан саясатқа қарсылық екенін композитордың өзі де растайдыi
Оқиға тізбегімен келсек, «Менің Қазақстаным» әнінің шығуы және халыққа кеңінен танылуы 1956 жылдың соңына келіп тұр. Бірақ эфирде әуелеп жатқан әнді Советтік Қазақстан баспасөзі көзге ілмеген сыңайлы. «Лениншіл жас» газетінің сол жылдың желтоқсан айындағы санында жас композиторларды сынап, біраз қағып-сілкіп алатын мақала барi
Онда «Бүгін искусcтвомыздың кемеліне келіп, мәдениетіміздің қарыштап алға басқан шағында жұртшылығымыздың әнге қоятын талап-тілегі де зор. Композиторлардан бүгінгі советтік шындықты, жасампаз адамдарымыздың жан-жақты да шадыман шат тұрмысын, кең тынысты өмірін бейнелейтін терең мазмұнды әсем әндерді күтеді олар» делінген.
Шәмші Қалдаяқовтың қойын дәптері / «Шәмші Қалдаяқов музей-үйі»
Арасында бірқатар жас авторларға оң баға беріліп, кейбірін «тұщымды әндер» қатарында атап өткенімен, «Менің Қазақстаным» туралы бір ауыз сөз айтылмайды. Әйтпесе жаңа ән мен оның мәтініндегі «алтын дән даласы», «дән егіп терлеген», «Туған жерім менің — Қазақстаным» деген жолдар партияның оң жамбасына келіп қалатын. Әлде партиялық редакторлар әннің өн бойындағы басқа бір сарынды аңғарды ма, жоқ па, бәлкім советтік идеологияның бір көздегені болды ма, ол жағы белгісіз. Осылайша 1956 жыл да аяқталады.
Жетіжылдық жоспар және «Менің Қазақстаным»
«Менің Қазақстанымның» алғаш баспасөзде жариялануына қатысты деректер бір-бірімен қабыспайтын секілді. Шәмші өз естеліктерінде: «Көп ұзамай бұл әннің өлеңі жөнінде дау шықты. Әнді баспасөзде жарияламақ болып, біз оны «Мәдениет және тұрмыс» журналына апарған едік, бір дөкей дүрсе қоя берді», – дейдіi
Жеті жыл жоспары,
Жеті қыр асқаны.
Думанды бастады,
Қазақтың жастары.
Композитордың айтуынша, журналға осы нұсқа басылғанымен, ел арасында алғашқы нұсқа тарап кетеді.
Алайда Алматыдағы Ұлттық кітапхана қорында сақталған «Мәдениет және тұрмыс» журналының тігіндісін тексергенде, түрлі ойға қаласың.
Шәмші Қалдаяқов тыңдармандармен кездесуде. Алматы, 1962 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Біріншіден, журнал 1958 жылдың шілде айынан бастап жарық көрген. «Көп ұзамай» деп айтылған сөз бұл аралыққа өлшем бола алмайды, екі ортада бақандай екі жыл жатыр. Екіншіден, журналдың 1958–1962 жылдардағы нөмірлерінен «Менің Қазақстаным» әнін кезіктірмедік. Рас, тігінді арасында журналдың кейбір санының беттері жоғалған, жыртылған. Бәрібір бұл да көңілге медет болады деп айту қиын. Үшіншіден, қосымша Шәмші Қалдаяқов жөніндегі библиографиялық кітапшада сол әннің алғаш қай баспасөзде жарияланғанын баяндайтын мәлімет өте мардымсызi
Шәмші әндеріне тыйым болған ба?
Даңқты композитордың шығармашылық тағдырын сипаттағанда, өзінің және көзкөргендердің естелігінен бөлек, түрлі алып-қашпа әңгімеге кезігеміз. Бірақ Шәмші алғаш танылған, сосын атағы дүркіреген 1950–1960 жылдардағы газет-журналдарда әндерінің жариялануына тоқталсақ, бір нәрсені ескеру қажет. Ол уақытта мәдени-танымдық басылымдардың бәрінің басын қосқанда саусақпен санарлық еді. Осы тұрғыда сол уақыттағы газет-журналды сүзіп шыққанда Шәмшіге кәдімгідей кедергілер болды деп айта алмаймыз. Композитор әндерінің мәтіні мен нотасы «Лениншіл жас», «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» секілді өзге де басылымдарда дүркін-дүркін басылып тұрған. Мәселен, 1958 жылы «Лениншіл жас» газетінде ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың өлеңіне жазылған «Қайықта» әні жарияланадыi
«Қайықта» әнінің сөзі мен музыкасы. «Лениншіл жас» газеті. Ақпан, 1958 жыл / Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы
Ең бастысы, жүрегінен жыр боп төгіліп, халықтың көңіл төрінен орын тепкен белгілі әндерінің бәрі дерлік уақытында басылым беттерінде жарияланғанын аңғарамыз. Барлық әнді тізбелеп шығу мүмкін емес, сондықтан жеке-жеке тоқталмадық. Бірақ Шәмшінің қазір көпшілікке белгісіз бір әні ерекше назарымызды аудартты. Тақырыбы да қызық — «Шоқан сөзі» деп аталады. 1959 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының №3 санында жарияланған туындының сөзін Сағынғали Сейітов жазған. Екінші шумақтағы «Іргелі ел — Ресей, асқар тау панамыз» деген жолдан советтік идеологияның иісі аңқығанымен, қайырмасы Жұмекен Нәжімеденов қағазға түсірген «Менің Қазақстаным» әнінің кейбір сөзімен үндесетіндей (Думанды бастады, Далама қарашы!):
Қазақтың баласы,
Сахара даласы,
Сұңқарша сілкініп,
Жан-жаққа қарашы.
Десек те «Шоқан сөзі» жайында басқа ақпарат таппадық, библиографиялық кітапшада да ештеңе көрсетілмеген, интернеттен де көзімізге түк ілінбеді.
«Шоқан сөзі» әнінің сөзі мен музыкасы. «Мәдениет және тұрмыс» журналы. 1959 жыл / Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы
Шәмші жайындағы алғашқы жазбалар
1957 жылдың сәуірінде «Қазақ әдебиеті» газетінде қысқа ғана ақпарат жарық көредіi
«Секцияның таяуда өткен мәжілісінде консерваторияның студенттері Шамши Қалдаяқовтың «Қыз сағынышы», «Көктем» әндері, Бакир Байақуновтың «Тек сен жоқсың жанымда» деген әндері жақсы баға алды».
Бұл Шәмшінің әлі бірінші курста оқитын кезі. Жиырма жеті жастағы композитор шығармашылыққа шындап ден қойғанымен, астананы енді-енді бағындырып жатқан еді. Ол кезде студенттің аз ғана уақытта жұрттың көзіне түсіп, білдей газетте есімі жазылуы — елеулі жетістік.
Ал осы газеттің 1960 жылғы бір санындаi
Бір қызығы, Шәмші шығармашылығы жөнінде кеңінен толғаған тілші «Менің Қазақстаным» жайында тіс жармайды. Бұдан басқа «алғашқы әні радиодан осыдан үш-ақ жыл бұрын естіле бастаған» дегенін ескерсек, бәлкім «Менің Қазақстаным» 1956 жылдың соңында емес, 1957 жылдың бас жағында радиодан берілген болуы мүмкін деген болжам жасауға да болады.
Шәмші Қалдаяқов шығармашылығы туралы мақала. «Қазақ әдебиеті» газеті. Қазан, 1965 жыл / Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы
Осы басылымның 1965 жылғы нөмірінде де композитордың шығармашылық портреті жасалғанi
Сол жылдардағы газет-журналдардан Шәмшінің шығармашылық өміріне қатысты сыни бағыттағы материалдарды кезіктіре қоймадық.
«Штаттан тыс тілші»
Шәмші өмірінде ән шығарумен шектелмей, баспасөз беттерінде қазақ музыкасының дамуын сөз ететін сериялы мақалалар жазған екен. Әсіресе 1960 жылдардың басында «Лениншіл жас» газетімен тығыз шығармашылық байланыс ұстап, жаңа әндерді сүзгіден өткізіп, таразылап, кәсіби талдаулар жасаған. Мәселен, газеттің 1960 жылғы санындаi
«Сегізінші тактыдағы «сольдан» барған «ми», «ре-си» «до» дыбыстары әннің басын аяқтамайды. Алтыншы тактыдағы «до» дыбысы жартылық нотаға созылған болса, екі тактыдан соң, тағы да сол «до» дыбысы жартылық нотаға созылып тұр», – дейді.
Бәрі бір сарынды емес, бірде өнер өлкесіндегі алдыңғы буын жайында портреттік мақала әзірлесе, енді бірде астанадан аулақта, яғни аймақтардағы жас композиторлардың жетістігі мен кемшілігін назардан тыс қалдырмайды. Кейде проблемалық мәселе көтеріп, «радиодағы қазақ музыкасының репертуарын қайтсек көбейте аламыз»i
Шәмшінің мақалаларынан байқағанымыз, әуелгіде төменгі жағына жай ғана аты-жөні жазылса, уақыт өте «Қазақстан композиторлар одағының жастар секциясының мүшесі», сосын барып «композитор» деген атақтары қосақталады. Ал 1963 жылғы бір мақаладан «Лениншіл жастың» штаттан тыс тілшісі» деген жазбаны көреміз. Демек, ол тұрақты автор ғана емес, редакцияның келісімімен газетте де жұмыс істеген. Дәл осы мақалада ол басқа қырынан дараланып, тақырыптық тұрғыдан бөлек әндердің сөзіне де біраз шүйлігіп өтеді. «Ән текстін сынау поэзия сыншыларының жұмысы шығар. Сонда да болса, көзге көрініп тұрған олқылықтарды айта кетуді жөн көрдік» дей келеi
«Лениншіл жас» газеті. Тамыз, 1963 жыл / Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы
Әлбетте «штаттан тыс тілшінің» қырына іліккен авторлар тізімі бұдан да көп-ақ.
Шәмші әке туралы ән жазбаған ба?
1961 жылы Шәмшінің жаңа әні — «Ана туралы жыр» бүкіл қазақ даласын әлдилеп тұрды. Ақын Ғафу Қайырбековтің қаламынан туған «Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған» деген жолдарды қазір де білмейтін адам жоқ. Тез арада халық аузына іліккен әннің нотасы мен мәтіні «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарияланадыi
Ал 1965 жылы журналда «Ана туралы жырға» қатысты ойын жеткізген ол басқа бір ішкі толғанысын жасырмайды. Себебі сол әннен кейін тыңдармандар тарапынан «әке туралы да ән болса» деген өтініш көбейеді. Алайда соңғы 2–3 жылда уәдесін орындау қиын соғып жүргенін айтады.
«Табиғат сыйлаған жан-жақты ұлы дарын иесі әкені ән жанрында бейнелей білу, қай авторға болмасын оңай тимейді, – деген композитор соңында, – Уәдені орындау қиын болып тұр. Себебі тақырыптың өзі қиын. Елге уәде берген соң, біз әке туралы талай толғандық та... Бірнеше вариантын жасап көрдік. Бірақ ешқайсысы көкейімізден дөп шықпай тұр...», – дейді.
Өнер иесінің көңіл түкпіріндегі толқыныстың нақты нені меңзейтінін білмесек те, оның шарасыздығы ақиқатқа айналғандай.
Композитор Шәмші Қалдаяқов тыңдармандарымен кездесіп тұр. Кентау, Түркістан облысы. 1965 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Өйткені осы уақытқа дейін «Шәмшінің әке туралы әні» деп шырқап жүрген орындаушы көрмедік. Библиографиялық кітапта да ондай ән турасында мәлімет жоқ.
«Лениншіл жас» газетінде 1967 жылы басылған «Комсомол сыйлығы табыс етілді» атты мақала бірден көзімізге оттай басылдыi
КСРО Халық әртісі Роза Бағланова, композитор Шәмші Қалдаяқов және басқалар. 1988 жыл / ҚР ОМ КФДЖА
Шағын мақалада лауреаттарға нендей жетістігі үшін берілгені көрсетілген. Шәмшіге бұл сыйлық лирикалық әндері үшін бұйырады. Жиын соңында ақындар өлең оқып, Ғазиза Жұбанова мен Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары орындалады. Бұл кезең, әлбетте, отыздың бел ортасындағы композитордың толысқан, нағыз бабындағы шағы болатын.
Шәмшінің шығармашылығына қатысты деректер ҚР Ұлттық кітапханасында сақталған 1950–1960 жылдар аралығында жарияланған басылымдардан алынды.
Шәмші Қалдаяқовтың Республика сарайы жанындағы саябақта орналасқан ескерткіші. Алматы. 2022 жыл / ҚР ОМ КФДЖА