Шоқан Уәлихановтың туғанына екі жүз жылдай өткенімен, ол әлі де қазақ тарихындағы аты құрметпен аталатын, десе де даулы тұлғалардың бірі болып келеді. Көрнекті этнограф, Орталық Азияны зерттеуші әрі Ресей империясының қызметінде жүрген адам болғандықтан, оның мұрасын ержүрек батылдық не империяға адалдық тұрғысынан ғана қарастыруға болмас.
Өз елінің қорғаушысы ма, империя жандайшабы ма?
Туғанына 190 жыл өткен тұста Шоқан Уәлихановты кім деп танығанымыз дұрыс? Қазіргі Қазақстанда оны жұрт ұлттың ұлы тұлғасы деп таниды, олай дейтін себебі де бар. Шоқанның суреті ақшаға салынды, оның аты мектептер мен университеттерге берілді, ал ғалым өмірінің ақырғы айларын өткізген ауылда оған арнап керемет музей салынған. Шоқанның еңбектері оның этнограф әрі тарихшы деген атын шығарса, Ресей империясындағы қызметі аңызға айналып кеткен. Оған басты себеп — бір жылдай Қашғария жерінде астыртын экспедицияда жүріп, Цин империясының адам аяғы жетпес түкпіріндегі сол бір өңірдің тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін ауқымды материал жинап әкелгені.

Шоқан Уәлиханов ескерткіші. Алматы / Getty Images
Алайда Шоқан тағдырына біржақты баға беруге де болмас. Шоқан — Абылай ханның шөбересі. Төре тұқымы ретінде оның келешегі Ресейге, империяның Қазақ даласындағы мақсатына байлаулы болатын. Әжесі Айғаным Санкт-Петербургтегі лауазымды шенеуніктермен хат алмасып отыратын. Әкесі Шыңғыс сияқты, Шоқан да Омбыдағы кадет корпусында білім алған, 1847 жылы он бір жасында кадет корпусына оқуға түскеннен өмірінің соңына дейін Ресей әскерінің түрлі құрылымдарында қызмет атқарған.

Омбы кадет корпусы, 1916 жыл / Wikimedia Commons
Шыққан тегі мен Ресей империясы әскерінде қызмет атқарғанын сөзге тиек ететіндер «Уәлиханов Ресей империясының мүддесіне қызмет еткен» деп айып айтады. Әрі оның өмір жолын өз аталас туысы, немере бауыры Кенесары Қасымұлының ұлт азаттығы жолындағы қайраткерлігімен салыстыра қарағанда, ондай айыпқа негіз жоқ еместей көрінері рас. Ресей империясының Қазақ даласындағы ықпалын кеңейте бергеніне жауап ретінде бұрқ ете қалған Қазақ хандығының соңғы билеушісі — Кенесары бастаған көтеріліс империяның ілгерілеуін тоқтата жаздаған әрекет болатын. Бір әулет ішіндегі бұл тосын қайшылық Шоқанның көзі тірісінде-ақ талқыланып, содан бері оның мұрасы төңірегіндегі пікірталастарда көп айтылып келеді.
Ғылым мен империяға қызмет арасында
Омбыда оқып жүрген кезінде-ақ Шоқан айрықша зеректігімен көзге түсіп, назарға ілінген. Чарльз Диккенс шығармаларын, саяхатшылардың күнделіктерін ағылшынша оқи жүріп, өз ұлтының мәдениетіне, шығыс философиясы мен шығыс тілдеріне ерте кезден-ақ қызыққан. Этнографиялық зерттеулерге деген айрықша бейімдігі 1856 жылы полковник Хоментовскийдің жетекшілігімен Ыстықкөлге барған алғашқы үлкен экспедиция кезінде байқалады. Сол кезде түркі фольклоры мен мәдениетін зерттеуге шындап кірісіп, қырғыздың «Манас» эпосының фрагменттерін хатқа түсіріп, қырғыздар туралы тұңғыш шығармасын жазады. Сол екі еңбегі де Ресей география қоғамынан басылып шыққан.
Алайда оқу орнынан тыс жерде де Шоқан ғылым-білім, ой мен пікір ортасында болатын. Оған бір себеп — әкесінің үйінен атақты ғалымдар мен ішкі Ресейден айдалып, жер ауған интеллектуалдар баспана табатыны болса керек. Григорий Потанин, Николай Ядринцев және Петр Семенов сынды атақты географ-ғалымдар жас Шоқанның зияткер тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, үлес қосқан. Бірер жыл өте ол жазушы Федор Достоевскиймен танысады. Ұлы жазушы Шоқанды келешекте орыс пен қазақ арасын жалғайтын дәнекер деп таниды.

Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевский. Семей, 1859 жыл / Wikimedia Commons
Шоқан мен Достоевский өте жақын араласады. Төрт жыл Омбы түрмесінде отырып, бес жыл Семейде айдауда жүрген Достоевский 1856 жылғы 14 желтоқсанда жазған хатында Шоқанның ақыл сұраған өтінішіне былай жауап береді:
«Маған салсаңыз, сіз істеп жүрген ісіңізді қоймаңыз. Қолыңызда материал көп, дала туралы мақала жазыңыз... Ең дұрысы — дала тұрмысы, ондағы өміріңіз, тағы басқа туралы жолжазба сияқты қылып жаза алсаңыз... Жұрттың назарын бірден аударар жаңалық болар еді… Айталық, өз жұртыңыздан Ресейге дала деген не, Ресей үшін даланың да, сіздің халқыңыздың да маңызы қандай деген мәселелерді тәпсірлеп берген бірінші адам болу, сөйте тұра өз отаныңызды ағарту, орыстардан оған игілік сұрау қызметінде жүру — ұлы мақсат, ұлы іс емес пе? Еуропаша білім алған тұңғыш қырғыз екеніңізді ұмытпаңыз! Менің утопияға толы ойларыма, сіздің тағдырыңызға болжам айтқаныма күлмеңіз, құрметті менің Уәлиханым! Сізді жақсы көретінім сондай — сізді де, сіздің тағдырыңызды да күндер бойы ойлаймын».
Қашғария және Аңыздың тууы
Кейін Семенов-Тян-Шанский деп аты шығатын Петр Семенов жылдар бойы жас ғалымды білім жолында ынталандырып отырған. Шоқан атын төрт тарапқа мәшһүр еткен әйгілі экспедицияға да Семенов басшылығымен аттанған. Қазақ ғалымы «Қытай Түркістаны», соның ішінде әлемге жұмбақ Қашғар қаласы туралы мәлімет жинау мақсатында саудагер атын жамылып, керуенге ілесіп жол тартады. Ол аймақ сол кезде аса тұрақсыз саналатын және Ресей өкіметі шекараның ар жағында не болып жатқанын білуге ынтық еді.

А.Кине. Петр Семенов, 1870-ші жылдар / Wikimedia Commons
Он бір айдан соң, 1859 жылғы сәуірде Шоқан Верныйға оралып, Қашғар экспедициясы туралы жазған «Алтышар немесе Қытайдың Нан Лун провинциясындағы (кіші Бұқара) алты шығыс қаласының жағдайы туралы» деген еңбегін жариялайды. Оның ғалым деген атағын нығайтқан да осы — қысқа да нұсқа, сөйте тұра өңірдің физикалық географиясы мен климатынан бастап флорасы, фаунасы мен топографиясына дейінгі біраз мәселенің басын ашып, сенімді де құнды мәлімет берген, зерттеу ақпарының классикалық үлгісі саналатын еңбегі болды.
Қашғариядан оралған соң Шоқан Санкт-Петербургке шақырту алып, Орыс география қоғамына мүшелікке қабылданады, оған капитан шені, медаль және ақшалай марапат беріледі. Ол империя астанасындағы таңдаулы ғалымдар қатарына, элита ортасына қосылып қана қоймай, император ІІ Александрдың қабылдауына кіріп, сол сәтті пайдаланып, өз халқына қатты қыспақ қылмауын сұрап өтініш айтады.
Сол жылдар жас қазақ ғалымының бас айналдырардай керемет жетістігі екені рас. Алайда, дендей қарасақ, бір кездері орыс болмағаны себепті бітіру емтиханын тапсыртпай қойған Омбы кадет корпусынан бастап Шоқан өзін бұратана, христиан емес, орыс ақсүйектері ортасына ешқашан толық сіңіп кете алмайтын бөтен адам сезініп келсе керек.
Империядан түңіліп, сырт айналғаны
Империяның әскери ведомствосының орталық құрылымында қызмет атқарып, картография бөлімінде жұмыс істегеніне қарамастан, сол жылдар Шоқанның ғалым ретінде табысты еңбек еткен кезі болды. Сол жылдары ол Ұлы жүз қазақтарының аңыз-ертегілері туралы еңбектерін жазды, 18-ғасырдағы батырлар туралы жыр-дастандарды хатқа түсірді, бақсылықты зерттеді, даладағы құқық жүйесі туралы мақалаларын, басқа да маңызды еңбектерін жазды.
Әйткенмен машақаты көп, ыстық пен суықтан өткен Қашғария сапарынан кейін оның денсаулығы күннен күнге нашарлай берді. 1861 жылы ол астанадан кетіп, Сырымбеттегі туған ауылына аттанды. Сол аралықта Атбасар округінің аға сұлтаны болмаққа сайлауға түсіп көрмек еді, сыбайлас жемқорлыққа батқан шенеуніктер жолатпай қойды. Содан кейін Омбыға қайтып, екі жыл даладағы заң реформасы мәселелерін қарастырды.

Яков Фёдоров. Сырымбет қонысы / Wikimedia Commons
1864 жылы, сырқаты меңдегеніне қарамастан, Шоқан аймақтағы Ресей бақылауын нығайту керек деп тапсырма алған генерал Михаил Черняев бастаған әскери экспедицияға қосылып, оңтүстікке аттанады. Алайда Черняевтің жергілікті халыққа көрсеткен зорлық-зомбылығын, олармен келіссөзден бас тартып, тізесін батыра бергенін көрген Шоқан басқа офицерлермен бірге өз еркімен қызметтен кетеді де, сол күннен бастап Ресей империясына қызметі тоқтайды.

Михаил Черняев, 1882 жыл / «Всемирная иллюстрация» журналы / Wikimedia Commons
Шоқан ғұмырының соңғы бір жылын Іле өзенінің аңғарында, Алтын Емел ауданында тұратын аталас ағайыны Тезек сұлтанның ауылында өткізеді. Сұлтанның қарындасына үйленіп, қазақ тарихы мен этнографиясы туралы еңбектерін жаза береді.
Даладағы экскурсиялардан Британияның кітап дүкендеріне дейін
Сол жылы Ұлыбританияда Шоқанның үш бірдей маңызды еңбегі «Орталық Азиядағы орыстар»iCapt. Valikhanov, M Veniukof, et al., The Russians in Central Asia, Their Occupation of the Kirghiz Steppe and the Line of the Syr-Daria. London: 1865 жинағында жарық көрді. Бір қарағанда, кітапты шығарған баспагерлер — Ресей империясының жайына қанық әрі Орталық Азия туралы барлау деректерін жинауға атсалысқан болуы да мүмкін екі ағайынды Санкт-Петербургтен тыс жерде ешкім дерлік танымайтын жас офицердің жазғандарын аударып, жариялауды ұйғарғаны қызық көрінсе керек.
Ол кездері кейін «Үлкен ойын» аталып кеткен Ресей мен Британ империяларының Орталық Азияны иелену жолындағы аяусыз бақталастығы идеясы әлі кең таныла қоймаған. Оның үстіне, өздері де империялық пиғылдағы Британияда жұрттың көбі Ресей империясының Орталық Азияны қарпып басып алып жатқанына әжептәуір сүйсіне қарайтын. Оған қоса, сол жинаққа кірген Ресей авторларының мақалалары «Британ Үндістанына Ресейден қауіп төніп тұр-мыс» деген сыбысты тіпті де растамайтын. Ағылшын баспагерлері жинақты шығаруға қызыққаны да содан болар.
Кітаптың алғысөзінде баспагерлер осы жинақты шығарып, орысша жазылған негізгі материалдарды ағылшын тіліне аударып жариялау ісіне түсініктеме береді. Онда бертінде Қоқан хандығында болған оқиғалардан кейін Орталық Азияға деген әуестік арта түскені, оған қоса, Англияда сол бір шалғай аймақтардағы Ресейдің шынайы жағдайы туралы жаңсақ түсініктер кең тарап отырғаны осы кітапты басуға түрткі болды деп түсіндіреді.

«Орталық Азиядағы орыстар» жинағының титул беті / Ашық дереккөздерден
Сондай-ақ кітапты шығарудағы мақсат — ағылшын жұртшылығына Ресейдің Орталық Азиядағы қазіргі саясатын дұрыс түсіндіру болды деп, жинақта ұсынылған географтардың да, ғалымдардың да мақалалары бейтарап, саяси астарсыз жазылғанын атап өтеді.
Қайткен күнде де, Шоқан Уәлихановтың ақпар-есептеріне жоғары баға берген генералдар оның Тянь-Шань тауларының етегінде өсетін шөп пен аң-құсты, жылқылардың тегін сипаттаған жазбаларына немесе сәулет үлгілері мен үй жасауының нобайын салған суреттеріне қызыққанына күмәніміз бар. Ал Шоқанның өзі үшін халқының тарихын хатқа түсіріп, мәдениетін танытып кету — қысқа ғұмырын арнап өткен ісі болған.
«Құйрықты жұлдыздың» кейінгі тағдыры
Жоғарыда аталған үш мақалада Шоқанның білімі бар қырынан жарқырай көрінеді. Ол қырғыздардың этнографиясы, Шығыс Түркістандағы керуен жолдары, Қоқанның алтын кеніштері, Қашғарияның аңы мен құсы, қаланың өзі, буддизмнің ерте кездегі тарихы, Жоңғария тарихы, оның Қытаймен қарым-қатынасы, басқа да көп тақырыпты анық, сенімді жазады.
Шындағанда, Шоқан өзінің айрықша лингвистикалық қабілеті мен тарихшы машықтарын офицер не барлаушы емес, этнограф ретінде, стратег емес, шежіреші ретінде пайдаланған. Айналып келгенде, ол жалғыз өзі қырғыздың ұлы эпосы «Манасты» түрлі дереккөзден жинақтап, хатқа түсіріп кеткенінің өзі айрықша жетістік саналса керек.
Тағдырдың тәлкегі болар, шетелде аты танылып жатқан сол бір кезде, отызға да толмаған шағында Орталық Азия ғылымындағы «құйрықты жұлдыз» Шоқан Уәлиханов құрт ауруынан үзіліп бара жатқан. Сол кезден әлі күнге дейін зерттеушілердің Шоқанға қатысты пікірі ала-құла болып келеді. Әуелі оның мұрасы мүлде дерлік ұмытылып, еңбектері көлеңкеде қалады да, ол қайтыс болғаннан кейін отыз жыл өткен соң ғана жазғандары жиналып, жүйеленіп, жарыққа шығады. Ол кезге қарай Британия мен Ресейдің Орталық Азиядағы бақталастығы тыйылып, қазақ жері толық Ресей империясының құрамына қосылып, ең шұрайлы деген өңірлерге Ресейдің түкпір-түкпірінен шаруалар көшіп барып, қоныстанып жатқан.

Николай Пантусов. Шоқан Уәлихановтың бейіті, Жетісу облысы, 1897 жыл / Ашық дереккөздерден
Қазан төңкерісінен кейін Орталық Азияда болған жайттарды зерттеп, тәпсірлеу ісін совет ғалымдары қолға алады да, әлбетте, олар бәріне партия идеологиясы тұрғысынан қарайды. Олардың көбі Шоқанды сол күйі «бұратана» деп білді, Шығыс Түркістандағы көшпенділер қоғамы мен мемлекет құрылымдарының күрделі жүйесін ашып, түсіндіріп кеткен ғалым екеніне тиісті баға бере алған жоқ. Шоқанның дала көшпенділерінің құқықтық және тарихи қағидаты мен негізіне құрмет көрсетейік деген үндеуі елеусіз қалды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін аты ақталып, ұлттың ұлы тұлғасына айнала бастағанымен, ол туралы фильмдер түсірілгенімен, Шоқанды тану, мойындау ісі совет өкіметінің ұлттық және мәдени өзтүйсіктен қорыққан үрейінің аясынан шыға алмады.
Шоқан қай кезде де өз халқының мәдениетін қорғап өткеніне қарамастан, сол бір сенімсіздіктің ұшқыны әлі де бар. Томас Уиннер жазғандай:
«Ол өкіметке құлдық ұрған жоқ, қазақтың дәстүрі мен салтына үстем көзқарас ұстанғандарды сынап, мінеп те отыратын. Баяндамаларының бірқатарында ол Ресей өкіметі қазақ халқының мұң-мұқтажына дұрыс мән бермей отыр, рубасылардың кеңесіне әсіре құлақ қояды деп атап өткен. Бұл тұрғыдан орыс ойшылдарының ықпалы байқалатын, өйткені оның қазақ халқының әлеуметтік мәселелері мен саяси иерархияға деген көзқарасы эгалитар әрі демократияшыл болатын»iThomas G Winner, The Oral Art and Literature of the Kazakhs of Russian Central Asia (Durham: 1959): 106.
Қазір жағдай басқа: ғылыми ұстанымдар өзгерді, ал Орталық Азияның өзі дүниежүзі тарихы мен этнографиясында едәуір елеулі орын алды. Бұл жағдайда зерттеушілер тарихи білімдегі ақтаңдақтарды толтыруға талпынған сайын Шоқан еңбектерінің мәні мен өзектілігі артып келеді.

Шоқан Уәлиханов бейнеленген маркалар / Wikimedia Commons
Ал Шоқанның өзі әлі күнге дейін ғылыми стильдің негізін қалаушы, 19-ғасырда осы аймақ туралы жазғандар арасындағы ең зерек, ең білімді әрі адамгершіл автор болып келеді. Оның қазақ қоғамының құрылымы, хандар тарихы, бақсылық, даладағы құқық практикалары туралы жазған еңбектері, сондай-ақ ол жинаған фольклор материалдары, әндер мен жырлар — баға жетпес, сарқылмас білім қазынасы болып қала бермек. Шоқан қайтыс болғаннан кейін академик Николай Веселовский оны «шығыстану көгінде жарқ етіп жоқ болған құйрықты жұлдыз» деп атаған. Өз басым, ағылшынтілді жас зерттеушілер мен жазушылар Шоқан мұрасын танып-білген сайын оның еңбектеріне деген әуестік арта түседі, соның арқасында ол ұлы ғалым әрі өз елінің қорғаушысы ретінде дүниежүзіне таныла түседі деп үміт етемін.
