ЖІБЕК

Тоқылған жарық, өрілген ауа

ЖІБЕК

Томас Аллом. Жібек өндірісі. 1843-1847 жж./ Getty

Жібек — Азияның рәмізіне айналған және ежелгі дүниені біртұтас етіп жалғастырған құрлықтар арасындағы жолға атау берген қымбат бағалы материал. Жібек — тоқылған жарық, сән-салтанаттың жарқылы, жеңіл, салқын, Шығыстың баға жетпес, ең қымбатты сыйы. Ол байлықты, сән-салтанатты, нәзіктік пен сұлулықты бейнелейтін және сол аталғандардың бәрі бір өзі болатын. Дегенмен, оның тарихы жүн немесе мақта тәрізді одан қарапайым маталардікі сияқты қанқұйлы емес: жібектің әрдайым дегдар әрі сирек материал болғаны соншалық, жаңа дәуірде ол үшін сауда соғыстары жүргізілген жоқ, ал оның өндірісінің ерекше болғаны соншалық, оның дуалмен қоршалуынаiҚоршау – 15-19 ғасырлардағы Ұлыбританияда қой бағуға арналған жайылымдарды құру үшін шаруаларды жерден күштеп қуу. да, тоқымашылардың көтерілісіне де әкелмеген.

«Бұл көйлекті тіккен кім болса да, ол шама дегеннің не екенін мүлде білмеген. Ол жібектің үстінен шілтер салған, мұның бәрін қара дурностайдың терісімен әрлеген, жалаңаш дене көрініп тұрған жерлердің бәрін інжу-маржан жіппен өріп, жеңдерін крахмалдаған, күміс зер қосқан, содан кейін тағы да жібекке кіріскен және де осыны тек ауыр металдың бірнеше мысқалынан, он шақты жиырылған ұлудан, екі-үш өліп қалған кеміргіштен және құрт-құмырсқаның құрсағынан суырып алынған көп жіптен ғана жасауға болатыны мүлдем сенбейтін нәрсе болып көрінді»

Терри Пратчетт «Мор, ажалдың шәкірті».

Алғашқы адамдардың үйінде. Қазіргі заманның суреті

Алғашқы адамдардың үйінде. Қазіргі заманның суреті

Маталардың уақыты

Ежелгі әлем тарихшылары ұзақ уақыт бойы адамның қолымен жасалған алғашқы мата жүн мата болды деп топшылап келді. Біріншіден, бұл дақпыртты грек классиктері қолдады, олар жүн матаны хор — адамның тәнін ауа райының тұрақсыздығынан қорғаудың ең ежелгі түрі, сондықтан да ең жақсы, қарапайым әрі әділ тәсілі деп атады.

Екіншіден, бұл қисынды көрінді — әуелі шикі тері, аң терісі, былғары, келесі қадам — жүн, ең болмағанда одан басылған киіз. Рас, бұл пікір байқаушыларға алғашқы қауымдық күйге жақын сияқты көрінетін халықтар тарапынан тіпті де расталған жоқ: олардың көпшілігіне жүн мата мүлдем беймәлім болатын, себебі малды қолға үйрету туралы олар білмейтін, бірақ өсімдіктердің қабығы мен жібінен киім тігу бәрінің дерлік қолынан келетін, себебі мұның бәрі дәстүрлі түрде жақсырақ дамыған тайпалардан үйренген машықтар деп түсіндірілетін.

Бізге жеткен сүйектен жасалған ең көне инелер біздің дәуірімізге дейінгі отызыншы мыңжылдыққа жатады және ұзақ уақыт бойы олар тек аса жіңішке былғары таспалардың көмегімен аң терісін қосып тігу үшін пайдаланылды деп саналып келді.

21 ғасырға дейін студенттерге маталар тарихы осылай оқытылды: «Костюмнің түпнегізі деп санауға болатын белдік шамамен 35–30 мың жыл бұрын пайда болған деп топшыланады. Жануардың терісі адамның денесіне соның көмегімен бекітілетін. Белдіктің болғанын палеолит заманындағы әйелдердің мүсіндерінен көруге болады. Сол кезеңде тігілген киім табылған жоқ. 30–20 мың жыл бұрын адам алғашқы біздер мен көзі бар сүйек инелерді жасаған. Мысалы, Дондағы Костёнкидегі палеолиттік зираттан қырғыштар, түйреуіштер, сондай-ақ көзі бар сүйек ине табылды. Осылайша, аңның шикі терісі мен жүн терісінен сіңір жіппен тігілген алғашқы киім пайда болды».iНаталия Цветкова. История текстильного искусства и костюма.

Бірақ әуелі қазір Чехия орналасқан аумақтың тарихқа дейінгі мекендеушілерінің үңгірлерінің бірінен біздің дәуірімізге дейінгі 25–29 мыңжылдыққа жататын қалақайдан ширатылған аса көне жіп табылды. Үйреншікті хронологиялық реттілікті бұзатын осы жіп көп дау тудырды да, ол туралы тарихшылар қисынды түрде уақытша ұмытты. Ал 2009 жылы Дзудзуана үңгірін зерттеген грузин археологы Элисо Квавадзе мен оның әріптестері жазған есепхатта біздің дәуірімізге дейінгі 30-мыңжылдыққа жататын топырақ қаттарынан табылған, қиылған, иірілген, кесілген және ең таңғаларлығы — боялған белгілері бар зығыр талшықтары туралы мәлімет жазылды. Бұл туралы Кассия Сен-Клер өзінің «Алтын жіп» кітабында былай деп жазады: «Талшықтардың көпшілігі сұр, қара немесе ашық көк түсті болғанымен, сондай-ақ сары, қызыл, шегіргүл түсті, жасыл, хаки түсті, тіпті қызғылт түстілері де кездесетін. Бұл адамдардың өсімдіктердің және басқа да бояғыш заттардың бояйтын сипаттарымен жақсы таныс болғанын көрсетті. Шамамен осы заманға дейінгі 32 000 және 19 000-жылдардағы кезеңдерді құрайтын ежелгі екі қатта боялған талшықтар барынша көп болып шықты. Қаттардың бірінде табылған 488 зығыр талшықтың елу сегізі боялған еді».

Үңгірлерінен түрлі түсті зығыр киім киіп шығып келе жатқан алғашқы адамдардың айран-асыр ететін көрінісі қалыптасқан таптаурын пікірлермен мүлде қарама-қайшы келетіні сонша, тек бұқаралық мәдениет қана емес, сонымен қатар жаңалықтарды таратушылар да бұл деректерді онша елеп-ескерген жоқ.

Оның үстіне зығыр осы уақытқа дейін кейіннен пайда болған таза мысырлық бірегей өнертабыс, Ніл өркениетінің әл-ауқаты мен дамуының негіздерінің бірі деп саналып келді. Мысырлықтар зығырын қасиетті батамен қастерлеп, оған өсіп келе жатқан және тоқылған түрінде ғибадат етіп, марқұмдарды кепілдендірілген қайта тірілу үшін зығыр жолақтармен орап алды. Ал гректер болса, зығырды көп мөлшерде шетелге сата отырып, зығыр матаны әсем, бірақ азғындататын керексіз нәрсе деп санады, өйткені мемлекеттік өнегешілдердің пікірінше, ол маталар денені суық пен жаңбырдан қорғауға бейімделмеген, әйелдердің денесін жасырудың орнына ашық қалдырған, ондағы біздің ата-бабаларымыздың қарапайым әрі мықты жүн матасын айтсаңшы... және т.с.с.

Палеолит дәуіріндегі адамдарға өсімдік талшықтарынан жасалған маталардың не үшін керек болғанын әлі күнге дейін түсінбей жүрген көптеген тарихшылар да ежелгі гректермен кәдімгідей жан дүниесімен келіседі. Мұндай маталар үйлері жылы, абаттандырылған қоныстардың тұрғындары үшін, күтіп ұсталатын егістіктерде жұмыс істейтін адамдар үшін және әрине, қала тұрғындары үшін әбден қолайлы — бірақ қалыптасқан заңдар бойынша қолына тастан жасалған балта ұстап орман ішінде енекенің соңынан қуу кез келген тікенек немесе бұтақ кесіп тастайтын жұқа кенеп көйлек емес, қалың былғары кигенде әлдеқайда ыңғайлы болар еді.

Осындай жаңалықтар ашылғаннан соң кейінгі палеолит дәуіріндегі өмір салты туралы түсініктерімізді түбірінен қайта қарап, өркениеттің таңы атқан кезді өткен дәуірлердің тереңіне қарай жылжытуымызға тура келетін сияқты.

Бәлкім, жібектің тарихына да бір-екі ондаған мыңжылдық қосылатын шығар. Өйткені егер Дзудзуананың тұрғындары зығыр маталар өздерінің көңілінен әбден шығады деп санаса, онда олардың бастапқы қытайлық замандастарына тұт ағашы мен еменнің көрінген жерде молынан шашылып жатқан жібек құртынан немесе а́тлас көбелегінен ширатуға болатын жіңішке жіпке қатысты осындай қорытындыға келуге не кедергі болды?

Жібек өндірісі. 1843-1847 жж. / Getty

Жібек өндірісі. 1843-1847 жж. / Getty

Жібектің құпиялары

Қытай аңыздарына сүйенсек, пілләдан жіп алуды Қытайдың аңызға айналған алғашқы императоры, барлық қытайлардың арғы бабасы, біздің дәуірімізден 2600 жыл бұрын өмір сүрген Хуан Дидің зайыбы ойлап тапқан екен. Оның зайыбының аты — Си Лин болатын. Бір күні император әйел тұт ағашының астында шай ішіп отырғанда, оның ыстық шай құйылған шыныаяғына сұрықсыз қырықбуынның жексұрын пілләсі түсіп кеткен. Ыстық сұйықтың әсерінен пілләні жабыстырып тұрған желімтек зат еріді де, император әйелдің қолында аса жіңішке салмақсыз жылтыр жіптің орамы қалып қойды.

Императар әйел өзінің барлық қыздарын, немерелері мен шөберелерін жібек өруге үйретті (үш жіп — ең жіңішкесі, жиырма бес жіп — ең жуаны), сол үшін де ол кейіннен Қытайда жібек шаруашылығы мен тоқымашылықтың көктегі қамқоршысы ретінде қастерленетін болды да, Аспан тоқымашысының Оңтүстік-Шығыс Азияда кең тараған кейпімен бірігіп кетті. Өзінің сүйіктісі Бақташыдан айырылған ол жылына бір рет қана тоқыма аспабын тастап, ұшып келетін сауысқандардан қаланатын көпірдің үстінде сүйіктісімен кездесуге асығатын.

(Ал шындық аңызға қарағанда ең аз дегенде мың жылға дәлірек болып шықты — қытайлардың ең ежелгі қабірлерінен табылған жібек киімдердің ең көне қалдықтары біздің дәуірімізге дейінгі төртінші мыңжылдыққа жатады, тіпті шетінеп кеткен нәрестелерді орап жерлеген жібек жаялықтар да табылған).

Еуропада пайда болған тағы бір белгілі аңызда біздің дәуіріміздің 6 ғасырында екі несториан монахтың Қытайда билік орындары қатты қорғаған жібектің пайда болу құпиясын ұрлап, жібек құртының ұрықтарынiГрен — (aр. тұқым). Жібек құртының жұмыртқа салуы. асатаяққа тығып, олжаларын Константинопольге жеткізгені айтылады, бірақ, шыны керек, оларға соншалықты тырыспай-ақ қоюға да болатын еді. Біріншіден, жібек Жапонияда да, Кореяда да, Үндістанда да, Парсы елінде де, Согдиана мен Бактрия сияқты Азия елдерінде де өндірілетін. Екіншіден, жібек шаруашылығының алапат құпияларын Оңтүстік Қытайда ауылдағы бес жастан асқан кез келген қыз бала білетін — тұт ағашын өсіру, жібек құртының дернәсілдерін жасыл жапырақпен қоректендіру және қайнап тұрған суға пісірілген пілләларды тарқату императорлардың қыздарынан бастап балықшылардың қыздарына дейін барлық қытай әйелдері айналысқан іс болды. Қытайда үйдегі тоқымашылықпен айналысатын да әйелдер болатын (ал Үндістанда бұл іс жүзінде түгелдей ер адамдардың шаруасы болған, тіпті әйелдерге «тоқыма тоқу күн көру үшін қажет болған» жағдайларды қоспағанда, оларға мата тоқуға тыйым салған заңдар да болған). Бірақ, әрине, қытайларда ол кезде сол жібекті өңдеудің, тоқудың, бояудың және тазалаудың ең жетілген технологиялары болды, халықтан шикі жібекті қабылдап, керемет қанық ою-өрнегі мен бояуы бар толып жатқан бірегей күрделі маталар жасап шығаратын қомақты өндірістер болды (онда тоқымашы еркектер жұмыс істеді).

«Біздің басты шаруамыз жібек құрттары болмақ, себебі олар біз сатпақ болып отырған тұт ағашының жапырақтарымен қоректенеді ғой».

Оноре де Бальзак «Екі жас келіншектің естеліктері»

Бұл жерде Қытаймен ұзақ уақыт бойы ешкімнің де теңесе алмағаны рас, ал бірақ мұндай технологияларды асатаяққа тығып әкете алмайсың, сондықтан византиялық жібек әлі де көп уақыт бойы қытай жібегімен толық бәсекелесе алмады, оның үстіне 19 ғасырда да «тура Қытайдың өзінен келген нағыз қытай жібегінің» бір метрі жүз франк, Үндістаннан келген жібектің бір метрі 15–20 франк болатын, ал Париждің мануфактураларында жасалған ең жақсы жібек файы жеті-сегіз франкқа сатылатын. Мыңдаған жылдарға созылған шеберліктен тіпті жаңа станоктардың көмегімен де асып түсу өте қиын еді.

Бірақ, айта кету керек, дәл сол 19 ғасырда, Жаңғыртуi1814-1830 жылдары Франциядағы Бурбондардың билікке қайта оралуы. заманында майораттыiҮлкен ұлдың мұрагерлік жүйесі. таратып, барлық балаларға жынысына қарамастан бірдей мұра қалдыруды талап ететін Наполеон кодексі қатты бөлшектеп тастаған Франциядағы толып жатқан ежелгі жер иеліктерінің көлемі қатты азайып, оларды тұт ағашының тоғайлары басып кетті — басқа бірде-бір дақыл тұт ағашы сияқты пайда әкелмейтін, ал оған деген сұранысты елдің жаңадан құрылып жатқан жібек мануфактуралары арттыра түсті.

Тұт ағашының жапырақтарын жинау және жібеккөбелектері жемдеу. 17 ғасыр гравюрасы / Alamy

Тұт ағашының жапырақтарын жинау және жібеккөбелектері жемдеу. 17 ғасыр гравюрасы / Alamy

Жібектің бағасы

Жібектің бір данасы мен күріштің бір өлшемі — Ежелгі Жапонияның негізгі ақша бірліктері болды, Қытайда арзан қола шақалардың ауыр байламдарымен бағалау үшін тым қымбат тауарлардың ақысын күміспен және алтынмен қатар сапасы әртүрлі жібекпен де төлейтін. Әрине, мемлекет (ол күшті болған кезде) жібек өндірісін, оның сатылымын, тіпті пайдаланылуын да өте қатаң бақылады. Қытайда да, Жапонияда да халықтың төмен топтарының өкілдеріне жібектен киім киюге тыйым салынды, ал жоғары топтарының сыртқы түрі киімінің пішімі мен матасының қымбаттығы жағынан өзгешеленді. Хэйан дәуіріндегі Жапонияда (8–11 ғасыр), айталық, ою-өрнекпен кестеленген жібекті тек бесінші және одан жоғары дәрежедегі адамдардың ғана киюіне рұқсат етілетін, ал түрлі түсті жібекті киюге тек алтыншы және одан жоғары дәрежедегі адамдарға ғана рұқсат етілді. Қарапайым адамдар туралы айтатын болсақ, олар жібек киімді ерекше жағдайларда ғана кие алатын. «Тек мереке күндері ғана оларға нағыз куродо сияқты сары түспен құлпырған ашық жасыл түсті киім киюге рұқсат етіледі. О, егер бұл киімді ешқашан шешпеуге болғанда ғой! Бірақ, бір өкініштісі, ою-өрнекпен безендірілмеген мата жұпыны әрі сұрықсыз болып көрінеді».iСэй-Сенагон. Записки у изголовья.

Рас, кез келген медальдің кері жағы бар. Қарапайым адамдар кендірден тоқылған дөрекі кенеп немесе мақта күртеше киіп жүруі керек болса да, бекзат адамдарға да жібектен басқа ештеңені киюге рұқсат етілмейтін. Ал біздің дәуіріміздің 8–10 ғасырында Жапониядағы ауа райының өте суық болғанын ескерсек, неліктен сол дәуірдің ақсүйектерінің киімі — бірінің үстінен екіншісіне киілген 10–12 көйлектен тұрғанын түсінуге болады, бірақ тіпті мақтамен (тек жібек!) астарланған көйлектер де асыл текті иелерін түнгі суықтан мардымсыз қорғайтын — жібек жылуды өте нашар сақтайды, ол — ыстық ауа райына арналған, ауа өткізетін материал. Егер Хэйан заманындағы ерлер қалай болса да қимылдау мүмкіндігінің арқасында аман қалса, ал үйден шықпайтын ақсүйек әйелдер өздерінің қағаз сарайларындағы қызуы әлсіз шоқ сауыттарының айналасында жібек көрпелердің астында бүрісіп, әрине, өкпесінің созылмалы қабынуынан және суық тигеннен болатын басқа да толып жатқан аурулардан емес, нәзік сезімдері мен әсерленгіш жандарының себебінен болған «көкірек ауруынан» жаппай өліп жатты.

Қытайда қарапайым ауқатты адамдар жібек халаттарын үйде, отбасы мүшелерінің алдында ғана киетін, себебі көшеде өз дәрежесіне сай емес киім кию көптеген дәуірлерде аса қатал жазаланатын. Бұл бір оғаштау жайт болатын — бай саудагер жібек қалқаларының ар жағында жібек жастықтарда отырып, жібекпен қапталған шамдардың жарығында қағазға жазу жазып отыра алатын, бірақ ауладан шығу үшін ол өзінің қоғамдағы орнына лайықты кенеп киімді киюі керек еді.

Солдаттардың ақысы мезгіл-мезгіл жібектің орамдарымен төленетін, шенеуніктердің жалақысын төлеудің әдеттегі түрі жібек болатын. Империяның қаржылық жағдайы үшін қытайлардың жібекті тұтынуын жасанды түрде қысқартудың маңызы зор еді — жібек мыңдаған жылдар бойы елдің қазынасын молынан толтырып келген негізгі экспорттық тауар болатын. Батыстық варварлар шай мен дәмдеуіштердің дәмін татып көрмес бұрын, фарфорды ұната бастамас бұрын жібек қамқаның әсемдігі мен жібек шілтердің жұқалығына тәнті болып, атласты жақсы көріп, тығыз шағидың артықшылығын жоғары бағалады. Қытайдың мазасын кетірген «солтүстіктегі жабайы тайпалардан» императорлар негізінен жібек тиелген арбалардан тұратын «сыйларды» беріп құтылғанды жөн көрді. Бұл Қытай әскерінің көшпенділерге тойтарыс бере алмайтындығынан емес — әншейін сарай әкімшілігі есеп-қисапты жақсы білетін, егер ондай алым-салық осал жерлерде қажетті әскерді ұстағаннан гөрі он есе арзанға түсетін болса, онда жабайылардың өздері-ақ бәсекелестерін несібе алатын жеріне жақындатпау мақсатында империя шегарасын күзетуі үшін алым-салықты төлеу әлдеқайда ақылға қонымды болады деп пайымдады.11Айта кетейік, мұндай саясат кейде ауыртпалықтарға да, мысалы, 8 ғасырда жабайылардың әскери басшыларының бірі — Аня-Лушаньның Қытайдың бірнеше провинциясын қанға бөктірген көтерілісіне әкелді.

«Міне, сириялықтардың киімі, егер оны киім деп атауға болса: мұнда денені немесе ұяттылықты қорғай алатын ештеңе де жоқ. Бұл киім-кешекті біздің бәйбішелеріміз жатын бөлмелерінде қалай жүрсе, жұрттың алдында сондай кейіпте жүрсін деп, ешкім біле қоймайтын халықтар орасан зор ақшаға сатуға әкеледі».

Сенека «Игілікті іс туралы», 7-кітап

Біздің дәуірімізге дейінгі 1 ғасырдың өзінде-ақ жібек жаппай Римге әкеліне бастады да, бір кездері гректер мысыр зығырын қалай сөксе, енді СенекаданiЛуций Анней Сенека (б.з.б. 5 жылы – б. з. 65) – римдік философ. бастап Рим авторлары да дәл сондай кемшіліктері үшін жібекті жерден алып жерге салды — ыңғайлы емес, сән-салтанатқа бойыңды үйретеді, даңққұмарлықты қоздырады, әйелдерді киіндіргеннен гөрі жалаңаштайды, оның үстіне Римнің алтын қорларын да жұтатады, өйткені ол кезде қытайлар Рим тауарларына қызықпайтын, осы дөрекі жабайылардың қолөнер бұйымдарының бәрінен қымбат бағалы ауыр металды артық көретін.

Ежелгі Қытайда жібек өндірісі. 1843-1847 жж. / Alamy

Ежелгі Қытайда жібек өндірісі. 1843-1847 жж. / Alamy

Ұлы жол

Азия мен Таяу Шығысты байланыстырған, Мысырға дейін жеткен Жібек жолы біздің дәуірімізге дейінгі 3 ғасырда қалыптасты, екі ғасыр өткен соң ол Еуропаға да жетіп, екі мың жыл бойы тек жай ғана жол болып қалған жоқ. Бұл өркениетті, білім мен технологияларды ең жабайы түкпірлерге әкелетін, шөлдердің қақ ортасында керемет полистер тұрғызатын, тілдер мен халықтарды араластыратын және адамзатты ең болмағанда бір қырынан болса да алғаш рет біртұтас ететін нағыз мәдени дәнекерлік дариясы болды.

Николас Хиллиард. Англия патшайымы I Елизавета. 1599 ж. Фрагмент / Wikimedia Commons

Николас Хиллиард. Англия патшайымы I Елизавета. 1599 ж. Фрагмент / Wikimedia Commons

Біз бұл дарияның адамға тигізген әсерін әлі де дұрыстап түсініп, бағалай алмаймыз — тым ауқымды құбылыстарды ой елегінен өткізу де, бағасын түсіну де қиын және де бұл жол тек бір ғана жібектің арқасында пайда болды — қайталап айтайық, басқа бірде-бір тауар ұзақ уақыт бойы дәл осындай сұранысқа ие, тасымалдауға соншалықты ыңғайлы — жеңіл, қымбат бағалы, қалаулы бола алмаған. Басқалардың бәрі — мақта, бояуыштар, кітаптар, әсем және онша әсем емес еріксіз бикештер, араб сәйгүліктері, бұлғын терісі, астролябиялар, толедо болаты, бұрыш және шегелер — тек жібекке қосымша, үстеме тауар ретінде тасымалданды. Батысқа — жібек, Шығысқа — алтын, кейде күміс жеткізілді. Мысыр, Испания, Силезия, Дания, Карпат, Саксония, Молдавия және т.б. елдердің кеніштері Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қымбат металдарға кедей елдерді алтын-күміске толтырды. Толыққанды ақша жүйесін құру үшін бұл өңірлерде бұрыннан белгілі үнді алтыны жетіспейтін, ал үнділер Қытайдан келетін тауарларға мүдделі болған жоқ, қайталап айтайық, жібек олардың өздерінде болатын. Ал батыстан келген алтын көне империяның заттай айырбасқа негізделген дерлік өз экономикасын тауар-ақша өндірісіне айналдыруына көмектесті. Ақыр соңында әлемнің осы бөлігінде ғасырлар бойы жиналған алтын қорлар Батысты жаулап алушыларды шығыстың қазынасымен еліктіретін ертегіге айналды да, Ост-Үнді науқанында байыған көптеген ағылшын джентльмендері өздеріне Ағылшын банкі жіберетін гинейлердің бір кездері Римнің әдемі Юниялары және Бизантиумның Феодоралары өздерінің ауадай жеңіл және күн сәулесіндей жарқыраған матадан тігілген керемет киімдері үшін төлеген шақалар болғанын білгенде әбден таңғалар еді.