СУ ӘМІРШІЛЕРІ

Екінің бірі жүрегі дауаламайтын ежелгі кәсіп тарихы

~ 8 мин оқу

Дмитрий Багаев. Жаз мезігіленде ауылға су жеткізу. Павлодар облысы, 1920 жыл / ҚРОМКФДЖА

Құдықшы, құдық қазушы — қазақ өмірінде маңызды рөл атқарған кәсіп иесі. Тіпті тарихи тұрғыдан ауыз судың қиындығын тартып келген Маңғыстау облысы, Ақтауда, 2023 жылы құдықшыларға арналған ескерткіш орнатылды. Qalam-ға этнограф Тәттігүл Қартаева қазақ құдықшылық өнерінің ерекшелігі, жерасты су көзін жазбай танитын адамдардың тылсымға толы қасиеті және әлі күнге дейін Қазақстан аумағында сан түрлі үлгісі кездесетін тарихи мұра туралы айтып берді. 

Мазмұны

Дала құтқарушылары

Аңқасы кепкен шөл далада жерасты су көздерін табу, оны халықтың қажетіне жарату өлім мен өмір арпалысы іспетті еді. Ал тіршілік нәрі — мол су көзін дөп таба білетін әрі құдық қазуды кәсіп еткен адамды ежелден «құдықшы» дейтін.

Телекей көлінің түбіндегі №132 құдық / ҚРОМКФДЖА

Бірақ көшпенділер тұрмысында екінің бірі «құдықшы» атана бермеген. Қолының қаруы бар, шаруақор, еңбекқор жігіттердің ғана оған жүрегі дауалайтын. Суы таяздан, не тереңнен шықса да, құдықты бірнеше адам бірігіп қазатын. Өйткені оның балшығын шығаруға, кейін шегендеуге керекті материалын дайындауға көмекшілер қажет. Мысалы, Нарын құмдарында су таяздан шыққанымен тал шеген үшін алдын ала бірнеше құлашқа тең келетін тал бұрау әзірленетін. Сосын оны бұрап құдыққа салу үшін екі жігіт түсетін, ал сырттағы бұрауды екі жігіт беріп тұрған. Ең маңыздысы, құдық қазудың жөн-жосығын, әдісін білетін қария оларға басшылық жасап, қадағалап тұратын.

Атақты поляк жазушы әрі суретші Бронислав Залесскийдің 19-ғасырдың ортасында Қазақ даласында айдауда жүріп салған «Қазақ даласының өмірі»iтүпнұсқа атауы – «Қырғыз даласының өмірі» деген альбомында құдықтар туралы бірнеше жазбасы бар. Онда жазушы көрген-білгенін, шеті мен шегі көрінбейтін шөлейт аймақта ауызсудың маңызын егжей-тегжей суреттеп, жер түбінен су шығара алатындарды тамсана сипаттаған:

«Күн қақтап қаңсып жатқан, адам аяғы баспаған, шоқылары бір-бірінен аумайтын далада құдық деген арагідік бір жолығады. Ал жолаушы бағытынан тайып кетсе, сусыз ен далада неше күн сандалып жүріп қалуы мүмкін.

Жолбасшысыз аттап басу тіпті мүмкін емес. Қазақтар даласының әр тасын таниды, түнде жұлдызға қарап жол табады. Сондықтан бөтен адам жергілікті жолбасшылардың көмегіне жүгінеді, солардың бойынан олар, ең алдымен, сол елдің мінезі мен қылығының үлгісін көреді. Жолбасшының міндеті де сол — жолаушыларға су тауып беру, жылқысы мен түйесін отқа қоятын жайылым табу, ең қысқа жолды таңдау, сондай-ақ жолаушыға ас-ауқат беру, тек ол азығы көбіне қой етінен аспайды».

Су көзін қалай тапқан?

Дәстүрлі ортада тұщы судың қай жерден шығатынын бес саусағындай білетін, мол жерасты су көзін жазбай танитын, халықтың ғасырлар бойғы тәжірибесін бойына жиған айрықша білімі бар құдықшыны ел арасында «көзі қарақты» деп атайтын. Ондай кісілер басқалар байқамайтын, жер астынан көтеріліп жататын буды да көре алған.

Су көзін дәл табудың ескіден келе жатқан тәсілі өте көп. Соның көне бір әдісі — аттылы адамның немесе үйірлі жылқының шабысына ілесе жүгіріп өтіп, жер бауырлап жатып, жерге құлағын тосып тыңдау, яғни дүрсілдетіп өткен жерден осы әдіс арқылы су көзі бар-жоғын білген.

Дмитрий Багаев. Құдықтан осындай былғары шелекпен су тартқан. Павлодар облысы, 1917 жыл / ҚРОМКФДЖА

Көзі қарақты құдықшылар «кеуек» атты жерасты су жолынан өтетін су дүбірін сезетін болған. Суы тереңнен шығатын Үстірт жазығында бұл жиі қолданылған. Тағы бірінде сүймен лақтырып, сол қадалған жерден су іздейтін.

Шыңырау қазатын жерде судың бар-жоғына көз жеткізу үшін сол жерде өсетін шөп тамырын тістеп, шайнап көретін де әдіс бар. Тамыр астынан алған топырақты қолымен қатты ысқылап, сосын барып иіскейді. Бұл көзі қарақты құдықшылардың су қабатының иісін сезудегі айрықша қасиеттерінің бірі саналатын.

Қазақ даласындағы құдықтар: қола дәуірден Құнанбайға дейін

Археологиялық зерттеулерге сәйкес, қазіргі Қазақстан аумағындағы құдықшылық кәсіп, құдық қазу әдісі тым әріден, қола дәуіріненiшамамен б.з.б. 3300–1200 басталған. Мәселен, Ақтөбе облысындағы Ор өзенінің оң жақ бетіндегі Тастыбұлақ-1 қонысынан сол кезеңге тура келетін алғашқы құдықтар табылған.

Бұл қазақ даласындағы құдық қазу өнерінің тамыры тереңде жатқанын айғақтайды. Тіпті мыңдаған жылдар бұрын құдықшылар жерасты су көзін тауып қана қоймай, опырылып құлап қалмай, көп уақыт бойы су алып тұруға жарамды болуын шебер ойластырған. Мұны біз құдық ішінің диаметрі 4–5 см болатын сексеуіл шыбықтарымен шегенделгенінен көре аламыз. Әрі шеген арасы шөппен нығыздалып, толтырылған. Бұл құдықтың беріктігін арттырып, табиғи сүзгі міндетін де атқарады.

Дмитрий Багаев. Жаз мезгілінде ауылға су жеткізу. Павлодар облысы, 1920 жыл / ҚРОМКФДЖА

Қола дәуірінде климат қазіргіден ыстық болғандықтан құдықтар терең, ернеуі кең келетін. Содан болар, Шағалалы құдықтарының тереңдігі 2,8 метрге дейін жеткен.

Қазақ жеріндегі құдықшылық өнерінің керемет көрінісі — 14-ғасырға тиесілі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің құдығы. Әмір Темір әмірімен тұрғызылған қыш құдық Сырдария аңғарындағы цилиндр түріндегі ең көне үлгі саналады. Кесене құдығынан бұрын екі құдық қазылып, оны кесенені көтеруге пайдаланған, осылайша сәулетші-құрылысшыларды сумен қамтамасыз еткен. Қазіргі таңда бір құдығы қайта қалпына келтіріліп, «Құдықхана» деген атаумен музей экспозициясының бір бөлшегіне айналды.

Арыстан баб кесенесінің құдығы — қыш шегеннің бір үлгісі. Бұл құдық та кесенеден бұрын қазылған, соның суымен кесене тұрғызылған. Құдықтың тереңдігі 14 метрге жетеді, әрі суының тұздылығы жоғары.

Арыстан баб кесенесіндегі құдық (қалпына келтірілген) / Тәттігүл Қартаева

Ортағасырлық қыш құдықтарда құдық түбін тазалауға қажетті аяқ салатын текпішектер болған. Текпішектер көлденең қыш қабаттарының арасынан бір қышты тігінен салып өріп кету арқылы салынған. Әдетте, текпішектер диаметрі тар құдықтарға тән келеді. Мұндай құдықтар өркениеті дамыған ортағасырлық Азия халықтарында көп кездескен. Құдықты қышпен шегендеу Бұқара қазақтарының арасында да кеңінен тараған. Олар салған қыш шегенінің диаметрі 1,20–1,5 м болған.

Бөкей Ордасының билеушісі Жәңгiр хан Нарын құмдарында құдықтар жүйесiн қаздыртып, ел мен малды сумен қамтамасыз етудi қолға алған. Жәңгір ханның құдықтары жайында Ордаға келген зерттеушілер мен саяхатшылар жан-жақты хатқа түсіріп кеткен. Модест Киттары «Ставка Хана Внутренней Киргизской Орды» деген еңбегінде сол құдықтардан шыққан судың дәмін қайнар суына теңесе, Илья Казанцев «Описание Киргиз-Кайсак» атты жазбасында құдық суының таза, мөлдір екенін айтады. Әдетте хан құдығының үстінен үлкен шатыр құрылатын. Мұның бәрі сол кезеңде-ақ күрделі құрылыс ісін, әрі гидротехникалық білімді жақсы игергенін көрсетеді. Өкінішке қарай, 19-ғасырдың соңына дейін халықтың қажетіне жараған құдықты кейін көміп тастаған. 2019 жылы хан құдығы қайта қалпына келтіріліп, жаңа заманда мәні мен маңызы тағы бір арта түсті.

Құнанбай құдығы / Тәттігүл Қартаева

Қазақ даласындағы белгілі құдықтың бірі — халық арасында «Құнанбай құдығы» аталып кеткен құдықты Құнанбай 1840 жылы Жидебайға қыстау салғанда қаздырған. Кейінгі жылдары қар қалың түсіп, көктемде құдық орны жайылған су астында қалған. Келушілердің көруіне қолайлы болу үшін Абайдың 150 жылдығында, яғни 1995 жылы Құнанбай құдығының көшірме нұсқасы жасалды. Сөйтіп, құдық түбі жергілікті таспен шегенделіп, құдықтың ауыз ернеуі замануи үлгіде көтеріліп, «Құнанбай құдығы» деген белгі қойылды.

Дәстүрлі құдық түрлері

Құдықтар пайдаға жарайтын мерзіміне қарай тұрақты, уақытша, ал қабырғасын бекіту, бекітпеуіне байланысты шегенделген, шегенделмеген деп бөлінеді.

Тұрақты құдықтар көш, керуен жолдарында, қоныстарда қазылады. Ондай құдықтардың тереңдігі кейде 10 метрден асып кетеді. Бұлардың қай түрі болмасын, қабырғасы шегенделгендіктен оны ұзақ жылдар бойы қолданады. Әдетте қабырғасы шөппен немесе таспен шегенделеді.

Қыш құдық. Қазалы, 19-ғасырдың соңы / Тәттігүл Қартаева

Уақытша құдықтар мерзімдік қоныстарда ғана қазылатындықтан, таяз келеді, тіпті қажет болмаған жағдайда көміп тастайды. Оған негізінде таңқы, айбарқұдық, қарқұдық, құмқұдық, мұз суаттар жататын. Қазір қазақ жерінде бұл құдық түрі түбегейлі қолданыстан шыққан.

Құдықты шегендеуге түрлі материал пайдаланатындықтан оларды тас құдық, тал құдық, дүзген құдық, көкбұта құдық, сексеуіл құдық, жыңғыл құдық, қыш құдық деп бөлуге болады. Суының дәміне орай ақсу, тұщы, алғау, алғаулы, ащы, ащылау, кермек, бал, сүтті деп аталса, суының мол немесе аздығына байланысты ақшелек, сүтті, сулы, қаракөз, көзді, ақпа деп айтыла береді. Суы тартылған құдықты ежелден «құр құдық» деп атаған.

Құдықтардың қай түрі болмасын, құрылымы өте күрделі келеді. Тек таспен шегенделген құдықтың өзінің бірнеше үлгісі бар. Мысалы, Маңғыстау, Доңызтау, Солтүстік Үстірт үстінде, Арал ауданының, Абай облысы, Шығыс Қазақстан, Моңғолия Алтайы тасты аймағындағы құдықтың жер қабатына қарай тек таспен шегенделген түрі кездеседі. Маңғыстау, Арал, Доңызтау мен Солтүстік Үстірт үстінде — таяз тас құдықтар, ал Оңтүстік Үстіртте терең тас құдықтар — шыңыраулар қазылған.

Маңғыстау түбегіндегі құдықтарды Залесский былай деп сипаттаған:

«Маңғышлақтың бетіндегі әктас қабатын Новопетровск бекінісініңiқазір Форт-Шевченко қаласы төңірегіндегі біраз тұста жартасқа жапсарлас жыралар айғыздаған. Сол жартастардың жарықтарынан селдір шөп-бұта қылтияды. Шопандар отарын сол маңға жаяды: әктастан қашалған науалы құдықтардан малын суарады, оған қоса көлеңкені паналай тұруға да болады».

Атақты құдықшылар

Қазақтың құдықшылық өнерінде жер қойнауындағы сан түрлі құбылысты сезетін «қасиет» қонған адамды ерекше қадірлейтін. Әрі ондай кісілерді әр аймақтан жолықтыруға болатын. Мысалы, ертеде Байболат есімді Сыр қазағының бойына ерекше қасиет дарығаны соншалық, қырға көшіп бара жатқан жолда (Сыр қазақтары Арқа жақты қыр деген) жер көзінен шығып тұрған буды көріп қалады. Ол бірден сол жерден құдық қаздырып, әлгі құдық суы мол, жүргіншілер тоқтайтын Байболат құдығына, Байболат суатына айналады. Аты шулы табын Бұқарбай батыр кейін Байболат құдығының маңынан бірнеше рет құдық қаздырса да, су шықпаған деседі.

Дмитрий Багаев. Жаз мезгілінде ауылға су жеткізу. Павлодар облысы, 1930 жыл / ҚРОМКФДЖА

Қарақұмда Дүйіспай және Тамен есімді ағайынды екі жігіт құмнан құдық қазып, шеген салудың шебері болған. Дүйіспай мен Тамен өмірден өткенде халық басына шикі кірпіштен там (мола) тұрғызыпты. Қазіргі кезде Дүйіспай, Тамен тамдары сәулет өнері ескерткіштері есебінде жергілікті тарихи-мәдени мұралар тізіміне енген.

130 жылқыға қазылған құдық

Маңғыстау өңірінде аты аңызға айналған Бейнеубай Құлшарұлы (1864–1941) деген құдықшы өткен. Ол құдық қазу, шегендеуден бөлек әулие-ғұлама Таймас ишаннан білім алған. Бейнеубай білегі қарулы құдықшы ғана емес, оның жерасты су көзін қапысыз танитын «көзділік», әрі сәуегейлік айтатын көріпкелдік қасиеті болған екен.

Бірде Қосай-Тіней руынан шыққан Жұбан деген бай керуен жолынан және ел көшіп-қонатын жолының бойынан, Қоңырой деген жерге, Бейнеубайды шақыртып, шыңырау қазуды тапсырады. Бейнеубай бұл жерде су өте тереңнен шығатынын ескеріп, үш есе құнға, яғни бір шыңыраудың бағасына келіскен деседі. Қоңыройға Бейнеубай он жасар баласымен келген. Таңертең баласын ерте шығып кетіп, «құдық қазатын жерді көріп келдім» дейді. Бейнеубайдың аттың құйрығына тас байлап жүріп өтетін әдісі болған, сөйтіп, баласы көрсеткен жерден судың 100 метр тереңдіктен шығатынын байқайды. Осылайша баймен жүз жылқыға келіседі.

Дмитрий Багаев. Жаз мезгілінде ауылға су жеткізу. Павлодар облысы, 1917 жыл / ҚРОМКФДЖА

Тапсырыс бер­ген бай жайлауға көшіп кеткенде Бейнеубай шыңырауды қазып, жұмысын аяқтап, кетіп қалады. Жұбан бай құдық ақысын, яғни келіскен малын алсын дегенде, Бейнеубай: «Бірнеше үйір жылқыны әкеліп шыңыраудан суарыңдар», – депті. Сол жерге мың жылқыны айдап әкеп суарғанда құдық суы арқан бойына да ортаймаған көрінеді. Әбден ырза болған бай үстіне отыз жылқы қосып беріпті. «Ең қымбат 130 жылқыға қазылған құдық осы» дейді жергілікті дерекшілер.

Ишаннан сауат ашып, «көрiпкел», «молда» атанған Бейнеубай 1930 жылдары қудалауға ұшырап, Иранға бас сауғалайды. Сол жақта көз жұмып, Күмiстөбе деген жерде жерленген.

Үзілмейтін дәстүр

Қазір техника мен технология дамыған сайын бұрынғы құдықтарға деген сұраныс азайды. Көптеген дәстүрлі құдық түрлерінің қолданыстан шығуы, көне құдықтарды көміп тастау, этнографиялық мәлімет беретін қариялар қатарының сиреуі бұл тақырыпты кеңінен зерттеуге қолбайлау жасайды. Алайда құдық қазу кәсібі келмеске кетті деп, кесіп-пішіп айтуға келмейді. Өйткені Қазақстандағы мал шаруашылығының негізгі көзі саналатын ауыл-аймақтарда әлі де көзі қарақты құдықшылар қажет. Сонымен қатар ежелгі құдықшылық өнер бүгінге дейін жалғасып, халық игілігіне қолданылып келеді.

Freedom компаниялар тобы Ақтау қаласында орнатқан «Құдықшылар» архитектуралық мүсіні / Freedom group

Дәлел ретінде Батыс Қазақстан облысының Хан Ордасы ауылында ағаш тақтаймен сұрыптау және талмен өретін, Батыс Қазақстанның Жаңақала ауданының Ниязбек елді мекеніндегі жыңғылмен тоқитын, Қызылорда облысының Арал ауданының Қарақұм, Тоқабай, Шижаға, Сазды, Тапа сияқты құмды ауылдарында дүзген, көкбұта, көкқасқа және шағырмен, Аралдың Жалаңаш (бұрынғы Бірлестік), Ақирек елді мекенінде таспен шегендейтін әдіс күні бүгінгі дейін үзілмей, жалғасып жатқанын айтуға болады. Ал Маңғыстау өңіріндегі суы сарқылмаған ортағасырлық тас құдықтар мен Шығыс Қазақстандағы әлі де пайдаға жарайтын тас құдықтар тарихи дәуірден хабар береді.

Өткеннің белгісіндей бүгінге жеткен құдықтарды халықтың баға жетпес мұрасы, тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлшегі деп айта аламыз. Сол құдықшылық өнерін кәсіп адамдар қай кезде болмасын, алтыннан да жоғары бағаланатын.

Тәттігүл Қартаева

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді