ЖАПОНИЯНЫҢ ЕҢ КӨНЕ ДӘСТҮРІ

Сумоның қатаң иерархиясы мен қатыгез тәртібі

ЖАПОНИЯНЫҢ ЕҢ КӨНЕ ДӘСТҮРІ

Утагава Кунисада. Турнирде болған сумо балуандарының жекпе-жегі. 1858 жыл/Wikimedia Commons

Бір қызығы, сумо тарихында ұлы палуандардың бір сыпырасы украиндер немесе моңғолдар арасынан шыққан. Олардың ішінде тіпті, гавайлықтар мен грузиндер де бар. Бәлкім, бір күні ежелгі спорттың тарихында қазақтың да есімі жазылатын шығар.

Мазмұны

Жапонияда 19 ғасырдың аяғынан бері әйгілі The Japan Times газеті ағылшын тілінде хабар таратып келеді. Осы газеттің 2015 жылғы 29 қаңтардағы санында «Хакухо сумодағы моңғол шапқыншылығын бастады»i “Hakuho leads sumo's Mongolian invasion.” The Japan Times (29 January 2015)деген әрі қисынсыз әрі сондай сұрқай тақырыпта мақала жарияланғаны бар. Мұндағы Хакухо деген — моңғол текті сумо балуанының есімі. Сол кезде 29 жастағы балуан сумоның ёкодзуна деген ең жоғарғы дәрежесін алғанына жеті жылдан асып кеткен. Сумо тарихына үңілсек, осы дәрежені иеленген 73 балуан ғана бар. 2015 жылы жаңа жылдық турнирде Хакухоның бірде-бір рет жауырыны жерге тимеді.

The Japan Times газеті қара аспанды төндіре жазған «Моңғол шапқыншылығы» деген сөзді де нақтылай кетейік. Бұл кейінгі 750 жылдағы жапон патриотизмінің идеологиялық тақырыптарының ішіндегі ең өзектісі болса керек. Біз 13 ғасырдағы моңғол әскерінің сәтсіз біткен теңіз жорығы туралы айтып отырмыз. Жапондардың сол жорықтың жолын кесуге құдайдың желі жәрдем берді деген, яғни моңғол армадасын екі рет суға батырған осы камикадзе (жапон тілінде «құдай желі» деген сөз) деген дәстүрлі сенімі бар. Біз камикадзе туралы Екінші дүниежүзілік соғыстағы жапон пәрменімен 13 ғасырдағы «құдайдың желіндей» жүйткіп келіп, жау шебін бұзған жанкешті ұшқыштардың ерлігі арқылы білеміз.

Жапондық сумо балуандарының жекпе-жегі / Getty Images

Жапондық сумо балуандарының жекпе-жегі / Getty Images

Жапондар ықылым заманғы суреттерге сүйене отырып, сумо сияқты күрес түрлері Жапонияда әуелден болған дейді. Сумо туралы ең алғаш жазба 1300 жылдан астам уақыт бұрын жазылған. Айта кетейік, бұрын сумо балуандары дуэльдегідей өлгенше күресетін, бірақ уақыт өте келе ережелері өзгеріп, адамгершілік сипат алды, десек те қазірдің өзінде палуандар дохё (сумо алаңы) үстінде жан тапсырып жатады. Сумо палуандары еуропалық стандарттар бойынша айтарлықтай сұлу көрінеді. Бұл көркемдік тек жалаңаш алып денеге қатысты емес. Олар шашын чонмаге үлгісінде жылтыратып, жылмита жинап алады немесе сәнді етіп өріп қояды. Шын мәнінде, бұрымша мен айрықша шаш үлгісі — бұл ежелгі самурайлардың атрибуты, сондықтан олар өліммен бетпе-бет келуден қорықпайды. Сумо балуанының жапонша атауы (рикиши) «күш» және «самурай» деген екі иероглифпен жазылады.

Кәсіби сумо турнирлері 1684 жылы өткізіле бастады, барлық турнирлердің нәтижесі 1757 жылдан бастап, яғни кейінгі 270 жылдай уақыт ішінде хатқа түсіп, осы уақыт ішінде Ұлы Тайходан өзге ешкім бұрын-соңды осынша көп турнирдің жеңімпазы атанбаған. Тайхоның 32 турнирдегі жеңісі мәңгілік рекордтай көрінді. Алайда содан кейін Хакухо 33 рет жеңіске жетіп, «мәңгілік рекордты» жаңартты. Негізі, Жапонияда 33 саны қандай да бір себептермен, әсіресе әйелдер үшін сәтсіз саналады, өйткені жапон тілінің фонетикасы бойынша бұл «бақытсыздық» деген сөзге ұқсайды.

Ұлы һәм ең сымбатты Тайхо

Таңғалмасқа болмайды, тегі бөтен балуан Хакухо ғана емес, Ұлы Тайхоның да әкесі украин ұлтынан. 1905 жылғы орыс-жапон соғысы нәтижесінде Жапон империясының құрамына кіріп, Карафуто префектурасы аталып кеткен Оңтүстік Сахалин 1945 жылғы тамызда Кеңес жауынгерлері мен Жапон әскерінің арасындағы екі аптаға созылған шайқастан соң толықтай Кеңес Одағына өтті. Осы уақытта жергілікті жапон халқы, ең алдымен Солтүстік Хоккайдо аралына үдере көше бастады. Эвакуацияланған 100 000-ға жуық адамның ішінде жапон әйелі мен Харьковтан шыққан бес жасар украин ұлы Иван Борышко да болды. Оның ақ гвардияшы және большевиктерге қарсы соғыс қимылдарына қатысқан әкесін Кеңес әскері қамауға алды. Содан бері ол әкесінің өмірінен бейхабар, дегенмен Иван есейіп ес білгенше әкесін іздеуін тоқтатқан емес. Сол кезде, 1945 жылы Иван он бес жылдан кейін сумоның жоғарғы дивизионындағы алғашқы турнирінде жеңіске жетіп, күллі Жапония оны «Ұлы феникс Тайхо» iiФеникс — кең таралған аударма. Балықтан алып құсқа айналған мифтік құстың дұрыс атауы — Пэн.деп атап кетерін білген жоқ.

Ёкодзуна, сумо чемпионы Тайхо Осакада өткен көктемгі турнирде, Жапония. 1964 жыл / The Asahi Shimbun via Getty Images

Ёкодзуна, сумо чемпионы Тайхо Осакада өткен көктемгі турнирде, Жапония. 1964 жыл / The Asahi Shimbun via Getty Images

«Ұлы феникс» соғыстан кейінгі дәуірдегі рухы жығылған жапондарға дем берген, керемет сумо стилінің жақтаушысы ғана емес, сонымен бірге өте ашық адам екенін көрсетті. Ол сол аралықта Кеңес Одағына сапар шегіп, әкесін іздеуге тырысты, баспасөзбен байланысты, өзінің салтанатты үйлену тойында журналистерге пресс-тур өткізді. Ал бұл консервативті сумоистердің жабық та жеке өмір салты үшін осы уақытқа дейін мүмкін емес еді. Бірақ кейінірек қалыпты жағдайға айналады. Ол дохёның сыртында мейірімді, жайсаң адам ретінде танылды және сумо палуандарының самурайлық моралына қайшы келсе де, өзінің қатал қарсыласы ёкодзуно Кашивадомен дос болды. Ол Хакухоны да жақын тартып, әрқашан ақыл-кеңесін айтып отырды.

Достық — біздің басты ұран!

2000 жылғы наурызда Миягино сумо мектебіне (жапонша хея немесе бея) 16 жасар моңғол баласы Эрхэм-Очирын Санчирболдты алып келді. Ол бала кезінде ауыр атлетикамен айналысқан шымыр денелі еді. Сумо скауттары баланың жарқын болашағы бар деп үміт артты, бірақ баланың өзі сумо балуаны болғысы келмеген. Оның айтуынша, ұшаққа отырып көргісі келгендіктен Жапонияға көшуге келіскен екен. Ол жапон тілін білмеді, оны бәрі басынып алды, ұрып-соқты, ал моңғол бала не үшін таяқ жеп жатқанын да түсінбейтін, сондықтан оның жаны күйзеліп, қысымға шыдамай, мектептен қашып кетуді ойлады. Оған дейін сумоға келген алғашқы моңғол да мектептен қашып, Токиодағы Моңғолия елшілігінен пана іздеген. Бөтен баланың көңілін тауып, мектепке қайтуға көндірген жаттықтырушының жұбайы екен. Бірақ бұл оқиғаның басы ғана.

Хакухо Сё сумо турнирінде жеңіске жеткеннен кейін кубокты алды. 2014 жыл/The Asahi Shimbun via Getty Images

Хакухо Сё сумо турнирінде жеңіске жеткеннен кейін кубокты алды. 2014 жыл/The Asahi Shimbun via Getty Images

Сонымен құса болған Санчирболдқа өз Отанына деген сағынышын басу үшін жапон жерінен моңғол ұлтының адамын іздейді. Сөйтіп, жапон тілін үйренгенше әйтеуір біреумен өз тілінде сөйлесе тұрсын деп, өзге мектептер салмағы жеңіл деп қабылдамай қойған 15 жасар баланы мектепке қабылдайды. Олар тез достасып, бір жүріп, бәрін бірге көреді, тіпті басында бір төсекте ұйықтап та жүрді, ал оны көрген үлкендері мазақ қылатын-ды. Томаға-тұйық жас баланың есімі Мөнхбатын Даваажаргал еді. Бірақ кәсіби бүркеншік есімді таңдауға келгенде, ол Тайхоның шиконасынанiiШикона — сумо балуанының кәсіби бүркеншік аты шабыттанып, Хакухо деген есімді алды. Ал Хакухо жапон тілінде «Ақ феникс» деген мағынаны білдіреді.

Санчирболдтың өзі (лақап аты Рюо), өкінішке қарай, сумода мансап жолын қуған жоқ. Ол жоғарғы дивизионға дейін жетті, бірақ мойыны сынып және өзге де түрлі жарақат алғаннан кейін сумомен айналысуға шамасы келмеді. Бірақ ол ресторатор және менеджер ретінде табысқа жетті, оның клиенті ең жақын досы және тарихтағы ең танымал сумо балуаны еді. Оны Хакухо тачимочиі ретінде шақырып жүрді. Тачимочи деген — ёкодзунаның салтанатты түрде тұғырға (дохё-ири) шығарда қылыш ұстап шығатын адам. Төмен дәрежелі сумо балуандары үшін бұл зор мәртебе.

2024 жылғы 4 ақпанда ең әйгілі грузиялық сумо балуаны, экс-озеки Точиношиннің ресми зейнетке шығу рәсімі Кокугикан сумо цитаделінде өтті. Оны, тиісінше, чонмагы мен шиконасынан айырды. Оның шашын қырқуға Моңғолиядан заманауи сумоның хас дүлейі, экс-ёкодзуна Асашёрю келді. Ол өзінің мансабын аяқтағаннан кейін грузинмен жақын дос болғанын және барлығына бірдей түсінікті, бірақ бәріне тегіс ұнай қоймайтын сөз айтты: «Бір тұғырда белдескен шетелдіктер ретінде бәріміз бір айрықша дүниені бастан өткердік».

Қазақстанға жасаған сапарында Асашёрю ёкодзуна алматылық жас дзюдо палуаны Ерсін Балтағұлдың әкесімен таныс болып шығып, оған сумомен айналысуды ұсынды. Оның лицейде, содан кейін университетте оқуына ықпал етті. Ал 2023 жылғы наурызда Осакадағы көктемгі турнирде 25 жастағы қазақ Кинбозан дебют жасады. Болашақта тағы бір шетелдік сумо балуанының тағдыры қандай боларын кім білсін?

Сумодан балалар секциясы / The Asahi Shimbun via Getty Images

Сумодан балалар секциясы / The Asahi Shimbun via Getty Images

Туған жердей жер болмас...

Крикет ойыны туралы сөз болғанда, бұл қандай да бір себептермен Англияда ойлап тапқан үнді ойыны деп жиі айтады. Ал сумоның екі мың жылдық тарихы бар, өте консервативті ережелерімен, ескі этикасымен ерекше, сондықтан оны ешкім де иемдене алмайды. Сумодағы барлық рәсімдер, яғни дохёге тұқым егу және жақсы өнім алу үшін құрбандыққа шалынатын өсімдіктерден бастап, судьялардың киіміне дейін (жапон. гёджи) синтоизм дінінен бастау алады. Сумо алаңы синтоизм ғибадатханасының бейнесі болғандықтан, әйелдің оған аяқ басуына дін рұқсат етпейді. Тіпті, турнир барысында қала мэрінің жүрек талмасы ұстап, сол үшін келген кардиолог әйелге дәрігерлік көмек жасауына жол бермей қойған. Тек 2021 жылы 28 жастағы палуан Хибикиру қайтыс болғаннан кейін ғана турнирде медициналық топтың болуы орынды деп саналды. Негізі, дәстүр бойынша, ауырсыну, шыдамсыздық таныту, денсаулығы сыр берсе, шағым айту палуанға лайықты іс емес. Кейде ми шайқалған немесе жарақат алған, я болмаса буыны тайып кеткен балуандар қарсыласымен тең түскен жағдайда жеңіс үшін жекпе-жекке қайтадан шығып жатады. Дәрігерлердің кеңесіне сүйеніп, жарақат алған балуанды жекпе-жекке жібермеу жақында ғана пайда болған түсінік. Сондықтан смартфон, K-Pop және жасанды интеллект дәуірінде сумо күресі жапондардың барлық дәстүрлерінің ішіндегі ең көнесі әрі нағыз жапондық дәстүр болып саналады.

Бірақ 21 ғасырда осы атаққа ие болған алты ёкодзунаның ішінде Кисеносато ғана Жапон жерінде дүниеге келді. Төртеуі Моңғолияның астанасы Ұланбатырда (Асашерю, Хакухо, Харумафуджи және Тарунофуджи), ал бесіншісі (Какурю) Батыс Моңғолияның Сүхбатыр аймағында дүниеге келген. 2002 жылдан бастап жапондық сумо қауымдастығы шетелдіктерге шектеулер енгізді, яғни бір мектепте шамамен 1 шетелдік, 15–20 жергілікті тәрбиленуші болуы керек. Бірақ соған қарамастан, 2006 жылдан 2016 жылға дейінгі 58 турнирдің 56-сын моңғолдар жеңіп алды.

Олар мұның себебі моңғол сумоистерінің орташа бойының артықшылығында, ұлттық ет диетасында және моңғол күресінің (моңғ. Үндэсний бөх) әдістерінің ұқсастығында жатыр деп түсіндіруге тырысты. Осыған орай, экс-комушубиiiКомусуби — кәсіби сумо иерархиясындағы төртінші балуан. Майнуми «Жапондықтар неліктен ёкодзуна атана алмайды?» деген тұтас бір кітап жазды, онда ол моңғол сумо балуандарының жетістігін метафизикалық «аштық рух» сезімімен байланыстырды. Өркендеу дәуіріндегі денелі жапон жастары мүлде жоғалды деп тұжырым жасады.

Матчтан кейінгі сумо балуандары / Alamy

Матчтан кейінгі сумо балуандары / Alamy

Моңғол балуандарының алаңдағы таңғажайып жетістігі олардың ең қатты сенсациялар мен жанжалдар тізіміндегі үстемдігімен қатар жүрді және олардың айналасындағы әңгімелер де шығу тегіне байланысты болды. Сумо қауымдастығының төрағалары, тіпті мемлекет қайраткерлері кейбір шетелдіктердің жапондардың «қадір-қасиетін» игеруге, түсінуге және қабылдауға құлықсыздығына қынжылды. 2010 жылғы қаңтарда ёкодзуна Асашёрю (моңғ. Долгорсүрэнгийн Дагвадорж) мейрамхана қызметкерін мас күйінде соққыға жықты деп айыпталды және оқиға көпшілікке мәлім болып, мансабын тоқтатуға, қала берді, елден кетуге мәжбүр болды. Асашёрюдің рингте де, былайғы өмірде де қыңырлығымен және арандатушылық мінез-құлқымен аты шығып кетті, жапон азаматтығын алудан бас тартты, бірақ сумодағы шеберлігіне қарсы ешкім қарсы шыға алмады. Жыл сайын ол Тайхо орнатқан «мәңгілік» рекордқа жақындай берді. 29 жасында 25 турнирде жеңіске жетті, оның даңқ шыңында шығып тұрып, спорттан кетуі көптеген конспирологиялық теорияларды тудырды. Ең бастысы, тіпті моңғол шенеуніктері де айтқан, жазаның ауырлығы сумо шенеуніктерінің Тайхо рекордын сақтап қалуға деген пиғылы еді.

Алайда өзге ұлттан шыққан ёкодзуналарды кемсітуге Жапония азаматтығына өтініш беруден, өз болашағын Жапониямен байланыстырудан бас тартқан Асашёрю мен Харумафудзи сияқты моңғол чемпиондарынан бөлек, Хакухо мен ақкөңіл Какуру да ұшырады. Сонымен жапондық сумо қауымдастығы асығыс түрде жапон азаматтығының болуын жаттықтырушылық қызметтің міндетті шарты қылып қойды, ал жеңістер саны бойынша абсолютті рекордтың иесі Хакухоның өзіне, көрнекті ёкодзунаға автоматты түрде берілуге тиіс ақсақал (тошиори) мәртебесін бермей қояды. Ол ояката (мектеп басшысы әрі бапкері) болу үшін қажетті лазаузым еді. Мысалы, жапондық ёкодзуна Таканохана бұл мәртебеге небәрі 22 рет чемпион атанғаны үшін ие болған.

Сумо балуаны Котоновака (сол жақта) Мацудодағы Садогатаке мектебінде өткен баспасөз мәслихатында отыр. 2024 жыл/The Asahi Shimbun via Getty Images

Сумо балуаны Котоновака (сол жақта) Мацудодағы Садогатаке мектебінде өткен баспасөз мәслихатында отыр. 2024 жыл/The Asahi Shimbun via Getty Images

Қанға сіңген қасиет

Сумо спорты күрделі көрінгенмен, негізінен өте қарапайым. Басты шарт — аяқта тік тұру. Егер табаннан басқа денеңнің бір жері жерге тисе, (мейлі, ол саусағыңның ұшы болса да) немесе шеңберден шығып кетсең — жеңілдің. Мұндағы жермен байланыс та тегін емес. Дохёнің шеңбері тек сазбен және құммен сызылады.

Сумо балуанының сәтсіз өнер көрсетуіне кінәлі ретінде мавашидің түсі, сумо балуанының жібек белбеуі деуге болатын ырымшыл сумо әлемінде сабақтастыққа, оның ішінде тұқым қуалаушылыққа сену өте маңызды рөл атқарады. Ұлы Хакухо моңғол күресінен алты дүркін чемпион, Моңғолия тарихындағы тұңғыш Олимпиада жүлдегері (1968 жылы күміс жүлде алды) ұлы моңғол балуаны Жигжидийн Мөнхбаттың баласы. Бүлікке жаны жақын Асашёрю да атақты балуандардың дәстүрлі отбасынан шыққан. Оның жиені — озеки Хошорю. Жаңадан шыққан озеки, сонымен бірге қазіргі кездегі ең тұрақты жапондық сумо балуаны Котоновака — бұрынғы секиваке Котоноваканың ұлы, одан шиконаны да мұра етіп алған және ёкодзуна Котозакураның немересі.

Егер ол бір күні кенеттен ёкодзуна атанса, ол міндетті түрде атасының Котозакура деген шиконасын алады. Бұл — бұлжымас дәстүр. Мысалы, Охо есімді тағы бір танымал жапон экс-секивакеiiСекиваке — кәсіби сумо иерархиясындағы үшінші дәрежелі балуан. Такаторикидің ұлы және Ұлы Тайхоның немересі. Тағы бір жапон озеки Такакейшо экс-озеки Хокутенюдің күйеу баласы. Иә, бұл тізімді ұзыннан шұбап жалғай беруге болады.

Жас бейсболисттер командасы. Жапония / Getty Images

Жас бейсболисттер командасы. Жапония / Getty Images

Ай астында ештеңе де мәңгі емес

2023 жылғы 28 қаңтарда Хакухо сумо әлемінің есігін жапты. Данпацу-шики немесе ресми сумодағы мансабын аяқтау рәсімі, әрине, Токио Кокугиканда — сумоның орталық сарайында өтті. Мансабын аяқтағаннан кейін палуан чонмагесін кесіп тастайды, өйткені бұл самурай бұрымшасын тек жекпе-жекке шығып жүрген палуандар мен Кабуки театрының кейбір әртістеріне ғана заңды түрде тағуына рұқсат. Бұрымшасымен қоса, ол шиконасынан айырылады, сондықтан Хакухо содан бері Ояката Миягино деген есіммен жүр. Ол қазір 45 чемпионаттағы жеңісімен (Ұлы Тайходан 13 жеңісі артық), «мәңгілік» рекордтың шыңында қалды.

Сонымен бірге жапондар бүкіл әлемдегідей осы архаикалық әрі ең жабық спорт түріне деген қызығушылығынан біртіндеп айырыла бастады. Оның діни философиясы жас жапондардың дүниетанымына сәйкеспейді, ал сумоның тек жапондарға тән сипатын сақтап қалуға тырысу сумоға деген халықаралық қызығушылықты төмендетіп жатыр. Сумоның қатаң иерархиясы мен қатыгез тәртібі, зорлық-зомбылығы, қорлауы, ауыр жарақаттары және қарапайым жапондардан 10–15 жылға аз өмір сүру перспективасы бар мүлдем спартандық және ерекше ерлер әлемі енді жастарды қызықтырмайды. Мәдениеттің өзгеруімен бірге сумо балуандарының әлеуметтік тартымдылығы, яғни үлгі ретінде де, коммерциялық жобалар да, неке альтернативі ретінде де жоғалды. Бұл, әсіресе, 29 жастағы жапондық бейсболшы Шохей Отани «Лос-Анджелес Доджерспен» спорт тарихындағы 700 миллион АҚШ доллары көлеміндегі ең ірі келісімшартқа қол қойғаны туралы жаңалықтар интернетті жаулап алған кезде байқалды.