СУРЕТШІ ЛЕЙЛА МАХАТ:

Көшпелілердің ою-өрнекке, әшекей-бұйым мен тұрмыстық заттарға астыртын мағына бергені жайлы

СУРЕТШІ ЛЕЙЛА МАХАТ:

Лейла Махат/ Qalam редакциясы

«Минимализм» деген ұғым трендке енерден көп ғасыр бұрын көшпелілер оны өз өмірінде кеңінен қолданған. Олардың тұрмысы қарапайым, бірақ мән-мағынаға толы болған, ал өнері тек эстетикамен шектелмей, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын ұлт кодымен өрнектелген. Бұл жайлы суретші, галерист, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Лейла Махат әңгімелеп берді.

«Ата-бабамыз эргономика деген сөзді білмеген шығар, бірақ осы саланың шебері болғаны анық. Олар қазіргі кезде жиі айтылатын «артық заттан арылу», «минимализм» секілді түсініктерді керемет қолданған. Көшпелі өмір салтында артық затқа орын жоқ. Сондықтан адам аса қажет әрі ең берік, ең мықты, ең әдемі, яғни кез келген жерде жайлы күй сыйлайтын, үйің осы екенін білдіретін, отбасыңның рухын сақтайтын дүниелерді жасаған, сатып алған, сақтаған, көшкенде өзімен ала жүрген».

«Қазақтың ұлттық киімін жәй ғана әдемі деп атай салуға болмайды. Қазақтың киімі, сондай-ақ, керемет ыңғайлы. Себебі үнемі жол үстінде қозғалыста жүретін адамға арнап тігілген. Яғни заманауи өмір ырғағына да сай келеді. Әйел мен еркек костюмдарының айырмашылығы эстетикалық қана, ал функционалы бірдей дерлік. Өйткені екеуінің де өмірі ат үстінде өткен».

«Көшпелі өркениеттің өзге мәдениеттерге бергені өте көп. Соның бірі — шалбар. Өйткені, жүздеген жыл бұрын Еуропада не болды деп қарасақ, олардың гольф, панталон не кең пішілген ұзын көйлек пен туника кигенін байқаймыз. Ал шалбар — көшпелілер ойлап тапқан дүние».

Лейла Махат/Qalam редакциясы

Лейла Махат/Qalam редакциясы

«Қазақ еркегі киген етіктің өкшесі 5-8 см аралығында болған. Бұл бойыңды биіктетіп көрсету үшін жасалған дүние емес (ол да бар, әрине). Өкше үзеңгідегі аяқтың нық тұруына көмектеседі. Ал етіктің қонышын ою-өрнекпен жақсылап көмкерген, бұл — мәртебенің белгісі. Өйткені атты адам жаяудың жанына келіп тоқтағанда, көзге ең алдымен етік түседі, сондықтан ол бірден оң әсер қалдыруға тиіс».

«Ата-бабамыз өте мықты қолөнерші болған, әсіресе, тері мен металл өңдеуде озық шыққан. Сондай-ақ, әлбетте, матаға келгенде, оның ішінде кілем тоқу мен кестелеуде шеберлік танытқан. Көшпелі өмір салтында кесте тігу — аса өзекті өнер, себебі онымен кез келген жерде айналысуға болады. Ал, мәселен, кілем тоқу үшін оған керек білдекті, басқадай керек-жарақ пен материалды тасып жүру қажет».

«Көшпелілер заттарындағы күрделі өрнектер тек сән беріп, мәртебені айшықтап тұрмайды. Мұндай өрнек кез келген қазақ үшін қасиетті мағынаға ие. Әйел (ана ретінде, жар ретінде) ұлына не күйеуіне арнап киім тоқығанда, жіппен бірге жамандықты қашыратын, жақсылықты шақыратын дұғаларын қоса өрген. Осылайша зат тұмарға айналған».

Лейла Махат/Qalam редакциясы

Лейла Махат/Qalam редакциясы

«Өрнек  — бұл хабар алмасу тәсілі. Мәселен, ұзатылған қыз жаңа отбасында біршама уақыт, айталық, бір жыл тұрған соң, төркініне сыйлық жөнелткен. Ол үшін басқұр не кішігірім кілемше тоқып, оған өрнек салып, сол арқылы ата-анасына тұрмысының шын мәнінде қандай екенін айтып берген. Хал-жағдайыңның бәрін сөзбен жеткізе алмайсың ғой. Ал кілемшеге қарап, түсіне қоясың: өрнекке бай болса, арасында толық адамның суреті кездессе, оның қасында арықтау келген сұлбалар тұрса, тұрмыстағы қызға жөндеп тамақ бермейді деген сөз. Керісінше, гүлдің, қой-ешкінің суреті кестеленсе, бұл қыз бәріне риза, неке сәтті болды дегенді білдіреді».

«Біз мәдениетімізді қайта зерттеуді енді қолға алып жатырмыз. Халқымыз соңғы екі ғасырда көп сынақты бастан өткерді. Бұл ең алдымен әлеуметке үлкен жарақат әкелген үлкен соққы болды. Бір уақытта режимдер мен билік ауысты, жұртты отырықшылдыққа күштеп көндірді, тіл өзгерді — осының бәрі ел санасында үлкен күйзеліс тудырды. Халықтың осының бәрінен өтіп, сана-сезімін сақтап қалғаны — шынтуайтында үлкен ерлік». 

Лейла Махат/Qalam редакциясы

Лейла Махат/Qalam редакциясы

Бұл дәйексөздер — қазақ тұрмысы, киімі және дәстүрі хақында Лейла Махатпен болған үлкен әңгіменің бір бөлігі ғана. Сұхбаттың толық нұсқасын YouTube-арнамыздан көріңіз.