ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВ

Шыңғыс Айтматовты еске алуға 5 себеп

Шыңғыс Айтматов/Getty Images

12 желтоқсан қырғыз әрі кеңес жазушысы Шыңғыс Айтматовтың туғанына 95 жыл толады. Qalam жазушының өмір жолы мен прозасындағы ең жарқын тұстарын еске алды.

Бірінші себеп

Шыңғыс Айтматовтың кітаптары 174 тілге аударылған (атап өтерлігі, аудармашылардың арасында Луи Арагон болған). КСРО-ның бірде-бір авторы дәл Айтматов сияқты осыншама көп тілге аударылмаған (Ленинді есепке алмағанда). Ол бірнеше рет Нобель сыйлығына ұсынылды және оны соңғы рет 2008 жылы жазушының шығармашылығын ерекше ілтипатпен оқитын Түркия ұсынған еді. Түркияның сол кездегі президенті Абдулла Гүл «Шыңғыс Айтматов — барша түркі әлемінің рухани құндылығы әрі ар-ожданы, оның шығармашылығы планетарлық маңызға ие» деген еді.

Айтматов қырғыз және орыс тілдерінде қатар жазып, қос тілді де жетік меңгерді, екі тілді де кірме сөздер, реминисценция, тұспалдауды өте байыпты қолдану арқылы байыта түсті.

Айтматовтың өзі шығармашылығы халық арасында тараған мифтерден, дала аңыздарынан өрбитінін тілге тиек еткен еді. Ғарыштық балық-ана, көк бура, Шыңғысханның ақша бұлты, Лувр атты үйрек, үрей тудырып, арбап-алдайтын түлкі бейнесі социалистік еңбеккер өмір тұрмысына органикалық тұрғыда кірігіп, сюрреалистік тұрғыда да қабысып отырды. Еуропалықтардың басым көбі саф фантастика оқығандарына шын иланған еді. Егер жазушы адамзаттың дауысы болса, Айтматов белгілі бір себептермен жиі үнсіз қалған сөз жоқ ұлы Даланың ең құдіретті үні еді. Алайда Айтматовты таза ұлт жазушысы деу қате пікір (айтпақшы, оның 1952 жылы жарық көрген алғашқы «Газетші Дзюйо» әңгімесі Жапонияға арналған), ол барлық адамзаттың атынан сөйлейді, жазушының туындыларын немістер, үндістер, америкалықтар мен қытайлар экзотика үшін оқымайды. Оның шығармашылығының өзегі — бар нәрсенің мәнін мәңгілік іздеу. Болмыс, махаббат, өзің сияқтылардың ішінде жалғыз болу, Аспанның жұмбақ бостығы.

Екінші себеп

1986 жылы «Новый мир» журналында жарық көрген «Плаха» («Жанпида») романы бүгінде тілі ауыр, бояуы көп, көнетоз пальтодай ескі көрінуі мүмкін. Авдий Каллистратов мен Обер Кандалов сынды бас кейіпкерлердің есімінің өзі неге тұрады. Десе де кеңес заманы салтанат құрған сексенінші жылдардың орта шенінде бір тұсы есірткіні ашып жазатын, екінші тұсы діни ізденістерге арналған романның жарық көруі маңызды оқиға болды. Жанартаудай лап ете қалған тағы бір тұсы «Новый мир» ұсынатын шығармаларға жат оғаш сөздер мен басты зұлым адамның гомосексуализмі еді. Қазіргі таңда «Плаха» қайта құру дәуірінің құжаты және қалың журналдар жариялайтын әдебиеттің көмегімен миллиондаған адамның санасы қалай өзгергенінің куәгері саналады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні — бұл туынды «неліктен зұлымдық үнемі жақсылықты жеңеді?» және «өмір сүргісі келетін әрі өмірден баз кешкісі келетін» адамның сезімдері туралы қатыгез қуатты проза саналады. Сондай-ақ бөлтіріктерді өлім құштыратын көк көзді қызғаншақ қаншық Ақбараның жусандай ащы тамаша бейнесі тағы бар. Ақбара ұлы америкалық Кормак Маккартидің «Қиылыс» романындағы қаншықты еске түсіреді. Алайда Маккарти кітабын он жылдан кейін жазған.

Үшінші себеп

Кеңес дәуірінде Айтматовтың туындылары ерекше ықыласпен көп экранға шығып, табысқа жетті. Ол қатарда «Жәмила», «Алғашқы ұстаз», «Ақ кеме», «Жанпида» («Плахадан» үзінді) сынды туындылары бар. Бір қызығы дәуір ақырына жеткен тұста ол жеңіс шыңынан көріне білді. 1991 жылдың жазында Олег Янковский төрағалық еткен Мәскеу кинофестивалінің қазылар алқасы түбегейлі шешім қабылдап, Карен Геворкянның «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» фильмін бас жүлдеге лайық деп тапты, ал оның екінші бөлімі Шыңғыс Айтматовтың дәл осы аталған повесінің желісімен түсірілген еді. Ол кезде эстеттердің бұл шешімді түсінбей, әуре-сарсаңға түскені рас, қайткен күнде байқауда Дерек Джарменнің «Бақшасы», Оливер Стоунның The Doors өмір жолын баяндайтын фильмі де бақ сынады ғой. Соған қарамастан бас жүлдені сахалиндік нивхи халқының күнделікті тұрмысын баяндайтын фильм қанжығасына байлады. Расында Олег Иванович Янковский сол кезде фильмге өте озық баға беріп, «Тарғыл төбет» қалың тұманда теңізде қалқыған қайық бетінде жас бала тума-туысымен адасып әрі оны құтқарып қалу үшін жан қиятын туғандары туралы баяндап, құдды теңіз бетінен түсірілгендей әсер сыйлайды. Қазіргі уақыт пен отаршылдыққа қарсы көзқарас тұрғысынан алып қарағанда Джарменнің туындысынан гөрі әлдеқайда айрықша деп түйіндеген еді. Мұнда ағаштармен сөйлеседі, тұманды дуалайды, көк тышқан мен үкіні шақырады — бұл панпсихизмнің барлығы Айтматов прозасынан өрбіп шыққан.

Төртінші себеп

«Ғасырдан да ұзақ күн» романы (немесе «Боранды бекет») — бұл Габриель Гарсиа Маркес («Жүз жылдық жалғыздық») пен Жоржи Амадудың («Дона Флор және оның екі күйеуі») әлемін тербеген магиялық реализм деген сирек жанрдан туған керемет образ. Күнделікті өмірдің метафизикасына мұқият, десе де сенгіш көзбен қарайды. Басты кейіпкер — боранды бекеттегі Едіге қарт теміржол жұмысшысы шөл дала теміржолға ұласатын, ал көне заман ғарыштық фантастикамен тоғысатын әлемнің жаназасы шеруін кезіп жүр. Бұл дүниені зұлымдықтың емес, мисыз арамдықтың күштері билеп тұр, ал ешнәрседен қорықпайтын (негізінде оның жоғалтатын ештеңесі жоқ) адал Едіге мәңгүрттер тоқыған өтірік, қызғаныш пен шарасыз ақымақтықтың шиеленісін ашуға тырысуда. Мәңгүрт — Айтматовтың неологизмі, ол адамдық қасиеттен ада болған жанды білдіреді. Ерте заманда құлдардың бір шаш жоқ мұнтаздай таза басына шикі теріні қаптап, байғұстарды ыстық күннің астында ұстаған. Ал тері ыстық күннен құрғап, бас сүйегін қыса бастайды, бұл азаптан адам ақыл-есінен ауысып, санасыз мақұлыққа айналады. Қазір мәңгүрттерді жасау тәсілі мүлдем басқаша, бірақ Едіге мұның ақ-қарасын анықтауға тиіс. Айтпақшы, ақиқат пен әділдік іздеу жолы Едігені Алматыға бастайды. Қалағанын ол дәл осы қаладан табады, бірақ кітаптың құпиясын ашпауды жөн санадық. Бұл туынды оқуға тұрарлық, себебі бұл әлі күнге бізден бір табан алшақтамаған шындық туралы әсерлі баяндалған ғажап ертегі.

Бесінші себеп

Талас тауындағы суық мектепте ұлын қан майданнан күтіп жүрген мұғалім география сабағында балаларға Цейлон мен пілдер туралы айтып береді. Алайда оның шәкірттері енді балалар емес — олар 1943 жылдағы махаббатты, ажалды, белуардан қан кешіп жүріп қылатын соғыстың ауыр жұмысын бір кісідей-ақ танып-білгендер. Айтматовтың ең үздік туындыларының бірі саналатын «Ерте келген тырналарда» (1975) қырғыз халық әнінен, Иова кітабынан және ежелгі үнді поэзиясынан алынған үш эпиграф бар. Бала Сұлтанмұраттың кішкентай өмірі кітаптың әр бетін парақтаған сайын тағдырлар кітабының эпикалық тарауына айналады. «Адам үшін бақыт осы шақта ғана бар, ол өткен шақта да, болашақта да жоқ» дейді повесте. Айтматовтың ойынша бұл бақыттың бір шарты — ешқашан үзілмейтін тыныштық (повестің тұрақты мотиві). Оны әлемнің кез келген бұрышынан табуға болады. Ұлы Манас жотасының етегіндегі кең тау бөктерінен де, бәлкім сол Цейлоннан да кездестіріп қаларсыз.

Көшірілді