«Біздің қазір көргеніміз әйнектегі көмескі бейне іспетті...»
Апостол Павел.
Коринфтықтарға бірінші жолдау.
Үлкен Плинийдің айтуы бойынша, әйнекті финикиялықтар ойлап тапқан. Бұл теңізші саудагер ел жүздеген жылдар бойы грек полистерінің, сосын Римнің базарларына әйнек моншақтар мен мүсіншелерді, кейін дөңгелек пішінді әсем әйнек ыдыстарды әкелгендіктен, Плинийдің әйнекті финикиялықтардың ойлап тапқанына сенімділігі түсінікті.
«Бұның тарихы, елдің айтуынша, мынау — nitri артқан кеме, осы жерде зәкір тастады; жағалауда ас әзірлеуге кіріскен саудагерлер, үстіне қазан қоятындай жақын маңайда тас таппай, орнына кемеден әкелінген nitri-дің бірнеше кесектерін пайдаланды. Nitri жағалаудың құмымен араласып, оттың әсеріне түскенде, көпестер осы күнге шейін беймәлім бір сұйық заттың мөлдір жұғынын көріп қалды; әйнек осылайша ойлап табылды».i
Nitri — бұл натрон, натрий карбонатының декагидраты, содаға жақын зат, ол ежелден бері Мысырдың Натрон алқабындағы (аты да содан) содалық көлдердің жағасында өндірілетін.
20 ғасырдың соңында бір топ ынтагер-ғалым Плиний жазғанды қайталап шығуды көрді — түк шықпады, ешқандай ең ыстық деген от, әйнекті балқытуға жарар температураны бере алмады. Оған қоса финикиялықтарға әйнекті ойлап табудың қажеті де болмады — оны оларға дейін-ақ, ең аз дегенде біздің заманымызға дейінгі төртінші мыңжылдықта сол баяғы мысырлықтар тапқан еді және олармен бір уақытта Месопотамиялықтар да шығар. Натрон Мысырда мыс пен қоланы қорытуға арналған флюс, қоспа ретінде қолданылған, ал қақталған әйнектің кішкене шарлары сол дәуірдің металлургтарына өте жақсы таныс болатын — бұл кішкене шарлармен ежелгі замандардың кейбір қабірлеріндегі жерлеу киімдері безендірілген. Осындай бір — шағын, диаметрінде бір сантиметрден кіші, қисық және күңгірт-жасыл моншақ Берлин мұражайында ең асыл зат дәрежесінде сақталып жатыр. Оны Фивының қасында археолог Флиндерс Питри тапқан, ол біздің дәуірімізге дейінгі төртінші мыңжылдықтың ортасында жасалған деп есептеледі.
Перғауындардың әйнегі
Үлкенірек әйнек (шыны) бұйымдары кейінірек пайда болады — мысырлықтар біздің дәуірімізге шамамен екі жарым мың жыл дейін әйнекті саналы түрде балқыта бастады. Одан хош иісті ыдыстар, шағын мүсіншелер, зергерлік бұйымдар жасалды. Бұл әйнектің көп қоспасы болып, ол өте көмескі еді. Одан бұйымдар, балқытылған әйнекке саз дайындамаларын батыру арқылы жасалды, осылайша оларды формальды түрде әйнекпен шыңылтырылған қыш деп айтуға болады (ыдыстарды жасау үшін құммен тығыз жабылған саз дайындамасының ішіне металл сырық салынып, содан кейін оны пайда болған ыдыстың ішінен мұқият қағып алып, ыдысты ішінен ысып тегістеген). Қаптама шыны плиткалар да пайда болды — бұл шыны қабатта басылған қыш тілімдер (пластиналар), осындай плиткалармен кейде мазарларды бедерлеген.
Бүгінгі күнге шейін сақталған ең көне шыны ыдыс — бұл Мюнхен мұражайындағы (шамамен б.д.д. 1500 ж.) Үшінші Тутмос перғауынның тостағаны. Көріп отырғанымыздай, бұл жалатылған керамиканың тап өзі — өте әсем және әрине шыны іспеттес, бірақ бәрібір біз білетін шыны ыдыс емес.
Әйнектің адамдар үшін ең маңызды қасиеті — оның мөлдірлігі — осы материалды ойлап тапқан, бірақ оның тек сәндік қасиеттері мен айрықша тегістігін бағалай отырып, оны басқасынан гөрі шыңылтыр ретінде пайдаланған, ең ежелгі өркениеттер үшін белгісіз болып қала берді.
Сидон және Рим
Бірақ содан кейін іске кіріскен тап сол финикиялықтар болды. Дәл сол Финикиялық Сидонда олар әйнекті үрлеу технологиясын ойлап тапқан сияқты және марганецпен тазарту арқылы салыстырмалы түрде мөлдір әйнек жасауды алғаш рет сол жерде үйренгені сөзсіз. (Римдіктер мұны сидондықтардан көп ұзамай үйренді).
Кейбір сидондық (содан кейін римдік) ыдыстар бізге де жетті — әйнектен табылған заттарға Помпей мен Геркуланум әсіресе бай болды, онда нәзік құмыралар мен вазалар үшін жанартау күлінің қалың қабаты арқасында сақталуға мүмкіндігі болды. Бүгінгі сидондық және римдік әйнектер топтамаларын қараған кезде, осы көрініспен римдік менталитеттің рационалдылығын, утилитарлығын растауға және оның қарапайым, адал пішіндерін шығыстың сән-салтанат пен талғампаздыққа құштарлығымен салыстыруға қызығушылық туады. Егер сидондық құмыралар көрікті, күрделі безендірілген, жиі бұдырланған өнер туындылары болса, римдік құмыралар негізінен ауыр, қарапайым пішінді, утилитарлы ыдыстар.
Бірақ бұл жерде сидондықтардың Жерорта теңізінің ауқатты отбасыларына сату үшін өздерінің қымбат жауһарларын жасағанын және бұл ыдыстардың кейбірінің соншалықты қымбатқа сатып алынғанын, сол үшін олардың көздің қарашығындай сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа таралғанын есте ұстаған жөн (мұражайлардағы сидондық топтамалардың көпшілігі мұрагерлер мен коллекционерлерден сатып алынған). Римдік әйнек үрлеушілер болса сол кезде қарапайым халықтың бос қалтасына орай, күнделікті қолдануға арналған әлдеқайда арзан әйнектерді шығарды.
Ендеше, алысқа сермейтін қорытынды жасаудың қажеті жоқ.
Терезенің жаңа ғұмыры
Бірақ тап сол Римнің мөлдір және салыстырмалы түрде арзан әйнегі біздің түсінуіміздегі терезе деген объекттің пайда болуына әкелді. Грек, содан кейін римдік үйлердің терезелері егер олар аулаға емес, көшеге қараса, өте ұзақ уақыт бойы ұры кіре алмайтындай кішкентай және тар, қарапайым саңылау болатын. Содан кейін олар терезелерге тығыз торларды орната бастады — бұндай терезелер, мысалы, «инсулаларда» — римдік көпқабатты үйлерде болды; ауа райының қолайсыз жағдайында терезелер ішкі жағынан ағаш жапқыштармен немесе қалың былғары қалқандармен жабылатын. Ең қарабайыр тұрғын үйлерде терезелер мүлдем болмады — бөлмені қажет болған жағдайда ашық есік немесе ішінен шамдар арқылы жарық қылатын. (Бұқаның қуығын, одан кейін слюданы пайдалану ежелгі дәуірден гөрі орта ғасырларға көбірек тән). Алайда, біздің дәуірімізге дейінгі 1 ғасырдың аяғында-ақ Римде әйнекті терезелер пайда болды. Олар қалың әйнектен жасалған кішкене бөліктерден жасалған — ең көбі жиырма да жиырма сантиметр — олармен қорғасын немесе ағаш торлы жақтауларды әйнектеген. Ол кезде адамдар көлемді әйнек бөліктерді қалай жасау керектігін білмеді, ал оны үйренгенге дейін әлі өте көп уақыт кетеді.
Бұл туралы тарихшы Сергей Песков «Әйнектің тарихы» монографиясында былай жазады.
«Император Октавиан Август тұсында (1 ғасырдың бірінші жартысы) бұрын тек шығыс провинцияларда ғана дамыған әйнек жасау өнері ұлан-ғайыр империяның барлық жеріне тарайды. Шеберханалар Италия, Испания, Галлия, Британия және Германияда құрылып жатыр. Әйнек терезелер мен шыны ыдыстар римдіктер тұрмысында берік орныға бастайды. Әрине, Ежелгі Римдегі әйнек бүгінгідей арзан және кеңінен қолданылатын материал емес, бірақ ол сонда да қол жетімді. Оның құнын тұрмысы орташа азамат көтере алады. Атақты Рим шешені Цицерон: «Үйі әйнекпен безендірілмеген адам кедей», – деген.
Оңтүстіктің ерке өсімдіктерін өсіруге арналған әйнек жылыжайлар жасауды сол кезде де бастаған көрінеді, мысалы, император Тиберийдің жылыжай шаруашылығы болғаны белгілі, онда оның дастарқанына не қияр, не қауын өсірілді (римдіктер бұл жемістерді бір-біріне жақын туыс деп санап, оларды аса ажыратпады. Әсте таңғаларлық жайт емес — өйткені римдіктер қиярды біз сияқты жасыл ұрық күйінде емес, толыққанды сары, қатты сулы «қауын» күйінде терді.)
Византиялық монополия
Рим әйнек шеберханаларын негізінен солтүстікте салғанымен, империя екіге бөлінгенде тек Византия ғана әйнек шеберлігінің құпиясын сақтап қалды, ал солтүстіктің өнеркәсібі құлдырап, әйнек пештері ұзақ уақытқа сөніп қалды. Жоқ әлбетте, кейбір қолдан шала-пұла әзірленген бұйымдар мұнда әлі де жартылай үй жағдайында жасалып тұрды, бірақ жалпы әйнек жасаудың сыры құпиялы, тіпті сиқырлы білім ретінде қабылдана бастады, иелігінде қисық, бұлыңғыр құтылар үрленген шағын әйнек зауыты бар әрбір билеуші — бұл білімді ең үлкен құпия ретінде сақтады, ал әйнек — салтанат пен байлықтың бөлшегіне айналды.
Византия дүниедегі жалғыз «әйнек державасына» айналды, мұнда мөлдір және табақ (кішкентай табақтар болса да) әйнек шығару әдістері жойылған жоқ.
Әрине, Қытайда да, Үндістанда да әйнек жасауды білген — бұл аймақтардан шыққан алғашқы әйнек бұйымдары біздің дәуірімізге дейінгі 2–3 мыңжылдықтарға жатады, бірақ ол жерде ол ерекше маңызға ие болмады әрі таралмады. Үндістанның ыстық климаты терезе әйнегін де, жылыжайларды да қажет етпеді. Қытай мен Жапония өз сәулетінде шығыс терезелерін пайдаланды — майланған қағазбен жабыстырылған тығыз ағаш жақтаулар. Керемет азиялық керамика мен қытай фарфоры ыңғайлы құтылар мен басқа да ыдыстарға деген қажеттілікті толығымен қанағаттандырды. Сондықтан, Шығыстың әйнегі таза сәндік рөл атқарды — негізінен моншақтар, әшекейлер, салпыншақтар және тұмарлар ретінде.
Фарфорды білмейтін қараңғы ғасырлар еуропалықтары да негізінен қарапайым халықтың қажеттіліктері үшін тек қарабайыр қыш бұйымдарды — құмыралар мен табақтарды жасады. Ақсүйектер басқалар сияқты балшықтан немесе ағаштан жасалған ыдыстарды пайдаланды, табақтың орнына көбінесе ағаш тақтайшаларды, тіпті дөңгелек нан бөліктерін қолданды, ал тұздыққа малынған оларды түскі астың соңында қызметшілер немесе иттер жеп тастайтын. Салтанатты жағдайларда олар метал — қола, күміс немесе алтын ыдыстарды пайдаланды, олардың удай қымбат құны мұндай ыдыс-аяқты патша қазынасына айналдыратын.
Қымбат әшекейленген, түрлі түсті, безендірілген, өрнектелген византиялық әйнек те — алтыннан әлдеқайда арзан емес еді.
Мурано әйнегі
Кірес жорықтары еуропалық әйнек жасау өнеріне жаңа тыныс берді деп есептеледі. 1204 жылы кіресшілер Константинопольді басып алғаннан кейін көптеген константинопольдік қолөнершілер осындай маңызды тарихи оқиғалар орын алған жерлерден алысырақ жаққа қоныс аударуды дұрыс деп көрді. Әйнек үрлеушілердің тұтас тобы Италияға қоныстанды — Константинопольдегілермен салыстырғанда қарапайым болса да, онда әйнек өндірісі қанатын ең кең жайған болатын. Әйнек шеберлерінің көпшілігі Венецияға табан тіреді, өйткені жергілікті билік мұндай босқындарды ауқаттылық мен қауіпсіздік уәделерімен тарту керектігін түсінді.
Әйгілі Мурано әйнегінің тарихы осылай басталды (бұл тұқым қуалаған әйнек үрлегіштердің келесі тобы Константинопольдан қайтадан қашып кеткеннен кейін тағы бір тамаша өрлеуді бастан кешіреді, бұл жолы түрік шапқыншылығынан — 15 ғасырдың ортасында).
Әйнек өндірісі өте өрт қауіпті болғандықтан және ортағасырлық Венециядағы үйлер негізінен әлі де ағаш болғандықтан, бірнеше өрттен кейін әйнек жұмысшылары қаладан Венеция маңындағы шағын арал — Мураноға көшірілді. Содан кейін бес жүз жыл ішінде әлемге керемет ғажайыптар толастамай келе берді. Бокал қабырғасында қатып қалған алтын көбелек. Ыдыстың түбінде өрілген жарқын гүлдер. Тостағанның ішінде күміс таспа сорғалап, жылтылдап, көк және жасыл түспен жарқырап, таңдай қақтырар ою-өрнекпен аяғын бойлап төмен қарай ағып жатыр.
Жомарт қаржыландырылған және жан-жақты ынталандырылған Мурано шеберлері шынайы әйнек революциясын жасады. Олар толығымен мөлдір, сүтті ақ, лағыл қызыл, кобальтті көк әйнек шығарды: кез келген түс оларға бағынды, бүкіл кемпірқосақ олардың туындыларына жол ашты. Олар әйнекті металдармен оюлап, оған суреттерін ендірді. Олар әйнекті тас сырықтармен жайып, жұқа үлкен табақтарға айналдыруды үйренді — осылайша әлем үлкен әйнек пен дүкен сөрелеріне ие болды. Олар еуропалық соборларды жарқын көлеңкелермен жарқыратқан витраждарды игерді. Мозаика, керамика, айна өндірісі — бәрі де Муранода туып, Мурано да жасалып жатты.
Мурано шеберлері ғажайыптар жасағандықтан, ерекше құрметке ие болды. Олар салық төлеген жоқ. Олар таптық шектеулерді білмеді — Венецияда ешкім әйнекші-шеберден, оның шыққан тегіне қарамастан, жоғары тұрмады: әйнек үрлеушілер дож болып сайлана алатын, олар патрициандық әйелдерге үйленуге құқылы болды.
Мурано шеберлері ғажайыптар жасау құқығы үшін өз бостандығынан бас тартатын. Оларға өмір бойы Венециядан шығуға тыйым салынды; «Әйнек шеберлері туралы» заң оны мемлекеттік опасыздықпен теңестіріп, өлім жазасына кесетін. Үкімді орындау үшін қашқынның ізіне екі аяқты иттерді салатын: кәсіби өлтірушілер жасағына іздеудегілерді тауып, оларды бүкіл отбасымен бірге жою тапсырылатын.
Әрине, әйнек рецепті Ньютонның биномы емес, ол жалпыға белгілі болды. Кварц құмы, сода, әктас. Барлығын араластырып, қыздыру керек. Құпия шеберліктің өзінде болды, оны ол кезде ауызша да, жазбаша да жеткізу мүмкін емес еді, тек жеке тәжірибе мен практикада ғана — жақсы шебер көптеген нюанстарды біледі, оның әрекеттері көбінесе интуитивті немесе дәстүрлі, яғни өте саналы емес.
...Осындай дымқыл, жұқа үлдір бетінен өтіп кеткенде, біз үрлеуді азайтамыз... құралды тек еріткен маймен майлаймыз, шашыраңқылар ұшпас үшін сол жақта тұрамыз, қалыңдығы мен кеуектілігі тек осындай тас табандыққа салқындатамыз — әйтпесе бұйым жарылып кетеді...
Ал бүгінгі бейнетаспа заманында, ақпараттық серпіліс дәуірінде көптеген мамандықтардағы теориялық дайындық көпжылдық тәжірибеге ұласатыны сөзсіз — мысалға дәрігерлерді алуға болады.
Әлбетте, барлық құпияларды өз күшімен ойлап табуға, бәрін кездейсоқтықпен меңгеруге мүмкін болды — еуропалықтар онымен де талмай айналысты, бірақ бірнеше венециялықтарды ұрлау әлдеқайда сенімдірек еді. Ал Венецияның мақсаты әлемдегі ең жақсы әйнекке монополиясын сақтау болатын, сондықтан республиканың экономикалық негіздеріне нұқсан келтірген сатқындарды құрту керек болды.
Соңғы рет мұндай кісі өлтірулер 1667 жылы Парижде орын алды, онда француз әйнек өндірісін дамыту үшін келген екі венециялық әйнек үрлеушіні улатып өлтірген. Өлтіруді ұйымдастыру Венеция елшісі Джустинианимен байланыстырады. Дегенмен, бұл уақытқа таман өзін-өзі құрметтейтін әрбір курфюрст немесе герцог өздерінің әйнек зауыттарын иеленіп үлгерген еді, сондықтан венециандықтарға райынан қайтып, қастық пен адам аулауды тоқтатып, әлемдегі ең үздік әйнек жасаумен айналысу ғана қалатын (әсіресе Венецияға Наполеон әскерінің келуі оларға бұл фактіні түсінуге көмектесті, содан кейін әрине жасырын өндіріс жүргізу туралы әңгіме ауызға да алынбады).
Богемия әйнегі
Нарықта венециялықтардың жалғыз елеулі қарсыласы богемиялықтар болды. Бүгін біз «чех» немесе «богемиялық» хрустальмен жақсы таныспыз, бірақ құрамында қорғасынның көп мөлшері бар бұл ауыр, жарқыраған материал өте кеш ойлап табылған. Бастапқыда богемия шеберханалары мүлдем басқа әйнек шығаратын. Бұл кәсіп шамамен 11–12 ғасырларда пайда болды, оның шығу тарихын білмейміз (бірақ Константинополь босқындарының бірінші толқыны осында да жеткен деген орынды болжам бар). Дегенмен 13 ғасырдың басына таман қолжазбаларда Богемиядан шыққан әйнек жайлы деректер кездесе бастайды. Бірнеше шеберхана аласа тау құрылымы — Шумава жотасының жанында орналасқан еді, оның қойнауында бүкіл дерлік Менделеев кестесі табылады, ал тап осы материалдардың қолжетімдігі мен әртүрлілігі богемиялық шеберлерге үнемі тәжірибе жасауға мүмкіндік беретін.
Ең көне богемиялық әйнек әдетте қосымша металдар мен минералдардың бірнеше түрін қамтиды (және әрқашан боры мен сақары көп), оның құрамы өте өзгермелі болуы мүмкін, ал сыртқы түрі әйнекке де онша ұқсамайды – одан гөрі, бір өңдеу тас іспетті. Ал богемиялықтар бастапқыда әйнек үрлеушіден гөрі әйнек кескіш еді — материалдың илемділігі мұндай өңдеуге мүмкіндік берді. Ойылған ауыр тостағандар мен мөлдір емес алабажақ шыныдан жасалған табақтар алғашқы богемиялық бұйымдар болып табылады. Олар венециялық аналогтарына қарағанда арзанырақ тұрды. Сондай-ақ, богемиялықтар біртіндеп витражды игеріп, онымен Еуропаны толтырып жіберді. Ал 16–17 ғасырдың өзінде-ақ Богемиялық әйнек шеберханалары венециялықтарды көп тұрғыдан қуып жетіп, кейбір жерлерде олардан тіпті асып түсті; аймақта жүзден астам әйнек өндірісі орындары болғандықтан әрбір пештің қасында ерте ме, кеш пе, жаңа әйнек рецептін ашуға ынталы бір дарынды бозбала табылатын. Ал 16 ғасырдың аяғынан бастап патша Екінші Рудольфтің жарлығыменi
Богемиялық әйнек көптеген бұйымдарда өзінің бастапқы қасиетін — кескіштің жасаған көпқырлылығын сақтай отырып, венециялықтан кейінгі әлемдегі ең белгілі екінші әйнекке айналды.
Нақыштама, бедерлеу, ою және өңдеу — бұл богемиялықтардың әйнекпен жұмыс істеудің әдісі. Сондықтан олар ағылшын Джордж Рейвенскрофтың өнертабысы — бүгінде біз «хрусталь» деп білетін қорғасын шыныны өндіріске енгізуге белсенді түрде кірісті, ол да үрленбей, құйылып жасалады, содан кейін ол бедерлеуден өтеді.
Әйнекті заманауилық
Әйнектің арқасында өмір сүріп жүрген ғылымды айтпасақ, әйнектің тарихы толық болмас еді. Ол — оптика. Мысырлықтар ойлап тапқан алғашқы линзалар жылтыратылған кварцтан жасалған болса да, жоғары сапалы мөлдір әйнектің пайда болуымен ғана адам осы күнге шейін оған жолы жабық жерлерге — ғарышқа және микроәлемге үңіле алды.
Бүгінгі күні жиі ойлап табылған материалдарды әйнек деп әрең атауға болса да, адамзат әйнекпен тәжірибе жасауды тоқтатпай тұр.
Триплекс — бұл сынған кезде сынықтары жан-жаққа ұшып кетпей, тек шытынап кететін әйнек — бүгінде көліктердегі қарапайым әйнекті ауыстыру арқылы адамдардың өмірін сақтап қалуда. Құрышталған әйнек. Ультракүлгін сәулені өткізбейтін әйнек. Ғарыш кемелерінің илюминаторларына арналған қабатталған асыра баяу балқитын әйнек. Смартәйнек, электр кернеуі қолданылған кезде қасиеттерін өзгертетін «ақылды әйнек» — оператордың қалауы бойынша ақылды әйнек не күңгірт, не мөлдір, не жылу оқшаулағыш, не жылу өткізгіш болады.
Смартфондарымыздың сұйықкристалды экрандары да — әйнек.
Ал Берлин мұражайындағы қара барқыттың үстінде жалғыз жатқан кішкентай күңгірт моншаққа қарасаң — құрметтеу сезіміне бөленесің.
Ол — бірінші.
Онсыз — ештеңе болмас еді.
Не оқуға болады?
1. Н.Н. Качалов «Стекло», Издательство Академии Наук СССР, 1959
2. Сергей Песков «История стекла», «Центрполиграф», 2021