«КӨК ТӘҢІРІ АЛҚАУЫМЕН»

Тарихтағы таққа отыру рәсмдері қалай өтті?

«КӨК ТӘҢІРІ АЛҚАУЫМЕН»

II Османның Осман тағына отыруына арналған мерекелер. Картинада анасы Махфируз Хатиже Сұлтан қызы Ханзаде Сұлтанмен және әпкесі Шахинжан Хатунмен бірге отырғаны бейнеленген. 1618 жылы 26 ақпан/Wikimedia Commons

2025 жылдың 20 қаңтарында Вашингтондағы Капитолий ротондасында Дональд Трамптың инаугурациясы өтті және ол Америка Құрама Штаттарының 47-ші президенті ретінде сайланып ресми түрде қызметіне кірісті. Осы сәтті пайдалана отырып, біз кейбір айтулы империялардың билеушілері мен қазақ хандарының ұлықтау рәсімінің қалай жүзеге асқаны туралы еске аламыз.

Мазмұны

Византия императорларына тәж кигізу рәсімі

Византия императорларының тәж кию рәсімінде әрбір ұсақ-түйекке ерекше мән берілді, әміршінің әрбір ишарасы мен әрбір қадамы, киім-кешегі назардан тыс қалған жоқ. Бұл рәсім өз уағындағы ең салтанатты жиынға айналды әрі көптеген елдегі тәж кию рәсіміне ықпал етті. «Инаугурация» сөзі грек тілінен аударғанда «Ἀναγόρευσις» («Жариялау») деген мағынаны білдіреді.

Император Юстинианның сарайы. Юстинианның сол жағында - Равенналық архиепископ Максимиан және басқа үш діни қызметкер, оң жағында екі сарай қызметкері мен күзетшілері бейнеленген апсид  мозаикасы. Сан-Витале базиликасы, Равенна, Эмилия-Романья, Италия/Wikimedia Commons

Император Юстинианның сарайы. Юстинианның сол жағында - Равенналық архиепископ Максимиан және басқа үш діни қызметкер, оң жағында екі сарай қызметкері мен күзетшілері бейнеленген апсид мозаикасы. Сан-Витале базиликасы, Равенна, Эмилия-Романья, Италия/Wikimedia Commons

Рәсімнің сипаты византиялықтардың монархтың билігіне деген көзқарасын білдірді. Ол Құдайдан да, халықтан да келді. Сондықтан императорға тәж кигізу рәсімінің бір бөлігі қоғамның әртүрлі мүшелерінің мақұлдауын талап етсе, екінші бөлігінде патриарх император мен оның әйелінің басына тәж кигізді.

Салтанатты рәсім Константинопольдің Ұлы Император сарайында басталды. Император сарайдың айрықша әспеттелген бөлмесінде дайындалды. Маңызды бөлігі императордың салтанатты киім мен регалияларды, соның ішінде күлгін мантия мен тәж киюінен тұрды. Әртүрлі кезеңдерде (негізінен 7-ғасырға дейін) әскердің билікке ететін ықпалы күшті болған кезде императорды қалқанда көтерген еді.

908 жылы VII Константиннің император ретінде таққа отыруы/Wikimedia Commons

908 жылы VII Константиннің император ретінде таққа отыруы/Wikimedia Commons

Содан кейін император жоғары лауазымды тұлғалармен, патриархпен және әскери қолбасшылармен бірге қоғамның әртүрлі өкілдері, оның ішінде сенаторлар, дінбасылар мен сарбаздар жиналған Айя-София соборына баратын.

Императордың сарбаздардың қалқандарында көтерілуін сипаттайтын Джон Скилиц шежіресі/Wikimedia Commons

Императордың сарбаздардың қалқандарында көтерілуін сипаттайтын Джон Скилиц шежіресі/Wikimedia Commons

Император соборға гимн үні жаңғырып, зор қошеметке бөленіп кіретін. Патриарх қызметтің орталық бөлігінде Құдайдың олардың билік етуіне деген батасын білдіріп, император мен оның әйелінің басына тәж кигізеді. Император дұға оқып, әділ билік етуге және православие сенімін қорғауға уәде беріп, Інжілге ант береді.

Рәсімнің діни бөлімінен кейін император ипподромдағы арнайы платформаға көтеріліп, халық алдына шыққан кезде бұқара оны «Ұзақ жылдар!» немесе «Лайық!» деп үн қатып қарсы алатын. Таққа отыру рәсімі мерекелік дастарқанға, қойылымдар мен ойын-сауыққа ұласатын.

Құрылтайда Моңғол империясының ұлы ханын сайлау

Белгілі парсы тарихшысы және мемлекет қайраткері Рашид ад-Дин (1247–1318) өзінің әйгілі «Джами ат-таварих» атты еңбегінде моңғол хандарының тәж кию рәсімін жан-жақты сипаттаған. Газан ханның тапсырмасымен Моңғол империясының ауқымды шежіресін жасай бастаған Рашид ад-Дин моңғол деректеріне де, мұрағат құжаттарына да қол жеткізіп, моңғол шенеуніктері әрі әскери басшыларымен де тіл қатысқан.

1206 жылы Темужинді Шыңғыс хан болып жариялау. Джами ат-таварих қолжазбасынан/Wikimedia Commons

1206 жылы Темужинді Шыңғыс хан болып жариялау. Джами ат-таварих қолжазбасынан/Wikimedia Commons

Моңғол империясының дәстүрі бойынша империя астанасында қағанды ​​(ұлы хан) сайлау үшін «Ұлы құрылтай» шақырылып, оған Шыңғыс ханның тікелей ұрпақтары да, құрметті әмірлер мен ру басылары да қатысқан. Мәселен 1251 жылы Моңғол империясының ұлы ханы болып Мөңке (Менгу деген атпен де танымал) сайланды. Жұлдызшылар бірден жұмысқа кірісіп, бақытты аспан белгісін іздеді және ол сайланды деп жарияланған кезде бірнеше бұлтты күннен кейін аспанда күн көрінді. Жоғарғы билікті мойындау белгісі ретінде жиналғандардың барлығы бас киімдерін шешіп, белбеулерін иықтарына іліп қойды.

Шыңғыс ханның таққа отыруы. Рашид ад-Диннің «Жами' ат-Таварих» кітабынан алынған екі беттік суреттің сол жағы. Табриз, 14 ғасырдың 1 ширегі. Берлин мемлекеттік кітапханасы, Шығыстану бөлімі, Diez A fol. 70, б. 20/Wikimedia Commons

Шыңғыс ханның таққа отыруы. Рашид ад-Диннің «Жами' ат-Таварих» кітабынан алынған екі беттік суреттің сол жағы. Табриз, 14 ғасырдың 1 ширегі. Берлин мемлекеттік кітапханасы, Шығыстану бөлімі, Diez A fol. 70, б. 20/Wikimedia Commons

Мөңке ханның таққа отыру рәсімі Моңғол империясының астанасы Қарақорымда өтті. Жиналғандардың бәрі — Шыңғыс ханның ұрпақтары, билеушілер, әскербасылары мен жасақтары оның алдында тоғыз рет тізе бүкті. Ханның өзі алтын зерлі таққа отырды, оның оң жағында ханзадалар отырды, олардың ішіндегі дәрежесі биіктері оған қарама-қарсы тұрса, сол жағына әйелдері жайғасатын еді. Сол күні хан осынау шаттыққа толы күні ешкім бір-бірімен жаға жыртысып, сөзге келмеуіне, үй жануарларына жүк артып, оларды аулауға немесе олардың қанын төгуге тыйым салды. Жаңа Ұлы ханның құрметіне өткізілетін ас бір аптаға созылып, күн сайын 2000 арба шарап пен қымыз ішіліп, 300 бас жылқы мен өгіз, сонымен қатар 3000 қой еті желінді.

Осман сұлтандарының «семсерді белге байлау» рәсімі

Моңғол империясының Ұлы хандарынан айырмашылығы, Осман сұлтандары тайпалық жиналыста сайланбаған. Сондай-ақ оларда тақ мұрагерін тағайындаудың ресми дәстүрі де болған жоқ. Сондықтан сұлтан өмірден өткен соң, Осман империясының тағына шехзаданың отыруы немесе сирек жағдайларда тақтан бас тарту өте тәуекелі зор әрі кейде қантөгіске бастайтын мәселеге айналды. Ағайындарынан бұрын астанаға жетіп, сұлтан тағына көтерілген соң, оларды өлім жазасына кесу маңызды болды. Бірақ табысқа жетіп, тірі қалудың маңызды факторы бәрібір жаңа шеріктердің бейілдігі еді.

Баезидтің таққа отыруы. 15 ғасырдағы миниатюра/Wikimedia Commons

Баезидтің таққа отыруы. 15 ғасырдағы миниатюра/Wikimedia Commons

Империяның гүлденуі кезінде жаңа шеріктер Осман сұлтандарының тәж кию рәсімінде басты рөл ойнады, дегенмен сұлтандарда тәж болмаған. «Жүлүс» (осм. Cülûs) деп аталған сұлтандыққа көтеру рәсімінің шарықтау шегі «семсерді белге байлау» (осм. Кılıç kuşanma) болды. Бұл ретте билікке енді келген сұлтан Әли, қажы Бекташ-и Велиді және, әрине, қылышты мадақтап, арнайы жаңа шерік антын қабылдады. Ант: «Басым ашық, жаным бос, қылыш қызыл қанға бөккен. Осы жолда қанша адамның басы кесіледі, бірақ ешкімде ісі болмайды» деген жолдардан тұрды.

Сарайдағы шытырманға жол бермеу үшін сұлтанның өлімі айрықша құпия сақталды және сұлтанмен «шұғыл кездесуге» шақырылған уәзірлер мен бас мүфтиді көбіне жаңа сұлтан қарсы алатын. Сондықтан сұлтанды жерлеу жаңа сұлтанның тәж кию рәсімінен кейін өтті. Семсерді беліне байлағаннан кейін сұлтан 7-ғасырда Константинопольді қоршауға қатысқан Мұхаммед пайғамбардың серігі Әбу Айюб әл-Ансаридің қабірін зиярат етуге міндетті болды.

Ұлы Моғол империясы падишахының тәж киюі

Жауынгер осман түріктерінен айырмашылығы — Бабуридтер империясы падишахтарының таққа отыруында мұсылмандық, үнділік болсын, астрология басты рөл ойнады. Дәстүрге сәйкес Ұлы Моғолдар империясында билеушіге Наурыздың бірінші күні тәж киілді. Бірақ бұның әлбетте ғажайып Тәж-Махал мен аты аңызға айналған Тауыс Тақтың негізін қалаған Жаһан Шахқа (тура мағынасында — Әлемді билеуші) қатысы болмады. Ол таққа отырарда астрологтар жұлдыздардың табысты тоғысатын күнін ұзақ санап қоймай, тәж киюдің мұсылмандық айын оның билік еткен жылының бірінші айы болып бекітті және оның тәж кию рәсімі екі рет өтті: алғаш рет — ақпанда, екінші рет — тамызда. Себебі астрологтар сол жылы рәсім үшін бұдан қолайлы күн болмайды деп санады.

Моғол императоры және оның сарайы. Шамамен 1774 жыл/Wikimedia Commons

Моғол императоры және оның сарайы. Шамамен 1774 жыл/Wikimedia Commons

Алайда Жаһан Шах екінші рет қол астындағыларға нақты лауазым беріп, ақша таратты, ал оған саф әрі бағалы асыл тастар сыйға тартылды.

Кескіндеме Әбу әл-Хасанға тиесілі болуы мүмкін. Шах Жахангір. 1617/Wikimedia Commons

Кескіндеме Әбу әл-Хасанға тиесілі болуы мүмкін. Шах Жахангір. 1617/Wikimedia Commons

Қос тәж кию рәсімін Жаһан Шахтың ұлы Аламгир деген атпен белгілі Аурангзеб жалғастырды (тура мағынасында — Әлемді жаулашы). Ол ағаларымен билік үшін жалғасып жатқан күрес салдарынан өзінің алғашқы тәж кию рәсімі салтанатты өтпеді деп санады және сарай астрологтары 1659 жылдың мамырында ол үшін қолайлы күнді таңдады. Ол Аградағы Қызыл Форттағы 40 бағаналы бұқаралық аудиенциядан (Диван-и-Ам) жүріп өтіп, әсем асыл тастармен безендірілген әкесінің алтын «Тауыс тағына» көтерілді. Ойын-сауық пен мерекелік ас екі айға жалғасты.

Әбу-л Хасан. Джахангирдің таққа отыруына арналған мерекелер. Жаһангир-нама.. Аджмер немесе Аградағы Моғол соты, шамамен 1615-18, Шығыстану институты, Санкт-Петербург/Wikimedia Commons

Әбу-л Хасан. Джахангирдің таққа отыруына арналған мерекелер. Жаһангир-нама.. Аджмер немесе Аградағы Моғол соты, шамамен 1615-18, Шығыстану институты, Санкт-Петербург/Wikimedia Commons

Қазақ хандарын ақ киізге көтеріп хан сайлау

Түркі-моңғолдардың ежелгі тақ мұрагері дәстүрі бойынша қазақтар арасында хан атағы мұрагерлік жолмен тікелей берілмеген. Моңғол империясының ұлы хандары сияқты үміткер қазақ тектілері бас қосқан (хан сайлау) ресми сайлау рәсімінен өтуі керек болған. Әрине, қазақ ханы сөзсіз ата тегі бойынша тек Шыңғыс ұрпақтарынан сайланды, алайда анасы да төре болса, ондай адамды хан ету мейлінше заңды саналды. Таққа отыратын жердің де символдық мәні болды, сондықтан ол ұзақ талқыдан кейін таңдалды.

Хан көтеру/Ашық дереккөздерден

Хан көтеру/Ашық дереккөздерден

Құрылтайда хан сайланғаннан кейін жаңа ханды ресми жариялау рәсімі өтті. Оны ақ киізге көтеріп (хан сайлау), хан еткен. Бұл оның саяси ниетінің тазалығын танытатын еді. Рәсім көбіне жұма күні өтетін. Қазақ этикетінде Шыңғыс сұлтандары ерекше артықшылыққа ие болды, сондықтан қарапайым халықтың олармен қарым-қатынас жасау ережелері қатаң бекітілді. Бұл иерархияда «ақ сүйекті» бейнелейтін ақ киіз маңызды рөл атқарды.

Ханды ақ киізге көтеру ең ықпалды сұлтандар, билер, батырлар мен ру басыларының еншісіне тиді. Оған салтанаты келіскен киім кигізіп, жиналғандарға малын таратып берді. Олар «Хан! Хан! Хан!» деп бірауыздан дауыстап, ханды үш рет көтерген. Ал рәсімнен кейін киізді кішкене бөліктерге кесіп, қонақтар осы оқиғадан естелік ретінде өздерімен бірге алып кеткен.