ТЕЛЕГОНИЯЛАР

Әйел әрқашан бірінші жарынан бала туады деген рас па?

Мүйізді адамдар. Француз карикатурасы. 1815 жыл / Alamy

Әйел әрдайым бірінші жыныстық қатынасқа түскен еркектен бала туады, тіпті басқа еркекпен жақындасса да, оның барлық ұрпағы өзін пәктігінен айырған еркектің белгілерін өн бойында сақтайды… Бұған сенбейсіз бе? Ал телегония жанкүйерлері сенеді!

Телегонияны алғаш сипаттаған — Аристотель, бұл туралы «Британика» энциклопедиясы мен «Википедиядан» оқи аламыз. Бұл мақаланың авторы Аристотельдің бар еңбегін дерлік шалып шықты, бірақ грек ойшылынан артық ештеңе таба алмады, мүмкін нашар ізденген шығар. Болмаса, Аристотель телегония туралы ештеңе жазбаған, десе де оның бала көтеру мен жүктілікке қатысты тұжырымдамасында расында таңғаларлық ақпараттар баршылық.

Қайткен күнде де телегония ғылыми тұжырым ретінде 19 ғасырда пайда болды, сондықтан оған Аристотель жауапты емес. Оның негізін салушы Август Вейсманды қазіргі генетиканың негізін салушылардың бірі деуге болады, ол сондай-ақ әйелдің бұрынғы жыныстық серіктерінің тұқым қуалайтын белгілері оның кезекті жыныстық серігінен туған ұрпақтарына берілуі мүмкін екенін алға тартты.

Вейсман мұны қалай дәлелдеді? Дәлелдеген жоқ. Ол бар-жоғы болжам жасады. Өйткені бұл болжам не себепті ата-анасына да, туыстарына да мүлдем ұқсамайтын ұрпақтың дүниеге келгенін оп-оңай түсіндірді. ДНҚ спиралі, гендердің сансыз мөлшері әрі олардың «мамандануының» алуан түрлілігі, жыныс жасушалары мен ұрықталу кезіндегі гендердің ессіз ойыны туралы ол кезде ешкім білген жоқ, сондықтан телегония теориясы ыңғайсыз сәттерді еңсерудің таптырмас құралына айналды. Ал жалпы алғанда бұл кішігірім гипотеза, елеусіз деталь ғана. Вейсманды қалыптасқан белгілердің тұқым қуаламайтыны туралы төл гипотезасы (айтпақшы, абсолют дұрыс) қызықтырған сәтте бұған жол берген Дарвинмен ол барынша күресе бастады. Ең бастысы, Вейсман тышқандардың құйрығын кесумен аты шықты. Ол кеміргіштердің жүздеген түрін өсіріп, олардың ұрпағының құйрығын кесіп тастап отырды, бірақ қысқа құйрықты тышқандар түрі пайда болған жоқ.

Ал телегония — барып тұрған сотқарлық. Вейсман бұл құбылысқа әдемі атау берді (телегония ежелгі грек тілінен аударғанда «қашықтан дүниеге келу» деген мағынаны білдіреді), бірақ оған тереңдеп бармады.

Бұл идеяның қоғамда мұндай дүрбелең тудыратынын өзі де күтпеген сияқты. Ал дүрбелең туды. Екінші не үшінші рет тұрмысқа шыққан мыңдаған жесір әйел әрі олардың күйеулері телегония белгілерін іздеу үшін балаларына тарпа бас салып, оларды тексере бастады. Ғибрат ілімге толы кітапшалар соңғы кезде жарық көрген ғылыми жаңалықтың аясында бойжеткеннің пәктігі туралы насихат әңгімеге толып кетті. Эмиль Золя «Мадлен Фера» атты жантүршігерлік шығармасын жариялады. «Кішкентай Люси Жакқа ұқсайтын еді. Гийом тіпті Мадленнен қызы болса да, оның түр-сипаты мен ұсқынын өзіне ұқсас ете алмады. Ол ұрықтандырған жас әйелдің құрсағы балаға өзінен құйып қойғандай аумайтын еркектің бар сипатын берген екен. Өз көңілдесіне оралу үшін әкелігі күйеулік қызметінің үстем түсті. Мадленді ұрықтандыруда Жактың қаны сөзсіз маңызды рөл ойнады. Пәк қыздан әйел жасаған еркек нағыз әке саналды», – деп жазды ол.

Адамдар телегонияға сөзсіз әрі бірден иланды. Адам мен маймылдың туыстығына сенбесе де, телегония моральға арқа сүйейтін дәстүршілдер үшін көзірге айналса, зайырлы қонақ бөлмелерінде оғаш нәрселерді талқылауды айыптайтын жақсы қоғам үшін таптырмас әдіске айналды. Бұл ғылым емес пе?! Пәктік пен даналықтың шексіз маңыздылығын, сондай-ақ екінші некеге деген ниеттің болмауын ақыр соңында ғылым мойындады, ал бұл христиандар арасында ұзақ әрі қызу талқы тудырған еді.

(Айтпақшы, мұсылман әлемінде телегония идеясы ислам догмаларына, неке, ажырасу мен әке болуға қатысты шариғат заңдарына үзілді-кесілді қайшы келгендіктен, тамыр жая алмады. Шариғатта жесір немесе ажырасқан әйел өзінің бұрынғы күйеуінен жүкті еместігін анықтау үшін қанша уақыт тұрмыс құрмай күту керектігіне дейін жазылған, одан кейін ғана өзіне жаңа жұбай іздеуге құқылы).

Сондай-ақ телегонияның бар болғандығының жалғыз ғылыми дәлелі Чарльз Дарвин мен оның француздық әріптесі Феликс ле Дантек сипаттаған лорд Мортоның биесі еді.

1820 жылы қарагер биені дала зебрасының жойылып бара жатқан түрімен будандастырады. Кейде мұндай будандастыру әрекеті ұрпақ жалғастығына әсер етеді, Лорд Мортонның жолы болды, себебі жолақты будан құлын дүниеге келді. Дегенмен ол квагга популяциясын сақтауда рөл ойнаған жоқ, дала зебралары 19 ғасырдың соңында жойылып кетті. Бірақ бұл тәжірибеден кейін де сол биені ақ айғырмен будандастырады. Дүниеге келген құлынның сирағында квагга зебрасының жолақтарына ұқсас дақ пайда болады.

Заманауи генетиктер Мортон биесі туралы естіп: «Қарагер биені ақ айғырмен будандастыру ма? Кейбір рецессивті аллельдер шығуы мүмкін немесе атавизмнің қандай да бір түрі шығар. Ондай-ондай болып тұрады», – дейді иығын көтеріп.

Кейін «Мортон биесінің тәжірибесін» талай рет қайталамақ болды. Жылқылар, доңыздар, иттер, көгершіндер будандастырылды. Бұл ғылымды ілгерілету үшін емес, коммерциялық мақсатта жүзеге асқан еді. Асыл тұқымды бұқа немесе жүлделі айғыр өте қымбат тұрды, оны өз сиырымен немесе биемен жұптастыру арзанға шықпайды. Тың биені үш тәждің жеңімпазы, барлық уақытта, барлық халықта болған ең үздік, теңдесі жоқ айғыр — Айзинглассқа бір рет алып барып, жұптастырасың, ал кейін оны түк аяқ Тобимен будантастырасың, ал әлгі бие айзингласстық құлындарды дүниеге әкеле береді. Керемет емес пе? Бұл тәжірибе бәрінде бірден жемісті болған жоқ. Барлық ұрғашылар дүниеге еркегінен аумайтын күшіктер, құлындар мен көгершіндер әкелді.

Енді адам генінің құпиясы ашылған заманда, ДНҚ тесті бар күмәнді сейілткен кезде телегонияның сөз жоқ миф екендігіне дауа жоқ, алайда оның жанкүйерлері бұл ұғымды серпіп тастауға асығар емес.

Экрандардан үкімет, ғылым академиясы, қатыгез генетиктер бізден бар құпияны жасырады деген әшкере жаңалықтар легі толастамады. Телегонияның болуы туралы белгі берген кез келген жаңалық жан-жақтан желдей еседі.

Иә, еркектің ұрығын жылдар бойы сақтай алатын ұрғашылар бар. Көптеген жәндіктер солай істеуге қабілетті, мысалы ол қатарда құмырсқалар бар. Жұптасу кезінде құрсақ басқа да еркектермен қарым-қатынасқа түседі әрі олардың генетикалық материалын өмір бойы бойына жинайды. Ал церациевид түріндегі теңіз шайтаны балығының еркегі әдетте аналыққа жабысып, оның денесіндегі өсіндіге айналып, семіп қалады. Бұл өсіндіде ұрғашының қан айналымы бар, теңіз шайтанының еркегі одан қоректік заттар алады, есесіне ұрғашыны жыныстық жасушаларымен қамтамасыз етеді.

Телегония дәл осындай форматта табиғатта кездеседі, бірақ бұл теорияны жаны сүйетін адам өз жұбайына артық мәселе тудырғысы келмесе, оған телегония беретін «ләззатардан» бас тартуға тура келеді.

Әсіресе, телегония Ресей Федерациясында ерекше сүйіспеншілікке ие. Ресей Федерациясындағы балалар құқықтары жөніндегі бұрынғы өкілдің бірі Анна Кузнецова телесұхбат беріп, «телегонияшыл әйел» деген лақап атқа ие болды. Ол сұхбатында: «Салыстырмалы түрде жақында пайда болған ғылым түрі телегонияға сүйене отырып, жатыр жасушалары ақпараттық-толқындық жадқа ие деп айта аламыз. Сондықтан бұл жасушалар онда болғанның бәрін есте сақтайды. Мысалы, әйелдің бірнеше жыныстық серігі болса, ақпараттың араласуына байланысты одан әлсіз бала туылуы мүмкін. Бұл факт болашақ сәбидің адамгершілік негізіне әсер етеді», – деген еді.

Ресей Федерациясындағы «ақпараттық-толқындық жадының» жырлаушысы Петр Гаряев ресми есептер мен академиялық мақалаларда «псевдоғалым немесе шарлатан» деген атқа ие, ал оның «толқындық геном» атты тұжырымы жай ғана қателік немесе жалған теория ғана емес, бұл ғылымға да, сау ақылға да мүлдем сәйкес келмейтін әрі бір-бірімен байланыспайтын ойлардың ағыны ғана.

Бірақ телегонияны қорғайтындарға әдетте дәлел де, логика да, тәжірибе де керек емес. Олар биологтармен де, генетиктермен де емес, ертегі тыңдауға құштар сенгіш әрі білімсіз аудиториямен сөйлеседі, өйткені олар ертегіне жақсы көреді және соған сенеді (олар мектептегі биология оқулығында жазылған генетика негіздерінен қарағанда әлдеқайда оңай әрі қызық емес пе).

Десе де, телегония теориясы ақиқат болған күннің өзінде әйелдерге дана әрі моногамды болу эволюциялық тұрғыдан тиімсіз еді. Керісінше, кез келген жас бойжеткенге ең сымбатты, дені сау, ақылды әрі күшті еркектің аз уақытқа болсын назарын өзіне аударуға тура келетін еді, себебі болашақ жарының кім болғанына қарамастан, сол еркектен өмір бойы сымбатты, дені сау әрі ақылды балаларды дүниеге әкелуі керек қой. Бірақ патриархал дүниетанымға жаны құштар жандардың телегонияға неге сонша жабысып қалғаны белгісіз.

Никола Пуссен. Иса Мәсих пен күнәһар әйел. 1653 жыл / Alamy

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?

1. Август Вейсман «Лекции по эволюционной теории», «Издание А.Ф. Девриена», 1918.

2. Муравник Г. Л. «Мифотворчество вместо проповеди», «Центр христианской психологии и антропологии», 2011.

Көшірілді