Qalam әртүрлі жылдары еңбек еткен азиялық алпауыт кинорежиссерлер жөніндегі очерктер сериясын шығаруды қолға алды. Аталған очерктерді редакциямыздың тұрақты авторы — кинотанушы Алексей Васильев жазатын болады. Осы бір сериямыздың беташар очеркін қырғыз режиссері Болатбек Шамшиевке арнағанды жөн көріп отырмыз.
Болатбек Шамшиев әлем көрген алғашқы қырғыз және ол бала қалың ұйқыда жатыр. Кеше ғана оныншыны тәмамдаған, жүк көлігінің жүргізушісі мен оның серіктесі арасында отырған жас өрен қамсыз қорылға басқан. Әлгілер болса кедір-бұдыр жолда тербелген көлікпен бірге баланың шайқалған басына қарап, «Қашық кете ме әлде қаша алмай ма?» дегендей еріне қалжыңдап, бәстесіп келеді. «Қашып кетеді!» дегенге сенімді болған еркектер даланың ортасында тігілген киіз үйдің жанына келіп тоқтады: ақырғы меже, мұнда құнарсыз Анархай өлкесін жыртуға келген бригада келіп қоныс тепкен. Кабинадан секіріп түскен жас өрен, алдымен көрерменге қарап аңғал бала көңілімен екі езуі құлағына жетіп күлімдейді. Үстінде тарғыл жолақ майка, бұтында джинсы, аяғына кета киген ол бірер минуттан кейін суды ағызып тастауға бұйырғандықтан, шалт әрі күлкілі қимылдап трактордың астымен жер бауырлап жорғалайды. Сонымен қатар оны ірі планда көрсеткенде, құдды бір кішкентай шал қарап тұрғандай әсер қалдырады (бәлкім қазандай басы солай көрсетеді, я езуінің маңайындағы терең қатпарлары оны ересек етеді). Қалай болмасын, жастық пен кәріліктің мінсіз үйлесімі данагөйліктің бейнесін қалыптауға септеседі. Мұнда әлемнің бір қателіктерді қайта айналып келіп жасай бергенін бірнеше мәрте көрген тәжірибелі, қарттықтың даналағы, келешекке ұмсынған, буырқанған, ауру мен зардаптарды елемейтін, өмірдің өзі соған кепілдік еткен жастықтың ақылымен келіп тоғысып тұр.
Бұл 1962 жылы таспаланған «Қапырық» деп аталатын фильм, ал кадрдан көрінген 17 жастағы Кемел есімді кейіпкердің жасы шын өмірде жиырма бірде болатын. БККИ-дің (Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты) 2-курс студенті Болат Шамшиев Ш. Айтматовтың «Ботагөз» повесінің желісі бойынша түсірілген фильмде басты рөлін сомдаған. Фильмді Болаттың өзі секілді БККИ-дің студенті Лариса Шепитько дипломдық жұмысы үшін түсірген. Аталған фильм Қырғыз киносын әлемдік кино өнеріне жетелеп әкелген беташар фильм ғана емес, ол сондай-ақ нағыз «қырғыз кереметіне» жол салып берді: жазуы тек 20 ғасырда пайда болған, алғашқы ойналмалы фильмі 1956 жылы түсірілген (бұл Одақ құрамындағы елдердің арасындағы ең кеш басталған бастама) КСРО-ның Мәскеуден ел шалғай жатқан мемлекетінде кино өнері бұрын-соңды болмаған дәрежеде қарыштап дамыды.
Кемел қашып кетпейді. Ол арам шөптерді өртеп, түнгі шоқты алғашқы махаббатының алауына айналдырады. Ол қатігез-бригадирдің тракторына жалғанған арбада шаңға көміліп: «Аюлар велосипед мініп кетті. Ал олардың артында теріс қарап мысық отыр» деп айқайлайды. Кемел бұл қуаң дала өнім береді дегенге көзсіз сенеді. Ақырында бұл даланы Кемел емес, көзсіз жастыққа, атақ пен құрметке өкпесі, өркөкіректік пен садизмге айналған сталиндік еңбек ері бригадирдің өзі тастап қашады. Ал Кемел осы далада қалады.
Шамшиев те қашып кетпеді (кейде түбегейлі алшақ кеткеніне қарамастан, «Қапырақтан» тамыр тартқан қырғыз фильмнің себілген ұрығын одан әрмен өркендету үшін режиссер болып тер төкті). Өйткені ол фильмдерінде — жұмысшыны, үлкен жүйенің бір кетігін, еріксіз жандарды, кішкентай адамдарды және олардың өз үнін тапқанын сөз етті. Қалалық өмірден шалғайдағы, табиғатпен етене қайнаған тірлікті көрсетті. Ол туындыларының жартысын Ш. Айтматовтың кітаптар желісі бойынша түсірді. Оның фильмдерінде жол, алысқа қатынайтын жүргізушілер, жүк көліктері, саяхат пен көшпелі жандар жүреді. Көбіне-көп оның негізгі кейіпкерлері кәмелет жасқа жетпеген ұландар, балалар я соған жете-қабыл жандар.
Балалар мен кішкентай адамдар оның фильмдерінің қаһармандары болып қана қоймай, сондай-ақ камерадан тысқарыдағы өмірде жолдастарына айналады (Шамшиевтің өзі де әрең дегенде отыз жасқа толды). Соңғы фильмін ол 47 жасында түсірді. Жо-жоқ, оның ғұмыры қысқа болмады. Ол қызыққа толы ұзақ өмірінде көп дүниенің куәсі болды. Қырғыз елінің спорт және туризм министрі қызметін де атқарды, Араб әмірліктерінде елшісі де болды, қырғыздың ұлттық эпосы «Манас» жырын (Иса Мәсіхтің өзі аңызға айналған батырдың ұрпағы екенін деректері тізбегі арқылы дәлелдеп-бақты), сондай-ақ доптың орнына серкенің денесін, қақпаның орнына қазандық қолданылатын атты футбол ойыны көк-бөріні (көкпар ойынының қырғызша атауы — Ауд.) насихаттады. Бірақ ол кино әлемінде шау тартып, өз атының ескіріп қалуына жол бермеді. Өйткені Қырғыздың киноға еліткен жастары 1980 жылдардың ортан тұсына қарай қатты өзгеріп, оған мүлдем қызықсыз болып қалды (бірақ бұл тақырыпты уақыты келгенде қаузай түсеміз). Қалмай болмасын, біз тек жас болған әрі айталық, Феллини жөнінде сөз қозғалса болғаны, еш ойланбастан «8 ½» фильмін айтқанымыз секілді, «Міне, міне Шамшиев осы» дейтіндей маңызды шығармасын түсірмеген туындыгер жөнінде сөз етіп отырмыз. Шамшиев — қырғыз топырағында қайта түлеген, бүкіл Орталық Азияның кино әлемін жаңғыртқан, үлгі ретінде алынған стильді тудырған адам. Дегенмен бағдарын күрт өзгерткен Шамшиев, өзіндік қолтаңбасының қалыптасуына өзі кедергі келтірді. Арманындағы фильмге ұмтылып, бағытын толықтай құбылту арқылы ол қолтаңбасын қалыптастыруға қарыс қадам қалғанда жолынан тайқып кетті. Процестегі кино, a work in progress — 1960–1980 жылдар аралығындағы авторлық киноның өркен жайған кезеңдегі шеберлердің мәңгілік қозғаушы күшіне айналған да осы дүние.
Шамшиевтің шығармашылығын контекстен тысқарыда қарастыру мүмкін емес: оның фильмдері кинолар топырлап шығып жатқан, КСРО-ның бұл саладағы ең өнімді 1980 жылдардың өзінде, жылына тек 3–4 қана ойналмалы фильм шығара алған ең жас, ең кедей, техникалық тұрғыдан ең жұтаң (Қырғыз фильм) киностудия мүмкіндігіне ден қойған жақтастарының шығармашылық тұрғыдан бір-біріне әсері аясында түсірілді.
Ақынның баласы мектеп бітірген соң Фрунзе киностудиясына қарай бет алды (микрофон байланған тұғырды ұстап тұратын дыбыс операторының көмекшісі). Оның «қырғыз кереметін» тудырған серіктері де 1950 жылдары сонда жиналған болатын (олар ұста, жарық қоюшы, арба сүйреуші ретінде орналасты). Тек Төлөмүш Океев қана Ленинградта дыбыс оператор мамандығында оқып, «Қапырық» фильмінде сол қызметті келіп атқарды. Атауы да жоқ (тек 1961 жылы ғана «Қырғызфильм» деген атау берілді) жаңа студия, малшы болғаннан гөрі техникамен әлекке түскенді жөн көрген жергілікті жігіттерді магнитше тартты. Өйткені Қырғызстан — бұл мал бағатын ел. Айталық, мұнда қырғыз театр актерлері мен жергілікті халықтың тұрмысын таспалаған Мәскеуден келген кинодесант, алғашқы туындысын малшыларға арнаған.
Ақырында «Салтанат» (1955 ж.) деп аталатын фильм жарық көрді және қырғыз киносы дәл осы туындыдан бастау алады. 1941 жылы Ресейлік кино мамандары Орта Азияға (Алматыда Орталық біріккен киностудиясы — ЦОКС құрылды) қоныс аударып келген соң пайда болған хроникалық кино студиясы осы бір жетістігінен кейін, көркем фильмдерді түсіруге рұқсат алды. Аталған кино студияның өз күшімен түсірген «Менің жаңылыштығым» (Менің қателігім) деген алғашқы фильмінің бағасы атауында-ақ тұр. Ал, керісінше, БККИ-дің түлектері, грузин Эльдар Шенгелая мен орыс ұлтынан шыққан Алексей Сахаров, дипломдық жұмыс ретінде қырғыздың ертегісі желісімен «Мұз жүрек жөніндегі аңыз» (1957 ж.) деп аталатын толық метражды фильмді түсіріп, «Салтанат» туындысы секілді ұлттық айрықшалықты киноматографиялық шеберлікпен сәтті ұштастырды. Алайда алғашқы туындыларды түсіру кезінде «Орталықтан» сценаристер мен режиссерлерді шақыру шешімі ақталмады: «Тоқтағұл» (1959 ж.), «Тянь-Шанның қызы» (1960), «Жоро» (1964) — мұның бәрі советтік кино эстетикада ізім-қайым жоғалып бара жатқан «Қырғызстан Сталинге сыйлық» деген ауандағы олеографиялық, жаттанды әрі зарлы туындылар.
Осыдан кейін екі бірдей оң шешім қабылданады. Біріншісі: ең алғыр әрі осы іске құмартқан қырғыз балаларын БККИ-ге оқуға аттанды (осылайша Ленинградқа «қырғыз кереметін» тудырған басты қаһармандар Шамшиев, Меліс Убукеев, Геннадий Базаров аттанады). Екіншісі: бар-жоғы сегіз ғана адам жұмыс істейтін Қырғыз киноматаграфистерінің одағы, бірінші хатшысы етіп ол шақта «Жамилә» (1958), «Қызыл орамалды шынарым» (1961) туындыларын жарыққа шығарып үлгерген Шыңғыс Айтматовты тағайындады. «Қызыл орамалды шынарым» туындысының желісі бойынша осында, Фрунзеде, Алексей Сахаров «Өткел» деп аталатын фильмді түсірді. Ш. Айтматов аталған қызметке тағайындалғанда 30 жастан енді асқан кезі және кейініректе де ол шығармашылық тұрғыдан тоқырап қалмады. Тіптен 1970 жылдардың ортасында Тарковскийдің «Айна» деп аталатын фильмі сыналып жатқан мезетте, ол «Кино өнері» журналында студиядағы әріптестері қалайтын қоқыс сценарийлерге «Айна» фильмі үлгі болу керегін алға тартты. Ол шақта жастықтың оты жалындаған Ш. Айтматовтың атағы Совет Одағы аясында ғана емес, одан тысқарыда да дүркіреп тұрды. Көрген-түйгенін саралап болған соң, ол Мәскеудің кино орталығының кәсіби киноматографиялық тәжірибесін қолданбақ болды. Алайда ол тәжірибені, алдымен студенттік қабылдаудан өткізіп алуды жөн көрді. Ш. Айтматов «Қырғыз фильмді» БККИ түлектерінің толық метражды дипломдық жұмыстарын түсіретін алаң ретінде ұсынып, сценарийге негіз етіп өз кітаптарын берді. Аталған ұсынысқа қызығып мұнда Шепитько, сосын Кончаловский және литвалық режиссер, ақыр аяғында қырғыз қызына ғашық болып қалып, осында қоныс тепкен, жоғарыда сөз еткен «кино кереметінің» басты қаһармандарының бірі Альмантас Видугирис келді. Ақырында олардың түсірген фильмдері халықаралық кино сайыстарына жөнелтіле бастады.
Дипломдық жұмыстың алғашқы туындысы «Қапырық» фильмі болды. БККИ-де киноны меңгерген Шамшиев, әлемді танып, сонымен қатар генофондты таныстырған өкіл ретінде (өйткені Қырғыз әлемін, оның табиғаты мен рухын әлемге Ш. Айтматов кітаптары арқылы паш еткен) қырғыз елін әлемге әйгіледі. Алдымен ол Орталық Азияны бағындырды. Мәселен, ол 1963 жылы Душанбедегі жергілікті фестивальде актер ретіндегі беташар туындысындағы шеберлігі үшін марапат иеленді. Сосын бүкіл Совет одағына аты шықты. Ленинградта 1964 жылы өткен алғашқы Бүкілодақтық кинофестивальде, Шепитько режиссер ретінде сыйлыққа ие болды. Осыдан кейін бірнеше ай өткен соң — социалистік лагер Карловы Варада өткен халықаралық сайыста «Қапырық» фильмі жас киноматографистердің симпозиумында Үлкен премияны алды. Ең бастысы, «Қапырық» фильмі, 1965 жылы Майндағы Франкфурттегі фестивальда әділқазылар алқасының арнайы сыйлығын иемденді.
БККИ-ді тәмамдаған соң, ол 1966 жылды ГФР мен Қырғызстанның арасында өткізді. 1965 жылы Шамшиев дипломдық жұмыс ретінде «Қырғызфильмде», адамзат тарихындағы ең үлкен эпос атанған «Манас» жыры аузынан жазылып алынған аңыз адам Саяқбай Қаралаевтың 70 жылдық мерейтойының құрметіне «Манасшы» деп аталатын деректі фильмді түсірді.
Аталған кең экранды қара-ақ түсті фильм ұлттық бас киім киген, үлкен дөңнің үстіне шығып өнер көрсеткен Қаралаевты бірнеше сағаттан астам уақыт тыңдап отырған (отырған әйелдердің бірі баласына емізіп отыр) жүздеген адамнан тұратын топтың монтажынан тұрады. Кең экранның жақтауынан, құдды бір, альбомға салынғандай туындаған кадр сыртындағы дауыс, «Манас» жыры мен манасшының биографиясын көрсеткен фото құжаттармен параллелдер келтіреді: айталық, достарынан айырылып қалған Манастың көз жасы — Қырғыздардың 1916 жылы патшаға қарсы ұлттық көтерілісімен аяқталған террор хроникасымен, ал Бұхараға қайта оралған Манастың баласы Сәметейдің өзінің тегі мен отаны жөніндегі шындықты білгендегі қуанышы – Азамат соғысы кезінде қызыл әскердің рухын көтеру үшін эпосты оқыған Қаралаевтың бейнесіне қатар қойылады. Аталған деректі фильм манасшы мен тыңдармандардың, жиылған жұрттың, тау мен Ыстық көлдің үлкен (жалпы) пландарынан құралған. Ал фильм манасшы күз мезгілі келген сайын қысты өткеруге аттанатын қыстаққа келіп, қолға үйретілген бүркітін алып, қасқыр аулауға аңшылыққа шыққан сюжетімен аяқталады. Фильмде Ромен Ролланның: «Біздің ішімізде өткеніміз қайтып тірілмейді, керісінше, біз қалауымызды, сұрақтарымызды, қалыптасқан тәртібіміз бен толғаныстарымызды араластырып, өткенге көлеңкемізді түсіреміз» деген қанатты сөзі эпиграф ретінде қолданылған.
1966 жылдың ақпан айында Шамшиев, «Манасшы» фильмімен Оберхаузендегі беделді қысқа метражды кино фестивальге аттанды. Ол сайыста фильм марапатқа ие болды. Аталған фестивальдің деңгейін білуіңіз үшін, сол жылғы сайыстың лауреаттарын атап өтелік: Шамшиевпен бір тізімде арасын үтір ғана бөліп, сол шақтағы деректі фильмнің гуруы атанған француз режиссері Крис Маркер және қайта оянған венгер авангардының королі Золтан Хусарик, польшалық Ежи Гоффман, сондай-ақ кассалық фильмнің мойындалған көшбасшысы, келешек «Маппет-шоудың» негізін қалаушы Джим Хенсон сынды тұлғалар тұрды.
Дәл сол қаладан Шамшиев бірден «Шабан» деп аталатын 20 минуттық деректі фильмді түсіру үшін отанына аттанады. Ол Тянь-Шандағы соңғы 13 жыл ішіндегі ең ұзақ қыстың кесірінен зардап шеккен, 30 жастағы Социалистік еңбек ері Рахматалы Сартбаевтың отарындағы сұмдық жағдайды таспалап қалу үшін асықты. 19 наурыздан 5 сәуірге дейін ол Үлкен-Қыршын (Чон-Кырчин) шатқалында қамауда қалған қойшының жұбайын, бала-шағасын және ашыққаннан қар жеген қойларын түсірді; жол жабылып қалғандықтан ара-тұра мұнда тікұшақпен әкелген шөп, қой басына күнінен 200 граммнан ғана жеткендіктен, аспанда арсыз құзғындар айналсоқтап ұшып жүрді. Қойлардың аштан қатқанын аңдыған бір құзғын тастың үстіне қонғаны сол еді, қойшы оны ағашпен ұрып қалады. Өзінің күшіне сенген әлгі құзғын соққыны еш елемей, бар болғаны еріне басып бірнеше қадам алыс кетеді. Аталған фильм адамдардың түрлерінің үлкен (ашына ойға батқан, бет қыртысын терең әжім жапқан) және қойшы әйелімен тілдескендегі жалпы пландардың монтажынан тұрады. Егер өте қысылтаяң шақта қалған кәсіби емес актерлерге мәтін беретін болсаңыз, тіптен олар мәтінді оқыған күннің өзінде, экран бетінен көзге қораш көрінетін жалған ойын мен фальш есетін болады. Режиссердің орташа пландардан бастартуының бірден-бір себебі осы. Дегенмен Шамшиев аталған тәсілді өзінің алғашқы ойналмалы «Қараш-Қараш оқиғасы» (1968) фильмінде қолданып, өзіндік көркем тәсіл ретінде кәдеге асырады, бірақ ол жөнінде төменде сөз ететін боламыз.
Сол жылдың қазан айында Шамшиев «Шабан» фильмін 1960—1970 жылдары аралығында жаңа кинолар сынға түскен, Бертолуччи, Петер Шамони,iПетер Шамони (1934–2011) өнер адамдары жөнінде көп фильм түсірген неміс режиссері және сценаристіЭвальд ШормiЭвальд Шорм (1931–1988) – жаңа толқынның көрнекі өкілі, чех кинорежиссерісынды тұлғалар қазылық еткен өте маңызды фестивальге апарды. Онда Шамшиевтің фильмі «айрықша туынды» номинациясын иеленді. Бұл өте бағалы марапат. Мәселен, сол жылы фестивальдің басты сыйлығын, Чехославакияға алғашқы «Оскар» марапатын әкелген Иржи Менцелдің «Жіті бақылаудағы пойыздар» деп аталатын толық метражды фильмі иеленді. Сондай-ақ сайысқа чех мультипликаторы-авангардист Ян Шванкмайер, Белгия киносының негізін қалаушы Андре Дельво және әлемдік деректі фильм көшбасшысы Йорис Ивенс қатысты. Айталық бір жыл бұрын Франкфурте, Шамшиев «Қапырық» фильмі арқылы әлемге Қырғыз баласының бейнесін паш етіп, нәсілдік-гендік түріне, ал «Манасшыда» — елдің мәдени тамырына деген қызығушылықты оятса, «Шабан» фильмінде күнделікті күйбеңді көрсетті. Аталған фильмде, тіптен заманауи өмір бұза алмаған табиғатпен біртұтас болып, қиындығымен жалғыз алысқан қырғыз халқының сан ғасырлар бойы ұстанып келген көшпелі өмір салтының көрінісі таспаланды.
Дәл сол 1966 жылы қырғыз кереметі жарық көрді. Океев «Балалық шағымның аспаны» (Бакайдын жайыты) деп аталатын өзінің алғашқы ойналмалы поэтикалық фильмін көпшілік назарына ұсынды. Убукеев бүкіл одақтық экранға эксперименталды, Ш. Айтматов қарсы шыққан «сценарист әріптестердің кинодраматургиясын» толықтай терістейтін «Ақ тау» фильмін шығарды. Видугиристің «Обращенные к солнцу» (Күнге қарағандар) деп аталатын деректі фильмі Орта Азиялық фестиваль Ашхабадта марапатқа ие болды. Базаров болса, Ш. Айтматовтың «Құс жолы» повесін таспалауға кірісті (Қырғыз азаматы түсірген алғашқы фильм). Аты аталған бес бірдей режиссер деректі және ойналмалы фильмді бірінен кейін бірін шығара бастайды. Убукеев «Ақ таудан» кейін, 1980 жылдардағы заманауи қырғыз қаласын дәл бейнелеген «Қыршын өмір, қиылған махаббат» деп аталатын туындысымен қайта оралу үшін, 17 жылға деректі фильмге ойысты. Жұрттың бәрі де деректі фильм таспалаушы режиссер ретінде таныған Видугирис болса, дәл сол 1981 жылы еркектердің табиғаты жөнінде, отбасылық өмірден өзге апаттардың бәрін ерлер реттей алатынын көрсеткен «Әйелдерсіз еркектер» деп аталатын туындысын шығарды. Ал Океев пен Базаров болса, белгілі бір уақыт аралығында деректі фильм мен көркем фильм арасында арлы-берлі сандалып жүрді.
Тек Шамшиев қана «Шабан» фильмінен кейін деректі кинодан қол үзді. Егер қырғыз кереметінің сырын білгіңіз келсе, онда бұл бұжыр болған шынайы (табиғи я қалалық) декорация, спонтандық қиял әлемімен біте қайнасып, қосылып кететін мекенді іздегеніңіз жөн. Алғашқысы, құдды бір екіншісінің верификациясы секілді болса, өз кезегінде екіншісі біріншінің бір сәттік күйін мәңгілік етті. Бұл тұрғыдан қарастырар болсақ, аталған қырғыз ғаламаты, 1990–2000 жылдардағы (Махмальбаф, Киаростами) иран авторлық киносынан да ертеректе туды. Күнделікті күйбең мен мифтің, тарихтан тысқарыдағы дүниелер мен нақты сынның бірігіп кеткен қоспасын Шамшиев те «Манасшы» және «Шабан» фильмдерінде атап өтіп, ойналмалы фильмдерді түсіруді қолға алуға сендіріп баққан кинотанушы мамандарға бірнеше дүркін алғысын білдірді.
Ол қазақтың классик жазушысы М. Әуезовтың 1927 жылы жарыққа шыққан «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаятының желісімен, «Қазақфильммен» бірлесіп «Қараш-Қараш оқиғасы» (1968 ж.) деп аталатын фильмді түсірді. Аталған фильмнің желісі бойынша, 20 ғасырдың басында басты қаһарман — Сәлмен батырдың қойын 20 жыл бойына баққан қойшы, «түн ортасы аязға қарамай мал бағып, қар жамылып жатып» үйіне келсе, аш-жалаңаш балалары қарсы алады. Байдың кесірінен туған інісі қайтыс болған соң, Бақтығұлдың шыдамы таусылады. Сәлменнің қол астында жүргенде ол тек қой бағып қана қоймай, сондай-ақ жылқылары айдап әкелетін барымташы да болған. Енді ол байдың жылқысын айдап кетіп, етін талқажау етіп отыр. Жанына бірнеше жігіт ерткен Сәлмен киіз үйге басып кіріп, ас ішуге мұрша бермейді. Осылайша бай қол астындағы қойшының жазасын тартқызады. Жәбір көрген Бақтұғұл көмек сұрап болыс болған Жарасбай мырзаға жүгінеді. Аталған мырза өз кезегінде, Бақтұғұлды өзінің барымташысы етіп алады. Енді міне ақылды әрі мейрімді қожайынын тапқан Бақтұғұлдың қарны тоқ, көйлегі көк, абыройы асқақ болыстың жанында келісті жылқыға мініп жайраң қағып жүр.
Жоғарыда сөз еткеніміздей, Шамшиевтің «Қараш-қараш оқиғасы» да деректі фильмдері секілді кезекпе-кезек құрылған жалпы және үлкен пландардан тұрады. Бірде үйір, тау, жылқы қуу, мырзаның топырлап атқа қонған жігіттері, аз-маз Феллини стилі, жасанды шампан сусынын ішу, студияда жазылған қыстық желдің дыбысы естілсе, артынша тыржиған үлкен пландағы жүздер көрініс береді. Экранда орыстарға қызмет етіп үлкен шенге жеткен досының терезесінен провославтық куполды көрген Жараспайдың өшпенділікке толы жүзі пайда болса, бірде Жараспайдың бәйбішесін сомдаған театр актрисасы Бакен Кыдыкееваның Сәлменнің үйіріне барымта кезінде қаза болған жас жігіттің анасына өтеміне бір қадақ күміс беру идеясы аяқ-асты басына келгендегі мұңды-әсерлі бейнесі шығады. Осы көрініске жағы шығыңқы, көзі қысық Сүйменқұл Шоқморов келіп қосылады: «Қараш-қараш оқиғасы» фильмінің көрермендері 1970 жылдардың Орта Азиядағы №1 жұлдызының пайда болғанының куәсіне айналды. Сүйменқұл Шоқморовты «Дерсу Узалы» (1975) фильмінің бір эпизодына түсірген Куросава ол жөнінде: «Үстіне сауыт пен дулыға киетін болса ол нағыз самурайдан аумайды және оның Тосиро Мифунэмен жек-жегін көру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасар едім» деген.iТосиро Мифунэ (1920–1997) – жапон актері және кино әлемінде ең басты самурайШоқморовты басты рөлге таңдау Шамшиевтің кастинг жүргізу қағидаттарын ғана емес, сондай-ақ оның киноматограф ретіндегі болмысын ашып көрсетеді.
Шоқморов — бұрын-соңды киноға еш қатысы болмаған кәсіби суретші. Шамшиев онымен «Манасшы» деректі фильмін түсірген кезде танысқан. Ол кезде Шоқморов манасшы Қаралаевтың портретін салып жатқан. Шоқморовтың өткеннің батырлары секілді келіскен түр-тұлғасы, өңменіңнен өтетін өткір көзі, осының бәрі режиссерге оның тотемдік шығу тегіне қатысты қиялға ерік беруіне мүмкіндік берді. Ақыры алғашқы ойналмалы фильмін түсіру жөнінде сөз болған бетте, Шамшиевтің ойына бірден Шоқморов түсті. Өйткені режиссердің ұлылығы, кино әлеміне ене сала өз жұлдызын жарық жаққанынан көрінеді. Шамшиевтің «Қараш-қараш оқиғасының» монтажында айналсоқтап шапқан жылқылардың бір қарағанда керексіз көрінетін кадрлары бірнеше дүркін қайталанады және дастарқан басындағы театралдық мизансценаларда жұрт сабылып жүреді әрі қулыққа басқан олардың астарлы диалогтары да тым театралданған. Осының бәрін Шамшиев ойыны сылбыр болса да байсалдылығы әрі еркектік келбеті сенімділік дарытып тұрған Шоқморовпен үйлестіреді. Сол үшін фильмдегі сауатты театр серкелерінің ойыны беймаза көрінеді. Байлар, мырзалар мен орыс генералдары айналсоқтап жүрген әлем талас-тартыстар мол күйгелек әлем. Осы бір талас-тартыстың ішінде, қыңыр мырзасының бұйрығын орындаған сабырлы әрі шынайы Бақтұғұл құрбан болмақ. Бір қарағанда өте жайдарлы, жомарт, мейрімді мырзаның жайлылығынан ләззат аласың. Бірақ бұл жайлылық жеке басының тыныштығы үшін ол Бақтұғұлды сатып, өзгенің қылмысын оған жаба салғанда бұзылады. Мырзасының сатқындығына наразы болған Бақтұғұл тауға қашып кетіп, кек алмаққа бекінеді. Таразының бір басында — шым-шытырыққа толы ойындар, пайда, тұрмыс, саясат пен қым-қуыт тірлік тұрса, екінші басында — ар заңымен өмір сүргенді құп көретін табиғат пен адамның шынайы намысы тұр. Шоқморов кино әлеміндегі алғашқы кейіпкерін жақсы көріп қалғаны сонша, баласының есімін Бақтұғұл деп қойған.
Бақтұғылдың қашқан сәті фильмде көрсетілмесе де, көркем түрде жеткізілген. Міне, оны қолға түсірді. Осы тұста ешқандай да келесі кадрға ауыспай, үлкен планда күзетші: «Ұстаңдар оны, қашып кетіпті!» деп дабыл қағады. Осылайша көрерменге оның не ұстаған сәтінде бірден қашып кетті ме, я кітапта жазылғандай түрмеден қашып кетті ме белгісіз күйінде қалады. Қалай болмасын фильмде оны тұтқындау сәті мен түрмеге тоғытылған кезі көрсетілмеген. Шамшиев шым-шытырық оқиғаның ең маңызды құрамдасын қолданбай өтіп кетеді. Ол бұл сюжетті тек қысқартып қана қоймайды. Ол сондай-ақ жұрт күткен авантюрлық әрекетті, оқиғаның ең қызық тұсы сығымдалып берілген баяндаудағы олқы тұсты қисынсыз монтажбен ашып көрсетеді.
Орта Азиялық истерн — киножанр ретінде қалыптасып қойған, қазіргі кезде жоғарыда сипаттап өткен оқиғаға қарап, Шамшиев ойналмалы кино режиссері ретіндегі беташар туындысын аталған жанрда түсірді деп санауыңыз мүмкін. Бірақ мүлдем олай емес. 1960 жылдардың аяғына қарай бұл жанр әлі туа қоймады. Айталық, Шамшиев өзі білместен, алдына ондай мақсатты қоймай-ақ, «Тянь-Шан құздарында ат шаптырып» жаттығып, соны тәжірибелер жасап, келешекте туындайтын касса әкелетін жаңа жанрдың негізін салды. Ол бейсаналы түрде 1970–1980 жылдары үлкен касса жинап, кейде шығармашылық тұрғыдан айтарлықтай жетістікке жеткен Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстанның киноматографистері ұмтылған есікті ашып берді.
Ең қызығы, «Қараш-қараш оқиғасы» фильмі Бүкілодақ көлемінде жетістікке жеткеніне (марапаттар, мақалалар, үлкен тираж, табысты жарнама) қарамастан, кино мамандары Шамшиевтің алтын арқауын тапқанын ұға қоймады. Мұны тек Шамшиевтің өзі ғана ұқты. Сондықтан ол 1927 жылы жарық көрген тағы бір шым-шытырыққа толы, бірақ ол кезде ұмыт бола бастаған Александра Сытиннің «Тянь-Шанның контрабандистері» романының желісі бойынша фильм түсіруді қолға алып (өзіне тән ұқыптылықпен ойналмалы фильмге аяқ басар алдында, ол Әуезовтың шығармасы туындаған әдеби контексті аз-маз зерттеді), «Ыстық көлдің алқызыл гүлдері» (1971) деп аталатын келесі фильміне кіріскенде, қызғалдақтың қыз түсін оңға-солға төгілген қан ретінде пайдаланды! Бұл фильмде ол асқан құлшыныспен вестерн жанрына еніп, апиын патшасының тұтқындалу жөніндегі оқиғада Шоқморовқа «бейтаныстардың арасындағы таныс адамды» ойнауға ұсынды. Дәл «Ыстық көлдің алқызыл гүлдері», өзбек режиссері Әли Хамраев түсірген, алғашқы истерн жанрындағы мінсіз фильм саналатын «Жетінші оқтың» сценарийін жазуға Кончаловскийді ынталандырды; бірнеше жылдан кейін дәл осы «Ыстық көлдің алқызыл гүлдері» фильмі, оның бауыры Никита Михалковтың тырнақ алды туындысы «Бейтаныстардың арасындағы таныс, таныстардың ішіндегі бейтанысқа» (1974) ықпал етті. Дегенмен жақсы түсірілген, епті ұйымдастырылған «Жетінші оқ», «Ыстық көлдің қызғалдақтарына» қарағанда көрермендерді екі есе көп жинады. Шамшиев «Қараш-қараш оқиғасына» қарағанда бұл фильмінде ізді аңдыған қу түлкі секілді табанды әрекет еткен. Бірақ әлі ненің ізінің соңына түскеніне сенімді емес. Тек 1976 жылы ғана ол өзінің ертеректе велосипед ойлап тапқанын (Орта Азияның вестернін) аңдап, КССР Киноматографистер одағының пленумында: «Америкалық жарқын, мықты фильмдерді тек ердің ері ғана жасай алады» деп мәлімдеді.
«Ыстық көлдің алқызыл гүлдері» ол үш фильмнің басты рөлін сомдап үлгеріп, актерліктің қызығына еліткен, тіптен «Жетінші оққа» да шақырту алған Шоқморов пен Қарабалтаны өрттен құтқарып қалып, басты кейіпкердің атының соңынан көлеңкесі секілді қалмай қойған, бай қызының рөлін сомдаған 13 жастағы оқушы қыз Айтұрған Темірованың ашуға тырысты. Ақырында қасы-көзі қиылған Темірова да, Шоқморов секілді супер жұлдызға айналды. Ол өз кезегінде Шамшиевпен шаңырақ көтеріп, оның тек «Махаббат жаңғырығы» (1974) деп аталатын туындысында ғана аяғы ауыр болуына байланысты түспей қалады: режиссерге қыз туып берді. Дегенмен Айтұрған Шамшиевтің тек бір фильмінде ғана басты рөлді сомдаған: 1985 жылы «Қазақфильмде» түсірілген, 17 жаста майданда қаза тапқан халық қаһарманы Әлия Молдағұловаға арналған «Сұрмергенде». Фильмнен кейін қазақ халқының батыр қызының бейнесі тобырлық мәдениетте кең дәріптелетін болды: 1977 жылы дәл «Әлия» әнімен Роза Рымбаеваның жұлдызы жанды. Алайда Шамшиев Темірованың көмегімен оның бейнесін Әлияға таңып тастағаны соншалық, бірде «Мәңгілік полк» шеруі кезінде Молдағұлова деп, Айтұрғанның суретін көтеріп шығып, актрисаны ұятқа қалдырады: өлген адамның табытының сыртында өзінің суретінің тұрғанын кім ұнатсын!
Темірова-Әлия жағдайы басты бейнені қалыптастыру кезінде Шамшиевтің қандай нәтижеге ұмтылатынын айқын көрсетіп берді: ол шынайы өмірдегідей болуға тиіс. Шамшиевтің фильмдерінде мінезді кейіпкерлер мол. Олардың әрбірінің өз желісі, өз сценасы бар. Актерлік құрамы көп ұлтты әрі көп дауысты «Қараш-қараш оқиғасы», «Ыстық көлдің алқызыл гүлдері», «Сұрмерген» фильмдеріне орыс кино жұлдыздарының екі буыны да түсті. Айталық, «Сұрмерген» фильмі түсіріліп жатқанда, көпшілік ойша өлдіге санаған (дегенмен ол осы жылдың көктемінде ғана қаза тапты) жылымық кезеңнің сылқымы Татьяна Конюхова мен «Дөң үстіндегі ұзақ жол» фильмінен кейін шоқ жұлдызға айналған, литвалық сұлу Юозас Киселюс те бой көрсетті. Шамшиев өз фильмдеріне басты рөлге актерлікке оқымаған адамдарды алады. Мәселен, ол Шоқморов, Темірова және бастапқыда цирк училищенің студенті болып, «Қасқыр апаны» фильміне түсіп актер ретінде қалыптаса бастаған Талғат Нығматуллинді таңдады. Аталған тұлғалардың айналасындағы тәжірибелі театр актерлерінен айырмашылығы, олардың түр келбетінен мәнерлі әрі бойында кинода олсыз басты рөлдер сомдалмайтын, эксгибиционизм секілді қасиеттері де бар. Олар сомдаған кейіпкерлер фильмде экзистенциялық қиындықты өткеріп жатады (бірақ морт сынып қалмайды). Олар ондаған актерлік бетперденің жел тудырған толқындары арқылы қайралған тастар. Олардың ойнаған фильмдерді көру барысында қандай да бір кадрға келгенде саусағыңды шошайтып: «Міне! Ах, қалай керемет ойнайды!» деп тамсанатын сәт тумайды. Бірақ фильм аяқталған соң, жел көбікке айналып, олар тудырған бейне, тас мүсін ретінде мәңгілікке санаңда сақталып қалады.
Дегенмен Шамшиев «Ыстық көлдің алқызыл гүлдері» фильмінде, бас кейіпкер көрермен алдында ағынан жарылып ашылатын көріністі арнайы Шоқморов үшін жасаған. Бірақ ол сахнаны түрі арқылы емес, әннің артына жасырып қойған. Дастарқан басында отырған Қарабалтаға ән кесесі беріледі (ыр-кесе). Кесені алған Қарабалта қайғыға батады: сол күні оның кесірінен сегіз бірдей қызыл әскердің сарбазы қаза болған. Бірақ жерде сылқ түсіп жатқан бай баласының — «Ой оның әнге икемі жоқ қой. Иығына маузер мылтығын іліп алып, біздің салтымызды ұмытты» деген сөзі Шоқморовтың бірден ашуын тудырып, түрін жиып алады. Сол кездегі бейнесі Мифунэмен салыстыруға сұранып-ақ тұр! Сонда бас кейіпкер қолына қомызды (қырғыздың домбыраға ұқсас музыкалық аспабы – Ауд. ) алып, қазақ даласында жүрген кезінде естіген, «адамдардың арсыздығына қапа болып» күйінгеннен ұлына: «Дүние өтеріңді біліп едім, бүлдірмей серілікпен жүріп едім, Теміртас» деп жырлаған Біржан салдың әнін шырқап береді. Шоқморов басқа кейіпке еніп, әннің ар шумағын айтқан сайын жүзі құбылып, кейіпкерінің өткен өміріндегі қиындықтың бәрін паш етеді. Сол үшін жұрттың алдында жана ғана ән арқылы сырын ашқан Қарабалтаның түн ішінде қасіретті өмірін қызылдардың комиссарына барып айтқан сахнасы артық көрінеді: өйткені біз ол кейіпкер жөнінде қажет болған дүниенің бәрін біліп қойдық.
Ыр-кесемен өткен сахнаның әсері қуатты болғаны сонша, осы бір режиссерлік тапқыр шешімге Шамшиев келесі фильмдерінде де, баяндау тәсілін келесі бір кезеңге, бір тон жоғарыға (кинодағы әннің бұл қыры жөнінде кейінірек Педро Альмодовар айтатын болады) ойыстыру қажет болғанда қайта жүгінетін болды. «Махаббат жаңғырығы» фильмінде (1954 жылы жарық көрген Ш. Айтматовтың «Байдамтал бойында» деп аталатын әңгіме желісі бойынша түсірген, Шамшиев театралдық мизансценалар мен орташа планды меңгерген фильм) ол әнді айна эффектісін көрсету үшін қолданған. Гидрологиялық бекеттің тұрғындары өзен жағасынан ұрылып-соғылып, безгекке шалдығып, ес-түссіз жатқан кейіпкер, фильмнің соңына дейін жұмбақ болып қалуға тиіс. Бірақ тау аралап аққан өзенді бойлай қашып, өлім алдында қалған кейіпкерді, жұрт қайтадан құтқарып қалып, амандығының құрметіне жайған дастарқан үстінде, Әсия есімді гидролог қыз ән салғанда оның жаны жай табады. Аталған ән кез келген сөзге қарағанда құнды (бастапқыда басты кейіпкерге жұрт сенімсіздік танытқан, ал ол өзін жұртқа қылмыскермін деп мәлімдеген) және, расында, қыздың осылайша риясыз махаббатын білдіріп тұр. Алайда «Ақ кеме» (1975) фильмінде Шамшиев, жасыл желекке оранған қарағайлардың арасында, әннің табиғатына сай мимикамен шырқаған Темірованың бомбейлік кинодан алынған әні, өзін қай қырға жетелеп кеткенін ұқты. Режиссер егер Боллувуд болмаса да, кемінде сол шақта шығыс мелодрамасы (Иран мен Мысырда) ән салғанды киноға енгізбей айналып өтпейтін жаңалықты ашуға қарыс қадам қалғанын түсініп, қолын көкке сермеді.
«Ыстық көлдің алқызыл гүлдері» фильміндегі ыр-кесе эпизоды бас-аяғы он минутқа созылады. Бұл бір жарым сағатқа ғана созылған туынды үшін шамадан тыс ұзақ, ал вестерн үшін, тіптен, орынсыз. Дегенмен Қарабалта залымдардың қолынан қашып шыққанда — осы бір эпизод кезінде режиссер таңдап-талғап алған аттардың аяқтары көрінген оғаш бір кадр орын алады. Шоқморов бір атқа қарғып мінді ме, әлде басқа бір жігіттің ер тоқымына жармасып алды ма, анық көрінбейді. Я ол аяғын сермеп жіберіп, зұлымдарды қағып түсірді мен не тіптен, ат осқырынып, қос тұяғымен жаудың жағын үгітіп жіберді ме, белгісіз (өйткені аттың тұяғы бірер секундқа кадрдан жоғалып кетеді). Тек ақырында, «Қараш-қараш оқиғасында» көргеніміздей, мұнда да жаулары құлап, тырқырап қашады, ал Қарабалта атқа мініп өз жөнімен кете барады. Аталған туындысында да Шамшиев, бізді кез келген шым-шытырыққа толы фильмнің қаңқасын қалайтын трюктен қағып отыр. Бәрі де, құдды бір, Шамшиев өзі есігін ашқан жолдың қайда бастарын түсінгенімен, өзі негізін салған жанрдың тұтқынында қалуды қаламағандай көрінеді.
Оның таңдауы сәуегейлігін аңдатты — таразының бір басында жеке тұлғалығынан айырылып қалу қатері тұрды. Құрметті оқырман: біз истерн жанры қалыптасқан мемлекеттерді тілге тиек еткенде, Қырғызстанды атамағанымызды байқадыңыз ба? Аталған жанр сонда туғанымен, онда қалыптаспады. Сондай-ақ бұл жанр пасторальді киноға ұмтылған Түркіменстанда да болмады. Алайда истерн топырлап шығып, КСРО құрамындағы 15 мемлекет тұрақты кассалық түсімді қамтамасыз етіп отырғанымен, бірақ Орта Азиядан тысқары аймақтағы жұрт бұл қазақ, өзбек я тәжік фильмі ме, аңдай алмады. Өйткені аталған жанрдағы барлық фильмдер жалпылама Орта Азиядағы жергілікті қарақшылар революцияның орнауына кедергі келтірген туындылар секілді көрінді. Тіптен, истерн жанрын танытқан өзбек режиссері Хамраев, 1980 жылы «Тәжікфильм» кино студиясында «Оққағар» деп аталатын фильмді тек орыс актерлерімен ғана түсіріп шығарды және аталған фильм ұлттық келбетінен айырылғаны былай тұрсын, сондай-ақ ондағы трюктар да тым жұпыны көрінді.
Айталық, «қырғыз кереметін» тудырған режиссерлердің бәрі және оның арасында Шамшиев те бар, фильмдері ортаңқол сауық-сайран туындыға айналып кету қаупі туған сайын, ыстыққа күйгендей ыршып шығып, үнемі құтылып кетіп отырды. Осыған байланысты арасында Орта Азия халықтарының өкілдері көп болған кино каскадерлерінің мазағы мен сынына ілігіп тұрды. Мысалға, Үсен Құдайбергеновтың каскадерлік тобының өкілі, қырғыз циркінің бұрынғы әртісі Өмірқұл Бөрібаев, «Әйелдерсіз еркектер» туындысындағы трюктерді орынсыз деп айыптап, Видугирис оған бульдозерді өткелден өткізген сахнада, 50 метр биіктіктен арқан байлап құлауға рұқсат етпеді деп шағымданды. Ал Құдайбергеновтың өзі, каскадердің қызметіне мүлдем жүгінбеген Шамшиевтің «Ақ кемесінің» сау тамтығын қалдырмай сынады: «Бұл фильмнің сценарийінде жергілікті бейбіт ауыл тұрғындарын сырттан келгендердің басқыншылығы орын алған оқиға болды. Осы бір эпизод үшін қымбат декорация жасалғанымен, оның бәрі бас-ағы бірер минутта өртеніп кетті — ақ үлпек жүннен тоқылған керемет киіз үйлер оқ дәрі секілді лапылдап жанды. Ал осы бір өртті артқы планда, пиротехникалық эффектілердің көмегімен нағыз қайғылы бутафорияға айналдырып, алдыңғы планда ұрыс, өлім мен көзге жас үйірер қанды қырғынды ойнатып жіберсе де болады. Сценарист біздің мүмкіндігімізді білетін болса (бұл жағдайда режиссер де сол адам), мұндай сахнаны ойнату арзанға шығып, көркемдеуші тәсілдер әлдеқайда терең әсер етер еді».
Каскадерлер, өздері сипаттап берген кинодан, «қырғыз кереметін» тудырған тұлғалар өлердей қорқып, барынша қашуға тырысқанын аңдай алмаған. Құдайбергеновтың сөздері — Шамшиевтің жеріндірер әдістерді қолданғанын айғақтайтын керемет мысал: ол қандай да бір бутофориядан, әсіресе, арзанқол әдістерден қашқан. Алайда «Ақ кеме» (1975), сонымен қатар Шамшиевтің Ш. Айтматовтың «Ерте келген тырналар» (1979) повесінің желісімен кейінгі түсірген фильміне өзгеше бутафория көп кесірін тигізген (бұл киноматографиялық дұрыс баян болғанымен, автордың жеке қолтаңбасы көрініс таппаған нашар көркемдеуші әдіс болып шыққан). Айталық, «Ақ кемеде» Ыстық көл бетіне қарсы жарықтың алуан түрлі жарқыншақтары төгілген тұсы тым мардымсыз шыққан, сондай-ақ әдемі қала көшелері бойында БАМ-ды салған комсомолдардың «Мен бүгін бұрқасын боран соққан жақтамын. Мен бүгін тайга ән салған мекендемін» деп келетін әндері құлаққа түрпідей тиеді. Оқиғаның басты кейіпкері, туыстарының дым көрмеген қараңғылығынан және әсіре есепшілдігінен көңілі қалып, өзіне қол салуға дейін барған (!) бірінші сыныптың оқушысының ат қып мінген алып тасының танкіге айналып кетуі де тым қораш көрінеді. Кішкентай балаға балмұздақ беріп, кино көрсеткен ауылға жиі бас сұғатын жүргізушілер де, екі қадам жерде дыбыс зорайтқыштан шыққан «Самоцветы» тобының әндері де оғаш. Сонда жеті жасқа енді толған бала, ертеден бері жауыздығы белгілі көкесінің бұғыларды бауыздап, жеп қойғаны үшін суға батып өлуі керек пе? Осы бір сюжеттерден ларсфонтриерліктің иісі аңқиды, дегенмен Шамшиевтің фильмін келешек фестивалді киноның келешегін айқындаған әрі сәуегейлік танытқан туынды ретінде бағалауға болады. Алайда ең қызығы, «Ақ кеме» фильмі Берлин кинофестивалінен жетпісінші жылдары дымсыз қайтты: сол жылы әділқазылар басты сыйлықты өзінің қолтаңбасынан таңбайтын, әзіл-оспаққа жақын Олтменге берді («Алтын аю» сыйлығы оның «Буффало Билл және үндістер, я Бұқаның тарих сабақтары» фильміне берілді).iРоберт Олтмен (1925–2006) – америкалық кино режиссер, Жаңа Голливудтың басты өкілдерінің бірі
Соған қарағанда, Шамшиев шалыс басқанын өзі аңдап, қатаң мелодрамаға қарай бет бұрған секілді: оның аталған фильмнің қақ ортасында жеңілісін мойындағандай кейіп танытып, бомбейлік ән мен биді қоюы бекер емес.
«Ерте келген тырналар» фильмінде аталған олеграфияға (күн шыққан сәтте қысқа фокусты объективтің доғасы алдында жер иілген сәт) тегі басқа бір лубок келіп қосылады. Аталған туынды «Ленфильммен» бірлесіп түсірілген және Тарковскийдің айталық, «Айна» фильміндегі жарақат алған әскери жетекшінің сахнасын секілді мұнда да қарапайым тұрмыстық деңгейге дейін әдейі жұтаңдатылған сахналар кездеседі. «Ерте келген тырналар» туындысының «Иванның балалық шағы» фильмімен салыстырылуы да тегін емес, өйткені өзінің тырнақ алды фильмін Тарковский: «БККИ-дің жатақханасында ерігіп жатқан студенттік ойдан құраған туындысы» деп дәл бағалаған.
Айтматовтың шығармасы бойынша түсірген режиссердің соңғы фильмі сәтсіз шықты. Жазушының өзі титрдан атын алғызып тастады әрі Шамшиев те сол 1988 жылдан кейін кино түсіруді қойды. Аталған фильм 1973 жылы жазылған «Фудзиямаға шығу» деп аталатын пьессаның желісі бойынша түсірілген. Режиссер таза театралданған қойылымды ойнатып шығуды көздеген. Онда тоқырау жылдарына бейімделген, шау тартқан, соғыс ардагерлері атанған жолдастардың өзара, Сталин тұсында ақын достарына кімнің арыз жазғанын білмек болып, Қарауыл тауда әбігерге түседі. Бірақ шынтуайтында таулар ақылға қонымсыз болған Саяси бюро өкілдерінің портреттері алдында ішкі сырын ақтарған актерлердің екі сағатқа созылған нанымсыз ойынын көтере алмады.
Шамшиевке мұндай төте тартылған эксперименттің (театрдың барлық заңдылықтарын сақталып ойнатылған сахна) не үшін қажет болғаны мүлдем түсініксіз. Сонда ол табиғатты, оның рухын жалған ойынмен сынамақ па? Өйткен болса, нәтиже күткендей болып шықты: кейіпкерлер өмір сүрген фальш қана емес, сондай-ақ онымен бірге фильм қисыны бойынша, қайта құрудың астарындағы ой мен Горбачевқа дейінгі бүкіл ел құрдымға кетті. Сонымен қатар жан-жақты ойластырылған әрі көп еңбектің нәтижесінде туған Әлия монументі секілді аңызға айналған Темірованың рөлі де құрдымға кетті: айталық, оның күйеуінен шаршап тастап кеткен, мол бояу жұққан қалып кірпігімен батқан күнге қарап тізерлеп отыра кеткен актерлік ойыны үшін «Әлемдегі және бүкіл Ғаламдағы ең нашар әйел ойыны» деген категорияда марапат алуға таласа алады.
Оның үстіне Шамшиевтің «ашық аспан астындағы театрға» қатысты «Жұрт арасында» (1978) деп аталатын өте табысты тәжірибесі де бар (оның үйлесім тапқан ең сәтті туындысы осы фильм деп санауға негіз бар). Аталған фильмнің титрында екі режиссердің аты көрсетілген: Шамшиев және Артық Сүйіндіков. 21 жасында Сүйіндіков Шамшиевтің алғашқы туындысы «Қараш-қараш оқиғасы» фильмінде Тайлақтың (анасы суық тиіп қалмас үшін, басына жүннен тоқылған бас киімді киіп, балалардың мазағынан кейін Сәлменнің атын айдап кетуге аттанған сол бір жігіттің) рөлін сомдаған еді.
Сүйіндіков БККИ-тің режиссерлік факультетін тәмамдап келгенде өзінің кинодағы өкіл әкесімен бірге түсірген фильмдегі бас кейіпкер, Тайлақтың замандасы — қалың қасты, ерні үрпиген, бет сүйегі шығыңқы, отардан аман-есен анасына оралғаны үшін қуаныштан езуі жиылмаған қойшы Қанаттың рөлін Мир Нұрмұханов сомдады. Ол қазіргі уақытта кино әлеміне енер болса, дорамаiДорама – корей сериалдарытүсіретін мамандар өзара қырқысып қалар ма еді! Колхоз басшылары оны астанаға оқуға жібереді, ал көрші үйге Қанаттың екі езуінің екі құлағына дейін жетуіне сеп болған немересі (Темірова) келеді. Ал ауылда болса тек театрдың іріктеліп алынған өте дарынды актерлері сомдаған бір топ қыңыр-қырсық шалдар ғана қалады. Сомен бұл фильмде аталған барлық сайқымазақтар жігіттің жан дүниесіндегі амбицияны, екпінді және алғашқы махаббатты ортаға шығарған, әзіл-оспақ түріндегі оқиға баяндалады: фильмнің соңында біз оның шалдармен бірге ешкі сойып жатып, алыстан талықсып жеткен автокөліктің үніне бұрылып қарап: «Ох, біздің ауылымыз өзі қызық ауыл — мұнда «Кім келе жатыр? Бұл кім болды екен?» деп жолға қарайлаумен күніміз өтеді» дегенін естиміз.
Өкінішке қарай, аталған қара-ақ түсті фильмді көрермендерде жылы қабылдамады. Жорамалым бойынша, дауншифтинг заманында бұл фильм түсінікті әрі тереңдеу болып қабылданар ма еді: 1970 жылдардың соңына қарай ауылдан астанаға қарай жастардың қоныс аудару процесі қарқынды жүріп жатқанда, Шамшиев бұл жауһарды XXI ғасырдың адамдарына қалдырып, өз заманына озық шықты. Алайда Шамшиевтің «Қасқыр апаны» (1983) деп аталатын өзге бір жауһар туындысы, КСРО Мемлекеттік кино комитеті 70 миллиметрлік таспада, арасында жапсарлас қабырғасы жоқ үлкен залда, еденнен төбеге дейін созылған үлкен экраны бар кинотеатрларда көрсетуге бұйырған жалғыз туынды атанды. Мұндай бұйрық фильмнен зор үміт күткен жағдай ғана берілетін және фильм ол үмітті толықтай ақтады: «Қасқыр апаны», тіптен «Ыстық көлдің алқызыл гүлдері» фильмінен екі есе көп көрермен жинап, Шамшиевтің ең табысты фильміне айналды (фильмге 21.4 миллион билет сатылған, бұл үш жыл бұрынға қарағанда кинотеатрға барған жұрттың қатары сирей бастаған 1984 жыл үшін өте үлкен көрсеткіш).
Егер «Қараш-қараш оқиғасы» мен «Ыстық көлдің алқызыл гүлдері» фильмдерін, Шамшиев бейсаналы түрде Тянь-Шань құздарындағы вестерн ретінде таспалаған болса, ал «Жұрт арасында» ауылдың күйбең тірлігін театралданған комедия қағидаты бойынша түсіруге тырысты. Осылайша режиссер аталған фильмде 1970 жылдары жапондық әлеуметтік детектив ретінде өрбіген, ал 1980 жылдардың басында бүлікшіл романс ретінде түлеген Қырғызстанның келбетін және соны тарихты бастан кешті. Оған «Қырғызфильмде» Талғат Нығматуллин пайда болғаны түрткі болды (ол шақта Талғат Нығматуллин «XX ғасырдың қарақшысы» (1979) фильміндегі рөлі арқылы жасөспірімдердің жүрегінен орын алып, экран бетінде қарақшы ретінде аты шыққан болатын). Қырғыз еліне Талғатты, ол үшін 17 жылдық үзілістен кейін деректі фильмнен ойналмалы фильмге ауысып, «Қыршын өмір, қиылған махаббат» фильмін түсірген Меліс Убукеев шақырды. Өз кезегінде Шамшиев Нығматуллинді алғаш қара жейдемен, костюмдар және жамылғымен, заманауи жігіт ретінде, сәл-пәл сәнді шаш үлгісімен, заманауи қаланың ортасында көргендіктен, еріксіз сол жылдары мәшһүр болған «Құмнан тұрғызылған қамал» және «Қауіпті қуғын» секілді ғаламат жапон фильмдерінің қаһармандары есіне түсті.
Ақырында Шамшиев жапондардың әлеуметтік детективінің формасын, бүкіл құрамдастарымен бірге алды — тамыры өткен кезеңге жайылған қылмысты, сонымен қатар алдына қойылған титр, әрекет орын алған мекен мен жыл қойылған реминисценция-сахналарын (мұнда – «Тянь-Шань, 1929», «Қарақұм, 1944», «Ош қаласы, 1949», «Фрунзе, 1965»), бас кейіпкердің өмірінің астан-кестеңін шығарған соғысты, полиция қызметкерлерінің бітпейтін жиындарын (мұнда — милиционерлер жүреді), жапон детективінде қылмыстың ашылғанына қарағанда орны елеулі болған «қылмыскердің көз жасын», сондай-ақ сөзсіз сентименталдық музыканы (әнді жазуға Советтік «Қарлығаштар» фильміндегі «Қыстағы гүл» әнінің авторы, Виктор Лебедев Ресейден шақырылды) қолданды. «Қасқыр апаны» фильміндегі экзистенциялық кейіпкер дәл осы жапондық бүлікшіл романстан алынды: жапондарда әдетте, мұндай кейіпкерді Кэн Такакура («Бақыттың сары орамалы», «Қыстағы гүл», «Алыстағы таудың жаңғырығы») сомдады. Аталған фильмдердің бәрі Совет прокатында, фестивальдерде, Жапон кино апталығында көрсетілгендіктен, Шамшиев олардың бүкіл құрылымын асқан шеберлікпен қырғыз топырағында түлетті. Қырғыз материалында түсірілген екі жарым сағаттық жапондық хитті шығару үшін жұмсалған қажыр-қайрат, төгілген тер ақталды ма? Әлбетте, ақталды. Өз кезегінде Честертон,iГилберт Кит Честертон (1874–1936 – ағылшын жазушысы, журналист әрі христиандық философ, «парадокстар князьі»детектив арқылы жұрт қандай да бір жылдары әлем қалай өмір сүргенін, тұрмысы қалай болғанын білетін болады деп әділ бағасын берген. Киноның да «мумия эффектісі» бар — уақыт пен мекенді тұтқынына айналдырады. Сондықтан шым-шытырық әрі мағынасы терең жапондардың заманауи бүлікшіл киноромансының тілінде бейнеленген «Қасқыр апанының», бізге соғыстан кейінгі Қырғыз әлемін түсінуге есік ашып беретіні керемет дүние.
«Фудзиямаға шығу» фильмінің сәтсіздігінен кейін Шамшиев кино әлемінен кетті (дегенмен ол «аспан астында театр» деген сынды эксперименттерін әрмен қарай жалғастыра берді, айталық ол 1995 жылы, өзінің режиссерлік жолы басталған «Манасшы» бойынша «Манас» деп аталатын театралдық қойылымды қойды, сосын теле бағдарламаға арнап түсірген шоуын монтаждады). Оның аяқ-асты кинодан кетіп қалуына «Фудзиямаға шығу» фильмінің сәтсіздігі ғана ықпал еткен жоқ. Қырғыз «кереметін» құлшынып тұрған жас өрендер тудырды (олардың алдында «Не малшы боласың не режиссер боласың!» деген дилемма тұрды). Айталық, егер режиссерлердің алғашқы буынының мойнында кино тілді қырғыз топырағына әкелу міндеті артылған болса, ал 1980 жылдардағы қырғыз киносының дәрежесінен хабардар болып туған жаңа буын, сол шақтағы аты шыққан Төлөмүш Океевтің және Қырғыз КСР Мемлекеттік кино комитетінің төрағасы Шершенәлі Усубалиевтің айтуынша, «оқыған, тоқыған, жан-жақты білім бар болғанымен, олардың әдемі сөзі мен мол білімінің артында — өнерге деген ынта, шығармашылық жалын жоқ». Шамшиев ізін жалғайтын шәкіртсіз, Галатеясыз (салған жолын ұстанатын ұрпақсыз) ілгері жылжи алмады.
Бәлкім, Шамшиевтің 1980 жылдардың екінші жартысында шығармашылық тоқырауға ұшырауына, «Қасқыр апаны» жағдайындағы сәуегейлік дарының ақыры трагедияға ұласып кетуі де әсер етсе керек. Фильмнің бас кейіпкерін сомдаған Талғат Нығматулин, шын өмірде контрабандистер болып алдаған діни сектамен байланысып, 1985 жылы кісі қолынан қаза тауып, фильмдегі өмірін дәлме-дәл қайталады. Талғат Нығматулин қаза болғанда КСРО-ның барлық газет сататын дүңгіршектерінде оның ақ түсті, етек жағында айдаһар мен бұлттар өрілген жапондық (!) жейде киген суреті, жаңа шыққан «Совет экраны» журналының басты бетінде жарқырап тұрды.
Сондай-ақ Шамшиевтің өнерден кетуіне, құлдырай бастаған Советтік кино өндірісі мен прокаты да ықпал етті. Тек бір республикаға ғана аталған процесті кәдесіне жаратып, он шақты жылға созылған бұлыңғырлық пен тапсырыс бойынша түсірілген туындылардан кейін, кино хақында жастыққа тән жалынды, өктем үнімен сөйлей бастады. Әлбетте, мұнда сөз «қазақтың кереметі» жөнінде болып отыр. Бірақ бұл мүлдем бөлек әңгіме.