ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ: РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНАН КЕҢЕСТІК УТОПИЯҒА ДЕЙІН

4-дәріс. Иллюзиямен қоштасу

В. А. Серов. Кеңес­тер­дің ІІ Бүкілресейлік съезі кезіндегі В. И. Ле­ниннің үндеуі. 1955 жыл / Wikimedia Commons

Тарихшы Сұлтан Әкімбеков өз дәрістерінде екі революция, Азаматтық соғыс пен кеңес «модернизациясын» бастан кешіріп, араны ашылған Ресей империясы жаулап алып, талан-таражға түскен қазақ жерінің қалай біртұтас елге айналғаны туралы баяндайды. Төртінші дәріс Алашорданың екі диктатураның ортасында қалған Азамат соғысына арналады. 

1918 жылғы 5 (18) қаңтарда большевиктер Құрылтай жиналысын таратқаннан кейін Ресейдегі саяси жағдай күрт өзгерді. 1917 жылдың ақпанында басталған либералдық жоба біржола аяқталды. Билік тізгінін социалистік қозғалыстың солшыл радикалды қанатының өкілдері алды.

1918 жылғы 10 қаңтардан бастап Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерінің ІІІ съезінде жаңа үкіметті ұйымдық тұрғыдан қалыптастыру жүріп жатты. 13 қаңтарда осы съезге қатысушыларға шаруалар кеңестері депутаттарының III съезінің делегаттары да келіп қосылды. Біріктірілген съезд большевиктерге біршама заңды сипат берді, өйткені Құрылтай жиналысына тікелей сайлауда олар небары 24% дауыс жинаған болатын. Ал эсерлер беделді социалист-революционерлер партиясы дауыстың 40%-ын жинады, тағы 7,7%-ы Украина эсерлеріне берілді. Сонымен қатар аз ұлттардың өкілдері де эсерлерді қолдауға дайын болды. Тіпті көптеген кеңес те сол партия өкілдерінің бақылауында еді.

1917 жылдың аяғына қарай Ресейде қалыптасқан айтарлықтай ерекше саяси жағдайда эсерлер партиясы теориялық тұрғыдан бүкіл билік органдарын демократиялық жолмен сайланғанынан (Құрылтай жиналысы) бастап таптық белгі бойынша ұйымдастырылғанына дейін (Кеңестер) басқара алатын еді. Солай бола тұра, эсерлер билік үшін күресте әлдеқайда ынталы, ұйымдасқан және рақымсыз бәсекелесі большевиктерден жеңіліс тапты.

Иван Владимиров. Бұрынғы заманның адамдары. 1918 жыл / Wikimedia Commons

ЛИБЕРАЛИЗМ БАСТАЛАДЫ ЖӘНЕ ЖЕҢІЛЕДІ

Бұл жерде тағы да Ресей қоғамын Батыс Еуропаның демократиясынан өзгеше еткен оның ерекшелігіне назар аударған жөн. Айта кететіні, Ақпан революциясынан кейін жетекші үкіметтік партиялардың бірі болған ресейлік либералдар, ең алдымен кадеттер 1917 жыл бойы Ресейде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құруға тырысты. Олар демократия төменнен, өзін-өзі басқаратын қоғамдастықтардан басталатынын анық түсінді. Бірақ жеме-жемге келгенде Құрылтай жиналысына сайлау кезінде кадеттер дауыстың небары 4,8%-ын ғана жинады.

1917 жылы еуропалық өзін-өзі басқару жүйесінің аналогы ретінде қарастырылған ұйымдастырудың земстволық формасы іс жүзінде қалаларда ғана орнықты. Ал Ресейдегі халықтың көпшілігін құраған шаруалар қауымдық ұйымдық жүйені сақтап қана қоймай, көптеген столыпиндік «фермерді» қауымға қайта оралуға мәжбүр етіп, оны күшейтіп алды. Сонымен қатар қала жұмысшылары мен сарбаздардың басым көпшілігі қауымдық қағидамен ұйымдасуды жөн көрді. Өйткені олардың барлығы жақында ғана шаруа ортасынан шыққан адамдар еді.

Н. Шабунин. Орыс шаруалары. Ресей империясының солтүстігі. 2012 жыл / Wikimedia Commons

Бірқатар себепке байланысты Ресейдің шаруалар қауымы Батыс Еуропа елдерінің үлгісімен өзін-өзі басқаруды ұйымдастыруға негіз бола алмайтын. Батыс Еуропада өзін-өзі басқарудың бүкіл жүйесінің негізінде жеке меншік болса, Ресейдегі қауымдар ұжымдық меншік болуын қолдады. Батыс Еуропа демократиясында жеке құндылықтар маңызды рөл атқарса, Ресей қауымдарында ұжымдық сана-сезім басым болды. Батыс Еуропада демократиялық сайлауда әдетте идеялар бәсекесі жүреді және оған жеке адамдар қатысып, өзінің тұратын жеріне немесе қай корпорацияға қатысты екеніне қарамастан жанына жақын тұжырымдаманы таңдайды. Ал Ресейде болса, Владимир Булдаков байқағандай, «шаруалар қауымдық әдеті бойынша барлығы жабылып, ешқандай ерекше пікірсіз, «жұртпен бірдей» дауыс берді. Оларға Құрылтай жиналысы ауылдың үлкен жиыны сияқты көрінді».iБулдаков В. Красная смута. Природа и последствия революционного насилия. М., 2010. С. 373. Сондықтан Ресейдегі ішкі құндылық жағынан еуропалық демократияға ең жақын, либералды көзқарастағы қала тұрғындарының объективті түрде ауыл халқының басым көпшілігіне және онымен тығыз байланысты қала жұмысшылары мен сарбаздарға қарсы еш мүмкіндігі болмады.

Либералды көзқарастағы қала халқынан айырмашылығы, шаруа қауымдары жұмысшылармен және солдаттармен бірге большевик билігімен келісті немесе оның келуіне айтарлықтай сабырмен қарады. Біріншіден, большевиктер олардың барлық өзекті қажеттілігін қанағаттандыруға: мысалы, соғысты аяқтауға уәде берді. Екіншіден, большевиктер орталық билікті өз қолына алды. Шаруалар үшін орталық биліктің маңызы зор болды, өйткені ол дәстүр бойынша қауымның автономды, өз білгенімен тіршілік етуіне мүмкіндік беретін ережені белгіледі. Парадокс болса да, Ресейде шаруалар толқуы кезінде жиі-жиі туындаған аласапыран жағдай және орталық биліктің қатаң тәртібі іс жүзінде бір-бірінің туындысы болды.

Осыған орай басқа аграрлық империя Қытайдың тарихымен салыстырсақ, ұқсастық барын көруге болады. Мұнда шаруалар көтерілісі жиі-жиі әулеттің ауысуына әкеліп соғатын. Алайда әркез орталық билік бұрынғы деспотиялық кейпінде қайта қалпына келтірілді. Осы тұрғыдан шығыс қоғамдарының батыс еуропалық қоғамдардан айырмашылығы, мезгіл-мезгіл болып тұратын дағдарыстан кейін де деспоттық биліктің сақталуы мен қалпына келуінің бір себебі шаруалардың өмірінің қауымдық сипатта болуы.

Иван Владимиров. Театрда. Патша ложасы. 1918 жыл

КАЗАКТАР МЕН ҚАЗАҚТАР ШАРУАЛАРҒА ҚАРСЫ

Тегінде, бұл 19171920 жылдардағы Ресейдегі саяси процестерді белгілі бір дәрежеде түсіндіруге көмектесетін маңызды егжей-тегжей. Қоғамның әлеуметтік құрылымы саясатқа тікелей әсер етті. Тіпті кейбір қауымдар либералдануға ұмтылған кезде де қауымдық мүддені көздеді. Мұның ең кәдімгі мысалы, орыс казактары болды. Олар Құрылтай жиналысын шақыру идеясын, яғни бүкіл Ресей ауқымында либерализация жүргізуді қолдады, бірақ сондағы көздеген мақсаты — өздерінің қауымдық мүддесін қорғау. Олар император билігінен әскери қызметіне айырбас жер алған болатын, сондықтан олардың мүддесі осы жерге айрықша құқығын сақтауда болды. Алайда казактардың бүкіл жерді өздерінің қауымдық меншігінде сақтап қалуға ұмтылуының нәтижесінде көршілес жерге қоныс аударып келген шаруалар қауымы оларға қарсы шықты.

Казак әскері негізінен Ресей империясының шеткері аймақтарында орналасты. Мұнда қоныс аударып келген шаруалар жер мәселесінде казактарға тікелей бәсекелес болды. Жерді өз пайдасына қайта бөлуге тырысқан шаруалар большевиктер мен кеңес өкіметін қолдады, ал казактар ​​империя иерархиясында артықшылығы бар жағдайына орай бұрынғы өмірдің бүкіл жүйесімен терең байланысты болған. Шынында, дәл осы жағдай Азамат соғысы жылдарында казактар ​​келімсек шаруалармен көрші тұрған барлық ауданда қақтығыстың қиян-кескі сипатта болуына әкеп соқтырды.

Қазақтың саяси қозғалысының өкілдері 1917 жылы казактармен одақ құру жөн деп тапты. Қазақ қоғамы үшін казактар ​​қалай болғанда да келімсек шаруалардан гөрі азырақ проблема болды. Казак әскері қазақ даласында үлкен жерді иеленгенімен, оның саны іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Өйткені сонау 1811 жылы император I Александр казактардың қатарына кіруге тыйым салған. Сонымен бірге Ресейдің орталық аудандарынан қоныс аударып келген шаруалар ағыны толастамай, қайта өсіп отырды, мұның өзі барған сайын олардың пайдасына көбірек жердің тартып алынуына әкелді.

1918 жылдың басында кеңес өкіметі әлі казактармен қақтығысқа түспеген еді. Ал 1918 жылғы 31 қаңтарда жаңа стиль бойынша большевиктер Орынбор казак әскерінің астанасы Орынборды басып алды. Большевиктерге адал жасақтар негізінен шаруалардан құралған болатын. Осыған қарамастан, жергілікті казактың көпшілігі жаңа үкіметке қарсы соғысудан бас тартты. Генерал Александр Дутов11Александр Дутов (1879–1921)Орынбор казак әскерінің атаманы. Ол Петроградтағы төңкерістің ертеңіне большевиктерге соғыс жариялаған алғашқы әскери қолбасшы болды. Дала өлкесінде және Жетісуда Қызыл әскермен соғысқан. 1920 жылы қалған әскерлермен аттанды Қытайда ВЧК агенттері тарапынан өлтірілді. бастаған аздағаны ғана бұған келіспей, Торғай даласына шегінді.

А. П. Лях. Казактар

Әлихан Бөкейханов бастаған Алашорда Халық кеңесінің өкілдері де Орынбордан шығып, Семейге аттанды. Желтоқсан айында өткен Жалпықазақ съезінде бұл қала Қазақ автономиясының жаңа астанасы болып жарияланды. Бірақ 1918 жылғы 16 ақпанда бұл жерде де Кеңестер билікке келді, ал жергілікті Сібір казактары оларға қарсылық көрсеткен жоқ. Жалпы бұрынғы империяның басқа аудандарында, соның ішінде Верный қаласында да дәл осындай жағдай болды.

Осылайша 1918 жылғы қаңтар-наурызда Қазақ даласындағы шынайы билік толығымен дерлік келімсек шаруалардың бақылауындағы Кеңестердің қолына өтті. Іс жүзінде 19171918 жылдары Қазақ даласында өзара бәсекелес болған үш қауым қазақтар, келімсек шаруалар мен казактар қауымының біреуі ғана билік тізгінін өз қолына алды. Қоныс аударып келген шаруалар төңкеріске дейінгі кездегідей, қазақ және қырғыз халқынан жерді күштеп тартып алу тәжірибесін одан әрі жалғастыруға мүдделі болды, ал казак корпорацияларын өздеріне бәсекелес деп есептеді.

Башқұрт ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Заки Валидидің дәл сол 1918 жылы айтқан мына пікірі қисынды: «Ақыр аяғында Кеңестердің саясаты өтірік, жымысқы екенін түсіндік. Мүмкін, Орталықта жақсы адамдар бар да шығар, бірақ біз жергілікті жерде бірге жұмыс істейтін орыстар залым, барып тұрған шовинист. Міне солар бізге өздерінің шартын күшпен таңатын болады».iЗаки Валиди Тоган. Воспоминания: борьба народов Туркестана и других восточных мусульман-тюроков за национальное бытие и сохранение культуры. Кн. 1. Уфа, 1994. 226 бет. Айта кететіні, бұл жағдай башқұрт пен қазаққа ғана емес, ресейлік Азиядағы басқа халықтарға да тән болды. Айталық, Сібірдегі ақтар қозғалысы жетекшілерінің бірі — Георгий Гинс Күнгей Байкалдағы шаруалар жиынының мынадай шешімін мысал ретінде келтірген: «Жер ешкімдікі емес, халықтікі, сондықтан ол буряттарға емес, халықтыққа тиесілі болуы керек».iГинс Г.К. Сибирь, союзники и Колчак. Поворотный момент русской истории. 1918–1922 гг. (Впечатления и мысли члена Омского правительства). М., 2013. 64 бет.

Алашорда үкіметінің мүшесі Мұхамеджан Тынышпаев былай деп жазды: «Жетісу большевиктері сырттан келген халық емес, олар тек жаңадан қоныстанушы келімсек шаруалардан, қала мещандары мен қашқан-пысқандардан, қылмыскерлерден тұрады. Облыста қырғыздардан тартып алынған ең жақсы жерге жаңадан қоныстанған келімсектердің саны 150 мыңнан астам, бұлардан 1015 мың қызыл шығады».iРоссия и Центральная Азия. Конец XIX – начало XX века.: Сб. док. и мат./ Отв. Ред. Д.А. Аманжолова. М., 2017. 239 бет. Парадокс болса да, Алашорданың қайраткері Тынышпаевтың жазғанын коммунист Георгий Сафаров былай деп қайталайды: «...Үстем ​​тапқа айналған кулак-шаруалар ақыры көшпелі халықты өзіне бағындырып, реквизиция мен тәркілеу деген желеумен барлық жақсы жерді тартып алды».iСафаров Г. Колониальная революция (опыт Туркестана). М., 1921. 116 бет.

«Правда» газетінің оқырмандары. 1923 жыл

Шындығында, Ресейдің азиялық шетіндегі келімсек шаруалардың қолында болған кеңес өкіметі бұрынғы отаршылдық басқарудың жаңа түрі еді. Тек бұл жолы билік келімсек шаруалардың мүддесінде әрекет еткен орталықтандырылған бюрократиялық мемлекеттің орнына, тікелей олардың қолына өтті. Ал жергілікті халыққа қатысты жүргізілген саясаттың мәні аса өзгерген жоқ.

Алашорда қайраткерлерінің казактармен одақ құруы және жергілікті халықтың мүддесін қорғауға әрекеттенуі алашордалықтардың батыстағы Орынбордан бастап, шығыстағы Семей, оңтүстіктегі Верныйға дейін, қазақ саяси қозғалысы үшін маңызды болған барлық аумақта жергілікті билік органдарынан қуылуына әкеп соқтырды. Үкіметтің өзі қазақ ауылдарында жасырынуға мәжбүр болды. Жергілікті билік органдарында қазақтың мүддесін білдірген өкіл саны көп болған 1917 жылмен салыстырғанда бұл ауыр жеңіліс еді.

БОЛЬШЕВИКТЕРМЕН ОДАҚТАС БОЛУ ӘРЕКЕТІ

Алайда большевиктердің Ресейдің болашағы туралы ойы жергілікті Кеңестерде билікті басып алған келімсек шаруалардың түсінігінен біршама басқаша еді. 1917 жылдың аяғы мен 1918 жылдың басында большевиктер идеологиялық сипаттағы бірқатар мәлімдеме жасады. Онда аз ұлттардың құқығы мәселесін көтерді және болашақта Ресейді федеративтік құрылым үлгісімен ұйымдастыруды талқылады. Айта кететіні, олар мәлімдемесін ісімен дәлелдеді. 1917 жылдың аяғында большевиктер үкіметі Финляндияға тәуелсіздік берді. Бұл Ресейдегі аз ұлттарға олардың мүддесін іске асыру мүмкін деген әсер қалдыруы тиіс болғаны сөзсіз.

Бұл тұрғыда қазақтың саяси топтарының неге большевик басшылығымен уағдаластыққа жетуге тырысқаны түсінікті. 1918 жылғы 20 наурызда Алашорда Халық кеңесінің (үкіметінің) басшысы Әлихан Бөкейхановтың орынбасары Халел Ғаббасов большевик көсемдерінің бірі, Ұлттар жөніндегі халық комиссары (Ұлтхалком) қызметінде болған Иосиф Сталинмен Семейден телеграф арқылы келіссөз жүргізді. Сталин Алашорда үкіметіне Мәскеуге өз өкілдерін жіберуді ұсынды. 1918 жылдың 1–2 сәуірінде «Алаш» эмиссарлары Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер Мәскеуде Иосиф Сталинмен, одан кейін Владимир Ленинмен де кездесті. Әңгіме Алашорданың большевик билігін мойындауының шарттары туралы болды. Досмұхамедовтер мен большевик көсемдері нақты не туралы әңгімелескені белгісіз, бірақ тараптардың кездесу нәтижесі туралы түйген ойлары мүлде өзгеше болғаны анық.

1918 жылғы 3 сәуірде Алашорда Мәскеуге кеңес өкіметін мойындайтыны туралы Ғаббасов қол қойған жеделхат жолдады. Мәскеу бұл жеделхатты жауапсыз қалдырды. Бұған Ғаббасовтың жеделхатында большевиктердің қабыл алмайтыны анық бірқатар шарт қойылғаны себеп болды. Атап айтқанда, онда Екінші жалпықазақ съезінің аумақтық-ұлттық автономия құру, сондай-ақ құрылтай съезі шақырылғанға дейін бұл автономиядағы билік Алашорда үкіметіне тиесілі болуға тиіс екені туралы тезистері қайталанды. Сәйкесінше 25 адамнан тұратын оның құрамындағы бос қалған 10 орынға орыс халқының өкілдері кіргізілуі керек делінген, яғни де-факто орыс келімсектерінің мүддесіне өкілдік ететін жергілікті Кеңестер іс жүзінде Алашорда үкіметінің билігін мойындауға тиіс деп ұйғарылды.

Сонымен қатар жаңа Кеңестер сайлауына дейін жер-жердегі билік сол кезде құрылған қалалық және земстволық өзін-өзі басқару органдарына өтуге тиіс еді. Дәл осы органдар жергілікті деңгейде жаңа сайлау өткізуі керек еді, ал содан соң бұл жолы қазақтар тұратын аумақтарда Кеңес түріндегі билік органдары құрылуға тиіс болған (ол жерде олар жоқ еді). Ғаббасовтың жеделхатында сайлауды демократиялық қағида бойынша өткізу керектігі туралы нақты айтылған-ды. Шын мәнінде, большевиктерге Қазақ даласында билікті ұйымдастыру үшін олар Ресейдің орталық бөлігінде жаңа ғана, яғни Құрылтай жиналысы таратылған тұста жойған тура сол либералдық қағиданы басшылыққа алу ұсынылды.

Бұдан бөлек, Алашорда қайраткерлері большевиктердің орыс халқынан құралған жергілікті Кеңестерді билікті қазақтарға беруге немесе тым болмаса бөлісуге мәжбүрлеуін қалады. Ал 1918 жылы аймақтардағы большевик билігі көп жағынан жергілікті жердегі қолдауға байланысты болды. Кеңестер мен казактар арасында қайшылық болғандықтан, біріншілері большевиктердің өте сенімді, соның ішінде қарулы тірегі саналды.

Солай болғанымен, 21 сәуірде Халел Ғаббасов Халком кеңесіне Владимир Ленин мен Иосиф Сталиннің атына тағы бір жеделхат жолдап, өзі ойлап жүргендей, қол жеткен уағдаластықты іске асыруды тездетуін сұрайды. Ғаббасов «жергілікті Кеңестер тарапынан халықтың табиғи құқығын менсінбеу тоқтамай отыр, қырғыз ұйымының мүшелерін қудалау, олардың мүшелерін тұтқындау қырғыздың қалың бұқарасын оларға қарсы қойып, ұлттық антагонизмді тереңдетеді» деп жазды.iРоссия и Центральная Азия. Конец XIX – начало XX века.: Сб. док. и мат. М., 2017. 209 бет. Жеделхатының аяғында ол 3 сәуірде жіберілген алдыңғы жеделхатқа тездетіп жауап беруді сұрайды. Бірақ большевиктер үнсіз қалды.

Петр Васильев. Ленин мен сұхбаттасуда. 1951 жыл / Ресей мемлекеттік кітапханасы. Мәскеу/Legion-Media

Ал шындығында, Мәскеудегі келіссөздің нәтижесінде оларда Алашордаға өте сыни көзқарас қалыптасты. Айталық, Алашорда қайраткерлерімен кездесуден кейін бір-екі күн өткен соң, 1918 жылғы 7 сәуірде Сталин Қазан, Уфа, Орынбор мен Ташкент Кеңестеріне жеделхат жолдап, онда Алашорда сияқты буржуазиялық-ұлтшыл қозғалыстар «революция барысында бірте-бірте әшкереленіп жатыр» деп жазылған».iГригорьев В.К. Противостояние (большевики и непролетарские партии в Казахстане. 1917–1920 гг. Алма-Ата, 1989. 9 сәуірде бұл жеделхат орталық газет «Правданың» бетіне жарияланды. Сондай-ақ сол жерде Ұлтхалком ұлттарға пропорциялы түрде өкілдік етілуіне қарсы және сайлау таптық қағида негізінде ғана өтуге тиіс деп мәлімделді. Дәл осы кезде Сталин Семей кеңесі атқару комитетінің төрағасына депеша жіберіп, «Алашорданы тарату және оны қырғыз пролетариатының диктатурасымен ауыстыру» туралы нұсқау берді.

Бұған қоса, Алашорда қайраткерлерімен келіссөз жүргізген бойда Мәскеу Қазақ даласындағы өзінің үкіметтік инфрақұрылымының сұлбасын анықтауға кірісті. 1918 жылғы 5 сәуірдің өзінде Ұлтхалком бүкілқазақ Кеңестер съезін шақыру жөніндегі бастамашыл топты құрып, оған басшы етіп кезінде Торғай генерал-губернаторлығы жанындағы аудармашы қызметінде мансап жолын бастаған Мұхамедияр Тұнғашинді қойды. 1918 жылдың көктемінде Тұнғашин сол кездегі большевиктерге адал, «Алашпен» байланысы жоқ санаулы қазақтың бірі болған, оның үстіне ол Мәскеуде тұратын. Сөйтіп большевиктер қазақ автономиясын құру процесін өз күшімен ұйымдастырып, басқаруды көздеді, яғни қазақ қоғамымен қарым-қатынас жасау үшін большевиктерге «Алаш» қозғалысы сияқты ықпалды және ұйымдасқан дәнекер қажет емес еді.

Көшпелі автономиялардың болашағы қандай болатыны жайлы большевиктердің ойы 1918 жылғы 10 мамырда Татар-Башқұрт кеңестік республикасының құрылтай съезін шақыруға арналған жиында Ұлт істері жөніндегі комиссар Сталиннің мына мәлімдемесінен анық көрінеді: «Автономия дегеніміз форма. Мәселе бұл форманың таптық мазмұны қандай болатынында. Кеңес үкіметі автономияға мүлде қарсы емес, ол автономияны жақтайды, бірақ бұл бүкіл билік жұмысшылар мен шаруалардың қолында болатын, барлық ұлттардың буржуасы биліктен ғана емес, үкімет органдарын сайлауға қатысудан да шеттетілген автономия болуы керек. Автономияның екі түрі бар. Бірінші түрі — таза ұлтшыл. Бұл автономия эксаумақтық жолмен, ұлтшылдық негізінде құрылған. «Ұлттық кеңестер», осы кеңестердің айналасындағы ұлттық полктар, халықты ұлттық куриялар бойынша межелеу және осы орайда болмай қоймайтын ұлттық тартыс — автономияның түрінің бұл нәтижесі осындай. Автономияның бұл түрі — жұмысшы және шаруа депутаттары кеңестерінің сөзсіз өліміне әкеп соқтырады».iСталин И.В. Сочинения. Т. 4. М., 1947. 87 бет.

Сталин сөз сөйлеген күннің ертеңіне-ақ, 1918 жылғы 11 мамырда Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатында қазақ бөлімі құрылғанының символдық мәні бар. Оның алдына қойылған басты міндет орталықтың тікелей басшылығымен, әлбетте, кеңестік негізде қазақ автономиясын құруға дайындық болды.

1918 жылдың сәуір айының басында Владимир Ленин мен Иосиф Сталиннің Жаһанша және Халел Досмұхамедовпен жеке кездесіп, қысқаша әңгімелесуі большевик басшыларының қазақтың ішіндегі мәселелермен алғашқы танысуы еді. Олар үшін қазақтар Еділден Алтайға дейінгі, Сібірден Орта Азияға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты мекендеген саны көп халық болған. Осыған байланысты большевиктердің қазаққа барынша назар аударуына тура келді. Бұл мемлекеттік басқарудың мүддесі үшін де (қалай дегенде де, бұл аумағы үлкен және халқы көп ел), сондай-ақ отары болған Шығыста көздеген мақсатына ету үшін де қажет болды.

Шындығында, большевиктер Азияны, сондай-ақ бүкіл әлемді де кең ауқымда, әлемдік революция тұрғысында қарастырды. Осы орайда Владимир Лениннің 1919 жылғы 8 қарашадан кейін Л. Сосновский мен Е. Преображенскийге жолдаған жеделхаты назар аударарлық: «Егер біз шығыс халықтарына ештеңе бермей, тек «өндіріп ала беретін» болсақ, онда біздің бүкіл халықаралық саясатымыз, «Азия үшін» бүкіл күресіміз түкке тұрғысыз болады. Одан да башқұрттар мен қырғыздарды еркіне қойып, сол арқылы Азия үшін күрес саясатымызды оңайлатқанымыз дұрыс. Әйтпесе, Азияда ағылшын империализміне қарсы ешнәрсе істей алмаймыз. Алдағы уақытта Парсы, Үндістан, Қытай үшін шындап күрес жүргізуіміз керек және бұл күрес үшін Шығыстың аз халықтарынан ештеңе «өндіріп алмау» немесе дәл белгіленген ең төменгі минимум алу керек».iЛенин В.И. Неизвестные документы. 1891–1922. М., 2017. 305 бет. Сонымен, Лениннің ойынша, Ресей билеген Орталық Азия дүниежүзілік революцияны Парсыға, Үндістан мен Қытайға тарататын плацдармға айналуға тиіс еді.

1919 жылы Бірінші атты армияның әскери дайындығын байқау. 1933 жыл / Мемлекеттік тарих мұражайы (Мәскеу)

ҚЫЗЫЛДАН АҚТАРҒА

Большевиктермен алғашқы танысудың нәтижесінде Алашорда үкіметінің жалпы жағдайы күрт нашарлады. 1918 жылғы 18 мамырда Семейде қазақ облыстық съезі таратылып, Алашорда үкіметінің өкілдері тағы да далаға шегінуге мәжбүр болды. Дәл сол күні Орал облысының Жымпиты ауылында Жаһанша Досмұхамедовтің төрағалығымен Төртінші төтенше облыстық съезд өтті. Қазақ автономиясын жариялау мақсатын 1917 жылдың желтоқсанда өткен Екінші жалпықазақ съезі белгілегенімен, бұл кезде ол сол күйі жарияланбаған еді. Жымпиты съезінің қаулысында: «Қазіргі саяси жағдайда бұл автономия ауылдан бастап, қырғыз халқы мекен ететін, толық 7 облысты және бір губернияның бөлігін алып жатқан бүкіл аумаққа дейін, келу тәртібімен жүзеге асырылуға тиіс» делінгенiРоссия и Центральная Азия. Конец XIX – начало XX века.: Сб. док. и мат. М., 2017. 215 бет. . Сөйтіп, жалпы Қазақ автономиясының құрылуы туралы жариялау мүмкін болмағандықтан, Орал өлкесінде облыстық деңгейде өзін-өзі басқаруды құру ұйғарылды.

Осылайша Ойыл уәлаяты құрылып, бірден кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізетіні және Орал әскерінің казактарымен одақ құратыны туралы мәлімдеді. Ұстанымың осынша қатты болуы Досмұхамедовтің большевик көсемдерінен түңілгенін аңғартты. Қазақ халқының табиғи одақтасы казактар екенін түсіну сол кезде күшейе түскен еді.

«Қызыл-Таң» дүкені. 1929 жыл

Өйткені 1918 жылғы сәуірдің басында Досмұхамедовтер Мәскеуде Сталин және Ленинмен кездесіп жатқанда, Верный жақтағы казактар тұратын бес станицада көтеріліс басталған болатын. Бұл Жетісу казактарының оларды қарусыздандырмақ болған Верный кеңесінің әрекетіне реакциясы еді. Көтерілісшілер қаланы қоршауға алды. Бұған жауап ретінде жергілікті кеңес 17 саяси тұтқынды, соның ішінде Уақытша үкіметтің Жетісу өлкесі бойынша бұрынғы комиссары Орест Шкапскийді атып тастады. Көп ұзамай Ташкент кеңесі Верный кеңесіне көмекке жасақ жіберіп, ол жергілікті шаруаларға Қаскелең станицасының түбіндегі шайқаста казактарды талқандауға көмектесті.

Жеңіске жеткен Жетісу облыстық атқару комитеті казактарды сайлау құқығынан айырды да, көп ұзамай казактардың жері жалпы халықтың игілігіне өтеді деп жариялады. 3 маусымда Жетісу казак әскері мен казактар табын жою туралы декрет қабылданды. Атап өтетіні, бұл әскердің бүкіл мүлкі, сондай-ақ жердің көп бөлігі басқаға емес, қоныс аударып келген шаруаларға, яғни бір қауымнан екінші қауымға казактардан шаруаларға өтті. Болашақта Жетісу казактары ақтардың Сібір үкіметін қолдағаны ғажап емес. Олардың одағына алашордашылардың әскери құрамалары да қосылды.

1918 жылғы мамырдың аяғында болған чехословак корпусының көтерілісі 1917 жылғы либералдық күн тәртібіне қайта оралуға мүмкіндік туғызды. Бұл көтерілісті іс жүзінде Ресейдегі большевиктердің билігіне наразы саяси күштердің барлығы әсіре оңшыл офицер ұйымдарынан бастап кейбір жұмысшы кәсіподақтары мен либералдық және социалистік партиялардың өкілдеріне дейін қолдады. Нәтижесінде Орал, Сібір мен Қиыр Шығыстың ұлан-ғайыр жерінде большевик билігі құлатылды.

Чехословак корпусы 1917 жылдың күзінде Орыс армиясының құрамында негізінен чехтар мен словактардан, еріктілерден, тұтқындардан және Австрия-Венгрия мен Германия жақтан өтіп кеткен және Ресей жағында соғысуға ниет білдірген адамдардан құрылды. 1918 жылдың мамыр айының соңында әскери-теңіз флотының халық комиссары Лев Троцкий Еуропадағы майданға жөнелту үшін Транссібір темір жолымен Владивостокқа бара жатқан чехословак корпусын қарусыздандыру туралы бұйрық берді. Бұл корпустың эшелондары Пензадан Владивостокқа баратын темір жол бойында созылып жатқан болатын. Қарусыздандыру туралы бұйрық чехословактарды көтеріліс жасауға итермеледі.

Сурет авторы белгісіз. Сібірдегі чехословактар ​​/ Ашық дереккөзден алынған

АҚТАР ОДАН САЙЫН АҒАРАДЫ

1918 жылдың маусымында орталығын Самара деп жариялаған большевиктерге қарсы бірінші үкімет құрылып, оны эсерлер басқарды. Оған Құрылтай жиналысы мүшелерінің комитеті деген атау беріліп, тарихқа Комуч деген атпен енді. Шамамен сол уақытта Омбыда Уақытша Сібір үкіметі құрылып, оны эсерлер мен оңшыл консервативті саясаткерлер қатар басқарды. Ондағы қайраткелердің көпшілігі башқұрт, қазақ, татар сияқты «бұратана» халықтардың мемлекеттік рухы мүлдем жоқ, олар Ресей мемлекетіне дұшпан, сондықтан мемлекеттік билікке қатысуына болмайды деп есептеді. Сол кездегі сөзуарлардың бірі: «Бұратана халықтарды қылп еткізбей ұстау керек», деп айқайлап қоймады. 1918 жылдың қыргүйегінде Поволжьеде әскери жеңіліске ұшыраған Комуч пен Омбы үкіметі біртұтас үкімет директорияны құрды, бірақ ол бірте-бірте оңшыл бағытқа бет бұрды, ал 1918 жылғы 18 қарашадағы төңкерістің нәтижесінде Омбыдағы билікті вице-адмирал Колчак басып алды.

Д. Шмарин. Ақ әскер келді! Мәсіх қайта тірілді! 2007 жыл

Чехословак корпусы көтеріліс жасаған кезден бастап Алашорда большевиктерге қарсы қозғалысты қолдап, Құрылтай жиналысын шақыру және демократиялық қайта құру туралы ұраннан айнымайтынын мәлімдеді. Алайда мен жоғарыда айтып кеткен себептерге орай қазақ саясаткерлерінің бұл идеяларды іске асыруы өте қиын болды. Алаш Орданың билігі іс жүзінде қиялдағы билік болды. Қазақстың көптеген ішкі аймағы қандай да бір билік болғанын мүлде қаламай, Ресейдің Азамат соғысынан аулақ болуға тырысты.

Алашорда қайраткерлерінің большевиктерге қарсы коалиция аясындағы Комучтағы да, Уақытша Сібір үкіметіндегі де серіктестері қазақ үкіметінің нақты мүмкіндігі жоқ екені анық деп есептеді. 1918 жылдың шілдесінде Алашорда мен Уақытша Сібір үкіметінің арасында келісім жасау аясында жұмыс істеген заңгерлердің бірі: «Алаш Орданың қазір тек үлкен талабы ғана бар, бірақ астында нақты негіз жоқ», деп айтты. Алашорданың жағдайы ғана осындай ерекше болды деп ойлауға болмайды. Азаматтық соғыс кезіндегі аласапыранда көптеген күш барын салып билікті алуға талпынды, бірақ іс жүзінде қолында билігі болған жоқ. Большевиктердің де, ең болмағанда, ерте кезеңдегі жағдайы біршама дәрежеде осындай болды. 1918 жылдың қыргүйегінде Алашорда Ойыл уәялатын Алашорданың батыс бөлімшесі етіп қайта құру туралы келісті, яғни символдық түрде болса да тұтастықты қалпына келтірді. Сонымен қатар Алашорда қайраткерлері Қазақ даласының кең-байтақ жерінің едәуір бөлігін құрайтын аумақты бақылауында ұстады, саны аз болса да әскері бар еді, сондай-ақ даланың ішінде де, сыртында да большевикке қарсы қозғалыстың негізгі субъектілерімен шарттық қатынаста болды.

Солай болғанымен, 1918 жылдың қарашасында директория Алашорданы тарату туралы арнайы жарлық шығарды. Мұндай алғашқы актіге, 1918 жылы сәуірде Сталиннің қол қойғаны есімізде. Колчак билікке келгеннен кейін оның алғашқы шешімдерінің бірі қайтадан Алашорданы да, Башқұрт автономиясын да жою және олардың әскерін тарату туралы бұйрық болды. Оңшылдар бүкіл билікті Омбыдағы бір үкіметтің қолына шоғырландыруды көздеді. Аз ұлттардың саяси қозғалыстары үшін жағдай өте қолайсыз болды. Башқұрттың көшбасшысы Заки Валиди 1918 жылдың қараша айының аяғындағы башқұрт пен қазақтың жалпы көңіл күйін өте бейнелі түрде білдірді. «Біз Самара мен Ақтөбедегі қызылдар, сондай-ақ Дутов пен Колчак сияқты төрт жаудың күшіне тап болдық», деп жазды ол.iЗаки Валиди Тоган. Воспоминания: Борьба народов Туркестана и других восточных мусульман-тюрков за национальное бытие и сохранение культуры. Кн. 1. Уфа, 1994. 272 бет.

Бұл жағдайда ақтар диктатурасының қарсыластары Колчакқа қарсы шығуды ұйымдастыру туралы ойланды. Қараша айының аяғында әскерилерге жататын эсерлердің, башқұрт көшбасшысы Заки Валиди мен Қоқан автономиясының бұрынғы басшысы қазақ Мұстафа Шоқайдың арасында байланыс жасала басталды. 1918 жылдың желтоқсан айының басында астыртын сөз байласқан олар Орынборда жиын өткізді. Олар бірден үш елдің: Қазақстан, Башқұрстан мен Казак мемлекетінің жаңа үкіметін құруды жоспарлады. Бірақ Колчактың төңкерісіне қарсы тұру үшін демократиялық топтардың бұл «ең батыл» әрекеті пәрменді емес, символдық сипатта болды. Әлбетте, одан ештеңе шықпады.

1917 жылдың ақпан айынан бастап либералды және ұстамды социалистік саясаткерлер демократиялық өзін-өзі басқару жүйесін және бұған қажетті институттарды, соның ішінде сайлау өткізу механизмін құруға тырысты, алайда ақырында олар тактикалық тұрғыдан жеңілді. Азаматтық соғыс жағдайында либералды саясат саяси спектрдің әртүрлі жағындағы жақсы ұйымдастырылған қарсыластармен теке-тіресте табысқа жеткізбегені анық. Сондықтан либералдар Колчак сияқты оңшыл радикалдардан жеңіліс тапса, ұстамды социалистер ақыр соңында солшыл радикалдар большевиктерден ұтылды. «Егер 1918 жылдың қарашасына дейін Ресейдің шығысында революцияның екі нұсқасы арасында соғыс жүрсе және оның бірі демократиялық жолды қорғаса, кейін бұл балама жойылды. Енді майданның екі жағында да диктатура болды».

Ф. А. Москвитин. Адмирал Колчак

Стратегиялық тұрғыдан алғанда, Колчак жасаған төңкеріс Ресейдегі Азамат соғысында оңшыл радикалдардың ақыр аяғында жеңілуіне себеп болды. Ұстамды социалистермен (эсер мен меньшевиктер) уағдаластықтан бас тартқан олар іс жүзінде большевиктерді идеологиялық бәсекелестіктен құтқарды. Енді большевиктер социализм туралы көпірме сөз айтуға мүмкіндік алған бірден-бір саяси күшке айналды. Ал ақтардың қозғалысындағы Ресей оңшылдарының аз ұлттарға қатысты өте қатал саясат жүргізе бастағанын ескерсек, ұлттық бағыт та толығымен большевиктердің қолына өтті.

Сұлтан Әкімбеков

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді