ҮЛКЕН СОҒЫСТАҒЫ КІШКЕНТАЙ АДАМ

Жүз жылдық соғыстың батырлыққа жатпайтын мәліметтері

ҮЛКЕН СОҒЫСТАҒЫ КІШКЕНТАЙ АДАМ

Франциямен Жүз жылдық соғыс кезінде III Эдвард бастаған ағылшын әскерінің 1347 жылы Калеге шабуылы/Alamy

Ғасырлар бойы соғыс ерлік пен даңқтың белгісіндей, тіпті кейде киелі саналды. Жеке әскери компания (ЖӘК), қылмыскерлерді соғысқа жегу немесе «оққа жем болу» ұғымы — жаңалық емес. Осылардың Еуропада алғаш рет қалай пайда болған тұралы медиевист-тарихшы Елена Калмыкова әңгімелейді.

«Оққа жем болу» деген сөз тіркесіні ойлап тапқан ШекспирiТүпнұсқада «оқ-дәрінің жемі» (food for powder). еуропалық әдеби дәстүрде соғыстың ерлік пен даңқ әкелмейтінін айыра білген бірінші адам болса керек. Сөз ортағасырлық Еуропа тарихындағы алғашқы ірі қақтығыс — Англия мен Франция арасындағы Жүз жылдық соғыс (1337–1453) туралы. 1328 жылы Францияда Капетиндер әулетінің билігі мұрагерсіз аяқталды. Таққа француз королі IV Филипптің жиені Филипп Валуа отырды. Сонымен бірге IV Филипптің немересі болып келетін ағылшын королі III Эдвард да француз тағына ұмтылды.iТікелей себеп 12 ғасырдан бері ағылшын корольдерінің меншігінде болған аймақты Аквитаниядағы француз монархының тәркілеуі болды. Бұл түрде олар француз королінің вассалдары болды. Екі мемлекетке иелік еткен патшалар арасындағы династиялық дау соғыс өртінің тұтануына себеп болды. Орта ғасырда болған қақтығыстардан айырмашылығы бұл соғыс Англия мен Франция тұрғындары үшін ұлттық сипатқа ие болып, соғысушы таптың арасындағы мәселе ауқымынан шығып кетті.

Соғыс — тек қаһармандар заманы емес. Айталық, Шекспирдің «IV Генрих»ii1598 жылында жазылған Шекспирдің тарихи хроникасы патша IV Генрихтің (1399–1413) билігіне және Жүз жылдық соғыстың болашақ жеңімпаз патшасы V Генрихтің (1413–1422) жастық шағына арналған. пьесасының кейіпкері, Уэльс ханзадасы және болашақ корольдің досы сэр Джон Фальстаф оның шақырған сарбаздарын кәкір-шүкір, сыйықсыз әрі «дүниенің тозығы», жуынды мен қалдықты қорек қылатын «адасқан ұлдар» деп атайды. «Олардың көпшілігі түрмеден жалданған», – дейді Фальстаф, өйткені барлық аз-кем ақшасы бар адам әскер жалдаушыны айтарлықтай риза қылып, оның әмиянын үш жүз фунтқа толтырып, өз басына құн төледі. Дегенмен сол рыцардың ойынша, өздері жинаған «оққа жем болушылар» «қабірді толтыру жағынан өзгелерден кем түспей» өз жазмышынан алысқа кетпейді.

Англияның патшалық туы (1411-1553-1559-1603)/Wikimedia Commons

Англияның патшалық туы (1411-1553-1559-1603)/Wikimedia Commons

Вассалдық борыш

Даңқты шонжарлар мен патша сарайына жақын адамдар үшін соғысқа қатысу туралы сұрақтың жауабы айтпаса да түсінікті еді. Рыцардың вассалының11Вассал (фр. қызметші)Орта ғасырларда патшаға тәуелді мырзалар әдетте осылай аталды. Тұрақты әскер болмаған кезде вассалдық қатынастар әскер жасақтауға мүмкіндік берді. Патша өзінің серіктестеріне (вассалдарына) жерлерді немесе белгілі бір аумақтарға өз құқықтарының бір бөлігін үлестіріп беретін. Жауап ретінде, вассалдар соғыс жағдайында билеушінің шақыруы бойынша оның туы астында жиналуға және басқа қызметтерді орындауға мәжбүр болды. негізгі ісі сеньорына әскери қызмет ету болған дәуірде, кей жағдайларды есепке алмағанда, корольдің жорықтарынан аулақ жүру мүмкін болмайтын. Монархтың көңіл-күйіне тәуелді болған әйгілі рыцарлар король бастаған барлық соғысқа қатысуға мәжбүр болды.

Ал қарабайыр, патша сарайынан саяқ жүретін, әл-ауқаты көтермейтін, кез келген әскерде көпшілікті құрайтын жандарды патша жасағына кіруге не итермеледі?

Жаудың бейнесін жасау

Корольдің үгіт қағаздарында Филипп Валуа бастапқыда басқа біреудің мұрасын заңсыз тартып алған, табиғат пен Құдайдың заңдарын аяққа таптаған және соғыс өртінің тұтануына кінәлі адам ретінде көрсетілді. Францияда орнаған әйелдерді тәж мұрагерлігінен алып тастау ережесіне қарсы ағылшындардың алға тартатын ең тапқыр дәлелі — Мұсадан марқұм әкесінің енші жерін сұраған Салпадаадтың қыздары туралы хикаяны қамтитын Ескі Өсиет еді. Жаратқан Ие Мұсаға: «Израилдіктерге мынаны айт: егер біреу артынан ұл қалдырмай қайтыс болса, онда өтініші әділ болуы үшін оның мұралық жерін қызына табыстаңдар» (Руларды санау: 27:9), – деді. III Эдуард жаңа корольдік елтаңбада ағылшын қабыландары француз лалагүлдерімен қатар қойды. Ол барлық монеталар мен мемлекеттік мөрлерге қойылды және 1800 жылға дейін қолданылды.

Дегенмен Францияда өз королінің құқығының аяқасты етілуі туралы ақпарат қалың бұқараны жаумен күресуге итермелемейтін еді, ал Англияға шабуыл дайындалып жатқаны туралы ескертулер бұл мақсатқа жекізуге тиіс болды. Бұған қоса канондық құқықiiяғни шіркеу құқығы. тұрғысынан алғанда, басқа біреудің жеріне шабуыл жасаумен салыстырғанда өз туған жеріңді қорғау орынды желеу саналып, ақтауға боларлық іс деп есептелді, сондықтан Эдуард француз басқыншылығына қатысты өзінің халқының бойында қорқыныш сезімін тудыруға көп күш жұмсады.iМысалы, 1345 жылы оңтүстік графтықтардың тұрғындарына «Франция королі біздің елімізге шабуыл жасау үшін көп әскер мен орасан зор флот жинап жатыр» деп хабарланды, ал келесі жылы солтүстікте француздардың одақтасы шотландықтар шабуыл жасауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат тарады, 1351 жылы III Эдуард «Франция королі Англия корольдігіне басып кіру үшін әскер жинауды тоқтатпайды» деп еске салды. 1356 жылы жаудың кемелері «ағылшын флотын жойып, біздің корольдігімізге басып кірмек» деген жан-жақтан желдей ескен ақпар да континенттен төніп тұрған қауіпке қатысты болды. Мұндай ескертулердің жанама мақсаты (дәстүр бойынша қосымша қорғаныс құрылыстарын салу және гарнизондарды күшейту міндетін қамтитын қалалар мен олардың тұрғындарын жауға қарсы тұруға дайындаудан басқа) корольдің құқығын бұзған континенттегі абстрактілі жаудың бейнесін емес, Англияның бейбіт халқына іс жүзінде қауіп төндіріп тұрған жаудың бейнесін жасау болды.

Жаудан төнген қауіп-қатер «үлкен зұлымдық жасады» немесе нақты айтқанда «адамдарды өлтірді, тонады, өртеді және басқа қылмыстар жасады» деп екіұшты сипатталды. Кейде жаудың нақты мақсаты, мысалы, «король Иоанды біздің қолымыздан ұрлап әкету»i1356 жылы Пуатье шайқасында ағылшындарға тұтқынға түскен Франция патшасы. деп анық көрсетілді. Кей кезде француздардың Англияға басып кіруінен туған үрей сезімінің күшті болғаны сонша, ел астанасының тұрғындары тосқауыл бекіністерін тұрғыза бастады, ал дәулетті адамдар қорғанысқа қомақты қаражат бөлді.iМысалы, лондондық бақалшы Джон Филпот (1378 жылы мэр қызметін атқарған) бірнеше рет өзінің ақшасына кемелерді жабдықтаған және Англия жағалауын қорғау үшін латниктерді жалдаған. Жау тарапынан төнген қатерге қарсы тұру қай уақытта да ең күшті ынталандыратын себеп, ол тіпті дәрежесіне байланысты қолына қару алуға тыйым салынған адамдарды қарулануға итермелейді. Кентерберидегі Әулие Августин аббаттығында қызмет еткен Уильям Торнның шежіресі бойынша, ол жердегі аббат Майкл Пичем (1386 жылы қайтыс болған) «өзінің дін қызметшісі екеніне қарамастан, туған елін қорғауда ерекше белсенділік танытып, өз адамдарынан, сондай-ақ маңайында ұстаған басқа да қабілетті жандардан құралған күшті жасақты басқарды және Фолкестоундағы, содан кейін Дувр маңындағы ұрысқа қатысып, екі шайқаста да жауға тойтарыс берді».

Әскерилер үйді тонауда. Illustration by Matthew Paris,Written by Sir Winston Church/Alamy

Әскерилер үйді тонауда. Illustration by Matthew Paris,Written by Sir Winston Church/Alamy

Жалдамашылық

1340 жылы король Эдуард келісімшарт бойынша әртүрлі дәрежедегі жауынгерлерді жалдау туралы ордонансiiяғни патшалық жарлық. шығарды. Құжатқа қоса тіркелген табель бойынша жалдамашыға төленетін ақы өте жоғары болды, мысалы, кез келген дәрежедегі садақшы күніне 6 пенс алды, бұл шебердің жалақысына тең болды. Бұған қоса садақшылар жасағының бастаушысы тоқсанына бір рет қосымша ынталандыру төлемақысын алып отырды. Нәтижесінде көп ұзамай Англияда атты әскерде қызмет ететін шонжарлар заңмен белгіленген ақыға адамдарды жеткізуге келісімшарт жасасқан «агент-рекрут» рөлін белсене атқаратындай жай-күй қалыптасты. Мұндай келісімшарттар капитанның (ол жауынгерлер отрядын жалдауға ақшасы жететін кез келген адам болуы мүмкін еді) және корольдің немесе жорықтың басқа қолбасшысы арасында жасалды. Келісімшартта барлық әскери атақтар бойынша қызмет етудің бағасы мен мерзімі жазылып көрсетілді, бұл ретте бастапқыда 40 күн қызметке төленетін ақы сомасы ескертілсе, кейін ол белгіленген мерзімге байланысты өсіп отырды (келісімшарт 9 аптаға, бір жылдың ширегіне, жарты жылға немесе «патша қалаған уақытқа» жасалуы мүмкін болатын).2i2Уорик графының 1341 жылғы келісімшарты. Граф 3 баннеретті (соғыс кезінде өз туын көтеруге құқығы бар рыцарьлар), 26 рыцарь, 71 сауытты жауынгер, 40 жаяу әскер және 100 садақшы беретін.

Келісімшарт бойынша король армиясындағы қызметке көп қаражат төленгенімен, ол тек ресми соғыс қимылдары кезінде және корольдің қаржысы болған кезде ғана тиімді болуы мүмкін еді, ал жағдай үнемі олай бола бермеген. Демек жалдамашылар көп жағдайда басқа табыс көздерін өз бетімен іздеуге мәжбүр болған.

Кешірім беру

Адамдардың белгілі бір әлеуметтік санаты үшін келісімшарттың басқа түрі болды, ауыр қылмыс (ұрлық және кісі өлтіру) жасағаны үшін сотталған адамдар, сондай-ақ заңнан тыс адамдар соғысқа қатысқанына айырбас ретінде корольдің кешірімін алды. Соғыстың ең басында III Эдуард қылмыскерлер өз күнәларын Құдайдың әділдігі жолында «лайықты қызмет» атқару арқылы өтей алатынын мәлімдеді.33Кешірім беруiЕуропа тарихында алғаш рет римдіктер б.з.д. 216 жылы Канн қаласының маңында Ганнибалмен шайқаста шамамен 60–70 мың легионер қаза тауып, жеңіліске ұшыраған кезде кешірім жасалады және бостандық беріледі деген уәдемен қылмыскерлер мен құлдардың есебінен әскердің қатарын толықтырды деп есептеледі. Б.з.д. 147 жылы Ахей одағының стратегі Диэй де армияны толықтыру үшін Грекияда туылған 12 мың құлды босатуды бұйырды. Дегенмен ерекше мән-жайдан туындаған және қорғанысқа байланысты ежелгі тарихтағы қиын жағдайлардың және басқыншылық соғыс жүргізу үшін қосымша ресурстарға мұқтаж болған III Эдуардтың шешімінің арасында айқын айырмашылық бар. Әскердегі қызметке айырбас кешірім беру құзыреті корольде ғана болды. Әдетте, солтүстіктің адамдары Шотландиямен шегараны күзетуге жіберілсе, орталық және оңтүстік графтіктердің тұрғындары құрлықтағы соғыс қимылдарына қатыстырылды. Қарақшылық жасады деп айыпталған теңізшілер король флотында қызмет етті. Соғыстың ауыртпалығына қарамастан, қылмыскерлердің көбі дарға асылғаннан гөрі соғысқа барған жөн деп шешті. Армиядағы мұндай жауынгерлердің саны туралы түсінік беру үшін бірнеше есеп дерек келтірейін: 1339–1340 жылдары 850 кешірім туралы хартия жасалды, 1360 жылдың күзінде және 1361 жылы оның саны 260-тан асты; бір сөзбен айтқанда, әртүрлі уақытта қылмыскерлер әскердің 2–12%-ын құраған және олардың төрттен үші кісі өлтіргені үшін сотталған еді.

Тұтқындарды сату

Табыстың едәуір бөлігі 1346 жылда өткен Креси шайқасынанiАғылшындардың алғашқы үлкен жеңісі. кейін Англияда көп таралған ақсүйек тұтқындарды босату үшін төленетін құннан құралды. Құнның мөлшері кейде өте ауқымды еді, мысалы, сэр Томас Холланд граф д’Э үшін 80 000 флорин алды. Бірақ тұтқын саудасының өз қиындықтары болған. Мысалы, тұтқын құн төленгенге дейін өліп қалуы немесе қашып кетуі мүмкін еді. Сондықтан кей кезде оларды аз да болса нақты ақы сомасына басқа қожайынға беруге тырысты. Көп жағдайда экспедиция басшылары «сауда агенттері» ретінде әрекет етіп, өздерінің жауынгерлерінен ақсүйек тұтқындарды сатып алатын және кейін патшаға қайта сататын. Кейде ұрыс қызған кезде туындаған түсінбеушілік салдарынан бір тұтқынға бірнеше тарап таласып, құқығын дәлелдеуге тырысты. Мұндайда ақсүйек лордты тұтқынға алған рыцарлар әрі кетсе ол үшін төленген құнды үлестерге бөлуге келісетін (үлесі кейінірек қайта сатылуы мүмкін), ал ең құрығанда, дау жылдарға созылуы мүмкін еді.

Шаруалар да тұтқынның құнын алуға тырысты. Дармунд диқандары француз теңіз қарақшыларын талқандап, олардың көпшілігін қолға түсірген оқиға болған. Бұл үшін шаруалар корольдің өзінен сыйақы алды. Тұтқындар шаруалардың бастамасымен корольге берілген осы айрықша жағдайды қоспағанда, патша әскери пайданың осы түрінен тұрақты табыс алып отырды.

Барлық тұтқынға билік ету құқығы бар король әдетте тәж киген адамдар, тегі бойынша ханзадаларды, сондай-ақ басқа да ақсүйектерді немесе атақты адамдарды өзінің жеке тұтқындары деп жариялады. Бұл адамдарды тікелей қолға түсіргендер корольден құнның мөлшерінен айтарлықтай аз мөлшерде сыйақы алған, әдетте ол 500 фунт болған. Оның үстіне патша өзінің боданындағы адамдарға тұтқын үшін төленетін (шарт түрінде рәсімделгенін ғана емес, сондай-ақ ауызша келісім бойынша да) барлық құнның үштен бір бөлігін (кейде одан да көбін) алып отырды.

Жолы болғыш жауынгерлердің аяқ астынан байып кеткені туралы әңгімелер шайқас кезінде сарбаздардың ең алдымен үстіндегі сәнді сауытымен көзге түскен ақсүйек рыцарларға ұмтылуына түрткі болды. Сондықтан тәртіпті сақтау үшін қолбасшылар ұрыс кезінде тұтқындарды қорғауға тыйым салатын жарлық шығаруына тура келді. 1415 жылы Азенкур маңындағы шайқастан кейін V Генрих жау аумағымен саны жағынан өздерінен басым түсетін тұтқындарды күзеткен шағын және қажып, болдырған әскермен алға жылжу мүмкін еместігін түсініп, француздардың барлығын дерлік өлтіруді бұйырып, ақсүйек тектілерді ғана тірі қалдырды. Басып алған олжасынан айрылып қалуы бек мүмкін екенін түсінген жеңімпаздардың ұнжырғасы түскені туралы (күйзеліп қынжылғаны) ағылшын жылнамашылары бәрі дерлік баяндайды. Айта кету керек, қарапайым ағылшындардың бірі де Азенкур маңындағы шайқаста алған олжасын сақтап қала алмады. Калеге өткен кезінде ағылшын әскерінің қиыншылық көргені соншалық, тіпті сарбаздар жиналған олжа мен тірі қалған тұтқындарды азық-түлікке айырбастауға мәжбүр болды, бұл сөзсіз осынау құнды бірліктің девальвациясына әкеп соқтырды «және олардың көпшілігі тұтқындарды аздаған төлем алып босатып жіберді немесе уәдесін алып еркіне жіберді және сол кездегі тапшылықтан iазық-түліктің жоқтығынан төрт нобльдің орнына он нобль беруге тура келді, нанның бағасы маңызға ие болған жоқ, әйтеуір жейтін тамағы болса болды». 1385 жылы Альжубаррот маңындағы шайқастан кейін Джон Гонттың әскері тап осындай жағдайға тап болды. Атақты жылнамашы Жан Фруассар 400 000 франк құн алуға болатын тұтқындардың өлтірілгеніне ағылшындардың қатты қайғырғанын жазады.

Граммон қаласының тоналуы. Жан Фруассар шежіресі. Photo by Fine Art Images/Heritage Images via Getty Images

Граммон қаласының тоналуы. Жан Фруассар шежіресі. Photo by Fine Art Images/Heritage Images via Getty Images

Тонау

Дәстүр бойынша елді бойлап алға жылжып бара жатқан әскер халықтың азық-түлігін тартып алып, тонап, жолында кездескеннің бәрін талқандап жатты. Біріншісі солдаттардың тіршілік етуі үшін қажет болды. Мысалы, Нормандиядағы немесе Аквитаниядағы әскери операциялар кезінде патша ағылшын жерінен өз азық-түлігін жеткізуді ұйымдастыруға тырысты, алайда әскерлер ішкерілеп алға жылжыған сайын оларды Англия тарапынан қамтамасыз ету толығымен тиімсіз болды. Сондықтан бір кездері әскер өзін-өзі тамақпен қамтамасыз етуге тиіс болды, сондықтан бұл жағдайда тонау мен қирату соғыстың жанама әсеріне айналды және жоғары қолбасшылық бұған көз жұма қарады.

Көп жағдайда әскери жорық кезінде тонап алған олжасын сарбаздар үйлеріне, туыстарына жіберетін. Қала берді олжаның көлемді болғаны соншалық, талан-таражға түскен қазынаны тасымалдау үшін ағылшын әскерінің соңынан жағалауды бойлап арнайы кемелер жүзді. Францияның Канн қаласын басып алғаннан кейін ағылшын сарбаздарына кемелерге «тек қымбат киім-кешекті немесе өте құнды зергерлік бұйымдарды ғана» алуға рұқсат етілді, қалған олжаны кемеге артық салмақ түсірмеу үшін тастап кетуге бұйрық берілді. Бір ағылшын жылнамашысы атап өткендей, Англияда «Канн, Кале немесе теңіздің арғы жағындағы басқа да қалалардан әкелінген киім-кешек, зергерлік бұйым, ыдыс-аяққа ие болмаған әйел қалған жоқ. Әр үйде зығыр дастарқан мен мата болатын. Тұрмыстағы әйелдер француз ханымдарының зергерлік бұйымдарын тағып жүрді, ал француз ханымдары бұйымдарынан айрылып қалғанынан күйінсе, соңғылары олжалы болғанына қуанатын». Жылнамашы Томас Бертон Каленің басып алынғаны туралы хабардан кейін ағылшындардың бұдан туған тың сезімін кең мағынасында: «Сонда жалпы бұқараның пікірінше, ағылшын королі француз корольдігін жаулап алуға қаншалықты ұзақ уақыт әрекет жасаса, сонша өркендеп, ішкені алдында, ішпегені артында жырғап жүреді, ал кері қайтуы құлдырау мен зиян әкеледі», – деп сипаттайды.

1357 жылдың наурызында король Эдуард Бордо қаласында II Иоанмен бітімге қол қойып, әскерімен кемесіне мініп, Англияға аттанғаннан кейін Францияда соғыс қимылдары тоқтаған жоқ. Көптеген ағылшын қанаудың қаншалықты пайдалы екенін көріп, еліне қайтудан бас тартты. Оларға оңай баюға болады деп еліккен басқа халықтардың өкілдері: бретондықтар, нормандықтар, пикардтар және т.б. келіп қосылды.

Слёйс теңіз шайқасы. Жан Фруассар шежіресі/Alamy

Слёйс теңіз шайқасы. Жан Фруассар шежіресі/Alamy

Жеке әскери компаниялар

Кейде қарақшы-бригандарiЯғни қарақшылар тобы. толыққанды әскери күшке айналды, ал олардың басшылары, тіпті шығу тегі бойынша қарапайым адамдар болса да, атақ пен құрметке қол жеткізді. Мұндай отряд капитанының өз адамдарына шексіз билігі жүрді, ол сот төрелігін атқарып, олжаны таратып қана қоймай, өз қалауынша жорықтың мақсатын да таңдады. Мысал ретінде бриганд капитаны Роберт Ноллисті келтіруге болады, 1359 жылы оның жасағында 1000 адам болған.

Роберт Ноллистің әрекеті туралы баяндаған Лестердегі монах Генри Найтон оның атақ пен байлыққа тек өзінің әскери талантының арқасында ғана қол жеткізгенін атап өтеді: «Ол қарапайым солдат болған, бірақ уақыт өте келе ұлы рыцарь және құдіретті лордқа айналды, оған Ланкастер герцогы берген, сондай-ақ ол үлкен ағылшын әскерін жинап, бүкіл Францияны аралап шыққан төл қызметінің нәтижесінде [өзі алған] Франциядағы көптеген қамалдың, бекіністің және қалалардың коннетабліiiяғни басшысы. болды. Ол Орлеан қаласына келіп, жан-жағына өрт қойды, адамдарды қалауынша қырды және сол жерден тапқан бір сыпыра дүние-мүлік пен байлықты алып кетті. Қала тұрғындарының оған қарсы шығуға батылы жетпеді, Құдайдың рақымымен ағылшындардың даңқы алапат зор болды».

Ағылшын авторлары жергілікті халықтың айбарлы шешірліктен қатты қорыққанын көрсететін Францияда жазылған өлең шумақтарын мақтанышпен алға тартады. Мысалы, Найтон өзінің жылнамасында келтірілген жолдар Ноллистің отряды Авиньонды қоршауға алып, папа қаласының төңірегінде үрей тудырған кезде папаның сарайында жазылған деп мәлімдейдіiiяғни басшысы.:

Роберт Ноллис, Францияны етпетінен құлаттың,
Сенің елді тонаған семсерің баршаны қайғыға батырады.

Ортағасырлық тарихшылардың жазуынша, әскери ерлігінің арқасында ғана рыцарь атағын алып, орасан зор байлыққа, батыр даңқына ие болған және бүкіл Англияның мақтанышына айналған кедей де қарабайыр адам Роберт Ноллис бейнесі қалың бұқараға өте жағымды еді. Ортағасырлық тарихшылардың айтуынша, қарабайыр тонаушы өз отандастары үлгі алып, оған ұқсауды арман еткен халық қаһарманына айналды. Ағылшындардың пікірінше, бригандардың жасақтарына қосылу молшылыққа қол жеткізудің ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік жағдайды жақсартудың өте сенімді жолы болды. Даңқ пен жеңіл ақша іздеушілер соғыстың беретін мүмкіндіктеріне дәмеленіп, қатары барған сайын артты. Генрих Найтон Францияда соғысқандардың арасында «тәжірибелі рыцарь атанып, үйлеріне бай адам болып оралған» қара халықтан шыққан адамдар мен малайдың көп болғанын бірнеше рет атап өтеді. Оның егде жастағы замандасы және оқиғалардың тікелей куәгері сэр Томас Грей де компаниялардың мүшелері «осы уақытқа дейін жағдайы өте мардымсыз болған, бірақ бұл соғыста мейлінше байып, шебер болған қарапайым адамдар, жас жігіттер тобыры ғана болды, сондықтан Англияның түкпір-түкпірінен келген жастар оларға келіп қосылды» деп атап көрсетеді.

Пате шайқасы/Alamy

Пате шайқасы/Alamy

Эпилог. Соғыс әлі де еліктіре береді

Шекспирдің туындысында Фальстаф прототипіне айналған сэр Джон Фастолфтың әскери талантының және ең бастысы, көрегендігі мен тапқырлығының арқасында қол жеткізген пайдамен салыстырғанда олжаға батқан ағылшындар кемде-кем. Норфолктан шыққан кедей рыцарь әулетінің бұл ұрпағының мансап жолы шынымен масаттануға жол ашады. 1412–1414 жылдарда ол Кларенс герцогының басшылығымен Гасконьде шайқасты, онда өзінің тамаша қабілеттерін барынша көрсетіп, Бордо коннетаблі және Вьёр капитаны лауазымдарына қол жеткізді. Нормандиядағы соғыстың нәтижесінде Фастолф баннеретiiяғни, жеке байрағы бар рыцарь (фр. bannière). және Байлам жіп рыцары,i1348 жылы III Эдварддың неғізіні салған Ұлыбританиядағы ең жоғарғы рыцарлықтың ордені. Бедфорд герцогы сотының сенешалі,iiяғни меңгерушісі. Франция регенті Бедфорд герцогы сарайының сенешалі, Мен және Анжу билеушісінің өкілі және Бастилия капитаны болды. Нормандияның ең ірі қалаларындағы көптеген иелік жер, зығыр мен үйлердің иесі болған ол — Францияда қызмет еткен уақыт бойы континенттегі жылжымайтын мүлкін сатып құтылуға тырысты, бұл оны айтарлықтай шығынға ұшыратса да, оны ақшаға айналдырып, кейінірек Англиядан жер сатып алып жатты. 1445 жылы оның Англиядағы иеліктерінен алатын жылдық табысы бір мың фунттан асты, ал Францияда қалған жылжымайтын мүлкі шамамен 400 фунт әкелді. Бұл жерде абсолютті мәндер емес, Англия мен Франциядағы иеліктерінің табыс арақатынасы маңыздырақ. Жерден басқа Фастолф коммерциялық бастамаларға ақшасын салды, сонымен қатар зергерлік бұйымдарды сатып алуды қолға алды, сондықтан оның тез арада Англиядағы ең бай адамдардың бірі болып қана қоймай, Нормандия мен Гаскониядан айырылғанына қарамастан, байлығын сақтап қалғаны таңғаларлық жайт емес.

Дегенмен соғыс қаһарманының барлығы бірдей Фастолф сияқты көрегендік танытқан жоқ. Соғыста жеңіске жеткенде және аумақтарды басып алған кезде мұның бәрі өз иелігіне жуық арада қайтарылатыны туралы ойлайтындар кемде-кем еді. 1420 жылы V Генрих Труадағы келісім бойынша Францияның мұрагері және регенті болып жарияланғанда, 30 жылдан кейін ағылшындар Нормандиядан қуылып, көп ұзамай Аквитаниядан айырылады деп ешкім күткен жоқ. 1450 жылы Нормандиядан, сондай-ақ 1453 жылы Иль-де-Франс, Понтье, Мен және ең соңында Гиеньнен айырылу сан түрлі жеке қайғы-қасіретке себеп болды. Өз иеліктерінен қуылған ағылшындар мен олардың жақтастары Француз корольдігіндегі жаңа өмір жағдайына қалай болса да бейімделуге немесе басқа елдерге қоныс аударуға мәжбүр болды. «ПлантагенеттерденiАнглияның билеуші әулетінің атауы. мұра болып қалған жерлерінен» жер аударылғандар тобыры VI Генрихтен (Францияда адал қызметі үшін алынған) орасан зор иеліктерінен айырылып қалғанының өтемақысы ретінде ең құрығанда зейнетақы беруін өтінді. Сонымен 1451 жылдың наурызында Англиядағы корольдік кеңес жыл сайын екі мың франк табыс әкеліп тұрған Нормандиядағы меншігінен айырылған эсквайр Генри Элистің және оның әйелінің петициясын қарап, оларға өтемақы ретінде 100 фунт мөлшерінде зейнетақы төлеу туралы шешім шығарды.

Жеңіліске ​​қарамастан Франциядағы соғыс ағылшындардың санасында әскери даңқ және ең бастысы, тонау жолымен баю мүмкіндігімен тікелей байланысты болып қала берді. Жүз жылдық соғыс аяқталғаннан кейін өздерін Пуатье мен Азенкур қаһармандарына ұқсатқан ұрпақтары ондаған жыл бойы тағы да мұндай табысқа жетуді армандап даурықты. 1491 жылы жаңа ағылшын–француз соғысының басталуына орай парламентте сөйлеген сөзінде король VII Генрих боданындағы халыққа француз тәжіне өзінің құқығы бар екенін еске салып қана қоймай, заңды мұраны қайтарып алуына қолдау көрсетуге үндеді, ата-бабасының ерлігін жадында қайта жаңғыртуға шақырумен ғана шектелмей, сонымен қатар француз жерлерін тонау есебінен сыйақы беретінін уәде етті: «Франция — шөл емес және мен үнемшілдік таныта отырып, соғыс (алғашқы күндері өткеннен кейін) өзін-өзі ақтайтындай бәріне қолбасшылық етемін деп үміттенемін». Әскери науқан басталғаннан кейін бірден мәмілеге келу Френсис Бэконның айтуынша «дворяндар мен армияның негізін құрайтын жандардың үлкен наразылығын тудырды, өйткені олардың көпшілігі соғыстан олжа алудан үміттеніп иеліктерін сатты немесе кепілге қойды... Ал кейбіреулер корольдің «егер соғыс басталса, оның өтеуі де болатынына еш күмәнім жоқ» деген парламентте сөйлеген сөзін келемеждеп, король уәдесінде тұрды, – деді».

Азенкур шайқасы/Alamy

Азенкур шайқасы/Alamy

НЕ ОҚУҒА БОЛАДЫ?

1. Басовская Н. И., 1337–1453 жылдардағы Жүз жылдық соғыс. М., 1985.

2. Калмыкова Е. В., Кейінгі Орта ғасырдағы ағылшындардың тарихи ұғымындағы соғыс бейнелері. М., 2010.

3. Перруа Э., Жүз жылдық соғыс. СПб., 2002.

4. Фавье Ж., Жүз жылдық соғыс. СПб., 2009.

5. Фруассар Жан. Хроникалар, 1325–1340 / Француз тілінен аударған, мақала мен ескертпелерді жазған М.В. Аникеев. СПб., 2005.

6. Жүз жылдық соғыстың хроникасы мен құжаттары. СПб., 2005.

7. Foedera, conventions, littarae, et cujuscunque generis acta publica inter reges Angliae et alios quosvis imperatores, reges, pontifices, principes, vel communitates / Ed. Th. Rymer. London, 1816–1869.

8. Avesbury Robertus de. De Gestis Mirabilibus Regis Edwardi Tertii / Ed. E.M. Thompson. London, 1889.

9. Burton Thomas. Chronica Monasterii de Melsa, a Fundatione usque ad annum 1396: 3 vols. / Ed. E.A. Bond. London, 1866–1888.

10. Capgrave John. The Chronicle of England / Ed. F. Ch. Hingtston. London, 1858.

11. Crecy and Calais from the Public Records / Ed. by G. Wrottesley. London, 1898.

12. Denys H. The Division of the Spoils of War in Fourteenth-Century England // Transactions of the Royal Historical Society, 5th ser. Vol. IV (1954).

13. Gesta Henrici Quinti / Ed. F. Talor, I.S. Roskell. Oxford, 1975.

14. iven-Wilson C. The Ransom of Olivier du Guesclin // Bulletin of the Institute of historical Research. Vol. LIV (1981).

15. Gray Thomas of Heton. Scalacronica / Ed. H. Maxwell. Glasgow, 1907. Knighton Henry. Chronicle 1337-1396 / Ed. G.H. Martin. Oxford, 1889.

16. Hewitt H.J. The Organization of War under Edward III, 1338–1362. New York, 1966.

17. Keen M.H. The Law of War in the late Middle Ages. London, 1965.

18. Le Bel Jean. Chronique: 2 vols / Ed. J. Viard and E. Déprez. Paris, 1904–1905.

19. Moisant J. Le Prince Noir en Aquitaine. Paris, 1894.

20. Prince A.E. The Indenture System under Edward III’s Reign // Historical Essays in Honor of J. Tait. Manchester, 1933.

21. Prince A.E. The Payment of Amy Wages in Edward III’s Reign // Speculum. Vol. XIX (1944).

22. Prince A.E. The Strength of English Armies in the Reign of Edward III // English Historical Review. Vol. XLVI (1931).

23. Reading Johannis de. Chronica, 1346–1367 / Ed. J. Tait. Manchester, 1914.

24. Register of Edward the Black Prince: 4 vols / Ed. M.C.B. Dawea. London, 1930–1933.

25. Rogers C.J. War Cruel and Sharp: English Strategy under Edward III, 1327–1360. Woodbridge, 2000.

26. The Essential Portions of Nicholas Upton’s De Studio Militari before 1446 // De Studio Militari / Ed. by F.P. Barnard. Oxford, 1931.

27. Thorne William. Chronicle of St. Augustine’s Abbey, Canterbury / Ed. by A.H. Davies. Oxford, 1934.

28. Titus Livius de Frulovisi. Vita Henrici Quinti / Ed. T. Hearne. London, 1716.

29. Walsingham Th. Historia Anglicana. Chronica Monasterii S. Albani: 2 vols / Ed. H. Rily. London, 1863–1864.

30. Walsingham Thomas. Ypodigma Neustriae. London, 1876.

31. Waurin Jehan. Recueil des Croniques et Anchiennes Istories de la Grant Bretaine: 5 vols / Ed. W. Hardy and E.L.C.P. Hanry. London, 1864–1891.

Елена Калмыкова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ