Ежелде, әсіресе аптап ыстықта азық-түлікті сақтау ию-қию шаруалардың бірі болған. Ежелгі парсылар бұл мәселені қалай шешкенін білесіз бе?
Адамзат тоңазытқышты ойлап тапқанға дейін әлі екі мың үш жүз жыл бар. Бірақ ірімшік, май мен қойдың етін қалай сақтауға болады? Ертедегі парсылар б.д.д. 400-жылы қала халқын шыжыған жаздың ортасында мұзбен қамтамасыз ететін тиімді қойма жасаудың амалын тапқан. Яхчал — тереңдігі 20 метрге дейін жететін конус тәрізді тостаған пішінде қазылған терең ұңғыма. Әдетте, яхчалға күзде акведуктан су әкеп, жер төлені толтырған. Қыста ол су қатып, қатқан мұзды жыл бойына қолданған. Кем дегенде екі метр болатын яхчалдың қалың әрі ауыр қабырғаларын топырақ, құм, ешкі жүні мен күлдің қоспасынан тұрғызған. Осы заттардың қоспасы жылу өткізбейтін қасиетке ие. Сонымен қатар яхчалға кіретін есік желдеткіштің де қызметін атқарған. Ұңғымаға кірген ауа мұздың әсерінен салқындап, конустың жоғарғы жағындағы тесік арқылы жылы ауа шығып отырған. Кейде яхчалды, оңтүстік жақтан түсетін күн сәулесінен көлегейлеу үшін қалың қабырғамен жапсарлас салатын болған. Сондай-ақ «бадгирлар» (ауа алмасуды күшейтіп, ұңғыма ішін салқындататын жел тосқауылдары) салынған яхчалдар да көп болған. Мұзды тасушылар ұңғыманың қабырғасына айналдырып салынған текпешектермен төмен түсіп, үлкен ыдыстарға мұзды толтырып қала тұрғындарына жеткізген. Тұрғындар шарапқа, суға мұз салып салқындатып ішкен немесе кішігірім мұздықтарды жасап, тез бұзылатын азық-түліктерді сол жерлерде сақтаған. Яхчалдар алдымен Парсы жерінде пайда болып, кейінірек сол аймақтағы басқа елдерге де таралған. Бұл тоңазытқыштар тіпті 20 ғасырға дейін қолданыста болған.