Әмір Темірдің жұлдызы оңынан туып, оның мұрагерлерінің жортқанда жолы болып, жаһанның қисапсыз байлығына иелік етері тағдырдың бұлжымас жазуы еді деген наным бар. Ал шын мәнінде Темір әулетінің қайғы-мұңы аз болмады. Тағдыры талайлы, махаббат пен байлық, сатқындық пен қатыгездік жайлы аңызға толы Ұлы Моғолдар империясына қазақтардың қандай қатысы болды?
Орталық Азиядағы алпауыт империялар күйреп, олардың орнына жаңа хандықтардың бой көтеретін сәті Тоқтамыс хан әскерінің Әмір Темір қолынан жеңілуінен басталады. Соның ізімен Жошы ұлысы атанған Алтын Орда ыдырап, көп ұзамай Қазақ және Өзбек хандықтары құрылды. Жаңа бой көтерген қос мемлекеттің аймақта әмірін жүргізбек таласы жылдарға жалғасқан ұзақ соғысқа ұласты. Ал Қазақ хандығының шекарасы кеңейіп, ықпалы артқан сайын, Әбілқайыр ханның ұрпақтары оңтүстікке — Темір ұрпақтарының иеліктеріне қарай ойысуға мәжбүр болды. Осы тартыстың шарықтау шегі — Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі Жәнібек ханның ұлы Қасым мен оның аталас ағайыны, өзі де Шыңғыс әулетінен тарайтын Мұхаммед Шайбани ханның текетіресі болды. 1510 жылы Қасым хан Мұхаммед Шайбаниді ойсырата жеңіп, Сырдария бойында билігін нығайтып алды.
Темір мен Тоқтамыс арасындағы шайқас. 15-ғасыр / Wikimedia Commons
Алайда қазақтардан жиі жеңілгеніне қарамастан, Мұхаммед Шайбани хан бытырап кеткен Темір ұрпақтарының иеліктерін бірінен соң бірін жаулап ала берді. Шайбани Темір әулетін Шыңғыс хан тағын басып алған кәззап санап, айналдырған бірнеше жылда Самарқан, Бұхара, Ташкент пен Әндіжанды дәргейіне қаратты. Бұған дейін Әмір Темір империясының мемлекеттік идеологиясы — Шыңғыс хан орнатқан берік жүйені күйретпей, керісінше, күші қайтқан, әйтсе де айтқанға көнетін Шыңғыс ұрпақтары арқылы әмірін жүргізіп отыру еді. Ал «Тұранның ұлы сұлтаны» — Әмір Темірдің өзі Сарай Мүлік ханымға үйленіп, Шыңғыс хан әулетімен туысқаннан кейін «Гүрхан» (моңғолша – күйеу бала) деген атақты мақтанышпен иеленген-ді.
Кемал-ад-Дин Бехзад. Мұхаммед Шайбани портреті. 16-ғасыр / Wikimedia Commons
«Бабырнама» Алматы жайлы не дейді?
Шайбани әулетінің жеңісін мойындамаған, Мұхаммедке бас июге көнбей, саналы ғұмырын Әмір Темір империясының астанасы болған Самарқанды қайтарып алуға жұмсаған бір қайраткер болды. Оның азан шақырып қойылған аты — Заһир әд-дин Мұхаммед болатын. Алайда майдандас серіктері бұл есімді айтуға қиын көріп, оны «Бабыр» — «жолбарыс» деп атап кетті. Сол Бабыр кейін «Бабырнама» аталып танылған әйгілі ғұмырбаянының беташарында туған топырағы — Ферғана жазығын сипаттай келе, сол тұстағы Алматыны да атай кетеді:
«Оныңi
Сөйтіп, естелігінің екінші сөйлемінде-ақ Бабыр өзі дәргейіне қаратып алмақ аймақтың шекарасын межелеп, билікке жетер жолдағы басты бақталастарын да — «моғолдар» деп жалпы Шыңғыс хан ұрпақтарын, «өзбектер» деп Шайбанилерді атап қойған.
Бабыр он бірге толғанда-ақ әкесі Омар Шейхтің ізімен Ферғанаға әмір болып, аталастарымен таққа таласады да, көп ұзамай оны Мұхаммед Шайбани қолы ығыстырып, қуып жібереді. Сөйтіп, жылдарға созылған кезбе ғұмыры басталып, көкірегінде ең қастерлі, орындалмас арман туды. Ол аңсары — туған еліне оралып, Темір ұрпақтарының билігін қайта орнату болатын. Бабыр Самарқанды екі рет қайтара алғанымен, өзге Темір ұрпақтарының қолдауынсыз қалаға ие болып тұра алмады. Уысынан шығып кеткен иеліктерді қайтарып алсам деген арманының жетегінде Үндістан мен Орталық Азия арасындағы аса маңызды сауда тораптарының бірі — Кабулда орнығып, дәулеті тасып тұрғанымен, бытырай шашыраған Үндістанға жорыққа шығады. Түбінде, аңсары басқа жақта болғанымен, салтанаты келіскен, жер жаһанды аһ ұрғыза тамсандырған жаңа империяның іргесін қалайды. Тек өзі Үндістанды сол күйі сүйіп кете алмай, отанын сағынып өтті.
Бабыр неге Үндістанды жатырқады?
«Хиндустан — сүйкімсіз мекен, — дейді өзі. Дейді де, шағына жөнеледі: — Хиндустанда жақсы су жоқ, жақсы ет жоқ, жүзім, қауын, жақсы жеміс атымен жоқ, салқын суды емге таппайсың, базарында не тәуір ас, не таза нан жоқ».
«Бабырнамадан» білетініміздей, билеуші өмірінің ақыры құсалықпен өтсе керек. Өз өсиетімен Бабырдың сүйегі өз елі, Ферғана жазығының аумағында, кіндік қаны тамған Әндіжанға таяу маңда, Кабулда қойылған.
Бабырдың Кабулдағы кесенесі / Wikimedia Commons
Ұлылығы асып, байлығы тасыған Моғолдар
Бабыр құрған мемлекет тарихта «Ұлы Моғолдар империясы» деген атпен қалғанымен, оның билеушілері өздерін «моғол» деп те, «моңғол» деп те атамаған. Сөйте тұра, бұл әулет Шыңғыс ханның да, Әмір Темірдің де ұрпағы екенін ескерсек, сол атау өзінен-өзі таңылғаны да, тіпті, тарихтан көргеніміздей, байланып қалғаны да заңдылық шығар. Темірдің өзі кейіннен түркі тектес болып кеткен моңғолдың Барлас руынан тарайды, ал «моғол» сөзі — «моңғол» атауының парсыша бұрмаланған түрі. Бір қызығы, кейін Бабыр ұрпақтары Әмір Темірдің бір кездері Шыңғыс хан әулетіне «күйеу» болып иеленген моңғол атағының ізімен, өз әулетін ресми «Гүрхани» деп атайтын.
Қызығы, ағылшын тіліндегі mogul сөзі осы «Ұлы Моғолдардан» қалған. Дәулеті тасып, ықпалы жүріп тұрған адамды ағылшынтілді халықтар әлі де mogul дейді. Моғолдардың дәулетті болғаны рас. Дәуірлеп тұрған шағында Жиһангирдің жеке дәулеті бүкіл Еуропа экономикасына теңелетін, ал империяның жиынтық байлығы әлемдегі ЖІӨ-нің үштен біріне тең келсе керек.
Жиһангир шахтың портреті, 1617 жыл. Жеке коллекция / Wikimedia Commons
Бабыр Үндістанды жаулап аларға дейін, Ауғанстанда бас сауғалап жүріп-ақ өзін «падишах» жариялайды. Сондағысы — Темір ұрпақтарының бұрынғы иеліктерін біріктірмек ниеті болған. Кейін оның ұрпақтары бұл дәстүрді Үндістанда жүріп жалғайды. Мұнысы қолында биліктің жұрнағы, дәргейінде жердің жұлымы қалған Темірдің соңғы ұрпағының әлдебір тұяқ серпіген жанталасы да болса керек. Әйткенмен моғол әміршілерінің есімдеріне бір үңілсек, арасындағы ең қарапайымы «жолбарыс» атанған Бабыр болып шығады.
Оның ұлы Насыр-әд-дин Мұхаммед таққа мінгенде мифтегі Құмай құстың атынан өзіне Хумаюн (Құмайын) — «ұлы да асқақ» деген ат алады. Хумаюнның ұлы Жалаладдин Мұхаммед таққа отырғанда атын Акбар — «ұлы» дейді де, кейін оны да азырқанып, жұрт оны Ұлы Акбар дей бастайды. Кейін Жиһангир («жаһанды жаулаушы»), Шах Жаһан («жаһанның әміршісі») және Әлемгер (Аламгир) (ғаламның билеушісі) келеді. Салыстырып қарасақ, Хумаюнның құрдасы — Осман сұлтаны Сүлеймен азан шақырып қойған атын өзгертпеген: «Мүһтешем» деген ат оған Еуропада ғана таңылған, ал өз елі де, бүкіл мұсылман әлемі де оны Сүлеймен Кануни — «Заң шығарушы» деп танитын.
Бабыр мен Хумаюн сарайда. 17-ғасыр / Wikimedia Commons
Шыны керек, осы бір асқақ есімдер арасынан Әлемгер (Аламгир) ғана сіңіп кете алмайды да, ғадауат соғысын жүргізген ұлы қолбасшы тарихта «Ғаламның билеушісі» деп емес, азан шақырып қойылған — Аурангзеб («тақтың сәні») деген атымен танылып қалады. Ал Үндістанның 21-ғасырдағы саяси риторикасында оның есімі балағатқа айналды. Аурангзеб моласын қиратқысы келетін ұлтшылдар әрекеті дінаралық қақтығысқа ұласып кетіп отырады.
Жұлдыздар солай тоғысқан
Әйткенмен Ұлы Моғолдар империясы әміршілерінің жұрттан өзге сипаты таққа отырғанда өзіне қоятын аты ғана емес еді. Олардың бәрі, тіпті ең романтик, эксцентриктері де сайыпқыран қолбасшы әрі жауынгер болатын. 17-ғасырдың аяғына қарай империя халқының саны 150 миллион адамға жетіп жығылғанын ескерсек, онсыз болмас та еді. Оған қоса, бәрінің бойында табиғаттан дарыған асқақ талғам болды, Бабыр ұрпақтары симметрия мен сұлулыққа әуес келіп, тамылжыған бақтар мен субұрқақтар, көрген жанды тамсандырар сарайлар мен кесенелер салдырып кеткен.
Әйтсе де бәрінің басты әуесі — бабасы Әмір Темірден жеткен астрология болатын!
Әмір Темірдің «Гүрханнан» бөлек тағы бір ресми атағы болатын: «Сайыпқыран», яғни екі жұлдыз — Сатурн мен Юпитер тоғысқан сәтте туған деген сөз, ал қарапайым халық арасында ол «жолы болғыш» дегенді білдіретін. Шыны керек, көктен тылсым түспесе, қатардағы барлас баласы бүкіл Орталық Азия, Иран мен тіпті Үндістан жерін басып алар ма еді? Сол кездегі мұсылман астрологиясында дәл сол екі жұлдыз беттескен тұста дүниеге ұлы әміршілер, жеңілмес қолбасшылар мен рухани көсемдер келеді деген наным болған. Жұрттың сенімінше, Мұхаммед пайғамбар да, халиф Әли ибн Әбу Талиб те, тіпті Шыңғыс ханның өзі де сондай сәтте дүниеге келген деседі.
Жұлдызшы жұмыс барысында. «Падишах альбомының» маргиналиясы. Ұлы Моғолдар империясы. 17-ғасыр / Вернер Форман фотосуреті / Getty Images
Шам (Димашқ) шаһарында Ақсақ Темірмен жүздескен атақты араб философы, «әлеуметтанудың атасы» Ибн Халдун оған бір хикая айтып берген: содан қырық жылдай бұрын атақты мағриб жұлдызшысы Әбу Әли ибн Бадис көп ұзамай Шығыстағы көшпенділерден жарты әлемді жаулайтын ұлы қолбасшы туады деп жорыған екен. Әлбетте, Темір сол аянда айтылған қолбасшы өзім деп жария етіп, көп ұзамай-ақ Темір әулетінің жылнамаларында оның есіміне «Сайыпқыран» атағы қоса жазыла бастайды. Ал оның ресми ғұмырнамасы — «Зафарнамада» (парсыша «Жеңіснама») ол туған кездегі жұлдыздардың орны егжей-тегжей, тіпті «төртінші қазықтағы» Күнге, «Тоқтының жиырма екінші градусы» мен «сегізінші жұлдызға» дейін қолмен қойғандай сипатталады. Ең бастысы:
«Бақыттың жұлдызы — Юпитер және қуат пен даңқтың жұлдызы — Марс ұлдардың үйі саналатын бесінші үйде тұрған. Бұл жұлдыздардан оған дарыған сипат — Алла тағала оған ұзақ жасайтын, ұзақ билейтін патша ұлдар сыйлағаны»i
Содан кейін-ақ Әмір Темір өз сарайына жұлдызнамашы, түс жорушылар мен көріпкелдерді жинап алып, Самарқанды астрологтардың жұмағына айналдырады. Одан да маңыздысы — маңызды байлам жасарда жұлдыздарға сенім артатын болып кетеді. Айталық, Осман сұлтаны І Баязидпен арадағы шайқастың алдында Темір кометаның құлағанын көріп, содан тіксініп, османлылармен бейбіт келісім жасауға кіріскен сәтінде, астролог Абдуллах Лиссан араласып, шайқастан тайсалма, жеңіске қиналмай жетесің деп көріпкелдік айтады. Түбінде солай болады да.
Ал Темір ұрпақтары мыңдаған жылға жалғасқан жұлдызшы дәстүрі бар ел — Үндістанды жаулап алғанда, астрология империяны басқару ісінің ажырамас бөлігіне айналады. Тіпті «кәпірлер мен күпірлерге» соғыс ашқан Аурангзебтің өзі ауық-ауық үнді һәм мұсылман жұлдызшыларына жүгініп отыратын. Олардан бата алмай жорыққа да шықпайтын, той да жасамайтын, ал таққа отыру рәсімін жұлдыздардың орайына қарай бір емес, бірнеше реттен өткізіп жататын.
Әйтсе де осы жағынан Хумаюнға тең келер ешкім болмаған. Ол мемлекетті басқару аппаратын реформалап, шоқжұлдыз белгілеріне қарай 12 бөлікке бөліп тастап, басқару функцияларын жеке-жеке стихияларға қарай құрып, сарайларын қайта салдырып, әкім-қараларына әр күннің жұлдызының түсіне қарай киім кигізіп қоятын (мұнысы Орталық Азиядан шыққан қолбасшыларына жақпайтын). Өзі үстіндегі киімін жұлдыздардың орналасуына сәйкестендіріп киетін. Күндердің күні сондай бір арнайы тігілген шапанының шалғайына шалынып жығылып, үш тәуліктен соң жан тапсырды.
Хумаюн (сол жақта) мен І Тахмасптың (оң жақта) Исфаханда кездесуі, 1544 жыл. Чехел-Сотун сарайы, 1647 жыл шамасы / Wikimedia Commons
Бабыр ұрпақтары арасынан тағы бір «Сайыпқыран» шыққан. Сатурн мен Юпитер тоғысқанда ғана емес, рим күнтізбесі бойынша тұп-тура мыңыншы жылы туған баланың тағдырын сарай жұлдызшылары мен діндарлары ғұмыры ұзақ, бақытты әрі даңқты болады деп жориды. Азан шақырып қойған аты Хуррам («бақытты») болғанымен, таққа мінгенде оған Шах Жаһан деп ат қойылады. Тіпті таққа отыру рәсімінің өзі екі рет өтеді: сарай жұлдызшылары сол шаруаны атқаратын тағы бір, едәуір жақсырақ күн бар деп есептеп шығарыпты.
Сол Шах Жаһанның жары Мұмтаз Махалға деген махаббаты әлемге әйгілі, тіпті әлемдегі ең сұлу кесене — Тәж Махал болып таста қалды. Әйтсе де ол көзі тірісінде-ақ өзіне адам баласына мәлім ең қымбат асыл тастармен көмкеріп «Тауыс тақ» соқтыра бастаған. Алайда Шах Жаһан Тәж Махал құрылысына жұмсалған бүкіл шығынды төрт орап алатын тақта Мұмтаз Махал екеуіміз отырамыз деген арманына жете алмайды. Ел аузындағы аңызға сенсек, оған жазықты тауыстардың бірінің басы есепті қойылған дүниедегі ең атақты гауһар тас — Кох-и-нур (парсы тілінде «Нұрлы тау» деген сөз) екен. Аңызда оған қарғыс дарыған, ал оны иелік ететіндердің басына бәле-жала төнеді делінеді.
Тауыс тағында отырған Шах Жаһан, 1635 / Wikimedia Commons
Асыл тастың қарғысы
Әйтсе де Ұлы Моғолдар империясының әміршілеріне Темір бабасынан жұлдыздарға көзсіз сенімі, парсы поэзиясы мен сұлулыққа деген әуестік, тіпті қолбасшы дарыны мен көзсіз батырлығы ғана мұраға қалған жоқ. Мұның бәрі оларға тумысынан тән еді: тіпті сарайдың сән-салтанатына бөгіп, рахатына шомып отырғандарының өзі де шебер, дәулескер қолбасшы болатын. Оларға мұра болып қалған тағы бір сипат — асыл тастарға деген құмарлық.
Жаңа қырланған Кох-и-нурдың көшірмесі / Shutterstock
Ұлы Моғолдар әулетінің даңқы мен айбынындай болған Кох-и-нурдан бөлек, тағы бір атақты да асыл тас бар еді, оның атауы — «Хирадж-и Алам» (парсыша «Ғаламның сыйы») болатын. Тарихи жылнамаларда ол «Темірдің лағылы» деп аталады. Шынында, ол лағыл (рубин) емес, соған түсі келетін шпинель еді. Жалпы моғол падишалары, Темір ұрпақтары қанқызыл түсті асыл «лал» тасты гауһардан артық қастерлейтін. Ал Хирадж-и Аламның өзі Кох-и-нурдан үш еседей ірі болатын. Содан болар, Кох-и-нур тау боп үйілген гауһар тастардың арасында шаң басып жатқанда, Жиһангир де, кейін Шах Жаһанның өзі де ұлы бабасының тасына атын бедерлеп жаздырып қойған. Кейін ирандық Нәдір шах та, қазіргі Ауғанстан аумағын біріктіріп, Дуррани империясының іргесін қалаған Ахмад шах Дуррани де сол тасқа атын қостырады. Сол билеушілердің бәрі ұлы Әмір Темірдің лағыл тасына өз атын нақыштап жаздыруды асқан мәртебе көрсе керек.
«Жаһанды тітіреткен» әміршіге айналар оғланның жарлы күндерінің әсері ме екен, әйтеуір Әмір Темірдің асыл тастарға деген әуестігі бүкіл әлемге әйгілі болатын. 1404 жылы Әмір сарайына барып қайтқан испан елшісі Руй Гонсалес де Клавихо оның түр-келбетін былай деп сипаттапты:
«Өрнексіз майда жібектен шапан киген, басындағы шошақ төбелі ақ бөркінің төбесіне лағыл, айналдыра інжу мен басқа асыл тастар тізілген»i
Темірдің лағылы Ақсақ Темірдің өзінікі болған деген дерекке әлі де дау бар, әйтсе де Сефевилер мен Бабыр ұрпақтарынан Сикх Махараджаларына, одан Ұлыбританияны билеп отырған Виндзорларға өткен асыл тас тарих беттерінде «Әмір Темірдің тасы» аталып қала бермек. Аңызға сенсек, бұл тас оның қолына Үндістан жорығынан түскен қисапсыз мол олжамен бірге келген екен, артынан біраз уақыт Иран шахы Ұлы Аббастың қолына өтіп, содан Темір ұрпағы — Жиһангир падишахқа сый болып жетеді де, падишах соған өзінің де, әкесі Ұлы Акбардың да атын бедерлеп жаздырады. Ал жары Нұр Жаһанның «мұндай әсем тасты жазу жазып бүлдірудің не керегі бар?» деген сұрағына ол «Темір әулеті күндердің күні күйреуі мүмкін, алайда арасында бір әмірші барда, бұл тас сонікі болып қала береді» деп қолмен қойғандай аян айтады.
Дегенмен бұл тас Ұлы Моғолдар империясы ресми құлағанынан көп бұрын-ақ өзге ұлы әулеттердің қолына түседі. Қызығы, моғолдардың алтыншы падишасы — империя шекарасын бүкіл Үнді субконтинентіне жайып жіберген Аурангзеб тасқа өз атын жаздырғысы келмей, еш ерен сипаты жоқ шөбересі Фаррух Сияр атын жаздырады.
Әмір Темірдің лағылы (оң жақ жоғары бұрышта). Эмили Иденнің Ранджит Сингх қазынасын сипаттайтын литографиясынан. 1844 жыл / Британ кітапханасының онлайн галереясы
Тағы бір қызығы, Темір лағылын иеленген адамның қолында дәл сол тұста «қарғыс атқан тас» деген атағы бар Кох-и-нур да жүретін. Сонда қарғыс «Тауыс тақтың» гауһар тасынан емес, Темірдің қанқызыл лағылынан дарып жатқан болуы да мүмкін.
Қайткен күнде де, Ұлы Моғолдар империясының тарихы айтылғанда, ең алдымен жұрт сол атақты Кох-и-нурды, жұдырықтай гауһар тасты атайды. Бабыр өз естеліктерінде 1525–1526 жылдары болған оқиғаларды, дәлірегі, Дели сұлтанын талқандап, Аграны басып алғанын сипаттағанда, Хумаюн Дели сұлтаны Ибраһим шахқа жақтасып соғысқан Гвалиор раджасының туыстарын босатпай қойғанда, олар Хумаюнға «өз еркімен қисапсыз қазына мен асыл тастар» тарту етті дейді:
«Солардың арасында Ала-ад-дин сұлтан алдырды-мыс дейтін атақты гауһар тас та бар еді. Ол тастың әйгілі болып кеткені сондай — бір тастанушы оның құны бүкіл дүниенің күнделікті жұмсайтын ақшасынан екі жарым есе деп ұйғарыпты. Салмағы сегіз мысқал болса керекi
Сол гауһар атақты Кох-и-нур ма, ол емес пе деген дау әлі толастамай келеді. Әйткенмен ол да сан уақыт Жиһангирдің қазынасында, падишаның ұлы Шах Жаһан өзінің аңызға бергісіз тағына қондырғанға дейін өзге де мыңдаған асыл тас қатарлы шаң басып жата берген. Тіпті сол кезде ол әлі де әйгілі болмаған, жаһанға тараған «Нұрлы тау» деген аты да қойылмаған. Тастың атағы шыққаны — Иран әміршісі, Афшарилер империясының іргесін қалаған Нәдір шах оны падиша тағына қосып ұрлап кеткен кез. Кейін ол қолдан қолға өтіп жүріп, ақыр аяғында қырналып, жонылып, екі есе кішірейіп қалды. Құдды бір кездері Луврдың төменгі бір бөлмесінде елеусіздеу ғана ілулі тұрған, 1911 жылы қолды болып, 1956 жылы қышқыл төгіліп аты шыққанға дейін ешкім көз тоқтатып қызықпаған, кейін төңірегін аңыз торлаған «Мона Лиза» тағдырындай дерсіз...
Тек Үндістандағы асыл тастардың тарихы мыңдаған жылға тамыр тартады. Оған бір мысал — Күн құдайы Сурья Сатраджит патшаға сыйға тартты делінетін «Сьямантака» тасы. Үнді мифологиясына сенсек, осынау (қайта-қайта қолды болған) жұдырықтай тас абыройлы да ізгі жанның қолына түссе, оны қорғайды екен де, ондай сипаты жоқ залымның қолына түссе, басына нәубет әкеледі екен. Біреулер сол аңыз Кох-и-нурдың өзіне қатысты дейді: сол тасқа ілесе жүретін нәубет-зұлматтың басқа не себебі болсын-мыс. Алайда аңызда гауһар емес, лағыл тас айтылатынын ескеру керек.
Сатраджит патша Сьямантака асыл тасымен / Ашық дереккөзден
Қайткен күнде де, Кох-и-нурға ие болған қай адамның да басына бәле төніп, азаптан көз ашпаған деседі. 1739 жылы тасты ұрлап әкеткен Нәдір шах көп ұзамай туған ұлымен ат құйрығын үзісіп, баласының көзін ойғызады да, көп ұзамай өзі де кәззаптардың қолынан қаза табады. Нәдір шахтың қолбасшыларының бірі Ахмад шах Дуррани (шахтың жеке күзеті соның қолында болған) әміршісінің сүйегінен Кох-и-нурды шешіп алып, қашып кетеді де, артынан өзі империя құрады. Тек көп ұзамай ұлы қолбасшы беймәлім дертке шалдығады: жүзін құрт кеулеп, елден оңашаланып, сарайында қамалып, ас пен судан, тілден қалып, жалғыз жатып өледі.
Ал Ахмад шах Дурранидің немересі Шуджа шахты өз бауыры Махмұд шах тақтан тайдырып, ол Пенжабқа қашқанда, Кох-и-нурды да, Темірдің лағылын да ала кетеді. Алайда ұлы махараджа, Сикх империясының негізін қалаушы Ранджит Сингх, бір кездегі Хумаюн сияқты, тасты «өз еркімен» тарту етуге көндіреді. Жергілікті жылнамашылар бұл әңгімені осылай айтады. Ал Шуджа шахтың өзіне құлақ салсақ, тасты беруге тек көз алдында ұлын азаптап, қинағаннан кейін ғана көнгенін біліп, таңғалар едіңіз.
Шуджа шахтың үйлену тойы рәсімінен бір сәт. Агра қамалына беттеген сәтінде бауырлары Аурангзеб және Мұрат Бакшпен бірге, 1633 жылғы 4 наурыз / Wikimedia Commons
Алайда Ранджит Сингх қайтыс бола сала, сол кездегі Үндістанның ең айбатты әскери қуаты — Сикх империясының өз ішінде кәззаптар мен жендеттердің қан-жоса қақтығысы басталып кетті. Бауыр бауырды өлтіргені де, қапияда жан алғаны да, тақтан үміттімін дегендерге у ішкізіп, біртіндеп есінен айырғандары да болды. Ақыр аяғында, Сикх империясы Британияның Ост-Инд компаниясының қыспағына шыдамай құлайды да, Кох-и-нур империяның соңғы билеушісі — 11 жастағы Далип Сингхтің қолында қалады.
Капитан Голдингем картинасы. Ресми шара үшін киінген Махараджа Далип Сингх. 1875 жылдың шамасы / Wikimedia Commons
Алайда британдар тасты да, онымен бірге анасынан тартып алып, шоқындырып, баланы да әкетеді, сөйтіп, бір кездері айбыны асқақ Сикх империясының соңғы Махараджасы өмірінің ақырғы күндерін Лондонда, британ тұтқыны болып өткізеді. Ресми нұсқада ол Виктория патшайыммен достасып, тіпті оған Кох-и-нурды тағып жүруге «өз еркімен» рұқсат береді екен. Алайда есейген соң Далип Сингх британ өкіметінен кезінде тәркіленген мүлкін де, гауһар тасын да талап етіп, бала кезінде биліктен бас тартып, үнді жерін өз қолымнан бердім деп қол қойған құжаттардың жарамсыз деп танылуын талап ете бастайды. Далиптің өзі отанына қайта алмай, Париждегі бір қонақүйде шерменде күйде өмірден өтеді.
Бабыр әулетін жайлаған қарғыс
Аса ірі, жарқыраған асыл тас емес, қан-жоса болған лағыл да емес, тіпті жұлдыз-жорамалға шектен тыс сеніп кеткені де емес, Ұлы Моғолдар империясының түбіне жеткені — олардың тақ мұрагерлігіне қатысты салты еді. Әлемдегі ең бай империяның иесі болған Бабыр ұрпақтарының жолын кескен де, олардың тағдырын талқан қылған да сол салт болатын.
Сұлулық пен сәулет өнерінің қадірін білетін, Тәж Махалды салғызған патша — Шах Жаһан, жұлдызшылардың айтқаны рас болса, асқан бақыт пен даңққа бөленуге тиіс еді. Алайда оны өз ұлы тақтан тайдырып, өмірінің ақырын сол ұлы салдырған сарайда қамауда, терезесінен Тәж Махалға сағына телміріп өткізді. «Тақтың сәні» болар деген үмітпен атын Аурангзеб қойған сол ұл әкесінің көзі тірісінде өзін падиша жариялап, туған екі бауырын өлтіреді, тағы біреуі қашып жүріп көз жұмады.
Шах Жаһан төрт ұлының бірімен (Аурангзеб болуы ықтимал) / Wikimedia Commons
Шах Жаһанның таққа жету жолы да одан кем болмаған. 1622 жылы парсылармен соғысып жүріп, кенет бағытын бұрып, қолын әкесіне қарсы жұмсайды. Ол кезде жеңіске жетпегенімен, кейін кешірім көреді. Әкесі қайтыс болған соң билікті қолына алған сәтте-ақ, алдымен туған бауырларын, ағайындарын аяусыз қырады. Ал оның әкесі Жиһангир де билікке өз ұлы Хұсрау мырзамен соғысып жетіп, соңында баласының көзін ойғызған.
Бұл жай ғана оқшау оқиғалар емес. Бұл — ұлы Бабырдан қалған әулеттің бойына сіңген ескі салттың жемісі. Моғолдар сарайында ағайындылардың билікке таласып қырқысуы қалыпты нәрсе болатын: ұлдар әкесіне қарсы көтеріліп, бауырлар бір-біріне қылыш сермеп жататын. Мұндай қатыгездік пен азаптың арасында ер жеткен ұрпақтар күмәншіл, қатыгез билеушіге айналды. Әкелер ұлдарын жақтырмайтын, ал сүйіспеншіліктің орнына қорлық пен мазаққа көміліп өскен балалар кейін жауыз патшаға айналатын. Кей жағдайда аталар немересін өз ұлынан артық көретін. Айталық, Акбар патша өз немересі Хұсрауды ерекше жақсы көрген, тек ол да әкесінің бұйрығымен көзі ойылып, талай жыл зынданда жатып, ақыры ағасы Шах Жаһанның қолынан қаза тапқан деседі.
Осындай тағдыр Темір әулетінде де қайталанды. Әмір Темір өз ұлы Шахрухқа салқын қарағанымен, немересі Ұлықбекті жанына ертіп жүретін. Өз дәуірінің ең ұлы математигі әрі астрономы Ұлықбекті де ақыры өз ұлы Абд әл-Латиф тағынан да, жанынан да айырып, тарихта парсыша «падаркуш», яғни «әкесін өлтірген» деген атпен қалған.
Ұлықбек гареміндегі әйелдер мен қызметшілерімен. 15-ғасыр / Wikimedia Commons
Бұл жүйенің тамыры тым тереңде жатыр. Ұлы Моғолдар империясында билікке жетудің ортақ тәртібі болмаған. Оларда не Шыңғыс хан заманындағы ұлыс құрылтайы сияқты ел таңдайтын рәсім, не Еуропадағыдай тақты тұңғыш ұлға беретін мирасқорлық жүйесі болған емес. Қазақ хандығындағы Керей мен Жәнібек секілді тең дәрежелі хан идеясы да бұл жерде мүмкін болмас нәрсе еді. Буын ауысқан сайын Бабыр ұрпақтары ата-баба тілі мен мәдениетінен алыстап, Темір мен Шыңғыс хан жолынан ажырай берді. Қанмен келген билік ақыры өздерін де жұтып тынды.