Алатау мен Қаратау бас түйістіріп, ағысы қатты Арыс пен қарқыны күшті Құланды өзендерінің қол ұстасқан жерінде, Батыс пен Шығыс жұртшылығын байланыстырған Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Түлкібас ауданы жөнінде бірі білсе, бірі біле бермейді. Аудан атын естігенде көз алдарыңызға түлкі елестеуі сөзсіз. Алайда ауданның түлкілерге қатысы жоқ десем таң қаларсыздар. Туылғалы бері түлкі туралы аңыз естіп, өз көзіммен көргенім жоқ. Олай болса түлкілер қайда кетті? Түлкібас атауы шынымен де осы жануарға байланысты шыққан атау ма? Осы жазбамды туып-өскен ауданымның этимологиясына арнауды жөн көрдім.
Отаршылдық кезеңінде тарихымызды бұрмалау үшін көп шындықтар жасырын қалды. «Отаршылдық топонимдер» еңбегінде Түлкібас ауданының тумасы Мекемтас Мырзахметұлы ауданның «Түлкібас» емес, «Түркібасы» аталуы керектігін алға тартқан. Расында, ауданның түпкі атауы түлкілерге емес, түркілерге байланысты болса керек. Ауданды «тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деп сипаттаған әйгілі қаламгер, жазушы Шерхан Мұртаза «Түлкібас десе, мен түлкінің басын көз алдыма елестете алмаймын. Түркібасы десе, көненің көне замандары көз алдыма келіп, көлбеңдей береді», - деген.
1893 жылы Түркістанды зерттеуге келген академик В.В.Бартольд Түлкібасқа арнайы ат басын бұрып, аралап, халық жадында сақталған аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, бұл жердің ертеде Түркібасы аталғанын, ал, Түлкібас атауының кейінірек жаңылыс айтылғанын айтқан. Тіл мамандарының зерттеулеріне сүйенсек, қазақ тілінде «р» мен «л» дыбыстарының орын ауыстыруы жиі кездеседі екен. Сондықтан да, Түркібасы сөзі уақыт өте келе Түлкібасы аталуы орынды.
Алайда, түркілердің басына қатысты қойылған атау болса, қашан қойылған, қай түрік билеушісіне, нақты кімге байланысты екендігі әлі де нақты шешімін тапқан жоқ. Академик В.В.Бартольдтың өзі бұл сұрақтардың жауабын таба алмаған. Бертіндегі профессор Әділхан Байбатша бұл түріктердің басы Естемес, яғни Иштеми қаған деген пікір ұсынған болатын. Дәлел ретінде Естемидің 556 жылы сол заманда Екітау деп аталған тауда өз шатырын тігіп, таудың етегіне өз ордасын қалағанын айтты.
Ең қызығы, «Манас» жырында қазақ, қырғыз, өзібектердің бірігіп қытаймен соғысы баяндалып, олардың түбі бір – түрік екендігін алға тартқан:
«Қазақ, қырғыз бірікті,
Арада Қытай қамалып.
Бас қосты бәрі түрік деп,
Жыланды аты жоғалып,
Түркібас атқа көшіпті.
Қазіргі ақыр заманда,
Түлкібас атқа көшіпті.»
Сонымен бірге:
«Түлкібасы, Сайрамды,
Түпкі аттарын аударып,
Түзегенше жайларды» деген үзінділердің мағынасы терең деп ойлаймын.
Ислам дінінің қазақ жеріне келе бастауы Атлах шайқасында арабтардың жеңуімен тікелей байланысты болғанын ескерсек, түркі жұрты ең алғаш ислам дінін осы аумақтарда қабылдай бастағаны анық. Сонымен, «Түркібасы әулиесі» атанған әулие кім?
Бүкіл Түркі жерінің пірі болған Қожа Ахмет Ясауидің ар,ы атасы Ифтихар шейх жайлы естуіңіз бар ма? Халық аузында жүрген аңызға қарағанда, Ифтихар шейх жаугершілік заманда өмір сүрген, тіпті қолына қару алып, мұсылман әскеріне бас болып өзі атқа қонған екен. Солай ол жауды қазіргі Әулиетөбеге дейін қуып келген көрінеді. Шайқаста ауыр жараланып, өлер алдындағы өсиетін айтып, көз жұмыпты. «Түркінің басы ретінде жауға қарсы қорған болу үшін осы үлкен төбенің басына жерлеңдер», - деген екен. Бұдан былай сол төбе Әулиетөбе деп атала бастапты. Бұл аңызды жазбаға түсірген Мирахмад Мирхалдарұлы еді.
Бұл әңгіменің жаны бар деп ойлаймын. Өйткені, Ифтихардың арғы атасы саналатын Ысқақ баб барлық көне жазбаларда «Исхақ әт-түрік» атымен аталады. Осылайша, «Түркібасы» атауы түркілердің рухани басы, басшысы деген ұғымды білдіреді деп айтуға болады.
Тарих – бұлтартпас шындықтың болжаммен түйіскен тұсы. Тарихыңды білу – өткен мен болашақты ұштастыратын көпір. Сондықтан да, «Түлкібас» атауын, ел ұмытқан «Түркібасы» атауына ауыстырудың уақыты келді. Өз тарихымызды ӨЗІМІЗ айтайық!