ТҮРІК СҰЛТАНЫНЫҢ ЕВНУХТАРЫ

Ерекше мамандық бойынша қысқаша нұсқаулық

Қыздар ағасы және басқа евнухтар. 1825 жыл / Alamy

Піштіру, сарайдағы қарбаластар, уәзірлермен ұрыстар, мерекелер мен белсенді қарттық —  түрік сұлтаның сарайындағы әтектердің жарқын өмірі.

Эфиопия, 17 ғасыр, құлдар базарын көз алдымызға елестетейік. Құлдардың арасында жорық барысында қолға түскен немесе әдеттегі алыпсатарлықпен жеткен жасөспірімдер көп. Әрмен қарай оншақты жасөспірім сауда керуенімен Нубия және Судан арқылы мысырлық Каирдағы ең үлкен құл базарға баратын көпестердің қолына түседі. Бұл жол азапты әрі ұзақ: сауда керуенінің қожайыны ең алдымен қара басының қамын ойлап, су және азықпен өзін қамтамасыз етеді. Сондықтан тауардың бәрі тірі жете бермейді. Жол мүлдем өзгеше болуы мүмкін еді, бірақ бұған қарамастан сапар күн және тіптен апталар, бірнеше айға да созылып кетуі ықтимал. Сондай-ақ 12–13 жастағы жасөспірімдердің бір бөлігі Каирдағы жайлы құл базарға жетпей тұрып, Жоғары Мысырдағы коптардың қыстағына аялдауға міндетті болды. Жергілікті христиан монахтардың қолынан ондаған, тіптен жүздеген бала азапты, қорлайтын және тағдыршешті піштіру рәсімінен өтетін.

«Ұманы кесіп, жұмалағын алып тастайды, сосын түбірімен кесіліп тастайтын жыныс мүшесінің астына арнайы тақтайша орналастырады», бұл — 10 ғасырдан келіп жеткен рәсімнің сипаттамасы. Кейбір дереккөздерде, жыныс мүшесі алынып тасталған соң, үрпіге тесік бітеліп қалмас үшін бамбук түтікшесі қойылып, ал балаларды күн астына мойнына дейін құмға көміп тастағаны жөнінде айтылады. 700 жыл бойына аталған рәсім мүлдем өзгермеген. Осы уақыт аралығында ешқандай да антибиотиктер, тіптен сапалы антисептиктер жасалмаған, сондықтан «аталған рәсімнен кейін тірі қалған құлдардан гөрі, көз жұмғандары басым болды». Бақытсыз жасөспірімдердің бастан кешкен қасіретін елестетуге болады. Алайда азап тек осымен ғана шектелмейді.

Жыныстық тұрғыдан жетілу кезеңіне жетпей піштірілген бала өмір бойына әртүрлі қиындықты бастан өткереді: сүйегі боркемік болады, зәр шығару жүйесіндегі түрлі инфекциялардан зардап шегеді, семіз немесе, керісінше, шамадан тыс арық болады, дене теңгерімі бұзылады (қолы әсіре ұзарып, басы кішірейіп кетуі ықтимал) және ең жеңілі — көсе болады.

Осман империясындағы ең ықпалды шенеуніктердің бірінің қалыпты мансап жолы осы сынақтар арқылы басталатын (сұлтанның гаремін қорғайтын қара әтектердің басшысы).

15 ғасырдағы парсы медициналық трактатынан кастрация бейнесі / BNF

Әтектер деген кімдер және олар не үшін керек болды?

Еркектерді піштірудің тарихы ілкіден тамыр тартады және әлбетте аталған тәжірибенің қандай да бір әлеуметтік астары болғаны анық: бұл бәлкім, рухани тұрғыдан ағару жолындағы бір кезең немесе зорлықшылдығы үшін кесілген үкім болуы мүмкін. Алайда әтектер (Көне грек тілінде εὐνοῦχος — «үйді қорғаушы» деп аударылады) әртүрлі елдегі және дәуірдегі монахтардың сарайының ажырамас бір бөлшегі болып келді. Бақытын әйелдің құшағынан табу мүмкіндігінен қағылған әтектер, бар назарын билікке қана аударды.

Піштірілген еркектерді монархтар бәсекелес ретінде қабылдамады, сондықтан Қытай, Осман және Византия империяларында әтектер патшаның сенімді өкілі болып, мемлекеттегі ең ықпалды тұлғаларға айналып отырды. Әтектердің осы бір рөлі «Тақтар таласында» айрықша көрініс тапқан, сондай-ақ «Сүлеймен сұлтан» сериалының авторлары да әтектердің рөлін ашып көрсеткен.

Тарих бетінде әтектер өзге де салаларда қызмет еткен. Айталық, христиан әлемінде, осы өмірдегі ләзаттарды оқтын-оқтын құрбан еткен монахтық өмір салтының ажырамас бір бөлшегі саналатын целибаттар болды. Сонымен қатар жасөспірім кезінде тестостерон қайнарынан айырылып қалған әтектердің дауыс диапазоны ересек еркектердікіндей болмады, яғни қандай да бір жаттығу жасайтын болса, әнді жақсы айта алды. Сондықтан орта ғасырлардағы шіркеу хорларында әтектер көп кездесті. Ал 17 ғасырдан бастап жасөспірім сопрано дауысына ие болған әтектер италиялық операның жұлдызына айналды. Композиторлар әтектерге арналған жекелеген партиялар жаза бастады. Дегенмен Еуропа елдерінде ән салу дағдылары үшін піштіруге тиым салынды.

Сұлтан сарайы

Осман империясында әтектердің саяси тұрғыдан маңызы неліктен артқанын түсіну үшін Топқапы (Сераль деп те аталады) сарайының құрылымы жайында сөз еткен жөн. 1460 жылдан бастап Топқапы сұлтандардың басты сарайына айналды (нақтысын айтар болсақ, Топқапының негізі (түркі тілінде Topkapı «зеңбірек қақпасы» деген мағынаны береді. Top «зеңбірек өзегі; шар; доп» + kapı «қақпа, есік») 1460 жылы қаланды, бірақ оның құрылысы бірнеше жылға созылған, сосын бірнеше ғасыр бойына сарай қайта салынып отырған), яғни Константинополь құлағаннан соң, жеті жыл өткенде Топқапы бас сарай атанып, 19 ғасырдың орта тұсына дейін солай болып қалды. Дәл осы уақыттан бастап осман сұлтаны қатардағы сарбаздарынан ғана емес, үлкен шенеуніктерден алшақтай бастады. Уақыт өткен сайын сұлтанды тек сарайдағы қызметшілерден басқа, ешкім көре алмайтындай түрлі шаралар қабылданды. Сұлтан тек жұма намазында ғана көпшілік алдында төбе көрсетті.

Топқапы төрт сарайдан тұрады. Алғашқы екеуі шартты түрде ашық сарайлар. Бірінші сарайда бақ және сол шақта қару-жарақ сақтайтын қойма болған византиялық әулие Ирина шіркеуі орналасты; екінші сарайда — мемлекеттік кеңес диваны болды. Сұлтанның сарайы, Эндерун, үшінші сарайда орналасты. Осы сарайда — ханзадалар мектебі, тақ залы, кітапхана, қазына қоймасы, мұрагерлер (шахзада) жайғасқан жабық бөлмелер мен басқа да ғимараттар болған. Айталық, үшінші сарайдың қақпасы «Бақыт қақпасы» деп аталды. Әрі сұлтанның билігі осы бір қақпадан кіруге қақы бар адамдар арқылы жүргізілді. Ал мұндай құзыретке ақ және қара әтектер ғана ие болды.

Ақ және қара әтектер

II Сұлтан Мехмет піштірілген аттың биеге секіргенін көріп, әтектерді толықтай піштіріңдер деп бұйырған деген аңыз бар, яғни мүшені жұмалағымен қоса алып тастауы керек (ал басқаша да болған ба? Иә, піштірудің түрлі жолдары болған. Мәселен, Византияда ұманы не жарылып кеткенше қысқан, не жыныс мүшесін кесіп тастамай тек жұмалағын алған. Пішілгеннен кейін де еркектердің жыныстық құмарлығы сақталып қалатыны жөнінде деректер мен зерттеулер де бар). Осылайша сұлтанның әтектері гаремнің қызметші әйелдерімен қатынас орната алмады. Сақтық шарасын сақтаудың тағы бір жолы қара әтектерді қолдану болды. Айталық дұрыс піштірілмеген қара әтек, сарайдағы сылқымдардың бірімен жыныстық қатынасқа түскен жағдайда, бала екі күнәһарды да ұстап бермек. Алайда аталған шаралар тек әтектер мен сарай күңінің жыныстық қатынасқа түспеуі үшін ғана емес, сарайда қызмет етіп жүрген жандардың кейін ақсүйектер тобына айналуы ықтимал ұрпақтарын қалдыру мүмкіндігінен айыру үшін жасалды.

Қара әтектер, негізінен Эфиопиядан жеткізілген, Африкалық құлдар болды. Ақ әтектер — Балқан түбегі немесе Кавказдан жеткізілген құлдар не тұтқындардан шықты (16 ғасырда аталған аймақтар Осман империясының құрамына қосылды. Жергілікті христиан тұрғындары қазынаға айрықша салық төлеп тұрды. Оның арасында девширме салығы да болды, славян халықтарында аталған салық «қан салығы» деп те аталған болатын. Түрік шенеуніктері христиан отбасыларынан, сұлтанның әскері янышарлар санын толықтыру үшін балаларын алып кетіп отырғандықтан, осындай атау қалыптасқан. Кейде дәл осы салық бойынша келешек әтек-құлдарды да таңдаған). Кейде ата-аналар өз еркімен артық ауыздан құтылып, келешегі бар болуы үшін балаларын сұлтанға құлдыққа беріп отырған. Сондай-ақ батыс Еуропадан келген тұтқындарда сұлтанның құлы болған жағдаяттар да орын алған.

Ақ және қара әтектер атқаратын міндеттеріне байланысты айрықшаланды. Ақ әтектер Эндерунды қорғап, сұлтанның хаттарын шенеуніктерге жеткізіп отырды және үшінші сарай аймағында орналасқан шахзадалар мектебіне жауап берді. Қара әтектер сұлтанның гаремін қорғап, гарем тұрғындары мен Топқапының қалған әлемі арасында медиатор іспеттес болды. Бастапқы кезде-ақ әтектердің басшысы (капи-аға) айрықша құдіретке ие болса, 17 ғасырдың соңынан бастап жағдай өзгерді: басымдық қара әтектердің басшына (қызлар-аға) қарай ойысты.

Қыздар-ағасы (шерудің алдында) ханзадаларды сүндетке отырғызу рәсіміне апара жатыр. 18 ғасырдың миниатюрасы / Wikimedia Commons

Әтектің мансабын қалай құруға болады?

Піштіруден аман өткен жас әтектер, алдымен толыққанды оқудан өтуі қажет. Сосын әтек гаремге кіруге қақынсыз, қақпа алдындағы күзетте тұруға міндетті. Ақырындап сарай күзетінің басшысы лауазымына дейін көтеріліп, содан кейін ғана әтек гарем мен сұлтанға кіруге рұқсат алған. Сенімге ие болған әтектерді сұлтанның әйеліне, ханзадаларға, сұлтан мен жұма намазын жүргізген имамдармен бірге жүруге тағайындаған. Әтектер қызлар-аға лауазымына тағайындалмай тұрып, біршама уақыт гаремнің қазаншысы қызметін атқаруы тиіс болды.

Мансап баспалдағымен жоғары қарай өрлеу үшін тек кәсіби қабілет қана жеткіліксіз. Сұлтан сарайындағы өмір қанқұйлы қарбаластарға толы болған. Қызлар-аға мен капи-ағалар Эндерунда ықпалға ие болу үшін бәсекеге түсті; сұлтанның күңдері, әйелі, анасы сұлтанға сөзін жүргізу үшін таласты; янышарлар корпусы артықшылықтарға ие болу мақсатында сарай ішінде төңкеріс жасауға немесе кем дегенде көтеріліс жасауға ұмтылды; ұлы уәзір маңызды лауазымдарды өзінің клиенттерін жайғастыруға тырысты; сұлтанның ұлдары өзара ғана емес, әкесімен де тақ үшін таласты. Осындай күнделікті таластардың бірінде жеңіліс табудың ақыры, қашып құтыла алмайтын өлімге әкеп соқтырды.

Қызлар-аға лауазымына жету үшін, ең алдымен тақта отырған сұлтанның анасы әрі гаремнің басшысы саналатын уәлиде-сұлтанның қолдауына ие болу қажет. 16–17 ғасырда уәлиде-сұлтанның ықпалы артқаны соншалық, аталған уақыт аралығын «қатын сұлтанаты» деп те атайды, яғни ол шақта нақты билікпен әйелдер айналысты. Осы тұста уәлиде-сұлтанның адал көмекшісі болған қызлар-ағаның рөлі арта түсті. Дегенмен әтектердің басшысы уәлидені сатып кетіп, бәсекелесінің жағына өтіп кетуі де мүмкін болатын. Мәселен, 1651 жылы қызлар-аға Сүлеймен құдіретті уәлиде Көсем-сұлтанның өлімін ұйымдастырып, оның орнына қарсыласы Тұрхан хатынның келуіне жол ашты. Түн ортасында Сүлеймен қол астындағы әтектермен гаремге кіріп, шкаф ішінде жасырынып жатқан Көсемді буындырып өлтірген.

Жоғары лауазымдағы әтектер басты қарсыластарымен ықпал үшін таласқа түсті. Айталық, олардың қарсыласы, әтектердің империя ісіндегі ықпалына көңілі толмаған сұлтанның уәзірлері болды. Бірде жоғарыда сөз еткен Сүйлеймен ұлы уәзірді соққыға жығып, оның қолынан мемлекеттік мөрін тартып алып, ол лауазымға өз досын тағайындаған.

Жан Леон Жером. Гаремдегі хамам. 1876 жыл / Alamy

Әтектер қайда тұрды?

Әтектердің басшылары гаремнің қақпасына жақын маңда орналасқан жеке жайларға ие болды, ал оған бағынышты әтектер болса, әдетте, тар үш қабатты барақтарда топтасып өмір сүрді.

Әтектердің міндеттері қандай болды?

Гаремді қорғау сарайдағы қызметші әйелдермен әлдебіреудің жыныстық қатынасқа түсуіне жол бермеумен ғана шектелмеді. Әтектер сұлтан таңдаған (әдетте сұлтанның орнына уәлиде-сұлтан таңдау жасады) күңдердің білім алуына, қыздарды сұлтанның жатын бөлмесіне дейін жеткізуге, гаремдегілерге сұлтанның келгені жөнінде хабар беруге міндетті болды. Кейде әтектер күңдерді жазалады: көбіне Босфордың суына батырып өлтірді. Қызлар-аға күнаһар болған әйелдің басына кигізген қапты өз қолымен байлап отырған делінеді.

Әтектер шахзадалар мен ханзадаларды оқытумен де айналысты (бастапқыда бұл міндет ақ әтектерге жүктелгенімен, кейінірек қара әтектер атқаратын болды). Тек қызлар-аға ғана уәзірлердің хабарын сұлтанға және керісінше жеткізе алды. Гаремге келген және одан шығатын хабарды әтектер бақылап отырды. Хан әулетіндегі таққа талас кезінде, кімнің сұлтан болатынын анықтауда қызлар-ағаның шешуші рөл атқарған кезі жетерлік.

Қыздар ағасы және Сұлтан. 17 ғасыр / LIbrary of Congress, USA

Мерекелер

Топқапы сарайында және одан тысқарыдағы мерекелік шараларды әтектер ұйымдастырды. Ең алдымен, әтектердің басшысы той, жерлеу рәсімі, сондай-ақ сұлтан мұрагерінің (шахзада) сүндет тойын ұйымдастыру ісінде маңызды рөл атқарды. Әтектер қонақтардан келген сыйлықтарды қабыл алып, оны сұлтанға немесе гаремге жеткізіп отырды. Империяда құрметті мейманға сұлтан сыйға тартқан (көбіне бұлғын терісі болған) киімді жабу шарасы кең тараған. Аталған мерекелер сараймен ғана шектелмеген (қалай тұрғындары үшін мейрам күндері жәрмеңкелер, фестивальдер мен кейде тамақ тарату шаралары ұйымдастырылды) әрі осындай әбігерге салар әрекеттердің бәрін әтектер атқарды.

Сондай-ақ гаремдегілердің де көңілін көтеру қажет болды. Қызлар-аға музыканттарды, ақындарды, тамақ пен сусындарды (қызметші әйелдердің көңілін көтеру үшін қажетті заттардың бәрін) жеткізіп отырды. Гаремдегі әйелдер 18 ғасырда мәшһүр болған, қызғалдақтың ашылғанына орай үлкен мереке ұйымдастыруды айрықша жақсы көрген (Қызғалдақ дәуірі — қызғалдақты өсіру сәнге айналғанына байланысты атауын алған Осман империясындағы тарихи кезең. Осы бір кезеңнің басын Осман империясының Аустрия мен Венеция патшалықтарымен 1718 жылы бейбіт келісімге келгенімен; ал соңы — 1730 жыды Ыстанбұлдағы көтеріліспен байланысты).

Дін

Қызлар-аға дін тұрғысынан да маңызды тұлға болды. Ол исламның ең қасиетті мекені саналатын Мекке мен Мадинаға бағытталған қаржыны бақылады. Аталған қасиетті мекендерге бағытталған сыйларды (вакуф) жыл сайын ұйымдастырып отырды. Мекке мен Мадинадағы нысандардан бөлек, бас әтек өзге қалалардағы мешіттер мен медреселерге жетекшілік етті, сондай-ақ ол мешіттердің құрылысы мен ғимараттарды ұстау шығынын басқарып, қажылық сапардағы жол инфрақұрылымын бақылады: қонақ үйлер, жолдар мен шайханалар. Қызлар-ағаға басқаруға тұтастай бір қала берілуі де мүмкін болды. Грек күңі Василика Афинаны (сұлтан оған сыйға тартқан қала) бас әтектің басқаруына берген жағдай белгілі.

Топқапы сарайындағы мемлекеттік кеңес бейнеленген Осман миниатюрасы / Bridgeman Images

Жемқорлық

Қайырымдылыққа берілген қаржыны басқару (капитал деп оқыңыз) кез келген қызлар-ағаның қаржылық саулығының негізі болды. Қандай да бір ауылда бой көтерген мешітпен бірге, айтарлықтай кіріс түсіретін сауда дүңгіршектері, базарлар мен хамамдар салынды. Бірақ вакуфтың өзі де коммерциялық кәсіпорын болуы мүмкін. Сыйлық ретінде қызлар-аға диірмен, наубайхана, кофехана, атқора, көптеген қойма мен қонақ үйлерден тұрған тұтастай кешенді соғуы мүмкін. Жоғарыдағы әтектер осылайша мата өндірісі, кофе мен дәмдеуіштердің саудасына қаржы салып отырған.

Зейнетке шыққанда не істейді?

Мансабы аяқталған соң төмен шендегі әтектерге (ең алдымен қаралар) көбіне азын-аулақ зейнетақы тағайындап Каирға аттанды. Онда тұрақты түрде пай ретінде арпа немесе бидай беріліп тұрды. Әлбетте, жоғары шендегі әтектердің коммерциялық қызметтерінің арқасында жағдайы тәуір болды. Олардың жеке қызметкерлері, құлдары, күзеті мен тіптен, жекеше кішігірім әскері де болды. Каирде әтектердің көп болғаны соншалық, қалада «әтектердің көшесі», сосын тұтастай кварталы пайда болды. Сондай-ақ әтектердің зейнеттегі өмірі қарттар үйіндегі тыныш мамыражай тірлік болмағанын атап өткен жөн. «Зейнеткерлер» жергілікті қоғамдық өмірдің тіршілігіне араласатын, толыққанды қауымдастық болды. Егер әлдебіреулер, тіптен ресми билік әтектердің мүддесіне қарсы келсе, олар саны басым күзетшілерімен бірге жергілікті әскермен қақтығысқа түсіп немесе, керісінше, көтерілісті басуға атсалысуы мүмкін.

Бұрынғы бас евнухтар өз сарайларын жиі салған Каирдегі беделді квартал. 19 ғасыр нақышы / The New York Public LIbrary

Әтектердің ақыры

Әтектердің орасан зор ықпалы 16 ғасырдан бастап 18 ғасырдың алғашқы жартысына дейін жалғасты. 19 ғасырда Осман империясында Танзимат кезеңі басталды: мемлекетті модернизациялауға бағытталған реформалар. Вакуфтарды басқару арнаулы министрлікке тапсырылды және осымен әтектердің билігі аяқталды. Сұлтан оларға тек рәсімдік қызметтерді ғана жүктеді, ал 1908 жылы революциядан кейін әтектердің институты толықтай жойылды. Түрік Республикасы пайда болғанда, сұлтандардың әтектері қиын жағдайда қалды. Оларды әдетте, қандай да бір сұраныстағы дағдыларының болмауына, кейде монархиялық Түркиямен байланысы болғаны үшін, тіптен ара-тұра нәсілдік алалауға байланысты жұмысқа алмады. Дегенмен африкалық әтектің бірін асырап алған қыздарын оқыту үшін Кемал Ататүріктің өзі жұмысқа алған. Әтектердің толыққанды институты Сауда Арабиясында, 1962 жылы құл ұстауға тиым салынғанға дейін жалғасты. Онда әтектер Мұхаммед пайғамбардың мазарын күзетті. Онда көзі тірі әтектер әлі де бар.

Көшірілді