ТҮРКІ БИЛЕУШІЛЕРІ НЕГЕ ПАРСЫ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕГЕН?

Ирантанушы Ричард Фольц Жібек жолын қалыптастырған одақтың тарихы жөнінде

~ 5 мин оқу

Сұлтан Мұхаммед. Каюмарс ауласы. Шах Тахмасптың «Шаһнамасынан» миниатюра, шамамен 1522–1525 жылдар. Aga Khan Museum / Wikimedia Commons

Әр көктем сайын түркі әлемінде — Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстанда, Түрікменстан мен Өзбекстанда миллиондаған адам Наурызды тойлайды. Біз оны төл мерекеміз деп санаймыз, белгілі бір мағынада бұл рас та.

Дегенмен «Наурыз» сөзінің өзі парсы тілінен шыққан, мағынасы «жаңа күн» дегенді білдіреді. Осы бір қарама-қайшылық Еуразия тарихындағы аса маңызды әрі әлі толық зерттелмеген құбылыстардың бірінен — түркі және иран өркениеттерінің мыңдаған жыл серіктес болғанынан хабар береді.

Жібек жолы дәл осы өзара ықпалдастықтың негізінде дамыды. Парсы әдебиетінің ең көрнекті туындылары түркі билеушілерінің дәргейімен дүниеге келді. Ал ерте Жаңа дәуірдегі ең қуатты үш мұсылман империясын — Осман, Сефеви және Моғол мемлекеттерін парсы тілін билік пен мәдениеттің негізгі тіліне айналдырған түркі династиялары құрған.

 

Осының бәрі қалай басталғанын түсіну мақсатында Qalam иран өркениетін зерттеп жүрген әлемдік жетекші тарихшылардың бірі Ричард Фольцпен сұхбаттасқан еді.

Ричард Фольц, 2015 жыл / Wikimedia Commons

Біз түркі және иран элиталарының өзара тығыз байланысы жайында жиі естиміз: Сефевилердің түркілік тамыры болғаны, ал Ашина әулетінің ирандық байланыстары болуы мүмкін екені айтылады. Бұл ықпалдастық қалай қалыптасты?

Оның түп-тамырын түсіну үшін шамамен 2500 жыл бұрынғы тарихқа көз тастау қажет. Түркі-иран қатынастары көбіне бәсекелестік немесе қақтығыс ретінде сипатталады. Алайда тарихтың басым бөлігінде олар мүлде өзгеше сипатта болды, яғни біз «ирандық» және «түркілік» деп атайтын халықтар арасындағы өзара тиімді әрі өзара тәуелді қарым-қатынас болатын. Бірден атап өткім келетіні: «түркі» немесе «ирандық» деген этникалық атаулар жаңылыстыруы мүмкін. Бұл атаулар ең алдымен тілге негізделеді, ал тілдің генетикамен байланысы әлсіз, кейде мәдениетпен де онша жанаса бермейді. Бұл әсіресе соңғы екі ғасырда ұлттық мемлекет идеологиясының таралуына байланысты көптеген күрделі мәселеге әкелді. Мен бұл тұжырымдаманы шын мәнінде күйретуші және тарихи шындыққа толық сәйкес келмейтін дүние деп есептеймін.

Осы тақырып бойынша тағы

Шығыс

ЗАРАТУСТРА ОСЫЛАЙ ТОЙЛАҒАН

Наурыз — Жаңа Дәуірдің бастауы

Дала халықтары әрдайым тайпалық құрылымда өмір сүрген, алайда бұл тайпалар ешқашан генетикалық немесе этникалық тұрғыдан біртекті емес еді. Олар шығу тегі өзге, тілі бөлек адамдармен одақ құруға құшағы ашық болатын. Сондықтан «таза түркі халықтары» мен «таза иран халықтары» деп бөліп қарастырсақ, тарихи шындықтан ауытқып кетеміз.

Бұл байланыс қай кезеңде жай ғана демографиялық араластықтан гөрі құрылымды, практикалық серіктестікке айналды?

Шамамен 1500 жыл бұрын бұл үдеріс айқын көріне бастайды. Соғдылар шығыс иран тілінде сөйлеген. Бұлар — жауынгер емес, Самарқан, Бұхара, Пайкенд және Пенджикент қалаларын тұрғызған саудагер халық. Қала-мемлекеттер желісінде өмір сүрген оларда толыққанды мемлекет те болған жоқ. Ендеше оларды кім қорғады? Оларды көшпелі түркі тайпалары қорғады. Көшпелілер отырықшы халықтардан түрлі бағалы бұйым мен тауар алып отырды, есесіне өздері оазистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бұл өзара тиімді байланыс, бір-біріне тәуелді симбиоз еді.

Ан Цзя, Бұхарадан шыққан соғды шенеунігінің түркілерді қарсы алу сәті. Ан Цзя мазарындағы сурет, 579 жыл. Шэньси провинциялық археология институты, Сиань / Wikimedia Commons

Мұндай ұқсастықты Қытайдан да көруге болады, бірақ бұл қатынастарды серіктестіктен гөрі көбіне қарсыластық деп сипаттаған дұрыс. Қытайлықтар дала көшпелілерінің шапқыншылығынан үнемі қауіптеніп, олардан жібек беріп құтылуға тырысқан. Кейде ханшайымдарын ұзататын. Дегенмен белгілі бір деңгейде өзара ықпалдастық та өрбіді: көптеген көшпелі тайпа сол жерде орнығып, жаңа билеуші әулеттерге айналды. Бірақ Орталық Азияда мұндай өзара әріптестік қалыпты құбылыс-тын.

Түйе мінген соғдылық. Қытай, Таң династиясы, 618–907 жылдар. Шанхай музейі / Wikimedia Commons

Қытай дереккөздері мұны өте дәл сипаттайды. Олар шамамен былай дейді: «Түркілерді бір жақты етуге болады, бірақ олардың қасында айлакер соғды кеңесшілері бар. Біз солардан сақтануымыз керек». Түркілер мен соғдылар бірлесе әрекет етті, ал Жібек жолы соғды көпестерінің іскерлігі мен түркілердің әскери қуатының үйлесуі арқасында жұмыс істеді.

Түркі билеушілері қалай парсы мәдениетінің басты қамқоршыларына айналды?

Тарихта қайталанып отыратын бір заңдылық бар. Көшпелі халықтар отырықшы өңірлерді жаулап алып, жаңа билеуші элитаға айналғанымен, уақыт өте далалық тамырынан ажырай бастайды. Қала тұрғындарының алдында билігін заңдастыруды көздеген жаңа билеушілер өзі басқарған халықтың тілін, салт-дәстүрін, тамағын, музыкасын, әдебиетін және сарай рәсімдерін қабылдайды. Сол үшін оларға басқа көшпелі тайпалар менсінбей қарайды. Артынша жаңа көшпелілер толқыны келеді де, дәп осы үдеріс қайтадан басталады.

Сефевилер — ерте Жаңа дәуірдегі осы құбылыстың бір ғана мысалы. Олардың әулеті, шамасы, бастапқыда күрд текті болған: тарихын 13-ғасырға дейін қадағаласақ, Шығыс Анадолыдағы түрікмен көшпелілері арасында ықпалы артқан сопылық шейхтар әулетін көреміз.

Сефевилер бұл халықтың дәстүрлі наным-сенімдеріне түсіністікпен қараған. Ол сенімдерде исламнан едәуір алшақ жатқан көне дала дәстүрлері мен түсініктері де бар еді. Кейін олар толықтай түркіленді, өйткені олардың негізгі қауымы түркілер болды. Исмаил шах дәуіріндегі поэзия бастапқыда түркі тілінде жазылды. Соған қарамастан Сефевилер парсы мәдениетін қолдап, дамытты. Осман мен Моғол әулеттері де дәл осылай әрекет етті. Сол дәуірдегі үш ірі империя этникалық тұрғыдан түркі әулеттері бола тұра, парсы мәдениетін өркендетті. Өзара ықпалдастықтың ең айқын көрінісі — осы.

Кристофано дель Альтиссимо. Шах І Исмаил портреті. Шамамен 1552–1568 жылдар. Уффици галереясы, Флоренция / Wikimedia Commons

Бірақ тарихтың тамыры тым тереңде жататыны бар. Парсы әдебиетінің ең ұлы туындысы, ирандық болмыстың ең жоғарғы көрінісі саналатын «Шаһнама» дастанын түркі билеушісі Махмұд Ғазнауи тапсырыспен жаздырған. Ал соңғы шынайы ирандық әулет саналатын Саманидтердің әскері іс жүзінде толықтай түркілерден тұрған. Жылдар жылжығанда бұл жауынгерлер «егер біз өзіміз де билеуші бола алсақ, неге өзге біреуге қызмет етуіміз керек» деген ойға келеді. Осылайша, Мысырда, Хорезмде, Үндістанда мәмлүк әулеттері пайда болды. Бұлар негізінен түркі текті бұрынғы құл-жауынгерлер еді, бірақ билікке келген соң да парсы дәстүрімен басқаруды жалғастырды. Селжұқтар кезеңінен бастап парсы тілі мемлекеттік басқарудың негізгі тілі болып қала берді. Тіпті моңғолдар да осы үлгіні ұстанды: Тебризге орныққан Илхандар біртіндеп иранданып шыға келді. Айта кетерлігі, Шыңғыс хан заманынан бастап моңғол әскерінің басым бөлігін іс жүзінде түркілер толықтырған еді.

Түркі халықтары арасында ирандық діндер — зороастризм мен манихейлік қаншалықты кең таралған еді?

Манихейлік дін туралы ерекше жағдайды ғана айтуға болады. Бұл дін түркі әулеті билік еткен 9-ғасырдағы Қытай аумағындағы Ұйғыр қағанаты кезінде ғана мемлекеттік деңгейдегі ресми дінге айналды. Бұл соғдылардың ықпалымен жүзеге асты. Манихейлік дінді ұстанған соғды миссионерлері әрі көпестер ұйғыр сарайын осы наныммен таныстырады. Мұның астарында діни таңдаумен қатар, саяси есеп те жатыр еді.

Манихейлік абыздар. Гаочаннан кескіндеме, 10-ғасыр. Азия өнер музейі, Берлин / Getty Images

Зороастризмге келсек, бірде Бішкектегі бір досымның үйінде қонақта болғаным бар. Сонда оның әйелі — қырғыз қызы қырғыз тілінде «жақсы ой, жақсы сөз, жақсы іс» деген ескі мәтел барын айтып қалды. Мен қатты таңғалдым. Бұл зороастризмнің ұраны емес пе?! Бірақ оның қырғыз тіліне қалай еніп кеткеніне сол бойы жауап таппадым.

Осы тақырып бойынша тағы

Орталық Азия

Жібек жолы бойындағы Соғды тұрғындары

Саудагерлер және Еуразия даласына дін таратушылар

Наурыз бүгінге дейін бүкіл түркі әлемінде, соның ішінде Қазақстанда да тойланады. Осындай дәстүрлердің қабылданып, таралуында түркі билеушілері қандай рөл атқарды? Олардың мұндай мерекелерді ресми түрде мойындағаны немесе институционалдандырғаны туралы деректер бар ма?

Өзбекстанда тұрған кезімде студенттерім «бұл — біздің, өзбектің мейрамы» дегенді сеніммен айтатын. Мен олардан «Наурыз» деген сөз өзбек тілінде қандай мағына береді?» деп сұрағанымда ешкім жауап бере алмайтын. Парсы тілінде бұл — «жаңа күн» деген сөз. Егер бұл шын мәнінде өзбек мерекесі болса, неге ол «Янги кун» деп аталмайды? Дегенмен Наурызды бастапқыда тек парсылық мереке болды деп ойламаймын. Меніңше, парсылардың өзі оны Месопотамиядан — вавилондық көктемгі мейрамнан, Ахемен әулеті дәуірінде, сол жердің отырықшы егіншілік өркениетімен байланысқа түскен кезде қабылдаған. Негізінде, Наурыз — егін егуге байланысты мереке. Көшпелілер болса, егіншілікпен айналыспайды. Сондықтан бұл отырықшы, ауыл шаруашылығына негізделген қоғамдардан шыққан. Парсылар оны өздері отырықшыланған кезде қабылдап, кейін сыртқа таралуына ықпал етті. Бүгінде бұл мерекенің Анадолыдан Шыңжаңға дейінгі кең аумақта атап өтілуі — осы мәдени ықпалдың қаншалықты ауқымды болғанына айқын дәлел.

Көшірілді