Бүгінгі таңда дүние жүзінде шамамен 170 миллион адам түркі тілдерінде сөйлейді, ал түркі сөздері көптеген халықтың ауызекі һәм әдеби тіліне сіңіп кеткен. Ендеше, түркі тілдерінің шығу тегі жайлы не білеміз? Қазіргі қазақ пен көне түркі бір-бірін түсінер ме еді? Түркі тілдерінің бізге әлі де беймәлім қырлары қандай? Тарихшы әрі лингвист Тимур Козырев Qalam Global YouTube арнасына берген сұхбатта осы сұрақтарға жауап береді.
Түркі тілдері қайдан шыққан?
Шын мәнінде, біз бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймыз. Бір есептен, қолымызда түркі тілдерінде жазылған, қай дәуірге жататыны анық жазба ескерткіштер бар. Әңгіме көне түркі тілінде жазылған, 6–8-ғасырлардағы Бірінші және Екінші Түркі қағанаты дәуіріне тиесілі Орхон жазбалары жайлы.
Бірақ тілдің өзі жазба ескерткіштерден әлдеқайда бұрын қалыптасқанын түсінуіміз керек. Прототүркі тілі туралы айтатын болсақ, ғалымдардың басым бөлігі оның тамыры шамамен б.з.б. 5-ғасырдан бастау алатынын айтады.
Кейінгі түркі тілдерінің бәрі, соның ішінде Орхон немесе бітік жазбаларының тілі де осы прототүркі тілінен тараған. Дегенмен ол кезеңде біртұтас түркі тілі болған жоқ, оның орнына қазір біз түркі тілдеріне жатқызатын көне ұйғыр, көне қырғыз және құрықан тілдері болды. Сол дәуірде осы тілдерде сөйлеген халықтар өздерін түркі деп атамаған. «Түркі» атауы тек Түркі қағанатының халқына қатысты болды.
Тақырыпқа орай
ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТҮЗІЛУІ
Питер Голден ерте түркілердің шыққан тегі, кім болғаны және олардың билік жүйесі жайында
Түркілерге дейінгі халықтардың шығу тегі туралы не белгілі?
Бұл да күрделі сұрақ. Бізде генетикалық деректер бар, бірақ генетика қайсыбір ежелгі халықтың қай тілде сөйлегенін анықтап бере алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, ең күрделі мәселенің бірі — ғұндардың тілі.
Түркология ғылымында ғұндар прототүркілер болуы мүмкін деген пікір кең тараған. Бірақ, айталық, Моңғолияда ғұндар моңғол тілінде сөйлеген деген көзқарас бар және оның да өзіндік дәлелдері жеткілікті. Сондықтан бұл мәселеге қатысты нақты жауабымыз жоқ.
Ежелгі түркілердің ата жұрты деп әдетте Ішкі Азияны айтады. Бұл — бүгінгі Орталық Азия аумағы емес, қазіргі Моңғолия, Саян-Алтай өңірі мен оған іргелес жатқан жерлер.
Ең көне деп саналатын түркі сөздері қайсы?
Ең көне сөздер қатарына барлық түркі тіліне тән, негізгі сөздік қорға кіретін сөздерді айтуға болады. Мысалы, қазақ тіліндегі бас, көз, қол, ел, кіші, ет сияқты сөздер. Бұл сөздердің көбі күні бүгінге дейін қолданыста.
Ал Орхон жазбаларына тән кей көне сөздер қазіргі тілдерде қолданыстан шығып қалған, мәселен: budun — «халық», šad саяси лауазымы мен sü — «әскер» сөздерін айтсақ болады. Sü сөзі қазіргі түрік тілінде кездеседі, алайда ол кемалистік тіл саясаты кезінде қайта қолданысқа енгізілген.
Орхон өзені аңғарының көрінісі. Моңғолия / Getty Images
Бұлар жазба деректерінен белгілі ең көне түркі сөздерінің қатарына жатады. Бірақ абсолютті мағынада ең көне сөздер деп айтуға келмейді. 6–8-ғасырларға қарай түркі тілдерінің тарихы кемінде мың жылға, бәлкім, екі-үш мың жылға, тіпті одан да ұзақ кезеңге созылған еді.
Прототүркі тіліне қатысты сұрақтың жауабы әлі де айқын емес.
Түркі тілдері қашан жіктеле бастады?
Алғашқы жіктелу жалпы түркі және оғыр (бұлғар) тармақтарының бөлінуінен басталды. Бүгінде осы оғыр тармағына тән, сақталып қалған жалғыз тіл — чуваш тілі. Сондықтан ғалымдар кейде түркі тілдері тобын біртұтас деп қарастырса, кейде түркі-чуваш бірлігі туралы айтады.
Яғни оғыр тармағы басқа түркі тілдерінен біршама ерекшеленеді, бірақ олардың түбірі бір туыс тілдер екені күмәнсіз.
Бұлай жіктелу шамамен б.з.б. 1 мыңжылдықтың ортасынан басталған. Ал қазіргі кезде негізгі топтар ретінде қарастырылатын қыпшақ, оғыз, қарлұқ тармақтарының қай уақыттан бастап жіктелгенін анықтау әлдеқайда қиын. Оның үстіне, бұл классификация жүйесінің өзі де үнемі қайта қарастырылып отырады. Агглютинативті тілдер болғандықтан, олардың тарихи дамуын қадағалау үндіеуропалық тілдердің тарихын зерттеуге қарағанда әлдеқайда қиын.
Біз славян және балтық тілдерінің бір-бірінен қалай бөлініп шыққанын, бұл процестің қалай жүргенін біршама дәл анықтай аламыз. Ал түркі тілдеріне, тіпті түркі және моңғол тілдері топтарына келгенде жағдай әлдеқайда күрделі. Агглютинативті тілдерде тіпті қосымшалар мен грамматикалық құрылымдардың өзі бір тілден екінші тілге ауысуы мүмкін. Тілдер кейде өзара араласып, жазба дәстүрлер арқылы бір-біріне ықпал етеді. Сондықтан олардың тарихи даму барысын тап басып айту қиын.
Көне түркі тіліне қай тіл жақындау?
Грамматикалық тұрғыдан алғанда, қазіргі түркі тілдерінің қай-қайсына да көне түркі тілі белгілі бір дәрежеде жақын.
Ал сөздік құрамы жағынан оған ең жақын тілдер — Сібір түркі тілдері, әсіресе саха не якут тілі. Бітік жазбаларындағы кей сөздер бүгінде тек саха тілінде сақталған. Мысалы, ügüs — «көп» бітік жазбаларындағы üküş сөзіне сәйкес келеді. Сол сияқты, ürüŋ — «ақ» сөзі де осы қатарға жатады. Дегенмен грамматикалық тұрғыда түркі тілдері жалпы алғанда бір-біріне жақын деуге болады.
Түркі және моңғол тілдері туыс па?
Бұл жердегі әңгіме түркі, моңғол және тұңғыс-манчжур тілдері, бәлкім, тіпті кәріс пен жапон тілдері де түбірі ортақ бір тілден тарайды деп болжайтын «Алтай теориясы» туралы болып отыр. Бұл мәселе әлі күнге дейін ғалымдар арасында талас тудырады.
Грамматикалық тұрғыдан алғанда, бұл тілдер өзара ұқсас екені даусыз. Әсіресе түркі және моңғол тілдерінің құрылымдық жақындығы айқын байқалады. Екі тілде ортақ сөз көп және кей фонетикалық ерекшеліктері, мысалы, дауысты дыбыстардың үндесуі де ұқсас. Сондықтан олардың ортақ бір тілден тарауы әбден мүмкін. Алайда бұл ұқсастық мыңдаған жылға созылған өзара ықпалдастықтың нәтижесінде де қалыптасуы мүмкін.
Өз басым бұл тілдер ортақ бір түбірден тараған деген болжамға көбірек ден қоямын, дегенмен басқа мамандардың бұл пікірмен келіспейтінін де ескеру керек. Бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет етеді.
Түркі сөздері басқа тілдерге қаншалық енген?
Түркі тілдерінің басқа тілдерге ықпалы зор болды. Түркі халықтары тарихта бір емес, бірнеше рет үлкен империялық мемлекеттер құрды. Олардың қатарында Ғұн империясы мен Түркі қағанатынан бастап Алтын Орда, Осман империясы мен Үндістандағы Ұлы Моғол империясына дейінгі мемлекеттер бар.
Олар өздеріне бағынышты және ықпал ету аясындағы халықтардың тіліне елеулі әсер етті. Бұл қатарға славян, фин-угор, парсы, үнді және қытай тілдері кіреді. Аталған тілдерде әскер, мемлекеттік басқару, сауда-саттық, күнделікті тұрмыс, киім-кешек және басқа салаларға қатысты түркі сөздерінен енген көптеген кірме сөз бар.
Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі тілдерінің сөздігі») еңбегіндегі түркі әлемінің картасы. 11-ғасыр / Wikimedia Commons
Кей сөздер басқа тілдерге түркі тілдерінен емес, түркі тілдері арқылы енген. Мәселен, «базар» сөзінің түп-төркіні парсы болғанымен, орыс тіліне түркі тілдері арқылы сіңіп отыр.
Түркі тілдері әртүрлі өркениет арасындағы мәдени құндылықтардың алмасуына да дәнекер болды. Мысалы, венгр тілінде түркі тілдерінен енуі мүмкін делінетін жүздеген сөз бар. Олардың басым бөлігі көне оғыр, яғни қазіргі чуваш тіліне жақын тілдерден енген. Сондықтан венгр мен чуваш тілдерінде ортақ сөздер аз емес.
Осман дәуірінде Балқандағы славян тілдеріне де түрік тілінің ықпалы зор болды. Сондай-ақ араб, парсы және басқа да тілдерден енген сөздер түрік тілі арқылы таралды.
Пәкістанның мемлекеттік тілі — урду тілі. Бұл атаудың өзі түркі тіліндегі ordu — «әскер» деген сөзден шыққан. Бұл — осы құбылысты айқын көрсететін мысал.
Ислам діні түркі тілдеріне қалай әсер етті?
Исламмен бірге түркі тілдеріне дін, мемлекеттік басқару, әдебиет, өзге де салалармен байланысты көптеген араб сөзі енді. Парсы тілінің ықпалы да күшті болғанын айта кетейік, себебі көптеген түркітілдес аймақта ислам дінін парсытілдес халықтар таратты. Бұған дейін де айтқанымыздай, Дешті Қыпшаққа мұсылмандықты ұстанатын Мәуереннахр мәдениетінің ықпалы мықты болды.
Сондықтан түркі тілдеріне кейбір діни терминдер араб тілінен тікелей емес, парсы тілі арқылы енген. Мысалы, күнделікті құлшылық араб тілінде ṣalāh деп аталса, парсы тілінде namāz деп аталады, қазақтар да «намаз» дейді.
Қазақтар ṣalāh сөзін қолданбайды. Пайғамбарды да арабшалап nabī деп емес, парсы тіліндегідей payğambar дейді. Осылайша, исламның жайылуы түркі тілдеріне араб, парсы мәдениетінің қатар ықпал етуіне жол ашты.
Салт атты бейнеленген тостаған. Иран, Селжұқтар дәуірі, 12–13-ғасырлар. Ирандық көркемдік дәстүрлер мен түркі билеушілерінің мәдениеті ұштасқан селжұқ өнері / Wikimedia Commons
Мың жыл бұрынғы түркілерді түсінер ме едік?
Егер қазіргі Қазақстанның бір тұрғынын мың жыл бұрынғы кезеңге апарсақ, сол дәуірдегі ауызекі әңгіменің басым бөлігін түсінер еді деп ойлаймын. Бірақ мен жазба тілді емес, ауызекі сөйлеу тілін айтып отырмын.
Шынын айтқанда, дәл сол адам бітік жазбаларының тілін де, я Қарахан дәуіріндегі әдеби тілді де түсіне алмас еді. «Құтадғу біліктің» тілі де бізге толық түсінікті емес. Бұлардың бәрі — жазба тілдер. Ал ауызекі сөйлеу тілі анағұрлым тұрақты келеді. Сондықтан мың жыл ішінде ол түбегейлі өзгеріске ұшырады дегенге сенбеймін.
Түркі тілдерінің болашағы туралы не ойлайсыз?
Алдағы уақытта түркі тілдері мыңдаған жыл бойы сақталып келген түркілік сипатын жоғалтпайды деп сеніммен айтуға болады. Олардың грамматикалық және фонетикалық құрылымы өте тұрақты. Ғасырлар мен мыңжылдықтарға созылған тарихи жіктелу бұл тілдердің ортақ өзегін бұза алған жоқ.
Сонымен қатар бүгінгі таңда түркі тілдерінің өзара жақындасуының жаңа үлгілері қалыптасып келеді. Түркі мемлекеттерінің ұйымы әсіресе медиа, мәдениет және ғылым салаларындағы ықпалдастықтың тереңдеуіне ықпал етті. Қазір түркі тілдері теледидар, стримингтік платформалар мен басқа да арналар арқылы бір-біріне тікелей әсер етіп отыр.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің Анталия дипломатиялық форумы аясындағы кездесуі. Түркия, 2026 жылғы 18 сәуір / Түркия Сыртқы істер министрлігі / Anadolu via Getty Images
Әр тіл өз алдына дербес дамуын да жалғастырады, әсіресе қазіргі тәуелсіз мемлекеттерде ресми мәртебеге ие тілдердің өзіндік даму жолы бары анық.
Қазіргі қазақ тіліне түркі тілінің ықпалы ерекше күшті деп айта алмас едім. 20-ғасырдан бастап түркі тілдері терминология жүйесінде бір-бірінен едәуір алшақтап кетті. Тіпті қазақ пен қырғыз, түрік пен әзербайжан сияқты өзара жақын тілдердің терминологиясында да айырмашылықтар пайда болды.
Шынын айтқанда, алдағы уақытта олардың ортақ терминологиясы қалыптасады дегенге сенбеймін. Біздің қолымыздан келетіні — бұдан әрі бір-бірімізден алшақтап кетпеуге тырысу.
Тілдер өзара жақындай береді, бір кезде қазіргіден де жақын болары хақ. Бірақ сөйте тұра әрқайсы дербес тіл болып қала береді.
Сұхбаттың толық нұсқасын Qalam Global YouTube арнасынан көре аласыздар.