ТЫШҚАНЫНЫҢ ЖҮНІНЕН ЖАСАЛҒАН МАТА

Асбесттің қызықты тарихы

Асбест костюмі киген өрт сөндіруші. 1960 жыл / Alamy

Аристотель айтқандай, табиғат үнемі толысып отыруға бейім. Табиғаттың бір бөлшегі — адам санасына да бостық пен қуыскеуделік жат ұғым. Біз бірдеңеден хабарсыз болсақ немесе түсінбесек, бойымызды білімсіздік салқыны билемесі үшін, әдетте сол бос саңылауларды әлденені тудыру, бір дүниені ойлап табу арқылы толтырамыз. Бізге таңсық нәрселер әрдайым мазасыздық пен қауіп тудыратыны бар. Алайда ештеңе білмей-ақ жайбарақат жүре беру, әрине, біртүрлі, бірақ өмір сүруге болады.

Кейде бұл идеялардың қоғам санасына нық орнайтыны соншалық — нәтижесінде пайда болған стереотиптерді бұлтартпас фактілер арқылы да жою өте қиын. Әттең... миф дегенің қашанда шындыққа қарағанда тартымдырақ келеді. Неге әттең? Кейде мифтің қызықтылығының әсерінен, сіз уақыт келе оны жалғандыққа да қимай қаласыз. Төмендегі ақпараттар рас болып шықса, біздің ғаламшарда өмір сүру қаншалықты қызықтырақ болатынын өзіңіз бағамдап көріңіз.

Асбест

Бұл — талшықты минерал. Болаттай берік, яғни аса көп мөлшедегі балқу температурасында ғана ериді. Тіпті кейбір түрлері өзінің құрылымын өзгертпей-ақ 1500 градусқа дейін қызуға төтеп бере алады. Сонымен бірге асбест талшықтарын жіп дайындауға да пайдаланады, тіпті одан тәнге қатты, бірақ өте төзімді әрі сапалы мата жасап шығаруға болады. Көпшілік асбест тозаңының қауіптілігі туралы білмей тұрып, одан шатырлар, шапандар, сондай-ақ майлықтар мен мата-дастарқандар жасайтын. Бұл өте ыңғайлы еді, себебі оларды қолмен жуып әуре болмайсың, оның орнына жай ғана майлықты отқа лақтырса салса жеткілікті еді, яғни от майлықтағы кірдің бәрін жұтып алады да, майлық тап-таза күйінде қайтадан пайдаға асады.

Антофиллит асбест / Wikimedia Commons

Ежелгі гректер мен римдіктер асбестің қайдан келетінін және оның қалай өңделетінін өте жақсы білген. Ол зат Кипрде де, Италияда да өндірілетін. Біз бұл ақпаратқа сілтемелерді Плинийден (1) және Страбонның (2) еңбектерінен таба аламыз. Бірақ Плинийдің жазғанынан мың жыл өткен соң, еуропалық және азиялық авторлар асбест туралы ғажайып ертегілер жазып жатыр.

Орта ғасырларда дүниежүзілік өнеркәсіп құлдыруы әсерінен асбест бұрынғыдай жаппай өндіріске түсе алмады. Ол әр елдің билеуші мырзалары арасында сыйлық ретінде ғана жүрді. «...Кирман әскерінің қолбасшысы Ұстаз Ормузға ақ шустага (асбестік мата) жеткізіледі. Ол кірлеп қалса отқа салынды, нәтижесінде алаулаған от кірді жалмап әкетті...» (Әл-Бируни (3) «Минералогия»). Бірақ әл-Бируни «шустаганың» минерал екенін білген. Ал Рашид ибн Әз-Зубар (4) өзінің «Қазыналар мен сыйлықтар кітабында» асбест маталар туралы былай деп жазады: «Феникстің денесінен үлбіреген мамық орамал табылды, ал бұл құстың жүнінен отқа жанбайтын мата жасалынатын. Олардың ұзындығы тоғыз қарысты құрайтын және олар сарай қоймалары арқылы сатылғандардың қатарында болды. Кейбір саяхатшы көпестер оларды арзан бағаға сатып алып, кейіннен ұсынатын ештеңелері болмағандықтан көбірек талап етуге мүмкіндіктері болмады». 13 ғасырдағы әйгілі «Аджа'иб ад-Дунйа» — «Ғажайыптар кітабының» белгісіз авторы да осы нәрсеге қатты қызығушылық білдіргенге ұқсайды: «Мен Меккеде жүргенде саламандра қауырсынынан жасалған төрт қалпақ көрдім. Қалпақ кірлегенде оны отқа тастап, нәтижесесінде ол оттан тазарып шығатын». Асбест туралы мифтер тек арабтар арасында ғана болған жоқ.

Мысалы, бұл туралы қытайлар былай деп жазады: «Тауларда көктем мен жазда пайда болып, күзде және қыста жоғалып кететін даланы кезіп жүретін оттар бар. Аңдар сол оттан жаралады. Олар өте үлкен. Олардың жүнінен, сондай ақ өсімдіктердің қабығынан мата жасауға болады. Мұндай мата кірленген жағдайда, оларды отқа салып, таза күйде шығарады. Бұл матаны «хохуань» деп атайды» («Таң хроникасы»).

Тоса Хиромити. Такэтори моногатари. 1650 жыл / Alamy

Қарт Такзтори мен сұлу бикеш Кагуя-химэ туралы жапон ертегісінде «отты тышқанның матасын» анық суреттегені сонша, осы ескі әңгімеден үзінді келтірмеу мүмкін емес:

«Отты тышқанының жүнінен жасалған мата сумен емес, ыстық жалынмен тазартылып, бұрынғыдан да таза әрі ғажап күйінде шықты. Бұл киімнің сапасын ғана емес, көркемдігін де арттыра түсті.

– Қандай ғажап! Мен Кагуя-химэнің бұл киімге неге сонша құмартқанын енді түсіндім», – деді Абэ-но Мимураджи таңдана.

Ол қоржынына бағалы әшекейін қайта салып, қобдишаға гүлдеп тұрған ағаш бұтағын байлап, сән-салтанатпен киініп, сол түнді Кагуя-химэнің үйінде өткіземін деп ойлады.

Оған мынадай ән арнайды:

Өртеніп жатырмын ба деп қорықтым

Менің шексіз махаббатым,

Бұл ғажайып киім жанып кетеді.

Бірақ, міне, қабыл алыңыз!

Ол жалынның шағылысуымен жарқырайды...

– О, шынымен де ғажап! Бірақ мен әлі күнге дейін мұның расымен отты тышқанның жүнінен тоқылғанына сене алмаймын!?

«Не десең де, мен келген қонақты алдымен үйге шақырамын, – деп шешті қария. – Мұндай ғажап мата әлемде бұрын-соңды болмаған. Маған сеніңіз, бұл нағыз отты тышқанның жүнінен жасалған киім. Адамдарды бұлай қинау дұрыс емес, – деп қарт қызды сөгіп, Абэ-но Мимураджиді үйге кіргізеді.

«Бұл жолы Кагуя-химэ тұрмысқа шығуға келісетін шығар», – деп іштей қуанды кемпір. Ал қарт шал туралы айтар ештеңе де жоқ! Ол қызының қыздар арасында жалғыз тұратынына қатты қынжылып, оны жақсы адамға тұрмысқа қатты бергісі келетін. Алайда қызы күйеуге шығудан түбегейлі бас тартатын, ал оны күштеп тұрмысқа беруді ол мүлдем қаламады.

– Біз бұл киімді отқа салуымыз қажет, – деді Кагуя-химэ қартқа. – Егер ол өртенбесе, мен оның шын екеніне сенемін және унайдзиннің (оңшыл министр) өтінішіне көнетін боламын. Бүкіл әлемнен бұдан артық ғажап киімді таппайсыз дейсіз. Сіз оның шынымен отты тышқанның жүнінен тоқылғанына сенімді болсаңыз да, мен оны бір рет болса да отқа тастап сынап көру керек деп ойлаймын.

– Жарайды, бұның дұрыс! – деп ақсақал келісіп, қыздың сөзін унайдзинге жеткізеді.

– Қытай жерінде де отты тышқанның жүні жоқ, – деп жауап берді ол. – Қиналып болса да тапқан болар! Күмән келтірудің жөні қанша? Бірақ егер Кагуя-химэ қаласа, жарайды! Оны отқа тастай беріңіз!

Сөйтіп, киімді отқа лақтырып кеп жібереді. Пыһ! Түгі қалмастан жанды да кетті.

– Аһ, аһ, өтірік екен! Ендігі көздеріңіз жеткен болар! – деп айғайлады Кагуя-химэ бар даусымен шаттана. Ал Унайдзиннің түрі бұзылып кетті.

Ал еуропалықтар асбест туралы шындықты әлдеқашан ұмытқан. Осылайша Марко Поло өзінің «Әлемнің әртүрлілігі туралы кітабында» жерлестері арасында кеңінен танылған аңызды жоққа шығарады: «Ол аймақта саламандраны қоректендіретін тамырлар бар. Біле білсеңіз, саламандра анау айтқандай жабайы мақұлық емес. Шындығына келгенде, жаратылысынан ешбір аң да, жануар да оттың ішінде өмір сүре алмайды. Себебі әрбір жануар төрт элементтен тұрады. Адамдар саламандраның не екенін білмегендіктен, оны жабайы аң деп есептеді және әлі күнге дейін осылай ойлайды. Бұның дұрыс емес екендігі, міне, мынадан білінеді: менің Зюрфика есімді өте ақылды бір түрік досым бар еді. Ұлы ханның жарлығымен осы өлкеде үш жыл тұрды. Сол жерде ұлы ханға арнап саламандра өсіріп, болат, онданик өндіретін.

Ұлы хан оны сол аймақты басқаруға және сол жерде саламандра өндіруі үшін үш жылға жіберіп отырады. Досым маған сол жұмыс туралы өз ауызымен айтып берді, кейіннен өзімнің де көзім жетті. Өздеріңіз естіген тамырлар тауды толықтай жайлаған кезде, сол тамырлардың бөліктерін сындырып алып, ұнтақтайды, содан олар тоқыма жіптерге ұқсап оратылып қалады.

Кейін оларды кептіріп, содан соң үлкен мыс ерітіндісіне салып ұрғылайды да жуып тазартады, нәтижесінде, тек жіптері ғана қалады. Ол шұбатылған жіптер жүнге ұқсас келеді. Оларды иіріп, одан зығыр мата тоқылады. Ал тоқылған мата мүлдем аппақ болмайтынын айта кетейін. Кейіннен оларды отқа салып, нәтижесінде қардай аппақ болып шыға келеді. Егер оған дақ түсіп немесе ластанып қалса, оны бірнеше минутқа қайта отқа салып, тағы бір тазартып алады. Саламандра туралы айтқанымның бәрі де шындық, ал өзгелердің айтып жүргендері мүлдем өтірік және ойдан шығарылған ертегі».

Жарқыраған ханшайым туралы ертегі. Такэтори моногатари. 17 ғасыр / Alamy

Назгүл Сұлтанова

АВТОРДЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ

Көшірілді