ҰЛТ ӨНЕРІНІҢ АТАСЫ

Ахмет Жұбанов және қазақ кәсіби музыкасының қалыптасу кезеңі

~ 11 мин оқу

Коллаж / Qalam

Қазақ кәсіби музыкасын сөз еткенде, бүгін туғанына 120 жыл толып отырған академик Ахмет Жұбановтың есімін айналып өте алмаймыз. Ел ішінде күйші атана жүріп, өзге де аспаптарды игерген оның шығармашылық ғұмыры талай «тар жол, тайғақ кешуден» өткенімен, табанды еңбегінің арқасында қазақ кәсіби музыка мектебінің іргетасын қалап, қазақ оркестрінің уығын шаншыды. Алайда ағасы Құдайберген Жұбанов репрессияға ұшырап, атылып кеткен соң партия идеологтары академикті тезге салуға тырысқан еді. Расында, Ахмет Жұбанов кім еді және оның ұлттық музыка өнерінде атқарған ісі қаншалық бағаланып жүр? Qalam-ға күйші, өнертанушы Жанғали Жүзбай академиктің бізге беймәлім шығармашылық күрес жолы жайында айтып берді.

Мазмұны

Күйші, скрипкашы және музыкаға ынтық бозбала

Азия мен Еуропаны жалғап тұрған Орал тауының оңтүстік сілемінде алыстан мұнартып Мұғалжар тауы жатады. Осы таудың етегіндегі Жұрын жотасы деген қоныста Кіші жүздің Шекті руының жақсысы атанған Жұбан ата бейіті бар. Әрі-бері өткен жолаушы тоқтап, рухына дұға жасамай өтпейді екен. Сол Жұбан атаның бір баласы Қуаннан қазақ музыкасының кәсіби мектебін қалыптастырған әйгілі Ахмет Жұбанов туады.

Қазақстан композиторлары. 1-қатар, солдан оңға қарай: Ахмет Жұбанов, Мариям Ахметова, Евгений Брусиловский, Құдыс Қожамияров, Латиф Хамиди; 2-қатар, солдан оңға қарай: Сыдық Мұхамеджанов, Борис Ерзакович, Бақытжан Байқадамов, Анатолий Бычков. Алматы, 1963 жыл / ЦГА КФДЗ

Болашақ академиктің әкесі Қуан көзі ашық, қадымша да, жәдитше де сауатты кісі болған. Совет адамының сипатына таптық күрес тұрғысынан қарайтын кеңестік құжаттарда Ахметтің әкесі Қуанды «қарапайым шаруа» немесе «шағын дәулеті бар еңбекші» деп жазады. Кезінде Ахмет Қуанұлы шыққан тегі туралы солай жазуға мәжбүр болған секілді, мысалы, өз қолымен жазған орысша өмірбаянында мынадай дерек бар:

«1906 жылы Орал облысының Темір уезі, Темір-Орқаш болысы, Косуак-Там қыстауындағы №8 ауылда (қазіргі Ақтөбе облысы, Темір ауданы) орта шаруаның отбасында дүниеге келдім. Әкем Қуан сауатсыздау болғанымен, хат танитын, қазақша да, орысша да сөйлеп, жаза білуші еді»iА.Жұбанов. Құрастырғандар — Н.С.Кетегенова, А.Қ.Омарова. Алматы: «Өнер», 2006. – 12 б..

Анығында, Қуан «қарапайым шаруа» емес еді, ол дөңгеленген дәулеті бар өз еліндегі елтұтқа азаматтардың бірі болған. Ахметтің өзі толтырған өмірбаянында тағы мынадай жолдар бар:

«Әкем «Қазақ» газетін, «Айқап» журналын, тіпті татар тілінде шығатын «Вакыт» газетін жаздырып алушы еді».

Біз бұдан Қуанның өте білімдар кісі болғанын байқаймыз. Балаларының алды Құдайберген Орынбордағы жоғары дәрежелі Хусаиния медресесін бітіріп, одан әрі оқуын Санкт-Петербург қаласында жалғастырған. Кішісі Ахмет әуелі орыс-қазақ мектептерінде білім алып, кейінірек Құдайберген ағасына еріп, музыканың үлкен мектебін Ресейде бітіреді. Демек, бала Ахмет әкесінің байлығы арқасында таршылық көрмей өскен деуге негіз бар.

Орыс тіліне жетік Қуан өз еліне де, жергілікті болыстық билікке де сөзі жүрген беделді адам еді. Мысалы, ол Темір уезіне бөлінген екі мектептің бірін өз ауылынан ашылуын сұрап жоғарыға хат жазады. Тіпті өтініші қанағаттандырылып, 1913 жылы Ақжарда «Уркачевскиое одноклассное русско-киргизкое училище» ашылады. Бұл аты біржылдық оқу орны болғанымен, оқу мерзімі үш жылға созылатын, әрі оқытылатын барлық пән тек орыс тілінде өтетін.

Ахмет Жұбанов КазЦИК атындағы халық оркестрімен бірге, кейін бұл Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі болып өзгерді. Алматы, 1934 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Болашақ ұлт өнерінің атасы Ахмет Қуанұлының өз қатарының алды болып білім алуы және музыканың алғашқы әліппесін тануы осы мектептен басталған. Алғашқы ұстазы Хұсайын Ашғалиев оған іргелі ғылымды түсіндірумен қатар, музыкалық аспаптарды үйретеді. Ақтөбе өңірі — ежелден күй қонған өлке, бұл жерде қашанда «Алпыс екі Ақжелеңді» толғаған Қазанғап күйшінің даңқы аспандап тұратын. Бала Ахмет бес жасында-ақ Қазанғаптың «Штат» деген күйін тартып, елді тамсандырғаны бар. Қазанғап пен елге танымал басқа да халық күйшілерінің туындыларын Талым атты қарт домбырашыдан үйренеді.

Ол орыс-қырғыз училищесін үздік бітірген соң, 1916 жылы Жұрын станциясындағы екі сыныптық орыс мектебіне оқуға түседі. Оны тамамдаған соң, 1918 жылы Орал қаласындағы реальдық училищеге түсуге ниет етеді. Оған жағдайы да, дайындығы да сай келгенімен, Ресейде патша билігі құлаған соң, азамат соғысы басталып, арманы іске аспай қалады. Сол жылы асқар тау әкесі Қуанның да дәм-тұзы таусылып, ағасы Құдайберген Орынбордағы оқуынан босамайды да, әулеттің бар ауыртпашылығы он үш жасар Ахметтің мойнына артылады.

Құдайберген Жұбанов. 1920 жылдар / ҚР ОМ КФДЖА

Кеңес үкіметі келген соң ол еңбек жолын ауылдық кеңестің хатшысы болып еңбек жолын бастап, 1924 жылы комсомол қатарына өтеді. 1925 жылы Ақтөбе қаласындағы мұғалімдер даярлайтын курсты бітіріп, Ақжар ауылына қайта оралып, ағартушылық қызметке кіріседі. Ұстаздық ете жүріп музыкалық талантын ұштауды ұмытпайды. Бұл кезде «Алпыс екі Ақжелеңді» топқа түсіп тартатындай дүлдүл домбырашы болып қалыптасады және ел арасында «күйші» деген аты тарай бастайды.

Ахмет Жұбанов сол жылдары домбырадан басқа мандолина, скрипка аспаптарын игеріп, өздігінен музыкалық сауат ашқанын айтпасқа болмайды. Ноталық сауат болмаса үлкен арманға қол жетпейтінін түйсініп, Пирожниковтің «Музыкалық сауат», Потоловскийдің «Музыка теориясы» кітаптарын пошта арқылы жаздырып алады. Сол замандары «мылқау киноның» қазақ даласына келе бастаған кезі екен, сөйтіп жүріп киноны бастан-аяқ музыкамен сүйемелдеп отыратын Петр Чернюк атты скрипкашымен танысады. Кәсіби музыка маманымен жақын араласып қана қоймай, скрипка мен сольфеджиодан (нотаға қарап әндету) ақылы дәріс алады.

Чернюк Ахмет Жұбановтың бойындағы дарынын байқаған соң, оған Ленинградқа барып білім алуға кеңес береді. Бұл істің де сәті түсіп, 1929 жылы А.Енукидзе атындағы Шығыс тілдері институтының аспирантурасына түсуге бара жатқан ағасы Құдайбергенге ілесіп Ахмет те оқуға аттанады.

Оркестр дирижері атанған алғашқы қазақ

Ахмет Жұбанов өз естелігінде жазғандай, әуелі Ленинград консерваториясына барады. Композитор Белецкий, профессор Налбандян секілді одаққа әйгілі педагогтар алдында қазақтың «Екі жирен» әнін А.Затаевич жазған нота бойынша скрипкамен орындап береді. Сонда Налбандян:

«Жас жігіт, сіз мына ойыныңызбен ешкімді таңданта алмайсыз, бірақ сіздің есту қабілетіңіз өте жақсы екен, оң қолыңыз да жатық, біз сіз үшін бір ыңғайлы жағдай жасауға тырысамыз» дейді.

Осыдан кейін қабылдау алқасы оны Глинка атындағы музыка техникумына жіберіп, бұл жерде ол Лев Этигон деген соңғы курста оқып жүрген студентке шәкірт атанады. Бірақ оқу ақылы болған соң техникумнан кетіп, консерваторияға қайта келеді де, гобойға (үрлемелі аспап) түсуге өтініш жазады. Емтиханды жақсы тапсырып, консерваторияға оқуға қабылданады. Ахмет Қуанұлы енді толыққанды студент атанып, стипендияға қол жеткізеді.

КСРО Жоғары Кеңесі президиумының төрағасы Михаил Калинин А.Жұбановқа «Құрмет белгісі» орденін табыстаған сәт. Мәскеу, 1938 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Мамандықтан сабақ беретін ұстазы, профессор Федор Ниман жас жігіттің ерекше талантына қайран қалып, сүйікті оқушысына өзінің «Гобойда ойнау мектебі» атты кітабын сыйлайды. Сол кезде Федор Ниман Андреев атындағы орыс оркестрінің жетекшісі еді, сол себепті шәкіртін ертіп апарып оркестр құрамымен, репертуарымен таныстырады. Ахмет Жұбановтың болашақта Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін жасау туралы ойы осы Ленинград қаласында туған болатын.

Консерваторияда гобой аспабымен қатар, музыка тарихы факультетінде де оқиды. Полифония, гармония, аспаптану, музыка тарихы, акустика секілді күрделі пәндерді игеріп, профессорлық құрамның көзіне түседі. 1932 жылы Ленинград консерваториясын (екі мамандықтан) жедел бітіріп, Өнертану академиясының музыка бөлімінің аспирантурасына түседі.

Ахмет Жұбановтың сол кезеңдердегі ұстаздарының кімдер болғанын сараласақ, таңданарлық жағдайларға тап боламыз. Мысалы, қазақ музыкасы туралы алғаш зерттеу жазған ғалым, өнертанушы Б.Асафьев, музыка тарихының білгірлері — З.Эвальд, Е.Гиппиус, Ю.Тюлин, М.Чернов, Р.Грубер, А.Римский-Корсаков сынды педагогтар халықаралық деңгейдегі музыка білгірлері еді. Осындай зиялы ортада білім алған ол ұлт мәдениетін көтеруді өмірінің мұраты деп санады, Ленинградтағы көрген мәдени шараларды қағазға түсіріп, болашақ жоспарларын ойына түйіп жүрді.

Ахмет Жұбанов. 1946 жыл, Алматы / ҚР ОМ КФДЖА

Алайда 1933 жылы Ахмет Жұбанов аспирантурадағы оқуынан академиялық үзіліс алуға мәжбүр болды. Өйткені БК(б)П өлкелік комитетінің мәдени-ағарту бөлімі (Ж.Сәдуақасов) мен Қазақстанның оқу-ағарту министрлігі (С.Меңдешев) оны жаңадан ашылған музыка техникумының жұмысына шұғыл шақыртып алды.

Мәдени майдан: тұңғыш оркестр құру жолындағы жанталас

Ахмет Жұбанов Алматыға келген соң тұңғыш ашылған арнайы музыкалық кәсіби білім беретін техникумда оқу бөлімінің басшылығына тағайындалады, ұйымдастырушылық жұмыстармен қатар, музыкалық-теориялық пәндерден дәріс оқиды. Оқу орнында жүріп аспап жасайтын шеберхана ұйымдастырып, оған ағайынды Борис және Эмануил Романенколарды шақырады. Бұл шеберлер қобыз бен домбыраның оркестрге ыңғайлы жаңа үлгісін жасап шықты. Сонымен бірге Алматыға Е.Г.Брусиловскийді арнайы шақырып, даңқты композитор алғашқы қазақ операсы «Қыз Жібекті» жазады.

Бірақ бір сәтке тыным таппаған ол түрлі ұйымдастырушылық жұмыстан бөлек, домбыра оркестрін құруды көздейді. Бұл үшін аспаптарды жетілдіру, ноталық сауаты бар жастарды тәрбиелеу секілді күрделі істерді жүзеге асыру қажет. Оның қажырлы еңбегінің арқасында 1933 жылы тұңғыш рет 17 адамнан тұратын Қазақ халық аспаптары оркестрі құрылады. 1934 жылы Қазақ оркестрі Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының слетінде алғаш рет өнер көрсетеді де, көп ұзамай ҚазЦИК атындағы ұлттық оркестр болып қайта жасақталды. 1944 жылы оркестрге Құрманғазы Сағырбайұлының аты беріледі.

Нұрсұлу Тапалова және Алмас Бекбосынов — Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әртістері. Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсы. Алматы, 1947 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Құрманғазы атындағы қазақ оркестрінің құрылуы ұлт өнері тарихындағы үлкен оқиғаға баланды. Алайда Ленинградта жүргенде орыс халық аспаптары оркестрінің үлгісін көрген ол қазақ оркестрін жасақтағанда басқаша жолды таңдады. Мысалы, гудок сияқты ыспалы аспаптары бола тұра орыс оркестрлерінде осы аттас топ болған емес. Ахмет Қуанұлы қазақ оркестріне қобыз аспабын енгізу арқылы ұлттық колоритті сақтады. Домбыраның алты түрін (прима, секунда, альт, тенор, бас, контрабас) жасатып, оркестр тембрін байытты. Бұлардың арасына сырнай аспабы қосылған соң оркестрдің орындаушылық мүмкіндігі тіпті кемелденіп кетті. Оркестрді дәл осылай ұлттық реңкке сай жасақтау шынында өте сәтті шыққан жоба болды. Ең басты табысы — қазақ күйлері табиғи қалпынан ажырамай, қобыз бен домбыраның қосақталған үні Мәскеудегі қазақ өнерінің декадасында бүкіл одақтағы зиялыларды таң-тамаша еткені бар.

Өкінішке қарай, тұңғыш оркестр қазақ үшін мақтанышқа айналғанымен, бұл партия идеологтарына ұнай қоймады. Бұрын қазақ фольклорын тек камералық мәдениетке пайдаланатын материал қоры деп қарап келгендер қарсы пікірлер айтты. Әсіресе А.В.Затаевич, Е.Г.Брусиловский секілді қанаттас әріптестері тікелей болмаса да, жанама пікірлері арқылы қазақ күйлерінің оркестрлік бейнесін көпке дейін қабылдай алмады. Олардың уәжі — қазақтың ән-күйі симфониялық яки камералық ұжымдармен орындалса ғана бағы ашылмақ...

Қазақстан композиторлары. Солдан оңға қарай: Ахмет Жұбанов, Григорий Столяров, Латиф Хамиди. Алматы, 1947 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Ахмет Жұбанов болса олардың мұз боп қатқан көңілін Батыс Еуропа мен орыс композиторларының шағын шығармаларын ұлттық оркестрге орындату арқылы жібітті. Бір қызығы, қарсыластары «бірде тату, бірде қату» болса да, олардың жеке басы мен шығармашылығы туралы Ахмет Қуанұлы бір де бір теріс пікір айтқан емес. Керісінше, олардың тың еңбектерін әр жазған мақаласында ерекше атап өтіп, мерейтойлық баяндамаларына қосып мақтап жүретін.

Қуғынмен өткен өмір

20-ғасырда қазақ халқы нәубет пен зобалаңды көп көрді: Қазан төңкерісі, азамат соғысы, ашаршылық, репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс, одан кейінгі «ұлтшылдарды» қудалау саясаты. Ахмет Қуанұлы да осынау науқандардан көп зардап шекті. 1938 жылы 19 қарашада Құдайберген Жұбанов атылған соң, нақты қудалау басталды. Оның ағасы қазақ тіл білімінің негізін қалаған тұңғыш профессор, түркітанушы, лингвист ғалым еді. «Халық жауының» інісі ретінде Ахмет Жұбанов опера театрының дирижерлігінен қуылды, тіпті сол жылы өз қолымен құрған ұлт аспаптар оркестрінен аластатылды.

Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі: Ахмет Жұбанов (1-қатар, солдан екінші), сол жағында Гүлнафис Баязитова, оң жағында Жаппас Қаламбаев; 2-қатар: Нұрғиса Тілендиев (сол жақта), Ахмет Жұбановтың артындағы қобызшы Фатима Балғаева. Алматы, 1953 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Жеке басы ғайыптан тайып абақтыдан аман қалғанымен, жазған шығармалары, ғылыми еңбектері цензура табанының астында қалды. Әсіресе ұлт өнері жайындағы танымдық очерктерінің жариялануына тыйым салынды.

1950 жылы Ахмет Жұбановты қазақ музыкасының тарихын жазғаны үшін жаппай қаралау науқаны басталды. 1951 жылы «Советская музыка» журналының 12-нөміріне шыққан «Выкорчевать до конца остатки буржуазного национализма» атты редакциялық мақалада былай жазылды:

«Осы нөмірде қазақ музыкатанушысы А.Жұбановтың қызметіндегі ұлтшылдық бұрмалаулар туралы материалдар жарияланып отыр. Оның қазақ халық музыкасының тарихына арналған кітабы ашық түрде реакциялық әрі зиянды идеяларға толы. Мұндай кітап тек жергілікті сынның шіріген бейғамдығының нәтижесінде, А.Жұбановтың бүкіл қызметіне сын көзбен қарамау атмосферасында ғана пайда болуы мүмкін еді. Ол республикадағы музыкалық ұйымдарда бірқатар басшылық қызметтерді атқарып, жас музыкант кадрларының өсуіне кедергі келтірді»iА.Жұбанов. Құрастырғандар — Н.С.Кетегенова, А.Қ.Омарова. Алматы: «Өнер», 2006. – 37 б..

Бұл мақала шыққан соң Қазақстанның орталық комитетінде екі күн бойы оның тағдыры талқыланды. Сол кезде Ахмет Жұбановпен бірге жазушы Мұхтар Әуезов пен тарихшы Ермұхан Бекмахановтың басы дауға қалып жатқан. 1951 жылдың 28 қыркүйегінде «Казахстанская правда» газетіне шыққан «О неправильном направлении в музыковедении Казахстана» атты мақалада Ахмет Жұбановтың «Қазақтың халық композиторлары» атты кітабы (оқу құралы) «буржуазиялық-ұлтшыл рухта жазылған» деп сыналды.

Ахмет Жұбанов. Алматы, 1967 жыл /ҚР ОМ КФДЖА

Бұл даудан кейін Ахмет Жұбанов консерватория ректоры қызметінен кетіп, партия қатарынан шығарылды. Қазақстан Ғылым академиясындағы және басқа да қоғамдық ұйымдардағы жетекшілік қызметтерінен айырылды. Қуғынның арты абақтымен бітетінін сезген Ахмет Қуанұлы астыртын Мәскеуге кетуге бел байлайды. КСРО Композиторлар одағының мүшесі болғандықтан, оған Мәскеудегі әріптестері қол ұшын беріп, мүмкіндігінше көмек жасайды. Сөйтіп, Мәскеу түбіндегі Композиторлар үйінде шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік алады. Біле білсек, оның «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» секілді атақты монографиялары осы сапарда жазылған. Бұдан басқа, аспаптық музыка жанрындағы шығармаларын, оркестрлік туындыларын қуғында жүрген уақытында қағаз бетіне түсірді. Қысқасы, қазақ ұлт өнерінің қайраткері үш жыл еркінен тыс Ресейде тұруға мәжбүр болды. Осы кезең академиктің өмірбаянында «ғылыми-шығармашылық іссапарға кетуіне байланысты ректорлық қызметтен босады» деп берілген. Елге тек 1953 жылы оралды, бұл кезде саяси қуғынның ызғары саябырлаған еді.

Алайда Ахмет Жұбановты қуғындау осымен аяқталған жоқ. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің декадасында ол осы шараның жетекшісі болған еді. Декада өткен соң Ахмет Жұбановқа қайтадан «ұлтшыл» деген жала жабылып, әріптестері тарапынан теріс пиғылдағы мақалалар қарша борады. Олар орталық комитетке «Декада бағдарламасына Глинканың «Руслан мен Людмила» операсын Жұбанов әдейі кіргізбеді, бұл ұлтшылдықтың белгісі» деген екен. Шындығында, бұл операны декадаға барар алдында арнайы құрылған комиссия «қойылым деңгейі төмен» деп өткізбей қойған. Сондықтан Ахмет Жұбановтың бұл іске мүлде қатысы жоқ еді. Ал арызданушылардың айта алмай отырғаны — декада аясында Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрінің Мәскеуде көрген қошеметі еді. Себебі декада біткенше тыңдарман қауымның бар ықыласы оркестрге ауған болатын. Он бес республиканың зиялылары жиналған Мәскеудің концерт залында көрермендер Құрманғазының «Сарыарқасын» бірнеше рет қайталап орындатып, «Авторға қошемет! Автор сахнаға шықсын!» деп ұзақ қол соққан аңызға бергісіз оқиға осы жолы болған еді. Беделді газеттер де қазақ оркестрі туралы мақалаларды үсті-үстіне жариялап жатады. Осының бәрі қасында жүрген «ұлыдержавалық» сезіммен өскен әріптестеріне, жергілікті болса да «өз өнерін қор, жат өнерін зор» көретін белсенділерге ұнамаса керек. Олардың ойынша, қазақ фольклоры классикалық музыкадан аспауы керек. Бірақ даудың соңы ұзаққа созылғанымен, Ахметтің әрекетінен еш нәрсе таба алмайды.

Ахмет Жұбанов әріптестері мен достары ортасында. Алматы, 1958 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Дегенмен мұндай теперіштің бәрі жинала келе денсаулығына зиянын тигізді. Қудалау, аңдуға еті үйренген Ахмет Қуанұлының жанына батқаны — өзінің әріптестері мен шәкірттерінің арыз жазғаны, сенген адамдарының сатып кеткені. Оның тағдырындағы сүргін өмірінің соңына дейін толастамады.

Ахмет Жұбанов төсек тартып ауырып жатқанда қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы көңілін сұрауға барған екен, сол естелігінде ұлы композитормен бақұлдасқанын былай деп жазады:

— Әй, Бауке, орал, — деді. Қасына келдім. Ұзақ тесіліп қарады. —  Бір-ақ сұрағым бар, — деді әлден соң.

— Айтыңыз, Аха, айтыңыз.

— Басымда боласың ба, болмайсың ба, шыныңды айт, — деді.

— Аха, асықпаңыз, асықпаңыз, — деппін. Аузыма түскен сөз сол болыпты, Ахаң тағы да тесіле қарады да:

— Бауке, — деді, — мен асығып жатқан жоқпын, мені мына ауру асықтырып жатыр. Соны түсініңіз...iА.Жұбанов. Құрастырғандар — Н.С.Кетегенова, А.Қ.Омарова. Алматы: «Өнер», 2006. – 110 б.

Бауыржан Момышұлы осы естелігінде Ахмет Жұбановтың жаназасында табытын көтеруші топтың консерватория ғимараты қасынан өткенін, консерватория терезелерінен азалы музыка шығып, қазақтың үлкен жүректі тұлғасын жоқтағандай сай-сүйекті сырқыратқанын жазады.

Ермек Серкебаев Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы Абай рөлінде. Алматы, 1960 жыл / ҚР ОМ КФДЖА

Әр дәуірдің басында өз ұлтының бағына туған ұлы перзенттері болады. Академик Ахмет Жұбанов қазақ руханиятын дүние жүзіне танытқан, мәдениетін қалыптастырған, сол жолда жанын пида еткен дара қайраткер еді. Оның «тар жол тайғақ кеше жүріп» қалдырған мұрасы, рухани аманаты күмбірлеген күй, әуелеген әуен боп әрдайым құлағымыздың түбінен естіліп тұрары хақ.

Көшірілді