Ұлы Тұран және ислам

Түркілердің мұсылман атанғаны хақында

~ 3 мин оқу

«Бәһрам Чубин мен Сава кағанның шайқасы» миниатюрасы. Фирдоуси «Шахнамасының» қолжазбасынан. Шираз, шамамен 1560 жыл / Los Angeles County Museum of Art (LACMA) / Wikimedia Commons

Түркі академиясының сарапшысы Тимур Козырев түркілердің шығу тегі, исламның рөлі, Тұран идеясы және кеңес дәуіріндегі түркі болмысымен күрес туралы айтып береді.

Тарихи-саяси идея түріндегі «Тұран»

«Тұран» терминнің өзі байырғы иран мифологиясынан тарайды. Оған сәйкес, Иран және Тұран деген екі кеңістік бар: алғашқысы — отырықшы оңтүстік, кейінгісі — көшпелі солтүстік. Екеуі де әлдебір бөгде тілді халықтардың мекені саналады. Қалай болғанда да, қазір Тұран дегенде, ойға бірден Орталық Азия оралады».

 

«Әмір Темір мемлекетін Тұран, ал өзін «Тұранның әмірі», яғни билеушісі деп атады. Сол заманда-ақ ол Тұранды түркілердің мемлекеті деп қабылдады».

Әмір Темірдің ең көне портреттерінің бірі. «Тұран-Моңғол шежіресі». Самарқан, шамамен 1405–1409 жж. / Topkapi Palace Museum / Wikimedia Commons

«Қазір талқыланып жүрген Тұран идеясы  — салыстырмалы түрде алғанда жас идея. Ол 19-ғасырдың соңында ұлттардың бас көтеруі, ұлтшылдықтың артуы, сол кездегі бодан халықтардың алдында тұрған сын-тегеурін секілді әлемдік деңгейдегі оқиғаларға байланысты туған болатын».

Түркілердің шығу тегі

«Ең алғашқы түркі халықтары туралы сөз қозғағанда, біреулер байырғы Шумерді еске алады, екіншілер скиф, сақ, ғұндар жайлы айтады. Бәлкім, бұл түркітілдес те, ирантілдес те, өзге де топтардан құралған гетерогенді масса болуы мүмкін».

 

«6-ғасырда құрылған  Түркі қағанаты түркі мемлекеті болғаны анық. Түркі тіліндегі еш күмән тудырмайтын жазба ескерткіштер бар. Әрине, түркі тіліндегі бұдан да ертеректе жасалған жәдігерлер кездеседі. Мәселен, оны брахми, соғды жазбаларынан ұшырастыра аламыз. Бірақ бірегей түркі жазбасы дәл осы кезеңде қалыптасты».

Махмұд әл-Қашқаридың түркі халықтары картасы. «Диуани луғат ат-түрік» кітабынан. 11-ғасыр / Wikimedia Commons

«Ең кең тараған нұсқаға сәйкес, этимологиялық тұрғыдан алғанда «түркі» сөзі «тәртіп, заң, билік» дегенді білдіреді. Қазіргі заманауи қабылдаудағы, яғни түркітілдес туыс халықтар тобының ұғымына сәйкес «түркі» түсінігі Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» деген еңбегінде алғаш рет анық көрсетілген.

Ислам және мәдени болмыстың қалыптасуы

«Мәдени тұрғыдан қарастырғанда, заманауи мағынадағы «түркі» концепті — мұсылман мәдениетінің, мұсылман өркениетінің нәтижесі».

Рай қаласындағы уағыз. «Мақамат әл-Харари» қолжазбасы, 21-мақама, 58v–59r-беттер (екі беттің көрінісі). 1237 жыл / Bibliothèque nationale de France

«Түркі халықтары ислам дінін әрдайым ерікті түрде қабылдап отырды. Исламның Орталық Азияға тарауы мәдени және сауда байланыстар, миссионерлік қызмет арқылы жүзеге асты. Ерте ме, кеш пе, түркі мемлекеттерінің билеушілері «болашақ осы дінде» деген оймен исламға мойынсұнды. Оның артында шын сенім де, жағдайға таза прагматикалық тұрғыдан қарау да тұрған болуы керек».

 

«Жошының өзі мұсылмандарға жылы қабақ танытты. Ол ат үстінде жүріп әлемді жаулап алуға болатынын, бірақ ат үстінде отырып басқара алмайтынын түсінді. Мемлекет құрғың келсе, бәрібір қалаларға арқа сүйейсің. Ал қалалар мұсылмандарға тиесілі еді. Сондықтан оларға исламға қарсы келу стратегиялық тұрғыдан қате болар еді».

Сайф әл-Уаһиди және басқалар. Моңғолдардың Бағдадты қоршауы. Шамамен 1430–1434 / Bibliothèque nationale de France / Wikimedia Commons

«Орта ғасырлардағы атақты тарихшы Жүзжани еңбектерінің бірінде бірқатар сенімді адамның айтуынша, Батудың жасырын түрде мұсылман болғанын жазады. Мұны біз түрлі нұсқаның бірі ретінде қарастыра аламыз. Ресми түсіндірме, әрине, басқаша өрбиді. Бірақ Бату жасырын мұсылман болды деген сөз шындыққа сай келмеген күннің өзінде, мұндай әңгіменің тарауы бұл билеушінің өз заманында исламның стратегиялық рөлін түсінгенін айғақтап тұр».

Түркілерге ортақ мәдени кеңістік

«Осман империясы мен Сефевилік Иранды есепке алмасақ, Еділ маңынан бастап бүкіл Орталық Азияны жайлаған түркі әлемі бастан-аяқ шағатай тілін пайдаланды. Ол 19-ғасырдың соңына дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл кезеңде қазақ, татар, өзбек секілді ұлт тілдері қарқынды дами бастаған болатын, алайда шағатай тілі мен оның элементтері қолданыстан шықпады».

Түркі жазба мұрасының ең көне үлгілерінің бірі – Күлшора жазуы. 8-ғасырдың басы / Ebiztir / Wikimedia Commons

«Қоғамның білімді азаматтары бәріне ортақ мәдени-тілдік және рухани кеңістікте өмір сүрді. Сауатты адамдар бір-бірінің шығармасын белгілі бір дәрежеде еркін оқып, түсініп, баршаға белгілі ұғымдарды пайдаланды».

КСРО неге түркі тақырыбына тыйым салды?

«Отызыншы жылдары ұлт зиялыларының ғана емес, кеңес билігіне адал қызмет еткен түркітанушылардың да көзін жойып жіберді. Бұлар әліппе құрастырған, грамматиканы жүйелеген адамдар еді. Қандай да бір пантүркілік ниет танытпаған болатын. Алайда кеңес билігі түркологтарды құрту туралы шешім қабылдады. Себебі, басқаны айтпағанда, бұл ғылым атауының өзі «түркі» деген ұғымның барын, заңды екенін білдіріп тұрды. Кейін түркология ғылымы тек 1960 жылдары ғана қайта жанданды».

Қазіргі Тұран

«Түркі әлемі — тек түркі халықтарын ғана қамтымайтын аса ауқымды тарихи-мәдени түсінік. Бұған қатысы бар дүниенің бәрі — түркі әлемі. Мәселен, Пәкістан ресми түрде түркі мемлекеті емес, бірақ тарихи тұрғыдан алып қарағанда, түркі әлеміне кіреді».

Исмаил Гаспринский. Қырым татарларынан шыққан ағартушы, баспагер, жәдидшілдік пен пантүркіліктің негізін қалаушылардың бірі. Ресей империясындағы мұсылман зиялыларының көрнекті өкілі. Георгий Шамхаров фотосуреті. Баку, 1894 жыл / Әзербайжан қолжазбалар институты / Wikimedia Commons

«Әрине, Ресей, Қытай, Иран секілді ірі мемлекеттердің құрамына кіретін түркі халықтары бар. Меніңше, оларға түркі әлемі мен осы елдер арасындағы көпір ретінде қарау керек, яғни екі тарапты бір-біріне қарсы қоймай, керісінше конструктивті шаралар болғаны жөн».

 

«Мынадай маңызды дүние бар. Түркі мемлекеттерінің ұйымында барлық тарап тең құқылы. Кейде бұл серіктестікті расымен баяулатуы мүмкін. Екінші жағынан, «асықпаған арбамен қоян алады» дейді. Еуропалық одақтың құрылуына қанша уақыт кеткенін білеміз. Бірақ осыған, процестің ұзаққа созылғанына қарамастан, бәрібір жұмыс істеп тұрған дүние пайда болды. Себебі Еуропалық одақта институционалды тұрғыдан болса да, әйтеуір бір тең құқылық бар. Иә, іс жүзінде мемлекеттер ешқашан тең болмайды, бірақ институционалды тең құқылық, құқық кепілдігі бар. Солай болуы керек».

Тимур Козырев берген сұхбаттың толық нұсқасын біздің Qalam History атты YouTube-арнамыздан қарай аласыз.

Көшірілді