Ұлықбек және астрономия

Біздің аймақ қалай жаһандық зерттеу орталығына айналды

~ 8 мин оқу

Белгісіз суретші. Ұлықбек гарем ханымдарының және нөкерлерінің ортасында. 1425-1450 жж. Өзбекстан / National Museum of Asian Art

Қазіргі ғылым адамзаттың ғылыми жаңалықтарын ең әуелі Батыс мектебінің жетістігі деп таныстырып келеді. Тарихи тұрғыда бұл солай қалыптасып кеткен. Бірақ сол жаңалықтың кейбірі көбіне әлемнің басқа бөлігінде әлдеқашан белгілі болған дүниелер еді. Мысалы, әлемнің гелиоцентрлік бейнесінің авторы саналатын Коперниктен бұрын парсы, араб және үнді ғалымдары Жер қозғалмайды, оны айнала Күн қозғалады дейтін көзқарасқа балама теорияларды ұсынып үлгерген. Ортағасырларда аспан денелерін зерттеу ісінде біздің аймақтың орны ерекше болғаны да тарихи факт. Қазақстандағы Ғылым күні мерекесінің қарсаңында Qalam Ұлықбектің айрықша ғылыми жаңалығы жайында сөз қозғап, оның қалай жүзеге асқанын тарқатып айтуды жөн көрді.

Мазмұны

Ұлықбек кім болған?

Ұлықбек — Темір әулеті империясының болашақ билеушісі Шаһрухтың үлкен ұлы, Әмір Темірдің немересі. Ол 1394 жылы, атасы Иранның солтүстігіне қызу жорық жүргізіп жатқан кезде Сұлтания шаһарында дүниеге келді. Төрт жасынан бастап-ақ Ұлықбек Темірдің Кабулға дейінгі әскери экспедициясына қатысып, кейін бұл сапар Делиді бағындырумен аяқталды. Көп ұзамай жас ханзада тағы бір әскери жорыққа қатысты — бұл жолы батысқа бет алды. Ол кезде, яғни 1402 жылы ұлы әміршінің әскері Анкара түбінде Осман сұлтаны І Баязидті ойсырата жеңді.

Обсерваториядағы Ұлықбек. Ұлықбек мұражайы, Самарқан. Заманауи суреті / Alamy

Қытайға жоспарланған жорық алдында Темір немерелерінің үйлену тойын сән-салтанатпен жасайды. Он жастағы Ұлықбек тек некеге тұрып қана қоймай, сөз жүзінде Моғолстанның бір бөлігі — Тянь-Шань таулары мен қазіргі Шыңжаңның солтүстік-батыс өңірлерін қамтитын аймақтың билеушісі болып тағайындалды. Дегенмен бұл жерлерді әлі жаулап алу қажет еді. 1403–1404 жылдары Әмір Темір сарайына келген испан елшісі Руи Гонсалес де Клавихо көрген жан, сірә, осы Ұлықбек болса керек.

1405 жылы Әмір Темір дүниеден озған соң, оның Қытайға жорығын қоса алғанда, орасан зор жоспары жүзеге аспай қалды. Империяда билік үшін ішкі қырқыс басталып, тақ таласына жап-жас Ұлықбек те тартылды. Шаһрух Мәуреннахрда билікті қалпына келтірген соң, ол Ұлықбекті осы аймақтың әмірі етіп тағайындады. 1411 жылдан бастап Ұлықбек Самарқанды іс жүзінде өзі басқара бастады, әйтсе де Гератта отырып бүкіл империяның ресми билігін уысында ұстайтын әкесіне бағынышты еді. Тек 1447 жылы Шаһрух қайтыс болғаннан кейін Ұлықбек жоғарғы билікке қол жеткізді, дегенмен бұл да ұзаққа созылмады. 1449 жылы тақтан тайдырылып, өлім жазасына кесілді.

Нәсір әд-Дин әт-Тусидің Марағадағы обсерваториясын бейнелейтін 15 ғасырдағы парсы қолжазбасы / Google Arts and Culture

Оның әскери жетістіктері де баршылық, мысалы, 1420-жылдардың ортасында Қашғарды қоса алғанда Моғолстанның бір бөлігін уақытша иеленді. Дегенмен күн өткен сайын оның ғылымға аңсары ауып, өнерді қолдауға көбірек ден қойды. 1417–1420 жылдар аралығында ол Регистан алаңына осы күнге дейін интеллектуал мұрасының символы саналатын әйгілі медресені салғызды.

Медресе құрылысы бейнеленген миниатюра. Ұлықбек обсерваториясының мұражайы, Самарқан / Getty Images.

Дәстүрді жалғаушы

Деректерде Ұлықбектің ғылымға қашан және кімнің ықпалымен қызыға бастағаны нақты айтылмайды. Әжесі Сарай-Мүлк ханымның тәрбиесі, не атасы Темірдің ықпалы әсер еткен болуы екіталай. Сондай-ақ, әмір Шах-Мәликтің қамқорлығында жүрген кезде де ғылыми біліммен айналысу мүмкін болмағанға ұқсайды. Балалық шағы мен жас кезінде Ұлықбек Темір әулетінің басқа мүшелерінен айрықша дараланбаған сияқты. Ғылымға деген шынайы әуестігі, шамасы, оны Мәуреннахр билеушісі етіп тағайындағаннан кейін ғана қалыптаса бастаған.

Низам әд-Дин Хасан бин Құсайын Құми Нишапури. Нәсір ад-Дин Туси жазған «Астрономикалық естеліктеріне» (ат-Тазкира фи 'ильм әл-һайа) түсіндірме (шамамен 1247 жыл). 1490 жылдың желтоқсаны. Тимуридтік Иран / Christie’s

Оған, бәлкім, атасы Темір Самарқанға қоныстандырған парсы мәдениетінің өкілдері әсер еткен болар — олардың бір бөлігі Ұлықбек билік құрған тұста әлі де сонда өмір сүріп жатты. Сол кезеңде Самарқанда Орталық Азия тарихына арналған тамаша еңбек жазған тарихшы Хафизи Абру, танымал дәрігер Мавлоно Нафис, Сираж әд-Дин Самарқани, Саққаки, Лұтфи, Бадахши және тағы басқа ақындар өмір сүрді. Әрине, астрономиялық кестелер (зиж) жасаған, әрі сөзсіз Ұлықбекке ықпал еткен астроном әрі математик Гияс әд-дин Жәмшидті де атап өткен жөн.

Биһзад. «Сұлтан Құсайынның Зафарнамасындағы» (немесе «Гарретт Зафарнамасы») тимуридтік миниатюра. 1467-1468 жж., көркемделуі шамамен 1480 жылдар. Самарқандағы үлкен мешіттің құрылысы / John Work Garrett Library, Johns Hopkins University

Қалай болғанда да, Ұлықбек сөзсіз дарынды тұлға, дегенмен ол өз дәуірінің жемісі екенін ұмытпайық. Өйткені оның артында орасан зор ғылыми дәстүр тұрды. Десе де, білімге деген құштарлығына байланысты Ұлықбекті ислам Алтын ғасырының соңғы жарқын жұлдыздарының бірі деп атайды. Алайда бұл пікірмен бәрі бірдей келісе бермейді. Ұлықбек салдырған Бұхара медресесінің қақпасына мына хадистің бедерленіп жазылғаны да бекер болмаса керек:

«Білімге ұмтылу әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз».

Расында, ғылымды, әсіресе нақты ғылымдарды қолдау ортағасырлық мұсылман әлемінде мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі болды. 9-ғасырда халиф әл-Мәмун Бағдатта «Даналық үйі» (Бәйт әл-Хикма) деп аталатын аударма және зерттеу орталығын құрды. Ол жерде өз дәуірінің ең көрнекті ойшылдары еңбек етті.

Бағдаттағы Даналық үйі — 9 ғасырда әл-Мамұн халиф негізін қалаған академия / Alamy

Дәл осы орталықта Мұхаммед әл-Хорезми алгебраның негізін қалап, есімі алгоритм ұғымына айналса, Ибн әл-Хайсам оптика заңдарын ашып, камера-обскураның жұмыс принципін еуропалықтардан 600 жыл бұрын сипаттап берген еді. Ағайынды Бану Мұсалар екеуі су механизміне негізделген автомат құрылғылар жасап, механика заңы жайында жазса, Сәбит ибн Қурра геометрия мен қозғалыс теориясын зерттеді.

Бүгінгі күні қолданып жүрген көптеген ғылыми ұғым — «алгебра», «алгоритм», «азимут», «зенит», «альманах» еуропа тілдеріне араб тілінен енген.

Айтпақшы, Бағдаттағы ғылыми орталықта еңбек еткен көрнекті ғалымдардың көбі Орталық Азиядан шыққан. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлықбек аймақтық мұраның ізашары болып еді.

Алайда мұсылман ғылымы тұйық жүйе емес, жаһандық ғылымның бір бөлігі болғанын ұмытпайық. Ол сөзсіз ежелгі грек ғалымдары — Сократ, Платон, Аристотель және Птолемей еңбектерінің аудармаларына сүйенді. Бұл аудармалармен көбіне сириялық христиандар айналысқан. Ал ежелгі грек мәтіндерінің басты қайнар көзі — антикалық мұраны мұқият сақтап қалған Византия болатын. Ең құнды қолжазбаларды халиф әл-Мамун дәл осы Константинопольден сатып алған.

Аббас халифы әл-Мамунның Византия императоры Феофилге елші жіберуі. 13-ғасыр / Library of Congress

Бағдатқа грек-византиялық еңбектермен қатар Қытай мен Үндістаннан да ғылыми еңбектер жеткізіліп отырды. 9-ғасырдан кейін де мұсылман ғылымы өз ішінде тұйықталып қалған жоқ — ислам әлемінің көрнекті ғалымдарының бәрі дерлік бірнеше тілді меңгерген еді (араб тілінен бөлек, көбіне парсы, грек және сирия тілдерін білді). Бұл тұрғыда Ұлықбек дара құбылыс емес.

Географиялық карта. Ұлықбек құрастырған болуы мүмкін. Тарихшы Мутриби Самарқанидің 1605 жылғы «Тазкират-уш-шуаро» атты қолжазбасынан алынған. Өзбекстан Ғылым академиясы Шығыстану институтының қорында сақталып тұр / Getty Images

Ұлықбек обсерваториясы

Самарқан обсерваториясының құрылысы шамамен 1420 жылы басталды. Қаланың солтүстігіндегі Куҳак төбесінде бой көтерген бұл обсерватория сол дәуірдегі ең ірі астрономиялық құрылыс саналды. Үш қабатты, дөңгелек пішінді ғимараттың басты құралы — ғимарат құрылымына кіріктіріле салынған алып секстант: доғаның бір жартысы төбедегі орға тереңдетіліп салынса, екінші жартысы жер бетіне шығып тұрған. Доғаның радиусы шамамен 40 метрге тең, бұл астрономиялық өлшемдерді аса жоғары дәлдікпен бақылауға мүмкіндік беретін. Доға беті мәрмәрмен қапталып, оған градустық белгілер бедерленген, сол бойынша визирлік құрылғылар қозғалатын. Аспан денелерінің қозғалысын нақты бақылау үшін қосымша құралдар қолданылған, оның ішінде күн сағаттары мен астролябия бар.

Ұлықбек обсерваториясындағы жерасты квадрантының (немесе секстанттың) сақталған бөлігі. Самарқан, Өзбекстан, 1420 жылдар / Alamy​

Ұлықбектің астрономияға деген қызығушылығы кездейсоқ емес. Мұсылмандар үшін астрономия тек теориялық қана емес, күнделікті өмірде маңызды рөл атқаратын. Ол намаз уақытын дәл белгілеу, құбыланы анықтау, Рамазан айындағы оразаның басталуы мен аяқталуын айқындау, сондай-ақ ай мен күн циклдарына негізделген күнтізбе құрастыру үшін қажет болды. Осындай практикалық қажеттіліктер бақылауға құрылған астрономияның дамуына, құралдар мен есептік кестелердің жетілуіне ықпал етті. Зиж деп аталатын астрономиялық кестелерді бірнеше астроном ұрпақ жүйелі түрде жасап отырды. Зиждерде әдетте жазықтыққа және сфералық тригонометрияға арналған тараулар да болды.

Низамуддин ән-Найсабури. Насир ад-дин Тусидің Илхан зижіне (Zij-i Ilkhani) жазған түсіндірмесінен бір бет. Әмір Темір дәуіріндегі Иран, 1432 жыл, қараша / Christies

Онда тригонометрия функциялардың кестелерімен қатар, аталған функциялар арасындағы негізгі қатынас түрлері жазылатын. Сондықтан зиж кестелері тригонометрия оқулығы есебінде де қолданылған. Ұлықбек өзінің ғылым жолындағы әріптесі — самарқандық астроном әрі математик Ғияс әд-дин Жәмшид ибн Масуд әл-Кашиді (немесе жай ғана әл-Каши) аға тұтқан. Әл-Каши құрастырған «Хақан зижі» (1414) Ұлықбектің зерттеулеріне зор ықпал етті.

Әл-Кашидің «әл-Рисала әл-Камалия» қолжазбасы. Көшірме Сафави дәуіріндегі Иранда жасалған, 1520 ж. 26 маусым / Christies

Астрологияға келер болсақ, түрлі дауларға қарамастан саяси және медицина практикасында елеулі рөл атқарды: жұлдыздарға қарап билеушілерге жұлдыз жорамал жасалды, шайқастарға, үйлену тойларына және құрылыс жұмыстарына қолайлы күндер таңдалды, сырқаттарды емдеу кезінде де кеңес ретінде қолданылды. Осылайша бұл екі ғылым саласы — астрономия мен астрология мұсылман қоғамының діни, әкімшілік және күнделікті өміріне дендеп енді.

«Ескендірдің дүниеге келуі кітабындағы» жұлдызнама. 25 сәуір 1384 жыл. Темір әулеті / Wellcome Images

Мұнда монғолдардың ықпалы да маңызды рөл ойнады. Мұсылмандар сияқты оларға да жұлдыздарды бақылау және жұлдызнамалық болжамдарға сүйену — рухани тәжірибенің күнделікті бөлігі саналған. Монғол империясының әр бұрышында Шыңғысханның тақ мұрагерлері 13-ғасырда бірқатар астрономиялық зерттеу орталықтарын құрды. Шыңғысханның немересі және Юань династиясының негізін қалаушы — Құбылай астанасы Ханбалықта жергілікті және мұсылман ғалымдары, соның ішінде ұлы астроном әл-Бухари еңбек еткен обсерватория салдырды.

Бейжің обсерваториясы. 1697-1782 жж. / Library of Congress

1267 жылы дәл осы әл-Бұхари Құбылайдың зертханасына алғашқы астрономиялық құралдар — парсы астролябиясын, глобус пен армиллярлық сфераны жеткізді деп есептеледі. Сол кезеңде моңғол Ираны — Илханатта, оның ағасы Құлағу Насир әд-дин әт-Туси басшылық еткен Мерага обсерваториясын құрды. Бұл мекеме ислам әлеміндегі сол дәуірдің ең ірі ғылыми орталығына айналды. Ұлықбек бала кезінде осы ұлы обсерваторияның Мерагадағы қирандыларын көруі мүмкін деген де жорамал бар. Бұл рас па, жоқ па, біз нақты білмейміз. Алайда әт-Тусидің мұрасы әл-Кашидің еңбектері арқылы Ұлықбекке жетіп, ықпал еткені анық.

Әт-Туси және оның әріптестері Мерага обсерваториясында «Зиж-и Илханиді» жазу барысында. Шамамен 13-ғасырдың ортасы / Alamy

Самарқан жобасы

Ұлықбек дәуірінде Самарқан нағыз ғылыми орталыққа айналды. Біз бұған дейін обсерваториядағы құралдарды құрастырып, оның алғашқы басшысы болған әл-Каши туралы атап өттік. Ол Осман империясындағы Бурса қаласынан шыққан тағы бір астроном Қазизаде әр-Румимен бірге Ұлықбектің ғылыми еңбектерін жазған авторлардың бірі болды. Зерттеу институтында міндетті түрде кітапхана мен университет болуы тиіс еді. Кітапхана біздің заманға дейін жетпегенімен, күні бүгінге дейін сақталған Регистан алаңындағы медресе университет қызметін атқарған. Айта кету керек, Ұлықбектің ғылыми орталығында жұмыс істеген ғалымдардың тек бірнешеуінің ғана есімдері бізге белгілі. Алайда замандастарының сөзінше, бұл мекемеде жүздеген адам еңбек еткен.

Ұлықбек обсерваториясы. Өзбекстан, Самарқан / Giovanni Mereghetti / UCG / Universal Images Group via Getty Images

Әл-Кашидің әкесіне жазған хаттарының бірі сол дәуірдегі Самарқанның интеллектуал атмосферасына айғақ бола алады. Хатта ол әріптестерімен бірге шешімін іздеп жатқан астрологиялық есептер турасында, обсерваторияның құрылымы мен жазық төбесі жайында баяндайды. Айтуынша обсерваторияның жоғары бөлігі астрономиялық құралдарды орналастыруға өте қолайлы. Сондай-ақ әл-Каши Самарқанға басқа аймақтардан шәкірттердің толассыз ағылып жатқанын да жазады. Обсерваторияда музыка мен поэзияның да оқытылатынын атап көрсетеді, тіпті, Ұлықбектің кейде өзі келіп дәріс оқитынын тілге тиек етеді.

Гурган зижінің беттері / archive.org

Ұлықбек обсерваториясы. Самарқан, Өзбекстан / Alamy

Мұра

Ұлықбектің ғылыми мұрасы Самарқан шегінен асып, төрткүл дүниеге тарады. Оның зижі бірнеше рет қайта басылып, Темір ұрпақтарының басқа сарайларында — Үндістандағы Ұлы Моғол империясында кеңінен пайдаланылды. Үндістанда астрология ритуал деңгейінде мәртебеге ие дүние саналғандықтан, Ұлықбек пен басқа мұсылман ғалымдарының астрономиялық есептеулеріне сұраныс жоғары болды.

Дели обсерваториясының бір бөлігі - Самрат Янтра күн сағаты. Үндістан, Дели, шамамен 1808 ж. / SSPL/Getty Images

Ұлықбектің мұрасы оның шәкірті және обсерватория жетекшісі әл-Қушжидің тағдырынан айқын көрінеді. Ол Самарқан ғылыми мектебінің көрнекті өкілдерінің бірі болған. 1403 жылы сарайдағы қыран ұстайтын шенеуніктің отбасында дүниеге келген әл-Қушжи Ұлықбек негізін қалаған медреселердің бірінде білім алған. Жастайынан ғылымға қызығушылық танытқан ол астролябияны меңгеріп, планеталардың қозғалысы жайлы парсы трактаттарын зерттеді. Жинаған білімін тәжірибеде қолдануға ұмтылған әл-Қушжи Оман шығанағына сапар шегіп, Ай мен теңіз толқындары арасындағы байланысты зерттеген әрі өзінің алғашқы еңбегі Ай фазалары туралы трактатты жазып жазып шыққан-ды. Ай күнтізбесі ислам дәстүрінде ерекше маңызды болғандықтан, мұндай зерттеулер өте құнды саналған.

II Мехмед Фатих сұлтан және Әли Құсшы. II Мехмед Фатих альбомы. Шамамен 16-ғасыр. Топкапы сарайы музейінің кітапханасы / Sabancı Digital Gallery

Ұлықбек жас ғалымның еңбектерімен таныса сала, дереу оны Самарқанға шақырып, обсерватория жұмысына атсалысуға ұсыныс жасайды. Алайда 1449 жылы Ұлықбек қаза тапқаннан кейін, әл-Қушжи Темір әулеті империясынан кетіп, жаңа қамқоршы іздеп, ұзақ уақыт Орталық Азияны кезеді. Тек 1471 жылы ғана ол Осман астанасы Ыстанбұлға жетеді. Самарқанның ғылыми мектебінен хабардар сұлтан ІІ Мехмед оны сарайына шақырып, жаңа медреселердің бірінде математикадан дәріс оқуды тапсырады. Әл-Қушжидің қазасынан бірнеше он жыл өткенде, Ыстанбұл жаңа астрономиялық орталыққа айналды.

Астролябия-квадрант. 1840-41 жж. Осман Империясы / Khalili Foundation

Жергілікті обсерваторияның негізін қалаушы Тақийуддин әш-Шамидің әл-Қушжидің немересімен жүздескен соң, аспан денелерін зерттеуге ықыласы оянып, айрықша ден қояды. 1574 жылы III Мұрат сұлтанның тапсырысымен ол сол замандағы ең ірі обсерваторияның басшысы атанады. Дегенмен бұл обсерватория небәрі бірнеше жыл ғана өмір сүрді.

Стамбұл обсерваториясындағы аш-Шами және осман астрономдары. «Патшалар патшасының кітабы» (Ṣehinṣename) қолжазбасынан миниатюра. F 1404, ф. 57а. Istanbul University Library/Wikimedia Commons

Осман империясы арқылы уақыт өте келе әл-Қушжи еңбектері Еуропа астрономдарына да белгілі бола бастады. Мысалы, неміс астрономы Региомонтан (Йоханнес Мюллер) еңбектерінде әл-Қушжидің қолжазбаларын пайдаланған. Ал Региомонтанның еңбектері Николай Коперниктің астрономияны айрықша сүйіспеншілікпен зерттеуіне шабыт берген. Ал енді Коперниксіз еуропалық ғылыми революцияны елестету мүмкін емес екені айдан анық.

Николай Коперник. De Revolutionibus қолжазбасы. 1520-1541 жж. / Ягеллон кітапханасы, Краков

Көшірілді